Шығармадағы құбылысқа үкім ететін тек оқырман

Бөлісу:

25.11.2022 2465

«Астана – арман қала», - деп, астаналық болуды армандап келетін жандар қанша?! Жақында бір хикаят оқыдым. Туған үйлерін тастап, арман қуып Астанаға келген Әлия мен Жансұлу есімді қыздар жайлы. Оқуға түсе алмаған соң, жұмыс істеп осы қалада қалуды ұйғарады. Өкінішке орай, бұл қалада кездескен қиындықтарға төтеп бере алмай, армандарының күлі көкке ұшып, Мәскеуге кетуге мәжбүр болған қос құрбының хикаясы оқыған адамды ойға салмай қоймас. Өзге елден бай болып ораламыз деп үміттенген екеудің өмірде көрген қиындығы мұнымен таусылмайды…

Әрі осы шығарма «Алтын тобылғы» әдеби байқауының «Жылдың үздік прозасы» номинациясының иегері атанған екен. Бұл шығарманың авторы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, республикалық әдеби байқаулардың жүлдегері, «Өлгендер қайтып келеді», «Мұз үстіндегі қызғалдақ», «Балалықтың соңғы күзі,» «Жанарымнан танышы» атты прозалық жинақтардың, «Әндей әдемі Әлібек әлемі» деп аталатын сыни жинақтың авторы жазушы әрі ұстаз Айзат Рақыш. Басқа да дүниелерін оқып, жазушылық пен ұстаздықты қатар алып жүрген жанның шығармалары туралы өзінен есту мақсатында автормен әңгімелесуді жөн көрдік. 

 

- Әр қазақ өзінің тегін, жеті атасын білуі тиіс. Жасанды ұрықтандыру мәселесін қозғаған «Тегімді менің сұрама» атты әңгімеңіз біраз оқырманды ойландырған сияқты. Әңгімені оқып Әмір мен Сұлушаштың бақытты өмірін елестетіп отырдым, хабарлама келген сайын Әмір әкесімен кездесетін шығар деген үміт те болды. Сұлушаштың әкесі: «Қызымды жеті атасын білмейтін жетесізге бермеймін», - деп қос ғашықты айырған соң айтылған Әмірдің монологы да жан тебірентеді. Жалпы, мұндай әңгіме жазу туралы ой қалай және қашан келді? Осы шығарманы жазу барысында «жасанды ұрықтандыру» жолымен пайда болған жанның мұңын, қайғысын сезіну қиын болды ма?

- Көлемі шағын бұл әңгімем 2018 жылы шыққан «Мұз үстіндегі қызғалдақ» атты кітабыма енген. Ол өзі ұзақ уақытқа созылған ой толғақтың нәтижесінде жазылған туынды еді. «Енді не жайлы қалам сілтесем екен?» деп дағдарған кезім болған емес, өйткені қоғамға сын көзбен қарай білген қаламгер әрдайым жазарға тақырып таба алады. Сондай қазіргі қазаққа сынай қарап, мінін көріп, соны баттитып айту ниетінен дүниеге келген бұл әңгімемнің кейіпкерлері бүгінде біздің арамызда екені даусыз. Ұлттық тәрбиеден тегеурін қашып, еуропаланып-есіріктеніп, түбі от басарын білсе де, ойнақтағанын қоймаған ботадай болған қазағымның ең аурушаң мәселесін осы әңгімеме ащы өзек еттім. 

- Осы әңгіменің негізінде «Тегімді менің сұрама» атты моноспектакль де қойылғанын білеміз. Прозадан драмаға аяқ басу оңай емес екені рас. Десек те, бұл қадамыңыз оңынан болып, драмаңыздың қойылымы да өтті. Енді сізде үш Әмір бар, сол Әмірдің қайсысы жаныңызға жақын?  

- Иә, сіз атаған сол үш Әмір де түптеп келгенде менің бір ғана кейіпкерім ғой. Алайда сахнадағы Әмірдің күйзелісі мен әңгімедегі Әмірдің аһ ұруы екі бөлек дүние екен. Не дегенмен, Әмір ең алғаш менің ой-санамда пісіп-жетілді. Тіпті алғашқы сюжет бойынша ол әңгіменің соңында Абай ескерткішіне барып, хакімге мұң-зарын ағыл-тегіл ақтарған соң, өз-өзіне қол салып, бұл дүниеден озуы керек еді. Бірақ, әңгімені тәмамдар сәтте қиялымдағы кейіпкеріме бауыр басып қалғаным сонша, оны өлімге қимай, ғашығы Сұлушашқа қарай тәлтіректете ұмтылдырып қойдым. Яғни, менің жаныма аса жақын Әмір – әңгімемдегі бейнесі.

- Оқырманды таңқалдыра білу де өнер. Жақсы шығарманы оқыған соң біраз уақыт әсерінен шыға алмай, ойланып жүресің. Кей жазушылар шығармадағы оқиғаның, кейде тіпті шығарманың соңын аяқтауды оқырманның өзіне тапсырып жатады. Сіз осы тәсілді пайдаланасыз ба? 

- Иә, оқырман шешімі деген ұғым бар. Кейіпкерге, шығармадағы құбылысқа үкім ететін тек оқырман болып табылады. Бұл ұғым біраз әңгімемде қолданыс тапқан. Көп ретте оқырмандар толық аяқталған, ширығып, шиеленісіп барып шешілген оқиғаны ұнатады. Ал, негізгі оқиғаны, басты мәселенің шешімін оқырманға қалдырғаным «Тегімді менің сұрама» және «Үкім» атты әңгімемде. Бұл құбылыстар қай оқырманның оңтайына қалай келсе, солай оқиғаны өз қиялында дамыта алады. «Үкім» әңгімемде орыс жігітке күйеуге қашқан қазақ қызына әкесі теріс батасын беріп, өлдіге жариялағанда қызы қаралы топтың соңынан еңбектей ұмтылады. Бұдан арғысын оқырман өзі пайымдай жатар.

- Әдебиеттегі қарама-қайшылықты зерттеп жүрген соң «Өлгендер қайтып келеді» деген оксюморондық атау жайлы сұрамай өте алмаспын. Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» атты шығармасын бала кезімізден оқып өстік. Алғашында осы атауды оқып, Соқпақбаевпен дауласқысы келді ме екен деп те ойладым. Әңгімені оқып болған соң,  Кенжетай қайтып келмесе де, Кенжешін жоғалтқалы бері тірі өлікке айналған Зейнептің қайтып келуі жайлы болар деп болжадым. Жалпы, бұл әңгімені неге «Өлгендер қайтып келеді» деп атадыңыз? Бастапқыда атауының өзге нұсқалары болды ма?

- Жалпы, көркем дүние жазғанда бірде атауы алдымен тіл ұшына келіп, іңгәлай бастайды немесе туынды тұтастай жазылып тиянақталған соң тақырып қоямын. Бұл әңгімемде бірінші болып атауы туды. Тақырып таңдауда басқа нұсқалар болған емес. О баста «Өлгендер қайтып келеді» деп аталды және солай болып қалды. Бұлай атауымның себебі – сонау бір жылдары орын алған қасірет Қызылағаш оқиғасы жадымыздан өшіп қалмасын, қателігімізден сабақ алып, мұндай кесапатты енді бастан кешірмесек деген ойдан туған шығарма болатын. Бұл әңгімемді саясиландырып, әркім әр саққа жорып жүрді. Әдебиеттанушы-ғалым, профессор Шерияздан Елеукенов ағамыз әңгімемді оқыған соң, «Ана жайлы киелі тақырыпты қозғайды» деп  етектей сыни мақала жазған еді.

- Білуімше, сіз көбіне өз шығармаларыңызды өзіңіз насихаттайсыз. Неге мұндай шешімге келдіңіз? Осы уақытқа дейін осы бағыттағы жұмыстарыңыз қандай нәтиже берді? Болашақта әдеби агенттермен жұмыс істеу жоспарыңызда бар ма? 

- Қазіргі қаламгер әдеби агент те, халықпен тығыз байланыс орнатушы да бола білуі шарт. Бұл – жаңа заман қойған талап. Қасым Аманжолов сөзімен айтсам, «өзге емес, өзім айтам өз жайымды». Оның еш сөкеттігі жоқ деп білемін, өйткені шығармашылығымды насихаттап емес, жай ғана құлаққағыс етіп, таныстырып қана жүрмін. Әлеуметтік желілердің қауқарын осы мақсатқа ғана қолданып келемін. Нәтиже көңіл көншітерліктей. Оқырмандарым үшін әманда қолжетімдімін, менімен байланысқа шығып, пікірлерін, тілектерін, тіпті шығармашылық ұсыныстарын айта алады. Ал, болашақта еуропалық қаламгерлердей қалтам қалыңдап, берекем тасып жатса, бұл істің бәрін әдеби агент жүргізгені жөн дер едім. 

- Сізді көпшілік «Шерияздан Елеукеновтың шәкірті» дейді. Шерияздан ағаның рухына арнап жазған «Шілденің соңғы күні еді» атты естелігіңізді де оқып шықтым. Алғашқы кітабыңызға жазған сыны, оны оқығандағы қуанышыңыз, өмірден өткенін естіген кездегі өкінішіңіз, әңгімеңізден ұстазыңызға деген ерекше сағыныш пен махаббаттың лебі еседі. Шерияздан ағамен бес жылдан артық араластыңыз, сол уақыт ішінде өзіңіз таныған, өзгелерге беймәлім қыры бар ма еді?  

- Иә, әдебиетке апыл-тапыл басқан қададым – тұңғыш жинағым болса, оған оң батасын беріп, сыни мақала жазып, мені ширатып, жазушылық жолыма үлкен серпін берген бірден-бір тұлға, әрине, Шерияздан аға. Ол кісіден мен көп нәрсе үйрендім. Қазір әр сөзі санамда жаңғыра ды да тұрады. «Өзгенің жазғанын ешқашан қайталама. Өз сүрлеуіңді сал», -деуші еді. Білімі, парасат-пайымы телегей-теңіз болғандықтан, жай әңгімесінің өзі академиктің дәрісіндей сезілетін. «Жассың» деп алымсынбауды білмейтін кішік мінезді еді. Мейрамдарда түс болмай менің алдымды орап, өзі бірінші болып қоңырау шалып құттықтайтын. Уақытының әр минутын қастерлейтін. Айтылған уақтан сәл кешігіп барсам, «он минуттан бері жазуымды ысырып тастап отырмын», - деп кәдімгідей ренжитін. Кітап оқымай отырмайтын. Көзі жұмылғанға дейін қолынан кітап-қаламы түспеді. Бауырмалдығы мен мейірімділігі ала бөтен еді. Өзгенің қуанышын өз шаттығындай қабылдайтынына талай мәрте тәнті болғанмын. Бірер жылда 95 жылдық мерейтойы келе жатыр. Болашақта Шерияздан ағаның әдеби, ғылыми мұрасын зерттеуді жүйеге келтірсем деген арманым бар.

- Жазушылығыңызбен қатар алып жүрген ұстаздығыңыз да бар. Шәкірті ретінде, ұстаз ретінде Шерияздан ағаны насихаттау мақсатында ештеңе жасап жүрген жоқпын десеңіз, сенбес едім…

- Шерияздан аға 90 жасқа толғанда баспасөз беті аса дүркіремеді. Таңым бар. Еліне еңбегі сіңген елеулі ерді мерейтойында қанша асқақтатса да, артық болмас еді. Ал, мен өзіме сыйға берген көптомдығын жата-жастана оқып, «Әттең, дүние» романына арнап шағын мақала жаздым. «Қазақ әдебиеті» газетінен жарық көрді. Кейін мақаламды оқып, ағамыз маған өзі қоңырау шалып, «мені осыншалықты жақсы көреді екенсің ғой», - деп әзілдегені әлі есімде. Одан кейін қоштасу жазамын деп әсте ойлаған емеспін. Қайтыс болғанына бір жыл толғанда «Шілденің соңғы күні еді» деген еске алу-эссе жаздым. Жуықта «Әттең, дүние» романына арнап көлемді сыни мақала әзірледім.  Қазақ руханиятын өрге сүйреген Шерияздан ағаның ғұмыр жолы ғибратқа толы. Болашақта ұстазымның өмірінен роман жазсам деймін.

- Бір шығарманы жазып шығудың өзі үлкен еңбек қой. Идея қалай келеді, ақпарат іздеу процесі қалай жүреді? Және соңғы сұрақ, болашақта қандай шығарма жазуды армандайсыз?

- Қазір ақпарат лек-легімен  сәт сайын жаңарып, толығып жатады. Сол қым-қуыт ақпараттар көшінің арасынан оқырман үшін ең маңыздысын қармап қаламын. Оны алдымен ойымда жетілдіремін. Кейіпкерлеріме есім беріп, қиялымда сөйлесемін. Толғағы жеткенде барып, қағазға түсіремін. Кейде оқырмандарым тақырыпты меңзеп, ой тастайды. Ал, болашақта мұғалімдердің шынайы кәсіби өміріне көлемді дүние арнасам деймін. Және де аңырап, адыра қалған алыстағы ауылымның трагедиялық тағдыры да бір туындыма арқау болмақ. 

- Әсерлі әңгімеңізге көп рахмет! Сізге шығармашылық табыс тілеймін, оқырмандарыңызды жаңа дүниелеріңізбен қуанта беріңіз. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар