Қуаныш Дәлейұлы. Арғанаты хикаясы

Бөлісу:

20.01.2023 2464

Күн еңкейіп ұясына кіре бере, қос жолаушы «Арғанаттының» шөбі шүйгін, мол сулы, ранотты өлкесіне ат басын тіреді. Тарам-тарам бұлақтары сыңғырлай күліп, шұрқырай табысып, кішкене өзенше құрайтын бұл аймақтың шалғыны тобық жабар ғана болғанымен аса қою, қуатты да нәрлі.

Қаншалықты мал мен аң табандап жатып жайылып, тоздырып кетсе де, апта өтісімен қайта құлпыра сұлуланып, бұрынғы қалпын табатын шұрайлы мекен. Әсіресе, алуан түрлі аң мен құстың мекені дерлік ғажайып көркем өлке.

Аттарының айылын босатып, тізгінімен ерге қаңтарып тұсап, суытып тастады да жолаушылар бұлақ жағасына барып, жуынып-шайынып, алыс сапар қажытқан бойларын сергітті.

Үлкені намаз өтеуге кіріскенде, бала жігіт үш тастан ошақ жасап, қоржын басындағы қара тоғамен бұлақтан су әкеліп, шай қайнатуға кірісті. Кешкі астарын жайлана отырып ішіп болғаннан кейін, аттарын отқа қоюға қамданды. 

Елуді еңсеріп қалған қапсағай денелі, ер бітімді кісі тайлақ түйедей ақтанау кердің ерін алып, бұлақтан асықпай қандырып суарды да, қанжығадағы бір ұшы темір қазыққа мықтап бекітілген қайыс арқанды шешіп алып, алысырақтау жерге апарып, арқандап тастады. 

Бала жігіт әбден арықтап қабырғасы ырсиып, жаясы қушиған, бүгінгі сапарда қоналқыға әрең жеткен алаяқ атын ерден босатып, аяқтары дірілдеп, жанары өшкіндеп, мүсәпір хәлге түскен оны ақырын жетелеп апарып суарды. Мінер көлігінің бейшара кейпіне жаны ашығаны ма, жүгенін сыпырып алып, бос қоя бере салды. Соныға қомағайлана жайылған сықпытына аз-кем қарап тұрып, от басына қайытты.

– Әй, балам, атыңды тым болмаса шідерлеп таста. Тәңертең әуреге салып жүрмесін...

– Қызық екенсіз, әке! Үш күн болды, қонған жеріміздің бәрінде оны бос қоя беріп келемін. Соның өзінде бір сергімеді, жануар. Ертең тіпті сапарға жарамас па екен деп алаңдап тұрмын.

– Жә, балам, оның жарасы жеңіл. Ауыл үй жақын қалды. Астыңда көлігің болса, ептеп жетерсің. Әйтсе де, мына жердің сырын білмейсің. Үлкен нағашыларымыз: «Алыс сапардан өлімтігін әрең сүйіреп жеткен аттардың қандайы болсын, Арғанаттының шүйгініне аузы тиіп, бір шай қайнатым оттаса болды, сергіп шыға келеді. Бір түн жайылған ат ертеңінде бос болса, құланға ілесіп ұстатпай кетеді», – деп отыратын. Тілімді ал да, өрелеп таста. Тәңертең ұстатпай кетсе, жаяу қаларсың.

– Һм, – деп мырс ете түсті бала жігіт, – басқа ат құланға айналса, айналып кетер-ау. Дәл мына кәрі тулақ алаяқты бір түн емес, бір ай бос қоя берсеңіз де шел бітіп, шекшие қалмас.

– Айттым да қойдым. Ондай атты күн туса, өз обалың өзіңе. Маған өкпең болмас!..

Бұдан кейін сөз болған жоқ. Әр қайсысы өз ерлерін әкеліп бастарына жастанып, жұқалаң қаптал шапандарын бүркеніп ұйқыға кетіскен. Жаздың қысқа таңы сызылып атып, жерге әбден жарық түскенде жолаушылар орындарынан тұрып, таңғы шайларын ішті де жол қамына кірісті. Әкесі ақтангерді алып келіп ерттеуге дайындалғанда, бала жігіт алаяқ атын таба алмай, сенделіп қайта оралды.

– Оу, әке! Әлгі жамандатқыр кәрі ит жоқ...

– Түнде не дедім саған? Енді оны құландардың арасынан ізде. Мен айтып қарызыңнан құтылғанмын. Атың табылса қуып жетерсің, табылмаса қал осында мекендеп!

Айтқанынан қайытпайтын кемсөзді, қатал, бірмойын әкенің мінезіне сыралғы жігіт үндеген жоқ. Қасында ербиіп тұрған ұлының бар-жоғын да елеместен, буыншақ-түйіншектерін қанжығасына бөктеріп, «Әуп, бисімілла!» деп атқа қонды да, батысты бетке алып тартып кетті. Соңына қарайламады.

Алыстап кеткен шомбал қара шалдың соңынан қарасы үзілгенше қарап тұрған жігіт, әбден күдерін үзгендей ер қасында жатқан мылтығын жүгенімен қоса иығына асты да, қайтадан жоқ іздеуге жөнелді. Күн арқан бойы көтерілгенде, жайылып жүрген бір топ құланға баспалай жақындап келіп, өз көзіне өзі сенбей бажырайды да қалды. Өзінің лақса кәрі алаяғы құлан үйірінің шетінде, қаннен-қаперсыз жайылып тұр.

Орнынан ақырын тұрып солай жүріп еді, елеңдей құйғыта жөнелген құландардың соңынан ол да кетті, балпылдай шауып. Қанша шақырса да маңын басар емес. «Моһ, моһ, моһ...» ұзақты күн олай бір, бұлай бір қуалап әбден қалжыраған ол, күн кешкіре кешегі от жаққан жеріне қайтып келді. Ертесінде түске дейін қуалап тағы әуреленді. Тіпті, кешегісінен де құтырып, адуынданып алыпты. Бұның қылпын көрсе, құйырығын тігіп алып ойқастайды-ай келіп.

Алаяқтан енді қайыр болмасына, оның ұстатпасына көзі әбден жетті. Иен далада, елсіз мекенде жападан-жалғыз жетімсіреп әрі аштық қинай бастаған жігіт енді қатал бір бекімге келді. Құландардың жайбырақат жайылып тұрған бір сәтінде баспалай келіп, мылтық аузын алаяқтың қос өкпесіне кезеді. «Лақса кәрі ит! Енді сенің қаныңмен болса да, сарығымды басайын...»

«Тарс» еткен мылтық дауысы кең даланы жаңғырықтырды. Шыңғыра тік шапшып жөнеле беріп, жалманынан түскен алаяқ тұрмақ болып тыпырлап, біраз жатты да, сұлық қалды. Шалғынды даланы болат тұяқтарымен қазғылай шауып, құландар демде көзден ғайып болды. 

Таң ата кешегіден асқан етті тоя қарбытып алып, бала жігіт жол қамына кірісті. Өзіне лайықтап азық алды да, алаяқтың қалған жемтігін қарға-құзғынға табыстап жолға түсті. Артында қалып бара жатқан көзді арбар сұлу да сыры беймалім өлкеге қарай-қарай алыстап ұзай берді, ерін арқалаған жалғыз бейбақ...

Тек, «Арғанаттының» кереге тасында жігіт қолымен жазылып, белгісіз замандағы тарихи оқиғаның куәсіндей, өмірдің шын кейпіндей бір шумақ өлең қалды.

Арғанатты дегенде Арғанатты,

Арғанаттыға бос қойма, арыған атты.

Өзіңде жоқ болса әкең де жат,

Ұстатпаған атыңды мылтықпен ат...

Бөлісу:

Көп оқылғандар