Келеке керек пе?
Бөлісу:
Ұлттық академиялық кітапханада сатира жанрына қалам тербеп жүрген жазушы Үміт Зұлхарованың «Келеке керек пе?» деп аталатын кітабының таныстырылымы болды. Жазушымен кездесуге оқырмандары, журналистер мен студенттер келді. Осыған дейін «Есебіңді білесің бе?», «Депутат отыр партада» атты сатиралық кітаптар жазған автордың бұл кітабында да оқырмандарын күлдіріп отырып ойландыратын шығармалар жеткілікті.
Республикалық сын-сықақ «Aрa kz» журналында, қоғамдық саяси «50 де 50» газетінде қызмет еткен, қай жерде қызмет етсе де қоғамның көлеңкелі тұсын байқап, оны қалам ұшымен түзеуге ниеттеніп, қандай да бір кемшілік-олқылыққа көпшілік назарын аударуды мақсат қылған қаламгердің жаңа кітабы бірнеше бөлімнен тұрады.
Үміт Зұлхарованың жазғаны бізге түсінікті әрі соншама жақын болып көрінгені – дәл байқап, артық ауызсыз жазғанынан шығар. Осылардың ішінде «Саяси сын-сықақтары» анық айтып, дөп түсіп, ондыққа дәл тигізетіндігімен және стилімен ұнады. Осындағы «Саяси (бақай) есеп» арқылы автордың да, министрлердің де логикасын байқауға болар еді. «Министрдің мәселе есебі», «Кім қайда қонжиды?», «Сот қанша пайда тапты?», «Кім көп қылғиды?» деп келетін есептерді оқып отырып өзің де ойланып қаласың, ойыңда сол есептің жауабын іздеп кеткеніңді байқайсың. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қойылған «есептердің» де жауабы күрделі, осы кезге дейін ауыл еңбеккерлерінің жағдайына шын ниетімен көз жіберіп, шаруаның үніне құлақ қойып көрмеген министрліктің де ол есептерді жақын арада шемішкедей шағып, шешіп тастайтынына күмән бар. Автор білім саласына қатысты да есеп ұсына отырып, біздің осы салада әлі күнге шешімін таппаған мәселелерден назарымызды ала қашып, оны және «сасыған еттің иісі шықпасын» деп үстінен қымтап жауып, бүркеумен келе жатқанымызды айтып әжуалайды. Мәселе-есеп деген тек логика үшін емес, мәні табылса ғана жауап дұрыс шығады. Бірақ, әл-әзірге ол есептердің жауабын ешкім білмей тұр. Өйткені біздің елдің қазіргі дамуы айдалада тоқтап тұрған пойызды елестетеді.
Ал енді осы кітаптағы «Саяси ойындар» туралы айтсақ, жоғарыдағы кәллалардың қиялы басқа, төменде жүрген қара халықтың көбелек қуып жүрмесе де, күнкөрісі мен күйттегені тіпті бөлек екенін тағы бір рет байқаймыз. Өйткені төмендегілер «бала-шағамыздың ертеңі қалай болады?» деп уайым кешсе, жоғарыдағылар «Жер кімдікі»? деп жатпайды, оны өз меншігіндей бөліске салады, іштері пысса «кадр алмасып» ойнайды. Бір-бірін мақтап, сипақтатып мәселе шешкенсіп, ара-арасында көппен бірге «біз де» деп қосамжарласып қойып, ел үшін бірдеңе істегенсіп жүргені жүрген, ал ойлағаны сол баяғы құлқынның қамы. Сайлау сайын қайтып айналып келе беретін депутаттар мен «жылдырт, жылдырт» деп тендер атып ойнайтын шенеуніктер көбейіп тұрғанда елдің алдағы он-жиырма жылынан бір өзгеріс пен ғажайып жақсылық күтейін десең де бұл бара-бара қиынға айналып бара жатқаны да рас.
Үміт Зұлхарованың фельетондарында еліміздің саяси-экономикалық ахуалы, қоғамдағы сыбайластық, барлық саланы жегідей жеп, бой бермей күш алып кеткен жемқорлық фактілері нақты сөйлейді. Айталық, мүгедектік топтағы адамдардың жәрдемақысына қатысты мәселелерді айтудай айтып жүрген мақала жетерлік, ал фельетон қылып Үміт жазып отыр. Мұнда автор Өскемен медициналық әлеуметтік сараптама комиссиясының осыған қатысты ережелерді белден басқан ісін ашық әшкерелейді. «Жын ұсынған жұмыста» сол біздегі бармақ басты, көзқыстылықтың мысалын көрсетеді.
Сіз «Жердегі бөкендер көктегі көкелеріне хат жазыпты» десе сенесіз бе? Біз сендік. Үміт Зұлхарова сол кездегі ауылшаруашылық министрі Ахметжан Есімовке бөкендердің мұңын жеткізеді. Бұл дүниесі 2003 жылы жазылған екен, содан бері де көп ештеңе өзгеріп кете қойған жоқ, жыл аралатып ақбөкенге қатысты заң шығарады, одан бөкен байғұстардың да, басқаның да жырғап кетіп жатқаны шамалы.
«Крупный сауда кімдікі» атты дүниесінде шетелге сатылған балалар туралы, «Мұрындар мұңында» экология нашарлауынан тыныс жолдары ауруының өршіп кеткенін айтады. Осылардың ішіндегі «Араның ариясы» халық арасына кең таралған әндердің әуеніне лайықталып жазылған. Автор «Араның ариясында» әйелдерді босандыруды ақылы қызметке айналдырған министрліктің оғаш қылығын сынап, үйлі боламын деп үміт етіп, құрылыс компаниясына жиған-тергенін құйып сан соғып қалған үлескердің мұңын, екі ай сайын сайлау өткізіп, дауыс сұрап әлекейдей жалаңдап келетін кандидаттарға «аманатын» қанша рет арқалатса да, әлі күнге дейін сусыз, жолсыз, дымсыз отырған халықтың мұқтажын жеткізеді.
Автордың сықақ өлеңдері, тұрмыстық пародиясы, мәні майысқан мақалдары мен жаңылтпаштардың бәрі де біздің қоғамға, өзімізге қатысты. Айта кетелік, жаңа кітаптың тұсаукесерін ұйымдастыруға бастамашы болған қаламгер Гүлжан Амангелдіқызы болса, кештің әрін ашып, әдемі жүргізген ақын Қалмаханбет Мұқаметқали.
ҮМІТ ЗҰЛХАРОВАНЫҢ ФЕЛЬЕТОНДАРЫ
Ауыл шаруашылығы министрлiгiне
1-ЕСЕП
Үкіметтің ай батқандай адастырған «Ауыз су» бағдарламасы айдай әлемге жария етіліп, қазынадан 115,1 миллиард теңге бөлінді. Бірақ белгіленген жерге осы қаржының тек 10 пайызы ғана түскен.
Сонда қаржыны шашау шығармай, 100 пайызын түгел халық игілігіне жарату үшін жергілікті әкім-қаралар мен су шаруашылығына қатысты департамент шенеуніктерінің үстінен жыл сайын қанша рет тексеру жүргізіп, қанша рет комиссия жөнелту керек?
2-ЕСЕП
Нанның бағасы қымбат. Мұның мәнісі Үкіметке де, Парламентке де жұмбақ. Парламент жұмбақтың шешуін тапқысы келеді, Үкімет бұл мәселені «жапқысы» келеді. Ал Ауылшаруашылығы министрлігі ешкімнің басына келмеген ерекше бір ой айтқысы келеді.
Хош, Ауылшаруашылығы министрлігінің пайымдауынша, нан қымбаттаса – толықтар қиялдағыдай шапшаңдықпен азып, арықтар гүл шыбықтай бұралып, сымбатты бола түседі. Бұл халқымыздың жаппай ажарлануына септігін тигізеді.
Сонда, егер нан осы қарқынмен қымбаттап, нансоғарлар нан күйсеуді екі есеге азайтса, 15 миллионға жуық халқымыздың қанша пайызы арықтап, келбеттілер қатарына қосылар еді?
З-ЕСЕП
Егер Арал аймағы тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету жобасын жүзеге асыру үшін бөлінуге тиіс 700 миллион теңгенің осы уақытқа дейін тек 68 миллионы ғана жұмсалған болса, қалған 632 миллион теңге толық игерілуі үшін «Ауыз су» бағдарламасын тағы қанша жылға сағыздай созу керек?
2005 жыл
Бiлiм және Ғылым министрлiгiнiң құзырына
1-ЕСЕП
Мұғалімнің оқушыларды тәртіпке шақыруға, сабақ түсіндіруге шамамен 30 пайыз, директордың дегенін бұлжытпай орындап, ойынан шығуы үшін 20 пайыз, аттестациялау кезіндегі алашапқын жүгіріске 40 пайызға жуық нервісі кетеді делік. Ал үйде балалары мен күйеуінің (немесе әйелінің) көңілін бағып, бабын табуы үшін кеткен нерві мектепке жұмсайтын нервінен 2 есе аз.
Сонда, таңның атысынан күннің батысына дейін тыртыңдап, мектептің игілігі жолында су болуға айналған мұғалімнің миын тынықтырып, бәйгі атша тұла бойын ширату үшін оның жарытымсыз жалақысын қанша пайызға өсіріп, мектептің сандалтып жіберетін сан мың жұмысын қанша пайызға қысқарту керек?
2-ЕСЕП
Мұғалімнің көп болғаны жақсы. Бірақ қазір нашар мұғалім көп те, жақсы мұғалім тапшы. Егер Білім және ғылым министрлігі жақында бекіткен №1051-бұйрықтың 17-тармағына сәйкес, мұғалімдерді тек бір ғана пәннен категориясын, жалақысын көтеріп, екінші сыңар пәннің категориясын сол күйінше қалдырып, жалақысын жарытпайтын болса, мектепте құлшынып істейтін мұғалім қанша пайызға азайып, су ми оқушы қанша пайызға көбейер еді?
3-ЕСЕП
Мұғалім әрбір жартыжылдықта директордың міндеттеуімен кемінде 3 басылымға, өзінің қалауымен 3 басылымға жазылады делік. Мұғалімнің жалақысы орта есеппен 25 мың теңге.
Сонда, мұғалім жалақысының қанша пайызын басылымдарға, қанша пайызын отбасына, қанша пайызын өзіне жұмсайды?
2005 жыл
Бөлісу: