Гу Бин. Қытай жазушыларының көбі көп жазған сайын нашар жазады
Бөлісу:
«Қытайдың қазіргі әдебиеті қоқыс», «Қытай жазушылары шетінен мақтаншақ, жалқау, уақыттарын босқа өткізеді», «Қазіргі қытай жазушылары адамның не екенін мүлде білмейді», «Қытайдың көп жазушылары көп жазған сайын нашар жазады»... Бұл сөздердің барлығы немістің белгілі синолог ғалымы Гу Биндікі.
Гу Биннің толық аты-жөні Вольфганг. Ол 1945 жылы Германияның төменгі Саксония қаласында дүниеге келген. Әйгілі синолог, аудармашы, жазушы, Бонн университетіндегі Синология кафедрасының профессоры. Оның зерттеу бағыты негізінен Қытай классикалық әдебиеті, Қытайдың қазіргі әдебиеті және Қытайдың зияткерлік тарихы. Ол Германиядағы ең жақсы ғалымдардың бірі саналады.
Әдетте, қытай мәдениетінен хабары бар шетелдік ғалымдар өзі зерттейтін қытайды жақсы көріп, мақтап жүреді, бірақ Гу Бин қытай әдебиетіне ренішін бірден айтты: "Қазіргі Қытай әдебиеті – қоқыс". Осылай деген зерттеуші 2006 жылы Deutsche Welle-ге берген сұхбатында қытай жазушылары мен әдебиетінің түрлі кемшіліктерін тізіп берген. (2017 және 2022 жылдары баспасөзде және ютүп арнасында берген сұхбаттары тағы бар).
Ол өз сөзінде: “Қытай мәдениетінің бес мың жылдық тарихы бар. Қытайдың ұзақ және тамаша мәдениетін қытай халқы ғана мақтан тұтып қоймайды, сонымен қатар шетелде дүниеге келген Қытай мәдениетін зерттеушілер тобы да мақтан тұтады. Олар синологтар деп аталады”. - деген.
Шаң және Чжоу дәуіріндегі «Өзгерістер кітабы», «Конфуци тракттары» мен «Көктем мен күз» т.т. Таң және Суң династияларының өлеңдері мен Миң және Чиң династияларының романдары Қытай өркениетінің қазынасы, бұл бізге Қытай әдебиетінің гүлденуін бағалауға мүмкіндік береді.
Қазіргі Қытайда «Өмір сүру活着» романын жазған жазушы Ю Хуа мен Нобель сыйлығын алған Мо Яндар бар, бірақ неміс ғалымы Гу Бин Ю Хуа мен Мо Янды халтурщик жазушылар дейді.
1930-1940 жылдары Қытай әдебиеті Еуропаның кейбір елдерінен әлдеқайда жоғары болды, тіпті Франция, Италия және Испаниямен салыстыруға болады. Бірақ 1949 жылдан кейін Қытай әдебиеті әлсіреді.
Гу Бин әдебиет тілге, өнерге, эстетикаға қызмет етуі керек деп есептейді, бірақ қытай әдебиетінде мұндай сипаттар қазір жоқ.
1980 жылдардағы Қытай поэзиясын әлемдегі көрнекті ақындармен салыстыруға болады, бірақ драматургия тұрғысынан Қытай біршама модернизацияға күш салғанымен, қазіргі әлемдік драматургиямен әлі де салыстыруға келмейді.
Романға келетін болсақ, Қытайда 1980 жылы шыққан Чжаң Цзиенің әйелдер мәселесі туралы роман жақсы жазылды, оның идеясы сол кездегі халықаралық құндылықтарға өте жақын болды, сондықтан оның романдарын еуропалықтар жақсы қабылдады, бұл роман Германияда да өте танымал.
Алайда Гу Бин 1980-ші жылдардан кейін қытай романдары бірте-бірте нашарлады деп санайды. Ол қытай романдарын ветчина деп сипаттады. Неміс оқырмандарын жалықтырды.
Оның сөзінше неміс зиялылары мен жазушылары қытай романдарын оқығаннан кейін жиіркенішті сезінді, бұл әдебиетті түсінбейтін адамдардың тірлігі, сондықтан қазіргі қытай романдары Германияда мүлдем қызық емес.
Гу Биннің пікірінше, қытай әдебиеті қазір құлдырап кетті деуге болады, әдебиетте белгілі бір мазмұн, әдеби тіл, форма жоқ, ал жазушылар коммерциялық мүдделерді қарастыруда. Көптеген жазушылар роман жазу үшін тіпті дәстүрлі әдістерді пайдаланады және заманауи романдық режимнен бас тартты. Адамның не екенін түсінбейді. Міне бұлар көпшіліктің пікір таласын тудырды.
Гу Биннің бұл ойлары қытайлықтарды елең еткізді, қоғамда қатты дүмпу тудырды, оған ренжіді. Шын мәнінде Гу Бин қытай әдебиетінің нағыз жанашыры еді. Қытай қоғамы Гу Биннің «қазіргі қытай әдебиеті қоқыс» деп айтқанымен мүлде келіспейміз деді. Шынын айтсақ Гу Биннің бұл сөздері қытай әдебиетіндегі белгілі бір ішінаралық құбылыстарға берген бағасы. Кейбір сапасыз авторларға ғана арнаған сөз. Жазушы ақша үшін жазғанда сапа түседі. Көп сатылатын роман жазу үшін баспаның ұсынысы бойынша көптеген жазушылар өздерінің бастапқы идеяларын өзгертеді, осылайша әдеби шығармалардың сапасы түседі. Соларға қаратылған деді.
Ал Гу Бин айтқан қытай жазушыларына келсек, олар адамның не екенін түсінбейді. Бұл Гу Биннің субъективті пікірі, жалпыға ортақ емес деп тұжырымдады.
Қытай жазушылары адамның не екенін түсіне ала ма, жоқ па, оны әрине, оқырмандар айтады. Әдебиеттің өзі де солай. Мың оқырманның жүрегінде мың Гамлет бар. Әркімнің өз субъективті ойы бар, оны жоққа шығарудың қажеті жоқ. Әдебиет деген осы.
Гу Бинның бұл сөздері бізді терең ойлануға мәжбүр етті, қазіргі қытай әдебиеті шынымен де нашар ма? Мықты жазушылар жоқ па? Біз олай ойламаймыз, қытайда қазір тамаша жазушылар мен тамаша әдеби шығармалар көп! Ал оқып көріңіз:
Ю Хуа қытайда ең көп оқырманы бар, тіпті Мо Яннан да асып түсетін жазушы. Оның әрбір романы керемет «Ақ жаңбырдағы ащы дауыс», «Өмір сүру», «Сю Сангуанның қан сатуы», «Ағайындылар» (сәл мыжымалау, екі бөлімнен тұрады бірінші бөлімі жақсы жазылған) және «Жетінші күн» романдары бар. Ю Хуаның ең жақсы туындысы «Сю Сангуанның қан сатуы» романы.
Айта кетейік, Ю Хуа алғашқы кездерде аванград жазушылар тенденциясын ұстанған. Реалистік бағыттағы шығармалары мүлде болмаған. Оның алғашқы еңбектерін екі сөзбен бағалауға болады: суық та қатыгез (оқырманын еш аямайтын жазушы). Жазушының «Ақиқат жалғыз», «Әлем түтін сияқты» атты екі повесін оқыңыз, оларды аптап ыстықта оқысаңыз да, сізді суық тер басады. Басында қорқасыз, бірақ шыдап оқыңыз. Жақында Ю Хуа «Біз үлкен алшақтықта өмір сүреміз» атты эсселер жинағын шығарды, ол өте ойлы және оқуға тұрарлық. Айтпақшы, Ю Хуаның музыкаға қатысты зерттеулері көп. Егер сізді қызықтырса, оның музыка туралы эсселерін оқуға болады.
Мо Ян, Жия Пиңва, Ян Лянке біздің дәуірдегі ең үздік үш жазушы. Нобель сыйлығын алғанға дейін Мо Ян бұл екеуінен артық деп ешкім ойламаған. Иа, батыстықтардың ойы солай болды. Соңғы он екі жылда Нобель сыйлығы қытайлық жазушы-эмигрант Гао Синцзянға 2000 жылы әдебиеттен, құқық қорғаушы-диссидент, ақын Лю Сяобоға бейбітшілік силығы 2010 жылы берілді. Бұл екі ретте де Нобель комитетінің шешімі Қытай үкіметінің қатты наразылығын туғызды. Қазір Мо Янның шығармалары ел арасына кең таралған, әрқашан сұранысқа ие. Ал Гао Синцзянның оқырмандары айтарлықтай көп емес. Себебі, Қытай ресми түрде оның шығармаларын таратудан бас тартқан.
Мо Ян шығармалары типтік сиқырлы реализм, басында оқуға ыңғайсыздық тудыруы мүмкін. Г. Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығын» оқып шықсаңыз сиқырлы реализмнің не екенін түсінесіз. Жазушының Новель сыйлығын алуына тікелей себепкер болған шығармасы «Бақа» романы. Сонымен бірге «Қызыл гаулян әулеті», «Өмір мен өлім күресі», «Былқылдақ кеуде, торсылдақ бөксе», «Дар ағашы», «Арақ елі», «41 хикаят» романдары. Бұл романдары бірінен бірі өтеді, оқуға әбден лайық. Оның атақты екі романы «Арақ елі», «Сандал жазасы» - біреуі бала етін жеу туралы, ал екіншісі азғындарды жазалау туралы, екеуін де оқысаңыз өкінбейсіз. Сонымен бірге Мо Янның «Жәннаттағы сарымсақ жыры», «41 хикаят» романдары өте тамаша жазылған, бір деммен оқуға болады. Мо Янның романдарынан тыс «Қызыл Гаулияң», «Мөлдір сәбіз» және «Басбармақ» атты үш повесін оқыңыз. Кішкентай ауылды база етіп әлемдік мәселені көтерген, ауыз екі тілмен жазба тілді жымдастырған, қиял мен шындықты, жалған мен өтірікті біріктірген шебер жазушы. Ой-қиялдың шапшаңдығы әрине оқуға қиындық туғызады.
Жия Пиңваның шығармаларын алғаш оқығанда, әрі қарай оқи алмай қалуың мүмкін. Оның романдарының бітпейтіндігі, төрт-бес жүз мың сөзден тұратынын сезесің. Себебі, Жия Пиңва романдарындағы әдіс «өмір детальдарының ағыны» деп аталады, яғни бір оқиғаның нақты негізгі желісі жоқ, өмірдің барлық қырларын көрсетіп, әр нәрсені егжей-тегжейлі суреттейді .
Чен Сихэнің сөзін келтірсек, Жия Пиңва «жерге жақын ұшатын жазушы». Оның жазушылық тамыры сегіз жүз шақырым Цинчуань жеріне бойлап кеткен. Шығармаларын оқып отырғанда аймақтың атмосферасы сізді желпіндіріп жібереді. Оның ертеде жазған «Шаңчжоу» сериясы өте танымал. Мао Дун әдеби сыйлығын алған «Цинь операсы» нағыз оқитын роман, оның деңгейі өте жоғары. «Гу Лу» – 680 000 сөзден тұрады, оқу үшін шыдамдылық қажет, онда мәдениет төңкерісін жақсы суреттейді. «Тастанды астана», бір кездері оны жұрт «Заманауи Жинь Пиң Мэй» деп атады. «Күйгелек» романы әдемі жазылған және өте жақсы оқылды. «Шам-шырақ» қазіргі күнде ауылға қызметке түскен әйел басшы кадрдың шындықпен бетпе-бет келуін баяндайды. «Қарт» бір елдің жүз жылдық тарихын баяндайды. Соңғы жұмысы «Маргаритка» романында автор әйелдерді ұрлау және сату туралы айтады, ортанқол шығарма.
Ян Лянке, Луояңның Сунсиан ауданның тумасы, оның кітаптары тыйым салынған әйгілі жазушы, «Қытайдың ең даулы жазушысы» деген атпен белгілі, бұл атаққа ол «Халыққа қызмет ету» деген повестін жазған соң ие болған.
Әдебиет әлемінде оның атағы үлкен, Нобель сыйлығын алуы ықтимал қытай жазушыларының бірі осы кісі (екіншісі - Ли Руй). Ян Лянке шығармалары шынымен де шетелде өте танымал. 2014 жылы Ян Лянке әдебиет бойынша Кафка сыйлығын жеңіп алды. Шығармаларының стилі абсурдты, әсірелеуі күшті, күлкілі және сонымен бірге оқырманын күйзеліске ұшыратады. Шығармаларының стилі «Теизм». «Диңжуаң арманы» атты романы күні бүгінге дейін тыйым салынған атақты роман, ол Хэнаньдағы СПИД ауылы туралы жазды. «Күн шуақты жылдар» - Ян Лянкенің осы уақытқа дейінгі ең жақсы жазылған шығармасы және қазіргі қытай әдебиетінде одан асып түсетін шығармалар көп емес. «Рахат» романын оқыған жан талай күн бойы күйзеліске ұшырайтыны шындық. Қанды ақиқатты шынайы жазған шығарма. «Тастан қатты су» романы төңкерістің ғажайып батырларын ойнақы түрде жазды. Соңғы «Жарылыс хроникасы» романы туралы әртүрлі пікірлер бар, жазуы сәл әсіздеу болсада ол микрокосмосқа көбірек ұқсайды. Шығармаларындағы миф пен шындықтың ұштасуы өте жоғары. Мо Яннан мойны озық жазушы саналады. Дәстүрлі әдеби жасампаздықты еш ұнатпайды. Ойшыл жазушы.
Хэнань өлкесі Яньцзинь қаласының тумасы, әр адам қоғамға араласып, басына таяқ тюден бұрын осы жазушының шығармаларын оқу керек-ақ!
Лю Чжэньюнь романдары екі түрге бөлінген: туған ауыл сериясы және шенділер өмірі туралы романдар, екеуі де өте қызық, ал соңғысы тіптен тамаша.
Лю Чжэньюнь Ба Цзинь жасампаздық жолын жалғастырушы, оның шығармалары саясатпен бетпе-бет келеді, батылы айтады, бұл мықтылық («Туған жерімде» шығармасында шошқа қасапшысы да саясатты түсінеді деген сөзі бар. Бұл мамандық саясатқа жақын деп шенейді жазушы»). Ол шенеуніктер туралы жазған романдарында, биліктегі арам пиғылды, арамза адамдар туралы ашық жазады. «Түкке тұрғысыз» және «Ауыз жаппай мадақтау» еңбектері соның дәлелі.
«Адам – әлеуметтенген жануар», бұл Лю Чжэньюнь шығармаларында көтерілетін сипаттама. Оның оқуға тұратын шығармаларын атасақ «Тапу», «Жұмысшылар ротасы», «Мекеме», «Түкке тұрғысыз». Одан басқада көптеген романдары бар «Бір сөйлем он мың сөйлемге тең» атты романы өте жақсы, бай мазмұнды, оқыған сайын қызығасың қазіргі заманғы петиция туралы әңгімелейді, бірақ шырма-шату жазылған.
Үлкен пері Ваң деп атайды, оны әдеби сыншылар «жартылай адам, жартылай пері» деп бағалады. Ван Цзэнци 1940 жылдары әдеби ортаға енді, сол кезде билікке келген жаңа қытай үкіметі оның жазуына тыйым салған, солай жазуды тоқтатты. Алайда ол 1980 жылдары әдебиет саханасына қайтып келді, ол жақсы шығармаларының көпшілігін 1980 жылдары жазды.
Ол Шэн Суңвеннің шәкірті және Шэн Суңвен шығармасының мұрагері. Шэн Суңвеннің шығармаларын ұнататындарға Ван Цзэнци де ұнайды. Оның «Еркін бағытта жазған романдарын» оқу өте қызықты. Ваң Цзэнцидің әңгімелер жинағын сатып алып оқысаңыз өкінбейсіз. Оның жазғанының бәрі қысқа әңгімелер. Әсіресе «Тыйымдар туралы өсиеттерді», «Да Нао хроникалары» және «Суй Ханның үш досы» кермет. 1980 жылдардағы қытай әдебитін Ван Цзэнцисыз елестету мүлде мүмкін емес-ау.
Бұл жазушыны көп адамға таныструға әбден болады, Су Тоңның романдарын «керемет» деп айтсақ жарасады. «Оңтүстікке бар, тоқтама» «Император ретіндегі өмірім» (бұл атты бірінші рет көргенде, ғаламтор романы деп ойлайсың), Су Тоңның шығармасындағы тірек сөздер «Оңтүстік», «Әйел», «Әдемі».
Су Тоң шығармалары әр қашан адам болмысын бейнелейді. Оның «Көкнәр үйі», «Қызыл ұнтақ», «Топтағы әйелдер мен күңдер» (Чжаң Имоу осы шығарма негізінде «Қызыл фонарды көтеру» деген кино түсірді) және «Әйелдер өмірі» повесттерін оқу керек. Су Тоңның соңғы үш романы: «Бину», «Өзен жағасы» және «Сары торғайдың хикаясы». Бірінші романы онша емес, екіншісі жақсы жазылған. Ал Мао Дун әдебиеті сыйлығын алған «Сары торғайдың хикаясы» сондай кермет емес, бұл шығарманың дәйектері әлсіз. «Өзен жағасы» мен «Сары торғайдың хикаясы» тым ұқсас. Су Тоңның алдағы туындылары серпіліс жасайды деп сенеміз. «Қаланың солтүстігі» мен «Татуировкалар дәуірі» зорлық-зомбылыққа толы, бұл Су Тоң романдарының тағы бір қырын көрсетеді.
Ваң Ани «әйел жазушы» деген сөзді ұнатпайды, ол әйел жазушы емес, жазушы екенін айтады. Кейбір адамдар Ваң Аниді Чжан Айлиннің туысы деп санайды, бірақ бұл мүлде дұрыс емес.
Оның «Мәңгілік өкініші» тамаша роман және оны көп адам оқуы керек. «Тяньшяң» романы жақсы жазылған. Ваң Ани - жалғыздық туралы жазуға өте шебер жазушы. Оның шығармаларындағы кейіпкерлер көбінесе өзін жалғыз сезінеді. Алайда оның романдарын оқығанды онша ұнатпаймын, өйткені адам психологиялық күй-жайын қатты мыжып жазады. Оның «Кішкентай Баожуаң», «Таусылу», «Кішкене қаладағы махаббат». 2016 жыл Ваң Ани үшін романдар жазған жыл болған сияқты. Соңғы шығармасы «Аноним» жақында жарық көрді.
Білімді жазушы, шығармаларының барлығы дерлік “Мәдениет төңкеріс” тақырыбы. Сонымен бірге ол 1990 жылдардағы нарықтық ағысқа ілесе «Теңізге түскен» қаламгердің өкілі, үлкен табысқа жетті. Көптеген адамдар оның романдарын оқыды. Байқауымша оның романдары өмірден, болмыстан, тірліктен түңілу байқалады.
Оның шығармаларды да көптеп талас тудырды. Мен "Еркектің жартысы - әйел" деген романын оқуды ұсынамын. Ұнаса жалғасты "Жасыл ағашын" оқуға болады, бірақ оның ең жоғары бағаланған туындысы "Өлім әдеті". Айтпақшы, мен Чжаң Сяньлянның жеке өмірі туралы біраз өсек естідім. Ол кейін кино және телесериялға инвестиция салып, көп ақша тапты.
Чжаң Чеңчжи дүңген жазушы, Бейжің униерситетін тауысқан мамандығы архелог. Оның шығармалары өміршеңдікке толы, эмоционалды өршу сезімі бар. Маған оның романдары онша ұнамайды. Ұстамсыз эмоцияларды суреттеуге көп көңіл аударады.
Мұндай сезімді ұнататындар оның «Солтүстік өзен» мен «Қара айғыры» романдарын оқысын. «Рух тарихы» – мұсылмандар өмірін жазған еңбек. Бұл еңбек әрбір мұсылманның отбасынада болса дейді, оны қасиетті кітап ретінде бағалаған. Чжан Чеңчжи өзі мұнысын мақтан тұтады.
Мо Янның шаньдундық жерлесі, оның «Ескі қайық» деген шығармасы керемет. Бұл шығармаға көп жылдар бойы тыйым салынған. Менің ойымша, бұл шығарма қазіргі әдебиеттегі ең ерекше шығарма. Қытай тілді ортадан басқалар әлі оқыған жоқ, бірақ бұл өте жақсы жазылған, қазіргі әдебиеттегі сирек және өз атмосферасы бар шығарма. Әрине, бүгінде «Ескі қайықты» оқығандар әртүрлі кемшіліктерді айтады, оған қарамастан оқуға тұрарлық.
Чжан Вэй – мені мойындатқан жазушы. Оның жалпы саны 4,5 миллион сөзбен он сериядан құралған романы бар, аты «Сен үстірттесің» оған Мау Дун әдебиет сыйлығын берген кезде оның соңғы жазған «Жалғыз фармацевт» атты шығармасы оқырманға толық жетпеді. Ол еңбегінде жазушы ұзақ өмір сүру мен шындық арасындағы қайшылық туралы Цзяодун түбегіндегі денсаулығын қатты күтетін отбасының тарихын жазды. Қазіргі әдебиетті оқу қызықты, әсіресе солтүстіктің жазушыларын оқу тіптен қызық.
Шэньси жазушысы. Оның «Ақ бұғы жазығына» әдебиет сыншылары жақсы баға берген. Өйткені, эпос деп атауға болатын қытай шығармалары өте аз, «Ақ бұғы жазығы» да солардың бірі екені сөзсіз. Мысал ретінде қазіргі синглы туындыларды алсаңыз, «Ақ бұғы жазығы» үздік үштіктің қатарында екені сөзсіз. «Ақ бұғы жазығын» оқып соңғы бетіне келгенімде бөлмемнің электр қуаты өшіп қалды. «Бай Цзяцюань басын сәл шайқады, бұрылғанда көзіне жас толды». Қарапайым тіл, тебіренерлік оқиға.
Бүкіл «Ақ бұғы жазығында» мені қатты таң қалдырған сөйлем – Бай Цзясюаньның белі тым қатты, түп-түзу. Осы қарапайым сөздерде автордың бас кейіпкеріне деген күрделі бағасы жатыр.
Ге Фэй – кәсіби білімі бар сирек жазушылардың бірі, ол Қытай әдебиеті саласы бойынша докторлық дәрежесін алған жазушы. Ге Фэй – менің қатты сүйетін жазушым. Оның алғашқы шығармалары өте аванград болды. Маған Борхес, Кальвино, Набоков сияқты постмодернистік бағыттағы жазушылар ұнайды. Әрине, Ге Фэй де осы қатарда.
Менің ойымша, Ге Фэй – Қытайдағы авангардттық бағыттағы ең озып кеткен жазушы. Бірақ оның романдарын оқу үшін күш керек. Шығармадағы ирімдер, шеңберлер, лабиринттік бағыттар бар. Қытайдың дәстүрлі жазушылары романда «не айтам» деген ойға бөгелсе, авангард жазушылар романда «қалай айтамыз» деп ойланады. Егер сіз өзіңіздің оқу қабілетіңізді сынағыңыз келсе, оның «Адасқан қайық», «Көк және сары», «Джинзе», «Кездесу», «Қоңыр құстар» романдарын оқыңыз.
Ге Фэй – ғалым жазушы. Оның «Борхестің жүзі» атты зерттеу очеркі бар, сонымен бірге «Жинь Пиң Мэй» туралы «Қар жасырынған аққұтан» атты зерттеу жұмысы жарыққа шықты. Оның бұл еңбегі «Жинь Пиң Мэйдің» түсіндірмесі болды. Гэ Фэй «Цзяңнан трилогиясы» арқылы Мао Дун әдебиет сыйлығын жеңіп алды, атап айтқанда «Адам жүзді шабдал гүлі», «Таулар мен өзендердің арманға айналуы», «Цзяннанның көктемі аяқталады». Бұл Ге Фэйдің он жылдан астам уақыттық еңбегі, оларды өте жақсы жазған. Соңғы «Ван Чуньфэн» туындысы алғашқы трилогияның заңды жалғасы деп санауға болады. Маған бұл кісі өте ұнайды. Бұндай жазушының жазу стилі тамаша, оқыған сайын рахаттанасың. Оның тасада қалған «Көрінбейтін жадағай» атты шығармасын оқуға ұсынамын, ол шын мәнінде ақ әңгімені шеберлікпен пайдаланған.
«Тамыр іздеушілер тенденциясының» ең негізгі өкілдерінің бірі. «Тамыр іздеу» не үшін керек дегенге келсек, ағаштың, ғимараттың тамыры тереңде болса ғана биіктейтініне жақында ғана көзім жетті. Буддизмде «жүрекке оралу» деген сөз бар, адам өзін жоғалтып, абдырап қалғанда бастапқы нүктеге оралу керек. Бір ұлтта осындай өз тамырын іздек керек. 1980 жылдардан кейін Қытай тым қарқынды дамыды. Соның салдарынан адамдар өзіне деген сенімінен айырылып, абдырап қалды. Сондықтан «тамырымызды табу, ұлтымыздың тамырын табуы» одан да маңызды. Тамырымыз тереңде болғанда ғана ұлтымыз тұрақты әрі қауіп-қатерсіз дами алады. Бұл заманауи рефлекция деп аталады.
Әдебиет әлемінде өте көп жазбаған жазушы, Ачеңның «Үш патша», «Шахмат патшасы», «Ағаштар патшасы», «Балалар патшасы», әсіресе «Шахмат патшасы» романы керемет, онда күшті даосизм атмосферасы бар. А Чең қойған куң-фу драмасы, өте қызықты.
«Тамыр іздеушілер тенденциясының негізгі өкілдерінің бірі, бірақ оның романдары сынның астында қалған. Оның ең атақты шығармасы «Әке әке әке», ал «Мацяо сөздігі» деп аталатын тағы бір романы бар. Өте креативті (сөздік романдарының бастаушысы «Хазар сөздігі» және кейбіреулер оны плагиат деп айтып жүр, біраз шу болды. «Күн мен түн кітабы» атты жаңа туындысында білімді жастар тақырыбын көтерді. 2000 жылдан кейін Қытайдың әдеби әлемінде Мо Янның роман жазу үлгісі және Ге Фэйдің талғампаздықпен жазу стилі сынды ретро үрдісі келді, бұл өте қызықты құбылыс деп айтуға болады.
«Сол күні мен өмірімнің алтын ғасырында жиырма бір жаста едім». Осы сөйлемді оқығанда жүрегім елжіреп кеткені әлі есімде. Ваң Сяобо – негізгі әдебиет әлемінде суық, ал халық арасында ыстық типтегі жазушы. Өткен айда Синьхуа кітап дүкеніне барғанымда, бір қабырға толығымен Ваң Сяобоның еңбектерінің антологиясы екен, оның оқырмандары аз емес, бірақ әдебиет әлемінде оның есімі өте аз аталды. Біреулер ол туралы жақсы сөз айтпайды, не десе ол десін біз оның шығармасына қараймыз, оның жазушылығы шынында да мықты.
Ваң Сяобо 40 жасында қайтыс болды содан кейін ғана танымал болды. Оның атақты шығармасы «Уақыт трилогиясын»: «Алтын ғасыр», «Күміс ғасыр», «Қола ғасыры» (шын мәнінде ол өлгеннен кейін жинақталып, жарық көрді). «Қара темір ғасыры» тағы бар. Мұның бәрі роман жинақтары, «Алтын ғасыр» бүгінгі күн туралы, «Күміс ғасыр» болашақ туралы, «Қола дәуірі» өткен тарих туралы. Шығармалары бірінен бірі күшті. Оның эсселері де өте қызықты, соның ішінде «Көп санды адамдар үнсіз» және «Маверик шошқа» эссе жинақтары тамаша.
Сонымен қатар, Ваң Сяобоның әйелі Ли Инхэ өте танымал адам. Ол Ваң Сяобо мен Ли Инхэ арасындағы «Сені сүю өмірді сүюмен тең» деп аталатын ғашықтық хатын баспадан шығарды, оқуға тұрарлық.
Ол өмірінде «Мен және Жер» деп жазды емес пе... мен қатты сүйінетін жазушы. Ши Тиешэңның өмір мен қасірет туралы ойлары: «Менімен басқалар арасындағы қашықтық жарық жылдарымен өлшенеді» -деген.
Ши Тиешэңді оқығаннан кейін, менің қарапайым өмірімдегі азап мүлде ауыртпалық емес екенін сезіндім... Ол қайтыс болғаннан кейін жинақталып, жарық көрген «Күндіз Христан түнде Будда» деп аталатын антологиясын ерекше ұнаттым. Оқыған адам тебіренбей қоймайды. «Тағдыр – қыл ішектей» романы керемет туынды – соқырлар үш ішекті шертер көтеріп, қиял-ғажайып таулар арасында жүріп, күн көруі суреттелген. Олардың пайымдауынша, соқырдың ойынша жіптердің белгілі бір санын үзгенде, оның көру қабілетін қалпына келтіретін рецепт табуға болады. Бірақ рецепт дегендері ақ қағаз болып шығады. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан бұл ақ қағаз қашанда дүниеде қаңғып жүрген зағип жандарға қолдау көрсетіп келеді. Соқыр қарияның ұстазы 800 жіпті үзіп, оның өтірік екенін түсініп, өмірі аяқталуға жақын. Бірақ өмірдің жібін жалғайды, сол арқылы үмітпен күн кешеді, өмір шат-шадыман өтеді, сонда олар өтіріктің мәнін түсінді. Сөйтіп ол өтірікті соқырға тағы да шын деп айтып, 1200 таяқ сындырғанын айтады. «Тағдыр... жалған болса да, бар болуы керек, әйтпесе қыл ішек үзіледі, өмір бітеді».
«Мені арандатуға кімнің батылы барады?» «Мен сені арандатуға батылым барды!» «Сонда бізді арандатуға кімнің батылы барады?!» оның сөздері осылай. Мен Ваң Шуо туралы не жазарымды білмей ұзақ уақыт ойладым. Елдің пікірі екіге жарылады, оның шығармалары түкке тұрғысыз, бос, көңілсіз. Ал кейбіреулер оны сол дәуірдегі жастардың психикалық жай-күйі туралы жазған, оның әлеуметтік мәні зор деп есептейді. Оның шығармалары жаман емес, ол Қытайдың «ғасыр тоғысындағы» жазушысы. Кейбіреулер «Ваң Шуоның атасы Сэлинджер» деп мысқылдап айтады, қалай болғанда да Ваң Шуоның романдарын оқып отырып, ішек-сілеңіз қатып күлесіз. Оның шығармаларына қытай оқырмандары үйренбеген, сондай-ақ оны негізгі әдебиет орта әзіл-оспақ пен деконструкцияға толы деп әлі жақсы қабылдамаған. Ваң Шуо өз шығармаларында үнемі өзін мазақ етеді, бірақ ол өз-өзіне күлетіндерді жамандауға шыдай алмайды. Гао Сяосоңның айтуынша, ол Weibo-да селфи жариялай бастағаннан бері оған ұрысқандар аз болмады. Ваң Шуо өзінің кейінгі кезде өзгеріске ұшырағанын айта кеткен жөн. «Менің хитозым» атты шығармасын оқыңыз оқиғасы өте қызықты.
Оның бойы 1,90 см. Қытайдың белгілі жазушыларының ішіндегі ең ұзын тұрасы осы кісі. Тяньцзиньдік жазушы, орта мектепте «Тяошань Гун» деген бір сабақты оқыдық емес пе, сол осы жазушының әңгімесі болатын. Оның атақты кітабы – «Жүз адамның он жылы». Онда автор сол бір аласапыран он жылдықтағы жүз қарапайым адамның басынан өткен оқиғаны айтушының төл сөзін түгел жазып алып, күйбең тірлікті тамаша баяндайды.
Мен бұл кітапты үш рет толық оқып шықтым. Мәдени төңкерістің нағыз он жылдығын түсіндім, әсіресе сол дәуірден алыс біздің ұрпақ үшін бұл ең жақсы кітап. Кітап жақында баспадан шықты, қазір сатып алуға болады. Оған қоса, Оның «Әлемдегі бір түрлі адамдар» (жалғасы бар) атты өте қызықты кітабын ұсынамын, онда көптеген халықтық оғаш адамдар туралы айтылады және жазу стилі өте ерекше.
«Қарапайым дүние» мен «Өмір» көп адамның өмірін өзгертті десек артық болмас. Біріншісі жақында телехикаяға икемделіп, халыққа қайта ұсынылды. Соңғысы қысқа болғанымен, құрылымы мен идеялық мазмұны жағынан басқа жазушылардан озық.
Университетке түсу емтиханынан сүрінген бір оқушы, қара жұмысқа жегіледі, оның қолына сол кезде кездейсоқ Лу Яодың «Қарапайым дүниесі» түседі, оны оқып, қайтадан емтихан тапсырып бағы жанады. Осы студенттің сөзінен әдебиеттің адамдарға шынымен әсер ететініне сене бастадым. Тағы бір айта кететін жайт «Қарапайым дүние» оқиғасы адамдардың жүрегін елжіретеді, көптеген адамдар романнан өздерін тапты. Бұл роман туралы кейбіреулер – оның көркемдік ерекшелігі нашар деп сынайды. Көпшілікке ұнаған романның көркемдік ерекшелігі неге керек?
Мен ең жақсы көретін жазушыларымның бірі, қытайлықтар оны Тайвань жазушысы деп ойлайды, ал тайваньдықтар оны Қытай жазушысы деп ойлайды. Му Синнің шығармалары шынымен де бұл кеңістіктен өзгеше жоғары сатыда. Маған Му Синнің кейбір сөйлемдері қатты ұнайды: «Бұрын күніміз баяу өтетін, көліктер де, аттар да, пошталар да баяу болды, өмірде бір адамды жақсы көрсең сол жететін», «Мыңдаған мақтаған ағаштар отқа оранып, күміс гүлдерге айналғанда мені іздемеңдер, тағы іздеп мазалай берсеңдер мен қар болып жауамын». Қандай керемет сөйлемдер...
Оның «Әдеби естеліктерін» (Му Синьдің лекцияларының негізінде шәкірті Чен Данцин өңдеп, басып шығарған) оқып көріңіз, бұл адам осы бір өмірінде соншама көп кітапты қалай оқып, соншама мол білімге ие болады деп қайта-қайта таңдандым. Му Син романдарының жазылуы соншалық күрделі емес, қарапайым, жәй диалогтардан тұрады. Гуаңси Педагогика университетінің баспасы Му Синнің кейбір шығармаларын басып шығаруда, бірақ Му Синнің көзі тірісінде көп еңбектері шықпады, олардың көпшілігі әлі реттелмеген, мен олардың болашақта бірінен соң бірі жарияланатынына сенемін.
Неге екені белгісіз, Тайвань жазушыларының көбі Қытай жазушыларын жақсы танымайды, ал Тайванның көптеген атақты жазушылары да Қытайда онша танымал емес. Әрине, бұл қалыпты жағдай шығар. Бай Сяньён генерал Бай Чонсидің ұлы.
Оның «Тайпей адамдары» және «Нью-Йорктік қонақ» сияқты көптеген шығармалары оқуға тұрарлық, бұл әңгімелер жинағының бәрі тамаша. Бай Сяньонның жазуында дәстүрлі нәзіктік пен талғампаздық бар, ол екі бұғаз арасындағы саяси оқиғалардың әсеріне көп ұшырамаған, классикалық сұлулық оның шығармаларында жақсы бейнеленген. Оның ең көп жазғаны – туған қаласы Гуйлин. Бір кездері ХХ ғасырдағы ең жақсы 100 қытай романының ішінде осы «Тайпей адамдары» жетінші орынға ие болды, бұл тірі жазушылар арасындағы ең жоғары рейтинг. Кезінде Бай Сяньён өзінің гомосексуалист екенін көпшілік алдында мойындады және оның «Ни Цзы» романы көлеңкеде өмір сүретін осы топты сипаттайды.
Оның туындылары кино мен телевидениеге бейімдеуге өте қолайлы. Соңғы жылдары бірнеше туындылары киносериялдарға бейімделіп, олардың барлығы сәтті шықты. Ян Гелиңның романдары өте жақсы жазылған, бірақ оның шығармалары әлі әдебиет тарихы оқулықтарына енбегендіктен олармен енді ғана таныса бастадым. Классикалық романдар арасында әйелдерді бас кейіпкер еткен романдар көп емес, болғандарының өзінде нәзік сезім айқын жазылмаған.
Маған оның «Тоғызыншы жесір» романы қатты ұнады. Жапонияға қарсы соғыстың тарихы мен Қытай Халық республикасынң тарихы туралы өте жақсы жазған. Сонымен бірге сол ерекше дәуірдегі жапон әйелі, қытайлық әйел және қытайлық ер адам туралы қарапайым ережені және аңызға айналған оқиғаны баяндайтын «Кішкентай апай Дуохэны» сіздерге оқуға ұсынамын. «Фусан» АҚШ-тағы қытайлық жезөкшелердің өмірін баяндайды. Роман екінші жақпен баяндалады, ол да ерекше. «Қылмысты Ян Шы» фильмге бейімделгендіктен (романның соңы ғана түсірілген), ол өте танымал және жақсы жазылған.
Йе Гуаңчин – маньчжур, Йехена әулетінің ұрпағы. «Тұт теру» романын өте жақсы жазған. Маньчжур және Цин әулеттерінің үлкен текті әулетінің қуанышы мен қайғысын баяндап, отбасы тарихын жазған. Қазір жыл сайын қырық-елу роман оқимын, бір деммен оқитын, жұрттың көзін ашатын шығарма өте сирек.
Соңғы жылдары атағы шығып келе жатқан қаламгерлерді бірі. Би Фэйю «Қытайдағы әйелдер туралы жазатын ең жақсы ер жазушы» ретінде танымал және ол әйел психологиясын өте шебер суреттейді. Би Фэйю туралы көптеген анекдоттарды айтылады. Би Фейю біртүрлі адам, темекіге әуес, осы күнге дейін ұялы телефон қолданбайды, телефон керек кезде айналасындағылардан сұрайды.
Оның соқыр массажист туралы жазған «Масажист» (Мао Дун әдебиет сыйлығын жеңіп алған шығарма) оқуға ұсынамын; «Цин Йи» повестінде драма актерлері туралы айтады; оның «Юми», «Юшүю», «Юяң» деген повесттері әйгілі шығарма. «Жазық» романыда тамаша 1976 жылды жазды.
Джин мырзаның шығармаларын жарнамалаудың қажеті жоқ шығар «Юэ Ну қылыш» атты әңгімесі керемет, оның тамыры тереңде жатыр. Цзинь Ёң шығармаларының екі нұсқасы бар, бірі ең көп тараған «Үштік бірлестік», екіншісі Джин Ёңның кейінгі жылдарда қайта өңделген «Жаңа ғасыр нұсқасы». Соңғысы оқырмандар тарапынан әлденеше рет сынға ұшырады, біріншісі халықтың жүрегіне тым терең сіңгендіктен болар. Дегенмен, мен сізге «Жаңа ғасыр» кітабын өзіңізге оқып шығуды ұсынамын, алдын ала болжамды пікірлерді тастап, бұл туралы мұқият ойланасыз. Шынында бұнда көптеген сюжеттер бұрынғыдан әлдеқайда ақылға қонымды.
Джин Ёңның романдары саясатқа қатысты. Мысалы, «Қылыш шебері» 1967-1969 жылдарды аралығында жазылған. «Бұғы мен Диң Цзидің» романы онда Циң патшалығының басы мен Миң әулетінің тарихын әдеби тілмен жазылған.
Әскери тақырыпта жазатын жазушы, сонымен қатар оның көптеген шығармалары киноға айналған. «Жарқын қылыш» телехикаясы шынында да классикалық дүние. Ал романы одан да әдемі, бір түнде оқып шыққаным әлі есімде. Айта кетейік, телехикая тек романның бірінші жартысынан түсірілген, Қытай Халық республикасы құрылғаннан кейін де, Ли Юнлунның ауыр тағдырларды жазған сюжеттері де көп.
Май Цзяның шығармалары өте әдемі, «Жасырын сюжет» романы Мао Дун әдебиет сыйлығын алды. Маған оның "Сырды ашу" романы қатты ұнайды. Мен оны бір отырғаннан оқып шықтым. Роман шетелде өте жақсы бағаланды. Әрине, оған да түрлі пікір айтаныдар табылады. Менің көзқарасым бойынша, роман әдемі болса, оны жамандаудың не керегі бар?
Тие Ниң Қытай жазушылар қауымдастығының төрағасы болып қайта сайланды. Алдыңғы екі төраға кім болғанын білгіңіз келсе, олар Мао Дун мен Ба Цзинь болды. Алдағы уақытта Жазушылар қауымдастығы сөз болғанда осы үш есім бірге аталмақ. Ти Ниңге мықты болып тұр. Ол жазушылар одағы мен бірге Қытай әдебиет және өнер үйірмесі федерациясының төрағасы қызметін де атқарады.
Тие Ниңнің шығармалары қызықты деген санатқа жатады және Тие Ниңді әдебиеттегі бір тенденцияға жатыды деп айтуға бомайды, ол барлық ағымда жаза береді. Тие Ниң шығармаларындағы тақырыптарды да бірнеше сөзбен қорыту қиын, әркім әр түрлі мағынада оқи алады. «Раушандар қақпасыында» бас кейіпкер Си Цивеннің қарапайым және қайталанбас өмірін баяндайды. Тие Ниң романдарының шедевріде сол. «Шомылған қыз» және «Ақымақ гүл» - оның басты шығармалары. Жаңа стильдегі «О, Сянсюэ» - Тие Ниңнің үздік туындысы. Сондай-ақ осы «Зайыры қаншалықты алыс» романын оқып көрңіз.
Чи Цзицзяңның шығармалары өте нәзік. Хейлуңцзяңның тумасы болғандықтан оның көптеген шығармалары солтүстік-шығыс және жергілікті аз ұлттар туралы айтылған. «Эргүн өзенінің оң жағалауы» романы Мао Дун әдебиет сыйлығын жеңіп алған, Чи Цзыцзяңның шығармасы, өте жақсы оқылады. Әңгіме солтүстік-шығыс шекаралық аймақтағы аз ұлтардың ғасырлық тарихын қарт адамның үнімен баяндайды. Шэнь Конгвэн қала тұрғындарына үнемі менсінбей қарайды, өйткені ол қала тұрғындарына жергілікті қан мен өмірлік күш жетіспейді деп қарайды. Біз Чи Цзицзяңның романдарынан замандастарымызға жетіспейтін нәрсені байқаймыз.
Чи Цзицзяңның романдары соңғы жылдары өте танымал болды. Егер оның шығармаларын егжей-тегжейлі оқысаңыз, оның шығармасының айтары жоқ, терең мағыналы емес екенін байқайсыз, бірақ бұл адамдардың елдер оқуға құмар. Оның өз себебі болуы мүмкін. Оның романдары адамға жылы, екінші жағынан, ол замандастардың рухына жетіспейтін нәрселерді жазады. Үш томдық «Қуыршақ Манчжоу-го» романы беймәлім тарих кезеңі туралы сыр шертеді.
Мао Дун атындағы әдебиет сыйлығын екі рет жеңіп алған Қытайдағы жалғыз жазушы, атап айтқанда «Ауыр қанат» және «Сөз жоқ» деген екі романына тамсануға тура келеді. Сіз оның фотосуретіне қайтадан бір қараңыз ол өте темпераментті әйел екенін байқайсыз.
Сөз соңында Қытай әдебиетінің кезеңге бөлінуіне қысқаша тоқтала кетейін. Академиялық орта 1917-1949 жылдар аралығы, Қытай Халық Республикасы құрылғанға дейінгі кезеңді қазіргі Қытай әдебиеті деп есептейді. 1949 жылдан бүгінге дейін осы заман әдебиеті деп бөледі. Негізі 1976 жылдан кейін жаңа дәуір әдебиеті басталса, 2000 жылдан кейін жаңа ғасыр әдебиеті басталды. Бұл мақалада ұсынылған авторлар негізінен 1980 жылдардан кейінгі жазушылар. (Джин Йоңнан басқасы).
Ескерте кетер жайыт Санчи осы дәуірге жататын Уаң Мэң мен Заңзудың Мау Дун әдебиет сыйлығын алған жазушысы Алайды тағы басқада біраз жазушыны ауызға алмапты, бұл тізімді елуге, тіпті жүзге апаруға әбден болады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
2017-11-28 21:00 来源:小说阅读榜 作家 /小说 https://www.163.com/dy/article/HF7OF72I0552C574.html
2022-08-20 15:57:28 来源: 局小乖简史 河南
Ескерту: Мақала Чжиху сұрақ-жауабында Санчидың «Қытайдағы сіз білмейтін кейбір заманауи жақсы жазушылар қайсы?» жазбасы негізінде жазылды.
Нұрхалық Абдырақын
Бөлісу: