Ұлы шығарма жазған әйелдер
Бөлісу:
Жазушының міндеті не? Жасампаз идея айту, адамзат бастауы мен жүріп өткен тарихына көз сала отырып, өзі өмір сүріп отырған қоғам көріністерін көркем шығармаға айналдыру, жалпы өмірдің әр сәтінен сыр ұғу дерсіз. Шынымен де жазушы дегендерді адамзат қоғамының дамуына, өркендеуіне немесе құлдырауына баға беруші емес, сол сезінгенін, түйсінгенін образды түрде жеткізуші рөлінде көреміз. Бұл шағын мақала көркем әдебиетте, соның ішінде проза бойынша әлемге танымал әйел жазушылар туралы болмақ.
ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ӘЙЕЛ ЖАЗУШЫЛАР
Олар аз емес. Дегенмен, бастыларын атап өтейік. Вирджиния Вулф (1882-1941) деген жазушы өткен. «Миссис Дэллоуэй», «На маяк», «Орландо» «Своя комната» атты шығармалары сол кезде де классикалық шығармалар есептелген. Лондон әдеби ортасында маңызды тұлға болған бұл жазушы жазушылығымен қоса әдеби сыншы, аудармашы болған. Жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жартысында модернистік әдебиеттің басында тұрған Вирджиния Вулф жазушы әйелдерді патриархалды қоғамда қолдауға зәру деп есептегендіктен, әйел қаламгерлердің өз виртуальды жеке кеңістігі болуы үшін аутсайдерлік қоғам құруды армандаған. Оны осы пікір-көзқарасы үшін де феминист деген шығар.
Маргарет Митчелл (1900-1949). Ол өмірінде жалғыз роман жазған адам. Жазушы өзінің «Унесенный ветром» романында соғысқа дейінгі және соғыс кезіндегі қалпын шынайы суреттейтін Атланта қаласында жергілікті газеттің репортері болып жұмыс істеп жүреді де, бір күні жазатайым аяғын сындырып алып, амалсыз жұмыстан кетеді. Сосын үйде отырып роман жазады. Бұл романға аттай отыз жылын арнайды. Романда елдегі төрт жылдық соғыстың өзі емес, оның адамдарға салмағы, тағдырларды қалай өзгерткені туралы айтылады. Бір қызық жері - Маргарет Митчелл романын о баста соңғы бөлімдегі «Скарлетт өзі сүйген еркектердің бірде-біреуін түсіне алмады, ақыр соңында оның екеуі де көз алдынан жоғалды», - деген басты сөйлемді жазудан бастаған екен. Жазушыдан үлкен қажыр мен табандылықты талап еткен роман кейін әлем әдебиетінің жауһарларының біріне айналды. Сол уақыттың тынысын, дәуір рухын сезіндіруге күш салған Митчелл өзінің туған Атлантасының тарихын мұқият зерттеу үшін XIX ғасырдың ортасындағы газет-журналдарды ақтарған. Куәгерлердің Азамат соғысы мен отбасылық оқиғалар туралы әңгімелері оның қолжазба парақтарында жанданып, жарқырап шыға келді. Митчелл кейбір оқиғаларды төрт-бес рет қайта жазып шықты, ал бірінші бөлімге келсек, тек алпысыншы нұсқасы ғана жазушының өзінің көңілінен шыққан! 1936 жылы жарық көрген роман бұрын-соңды болмаған табыс әкелді және сол бойда американ әдебиетінің тарихындағы тираж саны мен танымалдық бойынша барлық рекордты жаңартты. Ал Вивьен Ли мен Кларк Гейбл басты рөлдерді сомдаған осы аттас фильм «Оскардың» 10 премиясын жеңіп алып, әлемдік киноматография тарихындағы ең танымал фильмдердің қатарына енді. Жалпы романды оқып алып барып фильмді көрсеңіз кей жерінде көңіліңіз толмай қалуы мүмкін, дегенмен фильмде сол заманның атмосферасы да, жинақылық та бар
Астрид Линдгрен (1907-2002). Баланың кітап оқуға ынта-ықыласын оятуға көмектесетін бірден-бір автор десек, бұл уәжімізге ешкім таласпас. Өзіміз уағында «Шатырда тұратын Карлсонды» оқып өстік. Шын мәнінде бұл өзі балаларды соншалықты жақсы көретін мейірімді адам тәрізді. Айталық, ұзын шұлықты батыл қыз Пеппи туралы хикаясы қандай тамаша шығарма! Басында ол бұл оқиғаны өзінің ауырып қалған қызына күн сайын ойдан шығарып айтып отырған да, кейін оны шығармаға айналдырған. «Карлсонды» да баласына деген махаббаттан жазған. Үйде үнемі жалғыз қалатын жазушының қызы бір күні шешесіне үйде ешкім жоқта оған әлдеқайдан арқасында пропеллері бар досы ұшып келетінін айтқан екен. Баланың үнемі жалғыз қалып жабығып, жалғызсырайтынына өзін кінәлі санаған анасы кейін осы шығарманы жазыпты дейді. Бұл күндері Астрид Линдгренді «әлемге танымал әже» деп те атайды. Бұл жазушының еңбегінің бағаланғаны. Оның «Карлсон», «Мио, менің Миом!», «Қарақшының қызы Рони», «Калле Блюмквистің шытырман оқиғалары», «Леннебергилік Эмиль» деп келетін шығармалар тізбегі 80-нен асады. Совет киносының өзі Линдгрен шығармаларына ықылас танытқанын білеміз.
Джоан Роулинг (1965). Атақты «Гарри Поттерді» басында әйел жазушы жазды деп ешкім ойламапты. Өйткені кітаптың мұқабасында авторы Дж.К.Роулинг деп жазылған. Әдетте мұндай ықшам аты-жөндер гендерлік жағынан алғанда бейтарап көрінеді, оқырман оны жазған адамның әйел екенін бірден түсінбейді. Баспа басшысының мұндай шешімге келгендігі - ол тұтас аудитория, соның ішінде кітап оқитын жас жігіттерге автордың әйел болғаны ұнамауы мүмкін деп ойлаған екен. Бүгінге автор Британияның атақты жазушысына айналған, сценарист, кинопродюсер ретінде де танымал, әлем бойынша рекорд жасап, кітабы 400 миллионнан астам данамен сатылған бай адам. Ал шындығында ол бір кезде жай ғана ғылыми қызметкер, аудармашы-хатшы болып жұмыс істеп жүрген. 1990 жылы Манчестерден Лондонға ұшып бара жатып Гарри Поттер романының идеясы басына келеді. Бірақ оны сол бойда жазуға мүмкіндігі болмайды. Одан кейінгі жеті жылда өмірінде көп өзгеріс болады, анасы қайтыс болып, өзі болса отбасылық зорлық-зомбылық көрсеткен күйеуінен ажырасып, кішкентай баламен кедейлікті бастан кешіп жатады. Естелігіне қарасаңыз, 1997 жылы Эдинбургтегі шағын ғана кафеде отырып романның алғашқы беттерін жаза бастайды. Осылай 1997 жылы романның «Гарри Поттер және философиялық тас» деген алғашқы тарауы шығады. Оның шығармашылық жолы басталған бойда романның сериялары да бірінен соң бірі жазылып, жарық көре береді. Автор бүгінде автор ересектерге арнап жазып жүр. «Көкектің келуі» деген детектив романын да ер адамның атымен яғни Роберт Гэлбрейт деген атпен жариялаған. Бұл тек сексизммен қатысты мәселе емес, басқа да жағдайлар себепші болуы мүмкін. Өзінің айтуынша, ол басқа бүркеншік есім алу арқылы өзінің «Гарри Поттерден» жинаған абыройын есепке алмастан, жазудағы шынайы мүмкіндігін көрсетпек болған.
Әлемге әйгілі шығарма жаза тұрып өз атын жасырып жаңа шығарма жазуға отыру дегенің - шынымен үлгі алуға болатын нәрсе екен деп ойладық, өйткені, бізде, әсіресе қазақ қоғамында ат шығару деген зор міндет секілді, кейде шығарманың өзінен бұрын фамилиялардың даңқы алға шығып кетіп жататыны да шындық. Егер сол аты танымал авторлар өз атын жасырып қойып бүркеншік атпен байқауға қатысса кей шығармалар еленер ме еді, еленбес пе еді?
БҮРКЕНШІК ЕСІМДЕР
Осыдан 2-3 жыл бұрын яғни 2020 жылы «The Women’s Prize for Fiction» атты ағылшын тілінде жазылған шығармаларға әдеби сыйлық жарияланып, онда «өз атыңмен шық» деген бастама бойынша ер адамның атымен жарияланған 25 үздік жұмыс сыйлыққа ие болыпты, сол кезде ер адамның атымен жазып жүрген 25 әйел-жазушының шын есімі мәлім болған. Сол кезде әлеуметтанушылар «Бұл жоба - әлемдегі жазушы-әйелдердің қоғамда өз бағасын алуда ортақ мәселесі барын аңғартады», - дегендей пікір айтқаны да белгілі. Әр кезеңде, әр елде нәсілі, қоғамдағы статусы, әлеуметтік кластары әртүрлі әйелдер өздерінің үнін шығарып, әлем назарын аудару жолында күресіп келе жатыр. Олар көп шындықты айтады, бірақ, сол үшін бүркеншік есімді пайдалануға мәжбүр. Жалпы алғанда бүркеншік есім деген күрделі мәселе, ол бір жағынан гендерлік мәселені айналып өтуге, екінші жағынан автор туралы барлық мәліметтің жария болмау жағын яғни қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
«НЕГЕ?» - ДЕГЕН СҰРАҚ ТУАДЫ
Бұған нақты жауап беру қиын. Өткен дәуірдегі әйел жазушылардың жазудағы жетістігін елемеу жанр мәселелерімен байланысты болуы да мүмкін. XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында готикалық роман деген өте танымал болған. Осы кезеңде Уолтер Скотт пен Аллан По деген жазушыға зор әсері болған Энн Радклиффтің "Оудольф құпиялары" романы бірнеше рет қайта басылып, рекордтық прогреске қол жеткізген. Осы жазушы әйел сияқты "жазумен үздіксіз айналысқан" және одан ақша тапқан әйелдер аз болмаған. Радклиффтен басқа Мэри Робинсон, Клара Рив, Шарлотта Дайкр, Элиза Парсонс, Шарлотта Смит және Мэри Шелли деген әйелдер де тарихта аты бар әйелдер. Бірақ, олар көбіне бүркеншік есіммен шыққан дейді.
«Әйелдер тек жеңіл нәрсе жазады» деген аттан қашып, ер адам атын псевдоним етіп алғандар болғаны айтылады. Мысалы, ағылшын жазушысы Джордж Элиоттың есімін алсақ, автор өзі әйел бола тұра өзін қоғам, жалпы оқырман қауым лайықты түрде қабылдауы үшін шығармасын ер адамның атымен жариялауға мәжбүр болған.
Әлемге «Грозовой перевал», «Джейн Эйр» «Уайлдфеллден келген бейтаныс» атты шығармалар сыйлаған ағайынды Шарлотта, Эмили, Энн Бронтелер туралы кім білмейді! Апалы-сіңлілі жазушы қыздар да өз шығармаларын Керрер, Эллис, Эктон Белл деген ер адам атымен жариялаған. Бұл турасында Шарлоттаның «Біз өзіміздің әйел екенімізді білдіргіміз келмеді, өйткені, әйел жазушыларға көпшілік сенімсіздікпен қарайтынын байқаған едік» деген екен.
Луиза Мэй Олкотт деген американ жазушысын көбі біледі (фильмін көрген де шығар). Төрт ағайынды апалы-сіңлілі қыздар туралы «Кішкентай әйелдер» атты шығармада олардың АҚШ-та соғыс жүріп жатқан кездегі өсу, есею кездері баяндалады. Осы романды жазғанға дейін Луиза Мэй Олкотт Барнард есімді ер адамның атымен жазып отырған. Оның үстіне сол заманда сенсация болған готикалық триллерлерді әйел адам жазды дегенге ешкім сенбейтін болыпты. Автор одан бөлек махаббат хикаялары мен новеллалар жазып отырған. Ер адамның атымен. Оның өз шығармаларын ер адам атымен жазатынын кейін букинист пен кітапханашы анықтап біледі.
