Алашты тану, зерттеу – сананың өзгеруінен басталуы керек
Бөлісу:
Қараша айында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай "Ахмет Байтұрсынұлы — ұлт ұстазы” деген атпен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді, бұл шараға Ахмет Байтұрсынұлы еңбектері жөнінде төрт бірдей туынды жазған профессор Нергиз Бирай мен алаштанушы ғалым, профессор Гүлжанат Эрджиласун сияқты белгілі ғалымдар келеді деп естідім. Шетелде алаш ардақтыларын насихаттап, қазақ ғалымдарын зерттеп жүрген ғалымдар елімізге күнде келмесі анық. Осы кісілерден сұхбат алып, өзімді мазалап жүрген біраз дүниенің басын ашып алғым келді. Әлеуметтік желілеріне жазсам ба екен деп ойланып жүргенімде алаштанушы Заңғар Кәрімханның әлеуметтік желідегі парақшасынан ғалымдарды күтіп алғанын көріп, бірден телефон соқтым. Осылайша, ғалымдардан сұхбат алуға келіскеніме қуанып, сұрақтарымды әзірлеуге кірістім.
- Нергиз ханым, Гүлжанат ханым Қазақстанға қош келдіңіздер! Сұхбат беруге келіскендеріңіз үшін сіздерге мың алғыс! Сіздерде Алматыдан бұрын «Торғайға, Сарытүбекке барып, боз жусанды далаға аунап, Ахмет Байтұрсынұлының рухына зиярат қылсақ» деген жоспар бар екенін оқыған едім. Жоспар жүзеге асты ма? Біраз жыл бойы зерттеп жүрген ғалымның туған топырағында болу сіздерге қандай сезім сыйлады?
Нергиз ханым:
- Қош көрдік. Сізге де үлкен рақмет айтқым келеді. Ия, біріншіден Арқалыққа, Торғайға, Қостанайға барғым келді. Содан кейін Алматыдағы симпозиумға қатысуды жоспарлаған едік. Алға қойған мақсатымызды ішінара орындай алдық. Астанадан Арқалыққа пойызбен бардық. Арқалық педагогикалық институтында оқытушылар құрамымен кездесулер өткізіп, конференция жасадық, өзара пікір алмастық. Сол күні кешке қарай қалың қар жауып, көктайғақ болуына байланысты Торғайға бару қиынға соғатынын ескеріп, жоспарымыздың осы бөлігін басқа уақытқа қалдырдық. Осылайша, Қостанайға тағы пойызбен бардық. Бұл қалада бізді «Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Ерлан Болатұлы Қалмақов қабылдады. Одан соң Ахмет Байтұрсынов атындағы университетке барып, Алаш пен Байтұрсынұлы хақындағы жұмысымыз туралы ғалымдарға, мұғалімдерге және оқушыларға мәлімет беріп, дәріс оқыдық.
Ахмет Байтұрсыновпен байланысты тақырыптармен жұмыс істей бастағаннан бері осында келіп, оның өмір сүрген жерін көргім келді. Торғайға бара алмаған соң тілегім толық орындалмаса да, Байтұрсынұлы тұрған жерлерде болу – бір ерекше сезім сыйлады. Сондай-ақ, біз оқу-ағарту, қыз тәрбиелеу ісімен таныс болған Ыбырай Алтынсарин кесенесі мен мұражайын араладық.
Гүлжанат ханым:
- Ия, дұрыс айтасыз, әлемдік деңгейдегі ұлы тұлға Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген Ақкөл ауылын көрсек, Ахмет атамыз еңбек еткен Әулиекөл, атамыздың құрметіне Мұғалімкөл атанған жер-суларды көріп, сапарымызды зиялының кіндік қаны тамған жерден бастасақ деген ниет-тілегіміз болған. Біраз қыстың көзі қырауда бұл арманымыз толық орындалмады, сөйтсе де Арқалық пен Қостанай қалаларында болып, бұл жерлердегі білім ордаларына барып, әкімдік және университет басшыларымен, ұстаздарымен және тәлімгерлерімен кездесіп, сұхбаттасып қайттық. Конференцияларда және студенттермен кездесулерде аудиторияның (тыңдаушылардың) қызығушылықтары пен ықыластары ерекше болды. Біздер үшін де Ахмет атамыз жүрген жерлерді көру, Ыбырай, Ахмет, Міржақып сияқты аталарымыз шыққан қасиетті жерлерді зиярат ету көңілге ерекше сезім сыйлады. Жаңа еңбектер жазуға ынта мен шабыт алып қайттық десек болады. Мүмкіншілік болса, Ахмет атамыздың аунап-қунап өскен ауылына жаз айларында барсақ деген ниетіміз бар.
Басқа да көптеген Алаш ардақтылары секілді Ахмет атамыздың да сүйегі жатқан жер бүгінде анық белгілі емес, бір болжам бойынша Алматы қаласына жақын Жаңалық ауылында болуы мүмкін. Қостанайдан кейін Алматы қаласында өткен халықаралық конференцияға қатысып, жиыннан кейін Жаңалық ауылындағы «Алаш арыстары» мешіті мен «Саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайын» да көру нәсіп болды.
- Нергиз ханым, Түркияда Ахмет Байтұрсыновты сізден артық білетін жан жоқ. Ғылыми ортада «Ахметтің қызы» деп те айтады екен. Бір басына саясат, ағартушылық, ғалымдық, ақындық пен жазушылық өнерді сыйғыза білген Ахмет Байтұрсынұлын зерттеуді неден бастадыңыз? Жалпы, зерттеу иерархияңызды қалай бөлесіз? Осы уақытқа дейін қай қырын зерттедіңіз және енді Ахмет Байтұрсынұлын қай тұрғыда танығыңыз, танытқыңыз келеді?
- Өзім Ахмет Байтұрсынұлының өмірін зерттеумен қатар, оның идеяларын да білуге тырысамын. Қазіргі уақытта мен оны толық таныдым деп айта алмаймын. Әлі де оқып, түсінуге тырысамын деп айтсам дұрысырақ болар еді.
Университет қабырғасында жүрген студенттік жылдарда ұстазымыз жәдидшілдікті айта отырып, Алаш пен Ахмет Байтұрсынұлын да атап өтті. Оның атын сол кезде бірінші рет естіуім еді. Сол жылдары Хасан Оралтайдың «Алаш» кітабы да шыққан болатын. Ұмытпасам, бұл 1973 жылы болды. Байтұрсынұлы туралы мәліметтерді сол жерден оқыдық. 1986 жылы Шағатай түрікшесінде жазылған өлеңдерді зерттеп, магистратурамды бітірдім. 1990 жылдары менің докторлық диссертациямның кеңесшісі профессор, доктор Ахмет Бижан Ерджиласун маған Түрік мәдениетін зерттеу институтында қазақ, түрік тілінде құрастырылған кассеталарды беріп, Ауғанстан қазақтарының диалектін зерттеуді өтінді. Қазақ елін және қазақ тілін сол кезде алғаш рет тереңірек тани бастадым. Әрине, алғашында не тыңдағанымды түсінбедім. Ол кезде сөздіктер де, қажетті грамматикалық кітаптар да жоқтың қасы еді. Мен бір жыл бойы таспаны тыңдап жүрдім. Сосын аздап түсіне бастадым. Сол кезде Түркияға Қазақстаннан студенттер келе бастады. Сөйтіп, керек кездерде олардан көмек сұрап отырдым. Бірақ, кейде олар да көмектесе алмайтын. Өйткені Ауғанстан қазақтарының тіліне енген араб, парсы сөздері де болды. Бұл сөздердің айтылуы әртүрлі дыбыстық және пішіндік ерекшеліктерге ие болуы мүмкін еді. Оларды түсіну өте қиын болды. Жұмыс істеп, тыңдай отырып, қазақ тілін ақырын-ақырын үйрендім.
1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алған кезде менің ұстазым профессор, доктор, Ахмет Бижан Ерджиласун Қазақстанға барып қайтқан болатын. Сосын маған екі кітап сыйлады. Оның бірі Ахмет Байтұрсынұлының «Ақ жол» кітабы болса, екіншісі «Шығармалары» еді. Ұстазым бір күні сол шығармаларды Түркиядағы түрік тіліне аударуымды қалайтынын айтты. 2010 жылы доценттікке дайындалып жүргенімде Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдері бойынша тіл мен стильді зерттеуді жөн көрдім. Бұл еңбек 2011 жылы «Ахмет Байтұрсынұлы өлеңдері бойынша тіл және стиль зерттеуі» (Түрікшесі: Ahmet Baytursınulı – Şiirleri Üzerinde Dil ve Üslup İncelemesi) деген атпен жарық көрді.
Кейінгі жылдары Ахмет Байтұрсынұлының шығармалары бойынша мақалалар жаза бастадым. Ол – жан-жақты кейіпкер. Тіл жанашыры, әдебиет теоретигі, саясаткер, журналист, оқулық жазушы, ақын... Әрине, оны жақсы түсіну үшін тарихи процессті, сол кезеңнің жағдайын Алаш идеясын, мәдениетін, дәстүрін, халықтың жағдайын білу керек. Мен осы салаларда алғашқы зерттеулерімді жасадым. Сосын жазғандарын оқып, тарихи оқиғалармен баға беруге тырыстым.
Осы уақытқа дейін жазған мақалаларымның негізінде: оның өлеңдерінің құрылымы, тілі мен стилі; білім беруде нені жоспарлап, жүзеге асырғаны; Алаш туралы пікірлер, жоқтаулар және олардың субъектілері; балалар мен жастардың қалай білім алуы керектігі туралы көзқарастары; Қазақ жазба әдебиеті туралы кезеңдерді қалай жіктеді; өлеңдерінде қолданған идиомалары зерттей отырып, мақалалар мен баяндамалар жаздым. Оның үстіне оның ойларын, туған жылдары бір, ал қайтыс болған жылдары бір жыл айырмашылығы бар Мехмет Акиф Ерсойдың ойларымен салыстырдым.
Осы жылы да Ахмет Байтұрсынұлы туралы әлі жарияланбаған мақалаларым мен баяндамаларымнан, сондай-ақ кейбір жарияланған дүниелерден іріктеп алып, Түркиядағы Түрік тіліне аударған мақалаларым кіретін кітап шығардым. Осымен бәрі біте ме? Әрине, жоқ. Байтұрсынұлын әлі де тереңірек танып, оқырманға таныстыру үшін оқып, шолуды жалғастырамын.
- Гүлжанат ханым, білуімше, сіз «Алаш» тақырыбын зерттедіңіз. Бұл тақырыпты таңдауға не түрткі болды? Түркияда «Алаш қозғалысын» зерттеу қаншылықты маңызды?
– Алаш тұлғалары ақтала бастаған жылдары мектеп оқушысы болатынмын. Әкемнің көзі ашық, сауатты, саналы мұғалім-тұғын. Ақынжанды әкемнің тарихқа деген қызығушылығы менің де ынтамды оятты. Ол маған сол жылдары төте жазу деп аталып кеткен Ахмет Байтұрсынұлының жазуын үйреткен болатын. Содан бері Алаш тақырыбы – жүрегіме ең жақын тақырып. Мен жиырма жылдан бері осы саланың негізі мәселелерін ғылыми түрде зерттеп келемін. 2003-жылы Түркияның астанасы Анкара қаласындағы ағылшын тілінде білім беретін Таяу Шығыс техникалық университетінің (Orta Doğu Teknik Üniversitesi) Саясаттану және қоғамдық басқару мамандығы бойынша “Stalin’s Great Purges and the Penal System: The Case of the Kazak Intelligentsia” (Сталиндік қуғын-сүргін және жазалау жүйесі: Қазақ зиялылары) деген тақырыпта кандидаттық диссертациямды сәтті қорғадым. Диссертациямда Алаш зиялыларының шығармашылығы мен күресін, сталиндік репрессияның саяси құбылыстары мен зардаптарын жан-жақты зерттедім. Диссертациямда қазақша, орысша, түрікше дереккөздермен бірге, сталиндік қуғын-сүргін АҚШ-та және Еуропада да біршама жақсы зерттелгендіктен, ағылшын және француз тілдерінде жазылған көптеген деректермен де жұмыс істеп, мейлінше жүйелі еңбек жазуға тырысып, алғашқылардың бірі болып осы қасіретті тарихымыздың құпиялы тұстарын ашып шықтым деп ойлаймын.
Түркияда Алаш тақырыбы Кеңестік Қазақстан жылдарында-ақ зерттеле бастаған болатын. Оның өзіндік себебі бар. Орта Азияға Кеңес үкіметі орнаған соң, ол жақтың саяси жүйесіне шыдамай, эмиграцияға кеткен қайраткерлер Ыстамбұлға келіп тұрақтай бастаған. Кейін олар өз естеліктерін жазып, гуманитарлық салалар бойынша еңбектенген. Мысалы, мемлекет қайраткері, ХХ ғасыр басындағы Түркі халықтарының көсемдерінің бірі болған ғалым Ахмет Зәки Уәлиди Тоған Түркияда және Еуропада жалпы түркі халықтарының тарихы бойынша, Алаш тарихына да қатысты өте құнды деректер мен еңбектер, естеліктер мен талдаулар жариялаған. “Bugünkü Türkili (Türkistan) ve Yakın Tarihi” (Бүгінгі Түркіелі (Түркістан) және оның жақын тарихы) атты көлемді кітабы 1940 жылы Ыстамбұлда басылып шықты. Бұл еңбек әлі де өз құндылығын жоғалтқан жоқ. Жалпы түркі тарихына қатысты ең негізгі еңбектердің бірі ретінде үлкен сұранысқа және ерекше маңызға ие. Зәки Уәлиди Тоғанның 1946 жылы жарияланған “Umumi Türk Tarihine Giriş” (Жалпы түркі тарихына кіріспе) кітабы – әлі күнге дейін маңыздылығын жоймаған құнды еңбек. Сондай-ақ Зәки Уәлиди Тоғанның “Hâtıralar” (Естеліктер) атты кітабы 1969 жылы Ыстамбұлда жарық көрді. Бұл кітапта да біздің бірқатар Алаш зиялыларының аттары аталған. Олардың ішінде Әлихан Бөкейханмен қалай кездесіп, сырласқандары, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхаметжан Тынышпайұлы, Аққағаз Досжанова, Халел Досмұхамедұлы т.б. Алаш зиялылары жайлы құнды мәліметтер мен естеліктер қамтылған. Бұл кітаптың маңызы әлі күнге дейін өз құндылығын жоймаған.
1950 жылы, одан кейін 60-70-жылдарда Алаш тақырыбына байланысты көптеген жаңа кітаптар шыға бастайды. 1952 жылы Түркияға қоныстанған қазақ өкілдерінің еңбектері бар. Осы топтардың ішінен шыққан зиялылардың өз тарихын таныстыруға көп еңбек сіңіргенін атап өту керек. Олардың ішінде Түркия қазақтарының белді де белсенді тұлғаларынан марқұм Хасан Оралтайдың есімін айрықша атаймыз. Хасан Оралтайдың Түркияда көптеген кітаптары жарық көрді. 1965 жылы “Büyük Türkçü Mağcan Cumabayoğlu” (Ұлы түрікшіл [тұлға] Мағжан Жұмабай) атты кітабын даярлап, басып шығарды. Сонымен қатар, 1973 жылы “Alaş: Türkistan Türklerinin Milli İstiklal Parolası” (Алаш: Түркістан түркілерінің ұлттық тәуелсіздік құпия сөзі) атты еңбегі тасқа басылды. Міне, осындай еңбектердің ізін ала Түркияда Алашқа қатысты тағы басқа да құнды еңбектер жарық көрді. Айталық, 1971 жылы жарияланған Міржақып Дулатұлының «Оян қазағы» – сондай кітаптың бірі. Міржақып Дулатұлының “Оян, қазақ!” өлеңдері 1909 жылғы Уфада басылған нұсқасынан 1936 жылы толық көшіріліп алынған. Кейіннен Шекүр Тұран баспаға дайындап, 1971 жылы жариялаған. Тек қазақ қоғамының емес, басқа да түркі халықтарының оянуына өзіндік үлес қосқан Міржақыптың өлеңдері, осылайша Кеңес кезеңінде Түркияда оқылып, кеңінен таралды.
1968 жылы «Өтүкен» журналында Алаштың 50 жылдығына арнайы мақала жарияланды. Мұстафа Шоқайдың “1917-ж. Естеліктерінен үзінділер” атты құнды еңбегі Анкарада 1988 жылы жарық көрді. Оны Саадет Исхаки Чағатай алғысөзін жазып, басып шығарды. Осы мерзімде Баймырза Хаиттың кітаптары жарық көрді. Яғни кеңестік дәуірде Алаш туралы жалпақ жұртшылық әлі білмеген тұста Түркияда зерттеулер жасалған. Арыстардың атын туған топырағы атай алмаған тұста бұл жақта мерзімді басылымдарда, кітаптарда насихатталған. Осы реттен қарасақ, Түркияда алаштанудың тарихы ертеден басталғанын көреміз. 70-80-жылдарға жеткенде әдебиеттер біршама көбейе бастады. Сондай-ақ осы кезден бастап тек Түркия ғана емес, Батыс елдерінде де Алаш жайлы зерттеулер жазыла бастады. Кеңестер одағы ыдырағанынан кейін Қазақстан өз тәуелсіздігіне қол жеткізіп, 1991 жылы тәуелсіздікке қол жеткізді.
Егемендік Алаш тақырыбының зерттелуіне, ізденістердің жаңаша тыныс алуына зор үлес қосты. Ақиқатында, көптеген ғылыми еңбектер мен диссертациялардың жазылуына жол ашты. Бір анық мысал айтайын, мен қызмет атқаратын Анкара Хажы Байрам университетінде де алғашқы құрылғаннан көптеген магистрлық, докторлық диссертациялар қорғалған. Әлі де қорғалып жатыр. Болашақта да жалғасатынына сенімдімін. Анадолыда менің білуімше тек қана Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығына арналған төрт, Алаш тақырыбына қатысты оннан астам диссертациялық зерттеулер бар. Біз осы үрдісті жалғастырып, қазір де дипломдық жұмыс болсын, магистрант, докторанттардың ғылыми диссертацияларында болсын, Алаш зерттеулеріне маңыз беріп, ғылымның осы саласын ары қарай жалғастырып алып кететін магистрант, докторанттарды дайындап келеміз. Мысалы, менің бір докторантым Әлихан Бөкейхан туралы диссертация жазып жатыр. Тағы бір шәкіртім Халел Досмұхамедұлын еңбегін түрік тіліне аударып, зерттеп жүр. Биыл тағы бір шәкіртім Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларын түрік тіліне аударып шықты. Бұндай еңбектер алда да жалғасын таба береді деген ойдамыз.
- Нергиз ханым, 1926 жылы Бакуде өткен Бүкілодақтық Бірінші Түркологиялық съезде түркі халықтарының латын графикасын қабылдау мəселесі ғана сөз болмады. Түркі тілдерінің тарихы, əдебиеті, емле мəселелерімен бірге түркі тілдерін оқыту мəселесі де қаралды. Бұл жөнінде А.Байтұрсынұлы «Түрікшілер құрылтайы» мақаласында құрылтайда қаралған мəселелерді атай келіп, профессор Щербаның «Ана тілін үйрету əдісіндегі жаңа ағымдар», Епенді-заданың «Түрік тілін оқыту əдістері» тақырыптарында баяндама жасағандарын сөз етеді. Қазіргі түркі әлемі үшін бұл тақырыптардың түркологиялық, социологиялық маңызы қандай? Сол уақыттан бері көп жұмыс атқарылғаны белгілі, солардың негізгілерін атай аласыз ба?
- Бүкілодақтық Бірінші Түркологиялық конгрессте мыналар талқыланды:
a. Түркі халқының тарихын зерттеу, насихаттау тұрғысынан бүгінгі және болашақтағы жағдайы.
b. Түркі халқының мәдениетіне қатысты зерттеулердің қазіргі және болашақтағы жағдайы.
c. Түркі тілдерінің өзара және моңғол, тунгус, фин-угор, жапон тілдерімен байланысы.
d. Түркі тілінің қазіргі жағдайы мен болашағы
e. Жалпы емле ережелері.
f. Ғылыми сөздер жүйесі туралы.
g. Тақырыбы жағынан әліпби сыны, қолданысы жағынан әліпби сыны.
h. Түркі әдеби тілдерінің дамуы туралы.
i. Түркі әдеби тілдерінің зерттеудегі қазіргі және олардың кейінгі жағдайы.
j. Қолданыстағы түрік мекемелері, түрлері және соңғы зерттеулері туралы.
k. Жергілікті білім әдістері.
l. Түркі халқының соңғы мәдени дамуы.
m. Ұйымдастырушылық мәселелері.
* 1992 жылы 29 қыркүйек пен 2 қазанда Бішкек қаласында өткен Түркі Республикалары мен туыстас қауымдастықтар білім министрліктері өкілдерінің ортақ түрік әліпбиіне арналған 2-ші халықаралық конференциясы, 1993 жылы 8-10 наурызда тәуелсіз бес түркі республикасы қатысқан ортақ түркі әліпбиі бойынша Түркі республикалары мен туыстас қауымдастықтар білім министрліктері өкілдерінің 2-ші халықаралық конференциясы және Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TİKA ұйымдастырған Анкарада «Әліпби және емле» тақырыбындағы халықаралық конференция) 21-23 наурызда Анталияда өткен «Түркі мемлекеттерінің достық, бауырластық және ынтымақтастық құрылтайы» атты үлкен жиналыстарда талқыланды. 1993 жылы және 34 әріптік әліпбиге көшу қажеттігі туралы шешім қабылданды. Бұл кездесулердің барлығы 1926 жылы ұйымдастырылған Баку съезінен кейінгі алғашқы жиындар ретінде тарихта қалды.
* 1991-де басталған жиналыстардан кейін 93-жылы қабылданған 34 әріптік латын әліпбиі Түрік әлеміне ортақ түрік латын әліпбиі болып қайта сайланды. Бұл әліпбиді түркі тілдес елдердің барлығы қабылдаған. Дәл осы әліпбиді 1991 жылы 18-20 қазанда Стамбул Мармара университеті Түркология институты ұйымдастырған «Қазіргі Түркі әліпбиі» атты симпозиумда лингвист ғалымдар қабылдады. Бұл жиында Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан сияқты елдердің ғалымдары қатысты. Ортақ түрік әліпбиіндегі 29 әріптен тұратын әліпбиіне қоса, басқа түркі халықтарында бар дыбыстар үшін қосымша 5 әріп қосылды: A B C Ç D E F G Ğ H I I J K L M N O Ö P R S Ş T U Ü V Y Z
Қосылған бес әріп: - Ä, H, Q, Ñ, V.
* Түркі кеңесі (Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесі) 2012 жылы 1 желтоқсанда Стамбулдағы ресми хаттарында түркі елдерінің тіл мамандары қабылдаған 34 әріптен тұратын Түркі әлеміне ортақ әліпбиін қолдану туралы шешім қабылдады. Түркі кеңесінің бас хатшысы Халил Акынжы бұл шешімді тек өз ұйымдары үшін қабылдағандарын және мүше мемлекеттердің немесе басқа мекемелердің бұл хаттарды пайдалану немесе қолданбау еркіндігіне назар аударды.
* Тіл үйретудің негізі лингвистикамен байланысты. Бүгін осы ғылымды үйретуде екі жол көрсетіледі. Біріншісі құрылымдық. Екіншісі антропоцентристік парадигма деп білінеді. Тіл (Қазақ, Қырғыз, Түрік т.б.) мұғалімінің білім берудің мазмұнына сәйкес лингвистика ғылымындағы ғылыми анықтамаларды, терминдерді, ұғымдарды, ғылыми мәліметтерді жүйелі меңгеруі керек. Осы анықтамалар мен ережелер білім алушыларға жаттап оқытылмайды. Негізгі грамматикалық тұлғалардың формасы мен мазмұнын меңгерту мақсаты іске асырылады. Ахмет Байтұрсынұлы, екінші парадигманы көп қолданады. Ахмет Байтұрсынұлының оқу және тәжірибелік әдістері қазақ тіліндегі теориялық материалдарды практикамен ұштастыру арқылы тілдік, мәдени, әлеуметтік және әлеуметтік-танымдық дағдыларын дамытуға, ғылыми салалардың байланысын жетілдіруге негізделген. Оқу-әдістемелік еңбектерде этнопедагогика, этнопсихология ғылымдары негізінде қазақ мектебінің тұжырымдамасын жасап, ұлттың даму қағидаларын нақтылап көрсетті. А.Байтұрсынұлы еліміздегі қазақ мектептері мен мұғалімдеріне көмек көрсету, халық сауатын ашу және өнер-білімге тарту мәселелерімен мақсатты түрде айналысты.
Ортақ түркі әліпбиіне қатысты қабылданған шешім
Байтұрсынұлының ұлт мектептерінде ана тілімен қатар сол халықтың рухани мәдениеті мен тарихи, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлері негізінде жүйелі білім беру мәселелері бойынша айтқан ұтымды ой-тұжырымдары қазіргі уақытта да құндылығымен ерекшеленеді. А.Байтұрсынұлы сол кездің өзінде-ақ сын тұрғысынан ойлау ұстанымының құндылығын дәлелдеген болатын. Қазақ тілін оқыту тәжірибесінде қолданған жалқылау, жалпылау, дыбысты әдіс, әңгімелесу, жүйелеу, талдау, жаттау, жинақтау, салыстыру, баяндау, сұрақ-жауап, сұхбат т.б. негізгі әдістері сыни тұрғыдан ойлауға үйретуде қазіргі тілді оқыту әдістемесінде интерактивті әдістер қатарында қолданылып келеді. Бүгінгі таңда тілдік сөйлесу әдістері мүмкіндігінше қолданылады. Интерактивті оқыту жүзеге асырылады. Қарым-қатынас курстарынан басқа, сұхбат әдісі ғылымаралық және әлеуметтік ғылымдар курстарында жиі қолданылады.
Байтұрсынұлының өз уақытында жазған «Жаңа мектеп» және «Қай әдіс жақсы» мақалалары осы мәселелерді толық қарастырады. Бүгін сол уақытта айтылған оқу-әдістемелермен байланысты жұмыстар жасалуда деп білемін.
Ахмет Байтұрсынұлы жасаған классификацияларды инновациялық білім беру технологияларына сәйкес оқытудың жолдары мен әдістері бүгінгі күнгі білім беру тәжірибесінде әлі де дамып келеді. Бұл Түркология сабақтары үшін де, адамды әлеуметтік тұлға ретінде тәрбиелеу үшін де маңызды.
- Гүлжанат ханым, Алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы: Ресей империясының мұсылман халықтары тарихында негізгі ортақ жәдидшілдік қозғалысының дамуы біртекті емес. XХ ғасырдың 10-жылдары ол Қазақстанда – «Алаш», Әзірбайжанда – «Мусават», Қырымда – «Милл и-фирк», Татарстанда – «Иттифак әл-муслимин» қозғалыстарына ұласса, Өзбекстанда (Бұхара, Хиуа) мазмұны бастапқыдан біраз өзгерсе де «Жадидизм» атауымен дами берді», - деп жазады. XX ғасырдың басында «жәдит» атты И. Гаспринскийдің жаңартылған оқу жүйесі - мұсылман халықтарында әр түрлі ағартушылық қозғалыстарға ұласты ма? Осы иерархия қалай құрылды? Бір-бірімен қалай байланысты?
- ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде барлық Түркі-мұсылман қоғамының зиялылары бір мүдде, бір ту астына жинала бастады. Бұл ретте, әрине, үлкен ұстаз Ысмайыл Гаспыралының күрес пен еңбектерінің, көрегендігінің рөлі мен маңызы зор. Мектеп-медреселерде қадымша оқытып жатқан қоғамға орыс патшалығы өз саясатын енгізіп, орыстандыру, шоқындыру процестерін аямай жүргізе бастады. Мешіттерде ІІ Николай патшаның портреті ілініп тұратын жарлық шыққан. Мұсылман қоғамының тынысы күннен-күнге тарылып, жерінің құнарлысы тартып алынып, алым-салық түрлері көбейді. Осындай қиын сәтте Гаспыралы жәдитшілік, жаңа әдістің модернизациялық жолын көрсетті. Бұл әдісті Түркістан, Қазақстан, Еділ-Орал, Қырым татарлары да бәрі жаппай қолдай бастады. Академик Дихан Қамзабекұлы жіктегендей, әр жерде осы жәдит қозғалысы ұйымдаса бастады. Қазақстандағы жәдит қозғалысы Алаш атын иеленді. Алаш деген сөздің этнонимі – “Отан кісісі” деген мағынаны береді. Яғни, Отанға қызмет ететін кісі деген сөз. Бұл қозғалыстарды бір-бірінен ажыратып, бөліп қарауға болмайды. Бұл қозғалыстың бәрі – азаттыққа, еркіндікке ұмтылған саяси модернизациялық жаңару, жаңғыру жолы болатын. Бұл қозғалыстың ортақ идеясы сол – оқу-ағарту, әйел құқығы, жер-су мәселесі, тіл мен діл, мәдениет т.с.с., ортақ әліпби, ортақ тіл идеясы сол жылдары басталған. Гаспыралының «Тілде, пікірде, істе бірлік!» деген сөзі барша түркі-мұсылман қоғамының оқығандарына күш-қуат, ынта берген, жігерлендіріп қамшылаған сөз болды деп нық сеніммен айтамын.
- Нергиз ханым, сіздің шәкірттеріңіз көп. Оның ішінде қазақстандық біраз студенттер де бар. Елімізге белгілі ақын, аудармашы Файзулла Төлтай да сіздің шәкіртіңіз екенін мақтанышпен айтады. Жалпы, түрколог студенттеріңізден қандай үміт күтесіз?
- Иә. Мен Түркияда 10 жылға жуық орта мектепте мұғалім болып жұмыс істедім. 26 жыл бойы университетте оқытушы болып жұмыс істеймін. Соңғы он жылдан бері Түркияда өзіміздің студенттермен қатар түркі әлемінен келген студенттерге де дәріс беріп, олардың магистрлік және докторлық диссертацияларына жетекшілік етіп жүрмін. Түркі әлемінің жастарынан үлкен үміт күтемін. Олар оқуды және зерттеуді ұнатады. Оқуға ықыласпен келеді. Жастар бізбен кездесуден бөлек, бір-бірімен танысып, достық қарым-қатынас орнатады. Ғылыми негізде баяндайды және талдайды, сол жерде түрлі әдіс-тәсілдері үйренеді. Бес-он жылдан кейін олар да біз сияқты лектор, түрколог болады. Мен олардың өзара бірігіп үлкен істер атқаратынына сенемін. Әрине, ең бастысы – өз күштері мен өзін-өзі тәрбиелеу. Қазір менің докторантураны тәмамдаған студенттерім бар, Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқытушы болып жүр. Біз олармен әлі де бірге жұмыс істеп жатырмыз. Онлайн сұхбаттар жүргіземіз. Онлайн кездесулер мен сабақтардың көбеюіне байланысты жақын арада бұл қарыс-қатынастар кең ауқымда жалғасатын болады. Түркологияда жақсы өзгерістер, алға басулар болады деп сенемін.
- Гүлжанат ханым, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов өзінің «Алаш азаматтарына!» жолдаған құлағдарында: «Көнбегенде көретін ауырлық: бағынып тұрған үкіметтің жарлығынан бас тартсақ, жау жағадан алғанда, бас қорғап үйде қаламыз деп, мемлекетке қамшымыздың ұшын бермесек, үкімет бізге құр өкпелеп қоймас, күш жұмсар, ол күшті законге сүйеніп істер… Мысалы, қазақ шын қарсылық қылатын болса, ел-елге отряд шығады. Отряд шықса, елдің берекесі кетеді, бас пен малға əлегі бірдей тиеді, елдің іргесі бұзылады. «Айтқанға көне қоймадың, қарсылық қылдың!» – деп Түркістан уəлаятына военное положениені жұртқа келген бір опат деп білу керек. Военное положение иғлан етілген жерде түймедей жазыққа түйедей жаза болады. Қарсылық көрсетсек, Түркістанға болған военное положение өзге де елге болмай қалмайды…Аз қазаға, аз бейнетке» төзуі керектігін түсіндірді. Ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай «Ахмет Байтұрсынов және біртұтас Алаш идеясы» атты мақаласында Әлиханның сөзін келтіре отырып, мынандай сауалдар қояды: «Жұртқа келуге тиісті ол опат» – қандай опат еді? «Көпті қазаға ұшырататын, көпті азапқа қалдыратын азап» – қандай азап еді? Көтеріле қалған жағдайда патша ағзамның бұратана халыққа дайындап қойған қандай «сыйы» бар еді? Сіз бұл сұрақтарға қалай жауап берер едіңіз?
- Патшалық Ресейдің түркі елдерін жаулау саясатын 16-ғасырдан бері анық көру мүмкін. Бұл процессті бір-бірімен байланысты оқиғалар шынжыры ретінде сипаттауға болады. 1552-жылы Қазан хандығының күйреуі – осы шынжыр тізбегінің алғашқы сақинасы іспеттес. Ары қарай Астрахан хандығымен жалғасып, кезек башқұрттарға келгенде, көшпенді және жаужүрек башқұрт халқының өз елін, жерін асқан табандылықпен, ерлікпен қорғағанын көре аламыз. Бұл процесті 200 жылдай тежеген башқұрттардың ерлігі, қазақ даласына да кезектің келуін кешеуілдеткен еді. Бір жақтан Сібірге қол салып, екінші жақтан 1783-жылы Қырымды өз территориясына қосып алған Патшалық Ресей, 19-ғасырдың басында Кавказда да империялық мақсаттарына жете бастайды. Қазақ даласын 150 жылға жуық уақытта жаулап, 1867-жылы Түркістан генерал-губернаторлығын құрды. Қазақ даласын толық жаулағаннан кейін -кезінде Кенесары атамыз көрегендікпен болжағандай- Түркістан өңірінің қалған жерлері, қырғыз, өзбек, түркімен жерлері тез-ақ Патшалық Ресейдің қол астына кірді. Көшпенді өмір салтын жалғастырған түркімендерді орыс әскерлері 2-Гөктепе соғысында аяусыз қырып, Түркістан (Орта Азия) өңірін жаулап алу процесін тамамдайды. Көтеріле қалған жағдайда патша ағзамның бұратана халыққа дайындап қойған «сыйы» қандай еді деген сіздің сұрағыңызға оралар болсақ, асқан қатыгездік пен аяусыз жаншу тәсілдері екенін көруге болады. Түркі халықтарын жаулауда Патшалық Ресейдің Черняев, Цицианов, Скобелев сияқты генералдарының іс-әрекеттері, 1916-жылғы жазалау отрядтары – бұған бірер мысал. Оның үстіне Ресей патшалығының түркі халықтарын жаулауы үлкен дайындықпен жүргізілгендігі белгілі. Алдымен жан-жақты зерттеп, мұқият дайындалғандықтан, жергілікті халықтың қорғаныс қимылдарына қарсы іс-әрекеттер де әзірленген-ді.
- Нергиз ханым, Тұңғыш стенографист Данабике Байқадамованың естелігінде: «Ахмет Байтұрсынұлы Архангельск облысынан айдаудан келіп, қамауға алынғанға дейінгі тағдыры тым ауыр болды»,- деп жазады. Сол кезде профессор Құдайберген Жұбанов көмектесіп тұрды дейді. Жағдайы қиын болса да атамыз қаламын тастамаған шығар. Бұл жылдары қандай материалдар жазылды? Сіздің еңбектеріңізде бұл деректер бар ма?
- Бұл туралы айтылғанын мен де естідім. Әрі бұл тақырып бойынша өте терең зерттеу жүргізілмегенін білемін. Әзірге менде басқа ақпарат жоқ.
- Гүлжанат ханым, биыл жолымыз түсіп Мәскеуге бардық. Орталық Дон зиратханасында көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт мақтанышы Әлихан Бөкейхан мен ұлт көсеміне адал болған Алаш шәкірті Нығмет Нұрмақұлының рухына ескерткіш тақта орнатылған. Ол тақтаға жол табудың өзі біраз уақытты алады екен. Ең өкініштісі, қазақтың маңдайына біткен біртуар азаматтарға өз елінен топырақ бұйырмай, өзге елде, көпшілік ішінде, еленбей қалғаны… Осы ойлардан кейін мынандай сұрақ туындайды: Біз Алаш арыстарына лайықты құрмет көрсете алдық па? Осы күнге дейін Алаш қайраткерлерін толық тани алдық па?
– Алашты мемлекеттік деңгейде қоғам болып толық тану үшін осы қозғалысқа қатысқан әр мүшесінен бастап саяси репрессия кезінде атуға кесілген, қуғындалған құрбанға дейінгі аралықты қамтитын жүйелі ғылыми жұмыс жасалуы қажет. Бұл ең алдымен бүгінгі Қазақстанның ұлттық санасының қалыптасуына мүмкіндік береді. Сана отарсызданбай, құлдық жүйенің саяси зардаптарынан құтылмай азат болмайтыны белгілі. Алаш қозғалысы, идеясы – отарлыққа қарсы бағытталған үн болатын. Сондықтан Алашты тану, зерттеу – сананың өзгеруінен басталуы керек. Халықтың санасы өзгергенде құрметтеу де, бағалау да өздігінен жүзеге асырылады. Алаш идеясына өткен тарих деп қарау аздық етеді. Ол идея әлі өлмеген. Ол идея әлі күнге дейін дауысы әлсін-әлсін тұс-тұстан естіліп тұратын жаңғырық сияқты. Алашты тануға мемлекет мүдделі болса, оларды құрметтеу, насихаттау парыз деңгейіне көтеріледі.
Сұхбатымыз тым ауқымды болған соң, екіге бөліп беруді жөн көрдік.
Жалғасы бар…
Бөлісу: