Кәкімбек жырларындағы сөз бен әуен

Бөлісу:

23.11.2022 2458

Кәкімбек Салықов поэзиясы - қазақ поэзиясының тарихында өзінің салмақты орны, мән-маңызы бар, сезім мен сырға толы, көркемдік өрнегі мен айшығы жарасым тапқан сәулелі поэзия!

Поэзия көгінде алпысыншы жылдардың соңында жарқ ете қалған Кәкімбек жырлары сезімтал да сыршылдығымен, ойлы да лепті үнімен оқырман жүрегін баурай, өзіне ынтызар қыла келді. Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Біржан салдар өскен Көкше өңірінен түлек ұшқан Кәкімбек ағамыз қазақ поэзиясына өзіндік бір жарқын үнімен, көркемдік бір әлемімен, көркемдік үлкен бір көкжиегімен олжа салды. Оның ақындық жолын айтқан кезде жыр әлеміне ол сонау студенттік, жастық дәурен кезінен іңкәр болған сияқты. Оған дәлел студенттік кезде жазған дәптерлердегі балауса жыр жолдары. Бірақ ақындықты өмірінің үлкен негізі тұғыры санамаған сияқты.

Кәкімбек Салықұлы Мәскеудегі Калинин атындағы түсті металдар және алтын институтын 1955 жылы бітірген. Негізгі мамандығы – тау-кен инженері. Ол Қаныш ағасының жолын қуып, үлкен Жезқазған, Қарсақбай, Ұлытау өңіріндегі үлкен кең орнына баруды мақсат тұтқан. Сол кездегі қазақ жастарының көбі кенші болсам деп армандаса, сол ұранның, сол мақсаттың ортасында Кәкімбек ағамыз да болды. Сондықтан да ақынның студенттік кезде жазған поэзиялық жырлары оның бойдағы бұла күш, тұмса күш, өнердің жарқырап жатқан үлкен бұлақтары, сырлары сыртқа шықпай жатқан кезде туса керек. Ақындық жолдағы шәкірттік машық кезеңі деп те айтуға болады. Дегенмен де Шоқаннан бастау алған кейінгі Ақан сері, Үкілі Ыбырайлар жасаған Айыртау, Сырымбет сияқты киелі өңірден бастау алған жас шәкірттің бойындағы ақындық бұла күштің мен мұндалап, тенселіп тұрғандығын студенттік дәптеріндегі жырлардан да байқаймыз.

Кәкімбек Жезқазғанда кен инженері, участок бастығы, одан кейін комбинаттың партия хатшысы болып жүргенде, оның әдеби тағдырына өзгеріс әкелген жайт болды. Қазақ поэзиясында өзінің шуақты лиризмімен оқырмандарын жылы әсерге бөлеп үлгерген үлкен лирик ақын Тұманбай Молдағалиев ағамыз кеншілер туралы жазбақ болып, Жезқазғанға журналисттік сапармен бара қалады. Ақынды ақынның табуы осы сапар кезінде болса керек. Кейін осы бір әсерлі кездесу жайлы Тұманбай ағамыз: «Мен Жезқазғанға кеншілердің арасына, кеншілер туралы жазамын ба деп барсам, менің кеншім шахтаның түбіндегі кенді қазып жатқан жоқ екен, ол поэзияның, көркем жырдың кенін қазып жатқан тұлға екен», - деп еске алады. Тұманбай сияқты үлкен ақынның сол сапарда тауып қайтқан ерекше тұлғасы, жас ақын Кәкімбек Салықов еді.

Міне осы кезден бастап бұрын баспасөзде жарияланбай, көрінбей жүрген Кәкімбек ағамыздың жырлары қазақ поэзиясының үлкен тұлғасы Тұманбай Молдағалиевтің алғысөзімен қалың оқырманға жол тартты. Баспадан ақынның жыр жинақтары шыға бастады. Бірінен соң бірі «Сыр» деген жинағы, «Жезкиік» деген өлеңдер топтамасы жарық көріп жатты. 1972 жылы «Нұрлы күндер» қырғыз тіліне, 1973 жылы «Жезкиігі»  өзбек тіліне аударылды. Қалың оқырманға, әдеби қауымға ақын есімі кеңінен танылып жатты. Осыдан былай қарай қазақ поэзиясына өзіңдік көркемдік әлемімен, өзіндік сүрлеуімен, өзіндік үнімен үлкен ақын келгендігін байыптаймыз.

Енді Кәкімбек ақынның өз тұстас, замандас ақындарға қарағанда өзгешілік, ерекшеліктері қандай деген мәселеге оралсақ. Кәкімбекке дейінгі қазақ ақындары да туған ауыл, туған жерге деген сағыныштарын жырлады. Олардың жырларында тақырыпқа деген құштарлық тенденциясының жетіп артылатындығын байқаймыз. Алайда, Кәкімбек ағамыздың жырларындағы сағыныш сарынының сыры да, сипаты да, әуен, ырғағы, нақышы да өзгеше әуен, мән-мағына иеленетін сияқты. Елге деген, жерге деген, отанға деген, ата-анаға, бауырға деген, бойжеткен қызға, аруға деген, дос-жарандарға деген үлкен бір сағыныш мотиві бар ақында.

Сол 70-жылдардың (XXғ) өзінде-ақ Кәкімбек ағамыздың лирикасында, осындай сағыныш, туған жерге деген, ұлтқа деген, ұлттың болмыс-бітіміне, ұлттың қадір қасиетіне, қазақ даласы, қазақ домбырасы, өнері, сал-серілік дәурен, осылардың барлығы мен мұндалап көріне бастады.

Сағыныш сарынына қатысты ақынның «Кездесу мен қоштасу» деген бір өлеңдерінде:

Кездескенде қуанамыз бәріміз,

Қоштасқанда қиналады жанымыз.

Кездесу мен қоштасудың арасын

 Жалғастырып тұрады екен сағыныш,

 - дейді ақын. 

Кездесу... Қоштасу... Сағыныш... Адамның жан дүниесіндегі кездесу мен қоштасу арасында сағыныш тұрады екен жалғастырып. Осы ұғымдарда ақындық терең пәлсапалық түйіндер жатыр деуге болады. Ақын өзі туып-өскен Көкшетау, Айыртау, Сырымбет өңірлеріне деген үлкен аңсар сағынышын өз жырларында ыстық ықыласпен білдіріп отырады. 

Қызмет бабымен Жезқазғанда, Мәскеудің төрінде жүрсе де Кәкімбек әрқашанда өзінің кір жуып, кіндік қаны тамған жерінен алыстап кете алмайды. 

Ауылға келсем асығып, 

Жүректің шеті сөгілер

Дос-жаранға жасырып

Жазбай жүрген жырлар төгіліп,

 - дейді ақын. Не болмаса: 

О, туған жер нәр құясың жаныма,

Сағыныш деме ауылды жазсам табына

Сағыныш көрмеген саңылаусыздардан сақтасын!

Елім десем шабыт келер бабына - 

дейді. 

Жыр жолдарында туған елге, туған жерге деген перзенттік үлкен махаббат табы жатқандығын сеземіз.

Кәкімбек Салықов ақындығынан басқа Мәскеуде 15 жыл қызметте, Өзбекстанда Қарақалпақ елін басқарып, қоғамдық-саяси істерде көрінген қайраткер тұлға. Міне, осы туған жерден жырақта жүрсе де туған жермен жан-дүниесі үнемі бірге жүретін, алаң көңіл, елге деген алып ұшқан жүрегінде үнемі ұлы сағыныш табы мұздап жататын.

Құстар кетіп барады ұшып,

Еділдетіп Оралмен.

Елге жетіп қалар ма ем,

Соларменен ілесіп.

Бұл керемет өлеңге композитор Жағыпар Әлімжанов керемет ән шығарды. Кәкімбек ақынның поэзиядағы үлкен қыры, ерекшелігі не десек, оның қай-қай өлең-жыры болмасын, оның әрбір сөзі әнге, әуенге, сазды иірімге сұранып тұратындығын айтуымыз қажет. Оның әрбір елді өлең еткізетін өлең-жырына Нұрғиса Тілендиев, Базарбай Жұманиязов, Әсет Бейсеуов, Жақсыгелді Сейілов, Мұратхан Егінбаев сияқты мықты композиторлар ән шығарды. Ақынның композиторлығына келетін болсақ, бұл кісінің өзінің де көптеген әндері ел арасында сақталған. Бұл әндер әсіресе жастар арасында 70-80 жылдары жиі айтылған.

Кәкімбек ақынның өлеңдерінің өздері әнге сұранып тұрады деп айттық қой. Мысалы бір үлкен мәдени шарада Нұрғиса Тілендиев ағамыздың қолында Кәкімбек ақынның бір жыр жинағы болса керек. Сол кітапты парақтап отырып, бір кезде композитор ағамыз қасында отырған бәйбішесі Дариғаны: «Кеттік, кеттік», - деп орнынан тұрғызып алып кетіпті. Бәйбішесі «Жиын әлі бітпеді ғой» - десе: «Бір ән туды, тезірек», - деп үйге кіре салысымен, пианиноның қасына отырып, осы «Жезкиік» әнін шығарған екен. Кейін осы нұсқадан кейін, осы өлеңге композитор Жақсыгелді Сейілов баян аспабымен орындалатын керемет бір мұңлы нұсқасын шығарды. Халық арасында көп таралып жүргені осы. «Жезкиік» әні бір халықтың ұлттық этнофоралық болмыс-сипаты тамаша жарқырап көрінген, жоғалып бара жатқан асыл ұғымдарымызды қайта тірілткендей туынды!

Сарыарқаның шаң даласын мекен еткен бәкен десен киелі аң даланың сұлулық символы іспеттес қой! Бұл тақырыпта Сәкен Сейфулиннің «Ақсақ киік» деген әнмен айтысатын атақты өлеңі есімізде болар. Содан кейін осы тақырыпқа Кәкімбек ағамыздың барғанын көріп отырмыз. 

Жез, қанат, күміс бауыр киік көрдім,

Дәруі сол ма дерсің күйік-шердің

Жез марал жүреді екен арасында,

Қаптаған Батпақтағы киіктердің.

Шығармадағы жез киіктің образына ақын үлкен мән берген. Образды сомдауда ақынның көркемдік арсеналындағы «жез қанат», «күміс бауыр киік» сияқты көркемдік тіркестердің орны айрықша. Мәселе, ол тек қана «жезкиіктің» образы ғана емес, ақыл ол шектен шығып кеткен. Ақын «жезқанат», «күміс бауыр киік», «жез маралға», «жез камзол киікке», «қызыл ішік киген қызды» көркемдік аналогия тұрғысында алып, ғажап, көркемдік параллель жасап отыр, жез марал, күміс бауыр, жезкиіктің бейнесінен қызыл ішік киген қыз етіп көркемдейді ақын шығармасында. Сарыарқадағы ақбөкен сияқты әдемі, аң біткеннің сұлуы, адамның көздеріндей көздері жаудырап қарағанда, жаудыр көздер анау бойжеткен қыздың, бұл жерде ақбөкен, не болмаса ақбөкеннің көзі ақ арудың көзі ме, екі құбылыс тұтасып көркем-метафораға ма, әлде қазіргі поэтикалық теорияда айтылып жүрген метаболаға (баланып тұрған екі құбылыстың тұтастанып, теңесуі) көшкен бе айту қиын. Қызыл ішік киген қыз жезкиікке, күміс бауыр, жез қамзол киген ақбөкен қызыл ішік киген қызға айналып, үлкен бір поэтикалық ассоциация туғызып тұр.

Ақын дөп басқан осы екі құбылысты біреулер жез марал, күміс бауыр киік дейді, бірреулер қызыл ішік киген қыз дейді, қалай айтсақ та, екеуі де дұрыс тұжырым. Осындай поэтикалық аналогиядан әдемі образ туып тұр. Жақсыгелді Сейілов ағамыздың орындауында бұл ән реквием сипатты туындыға айналған. Шығармадағы осындай үлкен, көркемдік бояу, контраст осылардың барлығы тұтасып, жаңа бір тың поэтикалық жаңалық туғызып тұр!

Кәкімбек поэзиясының ерекшелігі- ақын жырларында сөз бен әуеннің егіздің сынарындай үндесіп, үйлесіп, қиысып, еркін төгіліп тұруы. Бірін-бірі жатырқамауы.

Сырғиды аққу айдында сырғымайды,

Жақын барып, хал-жайын кім сұрайды.

Қатар жүрген күндерді сыйлайықшы,

Біреу ерте, біреу кеш бір құлайды.

Жылдар Бұл ақынның «Сыңар аққу» шығармасының сөзіне шығарылған композитор – Жағыпар Әлімжановтың 70-80 жылдар (ХХ ғ.) жастары жиі айтатын «Аққу әні» деген ән. Осы шығармадағы сөз бен әуен, мәтін мен саз айырғысыз түрде кірігіп, тұтасып, бір көркемдік, поэтикалық организмге айналып кеткен. 

Көз алдымызда мұңлы картина. Сыңарынан айырылған аққудың аянышты халі. Бір қарасаң, сырғып келе жатқан аққу сырғымайды. Ақын осы контрасты аянышты күйде бейнелеу үшін көркемдік тәсіл ретінде алып отыр. Және бұл тәсіл шығармада «жылжиды аққу айдында, жылжымайды», «қалқиды аққу айдында, қалқымайды», сырғиды аққу айдында, сырғымайды» деп үстемеленіп беріліп, әсем, көркем  контраст туғызады.

Қатар жүрген күндерді сыйлайықшы,

Біреу ерте, біреу кеш бір құлайды, - 

дейді ақын. 

Енді бұл дос-жаран бола ма, көңіл түкпіріңіздегі ару ма, қол ұстасып жүрген жар ма, бұл жерде көп сыр бар. Осындай қарапайым әннің сөзінің өзінде де тәлсапалық тұжырым жатыр. Өмірдегі адамдарға бір-бірін сатпау, бір-біріне деген адалдық, тазалық, мөлдірлікке үндейді.

Сыңсып салған әніне тебіреніп, 

Қамыс басы мұзданып, су жылайды. 

Ақын мәтіндегі осы бір ұтымды кейіптеу тіршілік пен табиғаттың тұтастығын паш етіп, трагикалық күйдің бояуын істеп тұр!

Сөз арасында Кәкімбек ақынның нәзік те әсерлі жырларымен оқырман жүрегін жаулаған лирик ақындығымен қатар, оның интеллектуалдық білім, білігі, зерделілігін де айта кеткеніміз жөн. Ол – сонау студент кезінен келе жатқан Пушкинді сүю, пушкинтанушылығы, Пушкинді өте жақсы көруі. Ең алғаш қазақ әдебиетінің тарихында Пушкиннің «Евгений Онегин» шығармасын Абай атамыз қыз бен жігіттің хаты ретінде эписториялық формада жеке тарауларын аударған болатын. 

Одан кейін Ілияс Жансүгіров, Қуандық Шаңғытбаев сияқты қазақ ақындары аударды. Жас күнінен Пушкинді, оның шығармаларын жетік білуінің арқасында, осы абыройлы міндетті арқалап, Кәкімбек ағамыз да «Евгений Онегин» романын қазақ тіліне аударды. Ақынның ірі Пушкинтанушы екендігі, ақынның қажетті сөздерін қазақшаға аударуынан байқалады. 

Кәкімбек Салықов сияқты кенші ақын осылайша қазақ поэзиясының көрнекті тұлғасына айналды. Кәкімбек ағамыз алғаш поэзиядағы жолын енді бастай, бастаған кезде аға буын өкілі, үлкен әдебиеттанушы, академик Серік Қирабаев: «Әй, осы партия басшысы, хатшылардан не шығады, әйтеуір орын.... арқасындағы ет пен терінің арасындағы жілік қой деп жүрдім. Кейін Қарағанды жаққа бір сапарымда Кәкімбектің жыр жинақтарын қолыма алып, қарай бастадым. Оқып, танысып шыққаннан кейін, ешқандайда желік емес, поэзиямызға жаңа енген үлкентұлға, болашағы бар ақын деп мойындай бастадым», - дейді.

Кәкімбек Салықов қазақ поэзиясында үнемі тың ізденістермен көрініп жүрген жаңашыл қаламгер. Оның айғағы – ақынның «Сырғалы сонеттері». Жалпы сюжет деген Еуропа, орыс поэзияларында ертеректе орныққан байырғы лирика түрі. Он төрт тармақтан тұратын бұл өлең өлшемінде алғашқы сегіз шумақта негізгі ой айтылып, қалған алты тармағында негізгі ой түйінделіп отырады. Қазақ поэзиясына кірікпеген лирика түрлерінің бірі. Еуропа тектес роман-герман, славян тілдес поэзияларда басым болып келген бұл лирика түрін қазақ поэзиясына алғаш сіңірген – өмірден қыршын кеткен ақын Саттар Ерубаев еді. Кейін осы сюжет түрі қазақ поэзиясында Есет Әукебаев, Хамит Ерғалиев сияқты ақындарда жалғасын тапты. Содан кейін осы сюжет түрін қазақ поэзиясына өз өрнегімен жырлаған Кәкімбек Салықов болды. Қазақ ақынының бойындағы бұл ізденіс те Пушкин әсері болса керек.

Ақын туындыларында әсерлі теңеу, суретті, көркем тіркестер аз емес. Көркемдік айшығы мен бояуы мол мына бір өлеңге назар аударайық:

Көкшетау өзге таудың төбесінде,

Қызығып құмарланған қыздың әуресіндей. 

Көлдегі Оқжетпестің сәулесі,

Сұлудың айнадағы суретіндей.

Не деген ғажап, қараңдаршы,

Бурабай тауды айналып жатыр екен, 

Жұмбақтас суға белінен батып жатыр екен,

Ақ бура көлден басын көтергенде, 

Қай соққан көзі қиып атты екен.

Бұл жырда «Арқада жер жетпейді Бурабайға» деп Мағжан ақын жырлаған «Арқа аралы», «жер еркесі» Бурабайдағы табиғаттың, жаратылыстың қолынан туындыған мүсіндерге деген өзінің ақындық, суреткерлік көзбен қараған көркем образ, бейнелі суреттер екендігін пайымдаймыз. Кәкімбек ақын тек өзі туып-өскен Көкшетау, Сырымбет, Бурабайды ғана емес, қазақтың қай даласы болмасын Жетісу мен Торғай ма, Еділ мен Жайық па, Зайсан ба, Сыр бойы ма, өзі қызмет еткен Жезқазған мен Қарағанды ма соның барлығын жырына тамызық етті. Ақын өмірінің соңғы жылдары еліміздің жаңа астанасы Астана қаласында, оның өткені мен бүгінгісінде өз шығармаларына арқау, өзек қылды. Біз өзіндік бір терең мазмұнымен, көркемдігімен де, суреткерлігімен де жалғаса беретін өскелең жырлары бар Кәкімбек Салықов поэзиясы кейінгі оқырмандарға да рухани азық деп білеміз.

Бөлісу:

Көп оқылғандар