Қалиакбар Үсемханұлы. Қарғыс

Бөлісу:

28.03.2023 2768

әңгіме

- Күні бойы оттың басында қу терімен алысып отыр, сөйтіп. Тарғыл мысық арсадағы еттен түк қоймапты. Не тошала үйдің жыртық-тесігін бітемейсің, не мысықтың көзін жоғалтпайсың, - деп сырттан қомпылдап сөйлей кірген Күләй пештің түбінде өрім өріп отырған күйеуі Қайсаға алая қарады. Қайса үндеген жоқ.

Қайқы бас төсектік алдындағы бөстекте теріс қарап бүрісіп жатқан Қарашаш апа басын көтерді. 

- Тарғыл мысқты көрші ауылға апарып тастадым дегені қайда Қайсаның? - деп ұлына қарап мырыс етті. 

- Иә, шеше, өткенде көрші ауылға апарып тастағам. 30 шақырым жерден қалай тез келген?! Дорбаға салып апардым, жолды да көрген жоқ, үйді қалай тауып келді екен, - деп Қайса таң қалды. 

- Ой, тәйір-ай, жылқы мен мысық айшлық жерден қашып келді. Оның қасында мына тұрған Қаракемер сөз бе?! - деп бір тынып алды да, - жә, ол мысыққа тимеңдер, арсадағы етті қапқа сал да, биік жерге салақтатып асып қой, - деді. 

Бұлардың айтып отырған тарғыл мысығы 2-3 жылдан бері осы үйдегілермен бірге жасап келеді. Өте қыран, үйге тышқан жолатпайды, дегенмен беті ашық қалған тамаққа аузын тығып, арсадағы еттен ет қоймайды. Кейде тіпті қайсаның тіліп қойған таспаларына дейін шайнап тастайды. Қайса талай ұрды, бірақ тарғыл мысық сол әдетін қойған жоқ. Өткенде атып тастайын деп бір оқталып еді, шешесі Қарашаш «мысықтың қарғысы қатты болады» деп атқызбай қойды. Содан бар тапқан амалы алыс жерге апарып қаңғыртып жіберу болды. 

- Жүре берсін, енді тимеңдер мысыққа, астарыңның бетін жауып жүріңдер, - деді Қарашаш апа пештің мойнында тұрған жез құманды алып жатып, манағы сөзін тағы қайталап. Сосын құманын көтеріп есікке беттеді. Қиуы қашқан ағаш есік шиық етіп ашылғанда аңдып тұрған тарғыл мысық сып етіп үйге кірді. Бүйрі шығып, тойып алыпты...

Жазда сахатшылардың аяғы үзілмейтін Көктерек қарқара бастап құс қайтқан қазан айынан бастап, базары тарқаған өмірдей самарқау күйге көшеді. Жаз болса киіз үйін тігіп, желі құрып, бие байлап абыр-сабыр боп жататын ауыл адамдары күзде шөп-шалаңын тырнаштап жиып алады да, қыс бойы қолындағы малына қарап, тырып етпей жатады. 

Қайсаның қысы-жазы айналыстан жалғыз жұмысы - өрімшілік. Күзден бастап сойылған ірі қараның терісін жинап алып, таспа тіліп, өрім өреді. Сол төңіректегі танымал өрімші. Қамшы, жүген, ноқта, айыл, жырым сынды ат әбізелдерінің түр-түрін өреді. Өмілдірік, құйысқан өргізетіндер да бар. Ауылдағы шағын мұражай «бізге бір саба керек боп тұр» деген соң, алпыс екі таспадан саба өріп берген. Қазір сол өрме саба көрген жанның таңдайын қақтыратын таңдаулы бұйымға айналды. Ауыл әкімі қайсаның осы еңбегін ескеріп, ауданға, облысқа шақпылап жүріп, «қазақ өрімшілік өнерінің мұрагері» деген ат бергізді, ай-сайын беретін тиын-тебені де бар. Тиын-тебенін қойшы, Қайса да отқа қарап отырған жоқ, қоралы қойы, үйірлі жылқысы болмаса да, өзіне жетерлік дәулеті бар. Бір қамшы өрсе, бір тоқты беріп ап кететіндар аз емес. Осыдан бір ай бұрын осы ауылдың байы Бейсен келіп, бір ердің айыл-тұрманын тапсырған. Ұзататын қызына ат мінгізбек. «Қалайда тойға дейін үлгертсең» деп қайта-қайта айтқан соң, Қайса сол күннен бастап Бейсеннің тапсырмасын орындауға кіріскен. 

Ертең той. Қолындағы жырымды бітірсе бәрі дайын. «Жақысға тарту, жаманға сату» болсын деп, қосөрме жүген мен ноқтасын қоса өрді. Псытан мен өмілдірігін көз салып сәндеді. «Мынаны көргенде Бейсекең қалайда бір қарасын ал дейтіні анық қой», - деп іштей есеп те соғып жүр. 

Апасы сыртқа шығып кеткен соң Күләй қайсаға бұрылып, «тарғыл мысық еңбегіңді еш қылыпты. Кеше өріп бітірген өмілдіріктің шашағын түк қоймай шайнап тастапты», - дегенде, Қайса, шабына от түскендей орнынан ыршып тұрды. «О, әкеңді... он екі таспадан өрген өмілдірікті де шайнап тастап па, әй мынаның қорлығын-ай», - деп пештің түбінде отырған тарғыл мысықты желкесінен алып жерге бірақ ұрды. Қанша айтқанмен «жаурынына пайғамбардың қолы тиген жануар» - емес пе, жерге былш етіп қатты ұрылмай, төрт аяғын тірей түсті. Бұл онысызда ашуға булығып тұрған Қайсаның жынына тиді білем, шап беріп мыстықтың артқы сыйрағынан ұстай алды да, сүйретіп далаға шықты. Тарғыл мысық бір пәленің болатынын сезгендей жан ұшыра милаулап, Қайсаға жалынғандай кейіп танытты. Бірақ оған Қайса қараған жоқ, есік алдына алып шықты да, артқы сирағынан ұстаған беті үйдің бұрышында жатқан жалпақ тасқа тағы бір періп кетті. Мысық бұл жолы да аяғымен қорғанып, ұлы денесін тасқа тигізбей кетті. Дәрет алып отырған Қарашаш апа мұны көріп, ойбайлап тұра жүгіріп еді, үлгермей қалды. Ол келгенше қаны қарайып, жүзі өрт сөндіргендей түтігіп кеткен Қайса тарғыл мысықты табанға салды да, қарынан аяғымен басып тұрып, алдыңғы екі аяғын жұлып-жұлып алып, екі жаққа лақтырып жіберді. Қол етімен қатар қабырға терісі де жалбырап қалған бейшара мысық тыржыңдап аз жатты да, «М-и-я-у...» деп барып жан үзді. Алқынып жеткен Қарашаш апа «астағфиралла, астағфиралла » деп алақтап барып, көзі ақшиып талып қалды...

Осы уақиғадан кейін Қарашаш апа ұзақ аурып жазылды. Оны емдетуге Қайса да біраз шығындалды. Дегенмен, көктем шыға Көктеректің көңілді күндері басталды. Қарашаш апаның жүрегін ауыртқан тарғыл мысықтың да уақиғасы біртіндеп ұмытылды. 

Күн артынан күн өтті. Жас өсті, жарлы байыды. Қайсаның жалғыз ұлы Жанат та ержетіп, келіншек алды. Қайса бар жиған тергенін шашып, ат шаптырып той жасап, келін түсірді. Күләй келін түсіріп, қолы ұзарғанына қуанса, Қайса немере сүйуге асықты. Келіні Жібек те текті ауылдың қызы, ибалы, әдепті, он саусағынан өнер тамған ісмер. Келін боп түсіп, төсекпен көтерді. Әне-міне дегенше тоғыз ай толып, толғақ та басталды. Жаздың күні, Қайсаның үйі Тепсең де киіз үймен отырған. Бұл ауылда дәрігер атымен жоқ, 100 шақырым жердегі ауданға қатты ауырғандар болмаса, көп ешкім бара бермейді. «Келіндер ауданға барып босансын» деп ауыл басышлары талай айтты, бірақ «ой, ауданың құрысын, ер дәрігерлер босандырады дейді, балаңды ауыстырып жібереді дейді» деген секілді пәле-қазаны қаптатып біреуі бармай қойды. Біреу толғатса, Қарашаш апа мен Қадиша кемпірді шақырады.  Осы Көктеректегі «Би бәтимә піріне» сыйынған талай әйелді осы екі кісі қазақы жолмен аман-есен босандырып алатын. Дегенмен, немере келіні толғатқанда Қарашаш апаның дегбірі кетті. Көршінің балаларын жұмысап, Қадиша кемпірді шақыртты. Ол келгенше Қарашаш апа алты қанат ақбоз үйдің ортасына қос қабат арқан керіп, қажетті дайындықты жасап үлгерді. Әлден уақытта қасына көрші келіншектерді ертіп, Қадиша кемпір де жетті. 

- Ал Қадиша, қолың жеңіл еді ғой, немере келінді сен босандыр, толғақтың ащы болатын түрі бар, байқаймын бала кіндігіне оралып қалған сияқты, көрші әйелдерді шақырып сырмаққа саласыңдар ма, қайтесіңдер,- деді, бала теріс келсе, кіндігіне оралып қалса, қазақтың сырмаққа салып «оң-теріс» жасап жіберетін әдетін меңзеп. 

- Жалғыз сенің келініңді босандырып тұрғам жоқ қой, осы ауылда сен екеміз босандырмаған, кіндігін кеспеген кім бар? Алаңдама, Алла сәтін салса, келін аман-есен босанады. Сен онан да бізге қарамай жарыс қазаныңды көтер,- деді Қадиша кемпір келте қайырып. Қарашаш апа ұнның ішіне салып сақтап жүрген бір жілігін көтеріп сыртқа беттеді. Бірақ екі құлағы іште. Қанша күтсе де, келіннің ышқынған дауысынан басқа, ештеңе естілмейді. Дегбірі кеткен Қарашаш апа келсапты алып, үйді айналып түйгіштей бастады. Баяғыда Құсанның келіні бір күн, бір түн толғатқанда үй іргесінен үйірлі жылқы айдап, үйді айнала дәл осылай түйгіштеп жүріп аман-есен босандырып алған. Қазақтың осы ырымы сеп болды ма, жоқ әлде уақыты тура келді ме, Қарашаш апа келсаппен жерді түйгіштеп, алты қанат үйді жеті айналғанда іштен іңгәлаған сәбидің үні естілді. «А, құдай ақсарбас» деп Қарашаш апа арқасынан ауыр жүк түскендей босағаға слық етіп отыра кетті. «Енді бір әйел жүгіріп шығып сүйінші сұрайтын шығар», - деп ойлап еді, үйдегілер бөгеле берді. Жүрегі шым етті. «Екіқабат әйелдің бір аяғы көрде, бір аяғы төрде деуші еді, келін аман ба екен?», - деген ой сап ете түсті. Іле шала Күлайдің әлде неден шошынғандай ышқына жылаған даусы шықты. Қарашаш апа жан дәрменімен есікке ұмтылды. Жібек оң жақта сұлық жатыр, ал Күләй қара жерді төпештеп үй ішінде дөңгеленіп жүр. Жайшылықта тізесінен баса алмайтын Қарашаш апа екі-ақ аттап Қадйшаның қасына жетті. Әйелдер кері шегінді, Қадиша «бұл қалай болғаны?» - дегендей Қарашаштың бетіне қарап, шақалақты қос алақанына салып оған қарай таятты. Сұмдық, баланың екі қолы жоқ, тақыр қолтығынан біреу жұлып алып тастағандай, денесінің жоғарғы жағы домаланып жатыр, шүметайы шошайып, екі аяғы ербең-ербең етеді... 

Көрнекі суретке Пабло Пикассоның картинасы пайдаланылды

Бөлісу:

Көп оқылғандар