Жорж Санд деген автор. 19 ғасырдағы француз әдебиетінде орны бар, көбіне еркін ойлы, ерік-жігері мықты әйелдер туралы жазған, олардың өмірін ер адамның атынан суреттеген жазушы. Сексизмге қарсылығын осылайша білдірген. Ал негізі бұл автордың аты-жөні Амандина Аврора Люсиль Дюпен. Сонда әйел жазушылардың псевдонимді тірек қылуы сол замандағы патриалхалды қоғамның ұстанған қағидаттарына қарсы пікір айту үшін тапқан амалдары болғаны ма? деген ой келеді. Кей ғалымдар оның себебін білім жүйесі тарихына қатысты түсіндіргісі келеді. Мысалы, Сэм Херст атты филолог ғалым дәстүрлі ағылшын канондары ер адамдар қолымен жасалып, қалыптаса отырып, осының әсерінен XVIII ғасырдағы роман жанры қалыптасуы кезеңінде тек ер жазушылардың жазғандары ғана қабылданғанын айтады. Ол ВВС-ге берген сұхбатында: «Шын мәнінде, романның өркендеуіне тек ер адамдар емес, көптеген әйел жазушылар да қатысты. Бірақ әйелдер бүркеншік аттарынсыз жариялай алмайтын, бұдан сұмдық патриархалдық пен әйелді жек көрушілік көзқарасты байқауға болар еді», - депті. 1970 жылдардан бастап ғалымдар мен баспагерлер әйел жазушыларға жаңа көзқараспен баға беріп және қалыптасқан мифтерді өзгертуге көп күш жұмсады. Мысалы, елестер, мәдени сын және пацифистік полемика туралы әңгімелердің авторы, жазушы Вернон Ли (Виолет Пейджет) XIX ғасырдың басында әйелдерге көп жанрлы шкафта жалғыз сөре ғана берілгенін батыл айта отырып, 1875 жылы ол өзінің бүркеншік атымен “жазушы еркек пе, әйел ме?” деген сұрақты басы ашық мәселе күйінде қалдырудың артықшылығы бар"деп жазды.
«ХАНЫМ ЖАЗҒАНДЫ» ОҚУ СӘН БОЛҒАН
Бүркеншік атты таңдауға автордың нәсілі де әсер етуі мүмкін. Бүркеншік аты қара нәсілді жазушыларға ақ нәсілді болуға және қалаған баспамен келісім жасауға көмектесті деген да нұсқа бар, мысалы, 1939 жылы Арнольд Петри бүркеншік атымен әңгімесі басылған афроамерикалық жазушы Энн Петри шағын әңгімелер стилін жетілдіре отырып, 1946 жылы әдеби сенсацияға айналған "көше" дебюттік романын және 1 миллионнан астам данадан тұратын алғашқы афроамерикалық шығармасын жазып шығарады.
Сонымен қатар, "Ханым жазған" деген анықтаманың өзі кейбір махаббат романдарының сатылымның өсуіне ықпал еткен. Өйткені, кітап нарығының негізгі бөлігін құрайтын яғни оқитын да, сатып алатындар да әйелдер, сондай-ақ, махаббатты төгілдіріп әйелдер ғана жақсы жазады деген де түсінік болған. Академик Джеймс Равеннің зерттеулеріне қарағанда, 1785 жылы жарық көрген романдардың үштен біріне жуығын "ханымдар жазғаны" үшін оқыған. Олардың арасында "ханым" сөзін маркетингтік айла ретінде сауатты қолданған ер жазушылар да болуы мүмкін екенін ғалым жасырмайды..
Өмір қызық қой, баяғы замандарда әйел жазушылар амалсыздан бүркеншік атпен жазған болса, бүгінгі таңда кейбір ер жазушылар әйел есімін алып бүркеншік атпен жазады екен. Мысалы, қылмыстық және триллер авторлары С. К.Тремейн (Шон Томас), Райли Сейгер (сол Риттер), Дж.П.Делани (Тони Стронг). Бүгінгі таңда әлемдегі кітап сатып алушылардың шамамен 80% - ы әйелдер болғандықтан гендерлік бейтарап атаудың болуы тартымды болып саналады. Осылайша, бүркеншік ат баяғыдай сексизммен күресу емес, өзінің жеке әлемін тани отырып, ақша табудың дәлелденген тәсілі болып отыр.
БІЗДІ ӨСІРГЕН ҰЛЫ ШЫҒАРМАЛАР
Әдебиеттегі әйелдер бейнесі десе «Мың бір түн оқиғасындағы» Шахризаданы ойша елестетеміз. Парсы патшасы бірінші әйелі мен ағасының әйелінің опасыздығына тап болып, барлық әйелдер зұлым әрі азғын деп шешкендіктен, жас қыздарды әйелі етіп, алғашқы неке түнінен кейін жазығы жоқ болса да өлтіруге шешім қабылдайды. Шахризаданың ақылы одан асып түсті, қызықты оқиға-хикаяны бастап, оны ең қызықты сәтте үзіп тастап отырады. Патша одан әрі тыңдауға құмартып қызды келесі түнге дейін тірі қалдырып отырды. Бұл мың күнге созылды (үш жылға жуық!), осы уақыт ішінде Шахризада үш бала туды. Ақыры ол патшаның аяғына жығылып, ортақ ұлдары үшін өмірін сақтап қалуды өтінгенде, патша оған кешірім бергенін айтты. Бұл әйелдің батылдығы, ақылдылығы мен шеберлігі көптеген жазықсыз адамдардың өмірін сақтап қалды. Одан бері де әйелдер туралы қаншама шығармалар жазылды. Қаншама ұлы шығармалар мен ғажайып кейіпкерлер туды. Олар бізді елітті, қиялымызды байытты, өмірде шешім қабылдауға да үйреткен шығар. Әйелдер туралы ер жазушылардың жазғаны арқылы көбіне әйел табиғатына бойлай түсеміз. Кейбір шығармада әйелді өте терең, шынайы суреттейтіні сондай, оны ер адам жазды деуге ауыз бармас еді. Мысалы, француз жазушысы Эмиль Золяның шығармаларының кейіпкерлері негізінен әйелдер. Сомерсет Моем де әйелдің ішкі әлемін өте сенімді түрде ашып, небір құпияны алдыңа жайып салады. Ол өзінің кейіпкерлерінің жан-дүниесін егжей-тегжейлі сипаттай отырып, ешқашан өз кейіпкерлерін идеализацияламайды, кінәламайды немесе ақтамайды. Әсіресе, қоғам қабылдамаған жеңіл мінезді әйел XIX ғасырдың аяғындағы көптеген жазушылардың шығармаларында кездеседі. Олардың көпшілігінде ол барлық адами қасиеттердің иесі болып келетінін де бар. Айталық, Ги де Мопассанның "Томпыш" (1880) романындағы әйел нағыз патриот. Томпыш әйел пруссиялық басқыншыларды жек көреді, сол жолда құрбандыққа барады. Патриоттық сезім "Мадмуазель Фифи"(1882) романындағы басқа жезөкшенің жан дүниесінде де оянады. Кезінде Флобердің «Бовари ханымын» жариялауға мүлдем тыйым салынғанын да білеміз. Ал енді Чеховтың әйелдері туралы сағаттап айтуға болар еді.
Мораль алға шыққан шығармалар да бізге жат емес. Мысалы, Шарлотта Бронтенің «Джейн Эйр» романының сол уақытты, сол кезеңнің қалыптасқан қоғамдық ережелерін, тіпті айналаны басқан дымқыл тұманды сезіндірер атмосферасы ерекше. Кішкентай қыздарды арнайы оқытатын Ловуд пансионына барған кездегі жетім қыздың бастан кешкені үлкен адамның өзінің жүйкесіне де салмақ болар еді. Ондағы спартандық өмір, мейірімсіз қарым-қатынастан жас психика қалай зақым алмайды? (Осындай пансиондардан шыққан қыздардың кейін өмірге қарым-қатынасы қалай болады деген сұрақтың бір жауабын Мопассанның «Жизнь" романындағы Жаннаның өмірге көзқарасынан шамалаймыз). Пансиондағы өмір – Ш. Бронтенің өз өмірінің бір кезеңі, жалпы оның биографиясында қызық нәрселер жетерлік. Мысалы, жазушы Сомерсет Моэм өз еңбегінде "Шарлоттаның бауыры Эмили Бронтенің «Грозовой перевал» романының кей тарауын Шарлотта жазған ба әлде ағасы жазған ба?", -деп сұрақ қоя отырып, қызық деректер келтіреді. Тумысынан рухани қуаты мол, адал да мейірімді он тоғыз жасар қыз жалданып бала оқытуға келеді де, кішкентай қыздың қамқоршысы Мистер Рочестерге ғашық болады. Бірақ үйлену рәсімі кезінде ер адамның бұрын үйленгені ашылады. Джейн ары қарай онымен бірге болудан бас тартады - оның моральдық принциптері мен сенімі бұған жол бермейді. Шығармаларында құпиялылыққа жетелейтін автордың бірі Дафна дю Морьенің «Ребеккасы» да ұмытылмас кейіпкер. Элизабет Беннет - Джейн Остиннің «Гордость и предубеждение» романының басты кейіпкері. 21 жаста. Ол байқағыштығымен ерекшеленетін тартымды және әдепті қыз ретінде сипатталады. Романның сюжеті қоғам қалыптастырған ережелер мен әдептілік шеңберінде махаббат пен бақытты табуға тырысуына, мақтаншақ және суық болып көрінетін Дарси мырзамен қарым-қатынасты дамытуға бағытталған. Элизабет Беннет әдетте Остиннің ең танымал және сүйкімді кейіпкерлерінің бірі және ағылшын әдебиетіндегі ең танымал әйел бейнелерінің бірі болып саналады.
Қазақ жазушылары да әйел әлеміне үңіліп, түрлі образ жасауда ешкімнен қалысқан жоқ. Өз заманының қалауымен сәйкеспеген, малға сатылған, әділетсіздік құрбаны болған әйелдерден бастап қазақ төңкерісі арқылы санасына өзгеріс келген, жаңа үкімет құруда белсенді болған әйелдер, білім қуған, жаңа заман құруға атсалысқан, одан беріде социалистік жарысқа қатысқан, сауыншы болып еңбектің көрігін қыздырған әйелдер туралы қаншама шығармалар жазылды. Оның бергі жағында асыл сезім, адал махаббат иесі ретінде оқырман жүрегін орын алған қаншама образ бар.
Әйел жазушылары арасында алғаш болып роман жазған, «Әйел бақытының» иесі Сара Мыңжасарова, «Шуақты күндер» эссе кітабының авторы Зейнеп Ахметова, «Қыз сыры», «Терезелер», «Қос шынар», «Сәуірдің ақ таңы», «Қазбауыр бұлттар» аталатын шығармаларымен бүтін ұрпақтың жастық дәуренінде бірге болған Шәрбану Құмарова, «Күннің алтын сынығы», «Әлем-әуен», «Жылы шырай» кітаптарының авторы Мағира Қожахметова, «Тойға келген келіншек», «Сезімтал жүрек», «Сүзгенің соңғы күндері» шығармаларымен таныс Шәрбану Бейсенова, «Мен соғысты көргенім жоқ», «Бұлбұл» кітаптарын жазған Сара Латиева, кезінде «Тауқымет» романымен оқырман ілтипатына бөленген Бибігүл Иманғазиналардың соңын ала Роза Мұқанова, Сәуле Досжанова, Ділдар Мамырбаева, Айгүл Кемелбаева т.б. жазушылар келеді. Жуырда талантты жазушы Аягүл Мантайды еске алу кеші ұйымдастырылғаны да қыздар шығармашылығына қызығушылық бар екенін білдіреді. Соңғы кездері проза жазуға бейім қыз-келіншектердің қарасы көбейгенін байқаған белгілі сыншы Әлия Бөпежанова бүгінгі проза туралы сұрағымызға: «Бейсаналы түрде авто-фикшн жанрында жазатын бұл топта қыз-келіншектер көптеу және танымалдау. Өйткені олар бүгінгі өмірдің өзекті мәселелерін, тақырыптарын тап басады. Бүгінгі әдеби кеңістік кең, әр жазушы өз әлемін жазып шығатындықтан бұлардың бірі артық, бірі кем дей алмайсыз, әр оқырман өзіне керегін оқиды» деген болатын.
Бүгінгі таңда қаламгер әйелдердің шығармашылығын насихаттауда анау айтқандай бөгесін байқалмайды. Дегенмен, бұл оларға бүкіл жол ашық деген де сөз емес. Былтыр Нью Йорк қаласындағы Gaudy Boy баспасынан біздің еліміздің әйел жазушыларының шығармалары енген жинақ жарық көрді. Жинақ «Аманат» деп аталады. Бірақ, ол жақта шыққан кітап атауының бұл жақтағы партия атауына қатысы жоқ. Құрастырушы Зәуре Батаеваның айтуынша, жинақтың атауы жинаққа енген жазушы Орал Арукенованың «Аманат» әңгімесімен аттас. Аудармашылар Зәуре Батаева мен Шелли Фейервезер-Вега жинақты құрастыруда тәуелсіз Қазақстанның соңғы кездердегі тыныс-тіршілігіне қатысты шығармаларды жинақтауға мән берген.
Бөлісу: