Белгілі жазушы Мархабат Байғұт өмірден өтті

Бөлісу:

27.11.2022 2422

Қазақ әдебиеті қара жамылды. 2022 жылдың 26 қарашасында белгілі жазушы, журналист, аудармашы Мархабат Байғұт жетпіс жеті жасында дүниеден озды. 

Шығармаларында адам өмірінің тылсым құпияларын, адамгершіліктің асыл құндылықтарын, ауыл өмірінің тыныс-тіршілігін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, табиғат сырын, адам психологиясын, жасөспірімдердің өмірдегі болмысын жан-жақты бере білген жазушылардың бірі – Мархабат Байғұт 1945 жылғы 25 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының Пістелі ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Сібір және Забайкалье әскери округтерінде әскерде болған. 1968-74 жж. Түлкібас аудандық газетінде корректор, аудармашы, бөлім меңгерушісі, 1974-84 жж. облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде аудармашы, тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі, 1984-85 жылдары облыстық партия комитеті насихат және үгіт бөлімінің нұсқаушысы, 1985-92 жж. Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент облысаралық бөлімшесінің жетекшісі, 1992-93 жж. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты ішкі  саясат бөлімінің меңгерушісі, 1993-98 жж. облыстық тіл басқармасының бастығы, 1998-2001 жж. облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасы бастығының орынбасары, 2001-03 жж. осы басқарманың бастығы, 2003-04 жж. облыстық ақпарат басқармасының бастығы, 2005-08 жж. облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бастығы, 2008 жылғы мамыр айынан 2012 жылғы мамыр айына дейін «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік өңір бойынша (Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл) арнауылы тілшісі, 2012-16 жж. «Қазығұрт KZ» альманахының, кейіннен журналының бас редакторы болды.

«Шілде», «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәуірзек», «Дауыстың түсі», «Қорғансыз жүрек», «Машаттағы махаббат», «Әдебиет пәнінің періштесі», «Ақпандағы мысықтар», «Алмағайып», «Аңсар», «Қозапая», «Ауыл әңгімелері», «Салқын масақ», «Оқу залы», «Ақтолғай», «Сағыныш саздары», «Бұла бұлақ»,  «Күнгей   көңіл», «Іштарлық  пен  құштарлық», «Аршакие», т.б. прозалық және публицистикалық кітаптары жарық көрген. Олардың бәрі дерлік негізінен Алматыдағы «Жазушы», «Жалын», «Қайнар», «Қазақпарат», «Қазақстан» баспаларынан шыққан. 2005 жылы «Қазығұрт» баспасынан шығармаларының төрт томдығы жарық көрді. 2016 жылы таңдамалы шығармаларының үш томдығы шықты. «Бозторғайдың ұясы», «Жоғалған Жұрнақ», «Көксу комедиясы» драмалары театр   сахнасында   қойылған.

«Асқаровтың аққайыңдары» драмасы республикалық байқауда бірінші орын алған. Жазушының туындылары орыс, украин, өзбек, түрік, саха, қарақалпақ тілдеріне аударылған.  Өзі В.Шукшиннің, У.Ирвингтің, Ш.Айтматовтың,   А.Кимнің, В.Покальчуктің, Е.Андрееваның шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған. 2015 жылы Түркияда «Дауыстың түсі» атты әңгімелер кітабы түрік тілінде шықты.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің «Бауырмал» сыйлығының, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері. 1996 жылы «Құрмет» орденімен, 2014 жылы «Парасат» орденімен, көптеген мерекелік медальдармен марапатталған. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2004). 2007 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, 2009 жылы Қазақстанның Құрметті журналисі атақтары берілді. Түлкібас және Бәйдібек аудандарының Құрметті азаматы. 2016 жылы халықаралық «Түркі әлеміне қызмет» сыйлығын алды. 

Жазушы «Қош бол, кітап...» атты әңгімесінің соңында: 

«Елу кітапты суға ағызып қайтқанымды әпкеңіз біліп қойды. Өзінен-өзі күбірледі. «Мына таудың арғы бетінен Арыс, бергі бетінен Теріс басталады ғой. Екеуінің ортасында тірі пенделердің көзіне көрінбейтін үшінші өзен бар. Десетін. Бағзыдағылар баян ететін. Сенің кітаптарың сол өзенмен ағып отырып пейішке кірер… Әкеңе жетер…»,  - деді әпкеңіз. Мұңайып.

Түнде түс көрдім, көке. Менің марқұм әкем, сіздің жездеңіз жұмақта, хор қыздарының ортасында суға ағып кеткен кітаптарды кептір-е-еп, құрғат-е-еп, құныға оқы-ы-ы-ып отыр», - деп жазған еді. Енді өзі де әкесінің қасында отырып, өзенмен ағып отырып пейішке кірген кітаптарын парақтап отыратын болды. Мархабат ағадай жаны таза, көңілі кең жан жұмаққа барары анық. Халықтың сүйіктісіне айналған жазушының рухани мұрасы қазақ елі барда мәңгі жасай береді.  

Бөлісу:

Көп оқылғандар