Жәудірдің «Той көйлегі»

Бөлісу:

24.02.2023 3211

Жәудір Нартай жаста болса бүгінгі оқырман қауымға таныла бастаған, қаламы төселіп қалған жазушы. Оның әңгімелері газет-журналдар мен порталдарда жиі жарияланып келеді. Оның шығармашылығы хақында жылы пікірлер де оқтын-оқтын айтылып қалатыны бар. Жәудірдің әңгімелері шынайылығымен, риәсіз нәзіктігімен баурап алады. Сюжетті шымыр, ұтымды етіп құрады. Сөйлемдері қарапайым болғанымен шашауы шықпай әр сөз орнында тұрады. Орнын тауып құралған сөйлемдер бір-біріне шуағын шашып, нұрын төгіп ойдың ажарлылығын айқындай түседі. Бұл Жәудір порзасына тән қолтаңбаның ұстыны, шеберліктің белгісі. Сондықтан да Жәудірдің әңгімелері қыздың жиған жүгіндей ретті, ықшам, таза. Сөйлемнің бұндай тазалығы ойды құнарлылыққа бастап, оқырманды кірпияздыққа жетелейді. Қыздың жиған жүгіндей демекші, Жәудір әйелдің жанын, бұла өскен бойжеткеннің мың құбылған мінезін дөп басып береді. Біз аз-кем сөз шығындап отырған «Той көйлек» әңгімесі міне соның куәсі. «Той көйлек» - өте аяулы әңгіме. Өзіне тән ерекшелігі бар, мінезі бар. Өнер атаулы осы мінезімен құнды емес пе? Дәстүрлі үлгі, нәзік баяндау мәнерімен оқырманын барған сайын баурап, иріміне тартып отырады. Бүгінгі оқырманды иландыра білу үлкен жетістік дер едім. Бұл тұрғыдан Жәудір жаста болса өмірді, оның кейбір қалтарыс-бұлтарыстарын танып үлгірген. Шығарма «меннің» атынан баяндалады. Бұл осы әңгімедегі кейіпкерлер образын аша түсу үшін ұтымды тәсіл. Әңгіменің бас кейіпкері – он алты жастағы, қазақ ауылына сіңіп кеткен Валя есімді орыс қызы. Жетім өскен тағдыры ауыр қыз. Шешесі өзімен бір ауылда екінші күйеуінен туған үш баласымен тұрады. Ал Валя әкесінің әпкесі сексеннен асқан Зина әжесімен бірге өмір сүріп жатыр. Валяның қайтыс болған әкесі түрмеге түскен, ожар мінезді ұрыншақ адам болыпты. Зина әжесі жас кезінде бір елдің бетке ұстар сұлу болған. Бойжетіп қалған Валя міне осы әжесіне тартқан көрікті, кербез қыз. Тағдырдың өзі әлдеқайдан айдап әкеліп, қапияда қиыстырған бұл кейіпкерлердің ешбірін кіналай алмайсыз. Зинаның өмірі, жастық шағы тым құпия, жұмбақ. Валяға сор болып жабысқан той көйлектің бір ұшығы осы Зина апасымен тікелей қатысты. Соңында Зина құсадан жазым болса, Валя жынданып кетеді. Автор кейіпкерлерінің кешірмелерін өзінің сезген, көрген дәйегіне сүйеніп баяндап береді. Олардың тағдырына араласпайды. Араласуға құқығы да жоқ қой әрине. Шығарманың аяқталуы оқырманға образды ой тастап, оқыс шешім шығаратын Оралхан Бөкейдің тәсілін еске салады. Бірақ, жасанды емес, табиғи.  

Жәудір Нартайдың «Той көйлек» әңгімесі туралы бұлай асығыс пікір айта қоямыз деген ойымыз әу баста жоқ еді. «Сабақты ине сәтімен» екен. Белгілі жазушы, аудармашы, филология ғылымдарының PҺD докторы Нұрхалық Абдырақын ағамызбен екеуара бүгінгі жас жазушылардың прозасы туралы әңгіме өрбітіп отырып, сөзден сөз шығып, ойдан ой туып осылай еркін форматтағы әңгіме дүкен орнай қалғаны. Нұрхалық ағамыз Жәудір Нартайдың осы әңгімесін бірден тілге тиек етіп, өзіне қатты әсер еткенін жеткізді. Біздікі сөз басындағы емексіту, ойға қозғау салу ғана. Негізгі сөздің тізгіні әдебиеттанушы ғалым Нұрхалық Абдырақын мырзада:

Әдебиетшы Нұрхалық Абдырақын

«Ештен кеш жақсы» деген. Былтырғы жылы «Қазақ әдебиеті» гәзетінің 24 қыркүйектегі санына Жәудір Нартайдың «Той көйлек» атты әңгімесі басылыпты. Мен оқығаннан сондай сүйіндім, ватсап желісіндегі сын жазатын ортақ достарыма жібердім. «Мына әңгіме шынмен керемет екен, пікірлеріңді айта отырыңдар», - дедім. Ертесі студенттеріме қуана жеткіздім, оқыңдар... өзім Жәудірдің «Ұлжан», «Мен он төртке толғанда», «Замзәм әкпе» сынды бірқатар әңгімелерін оқып шықтым. Бәрі де жақсы. Дегенмен, «Той көйлектің» жөні бөлек. Жас қаламгердің келешегіне сендім... сол күн бір жақсы ұйқтадым. Әлгі жазғыш достарымның қаламынан мен күткен мақала жазылмады... «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші «Той көйлек» бөгенайы бөлек шығарма. Жазылу тұрғысынан түрлі стильдерге негіз артатын әңгіме жанры – кейде оқиға желісіне тікелей байланысты болса, енді бірде ол сол жағдайдың өзіне бағынышты болады. Ал ХХ ғасырда Франц Кафка дамытқан «Мен» негізді әңгіме автордың тікелей өз атынан баяндаудан бастау алады. 

Әңгімедегі «меннің» бала құрбысы Валя Созақ ауданы Степное селосының тумасы, әжесі Зина кемпір бұлардың обыраздарын тамаша сомдаған. Әсіресе бас кейіпкер Валяға жаның ашиды. Қыз үлкендерше ойласада сүйктісінің алдында ешқашан есеймейтін еркелігі,  соны пайдаланып аппақ арын аяққа таптап, аяғын ауыр етіп Алматыға қашып кеткен Ғалидың баласы Ақтайды жек көресің. Сөзіміздің дәлелі ретінде екі қыздың әңгімесінен аз үзінді оқылық: 

– Мен сұлумын, ә?! – деді қайтадан айнадан маған тесіле қарап.

– Сұлусың!

– Білем, Ақтай да солай деген.

– Ол кім?

– Сен оны танисың. Ғали ағайдың жақында әскерден келген баласы.

– Ә-ә, анау бала ма?

– Бала-а?! Қайдағы бала, ол – сымбатты жігіт, – деп Валя көкшіл көздерін төңкеріп қуқылана күлді.

– Мен Ақтайдың жары боламын. Біздің үлкеееен тойымыз болады. Тойдан кейін Бурабайға саяхатқа кетеміз. Сосын біздің көөөп балаларымыз болады. Бірақ сен не білуші едің, түк те білмейсің. Аузыңнан мәйегің ағып отырысың мынау. «Симба» көремін дейді ғой тағы, – деген Валя маған кекесінен қарап, иегін көтеріп, шаштарын үлкен қыздарша сілкіп-сілкіп жіберді.

Төгіліп тұр, қыз махаббаты, аңғалдғы қандай тамаша берілген. Шынайы өмір. Қыз қылығы, назы, сазы бәр тығыз жымдасқан. Кіршіксіз таза аппақ қардай қыз көңілі, еркелігі бала ғашықтарымызды еріксіз еске салды. Қаламгер қарындасымыз жас болсада көп кітап оқыған, әжесінен ертек тыңдаған, қыз жанын сезінген, зерделеген, ой елегінен өткізіп, бегілі ой түйгені анық байқалады. Ару қыздың еркелеп жүріп от басып алақандай ауылда өсекке ілінуі, қыздың зіл батпан шындықққа төзе алмай есінің ауысыу нанымды суреттелген. 

- Әңгіменің бір күрмеуі Зина әженің жұмбақ өмірінде жатыр емес пе?

- Иә, әңгімеге күш бітіріп, оқырмады тартып тұрған бөлегі ол Зина кемпір обыразы: Төрдегі темір кереуетте шалқалай жатқан кейуана – Зина. Өкпесі сырылдап, үзік-үзік демалады. Баданадай көзі бақырайып төбеге қарап қадалып қалыпты. Оның ұйықтап жатқанын не өліп қалғанын әлде ояу екенін білу үшін Валя кемпірдің  кеудесіне басын қойып, жүрек соғысын тыңдағандай  болды. «Ұйықтап жатыр», – деді … тігін машинаның құлағын бұрай кетсең болғаны  Зина әженің тұтас тағдырынан сыр тартып зарлай жөнелетіндей. Зина әже жатқан тұстың қабырғасына түсі оңа бастаған тақыр кілем, ал кілемнің жоғары жағына жасы 18 бен 20-лар шамасындағы сұлу қыздың фотосуреті ілініпті. Мен суреттегі сұлудың Зина әжейдің жас кезі екенін танып, әлденеше уақыт суретке қадала қарап тұрып қалдым. 

Жазушы Зина кемпірді жан-жақтылы тамаша суреттеген. Жәудір шығармаларындағы басты ерекшелік оның ешкімге ұқсай бермейтін өзінідік дара суреткерлігі. Шығармада уақиғаны беру мен кейпкер обыразын содмауда қысқада нұсқа әдемі жинқылық, ой тереңдігі анық байқалады. Ұлттық әдеби шығармаларымыздың ең үлкен ерекшелігі көркем сурткерлік, жансызға жан бітіретін, уқиғаны көз алдыңа әкелетін тіл құдіретін бір қырынан пәш етеді. Міне бұндай шығармаларды әдеби ортада биік бағалайды, жазушының суреткерлік қабілетінің қоғам мойындайды. Қазір заман өзгерді,  ұзақ суреткерліктің өзі бүгінгі асығыс оқырманға мыжымалық сияқты көрінеді. Жәудір бәрін заманға сай түлеткен. Жәудір шығармаларынада тамаша сурттеулер бірден байқалады: 

- Тігін машинаның құлағын бұрай кетсең болғаны Зина әженің тұтас тағдырынан сыр тартып зарлай жөнелетіндей... 

- Мәңгі сұлулықты сол ерке шұңқырына ерітіп құя салғандай. Егер сол сұлу ажар тағы бір мәрте жымиса,  бүкіл әлемге сұлулық  нұры төгіліп түсердей еді! 

- Сұлулық деген мәңгілік емес қой, ол да мұз сияқты...

- Осы жерде, төсекте жамбасы сынып, ақыры ол асқынып, өз ажалын күтіп жатқан, жас кезінде жан біткеннің ажарлысы болған Зина әже мен әжеден қалған тозығы жеткен тігін машинасының тағдыры, өмір жолы бір сызықтың бойында түрегеле кететіндей әсер бер мей ме?

- Иә, өте жанды образ. Кемпірдің бүкіл өмірін тігін машинасының бір зырылына сидыра керемет берген. Көз алдыңа кемпірдің өмірі келе қалады... машина зырлап тұр... әр оқырман әртүрлі обыраз жасай бастайды... Жазушы қай заманда болмасын қоғамның, қоршаған жанды-жансыз барлық болмыстың жалғыз бақылаушысы, оны ішіне түйіп, көңілден өткізіп, жүрекпен сүзеді, солай жазатын шығармасында оған ет пен сүйек беріп, ұзақ толғатып қағазға төгетін машақатты жұмыс, соны бағаламай кейбіреулердің ат үсті пікір жазғанына кейде қарадай қарның ашады. Шығармада әуелі тек уақиғаға емес, әр сөйлемге жасырынған қадау-қадау ойларға көз салуымыз керек. Содан кейін ғана бүкіл шығарманың жанын, өзекті ойын көре аламыз. Жас жазушының әр сөйлемі, әр сөзі асықпай оқып ойлануға тұрарлық: 

- Сұлулығыңды білмегенің қандай жақсы… Білесің бе, мен жанарымның отын жоғалтып алдым, сен оны көрмедің бе? Некесі қиылған әйелдер жанарының отын ошағына береді екен, ол ошақтың оты маздап жанып ешқашан сөнбейтін көрінеді, ал менің отым ұшты-күйлі жоғалды… Адамның кәрілікті мойындап, өлімге бет бұрған сәтінде санасын қандай ой шарпиды... 

- Жалғыздан жалғыз құла дүзде құсалы ғұмыр сүре берді. Мен кейде осы кейбір құсалы  сұлулардың ешкім көрмеген өз сыңарлары бола ма екен деп ойлаймын, бәлкім олар сол сыңарларын күтіп жүріп, түбі жоқ терең тұңғиыққа түсіп кетіп, содан шыға алмай жалғыз қалып қоятын шығар… 

- Қартайғаныңда көз жасың у татиды. Ондай әйелдердің зары өздерін ғана емес, тұтас дүниені күйдіріп жіберуі мүмкін. Одан кейін ол әйел ғашық та болмайды. Олар мұңға ғашық болып  қалады. Сосын олардың жарты ғұмыры жалғыздықта өтеді...

- Осы әңгіменің бас-аяғында, тұтас бойында оқырманды жібермей ұстап отыратын бір нәзік әуен бар. Тым жұтаң да, тым қарапайым да емес. Тым қайғылы, тым қатаң да емес. Ескен желдей жайлы. Оқып болғанда жаныңа тыныштық күйін сыйлайтындай...

- Жәудір шығармаларның тағы бір басты ерекшелігі – қатаң логикаға байланған шындықтың көрінісі сонымен бірге қиялдан көрі реалистікке жақын, жүректің қылын шертетін тылсымдыққа толы болуы. Бұл жас автордың жасампаздық бағытындағы айқын бір ерекшелік. Орхан Памук жасампаздығында көрініс беретін сиқырлы реализмның қазақи топырақтан нәр алған Жәудірдің өзіндік бағыты.

– Аш-па- ааа… – дегендей, жастықтан басы көтеріліп, тамағы қырылдай ишара білдірді кемпір.

– Түу,  не дей бересің?  Өлетін шағыңда да тыныштықпен өлмейтін не деген кемпірсің өзің? Мұның барлығын көрге ала кетпейтін шығарсың енді, – деген Валя кемпірдің аяқ  жағындағы көрпені қымтап,  жастығын түзеген болды. Зинаның иегі дірілдеп,  тарамыс саусақтары сәл көтерілді де, кеудесіне қайта құлады. Кемпір басын кілем қабырғаға бұрып әкетті де, кәрі кеудесі сырылдап кемсеңдей бастады. Осы бір қысқа уақыт ішінде өлмелі кемпірдің соңғы тілегіндей көрінген жалғыз жарым сөзі, шабадандағы жұмбақтың бар қасіреттің бастауы екенін түйсігіммен сезінгендей, жүрегім өрекпіп аузыма тығылды...

Бір дәуірде жасаған әже ұрпақ пен немере сабақтастығының үзілуі, кемпірдің соңғы демінде зар еңіреткен қыздың ерсі қылығы....бүгінгі дәуір жастарының шын бейнесін дәл бергендей...

- Әңгіменің шиленісіп, ширыға түсетін осы тұсы аса сәтті шыққан. Төсектегі тілі күрмелген, өлі жанары суланған, қолы ғана қалтырап ишарамен бірдеңені айтқысы келетін кейуананың үнсіз булыққан дәрменсіз хәлі. Әженің ол хәлімен ісі жоқ, ойына келгенін жасап жатқан екі қыз. Оларға тосырқай қарап, шарасыз қалған «мен». Үшеуі үш түрлі әлем. Үш қыздың арпалысы. Үшеуінің ішіндегі үш түрлі күй салыстырмалы түрде шебер суреттеледі. Осы сәттегі Валяның тұрлаусыз әрекеті алдағы тағдырынан хабар беріп тұрғандай. 

- Зина кемпірді шырқыратып шабаданын шағып, той көйлегін алып айнаға қарап сәндене киінген оны әжеснің кәрі ұрды ма, жоқ әлде кемпірдің бүкіл құпиялығы, махаббаты сақтаулы тұрған той көйлектің киесі ұрды ма? Одан кейінгі жас қыздың сорлаған соңғы тағдыры... оқудан қол үзеді, үйі жын ойнаққа айналады,  ауыл әйелдері: «Болып тұр, толып тұр, қыз дайын тұр» – дейді...

Тұтас шығарманың өзекті ойын автор былай жеткізеді: «Валя  шынымен де әжесіне ұқсайтын. Бейне бір әжесінің бар сұлулығын қайталау үшін дүниеге келгендей. Арадан жылдар өткен соң да құдіретті сұлулықтың қайталанатыны рас болса, Валя  соның тірі мысалы, айнымас көшіремесі болар еді. Әмбе әр сұлулықтың бір айырмасы, бір бөлек нышаны болуы керек болса,  Валяның бойындағы кемшілік атаулы – оның кейде өмірді тым жеңіл қабылдайтындығында еді, сөйте тұра пәлсапалық тұрғыдан ол сұлулықты тым биікке көтеретін. Валяның түсінігіндегі сұлулықтың қашанда жолы болғыш, айы оңынан туғыш, еркек біткеннің есін кетіргіш, табан асты бағы жанғыш сұлулық еді. Тіпті де ол сұлулықтың бақытсыз болуға, жаза басуға хақысы жоқтай  көрінетін». 

Иа, адам әр кез өзін толық бағалай алмай өкіншке тап болады, тым жоғары бағалау орға жықса, тым төмен бағалау ездікке әкеледі. Демек, айналаңа қарап өзіңді таразылай біл, біреу мақтаса сен аспанға ұшпайсың, даттаса жерге кірмейсің өз салмағыңды өзің шамала. Шығармадағы бас кейпкер өзін тым асыра бағалады, шындықтан ауытқып кетті.

Әңгімеде үйленбей бала туған Зина кемпір, ал немересі Валяның Ақтаймен некесін қидырмай жүкті болуы, оның шешсі Марияның көршісінен балалы болуы да жанамай көрініс береді. 

– Сонда күйеуге шықпай қалай бала туып алған?

Валя маған «Соны да білмейсің бе?» дегендей бетіме бажырая қарады. Екі қыздың кемпір туралы әңгімесі осы еді. 

Шынымен де зинаның бір аты ойнастық. Ол кез-келген қоғамды аздыратын кесапат. Тексіздік, тексізден тексіз туса қоғамның соры. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық болмысында зинақорлық арсыздық һәм тексіздік ретінде бағаланады. «Қызға қырық үйден тыйым, қала берді, қара құлдан тыйым». Қыз баланың абыройын барынша биік тұтып, қызғыштай қорыған. «Арсыз болса, қыз жаман, Ақылсыз болса, ұл жаман» деп арсыздықтың барып тұрған жаман қасиет екенін Жәудірдің ата-анасы жадына құйып өсірген болар. 

- Әңгімеден басқа тағы қандай жаңалық, ерекшелік байқадыңыз? Постмодернизмның анық үлгілері бар дейсіз. Мен оны соншалық сезіне алмағандаймын?

- Постмодернизм кешендік идеялық ағым ретінде осы уақыт рухының квинтэссенциясын білдіреді. Қалай болғанда да, ол (постмодернизм) бүгінгі күннің рухани ахуалын бейнелеп көрсетеді. Постмодернизмнің басты ерекшелігі һәм бірден-бір дұрыс тұжырымы – жалпы теорияның көмегі арқылы әлемді біртұтас әрі бөлінбейтін бүтін деп қарастыруға мүмкіндік бермейтіндігінде. 

Постмодернизм туралы америкалық Ихаб Хасан бұл бағыттағы қаламгерлерге тұйықтық, бұлдырлық тән, олар ешнәрсені ашып айтпайды, соңғы ақиқат жайлы сөз қозғаудан аулақ десе, Алан Уайлд постмодернизм өмір көріністерінің бәріне дерлік өзгеше ирониямен қарайтынын атап өтеді.

Жас жазушы Жәудір постмодернизм үлгісінде еш кідірмей қалам тартқан:

Валя тіпті де сиырды табынға қосу үшін шықпағандай, алыс сапарға  шыққандай қолындағы шабаданнан мықтап ұстап алыпты, асығып барады екен. Мен ентіге басып, жанына таяп:

– Валя, есіңнен алжасқаннан саусың ба, қайда барасың деймін? – деп жеңінен тартқыладым.

Валя жүрсін кілт үзіп бетіме тағы да қарады:

–Тойға, тойға барамын, –  деді шәңк етіп. 

Байғұс қыз  ит-құсқа жем болған-ау, етегі дар-дар айырылған көйлектің  қалдықтарын тауып алдық, –  деп әр жерде шашылған ақ маталарды жинап ауылға әкеліп, елге көрсетіп жүрді.

Енді біреулер: 

– Валя тірі екен…–  деді, – үлкен айналма жол арқылы Жезқазғанға қарай жүретін жүк көлігіне  мінгесіп кетіпті, содан бір қойшыға күйеуге тиіп, Арқада мал бағып жүр екен.

Енді бірі:

– Валяны Шу өзенінің ұйығы тартып кетіпті, балықшылар көріпті, анда-санда ақ көйлек киген қыз қоға қамыс арасынан қол  бұлғайды екен, –  десті.

Ауылдан Алматыға оқуға аттанған жастар қай жылы Валяны көрдік деп ауылды дүрліктірді. «Валя тірі екен. «Көк базар» маңында тігін шеберханасы бар екен, тек той көйлектерін тігеді екен, ауылдастарына сәлем жолдапты», – деген сөз тарады.

Бас кейпкердің соңғы тағдыры қалай болғаны туралы оқырманына мазасыз ой кештіреді... өте-мөте қазақ даласындағы орыс қыздың той көйлекті киіп, шабаданды алып өріске тойға кетіп бара жатуы, асығыс бейнесі, сұсты келбеті, «қалыңдық тойдан кешіксе болмайды» деуі,  екі кештің арасында көкке қалықтай көтерілуі... постмодернизмнің айқын деталдары. 

Жәудірдің обыразды ойлауы өте жақсы, өзіндік көркемдік стиль қалыптаса бастаған. Сөз өнері үлкен ғылым соны меңгеру әрине ақырын ақырын болары шындық, Жәудірдің болашағы алда деп сенеміз. Біз әдебиетті өмірдің өзі дегенімізбен жазушы көрген білген нәрсесін жан дүниесінде ұзақ мезгілі пісіріп қиялымен жиған-терген білімін, шашылған бала шағындағы естемеден алған жаддын қопарып қиялмен әрлеп көркем сөзбен сомдап өмірге әкеледі. Оның қиындығын тек шығармашыл топ қана түсінеді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар