Қарашығымдағы қара өлең
Бөлісу:
Ақпан айының сегізінші жұлдызында Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың Мұқағали Мақатаев атындағы Мәжіліс залында, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты ақын Ғалым Жайлыбайдың «Қарашығымдағы қара өлең» атты шығармашылық кеші өтті. Кешке Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Борашев, Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдік, Әлібек Асқар, Роза Мұқанова, Асқар Алтай, Сұраған Рахметұлы, Амангелді Кеңшілікұлы, Дәулеткерей Кәпұлы, Қазыбек Иса, Омар Жәлел, Мақпал Мыса бастаған қаламгерлер мен қоғам қайраткерлері қатысты. Ақынның жырына сусап келген қалың оқырман қауым М.Мақатаев атындағы Мәжіліс залына сыймай лық толып отырды.
Академиялық кітапхананың ұйтқы болуымен ұйымдастырылған «Қарашығымдағы қара өлең» атты бұл әдеби кеш, ақын Ғалым Жайлыбайдың мерейлі 65 жасына тура келді. Кеш тізгінін, ақын, журналист Ықылас Ожайұлы ұстады. Ең әуелгі құттықтау сөз, ақжарма тіліек Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мырзаға берілді. Дархан Қыдырәлі өз сөзінде ақын Ғалым Жайлыбайдың шығармашылығымен ертеден таныс екенін айта келіп: «Ғалым Жайлыбай поэзияда кең құлашты эпикалық жанрға да, гүл қауашағындай нәзік лирикаға да қатар қанат қаққан, екеуін шебердің қолынан шыққан өрімдей қатар өрген кең тынысты ақын. Ағаның сазды өлеңі, кестелі сөзі, жарау аттай жұтынған жырлары әр буынның құрдасы да, сырласы да болары анық.
«Ақ сиса», «Қара орамал», «Тамакөшкен», «Киiкқашқан», «Сұрақ белгі» сияқты сүйекті дүниелері өткен ғасырда халқымыз бастан кешкен зұлмат пен зобалаңды, қырғын мен сүргінді классиктерге тән дәлдікпен, ширауы жеткен шымырлықпен жеткізді. Атап айтқанда, жаһандық пандемия жайлаған тұста, көңілдерге күдік ұялаған күрделі кезеңде көптің көкейіндегі ойды көркем кестелеген, мәңгілік сауалдарға мән іздеген «Сұрақ белгісі» поэмасын көзіқарақты оқырман жоғары бағалағаны анық. Ғалым ағамыз қарашығына қара өлең ұйыған қарымды қаламгер ғана емес, ұлт руханиятының дамуы мен өркендеуі жолында хал-қадірінше қызмет етіп жүрген қайраткер тұлға. Күрмеуі қиын күрделі кезеңде Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет етіп, әдебиетіміздің алға басуы үшін іргелі істер атқарды. «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» журналында талай жастың томағасын сыпырып, тұсауын кесіп, әдебиет өлкесіне әкелді. Нарық қысқан заманда да, әдеби журналдар мен газеттің басына бұлт үйірілген кезеңде де, арпалысып жүріп алаш әдебиетіне адал қызмет етті. Әлі де игілікті жолда аянбай еңбек етіп келеді», - деп кеңінен тоқталып өтті.
Келесі сөзді Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Борашев алды. Қуат мырза аталмыш сөзінде ақын Ғалым Жайлыбайдың поэзиясына, қоғамдық жұмыстағы жетістігіне, қайраткерлігіне, адами болмысына кеңінен тоқталып, ақынның болмыс-бітімін барынша аша сөйледі. Ақ тілегін білдіріп, мол шығармашылық табыс тіледі. Сөз соңында Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың құттықтау сөзін жеткізді.
Келесі сөзді қазақтың қайраткер жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдік алды. Төлен аға өз сөзін арыдан бастап қозғады. Ол бүгінгі заман ұрпақтары мен кешегі уақыт адамдары арасындағы ұрпақ сабақтастығы, дәстүр жалғастығы, ел іші-сыртындағы қоғамдық, адамзаттық, ұлттық мәселелер төңірегіндегі өз ойларымен бөлісті. Жазушы Төлен Әбдік ақын Ғалым Жайлыбайдың шығармашылығы, поэзиясы, поэзиясындағы терең таным мен астарлы ақиқат, нәзік түйсіктер турасында келелі сөздің басын қайырды. Сөз соңында артынан ерген ақын бауырын 65 жасқа келген мерейтойымен шын жүректен құттықтады.
Ақын Ғалым Жайлыбайдың мерейлі 65 жасына арналған өлең кеші, одан ары әнмен әуелеп, жырмен көмкеріліп кетті. Ел ішіне кең тараған ақын сөзіне жазылған «Есіл ағады» әнін Астана қалалық мемлекеттік академиялық филармониясының бас директоры Ерлан Дәкенов орындады. Одан кейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бір топ студенттері ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, жиналған жұртқа жырдан шашу шашты.
Келесі сөз сыншы, әдебиеттанушы Амангелді Кеңшілікұлына берілді. Ақынның шығармашылығымен ертеден таныс, осы уақытқа дейін Ғалым Жайлыбайдың шығармашылығы туралы бірнеше мақала жазған Амангелді Кеңшілікұлы ақын туралы естілік әңгімелерден бастап, бүгінгі поэзияның мәні мен мазмұнына, ерекшелігіне дендеп үңіліп, оқырманға ақын өлеңдерінің табиғаты туралы баяндап берді.
Осыдан кейін кеш жүргізушісі Ықылас Ожайұлы сөзді кеш иесінің өзіне табыстады. Ортаға шыққан ақын, жырға шөлдеп отырған оқырман қауымға көрікті де, кестелі тілмен әспеттелген ойлы да, образды өлеңдерінің бірнешеуін оқыды.
Ақын Ғалым Жайылбай аса күшті поэтикалық қуатқа ие жасампаз тұлға екені баршаңызға мәлім. Ақынның қаламынан туған «Қара орамал», «Сұлубайдың әні», «Сұрақ белгісі», «Тамакөшкен» сынды бірқатар поэмалар шоғыры – бірін-бірі толықтырып, бір-бірімен иықтасып жатқан кесек дүниелер. Солардың қатарында «Сұлубайдың әні» поэмасының жөні мүлдем бөлек. Кештің соңын ала композитор Серік Әбілұлы ақынның осы поэмасының құрметіне «Сұлубайдың әнін» қоңыр даусымен тамылжыта орындады. Осы әннін тербелісімен қайта ортаға шыққан ақын жиналған жұртқа, осы кешті ұйымдастырған кітапхана басшылығына рахмет айтып, оқырман қауымға бірнеше өледерін оқыды.
Осылайша өлең мен саз, нәрлі саз бен құнарлы сөз асқақтаған «Қарашығымдағы қара өлең» атты ақын Ғалым Жайлыбайдың жыр кеші де соңына жетті. М.Мақатаев атындағы Мәжіліс залына сыймай отырған жыр сүйер жұрт, қара өлеңнен қуат алып қимай тарасып жатты.
Бөлісу: