«Абай» журналының шыққанына 105 жыл
Бөлісу:
«Абай» журналы 1918 жылдың ақпан-қараша аралығында қазіргі Семей қаласында жарық көрді. Бұл журнал ақын Абай Құнанбайұлының құрметіне арналған. Бұл журналды шығарушы тұңғыш бастамашылар Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов болды.
«Абай» журналында Алаш зиялыларының ағарту бағытында түрлі мақаласы жарық көрді. Алғашқы саны 900 данамен шыққан. «Абай» журналының алғашқы сандары шамамен 16-21 беттен тұрған. 1918 жылы ақпан айынан қазан айына дейін барлығы 11 саны шықты. Кейіннен бұл басылымның 12-ші нөмірі де табылды. Филология ғылымдарының докторы, профессор А.Ақынбекованың зерттеу нәтижесінде табылған журналдың соңғы санында М.Әуезовтің «Өліп таусылу қаупі», Абай Құнанбайұлының «Есті мен ессіздік парқы» атты қарасөзі, Мағауия Абайұлының «Медғат-Қасым» поэмасын тұңғыш рет айналымға енгізіп отыр.
Кей дерекке сәйкес, «Абай» журналын шығару жөніндегі ұсыныс қазақ зиялылары арасында 1914 жылдың өзінде-ақ қабылданған. Алайда дүниежүзілік соғыстың басталуына және Патшалық Ресей тарапынан отарлау саясатының бұрынғыдан да күшейе түсуіне байланысты журнал шығару туралы ойы орындалмаған.
Жүсіпбек Аймауытов «Журнал туралы» бас мақаласында «Журналдың атын «Абай» қойған соң әдеби жолын ғана тұтыну керек еді дер біреу. Оған айтатынымыз: Абай жалғыз ғана ақын болды деуге болмайды. Әдебиетімізге де негіз салған Абай, адамшылық, тәрбие, ғылым, өнеркәсіп деген сөздерді терең ойлап, тексерген де Абай. Қазақтың тұрмысын, өмірін, мінезін айқын суреттеп, кемшілігін көрсеткен де Абай. Солай болған соң журналды Абайға арнағандық, Абайды қай жөннен болсын ұстаз қылып, бетке ұстап, жастар шәкірт болып, соңынан жүруге талпынғандығын көрсетеді», - дейді.
«Абай» журналы 1992 жылдан қайта шығарыла бастады.
Бөлісу: