Несіпбек Дәутайұлы. Оқырманға хат

Бөлісу:

28.12.2022 2954

Жазушы ғұмырының бас-аяғы өткендегі ме, әлде өзі өмір сүріп жатқан замандағы ма, сөз жоқ, уақыттың сырына үңілуден тұрады. Ал уақыт дегеніңіз, тебіренісі әлей, құйындап тұратын, қатпарлы қалың-қалың, қаны мен тері теңдей құбылыс. Солардың арасынан қай жазушы қайсын таңдап алады. Мейлі, ол қайсысын таңдаса да жазамын дегенін емес, жаза алатынын ғана. Бәлкім, екі-үшеуін... Бұл енді оның  жалпы дүниетанымына, өмір-тіршілігін өн бойындағы құбылыстарды тұтастай бағамдай алуына байланысты. Сосын, сол көрген, сезген, байқағандарын қаншалықты көркем зерттей алады. Мәселе осында. Мәселе, көркем зерттеу дегенінің  не екенін білуде. 

Біздің бақытымыз, соцреализмі дейтін күлді-бадам әдебиеттің заманы өтті. Біз ендігі жерде ұлтымыздың дәстүрлі үлгімен қатар модернизм-постмодернизм дәуіріндегі ұлттық әдебиетін жасау қолында жаңаша ойлау, стилдік ерешеліктер ізденісін тереңдету бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Оның қилы-қилы көзқарастары, ой-пікірлері, сансыз сауалдары бар. Қазіргі қазақ прозасындағы әдебиетке 80-ші жылдары келген буын өз шығармасында бойына Батыс пен Шығысты бірдей сіңірген ұлттық мәдениеттің қалыптасуына қарай ой тастайды. Түбі түгел келіп тынатын жаһандану процесі соны талап етеді. Осыдан барып туатын проблема - ендігі жерде біздің ұлтымыз әлем халықтарының арасында қалай өмір сүруі керек деген сауал.  Тұтастай ұлттық саналық жаңарусыз өмір-тіршілік жалпы адамзаттық ой-жүйемен үйлесім табу мүмкін бе. Мұның барлығы түптеп келгенде халқыңның сонау-сонау бастау көзінен бүгінге дейін жүріп өткен аралықтағы ұлттық құдірет пен қасіреттің әлеуметтік себептерін өркениетпен қарастыруға жетелейді. Мәселе, адам ғұмырының мәнін осызамандық таныммен пайымдау. Ізгілік пен зұлымдықтың арасында ғұмыр кешетін адамның қайсысы қай жағына бейіл, бірінің ізгілік, бірінің зұлымдық жағында жүруінің себебі неде?

Адам - тән мен рухтың айрылмас  бірлігі. Осы екеуінің алдында  ол әлсіз. Неге? Әрине, адам психикасын әр  жазушы әр қалай ақтарады. Ақтара алса. Көп жағдайда, көбісі өте тәртіпті, жөнсіз ұялшақ, әсіре адамгершіл моральды көлденеңдетіп, уағыз айтып кетеді. Егер жеке адам күрделі категория екені шын болса, жеке тағдырының тарихы дегеніңіз тіпті шым-шытырық. Сонда осы шым-шытырық тарихтардан кімдер қоғамның Құдіретін жасап, кімдер Қасіретін тудырады? Менің «Құдірет пен Қасірет» романы осы сұрақтың жауабын іздеуге арналған. Жазушы ойы 1932-1953 жылдар аралығындағы зобалаңды жазу үстінде болған және болып жатқан ақиқат дүниесін бойлай-бойлай әрқилы тәсіл, соның ішінде ең бастысы миф әлеміне қарай да қалықтап кетеді. Жалпы, оның «Ақ көгершін», «Жол», «Алма ағашының бұтағы», «Әнім сен едің» хикаяттарында осы мифтер орталық ойдың, түпкілікті идеяның діңгегі. Ал осы аңыздардың барлығы өз қиялымнан туған. Мұның еш таңғалатыны жоқ. Түгелдей алып қарағанда, адамдар шынайы тұрмысқа ғана сүйеніп қалмайды. Әр жеке адамда ғажайып ой-қиял бар. Ғибраты сұрапыл әрекеттерді ойдан шығару тарих болмысын байытып, кемелдендіреді. Біздің тілегіміз, көксеп, армандайтынымыз өмірді мәндендіре түседі. О.Бальзак «Ойдан шығарған роман дегенің - ұлттың өзіне тиесілі тарихы» деген. Егер менің ойдан шығару қабілетім жоқ болса,  жазушы да бола алмас еді. Тек нақты деректерге ғана жіпсіз байланып шығарма жазып жүргендер шын мәнісінде жазушы емес, болғанды болғандай айтып беретін сөйлем  құрастырушылар. 

Миф - философиялық әлем. Бұған қарап Н.Дәутайұлын философ деу аңғалдық болар еді. Философия дегеніміз, жазушының көзқарасында - Жаратылыстың өзі. Жазушы тек соны зерделейді, поэтикалық пайымдау әуеніне салады, көркем зерттеу жүргізеді. 

Мен модернист-постмодернист жазушымын ма? «Ия, солай» дей салу дәл жауап емес. Осызаманшылдығы жоқ деп те айту қиын. Классикалық үлгі оның творчествосының діңгегі екені және ақиқат. Әріптестері мен әдебиет сыншылары мендегі стилдік ерекшелікті, заман шындығын берудегі дәлдікті, поэтикалық орамдарды, тіл төгілмелігін, ерекше қолтаңбасы бар деп айтады. Ол енді олардың шаруасы. Мен адам, қоғам, замантанудағы өзімнің ой-жүйеме сүйенемін. Стиль дегеніміз, анау да, мынау да емес, сол ой-жүйе. Оның негізі сол әлгіндей танымдық ізденістерге барып тіреледі. 

Қай жазушының да шығармасының тегі бар. Бастау көзі қайсы, танымы нендей, айтар қандай дегендей. Мен даланың ұлымын. Бірақ шығармаларымда сол  дала адамдарына тән қазақи коллорит, этникалық салт-дәстүр, таза ұлттық психология терең көрсетіле бермейді. Оның себептері бар. «Абай жолымен» көшпенділер өркениетін жасап кеткен ұлы Әуезовтың ұлттық, далалық, дәстүр-салттықтанымындағы шексіз тереңдік, ұшан-теңіз жан-жақтылық енді кімнің де олай қарай бет алысын шектейді. Сосын да кезегімен келіп жататын жазушылардың ешқайсысы да, көшпенділер өркениетіне қалам сілтеуді айтасыз, солай етейінші деп ойлауының өзі неғайбыл. Ендігілер мейлі көшпелі дала өмірінен үзіп-жұлқып шығармалар жазар, бірақ бәрібір қалалық жазушылар болып қалыптаса береді. Мен де  солардың ішіндемін. Маған қалатыны далалық тектілікті ғана іздеу. «Батыр», «Тәңірінің сыйы» әңгімелерім соған дәлел. Адамды батыр ететін қарсы келгеннің мойнын бұрап жұлып алатын алапат күші, ақын ететін сылдыр-сылдыр сөзі емес, тектілігі. Әділет, мәрттік, жан тазалығы мен рухтың мықтылығы сол тектілерден шығады. Қазақтың ұшан-теңіз даласы сол тектілермен мәңгі өзінде аман қалған. Әңгіме жеке бір адамдардың емес, ұлттық тұтас тектілік жайында болып отыр. Мен шығармаларымда осыған қарай ой аударамын. Осы күні баспасөз бен телеэкранда қазақтың демографиялық жағдайы туралы сарнаулардан құлақ тұнады. Көбейген жақсы. Сонда қалай көбейген?.. Демографтардың есебі бойынша қазір әлемде бар қазақтардың саны 15 миллион. Ал күллі әлемді барлық даму авангардында алақанында ойнатып тұрған еврейлердің саны 17 миллион. Қытай еврейден сұраған ғой: «Осы сендердің сандарың қанша?» деп. «17-ақ миллион» дейді еврей. «Ал біз, -  дейді қытай даусын әуелетіп - 1,5 миллардпыз!» «Онда неге көрінбейсіңдер?» депті еврей... 

Ұлт адам санымен алға түсе алмайды. Ақыл, парасаты, өркениеті оны алып шығатын. Қазақы сөзбен айтқанда ұлттық тұтас тектілігі болмаса ұлт - құры тобыр. Еврейлер айтады: «Бізде үш кемеңгер бар - Эйнштейн, Чаплин, Райкин» деп. Ал ақиқатында тұтас ұлт озық ойлы, білімдар. Әлгілері «сендер әуелі күллі әлемді аузына қаратқан, қарата беретін осындай үш ұлға жетіңдерші» дегені. Орыс зиялылыры қазір: «Бүгінгі біздің кемеңгеріміз - Пугачева» деседі. Мұнда әжуа, кекесін әрі азап-шер жатыр. Орыстардың ішіне эстрада кіріп алып, секеңдетіп, селкілдетті де қойды деп меңзегендері. 

Менің сексенінші жылдардың басында жазғандары бірінен кейін бірі республикалық әдеби жабық бәйгелердің жүлдесін алып, екі кітабым жарық көрген соң біраз жылдар көрінбей қалдым. Айтарымды тауысып алғам жоқ. Сонда не? Тежеп тастаған әдебиеттің соцреализм дейтін қанды көз, қақпан ауыз қарауылы. Әдебиеттің ақиқаты, адамзаттығы, азат ойы адыра қалған дәуір. Лениншіл, КПСС-шіл ақын-жазушылардың құдайы берген кезең. Қоғам рухани жағынан да, экономикалық жағынан да азып-тозып, азғындай бастады. 1987 жыл-ақ Батыс СССР-дің көп ұзамай күйрейтінін ара-кідік айтып та жатқан. 

Қай кезде де жанын жеп тұратын азабы мен шері аңырап қоя беретін жазушының бірі ретінде мен қоғамдық әділетсіздік, қоғамдық көзбояушылық, коммунистік ұранбайшылық дейтін қараулыққа іштей қарсылық ретінде көркем шығарманы жазуды былай ысырып қойдым. 

Балшабектік, соңынан КПСС-тік қызыл идеология өктемдігімен құдайды да, құдіретті «талантты» да өздері қолдан жасап, нағыздарды қудалауға салды. Қолдан жасалған алғашқы жазушы Николай Островский еді. Осы шала сауат, қаламгерлік қасиеті мүлде жоқ қызыл комсомолдың «Құрыш қалай шынықты» дейтін мибатбақ  жазбаларын Мәскеудің  түрлі балшабектік басылымдары  арнайы нұсқауымен 47 рет өңдеп, түзетіп зорға келеге келтірген. Қазақта, оның нағыз дарынды ұлдарының бірі - Асқар Сүлейменов керісінше қудалауға түсті. Қазақ әдебиеті түгілі, әлем әдебиетінің бары мен жоғын шекілдеуіктей шағып, талдап, таразылап беретін, сол артықшылығынан академик жазушылардың өздері тайсақтап тұратын осы Асқар 23-тегі қыршын жасында атақты академик жазушы туралы «Бәленше қазақ әдебиетіне не әкелді?» -  деп сұрақ қойып, мақал жазып, онысын «дым әкелген жоқ!» деп аяқтайды ғой. Жеті атасынан бері жарып-жалшым пролетариаттың өкілі, барып тұрған балшабек әрі академик жазушы бұған төзе ме, Асқардың үстінен Орталық Комитетке арыз тоғытады. Орталық Комитет «Асқар Сүлейменовтың шығармасы еш жерде жарияланбасын!» деген арнайы жабық шешім қабылдайды. Содан 8 жылдан кейін ғана, сірә, әлгі академик жазушы жарық дүниеден баз кешкен соң, «Мәдениет және тұрмыс» журналында «Қара шал» деген әңгімесі жарық көрді.

Мен туралы әдеби ортада қилы-қилы әңгімелер (жалпы ақын-жазушылар туралы өтірігі жеткілікті өсек-аяң көп қой) естіліп жатты. Бизнеспен айналысып кетіпті, депутаттыққа дайындалып жатыр екен дегендей. Олар сөйтіп жатқанда мен өзімді өзгелерден оңашалап алып, Кеңес кеңістігінен мекендеген ұлттар әдебиеті мен шетел әдебиетін, онымен қоса тарихи кітаптарды едәуір аударып, төңкердім. Әдебиетте маған көп ғибрат берген француз Ренессансының ұлы суреткері Франсуа Рабле (1494-1553 ж.ж.) еді. Оның «Гаргантюа мен Пантагрюэль» романы бұқараға қажет өмір ақиқатын сезінудің баға жетпес құндылығын көрсетіп берген. Сондай-ақ өзімді көбіне адам психологиясы қызықтыратын. Оның адамның жан дүниесін талдау жүйесін жасаған австриялық ғалым-психолог Зигмунд Фрейдің еңбегіне ерекше ден қоюым сондықтан. Бұл менің терең психикалық белсенділіктің санамен мәңгі бірлікте екенін біліп, адам болмысына жаңа көзқарасқа жетеледі. Сонымен бірге, кез келген әдебиет пен мәдениеттің дамуы өзге елдердің рухани құндылықтарына тікелей тәуелді екеніне де көзі жеткен. Жаңа идея, жаңа ой тұрғысында да сол. 

Күндер өте келе енді жазбауына болмайтын, жанын жұлып жеген ой жоғарыда айтқан «Құдірет пен Қасірет» романын жазуды қолға алдырған. Амал не, 1932-1953 жылдар арасын қамтыған бұл роман жариялық заманы келсе де  кеңес кезеңінде батпаңдап сіңіп қалған үркек, секемшіл психологияның кесірінен шығар, беделді бір баспада 8 жылдай жатып қалды. Алғаш оның үзіндісін 2000 жылдың басында «Таңшолпан» журналы сұратып алып басты, соңыра «Жұлдыз» журналы екі санында журналдың нұсқасын жариялады. 2007 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Мемлекеттік кітапханасы өткізген  «Ең үздік роман» байқауында 40 шақты романнан озып шыққан төртеудің бірі болып жүлдегер атанды, көрнекті жазушылар мен әдеби сыншылардың назарын аударды. Совет дәуірінде адам және қоғамның құдіреті мен қасіретін теңдей жазуды ойлаудың өзі де аса қорқынышты болатын.

Әлем әдебиетіндегі эротикалық-махаббат тақырыбына жазылған ежелгіден қазіргі заманға дейінгі шығармалардың да біразын, соның ішінде Овидийдің поэмасын, Катуллдың өлеңдерін, Боккачо мен  Мопассанның новеллаларын, орта ғасырлық жапон ақыны Рубоко Шоның өлеңдері мен А.С.Пушкиннің көпке мәлімсіз эпиграммалары және «Гавриилиада» поэмасын, тіпті И.Барковтың эротикалық-тентек «поэзиясын» да зерделеп оқыдым. Бұлардың шығармаларында терең философия, мың құбылған тапқырлық таңдай қақтыратын. 

Оқу - жазушының ой-қиялын, жазуын кемелдендіре түседі. Оқырманды да. Егер халықтың өмірінен әдебиетті алып тастаса, онда Андрей Битов айтпақшы: «Сықырлаған қарулар мен сыңғырлаған тиындар ғана қалар» еді. 

Жаңа ізденістер бағытында соңғы жылдары біраз талпыныстар жасадым. «Ақкүшік» хикаятын, «Лениннің мойнына мінген адам», «Жүрекке тиген оқ», «Репетиция», «Мәкеңдер, Малсекеңдер, заман», «Бір қияр, екі жұмыртқа, Ботабай», «Көрбай», «Мінез», «Тәңірінің сыйы», «Шал», «Қанқызыл жалқын», «Өнеш, Комбинатор, алжапқыш» және т.б. дейтін әлеуметтік-психологиялық әңгімелер жаздым. Шығармаларымда экзистенциялды прозаның табиғаты белгі бере бастады. 

Қазір, ең әуелі қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовтың назарын аударған «Көгілдір көйлекті келіншек» әңгімесін әркім әрқилы пайымдады. Біреулер үшін ол тентектеу эротикалық-махаббат, келесі біреулер үшін әйел заты болмысының табиғи сұраным заңдылығын көркем зерттеу. Мейлі, кім қай тұрғыдан қараса да, оның қолдан қолға өтіп, оқылып жатқаны ақиқат. Жазушы жалпы еркектер һәм әйелдердің өздері де біле бермейтін, білмей өтіп жатқан да шерлі шындықтың шерменде жайын шертеді. 

Жоғарыда айтылған әңгімелердің барлығында өткен дәуірдің кесапаты мен бүгінгі  күннің кездесіп қалып жататын кереңдік пен ноқайлығын аяусыз айыптайтын ақиқат аңырайды. Әдебиеттің ақиқаты мен азаматтығын әкелген тәуелсіздік болмағанда жоғарыда аталған шығармалардың бірде-біреуі жарық көре алмас еді. 

Көркем шығармам қызықты фабуламен емес, ақиқаты, идеясы, азап-шері, азаматтық концепциясымен ұйқыдағы көңіл-күйді жұлқып оятатын, жабығудан қалып, жалқауланып, сарытап болған сананы сілкіп жіберетін, жаратылысқа жауапкершілікпен қарауға бет бұрғызатын, қоғамдық мүдде мен мұратқа жетелейтін әлем екенін мансұқтайды. Бірақ, мен өзім мұрат еткендей шығармамды жаздым деуге өзімді сендіре алмаймын. Әйтсе де ол қоғамды, халықты болып өткен және келе жатуы ықтимал кесір, кесепаттан алдын-ала ескерте алатын шығармалар жаза беруден үміт үзбеймін. Дүниедегі бар күллі жақсы мен жаманды, солардан жасалатын тарихты, сан алуан тағдырларды, жеңісті және жеңілісті адамдардың идеясы тудырған деп есептейтін мен өз оқырмандарыма қоғам мен жеке адамның жан тазалығы және рухының мықтылығына жету үшін әркім әуелі өзінің қытайдың бір ұлы ойшылы Лао-цзының: «Адам танығандар - ақыл-есті, өзін білген  - білімдар, өзгелерді жеңе білген - күшті, өзін-өзі жеңгендер - құдіретті» деген пайымымен қалыптасуы керектігін естеріне сала отырып, тұтастай ұлттық тектілік өркениетін көксеймін.    

Бөлісу:

Көп оқылғандар