Арымызға жағылған кір, күйе көп
Бөлісу:
Төлеужан Ысмайылов деген ақын өткен. Ерте танылған ерекше ақын екен, өмірі де оңай болмаған. Тоталитарлық жүйе нағыз күшінде тұрған кезде «Қойлар» деген өлең жазған. Ішінде «Жуас қойлар, «шайт» дегенде сескенген...» деген жолдары бар.
«Баран» десе бізді мұқап орыстар,
«Аға» дедік туымызды оң ұстар.
Қандай момын халықпыз біз қойлардай,
Жүре берген кек, намысты ойланбай.
Арымызға жағылған кір, күйе көп,
Кейде бізді кекетеді «түйе» деп.
Ол да айтылған сөз шығар бір жүйемен,
Қу далада қой бақтық қой түйемен…
Совет кезі бұндай өлеңді баспайтыны да, бұндай ақынның маңдайынан сипамасы да анық. Іздеген кеңістігін таппай тынысы тарылған ақын өзін шыңыраудың ішінде қалғандай сезініп «Шыңырау» деген шығарма жазған екен, онысы да жарық көрмепті. Бұл кісінің аудармашылығы да керемет болған, Т.Драйзердің «Америка трагедиясын», Пушкиннің еңбегін, Лермонтовтың «Мцыри» поэмасын аударған.
Ақын, "Серпер" Жастар одағы сыйлығының және "Дарын" мемлекеттік Жастар сыйлығының иегері Олжас Қасым арманда кеткен ақын Төлеужан Ысмайылов туралы былай дейді:
- Төлеужан Ысмайыловтың соңынан іздеушісі болып ағалар жүр ғой, біз де арасында іздеп қоямыз. Төлеужан Ысмайыловтың ең алғаш «Әлдекімге бір шапалақ» деген кітабы шықты ғой, сол негізі о баста «Жағымпазға бір шапалақ» деп аталған екен. Ол негізінен сатиралық жанрда жазылған кітабы. Өзі пышақтың қырындай шағын ғана кітап. Негізі Төлеужан Ысмайылов мықты ақын болды, сатира жанрын ілгерілетуге күш салған ақынның бірі еді, көп өлеңдері сатиралық сарказмға толы. Сондай өлеңдерін қарап отырсаңыз, бұл кісі енді Сәбит Мұқанов, Тайыр Жароков секілді кексе ағаларымызды кезінде сынап, мінберден баяндамалар жасап, олардың өлеңдерінің дәурені өткенін бетіне айтып, содан сол кездегі үлкен ықпалды адамдар бұның ізіне түскен ғой. Сөйтіп, кітаптың аты өзгеріп солай шығыпты, енді оны қай редактор өзгертті, ол жағын білмеймін, бірақ, сол кезде жас ақын кітабының аты өзгеріп болса да әйтеуір шыққанына қуанған сияқты. Екінші «Қойлар» деген поэмасы, ащы шындықты айтатын заман емес, бірақ отаршылдықтың қамыты басып бара жатқанын сезген ақын осы «Қойлар» деген поэманы жазады, поэма толық сақталмаған, бастапқы 4-5 шумағы қалған. Ешқайда жарияланбағаннан кейін өзі жатқа соғып жүреді екен. Ол кісі өлеңдерінің бәрін жатқа білген. «Екі метр» деген өлеңі болған, ащы өлең, Петропавлда жүрген кезде жазған екен, «Қойлары» да сонда жазылған сияқты. «Баран» десе бізді мұқап орыстар, «Аға» дедік туымызды оң ұстар»... бұл енді ыза-кекке толып тұрған поэма болған. Кейін Семей емханасына кетер кезде, қайтыс боларының алдында «Шыңырау» деген повесть жазып жатқан екен, ол «Шыңырау» да жарыққа шықпай қалды. Төлеужан Ысмайыловтың цензураға ұшыраған шығармалары туралы дұрыстап зерттеу керек екен. Бұл да Маяковскийдің стилінде, сол кездегі саясатқа сеніп қалған ақындардың бірі болған, кейін барып ес жиған ғой. 40-қа таяп қалған кезде ес жинаған.
ЖИЫРМА МЫҢ ТИРАЖ БОЛЫП ШЫҒЫП ТҰРЫП... ЦЕНЗУРАДАН ӨТПЕГЕН
Цензураның қатал бақылауынан, оқшау оймен ымырасыз күресінен жасқанды ма, алдыңғы сотталып, атылып кеткен жазушылардың кебін кимейін деді ме, бізде анау айтқандай диссиденттік әдебиет туа қойған жоқ, орыстардағы сияқты «самиздат» та дами қоймаған. Дегенмен, осы қиын кездің өзінде О.Сүлейменовтің «Аз и я» еңбегі жазылды.
Бүгінде оқып көрсең, ішінде бас кететіндей ештеңе жоқ сияқты көрінеді, ал баяғыда Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романының да басына бұлт үйірілген екен. Ол романды Қонаевтың қорғап қалғаны туралы бүгінде ептеп айтыла бастады. Қабағы түйіліп, бір қолында қайшысы жалаңдап, бір қолындағы айбалтасынан қан тамып тұрған цензураның алды қатты кезінде «Қаһарды» «советтік партияның құпиясын ашып, мемлекет басындағы көсемдерді (Брежнев пен Хрущевті) ақымақ қылып көрсетіп, жалпы мемлекеттің саясатын сынап, әшкереледі» деп, Алашорда туралы айтып, Ахмет пен Мағжанды ақтау керек деген идеясын алға шығарғаны үшін авторды айыптайды. Бірақ, осынша қаралағанымен романды мүлдем жоқ қылып жібермеген. Соған таңғаласың. Әрі шүкір дейсің.
Цензураның кәріне іліккен қазақ жазушысының бірі Өтебай Қанахин. Әдебиетке бір кісідей зор еңбек сіңірген, соңына өз шығармалары мен аудармаларын қосқанда 25 кітап қалдырған адам. Кезінде жазушы Мұхтар Мағауин бұл кісі жайында естелік жазды, ол естелік жақсы оқылды да. Өтебай Қанахиннің «Қарт сарбаз хикаясы» сол заманда (1982) жиырма мың тираж болып шығып, әбден дайын болды дегенде іші толған идеялық қате деп, сол бойы шығармай тастаған. Ол заманда әуелі баспа, одан мемлекеттік комитет, одан әрі үш әріпке, ары қарай Орталық Комитетке жеткенде «кеңеске қарсы шыққан, қазақтың ұлтшылдарын насихаттаған, өрескел қателік қана емес, бассыздыққа толы» кітаптың түгін қалдырмай көзін жою керек деген шешім шығады. Кейін сол кітаптың алғашқы нұсқасы Мағауиннің үйінен табылған.
ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН КІТАПТАР
Көркем шығармаға талап жоғары болғанда ғана оның идеясы биік, көркемдік жағы да мықты болады. Бірақ, талап деген оның ой еркіндігін шектеу, таралуын тежеу деген сөз емес. Фильмдерге, кітаптар мен пьесаларға деген цензура бүкіл елде, барлық мемлекеттерде болған, әлі де бар. Өмір қызық, ал көркем шығармалардың тағдыры адам таңғалатындай. Бір замандарда Флобердің «Бовари ханымына», Джованни Боккаччоның «Декамеронына», Фолкнердің «Святилище», Р.Брэдберидің «451° по Фаренгейту» шығармаларының жарық көруіне тыйым салынған, ал бүгінде бұлардың қай-қайсысы да әлем әдебиетінің үздік үлгілері саналады.
Бір замандарда көркем әдебиетті оқуға болатын және болмайтын яғни өте қауіпті әдебиет деп бөлумен айналысатын мемлекет болғанын ендігі ұрпақ тарихтан оқып білетін шығар. Совет кезінде қаншама кітаптың баспаға жетіп не жетпей «желкесі қиылғаны» туралы біздің де білеріміз там-тұм ғана. Интернет материалдарына қарасаң, орыс саясаты өз іштерінен шыққан «жауларын» да аямағанға ұқсайды.
Борис Пастернак. Бізге сабақ берген орыс әдебиеті мұғалімі Пастернак туралы тебіренбей сөйлемейтін. «Пастернакты оқулыққа енгізген кезде туған сендер бақыттысыңдар» деп айта беретін. Әйтеуір, Пастернакты дүниедегі ең бір зәбір-жапа шеккен адам сияқты түсіндіретін. Неге олай десек... оның мәні былай екен. Жас кезінен нешетүрлі төңкеріс, соғыстарды, саяси қақтығыстарды көрген Пастернак сол замандағы социалистік реализм дегенге қарсы болған, онысын көрсетіп отырған. Әйгілі «Доктор Живагоны» жазам деп өз еліне айкәпір атанып, батыстан Нобельге ұсынылғанымен (Камюдің өзі қолдаған), осы түбі өзіне сор болған. Пастернакты батыс Нобельге ұсынды деген хабар совет Жазушылар Одағына аспаннан метеорит құлағандай әсер етіп, сол бойда қысым көрсетуге кіріседі. Совет Одағы ол романнан неге қорықты? (Әдебиетші Дмитрий Быковтың осы тақырыпқа қатысты лекциясы бар, ютубте жүр). Пастернак 1917 жылғы Қазан төңкерісінің жетістігін, жалпы советтің кейбір ұраншыл әрекеттерін сынайды. Партияға жала жапқан роман осылай сотталады. Рас, ол заманда романның «самиздат» нұсқасы болады, жасырын топтағы адамдар тыйым салынған шығарманы бір-біріне жасырып беріп, бір түнге оқуға алып, қолдан қолға таратып отырған. Бұндай оқиғалар, жалпы сол кездегі самиздаттың ролі туралы жазушы Людмила Улицкаяның «Зеленый шатер» атты екітомдық романында шынайы берілген.
Сонымен жазушылары бар, қайраткерлері бар, бәрі сол кезде «Пастернакты оқымасам да, айыптаймын» деп жазып жатты. Қаншама қысым жасалады, ақыры Пастернактың өзі де сыйлықтан бас тартады. Бас тартқаннан кейін «Нобель сыйлығы» деген өлең жазып тағы шулатқан. «Доктор Живаго» Италия мен Голландияда жарық көріп, Брюссель мен Венада таралып, Ресейде тек совет одағы тарардың алдында ғана (1988) жарық көреді, бірақ, бұл кездегі оқырман да, шындық та басқа еді.
Совет цензурасының секемшіл, күдікшіл, күмәншіл, кінәмшіл болғаны сондай, көп дүниеге көңілі толмай, балаларға арналған шығармалардан да саяси астар іздеп, мұқият тексергенге ұқсайды. Мысалы, Корней Чуковскийдің «Крокодилінен» де совет баласын теріс тәрбиелейтін саяси қате тапқан. Мұндай жағдайда Булгаковтың «Мастер и Маргаритасының» ерекше ойлары мен тұжырымдарының, маңызды деген жерлерінің кесіліп, жазушы қайтыс болғаннан кейін 25 жылдан кейін барып жарық көруі, Набоковтың «Лолитасына» тыйым салуы, қуғын-сүргінге ұшырап, бутыркаға қамалған жазушы Евгения Гинзбургтің «Прямой маршрут» романының жолын кесуі, Михаил Булгаковтың «Ақ гвардиясын» антисоветтік деп танығаны, біз бала кезде оқыған Лазарь Лагиннің «Хоттабыч қартының» бастапқы нұсқалары цензурадан өтпей, түзеліп шыққаны сол заман үшін кешірімді көрінеді. Совет одағы Хемингуэйдің де шығармасына тыйым салды, біз оқыған Даниель Дефоның «Робинзон Крузосын» оқу да бір замандарда оқырмандар үшін арман болған, ал Джордж Оруэлл «Скотный двор», Уэллстің «Түнектегі Ресей» дегені өзіне-өзі темір шымылдықтан бері өте алмаған. Мұндай мысал жетеді.
Цензураның екінші аты тыйым мен кісен, цензураға ұшырады ма, арты саяси айыптау, қудалауға ұласқан. Әсіресе, жиырмасыншы ғасыр басындағы ақын-жазушылардың бүркеншік есімдерді пайдаланған себебі де содан болу керек. Жазушылар амалсыз «Қоңыр», «Жаяусал» болып (М.Әуезов), «Таңқыбай», «Мерген» болып (І. Жансүгіров), «Таймінер», «Түріктің баласы» болып (М. Дулатов) жазған. Бүгінде өткен ғасыр басында цензураға ұшыраған біздің жазушыларға қатысты кейбір құжаттарды Астанадағы мемлекеттік мұрағаттан табуға болады. Мысалы, Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» өлеңіне о баста ешқандай шектеу болмағанмен, Семейдегі бір прокурор бұл шығарманы қауіпті деп танып қудалай бастайды. 1911 жылы қыркүйекте сол прокурор қолын қойып, Семей аудандық сотына Дулатовты «Оян, қазақты» жазды, сонымен қоса «Жұмбақ» деген қауіпті мақала жазды» деп, ҚК 129 бабы, 1-б,2-тармағы бойынша қылмыс жасады деп танып, айыптау қорытындысын жібереді. Бейімбет Майлиннің «Қызыл жалау» және «Қоңсылар» деген романдарының екеуі де аяқталмаған, Бұған қатысты бейімбеттанушы Тоқтар Бейісқұловтың пікіріне сүйенсек, жазушы ішінде пьеса, либреттосы бар, 25-тен аса еңбек жазған екен, бірақ жазушы ұсталғанда осының бәрі жойылған. Ілияс Жансүгіров ұсталғанда кітабының қолжазбасы мен «Социалистік Қазақстан» газетінің «Құлагер» поэмасы шыққан шығарылымы түгел өртеледі. Аман қалғанын тартып алады. Музей қызметінің ардагері Кәмилә Қоқымова «Егеменге» 2019 жылы ақпанда шыққан «Ілияс архивінің ізімен» деп аталатын мақаласында «Ақынның іс қағазымен танысуға рұқсат алған музей қызметкерлері 1937 және 1942 жылдары Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің барлығы – 171 кітабын, 54 қолжазба дәптерін тәркілегенін анықтады» деген дерек келтірген.
Ғалым Санагүл Майлыбайдың «Астана ақшамы» газетіне шыққан «Тағдырлы тастүлек» атты мақаласында: «1930-32 жылдар аралығында НКВД абақтысында отырып, 1932 жылы 20 сәуірде «Үштіктің» бұйрығымен 3 жылға кесіліп, шартты мерзіммен мамыр айында түрмеден босап шыққан жазушы «Тас түлек» әңгімесін түрмеден шыққан соң жазған. Оқиға колхоздастыру науқаны кезіндегі ел арасындағы ауыр күйзелісті көрсетуге тырысқан. Жазушының негізгі нысанаға алған тақырыбы 1932 жылғы Қазақстандағы жаппай етек алған аштықтың себеп-салдарын көрсетуге негізделген. Ол кезеңді айтуға тыйым салынғандықтан әңгіменің кейбір беттері қолды болған» деген жолдар бар.
Бөлісу: