Ербол Алшынбай. Бұл кезең – таланттан кәсібилікке өту кезеңі
Бөлісу:
13 наурыз күні, Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада белгілі ақын, халқаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-при иегері Ербол Алшынбайдың «Жоғалған таулар» атты жыр кітабының тұсаукесері өтеді. Барша жыр сүйер, өлең сүйер оқырманды поэзия кешінің құрметті қонағы болуға шақырамыз. Осы уақытқа дейін ақынның «Құлан ауған» атты өлеңдер жинағы жарық көрген болатын. Ербол Алшынбайдың жаңа кітабына құтты болсын айта отырып, кеш алдында шағын ғана сұхбат өргізген едік. Соның қалпын бұзбай назарларыңызға ұсынып отырмыз.
- 2013 жылы студенттік шағыңызда «Құлан ауған» деген атпен алғашқы жыр жинағыңыз шыққаны есімізде. Араға он жылға жуық уақыт салып, екінші кітабыңыз «Жоғалған таулар» оқырманға жол тартып отыр. Құтты болсын айтамыз! Екі кітап арасындағы уақыт айырмасы алшақ емес пе?
- Үнемі өзіме көңілім толмайды. Қашанда өлең өз ойлағанымнан сәл төменірек шығып қалады. Екі кітаптың арасы созылыңқырап кеткені содан шығар. Арада жылдап жазбай кеткен кездер де болды. Психологиядағы өспірім кездегі өтпелі кезең поэзияда да болады. Көп қаламгерлер осы кезеңнен өте алмайды. Сосын поэзияны жастықтың өнері деп түсіндіргісі келеді. Меніңше бұл таланттан кәсібилікке өту кезеңі. Сол кезең менде ұзағыраққа созылып кетсе керек. Бірақ өткен сияқтымын.
- Ақынның жазған-сызған дүниесі әуелі өз сынынан өтіп, өз көңілінен шықса керек-ті. Өзіңе ұнамаған шығарманы оқырманға итермелеуде әбестік екені аян. Бұл пікірді жаңа кітабыңыз туралы да айтар едік. Осы тұрғыдан келгенде «Жоғалған таулар» өз сүзгіңізден өтіп, көңіліңізді тоғайта алды ма? Жаңа кітап авторға несімен ерекше екен деген сауалдың да ұшығын шығарғымыз келіп тұр?
- Өз сының деген қыл көпірдің таразысы. Мәселе қалай таразылауда. Біз кейде таразылау мен салыстыруды шатастырып жатамыз. Әрине өлең сүзгіден өтті. Өте алмағаны құрдымға кетті. Жаңа кітапта көптеген жаңа сүрлеудің соқпағы бар. Мен көңілімнің ең тұма бастауларынан үзіліп түскен тамшылардың ішінен әркім өзін тапса екен деймін. Және бұл жаңа жолдың басы ғана.
- Кітапқа ат қоюдың да өзіндік машақаты бар. Кітап сүйер оқырман ретінде, кітаптың дизайны да, атауы да маған ұнап тұр. «Жоғалған таулар» арқылы нені меңзегіңіз келді?
- Мұқабаның дизайнын Тілек Рысбек деген бауырым жасады. Біздің жоғалтқанымыз көп қой. Біз адам тұрмақ дәуірлерді жоғалттық. Адамзат біздің ұлы өркениетіміз туралы мүлде ұмытқан. Енді соны өзіміз де ептеп ұмыта бастаған жайымыз бар. Маркестің кейіпкерлері сияқты.
- «Қызыл велесипет» деген тамаша өлеңіңіз бар. Әлеуметтік желіде оқырмандар айрықша сүйінішпен оқып, жылы қабылдаған еді. Бұл өлең бәріміздің ішімізде кеткен, бала кезімізде орындалмай қалған бір арманымызды еске салып еді. Аз ғана лирикалық шегініс жасап, Шығыс Жетісуда, Іленің аймауыт даласында өткен балалық шағыңызға бір саяхат жасап қайтсақ. «Балалық» деген риясыз сөз естілгенде көз алдыңызға қандай картина келеді?
- Кеш батып бара жатқандағы әкемнің көлеңкесі. Ол соншама айбынды. Соншама алып. Әлемде теңдесі жоқ қайраттың иесі сияқты көрінетін. Сосын ол ерте кетті де сол айбынды көлеңке күйінде қалды. Әкемді ойласам, оның бетіне ақ жауып, бірнеше адам аулаға тігілген киіз үйге шығарып бара жатқаны ғана көз алдыма келеді. Сосын шешем оның алты қабат аспанның арғы жағына кеткенін айтты. Мен төртінші сынып бітіргенше оны күтіп жүрдім…
- Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханнан қалған аруақты сөз бар: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден», - деп келетін. Бұл сөзді қазір екінің бірі, егіздің сыңары айтып жүр. Біреу біліп айтар, біреу білмей айтар. Сіздің пайымыңызша Әлекең емеурін еткен мінез қандай мінез? Ақынға мінез керек дейтін сөзді де жиі естиміз. Осы көзқарастардың ирімін аз ға ғана тарқатып өтсеңіз?
- Әлихан атамыздың ол сөзінің соңында “Біліммен мақсат шықпайды. Ібіліс жұмақтан білімсіздігінен қуылған жоқ, имансыздығынан қуылды” деген тұжырым бар. Бұл толық айтсаң ғана түсінікті болатын сөз.
Ал мінез мәселесіне келсек, такаппарлық пен тасырлықтың, өткірлік пен бетбақтықтың, адуындық пен әумесерліктің арасын ажырата білсе ғана ол мінез болады.
- Әңгімеңізге рақмет. Кешіңіз сәтті өтсін. «Жоғалған таулар» оқырманның қолында тозсын!
Бөлісу: