Сайын Назарбекұлы. Абай алпыс тонна бетонның астында жатыр
Бөлісу:
Исі қазақтың Сайын Назарбекұлы атты қадірлі ақсақалы бар. Ол биыл сексеннің екеуіне табан тіреді. Қырық жасында қатерлі ісік ауруына шалдығып, ересен ерік-жігерінің арқасында аты жаман кеселді жеңіп шыққан. Содан бері туған ұлты үшін игілікті һәм сауапты істер атқарумен келеді. Өзі – сәулетші. Кемеңгер Әбіш Кекілбайұлы: «Сайын елу жасқа келіп, егемен елмен бірге қайта туып, бір қолына қалақ алып, бір қолына қалам алып іске кірісті» - дейді екен. Қалағының арқасында 32 кесене тұрғызып, қаламның арқасында 40-қа жуық кітап жазып үлгірген ақсақалмен дидарластық.
Сайын Назарбекұлын көріп, емен-жарқын әңгімелесіп, көңілімізге қуаныш ұялағаны жасырын емес. Тіпті ел арасында айтылатын: «Сексен бес көрейін деген жасым ба еді, быламық ішейін деген асым ба еді?» - дейтін сөздің өзі Тәңірі ұзақ ғұмыр берсе, және сол сүрген ғұмырыңызды сарабдал сараптай алар ақыл мен ес берсе, бекершілік пе деп ойлап қалдық. Ақсақалдың ойы тың, сезімі сергек. Оның ғибратқа толы ғұмырын өз аузынан естідік. Сол сұхбатымызды мәртебелі оқырманның назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз. Мархаббат!
- Ар ма, аға! Естуім бойынша сіз аты жаман кесел ауруына шалдығып, кейін жазылған екенсіз. Бұл екінің біріне бұйыра бермейтін бақ, һәм ішкі рухыңыздың мықтылығы ғой. Сізді осы кеселден сақтап қалған нендей күш?
- Мен өз өмірімді үш кезеңге бөліп қарастыратын адаммын. Бірінші кезеңі – 1941-1991 жылға дейінгі аралық. Елу жылымды Кеңес үкіметіне арнадым. Ол уақытта күні-түні жұмыста болдық. «Ертең-ақ коммунизмді орнатамыз!» - деп шын пейілімізбен жүгірдік. 1991 жылы Совет үкіметі құлады. Өз үкіметіміз орнады. Тағдырдың жазуымен, 1989 жылы қатерлі өңеш ісігіне шалдықтым. Сәті түсіп Алматыда, Мәскеуде екі мәрте ота жасаттым. Көрер жарығым бар екен. Сөйтіп, аман қалдым. 1991 жылдан бері екінші топтағы мүгедекпін...
Әбден қалжырап Маңғыстауға оралдым. Осы қатерлі ісік менің өмір жайлы көзқарасымды түбегейлі өзгертті. Дүниенің, ақшаның түк те емес екеніне көзімді жеткізді. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, Қазақ политехникалық институтында он жылдай мұғалім болдым. Жолдас болған кісілерім де өте жақсы адамдар еді. Соның бірі – құрдасым, сырлас досым Әбіш Кекілбаев. Мұхтар Мағауин, Әбдіжәміл Нұрпейісов сынды қаламгерлермен де риясыз әңгімелесуші едік. Олар да маған қатты әсер етті.
Өмірімнің екінші кезеңі тәуелсіздік жылдарынан кейін басталды. 1991 жылдан бастап 2016 жылға дейін күні-түні еңбек еттім. 15-20 жылдың бедерінде 40-қа жуық кітап жаздым. Абай Құнанбайұлының, Шәкерім Құдайбердіұлының, Домалақ ананың, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Хан Ордалы Сарайшық кесенелерін, жалпы есебі 32 кесене салыппын. Мектеп оқушылары: «Ата мұның бәріне қалай үлгердіңіз?» - деп сұрайды. Оларға: «Мен күніне жиырма бес сағат жұмыс істеймін. Аптасына сегіз күн еңбек етемін. Тәулігіне бір сағат аз ұйықтап, бір сағат жұмысты көбірек істеп көріңізші. Жиырма бес сағат бола ма? Осы жеті сағат бір аптада сізге сегізінші күнді сыйлайды. Міне, осылай еңбек етіп, жоспарларымның көбін бітірдім» - деп жауап бердім. Егеменді ел бізге еркіндік әкелді. Әкем тас қалаған шебер еді. Күмбез тұрғызатын. Содан болуы керек, Маңғыстаудың құлап қалған күмбездерін қайта тұрғызуға ниет еттім. 1991 жылы Маңғыстау ауданы, Шебір ауылында Мұрын жырауды еске алу мерейтойы өтіп жатыр еді. Уай, шіркін, қандай жігіттер еді... Жанымда Күріш Тасболатұлы, Ізбасар Шыртанов, Темірхан Медетбек, Сержан Шәкіратов секілді жолдастарым болды. Осы тойға барып, сыртта өзара мәслихат құрып тұрғанымызда, жігіттерге: «Абыл ақынның басына соға кетейікші» - деп өтініш білдірдім. Барсақ, Досан батырдың ұрпақтары 2-3 киіз үй тігіп, ас беріп жатыр екен. Сол аста сөйлеген сөзімде келесі жылы келіп Абыл ақынның басына күмбез тұрғызатынымды, сол келгенімде Досан батырдың басына қоса күмбез тұрғызып беретінімді айттым. Келесі жылы сәуір айының соңында келдім. Әкемнен қалған киіз үйімді Абыл ақын мазарының басына әкеліп тіктім. Өз-өзіме баға бергенім ыңғайсыз болар. Бірақ, уәде еткенімдей Абыл ақын мен Досан батырдың басына керемет күмбез тұрғыздым деп есептеймін. Солардың әруағы мені демеп-жебеді.
- Абай мен Шәкерім аталарымыздың басына кесене орнатқаныңызды өте сауапті іс деп танимыз. Бір сөзіңізде Абай-Шәкерім кесенесінің құрылыс жұмыстары толыққанды аяқталмағанын айтыпсыз? Осы рас па?
- 1992 жылы Қашаған Күржіманұлының 151 жылдық мерейтойы өтті. Мерейтойда Қуаныш Сұлтанұлы: «Маңғыстауда Сайын Назарбекұлы деген шебер бар екен. Абай Құнанбайұлының кесенесін салуға сол кісіні жіберу керек», - деп ұсыныс білдірді. Бұл әңгіме мені Жидебайға жетеледі. 1992 жылдың 17 ақпаны күні Премьер-министр Сергей Терещенко Семей қаласына барлық облыстың әкім-қараларын шақырып, үлкен құрылтай өткізді. Сол жиында Абай Құнанбайұлының күмбезін тұрғызу қажеттігін айтып және мені таныстырып, құрылыс ісіне бас шебер қылып тағайындады. Жиналыстың аяғында марқұм Әбіш Кекілбаев: «Бүгін Сергей Терещенконың аузынан Назарбаев пен Назарбекұлы түспей қойды ғой», - деп күлгені есімде. Семей облысы әкімінің орынбасары Мәркен Шәйжүнісовпен жақсы жұмыс істедік. Айтқаным заң еді. Керемет қарқынмен жұмыс істеп жатқанымызда Әкежан Қажыгелдин мырза Премьер-министр болып сайланды. Ол кісі келген соң Мәркен Шәйжүнісов қызметінен босатылды. Орнына Ғалымжан Жақиянов келді. Бұл кісілер тағайындалған соң құрылыс ісі мандымады. Қаржылай қиналыңқырап қалдық. Шеберлерімнен айрылып қалмас үшін, өзімнің таныс адамдарымнан қарызға ақша алып берген уақыттарым да болды. «Парыз» атты өз мекемемнен 3 миллиондай қаражат бөліп, Маңғыстаудан отыз вагон тас алдырттым.
Әкімдермен ұрсысып-керісіп жүріп күмбезді бітірдік-ау, әйтеуір. Міне, осылай Абай-Шәкерім кесенесінің құрылыс ісімен екінші өмірім басталды. Жаңа азаматтық бағытқа бет түзедім. Толық адам концепциясын қайта қарадым. Және өзімді мүлде басқа адамға айналдым деп есептеймін. Қос күмбездің ұзындығы – 200 метр. Абай күмбезінің биіктігі – 38,5 метр. Шәкәрім Құдайбердіұлының күмбезі Абайдың күмбезінен 1,5 метрге аласа. Ортасына амфитеатр саламыз деп жоспарлаған едік. Ол жоспарымыз аяқсыз қалды. Республикалық мұражайдың басшысы Төкен Смайылұлы бізді шығарып салып тұрып: «Жердің тесігі болса, кіріп кетер едім. Ренжімей аттан», - деп жылағаны есімде.
Енді сәл кейін шегініп, бір мәселені айтып өтейін. Абайдың 125 жылдық мерейтойын ел болып атап өткенде мазарының басына гранит естелік қойған екен. Астында бір бөлменің жартысындай іргетас-бетоны бар. Жерінің топырағы тұзды. Құрылысшылар гидроизоляцияны дұрыс жасамаған. Сол гранитіңіз жердің тұзымен жиырма бес жыл бойы жылжып-жылжып келіп Абайдың тұла бойын, түрін түк көрсетпей тастаған. Аппақ тозаң ғана... Қырсаң да кетпейді. 1992 жылы Сергей Терещенконың жиналысынан соң Жидебайға келіп құрылысшыларға: «Гранит-ескерткішті алып тастаңыздар!» - деп ескертіп кеттік. Олар да келіскендей сыңай танытқан. Күн жылып, жазда келсек, құрылысшылар гранит ескерткішті алып, астындағы бетонын сол күйі қалдырып, сыртына фундамент құйып, төбесін жауып тастапты. Бүкіл дүниежүзі танитын Абайдың мүрдесі 60 тонна бетонның астында жатыр. Басында құлпытас та жоқ. Ол кезде қазіргідей құрал жоқ. Жұмысымыз ыңғайланғаннан кейін әлгі бетонды алып тастаймыз деп келісіп жүргенбіз. Содан бері қарай жаңадан сайланған Президентке, Премьер-министрге, Семейдің әкіміне хат жазумен келе жатырмын. Сондағы арзу-тілегім - хакім Абай мүрдесінің 60 тонна бетонның астында қалуы ғой. Бетонды алып тастау керек екені турасында. Қазір проект-идеям бар. Өліп қалсам Абай күмбезінде не бар, не жоғын ешкім білмей қалады. Тіпті, жақында сайланған Абай облысы әкімінің электорнды поштасына дайын проект-хатымды жолдадым. Он бес күндей болды, әлі жауап жоқ...
- «Менің осы уақытқа дейінгі шығармашылық талпынысыма Әбекең секілді қазақ әдебиетінің бір алыбы әсер етсе, ендігі қалған ғұмырдағы жазылар шығармаларыма Ақселеу Сейдімбек досымның «Әсерім» деп жазған пікірінің үлкен ықпалы болған секілді» - деген екенсіз. Сіздің кемеңгер жазушы Әбіш Кекілбаев тұлғасына қатысты «Менің Әбішім» атты кітабыңыз бар екен. Сіз танитын Әбіш қандай еді?
- Мен бұл сұраққа жауап беруге онша құмар емеспін. Әбіштің неше түрлі қасиетін санап, бәрі жазып жатыр. «Менің Әбішімде» бала күннен қалыптасқан Әбіш жайлы ой-көзқарасымды жаздым. Өлгеннен кейін «Әбіш осындай еді» деп жабысып, халыққа ақыл айтуға құштарлығым шамалы. Көк жәшікке шығып керкілдескен шалдарды көргенде жаным ашиды. Оның миллиондаған халыққа қандай пайдасы тиіп жатыр? Оған бір кісі: «Әй, сен пәленше жақсы сөйледің», - дейді. «Пайдалы әсер коэффициенті нөлге тең». Сондықтан, мен мұндай әңгімелерге араласқым келмейді.
- Сонда өміріңіздің үшінші кезеңі 2016 жылдан басталады ғой?
- 2016 жылдан кейін өмірімнің үшінші кезеңі басталды. Марқұм Әбіш Кекілбаевтың: «Сайын елу жасқа келіп, егемен елмен бірге қайта туып, бір қолына қалақ алып, бір қолына қалам алып іске кірісті» - дейтін сөзі бар. Қалақтың арқасында 32 кесене тұрғызылды, ал қаламның арқасында 40-қа жуық кітап жазылды. Қаламым мұқала, қалағым ауырлай бастады. Енді не істеймін деген сұрақ туды. Хакім Абайдың арқасында рухым кемелденді. Оның қырық бес қара сөзін жеке-жеке талдап кітап жазған кісімін. Ендігі мақсатым – Абайдың ұлағатымен жаңа өскін жас ұрпақты нәрлендіру. Қазір Ақтау қаласында «Абай әлеміне саяхат» атты клуб құрдым. Мектептердің барлығы сол клубтың бағдарламасымен жұмыс істеп, біраз жетістіктерге жеттік. Әрбір жерде жазылып қалған жапырақ-жапырақ дүниелерімді тұтас біріктіргім келді. Абайдың өзі: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» - дейді ғой. Ел боламыз десек, қазақтың кетігін іздемей, мәңгілік елінің қабырғасын тұрғызуымыз тиіс. Қабырғаны кім қалайды? Рухы сау, санасы бүтін ұрпақ қалайды. Жаңа рухани тәрбиені қалай береміз? Мәселе осында. Ұлттың анасы – қазақтың тілі. Екінші сыныптан бастап, оқушыларға өз халқының тектілігін танытуымыз қажет. Мен «Тоғыз ақиқат, тоқсан тоғыз сұхбат» атты мектеп бағдарламасын әзірлеп қойдым.
Ойыма қай уақытта келгенін білмедім, соңғы жылдары «Туған халқыма не керек?» - деген сауал маза таптырмай жүр. Меніңше, халыққа тектілік қажет. Мысалы, біздің мемлекетіміз бар, ақын-жазушыларымыз бар. Барлығы да халықты түзеткісі келеді. Қаулы қабылдайды. Үндеу тастайды. Бір ғана қазақ тілін жолға қояйық деп қаншама құрылтай өткізді. Бәрі бос сөз. Мен инженер адаммын. Инженердің тілімен айтқанда: «Пайдалы әсер коэффициенті нөлге тең». Қазақты әуелдегі деңгейіне жеткізу үшін не істеу керек? Батырлар жырындағы, аңыз-ертегілердегі образдарға халықты жеткізу үшін не істеу керек? Қатты ойландым. Бәрін басынан бастауымыз тиіс. Әбден ер жетіп болған баланы, не болмаса қырыққа келген министрді тәрбиелеймін, оған қазақша үйретемін деу – абсолютті түрде қажеті жоқ нәрселер. Қазақ тілін қалай өркендетеміз деген талай жиындарға қатыстым. Жабылып сөйлейді, айтады, кетеді...
Биыл Ғайса пайғамбардың туғанына 2023 жыл толды. Еврейлердің жылнамасы да сол шамада. Шумерлер қазіргі Ирак жеріндегі Тигр-Ефрат өзендерінің аралығында үлкен қала салып, өз мәдениетін қалыптастыра алған қауым. Қағаздың орнына күйдірілген саз тақтаға әріп бедерін салып, 37 мың тақта кітап шығарған. Осы еңбектердің ішінде «Гильгамеш» дастаны бар. Енді осы 5000 жыл бұрын жазылған дастанның ішінде адамзат жылнамасының ірі оқиғалары қамтылыпты. Дастанға Жерорта теңізінің маңайындағы халықтың бәрі таласады. Бірақ ол ежелгі түрік мәдениеті болып шықты. Ал біз – сол түркі халқының қара шаңырағы саналатын Қазақиямыз.
Қай бір күні «Құран-Кәрімнің» қазақша аудармасын оқыдым. Бахара сүресінің 34-інші аятында Алла-Тағаланың Адам атаны жаратып, жан бергені, періштелерден артық қылу үшін бүкіл әлемнің тілін, қасиетін, аттарын үйреткені айтылған. Сонда Адам ата мен Алла-Тағала қай тілде сөйлескен? Оны ешкім ойлаған жоқ. Қазақта «Оқу – ойдан артық емес», - деген сөз бар. Ойландық. Шумерліктердің сына жазуын, Олжас Сүлейменовтің «Қыш кітабын», Асан Бахтидің «Шумеры, скифы, казахи» секілді кітаптарын оқып, ой қорыттық. Шумерліктердің жазуы – көне түріктің тілі. Бұл ғылыми тұрғыда дәлелденген. Ғалымдардың айтуынша, қазақ тілі – көне түрік тіліне ең жақын тіл. Қазіргі жаңа ұрпақты тектілікке тәрбиелеу – басты міндетіміз. Біз ең ежелгі ұлт түріктердің тікелей ұрпағымыз. Мысалы, қазіргі мұсылман дінінің де, Тәңір дінінің де түбі бір. Заратуштраның «Авестасын» оқыған едім. Менің «Зарата-Тура» деген елу беттік дастаным бар. Заратуштра дегеніңіз «Зор ата» деген сөзге ұқсай ма? Қалай ойлайсың? Зор атаңыз Еділ мен Жайықтың ортасында өмір сүрген. Демек, Зор атаңыз – біздің бабамыз. Жалпы әлемдегі жалғыз Құдайлық (монотеизм) ұғымын әкелген кісі – Заратуштра екен. Адами-зат айға, отқа, күнге, суға табынып жүргенде Заратуштра мұның дұрыс емесін, жаратушының жалғыз Үрзада һәм хақ екенін айтқан. Мұсылман дініне де, Тәңірлік нанымның да негізін салған өзіміздің түркі тайпалары боп шығады. Мұның бәрін не үшін айтып отырмын? Жаңа Қазақстанды жаңа ұрпақ ғана жасай алады. Ал, біз жаңа ұрпақтың санасына ұлы халық екенімізді сіңіруіміз тиіс.
Қазақтар бір-бірімен ру, жүз сұрасады. Ұлы, Орта, Кіші жүзбіз дейді. Біздің эрамыздан мың жыл бұрын осы тақылеттес әңгіме болған. Мысалы, грек тарихшысы Страбон: «Скифтердің бір аңызы бар екенін айтады. Сол аңызында Скиф патшасының үш ұлы болады. Үш ұлына өз патшалығын бөліп беретінін айтады. Тұңғышына саған лайығы осы деп мол қазына береді. Ортаншысына сенің қабілетің бар деп, өнерді береді. Үшіншісіне сенің жауынгерлігің басым деп, қару-жарақ сыйлайды», - дейді. Үш жүз дегеніңіз осы. «Ұлы жүзді таяқ беріп, малға қой, Орта жүзді қалам беріп дауға қой, Кіші жүзді найза беріп, жауға қой» - деген қазақтың нақылына ұқсай ма? Мектеп оқушыларына осылай түсіндіруіміз қажет.
- Сіз Сарайшық қаласындағы жеті ханның басына кесене тұрғызған екенсіз. Осы Сарайшық қаласы туралы айтып беріңізші? Қазақ даласындағы сәулет ескерткіштеріне қарап, үлкен сәулет мектебі болған ба деп ойлаймын. Әгәрәки, осы әңгімеміз рас болса, сол мектептің алтын арқауын үзген кім?
- Тым берідегі қазақ қалаларын мақтап, кереметтей қыла алмайсыз. Қазақты мақтау үшін ежелгі тарихына үңілуіміз ләзім. Сарайшықтың кәріз жүйесі мен су құбырларын көрдім. Мысалы, асханадағы от жағатын пештің астынан түтін жүріп, үйдің ішін айналып келеді де, далаға шығып кетеді. Сонда жаққан оты үйдің ішін сәл-пәл ғана жылытып, ауаға таралып кететін болған. Арабтың атақты бір саяхатшысы сегіз пар ат жеккен арбаға мініп, Азияны аралайды. Сарайшыққа жеткенде, қала билеушісі үлкен той жасап жатыр екен. Саяхатшы: «Сарайшық билеушісінің ең жас әйелі пәлен пар ат жеккен арбаның үстіне тігілген киіз үймен келді», - деген ақпаратты жазып қалдырған. Патшайым арбаның үстіне тігілген киіз үйден түсіпті. Біз орыстардың Екатерина патшайымының етегін екі әйел ұстап бара жатқанына таң қаламыз ғой. Ойлаңызшы, әлгі шешеміз хан сарайына жеткенше етегін он екі қыз көтеріп барыпты. Бұл ештеңе емес. Қала билеушісі тағына барып жайғасқан. Ұлы оң жағына, жас әйелі сол жағына отырыпты. Даяшылар үлкен ыдысқа құйылған қымыз әкеліп қойған. Жас әйелі қымызды сапырып-сапырып зеренге құйып, патшаға ұсыныпты. Патша ішіп болған соң екінші зеренге қымыз құйып баласына беріпті. Ең соңында билеуші патшаның өзі қымызды сапырып құйып, әйеліне ұсыныпты. Ал енді мәдениеттің қандай болғанын елестете беріңіз. Сарайшық шаһары Қазақ хандығының астанасы болған соң, Дон-Днепр өзенінің жағасын, Кавказ тауын мекен еткен Кіші жүздің ру-тайпалары Қазақстанның батыс бөлігіне қайта қоныс аударған.
- Ұлық ұлыс мемлекеті ыдыраған соң, кіші жүз тайпаларының Ноғай хандығына қарағанын тарихтан білеміз. Бірақ, Кіші жүз руларының ежелгі ата қонысы қайсы? Неліктен олар Кавказ тауын мекен еткен?
- Менің түсінуімше, 1234 жылы Қарақорымда өткен үлкен құрылтайдан соң, Моңғол империясы Киев Русіне шабуыл жасайтын болып келіскен. Бас қолбасшылыққа Бату ханды сайлайды. Бату хан өзі билік еткен тұста Сарай-Бату қаласын салғызған. Дәл осы уақытта кіші астана Сарайшық қаласы да салынған екен. Алтын Орда мемлекеті ыдырағаннан кейін Ноғай, Татар, Қазан, Қазақ хандықтары бөлініп шығады. Сонда Сарайшық қаласы Ноғай Ордасының астанасына айналған. Орыстар ноғай мен татар (қазақ, қырғыз, татар, өзбек, түрікмен, құмық) халқын өздерінің ата жауы деп есептеді. Себебі Ресейді жаулап алған осы ноғай мен татар халқы екен. Мен Сарайшықтың сегіз ханына сегіз қырлы күмбез салдым. Құрылыс жұмысы жүріп жатқанда Иманғали Тасмағамбетов Әбішке хат жазуымды сұрады. Сөйтіп Әбіштің ақылымен бұл күмбезге бес ноғай билеушісінің, үш қазақ ханының аты берілді. Қасым ханымыз осы қалаға жерленген. Кіші жүз руларының көп бөлігі Ноғай хандығының құрамына кірген. Өзімнің жеке ойымды айтайын, тарихтағы хандардың көбі соғысқа әскерін жиып, аттанатын болса, Бату хан олай етпеген сыңайлы. Бату хан соғысқа аттанарда бүкіл елді өзімен көшіріп әкететін болған. Содан да шығар, Кіші жүз руларының Дон-Днепр өзенінің бойында белгі қалдыруы...
- Алтын уақытыңызды қиып, алтын басыңызды иіп шынайы әңгімелескеніңіз үшін мың алғыс!
Бөлісу: