Қадыр Мырза Әли. Менің ең үлкен туысқаным – жетімдік

Бөлісу:

21.02.2023 3061

Бір кезде Қадыр ақын туралы «Дәуірдің, уақыттың өзі жаратқан өміршең ақын. Оның поэзиясы өзіміз өмір сүріп отырған дәуір мінездес» депті Мұқағали ақын. Бұл таланттың талантты тануы, сезінуі һәм түйсінуі десек те сыя береді. Әрі-беріден соң поэзия шыңының мұзбалағының (Мақатаевтың): «Ақынды ақын қолдамаса болмайды», - дегені тағы есте. Қалай десек те, қазақ өлеңін Қадыр Мырзалиев поэзиясынсыз елестету қиын болар еді. Ақынды Оралға келді деп естіп барғанымыз да, ақын әңгімесін тыңдағанымыз да «Алтын Орда» оқырманы үшін де, өзіміз үшін де олжа болғандай. «Қадыр - талантты, қарапайым», - дегенді Әбіш Кекілбаев айтыпты, біз ақынның адамдық бейнесі де сондай қарапайым екеніне көз жеткізгендей болдық. Оралға келгелі қонаққа барудан қолы тимей, жазуына отыра алмай жүргенін айтып шамалы қынжылыс білдірген ақынның бізге бөлетін бар-жоғы бір-ақ сағат уақыты бар екен, біз де тоғыздан тоғыз секунд қалмай жеттік, үлкен кісі де жуынып-шайынып, шалбарының қыры сынбаған костюмін киіп, сақадай-сай отыр екен. Ақынмен артық-кемі жоқ тұп-тура бір сағат әңгімелестік.

- Қадыр аға, естуімізше сізді тойшыл, думаншыл қазақтарға қосыла бермейді дейді. Рас па?

- Негізі өзім той дегенді жақсы көре бермеймін, жұмыстан үзіп әкетеді. Үлкен жазушы деген атақтың өзі еңбегіне байланысты айтылады ғой. Былай қарағанда, қалам ұстайтындардың бәрінің дарыны бір, қалғаны енбегіне, әрі-беріден соң қырып-жонуға, қысқасы, адамның өзіне байланысты.

- Денсаулығыңыз қалай, мазаламай ма?

- Денсаулығым қазір шүкір. Жетпіс деген - қылт-сылт еткен жас қой. Бүгін денем ұйып, ауыр тұрдым. Өркениетті елдерде дәулетті адамдардың өз заңгерлері, өз массажшылары болады, Біз сияқты қара сирақтар массажға барса, екі айлық жалақысы кетеді. Жүрегімнің ауырғанына 10-15 жыл болып калды, созылмалы стенокардия. Кейде аяғымның бастырмай қалатыны бар, оны арнайы маймен ысқылаймын. Жас деген келмей, өз дегенін істемей тұрмайды ғой. Негізі, жазушылар мен журналистер арасында ұқсастық бар, біздің ардагерлер зейнетке шыққанда көп ауырады. Егер мен жұмыс істесем, ешкім кедергі келтірмесе, өзімді жақсы сезінем. Он екі томның тағы төрт томын шығаруым керек. Өз басым денсаулық пен шығармашылықты бөліп қарамаймын. Үш ұлдың екеуі Алматыда, үшінші бір балам Оралда. Екі немерем осындағы № 30 мектепте оқиды. Шығармашылық жағдаймен Алматыға жиі барамын, бірақ Оралда жақсы жұмыс істеймін. Денсаулықтың арқасы ғой. 

- Осыдан біраз бұрын «Алтын Ордаданбыз» деп хабарласып, «аптадан, алдағы күннен не күтесіз?» - деп сұрағанымызда: «Ештеңе күтпеймін», - деп жауап бергенсіз. 

- Әлі сол пікірдемін, ештеңе күтпеймін. Пессимиспін. Пессимистік адамға көп пайда келтіреді. Үнемі бірдеңе күтіп үйренген адамдар қалайда қалағанын алу керек болады, өйтпесе ауырады. Ал мен ондай аурудан саумын. Қазақстанның ертеңіне сенем, күдігім де көп. Ана тіліміздің келешегіне сенем. Қазір де жаман емес, осы Оралдын өзінде ахуал жақсарып қалды. Тәуелсіздік алған жылдардан бері қаншама орта мектеп ашылды, олардың түлектері бүгін бітіріп жатыр, ертең жоғары оқу орнын бітіреді. Сөйтіп, қазақ шенеуніктер дайындалады. Қазіргі қазақ шенеуніктерінің жаны қазақ болғанымен, өздері жалқау... 

- Сонда алдан өзіңіз үшін ештеңе күтпейсіз бе?

- Ертең Құдай не береді деп күтіп жүрген адам емеспін, өзіме өзім жұмыс тауып берем. Кітап жазбаған, үстелге отырмаған кезім жоқ, Бұл кез - құмсағат сияқты адамның күш-қуатының азаяр кезі, мүмкіндігінше үлгеріп қалу керек. 

- Сіздің жұмыс стиліңізге, тіпті түріңізге қарап кейбіреулер неміспен жақындығы жоқ па екен? деп ойлайды екен. Кезінде Жымпитыда немістер көп болғанын білеміз әрі Герольд Бельгердің «Парасат» журналында жарияланып жатқан күнделіктерінен екеуіңіздің боямасыз жылы қарым-қатынастарыңыз байқалады. 

- Біз туысқандықты тек қаннан іздейміз, Тәрбиеден де іздеуге болады, Мықты спортшының жаттықтырушысы неміс не кәріс болуы мүмкін, менің ең үлкен туысқаным - жетімдік. Кезінде Хемингуэйдің: «Ең жақсы жазушылар жетімдерден шығады», - деген сөзін оқып, аспанға секіріп қуанғам. Жетімдер дүниеде не болып жатқанын қас-қабақтан байқайды, қадағалағыш болады. Жоқтық, таршылық өмірден адам мақсатқа тез ұмтылады. Әкем сотталды, одан әскерде болды, келгесін де өмірі өмір болған жоқ, ауырды. Мына тұрған Оралға келу мен үшін үлкен арман болып еді. Комсомол комитетінде жұмыс істеп жүріп, жинаған ақшама Алматыға барып оқуға түстім, Ал Бельгерге келсек, екеуміздің көзқарасымыз ортақ. Бірде Бельгер екеуміз әңгімелесіп тұрғанбыз. Жарасқанның байқағыштығы бар-ды, бірімізді «қазақтың немісі», бірімізді «немістің қазағы» дегені бар. Бельгерді бағалайтыным тағдыры ауырлау болған, біртоға, қазақы ортада өскен жігіт. Қазақ мектебінде оқығаны Бельгердің бақытына айналды. 

- «Әке - балаға сыншы» демекші, өзіңіздің немерелеріңіздей жас толқынның аяқ алысынан не байқайсыз? 

- Бүгінгі поэзияда басы ашық бір нәрсе - егемендік алғаннан кейін елең еткізіп жатқан жастар байқалмайды. Олардың алдыңғылары мықтырақ. олардың өз елуде. Айтпақшы, осы Оралда Талғат Мықиев деген жас бала бар. Өлеңді игерген, ендігі ізденісі өзіне байланысты. Ізденсе, тәуір ақын шығуы мүмкін. 

- Ең бай кітапхана иесісіз, қазынаңызды әлі де толықтырып отырасыз ба? 

- Мен кітап болса міндетті түрде оқимын. Егер автордың жазғаны ұнаса, келесіде сол автордың дүниесін тағы алам. Үлкенім Қуаныш та көп оқиды. Кіші балам Құранның орысша-қазақша аудармасын салыстырып оқып жатыр. Арабқа күйеуге шыққан білімдар орыс әйелі, Порохова ма еді, «Известияға» бір бет сұхбат берді, біз бұрын мән бермеген көп нәрсе туралы айтыпты. Менің кітапханамнан немерелерім де оқиды. Кітапханамды Оралға көшіріп алып келгім келген, кезінде Қырымбек осы ауланың ішінен тағы бір үй салу туралы да айтқан Сырым ауданы архитекторымен жоба да жасағанбыз, Роттердамский деген Еуропа ғалымы «Моя родина там, где моя библиотека» деген екен. 

- Біздің филологияда сабақ берген Бүркітов, Шарабасов, Аронов, Сабыров сияқты мұғалімдер сіздің өлеңдеріңізді жиі жатқа оқитын. Есімізде, балалар әдебиеті курсында да арнайы сағаттар болды. Дегенмен, оқырман ретінде маған «Жазмыш» ерекше әсер етті, «Жазмыш пен «Иірімде» көп нәрсе айтылады, осындай дүниені қалай жаздыңыз? 

- Ол менің мықтылығым емес. Ондайды орыс, неміс, француздар жазбайды, өздерін ұлымыз деп есептегендіктен. Кеңес үкіметі кезінде көп нәрсені ашып айтпады. Мысалы, Пушкин 11-ге толғанша орысша білмеген. Мен әуелі бір ай отырып картотека көшірдім, кедейлік көргендер, ғылыммен шұғылданғандар, айдауда жүргендер деп бөліп алып барып жазуға кірістім. 

- «Иірім» төңірегіндегі даулы әңгіменің себебі - біздің психологиямыз мұндай нәрсеге дайын еместігінде сияқты. 

- «Иірімге» көп тиісті, Жұрт бәрімізден пайғамбар жасағысы келеді. Шындығында, орыс матрешкасы сияқты бір адамның ішінде бірнеше адам отырады. Fабит пен Күләштің арасын жаздым. Әлия деген ғалым апай звондайды, кейін К. деп алдым есімді. Онда не тұр? Солай болғаны рас. Маған бастысы Ғабиттің образын ашу керек болып тұр ғой. Немесе Иса Байзақовтың ішкілікке жақын болғандығы туралы. Heгізі мәліметті C.Мұқановтың «Есею жылдарынан» алдым. Соны жазған уақытым мен Исаның 100 жылдық тойы қатар келгені. Елден хат келді, солай да солай, соны жазбаса да болатын еді ғой деп өкпелейді. Әңгіме психологияда ғой, шынында да, әйтпесе Еуропада кімнің кім болғаны, не істегені бәрі жазылады. Мағауин жазды: «Бәрі өтірік», - деп. «Олай деуге сенің қандай моральдық құқың бар?» деймін оған. Ақселеу шықты: «Көшіріп алған», - деп. «Сен өткен ғасырлардағы қазақ ақындарын жаздың, 40-50 кітаптың тізімін бердің, сонда сен көшірмедің бе?» - деп уәж айтам оған. Негізі пендешілік бәрінде де болған. F.Мүсіреповпен сапарлас болғаным бар. Үш адамбыз. Сонда Мүсірепов: «Әуезов іші тар адам еді», - деген еді. «Әуезов қайтыс болғанда оның моласының басында олай деп айтқан жоқ едіңіз», - дедім. Соны жаздым. Мен жазбасам, Базарбай бәрібір жазар еді. Қызғаныш дегеннің өзі адамның осалдығынан туады. 

- Осы бәріне уақытты қалай жеткізесіз, адам бір уақыт жазудан қажып кетпей ме? 

- Өйткені, уақыт үнемдеудің тәсілін табуға тиістімін. Роман сияқты үлкен нәрсе жазғаным жоқ. «Шырғалаңда» да саяси ештеңе жоқ, көңіліме келген, ойымда жүрген нәрселерді жаздым. 1, 2-ші айналым деп жақсы-жаман ойларымды шығардым. Қазір 13-айналымды жазу үстіндемін. 16-томды аяқтағаннан кейін афоризмдерге бұрыламын. Қарындашпен жазам, әрі түзету үшін, әрі кез-келген жағдайда шалқамнан жатып жазу үшін.  Кестемен жұмыс істеуді біреулер түсінбей жүр. Бұл - үздіксіз жұмыс деген сөз. Газет алғанда әңгіме-өлең бар ма деп қараймын,  сосын шетел хабарларын, «Комсомольская правданы» оқып отырамын.

 - Сізді драматург деп те танимыз. Бұл салада не жаңалығыңыз бар? 

- Жалпы, қазақ драматургиясының қалыптасуына 4-5 адам себеп болды. Әуезов, Мүсірепов, Әбішев, Мұқанов. Принциптердің күні өтті, бұл, әрине, ауыр сөз, бірақ олар драматургияны аяғынан тұрғызып кетті. Ахтановтың «Анты», Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астындасы» туды. Ә.Тарази, С.Жүнісовтер келді. Түркістанда менің «Әмір-Темір» деген пьесам қойылса, Атырауда «Жаралы жолбарыс» деген Махамбетке арналған дүнием он жыл бойы қойылып келеді. Иранбек көп жазады, жаман да емес, жақсы да емес. Енді жиі жазғасын классика туа бермейді ғой. Сосын драманың тағдыры да, бақыты да режиссер қолында. Алматы академиялық театры репертуарындағы «Түрт, сайтаным, түрт» түсіп қалды. Оралдағы «Қасқыр-қақпанның» бағы жанды. Аты бөлек демесең, бір нәрсе.

- Адам жас болсын, кәрі болсын, бір нәрсені күтіп, бір нәрсеге алаңдап жүреді. Мысалы, өлімге… 

- Мұның өзі хайуан кезден қалған қасиет болса керек. Кейде артыңнан біреу келе жатқан сияқты болады, қарайсың, шынында да солай. Манадан байқап отырмын, сен сұрақты оқыс, ойламаған жерден қояды екенсің. Бірақ қаттысың, журналист деген адамның іші-бауырына кіріп кетуі керек қой, әлде мінезің ауыр ма? (Күледі). «Ақырғы сынаққа әзірленесіз бе?» - деген сұрағыңды түсіндім. Роман жаза алар едім, бірақ бітуіне күдігім бар. Маркс креслода отырып өліп кеткен. Бальзак та солай көзі аларып кетіп барады екен, сол кезде кіріп келген күтушісі: «Господин умирает!» - деп жанұшырған ғой. «Нет! - депті Бальзак сонда, не господин умирает, отец Гориа умирает!» Сонда ол кейіпкерінің өлімін қиялында суреттеп отырған ғой. Мольер де солай. Мен ажал туралы спокойно ойлаймын. Қорық, қорықпа, бәрібір келеді. Тек соған шейін етек-жеңімді жинап қойсам. Аудармамның өзі 11 том. Құдайға телефон соғып: «Мені ала беруіңе болады», - деп айта алмайсың ғой. (Күледі). Қалай болғанда да Жаратқанның бергеніне шүкір.

- Айтпақшы, Салтанат жеңгейдің есімі туралы Ілия Жақанов ағамыздың аузынан қызық әңгіме естіп едік...

- Жеңгең төрт ағайынды еді. "Өлең деген өсекші елге жаяр» деген сол, Сағат деген ағасы бар, Салтанаттың өз аты - Сағатай, келесі ұлға Сағатбек деп койган. Біз енді бәріне поэзияның көзімен қараймыз ғой, мен оның атын Салтанат деп қойдым. Ол кезде Ілия екеуміз бір-бірімізді танымайтынбыз. Ол композиторлығын бастағанда нота білмейтін, өзін қатты сыйлаймын. Жеңгеңмен жаңа танысқан кезім, текст те өзіне арналған. Үйленгенде сол әнді айттық. 

- Әке, ата ретінде бүгінгі жастар туралы не ойлайсыз? Олардың өмірге көзқарастары, тірлігі қызықтыра ма? 

- Менің жаныма бататыны - қаптаған қазақ қызы тұрмысқа шықпай қалды. Бір ғана он жылда қаншама қазақ баласы дүниеге келмей қалды. Шешендердің қаншасы қырылып жатыр, сонда да соншалық азайып қалмайды. Еркектері соғысып жүріп өз әйеліне келіп кетеді, әйелдері туып жатыр. Заман есеп-қисап болып кетті. Сезім жоқ, Мәжнүндердің сезімі жоқ. Сол Ләйлі-Мәжнүнді Низами, Физули бар, бес ақын жазды. Fашықтықтан миы айналған Хұсрау шынында да өмірде болған, хайуандардың арасында жүрген. Еуропаның әсері бізге өте қатты тиді, бүкіл сананы, тұрмысты бұзып кетті. Жер жүзі бір организмге айналып кетті, жастардың көбі үйленгісі келмейді, «қызық көре тұрайық» дейді. Сосын... кезінде қазақтар өте ашық болған, ашық, ащы қалжыңдасқан. Сендер, жастар, қалжың түсінбейсіңдер. Айтшы, сендер қалжыңдасасыңдар ма? Біздің әкелеріміз болады ғой, Қуанышбаевтар, Қожамқұловтар, Елубаевтардың қалжыңы кісі өлтіретін. Бір мысал түсіп отыр. С.Қожамқұлов жетпісінде де театрда істеп жүрген, сағат 2-3-ке дейін репетиция, сағат 6-да театрға қайта келеді. Бірде автобусқа мінсе, ешкім орын бермейді. Сонда қария жайланып отырған жас жігітке: «Қарағым, сен екеуміз орын айырбастасақ қайтеді?» депті. 

- Бүгінде кімдермен араласасыз? 

- Менің қатарластарым сиреп қалды ғой. Кәрі адамның қасіреті де сол. Құрдасым Жұмекен елуге толмай кетті. Тұманбай, Оразақын, Қалихан бар. Бүгінде Оразақынмен сөйлесем. Қытайда туып-өскен, өзі бір жаны таза адам. 

- Соңғы сұрақ болсын, күні кеше Ресей мен Қазақстан тағы бір мәрте шекара сызығын межеледі. Сіздің бұған пікіріңіз? 

- Егер екі жаққа да пайдалы болса, онда қуану керек. Кейде солай болады да ғой. Қарақалпақстан әуелде біздің жер еді, кейін Қазақстан өз еркімен Өзбекстанға берді, ал арғы бетте қазақтар қалып қойды. Қытайға берілген жерге күдігім бар. «1 млрд. 300 млн. халқы бар Қытайдың жері аз да, Қазақстан сияқты азғантай жұртқа осынша үлкен жер берген Құдай әділетсіз» деп қытайлар тегін айтып жүрген жоқ. 

- Әңгімеңізге рахмет! 

Бөлісу:

Көп оқылғандар