«Өмірзая» – тар заманның тәлкегі

Бөлісу:

28.11.2022 7050

Бір жарым ғасырға ұласқан отарлық жүйе, әсіресе орыс-совет кезеңіндегі халқымыздың басынан өткен қанды қасап, ашық жүргізілген геноцид, аштық пен сүргін, соғыс, атомдық апат өз жұртында ордалы ұлыс, аруақты ел болып отырған халқымыздың санын да, сапасын да, санасын да өзгертті. Улады. Құлдыратты. Ұлттың болмысы бұлдырады, тұнығы лайланды, мінезі айнымалы болды. Бірте-бірте бойға сіңген дерт қаймана қауымды өз қағынан жеруге, өзін қор санауға, ұстанымсыз, ұждансыз күйге түсіре бастады. Сатқындық салтанат құрды. Опасыздық отаншылдық деңгейде әспеттелді. Отаршыл елдің жалған ұраны осылайша ақиқатқа айнала бастады. Ең өкініштісі құлдық қамытын киген еліміз өзінің құл екенін сезінбейтін жағдайға жетті. Жазушы Баққожа Мұқайдың «Өмірзая» романы – осы жаншылған рух, езілген еңсе, ұлтсызданған сана туралы. Ғасыр бастауындағы Тәуелсіз Қазақстан әдебиетіне жаңа серпін, тың өріс әкелген бірегей туынды болып саналады.  Баққожа 1948 жылы қаңтарда Алматы облысы Райымбек ауданы Нарынқол ауылында туған. 1971 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 1965 жылы Кеген аудандық «Коммунизм нұры» газе-тінде еңбек жолын бастаған. 1970 – 88 ж. «Білім және еңбек», «Жұлдыз» журналдарында, Жазушылар одағында істеген.

Академик Рымғали Нұрғали «Қазақтың 100 романы» атты ғылыми еңбегінде, жазушы Баққожа Мұқайдың «Өмірзая» романы туралы былай деп ой өрбітеді: «Әдетте, жадағай  сын  әлдебір шығарманы  көтергісі  келсе, қызғылықты, жеңіл  оқылады, тартып  әкетеді  деп атап  көрсетеді. Баққожа  романының тартып  әкететіні рас.  Бірақ  өте ауыр  оқылады. Мен  тура бір  аптада  әрең бітірдім.  Бүге-шігесін  қадағалап, айшық, бедеріне ден қойғаннан ғана емес. Баққожа сипаттап отырған өмірдің зіпбатпан ауыр салмағынан. Сол өмірдің нақпа-нақ, шынайы қалыпта таңбалануынан. Қандай өмір десеңіз... – советтік шындық дер едім. «Советтік  шындық» – біз запы  болған  сөз. Бояма,  жалған. Жәреуке, жандайшал. Қисық айнадан қарасақ, бәрі керемет. Ал шын мәнісінде, қазақ халқын қырған, жойған, кембағал қалыпқа түсірген, өркенін қиып, өскінін тапаған – осы советтік, коммунистік жүйе емес пе! Ендеше, «советтік  шындық»  ұғымы өзінің  нақты мағынасын  алуы керек. Сол мағынаның көркем бір көрінісі – «Өмірзая» романы екен».

Ұлттық әдебиетіміздің тереңнен тамыр тартқан тарихымен бірге бүгінгі кескін-келбетін айқындауда да қаламгерлік қабілет пен талант даралығының маңызы зор. Неғұрлым талантты жазушылар мол болса, ұлттық әдебиеттің көкжиегі кеңейіп, күмбезі көркейе түсері анық. Қазақ халқының сөз өнерінде өзіндік ой-танымымен дараланып, қаламгерлік қуатымен жаңа өрістерге жол ашқан жазушыларының қатарында Баққожа Мұқай шығармаларының орыны айрықша.  

Шеберлігін шағын жанрдан бастап, повестер мен романға дейін шыңдай білген жазушы Баққожа Мұқай өз заманының қайталанбас, көркем бейнелерін сомдады. Жазушы тырнақалды туындыларынан бастап, соңғы жылдардағы көркем дүниелеріне дейін  қоғам болмысын бейнелеп, оның адам өміріне ықпалын көрсетуге күш салды. Баяндау мәнері мен кейіпкер жан дүниесін бейнелеуде қолданған көркемдік әдіс-тәсілдері, қазақ прозасындағы дәстүрлі жалғастықтың жаңаша тұрпаты еді.

Жазушының «Өмірзая» романы – ХХ ғасырдың соңғы кезеңіндегі қазақ тарихындағы ащы шындықты суреттейтін ауқымы мен көтеретін жүгі ауыр роман. Қаламгердің кез-келген шығармасында күнделікті күйбең тіршіліктің көзге көрінбес ұсақ мәселесінен басталып, әлеуметтік өмірдің ірі шиеленіскен кезеңіне дейін өрбиді. Осы аралықтағы шымыр сюжет пен оған астар болған қоғамдық ақуал шығарманың өміршеңдігін арттыра түседі.

Баққожа Мұқайдың шығармаларын оқи отырып, кейіпкерлерінің өздеріне ғана тән ортақ мінезі бар екенін білу қиынға соқпайды. Ол – қайсарлық. Заманның ығына қарай жығылып, бас шұлғи бермейді. Өзінің көзқарасы мен ойын тайсалмай жеткізеді. Себебі олар хас шындыққа сүйеніп тұрғандығын біледі. Ішкі біліктілік қауқары соған жететіндігін түсінеді. Ал ақиқаттың жолы қашан да жіңішке, қашан да ауыр. Тіпті бас кетер тағдырдың да тап болуы мүмкін. Олар таңдаған жолдарының ауыр екендігін біле тұрып тек алға жылжиды. 

Баққожа Мұқай «Өмірзая» романында өз заманының саяси-әлеуметтік, тарихи маңызы зор, мәні үлкен аса іргелі, өзекті шындығын суреттеді, заман қаһарманының образын жасады. Шығармашылық еңбек жолында мұндай нәтижеге жеткен жазушы да тарихта өте сирек. ХХ ғасырдың екінші жартысындағы кеңестік қоғамның тоқырау дәуірінде ұлттық идея, ұлттық тәуелсіздік идеясы жолында еңбек етіп, бейнет көрген, қанша тар қапаста, тайғақ кешуде, азап үйлерінде өмірлік ұстанымынан таймаған, алған бетінен қайтпаған, елдің тәуелсіздігі үшін өмірін қиған, жанын пида еткен замандас образын жасау – жазушының жанкешті еңбегінің көрінісі еді. 

Талант табиғатына қарай жазушылардың шығармашылық еңбегінің үдерісі түрліше. Шығармашылық тақырып пен идеяның тууы, ой өзегінің ашылуы бірде ұзаққа созылса, бірде қаламгер көкірегінде күтпеген құбылыстардың өзара тоғысуы, шарпысуы шеңберінде бұлттан шыққан күндей жарқ ете қалады да, көркемдік қиялды қияға шарықтатады. Оны тиісті өмір шындықтары негізінде көркемдік жүйеге түсіру де әркімде әр түрлі қалыпта жүзеге асады: бір қаламгерде баяу, бір қалыпты. Екінші біреу тез: буырқанып, бұрсанып келген ой мен оқиға өзі де сұңқардай самғап, бір демде суретке айналдыра қояды. Дегенмен де өмір шындығынан өнер туындысын жасау оңай емес. Өмір шындықтарын таңдау мен  талғаудың өзінде де қилы қиындықтар бар. Кейде қаламгер таңдап, талғап алған шындық құбылыстардың оның еркіне бағынбай, тағыдай тартысып, қарсылық жасайтыны болады, оны көндіру, бағындыру, игеру жазушыдан үлкен ерік-жігерді, батырлық пен батылдықты, ұшқыр шығармашылық қиялды талап етеді. Суреткерлік күшті ерік-жігер мен ұшқыр қиялсыз бірде-бір шынайы көркем шығарма дүние келмеген. Сондықтан қас суреткердің қаламы ешқашан желе-жортпайды. Ол топ жарған қаламгер.   

Жазушының негізгі шығармашылық темірқазығы – жазушының өзі көрген дәуірдегі қазақ мәселесі. Ұлт діліндегі үлкен сұрапыл өзгерістер. Өкінішке қарай, келеңсіз өзгерістер. Қазақ санасының божырауы. Орыс отаршылдығы ойрандаған қазақ намысы. Ұлттық намыстан ажырау. Бұл деградация, бұл індет алдымен шенеуніктер шебінде байқалыпты. Содан кейін жұқпалы дерттей жайылып жалпы Алашқа тарапты. Сана дерті. Ұлт ағзасында сөзсіз ол індетке де қарсы ұлттық иммунитет болды. Сол иммунитет атойлап ұлт ағзасын улай бастаған қатерлі дертке қарсы шықты. Баққожаның ондай кейіпкерлері – «нар қазақтар». Бұдан кейінгі жазушы шығармаларында бықып, быжынап бодандық жүйенің берекесіз бел балалары жүр. Олар сол заманның шылауына оратылып, шашбауын көтеріп, бас қамын ойлап, бебеу қағады. «Нар қазақтарды» тобықтан қағады. Оларды «құл қазақтар» деп атаса болар. 

Баққожа шығармаларынан «нар қазақтар» мен «құл қазақтардың» жарты ғасырға жуық бітіспес шайқасына куә боламыз. Бұл қазақ қауымында шешімін таппаған үлкен ұлттық мәселе бар екендігін көрсетеді. Ол ұлттық мәселе – отаршыл заман қақ бөліп кеткен халық мәселесі, қазақ мәселесі. Бұл – қазақ деген ұлттың қазақ болып жер бетінде қалу-қалмауы жөніндегі мәселе. Бұл шайқас- әлі де ұзаққа созылатын шайқас. «Нар қазақтар» жеңсе, біз ұлт болып аман қалдық. Ал, «құл қазақтар» жеңсе, онда талайлар түскен тарихтың күл-қоқысына біз де барып түсеміз. Сондықтан да біз үшін әлі күрделі кезең өтіп жатқаны анық.

Ана тіліміздің қажет екенін, оның тағдыры үшін күресуіміз керек екендігін баршамыз жақсы білгенімізбен, қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйенің қаһарынан қаймығып, іштен тынып жүре бердік. Туған тіл тағдыры үшін шырылдаған жанның басын алмас қылышы жалаңдаға кеңес идеологиясы оп-оңай қағып тастайтын. Аямайтын. Аянбайтын. Бұл мазмұны үстемдіктен тұратын елге тән қасиет еді. Негізінен бір ұлттың мүддесін ерекше қорғап, басқаларымызға соның «әнін» айтқызып қойған сол идеологияның қатігездігін, аярлығын баршамыз жақсы білетіндіктен айтатын жерде ауыз аша алмай, кесіп түсетін кезде күмілжіп, ойымыз бен сөзіміз үйлеспей, қу жанның амандығы үшін «мықтының» дегеніне жағымпаздана бас игенімізді несіне жасырамыз. Данамыз да шаламыз да бас идік. Қарсыласар қайрат жок. Шындығымызды қорғай алмай шырылдадық. Екі құлағы бітіп қалған таскерең Мәскеу бірақ біздің шырылымызды естімеді. Қазақтың мың жылдық тарихы бар дедік. Мәскеу мазақтап күлді. Ғасырлар сүзгісінен өтіп, әбден тазарған, сұрыпталған дәстүр-салтымыз бар дедік. Орталық қабақ шытты...

Ұлттың мүддесін, оның тілі мен ділін, тарихын, тағдырын қорғау үшін ең алдымен халық басыбайлықтан, бодандықтан құтылуға тиіс. Көкіректің көзі ашылмай, сана мен рух азаттық алмай тұрып, ұлтың көсегесі көгермейді. Өзінің тәуелсіздігін толық сезінбеген, азаттық үшін азап көрмеген адам халқының мүддесі, ана тілінің тағдыры үшін шырылдап барып отқа түсе ме, сірә?! Сыпыраның ішінде отырғандай шалқып өмір сүру адам үшін негізгі мәселе емес... 

Егер 1986 жылғы желтоқсандағы уақиға болмаса біздің бодандық өміріміз әлі де жалғаса берер ме еді, кім білсін?! Тарихқа қиянат жасауға болмасын, оны уақыт бәрібір қалпына келтіретінін адамзат баласының өмірі сан мәрте дәлелдеген. Демек желтоқсан оқиғасы кездейсоқ жағдай емес. Жалпы адам баласы «алдын-ала дайындалған кездейсоқтықтар» арқылы өмір сүреді. Діндар қазақ мұны «Алланың әмірімен болған уақиға» деп түйіндер еді. Демек, бүкіл әлемді дүр сілкіндірген Алматыдағы уақиға «Алланың әмірімен» жылдар бойы дайындалған. Мәскеу Қазақстанға бұл елдің өмір сүру дағдысын, дәстүр-салтын, тарихын білмейтін Колбин деген әлдекімді жіберу арқылы сыздап тұрған жараның жарылуына жағдай жасады. Іріңді жара жарылды. Мәскеу дәл осылай боларын білген жоқ. Қара күшке сенген орталық – қаймана қазақтың дәл осындай батыл әрекетке баратынын болжаған жоқ. Халықтың рухани әлеуетінің күшейгенін, интеллектісінің өскенін, құлдық санадан құтылғанын жоғарыда отырған «қаусаған шалдар» - жарымжан саяси бюро қайдан білсін. Олар өздері сияқты мемлекеттің де әлсіреп, дәрмені құрып әрең тұрғанын түсіне алмады. Сол «қаусаған шалдардың» инерциясы бүкіл мемлекетке ауысты десек қателесе қоймаспыз. Л.Брежнев бастаған кәрілер сәт сайын өзгеріп  тұрған замана мінезін танып, соған сай шешім қабылдап, әрекет жасауға мүлде мүлде қабілетсіз еді. Ол бейшаралар дамудың диалектикасын мойындамады, өздері бір-бір «құдайға» айналып алды.

Романдағы тағы бір жетістік табиғат көріністерінің образ сырын ашуға орынды пайдалануы. Табиғат сыры, қоршаған орта қашан да адамның көңіл-күйіне, сезіміне эстетикалық тұрғыдан әсер етеді. Адамзат табиғат құбылыстарына тамсанумен бірге, таңдана ғұмыр кешеді. Кез-келген жазушы болсын, ақын болсын ойлы сезім арқылы жаратылыс әлемін, табиғат құбылысын, оның әр алуан көріністерін, тылсым әрекетін суреттеуге тырысады. Б.Мұқай шығармаларында пейзажға бір арнайы орын бөлінбегенмен туынды арасында жазушы шеберлігінің нәтижесінде пейзаж жан-жақты ашылады. Автор адамның ой санасындағы жаратылыс сырларын, табиғаттың әр алуан құбылыстарын таным процесі арқылы көркемдік тәсілмен жеткізеді. Әсіресе, романдағы жазушы суреттеген Аяған өміріндегі жақсы құбылыстар мен жауған ақ қармен байланыстыра суреттеуі, көңіл-күйі ауандарының ауа-райымен сәйкесікте берілуін баса айтуға болады. «Алматының ауа райы биыл да өзгеше мінез танытты, бұрнағы жылдары наурыз туысымен-ақ дүниенің апшысын қуырып, шыжғырып жіберердей ысып кететін күн жарықтықтың қызуы бәсең. Наурыз айының соңында ыстықтап, суға түсіп жүретін балалар май мерекесінде шеруге қалың киіммен шықты... Жеңіс тойында сіркіреп басталған жаңбыр ымырт үйіріле үдеп, шелектеп құйды да, арты қарға айналды. Жаңа-жаңа көгеріп, көктей бастаған өсімдік атаулы аппақ қардың астында қалды... Табиғаттың бұл қылығы Аяғанға ұнады. Аяқ астынан жапалақтап жауып, жер дүниенің шаң-тозаңын басқан аппақ қар жақсылықтың хабаршысындай еді. «Бұл менің құрметіме жауған қар» деп ойлады Аяған. Осы ойына өзі нанды. Өйткені оның өмірінде бір жақсылық боларда жапалақтап қар жауатын әдеті еді. Әсем екеуінің үйлену тойы болатын күні аппақ қар жауғаны есінде. Елжасы дүниеге келген күні де жер дүниені аппақ қар басқан. Кандидаттық диссертациясын қорғайтын күні алай-дүлей боран соғып, қалаң қар жауғанын қалай ұмытсын. Шаңырағында бір жақсылық боларда табиғат ана алдын ала Аяғанға хабар береді». Автор кейіпкер сенімінің орындалуы арқылы пейзаж көркемдігін үстеуге тырысқандай. Суреткер кейіпкер ішкі әлемін, болашақтағы бір жақсылық оқиғаның келе жатқан белгісін пейзаждық психологиялық параллелизмге арқа сүйей отырып жеткізуі, шығармадағы табиғат көрінісінің орнын айқындағандай. Табиғат құдіреті мен сұлулығын автор осы сынды көркем детальдармен өрнектей түседі. Жазушы ерекшелігі осы ақ қардың жаууы әдеттегі жауған қардан бөлектеп оны әсерлеуі, кейіпкердің келер күнге деген сенімінің, үмітінің аяқ алысы еді. 

Табиғаттың көркем шығармадағы атқаратын қызметі ерекше. Әсіресе, басты идея мен кейіпкер келбетін мүсіндеуде. «Көркем шығармада табиғат барша объективті болмысымен суреттелген күнде де, адам өмірінен алатын рухани эстетикалық мәнімен бірлікте бейнеленбек. Кейіпкер психологиясында белең беретін сан қилы эмоционалдық құбылыстар оны қоршаған әлемге көзқарасы, нақты бір кезең, сәттегі экспрессивті жан толқыныстары арқылы неғұрлым толымды өрнектелетіні дау тудырмаса керек». Шығарма барысында кездесетін көркем пейзаждар осылай романның ішкі мазмұнымен бірлесіп, идеялық қырын тереңдете отырып, композиция тұтастығын қарастырумен бірге, кейіпкер характерін аша түседі. «Табиғаттың биылғы мінезі бөлек, қытымырланып қабағы ашылмай тұр. Көкпеңбек мұз түстенген аспаннан жылы шуақ емес, суық ызғар келіп тұрғандай, жердің тоңы да жіби қоймаған тәрізді. Бесін ауа бере Байынқолдың аңғарынан өңменіңнен өтердей суық жел соғады. Мамыр аяғы аяқталуға айналғанмен таудың теріскей бетіндегі қалың қар әлі сіресіп жатыр. Жазықтың өзі ала шабыр, күндіз ептеп еріген болады да кешкілік жер қатқаққа айналады. Табиғаттың мінезі әсер етті ме, туған жеріне келмеген Аяғанның жаны жадырап, еңсесі көтеріле қоймады. Анталап келіп, бас салатын ашқарақ ойлапрдың талауына түсіп, күні бойы мең-зең болып жүреді де қояды. Сары уайым жүрегін шымшылып, маза бермейді. Бір уақ бала-шағасын алданыш қылып, уайымның азабынан құтылғандай болады». Келер күнде болатын әлдебір жайсыз жағдайды сездіргенде суық тылсым табиғатпен қатарластыра суреттеуі оқырманды көңілсіз оқиғаға дайындаған автор көркем тәсілінің бір қыры. Қаламгер суреттеуіндегі берілген жалпы көрініс, қатаң пейзаж болашақ бір сұмдықтың бір белгісі іспеттес. Яғни табиғат пен болашақ оқиғалар желісі кіндіктесіп. өмірдің әлеуметтік қырын ашуға тырысады. «Сіркіреп жаңбыр жауып тұр екен. Ызғырық жел суық, ызғарлы. Сол ызғар қыр астында тұрған қыстың хабаршысы сынды. Ауа деміне ызғар кіргелі де біраз болған, сонысына қарағанда биыл қыс ерте түсетін сыңайлы…Биылғы ауа райының мінезі бөлек. Жүріп-жүріп бір-ақ күнде бойжете салатын қыз баладай жарқ ете қалатын Жетісудың көктемі кешікті, қашан шілде туғанша жаңбыр сіркіреп, жердің қыртысына жылу жетпей, құйқасы қызбады. Маусым орталана бере аспанның қабағы ашылып, Жер-Ана шуаққа шомылды да, бой көрере алмай булығып жатқан көк дүр ете қалды. Шілде әдеттегідей ыстық болған, тамыз ауа райы күрт өзгерді. Жаңбыр жиілеп, күн суытты». Бұл табиғат мінезінің өзгеруі, жағымсыз болып тұруы Аяған отбасына келе жатқан келеңсіз жағдайдың белгісі сынды. «Табиғат өзінше бейтарап болғанымен, өнерде бейтарап болмайды» дейді әдебиет зерттеушісі Б.Галанов. Бұл пейзаждық көрініс ситуациялық көрініске құрылған. Пейзаждың негізгі үлкен бөлімі кейіпкер үшін маңызды жайттардан сыр шертеді. Қаламгер табиғат құбылыстарын шығарма бойында тез аңғарта отырып, бедерлі пейзаж тудырады. Қаламгер табиғат құдылыстарын шығарма бойында тез аңғарта отырып, бедерлі пейзаж тудырады. Адам баласына табиғаттың құбылыс әрекеттерінің де әсер ету сипатын денсаулықпен де байланыстыра көркемдеуі де шығарма нанымдылығын одан әрі арттырғандай. Алматының дымқыл ауасы онсыз да денсаулығы нашар кейіпкер Әсемге әсері сынды кезеңдер шығармада айқын көрсетіледі. Осындай сәттер автор алған нысанасының бір белгісі іспеттес. Яғни, жазушы кез-келген құбылысты, кез-келген нәрсені ұлттық ұғымға, ұлттық қалыпқа, табиғилықпен бағындыра суреттеуге тырысады. Әсем өлімінің белгісінен хабардар етпек бұл пейзаждық көрініске де жазушы ауыр жүк артқандай. «Қыс кешігіп келгендіктен бе биылғы көктем асықпады. Наурыз айының  бел ортасына дейін қайта-қайта қар жауып, аяз кәріне мінді. Сонан кейін төрт-бес күн бойы аспан тазарып, күннің қызуы көтерілген, буыны бекіп үлгермеген қар еріп, Жер-Ана жоса-жоса болып терледі. Алматының көшелерімен сел жүрді. Наурыздың аяғына қарай қара суық қағынды. Ауа райының қайта-қайта құбылып, өзгере бергені Әсемге жақпады. Ауруханадан сіңіріне ілініп, әлсіреп шыққан бейшара екі күннің бірінде бас көтере алмай жатып қалатын болып жүр». Қаламгер шығармасындағы табиғат суреті, пейзаждың әдеби-философиялық, көркемдік эстетикалық мәні зор. Әрбір жазушы өзіндік ерекшелігімен жазушылық шеберлігіне сай әдебиетке үлес қосады.  Ф. Оразаев: «Әрине, нашар жағынан көрінетін ерекшелік емес, шеберлік жағынан ерекшелену. Стиль тек шеберліктің шыңына жеткен жазушыда ғана болады, шебер жазушылардың ған авторын айтқызбай танытады. Демек, стиль мен шеберлік ағайын… жазушы стилін әңгіме еткенде осы шеберлік проблемасын назардан тыс қалдыруға болмайды». Романның сөздік қоры ғылым жолындағы оқыған зиялы қауым тілімен де, қарапйым ауыл адамының заман тынысын бейнелейтін сөйлеу тілінен де құрылған. Бұл қарапайым емес, қайта әрбір кейіпкердің әрбір сөзінен қоғам, адам, уақыт жөніндегі ащы шындықты аңғару қиын емес. Қысқаша айтар болсақ, көп қырлы, терң сырлы жазушының шебер шығармашылығы терең философиялық ой-танымға көз жеткізуге болады. Адам әлемін, оның рухани болмысын көркемдік шындықпен танытуда, терең толғауда түрлі мазмұнды-формалық әдеби тәсілдерді негізгі идеяны жан-жақты жеткізуге қызмет ететіндей дәрежеде қолдана білуде Б.Мұқай туындысы қарапайым табиғатымен, шынайы көркемдігімен ерекшеленеді.

Жазушы нысанасы – тоқырау жылдарындағы қазақ қауымы, соның ішінде сол кездегі елордамыз Алматының зиялы қауымы. «Балық басынан шіриді» дегендей, ұлттық іру, елдегі жүйесіздік те бас жағынан басталыпты. Зиялы қауым-қоғам қаймағы. Қаймағы ірісе, қалғаны не болғаны? Ол төмен болса, ұлт та төмен. Жоғары болса, ұлт та жоғары. Ол азса, ұлт та азады. Өйткені қарапайым халық жоғарыдағы басшыларға және оқыған-тоқыған интеллигенцияға қарайды, үлгі алады. Сол ұлтқа тұлға болуға тиіс игі жақсыларымыз социализм заманында кім болды? «Өмірзая» осы сауалға жауап береді. Нар қазақтар мен құл қазақтар шайқасы бұл романда өзінің шарықтау шегіне жетеді. Осы кезеңнің нар қазағы – Аяған Қуатов. Университетте сабақ беретін жас ұстаз. Қоғамды иектеген екіжүзділік, жалғандыққа қарсы жалғыз өзі майдан ашады. Басын тауға да тасқа да ұрды. Студенттер алдында тарих шындығын айтайын десе, КГБ ізіне шам алып түсті. Темір тордың ар жағынан бір-ақ шығарады. «Мыңмен жалғыз алысқан» Аяған да адам емес пе, шаршайды. «Мен жалғыз қалдым. Шындықты айттың деп бәрі менен теріс айналды. Тілімнің құрып бара жатқанын айттым. Ділімді қорғадым. Сол үшін Кеңес өкіметінің саясатына қарсы адам болып шықтым»- дейді. «Азаттық жоқ жерде қоғам-аквариум. Біз аквариумдағы балықпыз. Біреулерге сол аквариум ұнайды. Өйткені олар - құлдар. Ал құлдарға азаттықтың керегі жоқ».

«Өмірзая» - 1989 жылы драмалық туынды болып жарияланып, 1992 жылы сахна төріне қойылған, ал 1998 жылы роман болып басылған. 2000 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығын иеленген бұл шығарма кейіпкерлері – өз дәуірінің тұлғалары. Құлдық қамытын кигізген отаршыл саясаттың өскелең ұрпақтың санасына қаншалықты әсер еткендігі жан-жақты ашылып, баяндалады. Шығармадан Алдияр Ақпанұлы бастаған, халықтың болашағы үшін аянбай күресіп, «шындықтың соңынан шам алып түскен», халықтың болашағы үшін жан аямай күрескен  топты көреміз.  Ал ендігі бір топ – Мұса Байларовтың айналасына жиналған, қара бастарының қамы үшін не нәрсеге де шыдауға бекінгендер. «Өмірзая» - жазушының ширыққан, шамырқанған ащы жан айқайы. Нар қазақ ұстаз Аяғанның аласұрған ойлары – жазушы ұстанымымен үндес. Жазушы өзінің кейіпкерінің күрескерлік жолы, ауыр тағдыры, ұстанымынан айнымайтын адалдығы арқылы, оқырманға айтқысы келген ойын өткір сомдайды. Романда кейіпкер мен жазушы монологы былай қабысады: «Бір замандарда намысын ту етіп көтерген ел үшін бүгінде күнкөріс негізгі мәселеге айналыпты. Қарны тойған қалың ел бабалар аманатын да, қабырға қайыстырған қайғысын да бір-ақ күнде ұмытыпты. Жыртығын жамаудың орнында жырқ-жырқ күліп жүре беретін жыртақайға айналыпты. Жыртақайда намыс болып па?!» 

Жазушы романда өмір шындығын барынша шынайы көрсетуге тырысқан. Азаттық жолындағы үлкен мұраттар мен биік идеяларды ту етіп ұстаған қаһармандар бейнесі, жең ұшынан жалғасқан сыбайластық іс-әрекеттерге белшесінен батқан «мықтылар» бейнесі де барынша нанымды. Бар жақсылық қасиеттерді профессор Алдияр Ақпанұлының бойынан көреміз. Адалдық, білімділік, төзімділік, мейірімділік ‒ бәрі де осы  адамға тән болса, Мұса Байларов пен Жақия Тайлақұлы керісінше, зұлымдық атаулының бейнесі іспеттес. Бас қаһарман Аяған Қуатұлы ‒ бар өмірі ауыр зардаптарға толы, өз заманының ащы дәмін татқан, бірақ сонда да  өз дегенінен айнымаған, адамгершіліктің биік болмысын жоғалтпаған бас кейіпкер.

Шығарма оқиғасы трагедияға құрылған. Аяғанға жала жабылып, соңына КГБ-нің түсуі, жары Әсемнің ауыр науқастан қаза табуы, көзсіз махаббаттың құрбаны болған Хадишаның жетімдік азабын еселеп тартуы, көмегін аямай, әрқашан қасынан табылып, інілік қызмет көрсетіп жүрген Асылханның қастандық ұйымдастырушылардың қолынан қаза табуы, балалары ‒ Олжас, Елжас, Бибілердің балалық бал дәурендерімен тым ерте қоштасуы, т.б. Осылардың бәрі жиылып қырманды ойландырмай қоймайды. Аяған отаршыл саясаттың өз дегенін істетпей қоймасына көзі анық жетсе де, өз пікірінен айнымай, жақындап қалған бар қиыншылықты қасқая тұрып қарсы алады. Жазықсыздан жабылған жала, жан-жақтан жағасына жармасқан жандайшаптар оған тізе бүктірмей қоймайды.  Қатігездіктен оның жолына қақпан құрушылар дегеніне жетеді.  Ақыр соңында «жоғарыдағылар» өлтіріп тынады. Осы жерде С.Сигуаның тұжырымы шығарманың кейбір оқиға сипаттарының мәнін аша түседі: «Өлім ‒ өмір сүрудің ең соңғы нүктесі. Бұл фактіні ұғыну ғана емес, сонымен қатар оның бейнесі кейіпкер мінезінің дамуын күшейтеді. Автор бізді өзінің қаһармандарын сүюге мәжбүрлейді, олардың өлімдері ‒ шын мәнінде тірі адамдардан айрылғандай әсер беріп, бізді мұң басады». Жазушының өлім фактілерін, қайғылы оқиғаларды өзіндің суреткерлік мақсатпен көркемдеуі де қаламгердің әлемдік әдебиетте қалыптасқан көркем дәстүрлерді еркін игеріп, меңгергенінен хабардар етеді. Баққожа Мұқайдың бұл романдағы трагизмнің мәні жоғары. Төл әдебиетіміздегі басқа да белгілі жазушылардың осы тектес шығармалары секілді, бұл туындыдағы трагедиялық мазмұн мен трагедиялық шешімнің әлеуметтік-қоғамдық, тарихи-саяси астары кең. Отаршыл саясаттың оспадар әрекеті тудырған түрлі қайшылықтар шарықтау шегіне жеткен кезі көркемдік шешімін тауып суреттелген.  Авторлық идея ‒ өмірдегі адалдық пен азғындық күресінің терең мәнін ашу, халқының болашағы үшін ізгілік жолында құрбан болғандар мен қара бастарының қамы үшін   аярлық жолына түскендердің мәңгі бітпес күресі.

Қазақ тарихында өшпес орны бар желтоқсан оқиғасын суреттеу арқылы тақырыпқа тереңірек бойлап, суреткерлік шеберлік арқылы жан- жақты бейнелейді. Шығармада өмірдегі адам қолымен жасалған көптеген қиыншылықтар мен азаптар, сан түрлі тағдыр талқысы мен тартыстар суреттеледі. Әр қилы трагедиялық кезеңдерде адасудың құрбаны болған бейнелер сомдалған бұл туындыдағы жазушының көркемдік ізденістері өте жоғары деңгейде көрінеді. Тарихымыздағы ең бір шешуші кезеңді тақырып етіп, оқиғаны тудырған заман талқысы мен талабын кейіпкерлер тағдыры арқылы көркем кестелеген «Өмірзая» романы қазақ прозасының салмағы мол үлкен туындысы деуге әбден лайық.

Жазушы С.Балғабаев Баққожа Мұқайдың шығармашылық саладағы отыз жылдық еңбегінің ең қомақтысы өзі туып өскен өлкенің Хан тәңірі сияқты асқақ биігі ‒ «Өмірзая» романы» дей келе, романға өз бағасын береді. «Белгілі жазушы Б.Мұқайдың соңғы романы «Өмірзая» ХХ ғасырдың соңғы кезеңіндегі қазақ тарихының ащы шындығын суреттейтін салмақты туынды. Қаламгердің кез-келген шығармасында күнделікті күйбең тіршіліктің көге көрінбес ұсақ мәселесінен бастап, әлеуметтік өмірдің ірі шиеленіскен кезеңдері өрбіп, оқырманын баурап алатыны белгілі. Әрбір туындының бойында оқырманын шығармадағы шырғалаң иірімдеріне бірге тартар күш ‒ шындық. Жазушының осы шындықтың адам тағдырына әсерін тереңдете көрсету, ауыр халді көркемдей түсу жолында өзгеше бір қаламгерлік қуатпен еңбек еткені шығарманың өн бойынан байқалады. Жазушы шығармаларында белгілі бір тақырыптардың шешім табуы, характер сомдауындағы қыруар ізденісі ең алдымен өмір шындығын көркем шындыққа жеткізуіндегі шеберлігі деуге болады. Ендеше, жиырмасыншы ғасырдың соңындағы қазақ тарихының басындағы шындықты жоғары деңгейде көркем шындыққа көркемдеп, әлеуметтік талдау арқылы ұлттық ерекшелікті сомдап суреттеген «Өмірзая» ‒ автор шығармашылығының ерекше шыңдалған асуы. Өз кезеңіндегі көркем шындықтың эстетикалық сипатын сомадаған жазушының поэтикалық ізденістері аталмыш шығарманың жемісі болып табылады».

Б.Мұқайдың аталмыш шығармасы қазақ халқының бодандық бұғауындағы басынан кешірген оқиғаларының ірілі-ұсағын астарлы оймен түйіндеген. Жазушының өмір туралы философиялық онцепциясы көркемдік тұрғыда қаламгерлік суреткерлікпен көрініс таба білген. Осы арада, бұл екі ұғымның бірлігі жайлы сыншы С.Әшімбаевтың пікірін келтіре кеткен орынды: «Суреткерлік сөзбен сурет салу ғана емес, немесе болған, болуы мүмкін қызықты, мазмұнды оқиғаны боркемік тілмен баяндау, сүлесоқ күйде суреттеп шығу да емес. Суреткерлік өмірдегі жай көзге танымайтынды таныту, жұрт байқамағанды байқату, елемегенді електен өткізіп көрсету, білмегенді биіктете елестету, танымағанына таңқалтып, дүйім қауымды таныту, шын мен жалғанның, ез бен ердің адал мен арамның, кесепат пен парасаттың ішкі-сыртқы белгілерін таңбалап беру, басқаны қасіреттің қайғысына ортақтастыру, бақыттының бағына қуанту, жақсылыққа тебіренту, зұлымдыққа лағнет айтқызу. Ал ойшылдық болса, жазушының осы қасиетіне имандай иландырып, айтқанына ажар беретін, көрсеткеніне көрік бітіретін, шығармасына қан жіберіп, жан беріп тұрған күретамыр іспетті».

 «Өмірзая» романы – Баққожа Мұқайдың заман, адам болмысын ашудағы тың шеберлігін танытатын, замандас тұлғасының психологиялық кескіні суреттелетін шығарма. Жазушы өзі өмір сүріп отырған қоғамдағы мансапқорлық, жағымпаздық, өзімшілдік дертін қатал сынға ала отырып, адалдық, із. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар