Басты міндет – қазақ мәдениетін дамыту, дүниежүзіне дәріптеу

Бөлісу:

28.11.2022 2251

«Театр — сымбатты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі» деген ұлылар сөзінің дәлеліндей саф алтындай таза өнер мекенінің тіршілігі жоғарғы қарқында дамып келеді. Соның ішінде, бүтіндей 77 жылдық тарихы бар Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры да күннен күнге көрермендеріне тағылымды дүниелер ұсынып келеді. 

Биыл Ғ.Мүсірепов театры кезекті 77 маусымын қыркүйектің 7-ші жұлдызында ашты. Жаңашылдықты жаны сүйетін театр «Ойнайық та, ойлайық» интерактивті спектаклінің премьерасымен маусымның шымылдығын түрді. Кішкентай көрермендерге арналған қойылым сахналаудағы тәжірибесі мол жас режиссер А.Зайцев театрдың кіші залында балаларға арналған ертегі ұсынды. Бұл спектакльде тек кішкентай балалар ғана емес, ересектер де өткен шақтарын бір сәтке еске алады. Қойылымның авторлары - В.Маслов пен М.Супонин, аударған - Д.Әбікеева. Ал, ересек көрермендеріне кешкі уақытта бірнеше Халықаралық, Республикалық театр фестивальдерінің жеңімпазы, өз көрермендерін тапқан қазақ әдебиетінің қайталанбас туындысы «Құлагер» (реж.: Ф.Молдағали) қойылымын ұсынды.

Жаңа маусымның шымылдығын ашылған соң қыркүйектің 20-23 жұлдызы аралығында, Ақтау қаласында өткен ІІ Халықаралық «ABISH ALEMI» театр фестивалінде бақ сынауға аттанды. Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтың классикалық туындыларын Халықаралық театр қауымдастығы деңгейінде насихаттау мақсатында ұйымдастырылған болатын. Қатысушы театрлар Әбіш Кекілбаевтың шығармалары желісімен сахналанған немесе ол қазақ тіліне аударған шетел классиктерінің пьесаларын түпнұсқада немесе өз ана тілдерінде ұсынды. Аталмыш шарттарға байланысты театр У.Шекспирдің шоқтығы биік шығармаларының бірі әрі бірегейі «Король Лир» туындысымен барды. Төрт ғасыр өтсе де де сол кездегі оқиға желісі әлі күнге дейін өзектілігін жоймағандығы көрген жұртқа мәлім. Яғни, Лир патшаның асарын асап, жасарын жасап енді қыздарының қамқорлығын көремін бе деген үміті бір уақытта күл талқан болғандығы жайында оқиға өрбиді.  Ғаламның театрлары бірнеше ғасыр бойы үздіксіз қойып келе жатқан бұл шығарманы, соңғы уақыттары өзінің жаңашыл көзқарасымен қазақ өнеріне жаңа леп әкеліп жүрген режиссерлердің бірі Фархад Молдағали өз нұсқасында фестиваль төрінде сахналады. Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов төрелік еткен бұл байқауда бәрінен оза шауып Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры БАС ЖҮЛДЕНІ жеңіп алды. 

Фестиваль өз мәресіне жеткен бойда, Ғ.Мүсірепов театры Маңғыстау өңіріне сапарын гастрольдік бағытпен жалғастырды. Қыркүйектің 24-27 жұлдызы аралығында Ақтау қаласында, ал 28-30 аралығында Жаңаөзен қаласында көптің көңілінен шығып, көзайымына айналған үздік қойылымдарын сахналады. Ақтау қаласына арнаған спектакльдерін  Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры, ал Жаңаөзенде «Мұнайшы» мәдениет үйінің сахнасында қойды. Қазақ әдебиеті тарихының алтын қазынасына айналған, Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» soundramaсымен сахна шымылдығын ашып, сан мыңдаған ғашық жандардың жүрек соғысын үдете соқтырған Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдарымен» (реж.: Ф.Молдағали) жалғасын тапты. Сонымен қатар, тек еліміздің төл туындылары ғана емес шетелдік шығармалардан испан драматургы Ф.Г.Лорканың «Қанды той» (Крововая свадьба) пьесасы негізінде, халықаралық «Островский-FEST» сынды ауқымды байқаулардың жүлдегері атынып жүрген режиссер Дина Жұмабай қойған «Оян, қалыңдық» спектаклі қойылды. Оған қоса, кішкентай балаларға арналған қойылым да ұмыт қалдырылмай, театр әртістері Ұлан Болатбек сахналық нұсқасын  жасап, Шағуан Үмбетқалиев режиссерлік еткен «Туған күн» ертегісі де көрермен назарына ұсынылды. 

Жеңісті фестиваль мен жемісті гастрольдік сапардан оралған театр қарқынды жұмыстарын тоқтатпады. Қазанның 12-ші жұлдызында театрда тек баспасөз өкілдері мен театр сыншыларының қатысуымен “ҚАҺАР” моноспектаклінің жабық көрсетілімі өтті. Аталмыш спектакльдің режиссері жақында ғана өткен ІІ Халықаралық “ABISH ALEMI” театр фестивалінде «Үздік режиссер» жүлдесін иеленген Дина Жұмабай, ал басты рөлде көптің көзайымына айналып жүрген театрдың талантты актрисасы Гүлбахрам Байбосынова. Моноспектакльдің басты тақырыбы – әйел затының ауыр тағдыры болып табылады. Дәл сол спектакльмен қазанның 15-23 аралығында, Түркия мемлекеті, Анкара қаласында өткен Халықаралық «АНКАРА» театр фестиваліне қатысып, кәсіби мамандардың жоғары бағасына ие болды. Аталмыш фестивальге балаларға арналған «Ойнайық та, ойлайық» атты қойылым да қатысып, қазақ өнерінің шетелдік мәдени кеңістікке шығуы мен дәріптелуіне үлкен үлес болды. 

Фестиваль аясында театр ұжымы  Анкара қаласындағы Қазақстанның өкілетті елшісі Еркебұлан Оңалбекұлының қабылдауында болды. Қазақстанның театр мәдениетін түрік еліне танытуға қосқан үлесі үшін өнер ұжымы арнайы АЛҒЫС ХАТПЕН марапатталды. Сонымен қатар, түркі мәдениеті "ТҮРКСОЙ" ұйымының ресми өкілі Эльчин Гафарлы театр ұжымын қабылдап, алдағы шығармашылық байланыс пен бірлесе атқарар мәдәни іс-шаралар жоспарын талқылады. Еліміздегі және шетелдік театр фестивальдерінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өнер көрсетіп, қазақ өнерінің көкжиегін кеңейтуге барымызша тырысып, еңбектеніп келеміз. 

Маусым ашылғанына аса көп уақыт болмаса да театр тек бір ғана фестивальмен шектелген жоқ.  Себебі, өнер бәйгелері – театрдың кәсіби дамуына, бағытын айқындап, бағдарын нақтылауға зор көмек. Осы мақсатта елордамыз Астана қаласында Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының ұйымдастыруымен 18-23 қазан аралығында Шолпан Жандарбекованың 100 жылдығына арналған XXVIII Республикалық драма театрлар фестивалінде де театрымыз қатысушылар қатарынан көрінді. Гарсиа Лорканың 1932 жылдары жазып кеткен «Оян, қалыңдық» (реж.: Д.Жұмабаева) спектаклінде қозғалатын тақырыптар қазіргі заман адамдарының көңілін бей-жай қалдырмайды. Қаншама жылдар өтіп, түрлі кедергілерге ұшыраса да сөнбеген махаббат жалыны лаулаған кездегі туған дауды жүрек түршікпей көру мүмкін емес.

Республикалық фестивальге еліміздің түкпір түкпірінен 10 театр қатысты. Ш.Айтматовтың «Боранды бекет», А.Экзюперидің «Кішкентай ханзада», А.Чеховтың «Шағала», Х.Алтай мен Х.Оралтайдың «Алтайдан ауған ел», Ш.Мұртазаның «Текебұрқақ», А.Островскийдің «Найзағай», Е.Аманшаевтың «Қорқыт», М.Фриштың «Андорра» қойылымдарының арасынан «Оян, қалыңдық» спектакліндегі Қалыңдық және Леонардо рөлдері үшін Дархан Сүлейменов және Жанар Мақашева «ҮЗДІК АКТЕРЛІК ДУЭТ» номинациясын иеленді. Сонымен қатар, Ш.Жандарбекова шәкірттері тағайындаған «ШОЛПАН ЖҰЛДЫЗ» ҮЗДІК АКТРИСА жүлдесін театр актрисасы Жанар Мақашева иеленді. 

Кез-келген театр үшін фестивальдерге қатысу үлкен еңбек пен маңдай терді қажет ететін маңызды қадам. Өйткені, театрдың мерейін асқақтататын, алға қарай дамытатын бірден-бір байқау алаңы фестиваль болып табылады. 

Жаңа қойылымдар дайындығына белсене кіріскен театр ұжымы ағымдағы жылдың 1-7 қараша күндері Орталық Азия театрларының Халықаралық фестиваліне «Шағала» (авт.: А.Чехов, реж.: Е.Нұрсұлтан) спектаклімен қатысты. Бүтіндей жеті күнге созылған бұл ауқымды Халықаралық театр фестивалінің нәтижесі қарашаның 7-ші жұлдызында анықталды. Азияның түкпір-түкпірінен келген кіл мықтылар қатысқан додада Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры Е.Нұрсұлтан режиссерлік еткен "Шағала" спектаклімен БАС ЖҮЛДЕ марапатына және театрдың әртісі Гүлбахрам Байбосынова Нина Заречная рөлі үшін «ЕҢ ҮЗДІК ӘЙЕЛ АДАМ БЕЙНЕСІ» номинациясына ие болды.  Қазақтың ұлы жазушысы Мухтар Әуезовтың 125 жылдығына орай ұйымдастырылған өнер бәйгесінде әлем классикасын ұсынған ұжымның әлі де көрерменге берері азаймақ емес. Сонымен бірге, қараша айының 12-17 жұлдызында Түркия мемлекеті, Бурса қаласында өтетін XXVI Халықаралық балалар мен жасөспірімдер театрларының фестивалінде қазақ классикасы «Қарагөз» (реж.: Ф.Молдағали) спектаклімен бақ сынады. Фестиваль аясында театр ұжымымен кездесулер ұйымдастырылып, сарапшылар тарапынан алдағы үлкен форумдарға шақырту алдық.

Театр тынысы кеңейетін жаңа қойылымдар дайындығы толастамайды. Жуырда балаларға арналған жаңа жылдық қойылым дайындығы басталады. Ең басты жаңалықтарымыздың бірі, 2023 жылы мамыр айында Ресей Федерациясы, Мәскеу қаласында өтетін А.Чехов атындағы Халықаралық театр фестиваліне репертуарымыздағы «Құлагер» (реж.: Ф.Молдағали) спектаклі шақырту алды. Әлем театрлары өнер көрсететін бұл фестивальде Ғ.Мүсірепов театрымен қатар Аргентина, Чили, Бразилия, ЮАР, Индия, Қытай, Қырғызстан, Россия, Белоруссия, Вьетнам елдері де бақ сынасады.

Жоғары деңгейде ұйымдастырылып келе жатқан  додаға тәуелсіздік алғалы алғаш қатысып отырған театр ретінде біз үшін үлкен қуаныш. Әйгілі театрлар мен режиссерлердің спектакльдері ойналған фестивальдің негізгі сахнасы Моссовет театрында енді біздің ҚҰЛАГЕРДІҢ де дүбірі естілетін сәт келіп жетті. Аталмыш фестивальге орай, қазанның 24-ші жұлдызында Мәскеу қаласында өткен БАСПАСӨЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫНА театрымыздың көркемдік жетекшісі әрі “ҚҰЛАГЕР” спектаклінің режиссері Фархад Молдағали барып қатысты. 2023 жылы мамыр айының 31-і және маусымның 1-і күні  Мәскеуде екі күн бойы Құлагердің шабысы естілетін болады. 

Сан жылдар бойы көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, сүйікті мекеніне айнала білген Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар және жасөспірімдер театры тағы да жаңа туындылармен көрермендерін қуантып, кәсіби мамандардың жоғары бағасын алар спектакльдерін ұсынатын болады. Бұл өнер ордасының басты мақсаты hәм махаббатпен атқаратын басты міндеті.

Есеналиев Талғат Қамқабайұлы

ҚР Мәдениет қайраткері, театр директоры

Бөлісу:

Көп оқылғандар