Терминжасамның аналитикалық тәсіліндегі негізгі ерекшеліктер

Бөлісу:

29.03.2023 1434

Ұлттық терминқорымызда аналитикалық жолмен жасалған терминдер өте мол. Соған қарамастан, қазақ тіл білімінде терминжасамның синтаксистік тəсілі, бұл тəсіл арқылы жасалған терминдердің тілдік табиғаты əлі арнайы зерттеле қоймаған, жекелеген ғылыми еңбектер мен мақалаларда ғана сөз болып жүрген мəселелердің бірі. Терминологиялық лексикамыздың қомақты бөлігін екі, үш немесе одан да көп сыңарлы терминдердің құрайтынын ескерсек, терминжасамның бұл тəсілін арнайы қарастырудың, жан-жақты зерттеудің мəні зор екендігі сөзсіз.

Аналитикалық тəсіл ретінде қарастырылып жүрген сөзжасам амалдары жөніндегі осы саланы арнайы зерттеп жүрген ғалымдарымыздың пікірлері əр уақытта сəйкесе бермейді. Оны белгілі тілші-ғалымдардың мына төмендегі жазғандары анық көрсетеді. «Тілдегі, тілдік процестегі себеп-салдарлық құбылыс, байланыстарға мəн бере бермегендіктен кейде сөзжасаманың бұл тəсіліне біріккен, кіріккен сөздер, қосарланған, қайталанған сөздер, тіркесті (күрделі) сөздер жатқызылды. Бұлар яғни, біріккен (кіріккен) сөздер, қос сөздер, тіркескен сөздер сөзжасам тəсілі емес, сол сөзжасам тəсілі (аналитикалық немесе синтаксистік) негізінде пайда болған нəтиже яғни жаңа туындылар, олар біріктіру процесі арқылы, қосарлау я қайталау, тіркестіру нəтижесінде туған тілдік единицалар. Сондықтан бұл екі түрлі тілдік құбылысты бір-бірімен шатастыруға болмайды. Соған қарамастан грамматикаларда бұлар күрделі сөздер жəне оның түрлері ретінде беріледі» – деп жазады тілші-ғалым С.Исаев.

2002 жылы тіл білімі институты шығарған көлемді еңбектің бірі саналатын «Қазақ грамматикасы» авторлары – «Біріккен сөздер дүниежүзіндегі тілдерге өте кең тараған. Олардың аналитикалық тəсіл арқылы жасалатыны да ғылымда əбден танылған.» [62,  253] жəне «қос сөздер тілдің аналитикалық тəсілінің қосарлама тəсілі арқылы жасалады», – деп жазады [63, 256]. Көріп отырғанымыздай, сөзжасам мəселелерін арнайы зерттеген белгілі тілші-ғалымдардың пікірлері бір арнаға тоғыса бермейді. Тіл білімінде бұл мəселе əлі де жан-жақты зерттеліп, ғалымдар бір ортақ пікірге келе жатар. «Қазақ грамматикасы» авторлар ұжымы жазған, А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының ғылыми кеңесі ұсынған академиялық еңбек болғандықтан 1) сөзқосым, 2) қосарлау, 3) тіркестіру, 4) қысқарту тəсілдерін біз осы еңбек негізінде аналитикалық тəсілдің құрамында қарастырып, сала мамандарына ұсынып отырмыз. Терминтанушылар əртүрлі еуропа тілдерінің терминологиясының 60% -дан 95% -ға дейін құрап, дара терминдерден əлдеқайда басым екенін атап көрсетіп жүр.

1970 жылдары жазылған М.И.Макованың ғылыми мақаласында  ағылшын тіліндегі сөздердің тіркесуі арқылы жасалған терминдер терминологияның 70 пайызын құрайтынын көрсетсе, З.М.Осипенко кандидаттық диссертациясында орыс терминологиясындағы тіркесті терминдердің терминқордың 62-77 пайызын құрайды деп көрсетеді В.Н.Прохорова да орыс тіліндегі синтаксистік жолмен жасалған терминдер туралы пікірі сол алдыңғы ғалымның тұжырымын растай түседі. Ол «Терминжасамда синтаксистік тəсіл өте белсенді түрде жұмсалады. Орыс тіліндегі термин жасаудың бұл дəстүрлі тəсілі қазір де ең өнімді тəсілдердің бірі болып табылады», – деп көрсетеді. Бұл тəсіл қазақ тілінде де өнімділігімен ерекшеленеді. Олай болуының себептері арнайы зерттеуді қажет етеді. Алайда кейбір себептері туралы қазірдің өзінде айтуға болады деп ойлаймыз. Бір себебі – біздің терминологиялық лексикамыздың құрамындағы көпкомпонентті терминдердің басым бөлігі орыс тілінен тікелей аударылып алынған. Терминологияда бір арнаулы ұғымның екіншісімен түрлі байланысын көрсететін, тегі бір ұғымдардың түрлерін білдіретін атаулар жиі ұшырасады. Əдетте ондай атауларды бір сөзбен беру оңай бола бермейді. Сондықтан екінші бір себебі – түр атаулары болып келетін терминдер, логикалық жүйеге сəйкес ұғым мазмұнын дəл беру мақсатымен көп сыңарлы болады. Тек терминологияда емес қазақтың жалпыхалықтық тілінде де сөз тіркесімнің өнімді тəсіл болғандығын сөзжасам саласын зерттеген тіл мамандары атап көрсетеді. «Сөзтіркесім – жаңа сөз жасаудың ең өнімді жолы. Қазақ тілінде зат немесе құбылыстың атын тіркестіріп атау жиі ұшырайды. Бұл сөздер аталым (номинация) дəрежесіне жеткен сөздер. Егер сөз тіркесі лексика лық тұтастыққа айналып, аталым дəрежесіне ие болғанда сөз тіркесі қызметін тоқтатады. Мұндағы басты қасиет – ұғымның атауы дəрежесіне жетуі».

Біздің терминологиялық лексикамыздағы сөздердің тіркесуі арқылы жасалған терминдердің үлес-салмағы əзірге статистикалық тұрғыдан дəл көрсетілген емес. Дегенмен кейбір арнаулы салалардың терминдер жүйесін зерттеген еңбектердің нəтижесіне қарағанда қазақ терминологиясында да көп сыңарлы терминдердің 60 пайыздан (ең кем дегенде) аз болмайтыны байқалады. Ендеше мұндай өнімді тəсілдің лингвистикалық табиғатын арнайы зерттеп, термин шығармашылығында тиімді пайдаланудың қажеттігі күмəн туғызбайды. Солай бола тұрса да, бұл мəселенің əлі басы ашылмаған, аражігі ажыратылмаған қырлары жеткілікті. Жалпы қазақ терминологиясында ең аз зерттелген мəселенің бірі осы көп сыңарлы терминдердің тілдік табиғаты.

Жалпы тілші-ғалымдар мен терминтанушылардың бірнеше сөздің тіркесуі арқылы жасалған терминдер туралы пікірлерінің өзі бір арнаға тоғыспайды. Бірқатар ғалымдар терминдердің көп сыңарлы болуы терминнің ықшамдылығы, қысқалығы талабына қайшы десе, екіншілері мұндай терминдер ұғым мазмұнын дəл береді деген пікір білдіреді. Мəселен, белгілі түрколог ғалым К.Мусаев «Термин жасауда күрделі терминдердің сыңарларының (компонент) артуы жалпы үрдісі байқалады. Бұл үрдіс терминнің қысқалығы қағидатына қайшы келеді жəне тілдік практикада қиындықтар туғызады» – дейді.

Бұл пікірмен келісе бермейтін, мəселенің екінші қырына назар аудару қажет дейтін пікірдің бірін «жалпы терминология» атты монографиядан кездестіруге болады. «Сипаттама терминдерден арыламыз немесе қандай да бір жолдармен олардың санын кемітеміз деу мүлде дұрыс емес деп санаймыз. Егер итермин жасалып, қолданылып жүрген болса, оны алмастыру – ол белгілейтін таңбаланушыны «қайта атау» болып табылады. Ал мұндай əрекет ғылыми жəне техникалық ойлау жұмыстарын жақсартпайтыны белгілі».

Екі түрлі пікір айтқан ғалымдардың бірі – терминнің ықшам, қысқа болуы керек деген талапты басшылыққа алса, екіншісі – терминнің ұғым мазмұнын қамтуды, мағынасың дəлдігін ескерген. Біріккен сөздер арқылы да терминдер көп жасалуда. Мысалы, басқосу, бойтаса, бірізділік, ақтұмсык, бейнетаспа, баспасөз, дүниетаным, тікұшақ, келісімшарт, жеделсаты, жылдамсаты, оққағар, т.б. Екі түбір сөздін бірігуі аркылы да көптеген терминдер салалык терминологияда жүйелі түрде колданылып келеді. Сөздердің тіркесуі аркылы да ғылыми ұғымды білдіріп, терминге айналу тәсілі арқылы да термин жасауда. Мысалы: несие беру, табыс табу, пайда көру, пайда табу, айналымға енгізу, салым қабылдау, оқу құралы, кепілдік беру, мұнай айдау, төтенше жағдай, бұкаралық ақпарат, залалды аймақтан өту, әскери тасымалдау әдістері, күзеттің негізгі шебі, ұңғымалар қазу, сораптан мұнай алу, қазандықты іске қосу, есепшот ашу, құбыр жүйесі аркылы тасымалдау, т.б.

«Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» атты ұжымдық монографияның авторлары аналитикалық тəсілдің ішкі түрлерін атап көрсетіп, олардың əрқайсысына анықтамалар берген [66]. Төмендегі аналитикалық тəсілдің жіктелуі мен анықтамалар осы еңбек бойынша беріліп отыр. Олар:1) сөзқосым, 2) қосарлау, 3) тіркестіру, 4) қысқарту. Сөзқосым тəсілі арқылы біріккен, кіріккен атаулар жасалады. Ондай атаулар қазақ тілінде көптеп саналады. «Біріккен сөз дегеніміз – жеке-дара сөздердің өзара шоғырлана тұтасуынан жасалған дербес лексика-грамматикалық мағыналары бар туынды сөздер». Екі я онан да көп түбір сөздер біртұтас дыбыстық құрамға қосылып, бір лексикалық мағына беріп, бір ұғымды білдіріп, бір лексикалық единица жасайды. Мысалы, еңбекақы, асқазан, зейнетақы, гүлсерік, бессайыс, елтаңба, əнұран, əуежай, бағдаршам, жеделхат, жанкүйер, желкерме (парашют), қолжазба, қолхат, мұражай, сусабын (шампунь), дəйексөз (цитата), оққағар (телеохранитель) т.б. сөздер осы сөзқосым (словосложение) тəсілімен жасалған.

Екі сөздің бірігу нəтижесінде іштей морфемалық, дыбыстық өзгерістерге ұшырап, əбден жымдасып, тұтасып кеткен біріккен сөз түрін кіріккен сөз дейді. Мысалы, білезік, қарлығаш, сексен, тоқсан т.б. Сөздерді қосарлау ақылы сөз жасау қазақ тілінде бұрыннан бар тəсіл. Қос сөздер тілде екі сөздің қосарлануы арқылы жəне бір сөздің қайталануы арқылы жасалады. Соған сəйкес олар қосарлама қос сөздер жəне қайталама қос сөздер деп екіге бөлінеді. Бұл тəсіл терминжасамда да едəуір пайдаланылып жүр. Оған осы тəсілмен жасалған төмендегідей терминдер мысал бола алады. Мəселен, оқ-дəрі (порох), сауда-саттық (торг), тепе-теңдік (паритет), керек-жарақ (снаряжение), келісім-шарт (контракт), қарама-қайшылық (противоречие), құрал-сайман (инструмент), алым-салық (дань), шағым-талап (рекламация), қару-жарақ (воружение), сана-сезім (сознание), көші-қон (миграция) т.б. Тіркесті күрделі атаулар – екі немесе одан да көп сөзден тұратын, əр сыңары бөлек жазылатын күрделі сөздердің түрі. Көп сыңарлы термин атауларды терминтану саласындағы еңбектерде терминологиялық сөз тіркесі деп те атайды. «Терминологиялық сөз тіркесібұл арнаулы кəсіптік ұғымның атауы қызметін атқаратын екі (немесе бірнеше) толық мағыналы сөздердің мағыналық жəне грамматикалық бірлігі».

Терминологиялық лексика құрамындағы көп құрамды терминдердің едəуір бөлігі атаулық тіркестер мен күрделі сөздер болып келеді. Кейінгі жылдары бөлек жазылатын күрделі сөздер мен атаулық (номинативті) тіркестерді құрылымы жағынан тең дəрежедегі тілдік бірліктер ретінде тану қажет дейтін көзқарас басымдыққа ие болып келеді.

«Атаулық (номинативті) тіркестер – бір жағынан, еркін тіркестер, яғни сөз тіркестерімен, екінші жағынан, біріккен, кіріккен сондай-ақ күрделі сөздер аралығындағы тіркестер, басқаша айтқанда, тұрақталған атаулар, сондықтан да бұлар сөз тіркесінің қатарына жатпайды. Бұл тəрізді тіркестер ғасырлар бойы қолданудың барысында синтаксистік қатынасы жағынан солғындап, бір заттың (ұғымның) атауы ретінде тұрақталған».

Ғалымдар лексикалық бірлік ретінде орныққан мұндай тіркестерді сөз тіркесі деп тану дұрыс емес, оларды күрделі атау деп білу керек деген пікір айтады. Мысалы, ауыз су, ақ орда, ас тұзы, асық жілік,ортан жілік, кəрі жілік, бел омыртқа, кіндік шеше, өгей шеше, күрек тіс, азу тіс, қарын бөле, мүшел жас, күйеу бала, тоқ ішек, ақ түйіршік, азат жол, ғарыш айлағы сияқты атауларды сол қатарға жатқызуға болады.

Терминологиялық сөз тіркестерінің бəрін тіркесті күрделі атаулар деу қиын. Олардың арасында сөз тіркесі түрінде келетін, төрт, бес немесе одан да көп сөзден тұратын терминдер бар. Сондықтан тіркесті күрделі атаулар мен терминологиялық тіркес деп аталып жүрген терминдерді арнайы зерттеп, олардың өзіндік ерекшеліктері мен ортақ қырларын анықтаудың маңызы зор.

Сөз тіркестерін есімді тіркестер, етістікті тіркестер деп, септік жалғауларының қатысуына қарай – барыс жалғаулы, табыс жалғаулы, жатыс жалғаулы, шығыс жалғаулы, көмектес жалғаулы сөз тіркестері деп, ал байланысу жолдарына қарай – қабыса байланысқан, матаса байланысқан, меңгеріле байланысқан сөз тіркестері деп жіктеледі.

Қысқарту немесе қысқарым (аббревиация) тəсілі. Тілдегі ықшамдау заңдылығына байланысты сөздерді қысқартып алу қазақ тілінде ертеден бар тəсіл. Тілші-ғалымдар кеңес дəуіріне дейін кісі аттары Бекмұхамбет – Беке, Сəрсенғали – Сəке, Айнагүл – Айнаш т.б. қысқартылып алынғанын атап көрсетіп жүр. Ал кеңес дəуірінде көбінесе мекеме атаулары қысқартылып алынған. Қысқарған сөздердің барлығы да сөз табы ретінде тек зат есімге жатады. Қысқарған сөздер жасалу жолына қарай 4 топқа бөлініп жүр. 1. Дыбыстық я əріптік қысқарымдардан жасалған зат есімдер. ТМД (Тəуелсіз мемлекеттер достастығы), БАҚ (Бұқаралық ақпарат құралдары), АҚШ (Америка Құрама штаттары), БҰҰ (Біріккен Ұлттар Ұйымы) т.б. 2. Буындық я бөлімдік қысқарымдардан жасалған зат есімдер. Қалатком, кеңшар (кеңестік шаруашылық), Ономком т.б.

3. Дыбыстық, əріптік жəне буындық қысқарымдардан жасалған зат есімдер. ҚазМУ, ҚазААГ (қазақтың ақпарат агенттігі).

4. Буындық я бөліктік қысқарым мен тұтас сөз бірікпесінен жасалған зат есімдер. Мемтерминком, ҚазАқпарат, Қазақтелеком, Мембаспаком, ҚазМұнайГаз, Еуроазия (Европа – Азия), Меммүлік т.б. Қысқартудың бұл түрін аралас қысқартулар деп те атайды. Қысқарған сөздерді қазақ тілінің өз табиғатына етене құбылыс емес деген пікір де бар. Алайда соңғы кезде сөз қысқартуды сөзжасам тəсілі ретінде ал қысқарған сөздерді лексикалық бірлік ретінде қарастырылып келеді. Оның себебі былай түсіндіріледі: «Қысқарған сөздер күрделі толық атаудың бір варианты ретінде дербес сөз қызметін атқарады. Сөзге қойылатын барлық талапқа жауап береді. Қысқарған сөздердің белгілі мағынасы бар, тілдегі дайын сөз, сөйлемге дайын сөз ретінде кіреді, сөйлемде бір сұраққа жауап береді, бір құрамда қолданылады яғни құрамы тұрақты, біртұтас қалпында жазылады, айтылады. Мұның өзі сөздің белгілері. Олай болса, қысқарған сөздер тілдегі лексикалық бірліктер тобынан жеке сөз ретінде орын алады».

Жоғарыда атап көрсеткен мысалдарда аналитикалық тәсіл арқылы жасылған терминдердің қай-қайсысы болмасын терминологиялық ақпаратты беруде өзіндік ерекшелікке ие. Терминжасаушы екі элементі де өз мағыналарын сақтай отырып, бірлесе терминологиялық ақпарат бере алады.

Термин шығармашылығының бұл тəсілінің жалпы əдеби тілдегі лексика-семантикалық тəсілден елеулі өзгешеліктері бар екендігін тілші-ғалымдаратап көрсетіп жүр. Мəселен, В.В.Виноградов термин жасаудың семантикалық тəсілінің жалпы əдеби тілдегі семантикалық тəсілден айырмашылығы жалпы əдеби тілде сөздің семантикалық тұрғыдан өзгеріске ұшырауы терминологиядағыдай емес, ұзақ эволюциялық процесс екенін айтса, В.П.Даниленко да осы пікірді қолдап, терминологияда тілде бұрыннан бар сөздің семантикалық тұрғыдан өзгеріске ұшырап, жаңа мағынаға бейімделуі үшін ұзақ мерзімнің қажет емес екендігін атап көрсетеді. Сондай-ақ, соңғы аталған автор «жалпы əдеби тілде бұрыннан бар сөздердің семантикалық тəсіл арқылы мағыналық тұрғыдан қайта жаңғыруын яғни, семантикалық тəсілді сөзжасамның тұрақты жəне сенімді тəсілі деп тануға болмайды. Тек жаңа дербес мағынаға ие болған жекелеген сөздер туралы ғана айтуға болады. Ал ғылым тілінде семантикалық тəсілдің орны айрықша. Бұл тəсілдің көмегімен жаңа терминдерге деген барлық сұраныстар өтеліп отырады» – дейді.

Терминологияда бұл тəсіл түрліше аталып жүр. Түрколог ғалым К.Мусаев терминжасамның бұл өнімді тəсілі – халықтық лексиканың терминденуі (терминологизация народной лексики), лексика-семантикалық тəсіл, жалпы қолданыстағы сөздердің терминге айналуы, жалпы əдеби тілдегі сөздердің терминденуі, сөз мағынасының алмасуы, жалпы қолданыстағы сөздерге жаңа арнаулы мағына жүктеу, тілдегі сөздерді терминологиялық мағынада жұмсау, сөз мағынасын өзгерту – деп аталып жүргендігін айтады.

Қорыта айтар болсақ, соңғы жылдары жарық көрген В.В. Иванов, О.П. Фролова, Г.Ц.Пюрбеев, А.В. Суперанская жəне т.б. ғалымдардың еңбектерінде терминжасамның бұл тəсілі көбінесе терминологизация терминімен аталып жүр. Терминжасамның бұл тəсілін лексика-семантикалық тəсіл деп атай отырып, терминденуді соның бір типі ретінде қарастыратын ғалымдар да бар.

Ғалымдардың түрліше атап жүрген атауларының ішінде терминологизация терминінің қазақ тіліндегі нұсқасы терминдену деп аталып жүр. Себебі, жоғарыда аталған терминдердің көпшілігі терминге қойылатын талаптарға сай емес немесе терминделуші ұғымды дəл бере алмайды. Мəселен, жалпы қолданыстағы сөздің терминге айналуы, жалпы қолданыстағы сөздерге жаңа арнаулы мағына жүктеу, жалпы əдеби тілдегі сөздердің терминденуі, байырғы сөздерді терминологиялық мағынада жұмсау, тілдегі сөздерді терминологиялық мағынада қолдану, халыктық лексиканың терминденуі, сөз мағынасын өзгерту терминдері – біріншіден тым шұбалаңқы, қолдануға қолайсыз, екіншіден, олардың ұғым атауы болудан гөрі сипаттық мəні басым, үшіншіден, ғылыми, ұғымның өзіне ғана тəн ең маңызды белгілері қамтылмаған. Айталық, тек жалпы қолданыстағы немесе байырғы сөздер ғана термин ретінде қолданылмайды. Диалектизмдер, көнерген сөздер, кірме сөздер, қарапайым сөздер де, немесе белгілі бір арнаулы саладағы термин дайын қалпында өзге салаға көшірілу арқылы да термин жасалады. Сондықтан да бұл атаулар ұғымды дəл беріп тұр деп айту қиын.

Бөлісу:

Көп оқылғандар