Қайсар қазақ Хамза Есенжанов

Бөлісу:

22.12.2022 5881

Ол – «Халық жауы» ретінде жиырма бес жылға сотталып, романының кей бөлігін қайыңның қабығына жазған, кейін сол романы үшін мемлекеттік сыйлық алған тағдырлы жазушы.

Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» романындағы «қазақтың мен деген небір керемет жігіттерін алдынан бір орыс, артынан бір орыс қарауылмен айдап, бала-шағаларын жылатып, вагонға тиеп кеткені» жайында Әділбектің аузымен айтылатын  жері – сол заманның шындығы еді. Әрідегі кезеңді немесе аштық, репрессия жылдарын айтпағанда, азамат соғысында да, төңкеріс кезінде  де қазақтың көптеген асыл ерлері шейіт болды, оққа ұшты, құны сұраусыз кетті.  Елде төңкеріс болғанда сансыраған халықтың бірі ана жаққа шықты, бірі мына жаққа болысам деп, өзара тіресіп, соғысып, екі ортада қаны судай аққан. Міне, «Ақ Жайық» романы осы кезеңді суреттеді. 

«Ақ Жайық» романы туралы

Жазушы Хамза Есенжанов романы үшінші рет басылып шыққанда оған берілген партия мен үкіметтің бағасы жоғары екенін айтқан екен.  1967 жылы жазушы осы әйгілі романы үшін мемлекеттік сыйлықты алды.  Кезінде С. Досанов бұл романды «Тынық Донмен» үндестігі бар шығарма ретінде танып, екеуін де «кең құлашты, көп салалы эпопея» деп бағалаған екен. Әрине, бұл жерде екі романда да бір отбасының тарихы туралы айтылып отырғасын, сонымен бірге «жаңа кезеңге қандай жолдардан өтіп келдік?» дегенге жауап беріп тұрғасын ұқсастық бар деуі заңды шығар. «Тынық Донда»  орыс тарихы болса, бұл романда қазақ тарихы бар. Ақтардың Оралды қалай басып алғаны жайында «Төңкеріс үстінде» айтылса, одан кейінгі бөлімде («Шыңдалу») халықтың бойында қарсылық пайда болуы, үшінші бөлімде («Тар кезең») совет үкіметінің орнауы сөз болады. Кезінде кітапты жастанып оқығандар романдағы кейіпкерлерді, мысалы, ескінің есті көзіндей, өмірден көрген-түйгені мол қария Жүністі, Жүністің төрт ұлын (Хакім, Нұрым, Әлібек, Әділбек) және қажының ұрпақтары, оларға қарсы шыққан топтың ішінде Халел мен Жанша Досмұхамедовтер, Сұлтан Арон, Қаратаев, Акутиндерді, бекерден бекерге ажал құшқан сыбызғышы Қайыпқожа, Кәрімғали, жетім бала Қали,  олардың обалына қалған Шұғыл бейнесін ұмыта қойған жоқ. Сүйген қызы Мүкарамамен өткізген бал шағын еске ала суреттеумен революциялық күреске кіріп, жастық жігерін аямай күрескен Хакімнің сүйгенінен айрылғаны, Ащысайда болған оқиға оқырманды бей-жай қалдырмайды (онда екі жүз жасақшы елу офицерді қырып тастаған еді), осы қырғында Мүкарама да қаза болады. Ақбілек романындағыдай ақтардың қазақ қыздарының абыройын төккен оқиға мұнда да бар, тек мұнда Зағипа сол қорлыққа шыдамай у ішіп өледі. Абылаевтың залымдығын көрсететін эпизодтар да оқырман есінде. Жалпы осы романда Орал өңірінің азамат соғысы жылдарындағы кезі ғана емес, одан кейінгі революция жылдары, аяққа тұра бастаған, ұжымдастыру кезіндегі қиындыққа толы кезең суреттеледі. 

Оралда күні кешеге дейін көшелерде Әйтиев, Ипмағанбетов сияқты революционерлердің есімі жазылып тұрды, қазір ол да тарихқа айналды. Бүгінде уақыт басқа, құндылықтар өзгерді, кезінде бұл кітапты жата-жастанып оқыған адамдардың өзі қартайды, десе де келер ұрпақ тарихты білу үшін романды тауып алып, қызыға оқитын шығар дейміз.

 

Жүнісовтер трагедиясы туралы

Бұл асыра сілтеудің арты халықты қандай күйге жеткізгенін көрсеткен, жазушының келіні Дина Әнесқызы айтқандай, халықтың бастан кешкенін қапысыз берген, киноға сұранып тұрған шығарма. Кейін осы шығарманың совет цензурасынан өтпей қалған кей тұстарын сыншы ғалым Зейнолла Серікқалиев қайтадан қалпына келтіреді. Бұл, әрине, үлкен еңбек. Бұл толықтырудың мән-жайы туралы сыншының «Тағдыр» атты мақаласында айтылғандықтан тоқталып жатпадық. Романда сөз болатын дүрбелең бір әулеттің басынан өткен сияқты  баяндалғанымен, қазақтың көрген құқайы да, қиындығы да осы кездермен байланысты. Сонымен бірге Зейнолла Серікқалиев өзінің «Тағдыр» атты мақаласында «Жүнісовтер трагедиясы» жеткізер тағы бір құнды дерек – жалпы Х. Есенжанов романдарында шешуші бір желіге айналған мейлінше азалы тағдыр тәлкегі – Құныскерей хикаясы» дейді. Ия, рас, Құныскерей де жазықсыз жаланың құрбаны, «үйіңе келген қонақты ұстап бермедің» деп пәле жабылып, жалаға ұшырайды, оның күреспеуге амалы жоқтай. Бақытжан Қаратаев бейнесі – романдағы оқиғаларды жүйелеп беруші ретінде көрінеді. Сәкенмен кездесу барысында (романда Сәкенді оқта-текте ұшырастырамыз, ол туралы көп сөз болмаса да ақынға қарсы Жанайдар деген кейіпкер есімізде)1858-1872 жылдардағы Кіші жүз қазақтарының көтерілісі, оның себептері туралы айтылып кетеді. Хамза Есенжановтың қазақ тарихына қатысты маңызды мағлұматтарды кейіпкер аузымен  әдейі беріп отырғаны байқалады. Айталық, Бақытжанның батырлықтың тұқыммен, қанмен берілетіні туралы, осыған байланысты қазақы наным-сенім жағын да қозғап өткенін сыншы Зейнолла Серікқалиев көзден таса қалдырмай байқап талдаған жері бар.

 

Бұл роман яғни «Жүнісовтер трагедиясы» арқылы қазақтың басынан қандай күндер өткенін ғана емес, осы шырғалаңы мол кезеңде күрес жолын дұрыс көрген ерлердің ғұмырының талас пен тартыста, қиын-қыстауда, өкініште өткенін де көреміз. Мысалы, Хакімнің трагедиясы – бәрі уақытша деп түсінгендігі еді, ол аталас туысы Ақметшеге дейін кәмпескелеп, жер аудартады, осы кез халық қатты қиналып, шықпаған егін үшін де сауын сиырын төлеп отырған кезі еді, бірақ Хакім үкімет тапсырмасын осынша адалдықпен атқарғанның өзінде «асыра сілтеуге жол бермей отырмын» деген сөзі үшін Голощекиннің кәріне ілігіп, қызметінен босап, ақыры қайтыс болады. Әйелі де өледі жол апатынан. Ақындығымен танылған інісі Әлібек өлең жазып,  жарқылдап көзге түскен жігіт еді, жазықсыз қиянат шегіп, түрмеге отырып, ақырында зағип болып, сүйгенімен кездесуге батылы жетпей, кеудесіндегі мұңы мен зарын күй арқылы жеткізетін жері, осы кезде радиодан Жүнісовтердің кенжесі Әділбектің Қиыр Шығыс майданында көрсеткен ерлігі туралы хабарлап жататыны... автор осылайша бір әулеттің ғұмыры арқылы кезеңді суреттейді. 

***

ДИНА ӘНЕСҚЫЗЫ: «ЖҮНІСОВТЕР ТРАГЕДИЯСЫ КИНОҒА СҰРАНЫП ТҰР»

Бүгінде үлкен жазушы Хамза Есенжановтың шаңырағын ұзақ жыл Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында сабақ берген ғалым ұлы Әлиханның жары Дина Әнесқызы  мен немересі  Хакім сол биік, ақшаңқан күйінде ұстап отыр. Жазушы мұралары қатталып, жинақталған күйде, сенімді қолда. Біз Хамза Есенжановтың келіні, профессор, фольклортанушы, ғалым-арабтанушы, аудармашы Дина Әнесқызына хабарласқан едік, алғашқы әсерімізбен бөліссек... Журналистік жұмыспен көп адаммен дидарласасың, аты мәшһүр адамдардың ұрпақтарымен де тілдесудің сәті түсетіні бар, кейде ана тілінде дұрыс сөйлей алмайтын немесе әкесінің не жазып, не қойғанынан онша хабары болмайтындарды да кездестіресің. Әрине, біреуді күстаналаудан аулақпыз, дегенмен, қаламгер әкесінің, атасының мұрасын көзінің қарашығындай сақтайтын, зерделеп оқитын, сол жайында көшелі әңгіме айта алатын ұрпақтарын, туыс-туғанын көргенде еріксіз риза боласың. Дина апаймен сөйлескенде сондай сезім болды. Оқырманға ол кісінің сөзін өзгертпей бергіміз келді. Дина апай әлі жұмыста, Абылайхан атындағы Әлем тілдері университетінде профессор, араб тілінің маманы, аударма ісімен жазбаша және ауызша айналысып, ілеспе-синхронды аударма жасайды.

Дина Әнесқызы, Хамза Есенжановтың келіні:

–       Сізден «Жүнісовтер трагедиясын» оқыдыңыз ба? деп сұрап, қайта-қайта айтып отырғаным – бұл ашаршылық жылдарындағы қиямет-қайымды суреттеп, киноға түсіретіндей дайын қылып жазылған шығарма, бірақ бұл туралы көп айтылмай жүр. Сіз «Тарих порталынанмын» дегесін, бірден есіме түскені сол. Және ол жердегі айтылған оқиғалар тарихи документалдық құжаттарға негізделіп жазылған, Бақытжан Қаратаевқа, Сәкен Сейфуллинге байланысты болсын, көп деректер бар. Тарихи деректерді көркем сөз ретінде қалдыру еліміз үшін қазіргі уақытта да маңызды деп есептеймін. Ал енді сіздің сұрағыңызға келсек, асылдың ұрпағы Әлихан Есенжановпен отасып, отыз жеті жыл болды осы үйге келін болып түскеніме. Енемнің қолына түсіп, сол кезде көзі тірі классик жазушылардың бәйбішелеріне шай құйып, батасын алдым. Енеммен үш жыл бірге тұрдым. 

Төрде Сәбит Мұқановтың жары Мариям апай отыратын. Жәрдем Тілеков сияқты жазушылар, зерттеушілердің әйелдері, Тайыр Жароковтың үйіндегі Мүнира апай, бір сөзбен айтқанда ата-енеміздің бірге жүрген жолдастарының жұбайлары бас қосатын. Жазушының немересінің аты – Хакім, Хакім бағдарлама жасайды, ақпараттық IT технология саласының маманы, жеке кәсіпкер. Ол кішкентайында өлең жазуға ыңғайы бар көрінетін, бір сөз айтқанда 2-3 шумақпен құрастырып айтатын, бүгінде қазақ жазушыларының еңбектерін қазақша-орысша электронды дайындаған жобаларға қатысып, үстінен бассаң аудармасы шығатын түрін жасады.

***

ӨМІРІНІҢ ӨЗІ АҢЫЗ...

Хамза Есенжанов деген адам – өмірі   өсу мен өрлеуден, шарықтау мен қиындық көріп, азап шегуден, айдаудан тұрған тағдырлы жан. Жеті жасында тұлдыр жетім қалып, ағасының тәрбиесінде болады. 1930 жылдары өлең, әңгіме жазып бастайды, сол уақыттарда «Әдебиет майданы» журналына «Өлеңтінің жағасында», «Қызыл қумақ» деген әңгімелері шығып, Бейімбет Майлиннің көзіне түседі. Малдәрігерлік бітіріп, одан Алматыға барып, тіл, әдебиет бөлімін бітіріп, артынша Ленинградтағы әдебиет, өнер институтында оқиды. Келген соң филармония, опера-балет театрын басқарып, орыс әдебиетінен сабақ береді. Бір күні сабақ беріп тұрған жерінен тұтқынға алынып, «Халық жауы» деген жаламен айдалып, өмірінің он жеті жылын түрмеде өткізеді. Ал енді адал жары Софияның адал махаббаты өз алдына бір аңыз. Сол заманда білім алған қазақтың қызы көп емес, соның бірі София Тастемірова болатын. Халықтың адал ұлдарының басына қара бұлт үйіріліп жатқан кезде екі жас бас қосып, 1938 жылы Хамза Есенжанов ұсталып кеткен кезде София апай күйеуінің артынан Сібірге іздеп барады. Қиын-қыстау шақта жанында болып, жазушының жанын емдеген әйелдің азаматының бағы болғаны анық. София Тастемірованың бір естелік-жазбасында – оқып отырған адамның жүйке-жүйесін қозғап кететін мынадай сыр ақтарылады: «Эмиліміз қатты сырқаттанып, қайтыс болды. Шыбын жанын сақтап қалу үшін қолымнан келгеннің бәрін жасап бақтым. Бірақ туралап келген ажал әй-шәйға қарата ма? Әйтпесе, Хамзекеңнің бауыр етінің қара тырнағын қара жерге қияр ма едім... Хамзаның әр хаты келген сайын жаныма қуат аламын. Түгелге жуық жаттап алдым десем өтірікші болмаспын. Өзі сондай қиын-қыстау жерде жүріп, маған қамқор болып, күш бере сөйлейді. Басындағы ауыртпашылықтың уақытша екенін айтады, не деген қайрат-жігер десейші».

Хамза Есенжанов еңбектерін, азаматтық тұлғасын зерттеп-зерделеп жүрген азамат Сайлау Хамитұлының мақаласында берілген Хамза Есенжановтың жұбайына жазған хаттарының әрқайсысында қаншама сыйластық, ілтипат бар десеңізші! Оларды тебіренбей оқу мүмкін еместей. Соның біреуінен үзінді келтірейік. «Өткен жолғы хатыңда Эмика ауырады деген едің. Міне, содан бері екі ай өтті, өзіңнен хабарсыз қалдым... Жағдайым жаман емес. Бірінші көрген қиындық емес, бәріне төзіп жатырмыз. Қайтейін! Қайтейін!... Кейде сені бақытты ете алмағаныма өкінемін. Жүріп тұратын, коллективтің ортасында жарқылдап еңбек ететін алтын шағың өксікпен, тосумен, елегізумен өтіп бара жатқанына қынжыламын. Бірақ сені бақытсыз әйелдердің қатарына қосқым келмейді... Мен бақытсыздар деп жан-дүниесі жадау, болашақтан үміт үзген, моральдық жағынан тұрақсыз жандарды айтар ем. Ал біздің тағдырымыздың бағы уақытша ғана байланып тұр. Өзіңнен айырылғалы алты жыл өткен екен. Бұл өмір бақи бір-бірін жоғалту деген сөз емес. Уақытша ғана!.. Қара бұлт қанша қаптаса да күннің көзін бүркеп тұрмақ емес... Бәрін тәптіштеп қайтейін. Өзің де білмейді емессің ғой...

Хамза Есенжанов он жыл отырып, жазасын өтеп шыққанымен, 1948 жылы «ерте босатылған» деген желеумен қайта ұсталып, Теміртауға жер аударылады. Бір жылдан кейін «Өмір бойы жер аударылсын» деп шешім шығарып, Красноярск өлкесіне айдайды. Осы кезде яғни 1950 жылы София апай КСРО денсаулық сақтау министріне хат жазып, күйеуі отырған Красноярск өлкесіне жұмысқа сұранады. Бірақ, ол өтініші аяқсыз қалады, енді София апай прокуратураға арызданады, прокуратура Денсаулық министрінің шешімін дұрыс деп тауып, София апайдың өтінішін орындамайды. Енді қазақтың қайсар қызы, адал махаббат иесі Алматыны тастап, өз бетінше күйеуінің артынан кетеді. 

Хамза Есенжанов туралы оқып отырғанда «Не деген құрыш секілді мықты адам!» деп таңғаласың. Он жеті жыл түрмеде отырғанда болашақ романының үзіктерін қолына түскен темекі қорабына не қайыңның қабығына жазған, сол жерде отырып француз тілін грамматикасымен меңгерген, аударма саласында да көп тер төккен, айталық, Пушкиннің, Тургенев, Шолохов, Шуховтың шығармаларын көркем тілмен аударып, еселі еңбек еткен. Жазушы 1974 жылы 7 желтоқсанда, София апай ол кісіден 19 жыл кейін барып өмірден өткен. София апай 1988 жылы «Жалынға» «Аяулы тұлға» деген атпен естелік жариялапты, онда: «Жақсы адамның қадiрi өзi жоғында көбiрек бiлiнедi екен. Жастай бас қосып, өмiрдiң ащы-тұщысын қатар тартқан Хамзекеңнiң соңында қаламын деп ойламаппын. Кейде түнi бойы ойдан ой қуып, Алматының ақ таңы құланиектенгенде талықсып барып, кiрпiгiм айқасады. Көзiм iлiнсе болды түс көремiн. Түсiмде Хамза алғаш үйленген 1937 жылғы қалпы, ұзын бойлы, қыр мұрынды, шырайы таймаған, иман жүздi жiгiт баяу басып жаныма келедi. «София жаным, тоңып қалған жоқсың ба?» деп көрпемдi қымтайды. Көзiмдi ашып алсам, елес ғайып болады. Сол күйi жатып үйдiң төрт қабырғасымен, оң жақта iлулi тұрған Хамзекеңнiң үлкейтiлген суретiмен сырласамын» деген жолдар бар екен.... 

***

Естелік

ҚОҒАМҒА ДА, АДАМҒА ДА ӨКПЕЛЕМЕГЕН…

Ақұштап Бақтыгереева, ақын, мемлекеттік сыйлықтың және халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Ұлт тарихының қасіретті жылдары шаршатқан осы бір ғажайып ерлі-зайыпты екі адам менің көз алдымда әлі де елес береді. Алматыдағы Төлебаев-Жамбыл көшесінің қиылысынан бұрышта бірін-бірі жетелеп алдымнан өтіп бара жатқандай болады. Өйткені сол жерде екеуінің түрмеден оралғаннан кейін тұрған үйі бар. Мен сол жерден жиі өтемін. Сол кезде маған София апаның айтқан әңгімелері есіме түседі. 

Сор болды ау отыз жеті мынау елге,

Далада ару қаңғып, жылады ер де.

Өзіңді құлай сүйген дәрігер қыз,

Қартайды еріп жүріп лагерьде...

Бұл менің атақты Мағжан Жұмабаевтың жақын қарындасы, Хамза ағамыздың жары Софияға арнап жазғаным еді. Әуезовтің бағасы бойынша европалық үлгіде алғаш роман жазған, «Ақ Жайық» трилогиясының авторы Хамза Есенжанов сонау жылдардың өзінде сауатты болған, Ленинград академиясында аспирантурада оқып келген, міне соны қызғанған өз қаламдас достары оны «Халық жауы» деп көрсеткен. Сол айдаудан сынбай, өзін жоғалтпай, бойындағы парасаты мен мәдениетін қаз-қалпында сақтап, адамдарға деген мейірімін жоғалтпаған Хамза Есенжанов сияқты жазушының өзін көру бір ғанибет еді. Таңғалатын едім. Ешкімге, қоғамға да, адамға да, үкіметке де өкпелемеген, биязы қалпында, сол мәдениетімен Жазушылар одағына кіріп келе жататын. Бұл күнде Хамза Есенжанов атын Ақ жайық өңірі ғана біледі десем өтірік емес, басқалар еске алуды қойды, Хамза Есенжановты әдеби қауым онша ескере бермейді.  Ал Оралда көше, кітапхана бар, Оның өмірі – қазақ интеллигенциясының қайғылы өмірі, сонау 37-нің қазақ көрген қасіретіне толы. Жазушының  Сібір түрмесінде отырып, ойына келгендерін ақ қайыңның аппақ қабығына жазатынын София апай көзі мөлдіреп отырып бізге әңгімелеп беруші еді. Біз қайыңның қабығына жазған күйеуінің ерлігін өмір бойы жүрегіне, санасына сақтап келген әйелді көрдік. Қазақтың қайсар, қажымаған, сұлу дәрігер әйелі. Тағдырды ешқандай мойымай қарсы алу деген ерлік екен деп ойлайсың. Хамзеке деп жарына қараған қарияның махаббатқа берік, қазақ әйелінің осынша парасаттылығына таңғаласың. Ал жазушы болса соның махаббаты арқасында барлық қиындықтан өтіп шығып елге оралды. Және халқына өлмейтін шығарма қалдырды. 

***

САЙЛАУ СҮЛЕЙМЕНОВ: «ХАМЗАНЫ АЛДЫМЕН ӨЗ ҰСТАНЫМЫНА БЕРІК АЗАМАТ РЕТІНДЕ ТАНЫҒАН ЖӨН»

Тарихшы-өлкетанушы Сайлау Сүлейменов ағамыз Хамза Есенжанов еңбектерін насихаттауда көп еңбек сіңірген адам. Хамза Есенжанов өмірі мен шығармашылығына қатысты деректер іздеп, архивтерде отырған, нәтижесінде жұбайы, ғалым Дәметкен Сүлейменова екеуі Хамза Есенжановқа қатысты «Даласына лайық дарын», «Аққу-махаббат», «Арманым үндеседі Ақжайықпен», «Ақжайығын аңсаған азамат»  атты кітаптар жазып шығарған. Бүгінде Астанада тұратын, бізбен сұхбаттасарда Есенжанов өмірінен сыр шертетін бір құшақ фотосуреттер мен құжаттар көшірмесін ала келген  Сайлау ағамыздың естелігі тағылымға толы. 

Сайлау аға, соңғы жылдары әйгілі жазушы Хамза Есенжановтың жазушылық, азаматтық тұлғасын кейінгілердің ойында қайта жаңғыртып-жақындатып, насихаттау бағытында еңбектеніп жүрсіз. Өзіңіз ол кісіні көрген шығарсыз? 

 – 1966 жылы өзінің үйіне іздеп бардым. Өзім балықшы ауылдан болғаннан кейін қасымда осы «Ақ Жайық» трилогиясының басты кейіпкерлерінің бірі Орынбек қажының немересі болды. Екеуміз де Балық институтына оқуға түстік те, күннің жексенбі екенін ұмытып кетіп, қолымызда ауылдан келген дәм бар, Жазушылар одағына бардық. Онда бір әйел «ондай белгілі адамдардың телефон-адресін кез келгенге беруге болмайды» деді. Салымыз суға кетіп тұрсақ, иманжүзді, ересектеу қазақ азаматы жөн сұрап, «айналайын, екі тиындарың болса телефон автоматқа салып анықтама бөлімінен сұраңдар, сондағы қыздар іздеген адамның телефонын біледі» деді. Бір кезде «әле-е-еу» деп әндеткен бір әйелдің даусы естілді. Досым:

 –  Барқынмын, –  деді. 

– Алматыда неғып жүрген Барқынсың?

Досым  Орынбектің баласы Сапарғалидың баласымын деп әкесінің атын айтып еді, ана кісінің даусы бірден өзгеріп кетті. 

 –  Ойбай-ау, қайынағаның атын бірден айтпайсың ба?

Қуанышымыз қойнымызда, бардық. Жұмсақ, жылы халат киген ағай алдымыздан шығып қарсы алды. (Мен Хамзекеңді 1961 жылы Оралдағы Меховой көшесі 12-үйде төрде әйнектің астындағы  2-3 жастағы ұлы Әлиханды алдына алған суретінен көрген едім). Амандасып, қолымыздағы дорбаны ұстата салдық, Ағамыз елден келген балықты иіскеп, тебіренгендей болып, омырауына басты. Осыгүні Қапшағайдың сазаны, табанынан гөрі елдің, Шалқардың шабағы соншалық ыстық болып тұр ғой деп ойлаймын. 

Әйел заты бізді бірден төрге алып шығып, үсті дәмге толы дастарханға отырғызды. «Айналайындар, мен қазір қаламсап алып жазып жатыр едім, сендерді жеңгелеріңнің қолына тапсырдым» деді ағамыз.

Шынымды айтайын, ол кезде пансионда қалайы кружка, тарелкадан басқаны көрмеген біз қысылдық па, не ішіп, не жегенімізді білмейміз, Жарты сағаттан кейін ағамыз келіп, оқуға түсуімізбен құттықтап, София апай: «Айналайындар, келерде хабарласпайсыңдар ма? Саяжайды болса да босатып береміз ғой, сендер неге жетім бұрышта жүрсіңдер?»- деп жатыр.

 Сол 1966 жылы Хамзекең мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағын алды да, Қара теңіз жағасына демалып, біз келердің алдында таңертең келіп жатқан беті екен. «София, мына балалар оқуға түскен екен, сүйіншісін бермейсің бе?» – деді ағамыз. Апайымыз әмиянын әкеліп, 25 сом алды да, «айналайындар, күн жексенбі, ақша кассада, көршілерден сұрау ұят, осыған да риза болыңдар» деп 25 рубль ұстатты. Ол кезде 25 рубль деген үлкен байлық есепті еді. Ағамыздан бата алып осылай кездескен едік. 

-    Хамза Есенжановты зерттеу туралы ой қашан келді, неден бастадыңыз? 

–  Астрахан оқу орнында жүріп академиялық демалыс алып әскерге кеттім, бауырым Орынбек қажының баласы сол оқуын бітіріп келді, сөйтіп жүргенде қайтадан тоғыстық, сол кезде Хамза ағамыз елге келсе құрметтесек, осы кісі туралы дерек жинақтасақ деген ойымыз болды, бірақ жаңағы бауырым арманымызға жетпей ерте дүниеден озып кетті. Жүк өзіме қалды. Осы кітаптар шыққанда журналист Мира Хамзақызы: «Аға, сіз тарихшысыз, әдебиетші емессіз, бірақ Хамза мен Тайырдың ізіне түсіп, еңбектерін жинап жүрсіз, сіздің туысқандық қатысыңыз жоқ па?» –  деп бір сұрақ қойып еді. Мен «Хамза Он екі ата байұлының ішінде Байбақты, Байбақтыдан Қара, Қарадан Барқын тарайды. Тайыр да басқа ру.  Мен Жетіру Кердерімін. Бірақ ол екеуі де мен үшін рухани аға саналады» деп өз уәжімді айтқан едім.

–    Хамза Есенжанов туралы неше кітап шығардыңыз? Жақсы естелік айтқандардың ішінде белгілі адамдар болған шығар? 

–       Хамза Ықсанұлының 100 жылдығы қарсаңында 2006-2007 жылы бастадым. 5-6 жыл ішінде Дәметкен Тұрсынханқызы екеуміз «Даласына лайық дарын» деген жинақ шығардық.  Сол кезде көптеген қазақтың ұлылармен таныстым. Соның бірі Қадыр Мырзалиев. Менің әдетімде «кешірерсіз» деп қайталай беру бар еді. Бір күні Қадыр ағамыз: «Әй, айналайын, «кешірерсіз» деп қайта-қайта айта берме, мен бұрынғы Қадыр емеспін, қазақтың қара шалының біріне айналдым, Хамза ағаға қарыздармын, міндетті түрде естелік жазып беремін» деді.

Әзілхан Нұршайықов ағамыздың үйінде 5-6 рет болдым, ол кісінің де  өз қолымен жазып берген 18 парақ естелігі бар еді. Елдегі ақын-жазушылардың естелігін тыңдадым, одан бөлек Г.Бельгер болды. Ол кісі  София апай туралы жақсы білетін. София апай Булаев ауданы (Солтүстік Қазақстан облысы) Мариевка елдімекеніне госпитальдің бас дәрігер болған кезде Бельгердің әкесі Карл сонда фельдшер болған. Одан кейін де «Аққу-махаббат», «Даласына лайық дарын», «Арманым үндеседі Ақжайықпен», «Ақжайығын аңсаған азамат» сияқты  жинақтарды жиазып шығардық.

–   Хамза Есенжанов туралы мәліметтердің елге жетпей жатқаны бар ма? Мысалы, өмірдерегіне қатысты не шығармаларына қатысты болсын....

  – Хамза ағамыз кезінде Жымпитыда Сырым елінде жүргенде өзінің алғашқы «Бағлан-барқын» немесе «Көңілдің қошы келгенде» деген өлеңдер жинағын жазған екен, соны енгіздік кітапқа. Сосын «Хамза – драматург» деп қарастырдық, энциклопедияда оның драматург ретінде дерек жоқ, балалар әдебиетіндің негізін салушы ретінде дерек жоқ. ол кісі жазған «Биғайша» пьесасы қойылмаған. «Аққу-махаббат» жинағына енгіздім, «Бәйдібек-найман» деген үлкен тарихи дүние, онда Хақназар хан кезінде орыс патшаларымен тікелей терезесі тең ел, мемлекет болғанын көрсетіп, қайраткер ретінде мына уақытқа дейін мемлекет болған жоқ дегенге жауап береді. Осының бәрін кітапқа енгіздім. Хамзекеңді жан-жақты қырынан көрсетуге тырыстық. Хамза ақын, балалар әдебиетінің негізін салушы, драматург, ғалым, қазақтың біртуар ұлдары кеңестік заманда белгілі бір дәрежеде ұлттық кадрларды дайындауға көңіл бөлген, қазақтың болашақ академиктері, сол кездегі жас балаларды ленинградқа аспирантураға жіберген. Хамзекеңмен бірге Тайыр Жароков, Мұхамеджан Қаратаев, Белгібай Шалабаев, 27 жыл білім министрі болған Мәулен Балақаев, сол сияқты жігіттер еді. Хамзекең Әдебиет және өнер институты аспирантурасын бітірген, келгеннен кейін М.Қаратаевпен бірге қазақ әдебиетінің хрестоматиясын жазған. Бастауыш мектептің хрестоматиясын жазған. Өзі оқыған Альма матерде сабақ берген. Ғалым ретінде де, ұстаз ретінде де халыққа таныстыруға тырыстым. Хамза аудармашы ретінде Шолоховтың тағы басқалардың біраз дүниелерін аударған. 

– Мақалаларыңызда София апайға жақсы тоқталып, үлкен ілтипатпен баяндайсыз. Қазақ әйелінің еріне адалдығы, жанкештілігі, бейнетке төзімділігін айрықша атап өтесіз. «Дана кз» журналындағы мақалаңызды оқыдық. Ол кісінің де өмірдегі шешімдері мен әрекеттерін ерлікке балауға болатынына көзің жете түседі екен.

– Айтқожа Биғалиев – әлем мойындаған үлкен ғалым. София апайдың ағамыздың туыстарына қалай құрмет көрсеткені туралы жақсы естелік айтады. Біздің өзімізді иіліп төсек, жайылып жастық болып қарсы алуы да қазақы қонақжайлығы мен тектілігінің көрінісі. Бұларды тоғыстырған Ақтөбе. Софияның жездесі мен апасы сонда тұрған. Әлиханның да келіншегі Ақтөбеден. Шалқардың өзінен көптеген адам келіп, Хамзекеңнің шаңырағына түскен. Апай «бұл Хамзаның шаңырағы деп келеді, көңілдерің мен дастархандарың ашық болсын» деп өсиет айтып кеткен. Хамзекең қайтыс болғаннан кейін жиырма жылдай өмір сүрген апай сөйтіп елден келгендерге құрмет көрсеткен. Динаның айтатыны бар: «өмір бойы ерте тұрып, тұрған бойда атамыздың кабинетіне кіріп, «жоқ» шаңды сүртеді» деп. Апайдың ағайға деген құрметін айтқаны ғой. София апай мен Дина екеуі апалы-сіңлідей үлкен сыйластықта болған. Ия, шынымен де апайдың тағдыры да оңай болмаған, жалпы  Тастеміровтердің үш қызы Жамал, Зықатай және Софьяның үшеуі де қиындық кешкен. Жамалдың күйеуі Тауфиық Бердіғожин прокурорлық қызметте жүріп, «халық жауы» ретінде атылса, Зықатайдың күйеуі Жанғабыл Көтібаров прокурорлық қызмет атқара жүріп, «халық жауы» деген айып тағылып, он жыл өмірін лагерь-түрмеде өткізді. Ал Софья Жақияқызының жары Хамза Есенжанов «халық жауы» ретінде 25 жылға сотталды. Марьевкада жүргенде жалғыз ұлы Эмиль (француз жазушынысына құрмет ретінде атын солай қойған) белгісіз аурудан  алты жасында қайтыс болады. Күйеуінен тірілей, тұңғышынан өлілей айрылған Софьяның басындағы хәл адам аярлық еді. Бірақ қазақтың қайсар қызы өзінен бұрын қапастағы ерін ойлап, «онсыз да жазасыз жапа шегіп жүрген жаралы Хамзаға қаралы хабарды жеткізбейін» деген шешім қабылдайды. Ал жаманаттан бейхабар Хамза жарына жазған әр хатында: «Эмиктің бетінен папасы үшін бір сүй» деп, перзентіне сағынышын білдіреді. Софья болса, өзінің жауап хатының соңына көрші баланың қолының таңбасын сызып, жөнелтеді екен…

Әрине, жазушы шығармалары қазақ әдебиетінің сом дүниелерінің қатарынан саналады. Кезең өзгерді десек те, Есенжанов романдарымен қайта қауышатын оқырман табылады. Дегенмен, бүгінгі оқырманға жазушыны қай жағынан жақынырақ таныстырған дұрыс деп ойлайсыз?

– Хамзаны, біріншіден, өзінің ұстанымына берік, кісілігі мол  азамат ретінде таныған жөн. Мысалы, романды алсақ, Құныскерей Қожахметов – жазушы оны банды, қарақшы ретінде көрсетпейді. Сұрмерген ретінде, халқының жоғын жоқтайтын, екіжүзділігі жоқ адам ретінде көрсетеді. Алаш қайраткерлерінің арасындағы текетірес пен екіжақтылық та көрінеді. Ақтөбеде Бақытжан Қаратаев ауырып жатқан кезде Жаһанша Досмұхамедов іздеп барып, сөйлесіп, «аға, сендер қазіргі жастарға сенбейсіңдер, жастарды желбуаз, желөкпе деп айтасыңдар, олар сіздерге сенбейді, сізді төре тұқымынан деп жек көрінішпен қарайды. Осы қазақтың бір-бірімен алауыздығын кеңес үкіметі ерекше пайдаланды, болашақта да пайдаланады, сондықтан қазақтың үлкен-кішісі бір-бірімен сыйластықпен өмір кешулері керек» дейтіні бар. Бұл да бүгінгі күн үшін әлі күнге маңызды тақырып, көкейкесті әңгіме.

–       Прототиптері туралы айтайық, сіз олардың бір-екеуін болса да көре қалған шығарсыз?

–       Хамзекең өзінің романына байланысты төрт кісінің аты-жөнін айтады ғой, өзімді тәрбиелеп өсірген  Қайыржан деген кісі дейді. Ол кісі туралы Ақтөбе мұрағатында отырып зерттедім. 1900 жылы дүниеге келген. Хамза Есенжановтың әкесі Ықсанның кіші інісі. Хамзекең 1916 жылы сегіз жасында әкесі мен анасы екеуі қатар қайтыс болып, Қайыржан мен Ғалымжанның тәрбиесінде Жымпитыда болған. Хакім Жүнісовтың толыққанды жүріп өткен жолы осы Қайыржанның өмірі. Жымпитыда ЧОН-да, кейіннен құқық қорғау органдарында жұмыс істеді. Сосын Ақтөбе өлкелік атқару комитетінде төрағаның орынбасары қызметіне дейін көтерілді. Осы жерде бір қызық дерек айтайын. 1932 жылы ВХП Орталық комитетінің қаулысы шыққан, европалық ұлттардың жергілікті тілді меңгеру курсы ашылған, осыны дәлелдейтін құжаттың көшірмесі бар қолымда. 

 – Сол кезде де қазақ тілінің мәселесі көтерілген болып шыға ма, бұл аштық жылдары ғой, демек, бір саясатпен шыққан шешім болар?

– Ия, сол кезде де қазақизация деген саясат шыққан. Сол кезде жергілікті халықты өздеріне тартып, одақтас болу мақсаты болған ғой. Иванов деген төрағасы, орынбасары Қайыржан болады. Қаулыда «кейбір мемлекеттік қызметкерлер мына қаулыға қарамастан сабақтың болу кестесін бұзып жүр, олар мемлекеттік тәртіп тұрғысынан жазалану керек» деген жерлері бар екен. Қайыржан ағамыздың талабы жоғары болған. Ұлт мәселесіне, халықтың мұң-мұқтажына байланысты  қаулыларда Қайыржан Есенжановтың қолы бар. Тағы бір прототип – Халел Нұрғалиев деген адам. Ол да ағамызбен рулас, тағдыры да Хакім Жүнісовпен ұқсас. Соңғы кезде Қарағанды облыстық атқару комитетінде заң саласынан полковник дәрежесіне көтерілген, ол кісі де жиырма жолға сотталып кеткен. Халел Нұрғалиев соғысқа сұранып кеткен. Кейін Қайыржанның баласы Вилинмен кездесіп сұхбаттастым.

Сіз тарихшысыз ғой, Хамза Есенжановтың «халық жауы» ретінде ұсталып кетуінің себептерін неден көресіз? Жалпы осындай шындықтар халыққа керек пе?

– Хамза неліктен халық жауы атанды? дегенге мен де көп ойландым. Оның жазба-сызбаларында да, жүріс-тұрысында да халыққа, партияға, кеңес үкіметіне қарсы әрекет жоқ болатын, ақыры мынадай қорытындыға келдім. София Жақияқызының анасы Ғалия мен Мағжан Жұмабаевтың әкесі Бекен туған ағалы-қарындасты. Хамза жақсы шығарма жазғандықтан Мағжанның мақтауында болды, Бейімбеттен бата алды, Ілиястың ілтипатында болды. Өзі Алашорданың отанынан шықты, екі бірдей туған бажасы «халық жауы» ретінде сотталып кетті, келіншегінің әкесі Жақияның әкесі қажы болған, осының бәрін жинап келгенде, жазушыға жала жабылса құтылмасы анық еді. Қараңызшы, мына суретті әдейі қолыма алып отырмын. Көріп отырсыз, бұл қатар отырған жас жігіттер – Хамза Есенжанов пен Мұхамеджан Қаратаев. Екеуі жақын дос болған, бірге жүрген. Соңғы кездері «жазушыны жау деп көрсеткендердің бірі осы кісі» деген естеліктер айтыла бастады. София Жақияқызының естелігінде де айтылып өтеді. Бір топ қазақ жастары Ленинградта оқып жүргенде өзен жағасына барып, шәкіртақыға ет сатып алып, ас салады екен.  Хамзекең: «Мына жерге ақшаңқан киіз үй құрып, үлкен қазанға сары бауырсақты пісіріп, қымыз ішіп отырсақ қандай жақсы болар еді!» деген екен. Осыны естіген біреуі: «Нева өзенінің жағасында, революцияның бесігі Ленинград қаласында жүріп Хамзадан буржуазиялық, феодалдық сағыныштың иісі аңқып тұр» деп жазып жіберіпті. 

–    Х.Есенжановтың шығармаларын оқыған кезде сіз оған тарихшының көзімен қарайсыз ба? Тарих түгел айтылған деуге бола ма?

– Тарихтың биігінен қарайтын болсақ, Хамза шығармалары шындыққа, нақты деректерге сүйеніп отырып, сол кездегі жағдайды береді. Әлиханның естелігі бар: «Бірде Мәскеуге бардық, әкем бір кабинетке кіріп кетті де мен күтіп отырдым, әкем ұзақ бөгелді, күтіп-күтіп шаршап ұйықтап қалыппын, сонда әкемді жарты күндей ұстағанда романның ішіндегі ашаршылық пен күштеп ұйымдастыру туралы жерлерін алып тастаңыз, алып тастамасаңыз кітабыңыз шықпайды. Сіз бір адамды кінәлай отырып, партияның саясатын сынап отырсыз деп талап қойған» деген естелігі бар. Осы себепті де сол кездегі саясатқа қырын келетін деректер романнан алынып қалған. Хамзекеңнің кітабына енбей қалған сондай деректерді қайта енгізуге құдайдың өзінің қарасқаны шығар, келіні Дина Әнесқызы да, ұлы Әлихан да кітаптар мен мұрағаттарды қалпына келтіруге көп еңбек сіңірді. Оқырмандар арасында романды қайтадан шыға ма? деп сұрайтындар бар, мұрағаттан қажетті деректі табу, оны жинақтап теру өз алдына, кітапты шығаруға ең басты керегі  – қаражат.

-   Сайлау аға, аңыз адам Х.Есенжанов туралы керемет әңгімеңізге де, қолға түсе бермес фотолар мен құжаттарды ала келгеніңізге де  рахмет.

Эльфира Аманғалиева: «ХАМЗАТАНУ ЖАЛҒАСА БЕРЕДІ»

Оралдағы Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы жазушы есімін жас ұрпаққа таныстырып, еңбектерін насихаттауда жүйелі жұмыс істеп отырған мекеме. Бұл турасында Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры Эльфира Аманғалиева былай дейді

Ұлттық сөз өнерінің дамуына қомақты үлес қосқан жазушы – Хамза Есенжановтың есімі бүгінде баршаға, соның ішінде Ақ Жайық жұртына  аян. Бірнеше жыл қуғында болып, рухани қысым көрген табиғи дарын иесі Жайық өңірінде тек дүниеге келіп қана қоймай,  ол сол өлкенің ел тағдыры үшін күрескен азаматтардың есімін келер ұрпаққа үлгі етіп, тұтас бір тарихи кезеңнің  әдеби шежіресін жасап, «Ақ Жайық» трилогиясын халқымызға тарту еткен болатын. Кітапханамыз жазушының келіні Дина Әнесқызымен,  сондай-ақ академик, Ұлыбритания Экологтар Ұжымының толық мүшесі, Әл- Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы, Құрмет орденінің иегері,  Хамза Есенжановтың немере інісі Айтқожа Биғалиұлымен тығыз байланыста. 2008 жылы кітапханаға жазушының есімін берген кезде Айтқожа Биғалиұлы, Әлихан Хамзаұлы, Дина Әнесқызы және Хакім келген болатын. (Ресми түрде Хамза Есенжановтың есімі кітапханаға белгілі себептерге байланысты 2016 жылы берілді). 2018 жылы жазушының туғанына 110 жыл толуына орай өткен салтанатты кешке де А. Биғалиұлы мен Дина Әнесқызы арнайы келді. Олар Орал қаласына келген сайын кітапханаға бас сұғып тұрады. Бағдарламашы мамандығын игерген Хакім Әлиханұлымен зуум арқылы онлайн байланысқа шығып, Қауіпсіз интернет апталығы аясында шара өткізілді. 

Хамза Есенжановтың  шығармаларын  жас ұрпаққа таныту мақсатында түрлі іс- шаралар, оқырман конференциялары, дөңгелек үстелдер, шығарма, сурет байқаулары сынды іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Екі жылда бір рет ұйымдастырылып тұратын «Есенжанов оқулары» қайсар қаламгердің өмірі мен шығармашылығын жас ұрпаққа  насихаттаумен қатар, жазушы шығармалары арқылы олардың бойына ұлттық рухани құндылықтарды сіңіре отырып, қазіргі заманға сай талапты, жүрегінде отаншылдық рухы жанған, тәуелсіз ел ұрпағын тәрбиелеуде маңызды шаралардың бірі. Биылғы жылы да «Ақ Жайық» романының авторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, есімін кітапханамыз мақтанышпен иеленіп отырған танымал жазушы Хамза Есенжановқа арналған  көпшілік шаралар өтуде. 

Кітапхана жазушының 100 жылдығы қарсаңында «Арманың үндес еді Ақ Жайықпен»  атты жинақ шығарған болатын.  Жинақ бүгінгі таңда өте құнды еңбек қатарында. Өйткені сталиндік зобалаңның жазықсыз  құрбаны болып жер аударылған жазушының сол кезде СССР Министрлер Советіне жазған өтініш хаттары,  жұбайы София анамызға жазған хаттары, жазушының шежіресі және біздің өлкемізге белгілі тарихшылар жазушының көзін көрген Дәметкен Сүлейменова мен Сайлау Сүлейменовтің  естеліктері берілген. Сонымен қатар жазушы шығармашылығына арналған викторина, ол туралы жазушылардың ой-пікірлері  және де ақындардың арнау өлеңдері мен фотосуреттері бар. Жазушының «Ақ Жайық» трилогиясын әр қырынан алып зерттеу мақсатында   кітапханамызда 2019 жылдың қаңтар айынан «Хамзатану» орталығы өз жұмысын бастаған болатын. Орталықтың жұмысының алға басуына  фольклортанушы, шығыстанушы,  ілеспе аудармашы-синхронист,  Абылай хан атындағы Халықаралық  қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры, арабтанушы, ғалым,  Хамза Есенжановтың  келіні Дина Әнесқызы Есенжан, филология ғылымдарының докторы, профессор Сабыр Мұрат Бөкенбайұлы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Омарова Гүлнар Сидеғалиқызы, филология ғылымдарының кандидаты Аронов Құспан Ғұмарұлы көмек қолын созды. 

2021 жылы кітапханамызда «Хамзатану» орталығы болып саналатын арнайы кабинет ашылды. Орталықта көптеген шаралар өткізіледі. Биылғы жылдың қазан, қараша айларында кітапхана қызметкерлері жазушының туған күні қарсаңында қала мектептерінде «Даласына лайық дарын» атты ақпараттық керуен өткізді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар