Қазақтың тілі «кеңсе тіліне» айналып бара жатыр

Бөлісу:

31.03.2023 3805

Әлемде алты мыңнан астам тіл бар екен. Ол тілдердің 259-ы ғана мемлекеттік мәртебе алған. Соның бірі – қазақ тілі. Тілді өздігінен дамып, өзгеріп отыратын тірі ағза дегенімізбен, қазіргі заманда жалпы тілдердің жағдайы өте мүшкіл. Жыл сайын бірнеше тіл қолданыстан шығып қалу үстінде. Расын айтуымыз керек, өндірісі дамымаған елдің тілі айналысына өтімсіз бола бастайды. Бір ғасыр бұрын алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы негіздеп, жазып кеткен христоматиялық оқулықпен әлі күнге дейін оқып келе жатырмыз.

Жазушы Асқар Сүлейменов өзінің бір сұхбатында көркем әдебиет стилінің бейнелеу тілі ескіргендігін айтқан еді.  Ана тіліміздің лингвистикалық корпусының жағдайы қалай? Цифрлық кеңістіктің талаптарына дайын ба? Түбегейлі реформалау мен квалификациялау қажет емес пе?  Бұл бүгінгі күннің өзекті тақырыбы. Осы сауалымызды ортаға тастап, дөңгелек үстел ұйымдастырып едік. Мархабат! Жауабын бірге оқиық, мәртебелі оқырман!

- Әңгімеміздің әлқиссасын «Көркем шығарма тілі қазіргі қоғамға түсініксіз болып бара ма?» - деген сауалдан бастайықшы. Ал, жаңа сөз қалай пайда болмақ? Қазақ тіліндегі сөздердің белгілі бір пайызы өз орнын босатып, жаңа сөздерге кезек беруі керек пе? Қалай ойлайсыз? Оның қайнар көзі ұлттық ғылым мен өндірісте жатыр ма? 

Лаура ДӘУРЕНБЕКОВА, А. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының доценті:

- «Қазақ әдебиетінің бейнелеу тілі ескірді» деп кесіп айтуға болмас. Қайта заман ағымына қарай жаңа сөздер қосылып, түрленіп, жаңаруда. Негізінен жаңа сөздер аударма арқылы  пайда болады. Әсіресе, көркем аударманың әдеби тілімізді дамытуда рөлі үлкен екендігін, қазақ тіліне тікелей аударылған шығармаларданда байқап жүрміз (бұл өзі бөлек әңгіме болуы тиіс). «Сөздердің белгілі бір пайызы өз орнын босатып, жаңа сөздерге кезек беруі керек» дегенге келіспеймін. Себебі, әдебиетіміздің бейнелеу тілі арқылы ұлтымыздың ерекшелігі, тарихы, мәдениеті көрінеді. Әрине, оның дамуы ғылыми-техникалық, саяси-әлеуметтік өмірмен тікелей байланысты. 


Анар ФАЗЫЛЖАНОВА, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының басшысы:

Кез келген тіл қоғамда бірнеше стилде өмір сүреді. Дамыған, жетілген әдеби тілде негізгі бес түрлі функционалды стиль сараланып, орнығып, жүйесі бекіп, уақыт өткен сайын заман талабына сай өзгеріп, жетіліп отырады. Ол қандай стилдер? Әлбетте, стилдер табиғи жағдайда таза күйінде кездеспейді. Дегенмен де, олардың айырым белгілеріне қарап, тілтанушылар бес түрін ажыратады: көркем әдебиет стилі, ғылыми стиль, көсемсөз стилі, ісқағаз стилі, сөйлеу стилі. Бұлардың төртеуі ресми, ал сөйлеу стилі тұрмыстық қарым-қатынастағы коммуникацияға қызмет етеді. Осылардың ішіндегі көркемдігі, нақтылығы, тілдік бірліктерінің байлығы жағынан шоқтығы ең биігі – көркем әдебиет стилі. Тілдің лексикалық бірліктері ескірмейді, тек қана қолданыстан шығып қалады, салғырт лексикалық қорға өтеді де, қайта жандану әлеуеті әрқашан да күшті болады, сөйтіп бұл сөздер бәрібір де халықтың таным қоржынында жатады. Иә, олардың өзектілігі жойылып, қолданысы мүлде сиреп кететіндері болады. Бірақ, уақыт өте келе, заман өзгергенде, беделді тілдік тұлғалар ізденіс кезінде осы сөздерді қайта жандандырып жатса, олар құлпырып, жаңғырып шыға келеді. 

Біз тілтанушылар, тілдің қандай да бір тарихи кезеңінде жұмсалып, қазіргі уақытта өзектілігін жоғалтқан немесе сол тарихи кезеңнің реалийлерінің атауларына сүйеніп жасалған, күнделікті тілдесімнен шығып қалған кез келген тілдік қолданысты, сөздерді құнды дүние деп санаймыз. Ол халықтың таным жадында сақталып тұрады. Халықтың ақиқат дүние туралы өзіндік ұғым, түсінігінің элементі болып табылады. Оны қалай сақтаймыз? Міндетті түрде сөздікке енгізіп, мағынасын береміз. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты әзірлеген онбестомдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» қазақ әдеби тілінің бейнелі сөзқолданыстарын, тұрақты тіркестерді, идеомалық, лексикаланған тіркестерді, - осылардың бәрін қамтыды. Олардың ішінде салғырт қорға өткендері де көп. Мысалы, қазақта «сайыпқыран» деген сөз бар. Белсенді сөздік қордағы сөз емес. Бірақ мүлдем қолданыстан шығып қалған да жоқ. Алайда оның о бастағы семантикасы қазіргі кезде күңгірттеніп, астарында жасырынған ақиқат дүние туралы обьективті білімдер көрінбей қалған. Журналистеріміз, майталман, қаһарман, маңдайалды тұлғаны «сайыпқыран» деген эпитетпен атай береді. Ал, шын мәнінде, сайыпқыран деп, өте бір қажыр-қуат, батырлыққа, қаһарға ие болған, күн жүйесіндегі тоғыз планетаның бір түзудің бойына жиналған сәтінде туған тұлғаны ғана атаған. Арабшасы «Сахип-киран», орысша аударғанда «Парад планет» дегенді білдіреді. Тарихымыздағы ондай тұлғаның бірі – Ақсақ Темір. Қазір кез келген, ерекше көзге түскен адамға қолданып кеткенбіз. Менің айтайын дегенім, бейнелеу тілі ескірмейді. Айтып өткенімдей, қолданыстан шығып қалған жағдайда, тілтанушыларымыз ол сөзді тіркеп қояды. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтында қырқыншы жылдардан бастап қазақ сөзінің қолданыс контекстері жазылған 4 млн қимақағаз картотека қоры бар. Кейін компьютер шыққанда Институт оларды қағаз нұсқада емес, электрондық нұсқада жинады. «Qazcorpus.kz» дейтін сайтымыздан түрлі қолданыстағы сөздерді көре аласыздар. Бұл қазақ тілінің ұлттық корпусы – қазақ мәтіндерінің ақылды электрондық базасы. 

Сөзді қоғам жасайды. Сөзді тіл иелмені жасайды. Әртүрлі стилде сөзді жасаушылар сол стиль қызмет ететін коммуникациядағы тұлғалар. Мәселен, көркем әдебиет стилінде сөзді жасаушылар – ақын-жазушылар. Іс-қағаз стиліндегі сөздік қорды жасаушылар – ресми коммуникация сала мамандары. Саяси билік пен оның электораты арасындағы коммуникацияны жүзеге асырушылар да ісқағаз стиліндегі сөздік қорды жасайды. Қазіргі күні оларды «спичрайтерлер» деп атайды. Ғылыми стилдегі сөздерді қалыптастырушылар – ғалымдар, сала мамандары. Публицистикалық стилдің сөзін қалыптастырушылар – журналистер. Бүгінгі заманда, барлық жаһаниятқа тән бір ерекшелік бар. Ол - әдеби тілдің жалпы сөздік қоржынындағы ең көп сөздік қорды жасаушы журналистер болып отырғандығы. Өйткені осы коммуникация саласы қоғамның барлық мүшелеріне қолжетімді және ақпарат алудың негізгі көзіне айналып отыр. Сондықтан журналистердің тіл мәдениетін көтеруді, филологиялық, тілтанымдық деңгейін жетілдіруді абзал деп санаймыз. 

Иә, сізбен келісемін. Әсіресе ғылым саласындағы біздің сөздік қорымыз толықпай отыр. Оны жасырмай айтуымыз ләзім, себебі бізде тек қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы ғылымда ғана қазақ тіліндегі өнімдер жасалып жатыр. Бір өкініштісі, жаратылыстану, техника және замануи ғылым, технологиялар, инженерия, IT саласы бойынша қазақ тілінде жазылған дүниеліктер өте аз, тіпті жоқтың қасы деуге болады. Бұл мәселе өте өзекті. Тілдік сөздік қорымыз байымай жатыр деп қана емес, астарындағы терең проблеманы көтеруіміз қажет. Оның салдары өте қауіпті. Кез келген ұлт бар болуы үшін оның ұлттық санасы толыққанды жетілуі тиіс, ұлттық сана тарихи, эстетикалық, саяси, ғылыми, діни, құқықтық, экономикалық секілді элементтерден құралған тұтас дүние ғой. Ұлт болып отырған қауымдастықтың ұлттық санасында ғылыми сана жетілмей қалса, оның орнын «деструктивті сана» жаулайды, яғни ұлтты ыдырататын түрлі діни ағымдар, экстремистік ұйымдар күшейеді. Сондықтан да, ең алдымен, ғылыми сананы қалыптастыруды қолға алуымыз қажет. Ол үшін не қажет? Ол қазақ тілінде жазылған сапалы, ғылыми негізді интеллектуалдық мәтіндер, дүниеліктер, туындылар... Қазақ баласы әншілер мен ақын-жазушыларды танып қоймай, ғылымның әр саласында жазылған қазақтілді еңбектерге қол жеткізуі қажет. 


Әлмира ҚАЛИ, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты:

- Әлбетте, кез келген халықтың сөздік қорының жаңаруы ұлт өміріндегі сан салалы өркендеу жолдарымен тығыз байланысты. Оңды динамика бар жерде көзқарас өзгереді. Ал ой өрісі өз кезегінде жаңа ұғымдарды қалыптастырады. Жалпы әр халықтың өзіне тән метафоралық әлемі бар. Сіз айтып отырған бейнелеу тілінің негізгі өзегін де осындай баламалық пайымдар құрайды. Мүлде жаңа дүниеге ат беріп, айдар тағуды былай қойғанда, ғаламдық болмыс пен кәдуілгі қоршаған ортаны, адамның рухани әлемін танып-түсінудегі мефафораның әлеуеті өте зор.

Қазақ халқының бейнелеу тілі фольклорлық танымға негізделген. Лексикалық қордағы байырғы сөздердің әлі күнге дейін қолданыста болуы осыған байланысты болса керек. Бейнелеу тілінің «ескіруі» деген мәселе де, бәлкім, авторлық әдебиетке артылған үміттің тез арада ақтала қоймағандығынан шығар. Себебі әрбір жеке қаламгердің шығармашылық шеберханасындағы мехнатты ізденістерден біз ең әуелі соны тұжырым, айрықша сөз саптасын күтпейміз бе?.. Демек, бейнелеу тілінің эволюциясы дегеніміз – ойлау формасы мен деңгейінің жаңа сатыға көтерілуі. 

Мысалы, шет тілінде ауызекі сөйлеп үйрену үшін 1500-2000 сөзден тұратын лексикалық қор жеткілікті деп жатады. Бірақ бұл – қарапайым тұрмыстық деңгейдегі сұранысты ғана өтейтін мөлшер. Былайша айтқанда, қарабайыр тіршіліктің тілі. Ал адамның ойына түрткі болып, жаңаны тануға бастайтын рухани сұраныстарын өтеу үшін әдебиеттің ұланғайыр сөз айдыны қажет. Сондықтан «тілдегі сөздердің белгілі бір пайызы өз орнын босатып, жаңа сөздерге кезек беруі керек» емес. Тілдік қор толассыз толыға беруі керек. Тілдік жаңғырудың қайнар көзі тек ғылым мен өндіріс қана емес. Бейнелеу тілі ретіндегі белсенді қабілеттің дамуы ең алдымен әдебиетке байланысты. 


Оңайгүл ТҰРЖАН, филология ғылымдарының кандидаты, доцент:

- Бейнелеу тілі ескірді ме, ескірмеді ме, мен оған дәл диагноз қоя алмаймын. Өйткені бейнелеу тілі әрбір сөз шеберінің тілдік қорында өмір сүре береді және оны қаламгердің немесе сөйлеушінің контексте қалай қолдана алуына да байланысты дер едім. Егер ежелгі бейнелеу тілімізді бүгінгі жаңа ұғымға үйлестіре қолданса, ол сөйлем ішінде негізгі мағынаны теуіп тұра қоймас. Бейнелеу тілінің де өзіндік «қайта өрлеу дәуірі» болады. Қоғамның дамуына, жаңа технологиялар мен ұстанымдардың пайда болуына байланысты қазіргі тілдік қорымыздан баламасын таба алмай жүрген ұғымдарды ескі сөздер қорынан іздеп тауып қолдансақ, ол ерсі көрінбейді, керісінше бейнелеу тіліміздің өзіндік экзотикасы болып, қазіргі оқырманның есінде бірден сақталып қалар еді. Жаңа сөзге кезек беруді бұйрықпен жүзеге асыра алмаймыз. Жаңа сөз бәрібір келеді. Көпшілігі шеттен келеді термин түрінде. Жаңа сөз көп жағдайда өндірістегі жаңалықтармен, жаңа ұстанымдар арқылы пайда болады. Ал өзіміздің тілімізде қайнап шығып, пайда  болуы үшін біз тіршілікті дамыту техникасын, әдіс-тәсілін ойлап табуымыз керек немесе қытайлар сияқты, шетелде қандай жаңа дүние пайда болса да, оларға өз балама атауымызды беруді әдетке айналдыруымыз керек. Мысалы, біз компьютердің «мышкасын» «мышка» дейміз орысшалап, қазақшаласақ «тышқан» дер едік, ол ерсілеу сияқты, ал қытайдағы қазақтарымыз оны «тінткі» дейді екен. 

- Тілдің техникаланатыны белгілі дүние. Тіл техникаланған жерде, кейіптеу де, образ да өзгермек. Бірақ, көркемдігін сақтап қалу мүмкін бе? 

Лаура ДӘУРЕНБЕКОВА, А. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының доценті:

- Ойды образбен беру, сөзді көркемдеу, сөйлемнің тігісін жатқызу әр қаламгердің шеберлігіне байланысты. Тіл техникаланса да соның өзін көркемдеп беруге болады. Ауызекі сөйлеу тілінде болсын, жазба тілде болсын сөздердің көркемдігін сақтап сөйлеу, әр адамның сөздік қорының қаншалықты екенін білдіреді. Тіл техникаланды екен деп, қаламгерлер мен ғалымдарымыз сөз қолдану шеберліктерін тежеп қалды деуге болмас. 


Анар ФАЗЫЛЖАНОВА, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының басшысы:

Мен бұл жерде тілдің кеңселенуі деген мәселені айтқым кеп отыр. Қазақтың тілі «кеңсе тіліне» айналып бара жатыр. Журналистердің, қоғам қайраткерлерінің, қолына қалам ұстаған қаламгерлердің де тілінен «кеңселік қолданыстарды» байқап қаламыз. Бұл – біздің ғана кінәміз емес, жаһандану заманындағы кез келген тілдің басынан кешер сырқаты. Мәселен, ағылшын тілі де осындай теріс үдеріске шалдықты. Ағылшын тілі қазір канцеляризмге толып кетті. Өзінің бейнелік қасиеттерінен айрылып қалды. Иә, мұның бәрі жаһанданудың салдары. Ғылыми-техникалық прогрестің нәтижелері жаһаниятты бірегейлендіруге бағыттады. Мысалы, әртүрлі техникалық құралдарды тұтынып, қарым-қатынастарды стандарттау нәтижесінде көптеген тілдер кеңселік қолданыстарға толды. Әр тілдің өзіне ғана тән болатын, көркем бейнелі қолданыстары тіл иелмендерінің санасынан өшіп барады. Мұны жаңғыртудың бірден-бір көзі – кітап оқу мәдениетін арттыру. Қоғамның көркем әдебиетке деген қызығушылығын оятуымыз қажет. Қазіргі барлық дамыған елдерде осы мәселе өзекті боп тұр. Халықтың санасы клиптік (өте қысқа ақпаратты ғана талап етеді) санаға айналу үстінде, ал мұндай жағдайда көркем образды қолданыстардың қажеттілігі кеми бермек. 


Әлмира ҚАЛИ, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты:

- Технологиялардың дамуы шынымен әдебиетке де түрліше ықпалын тигізуде. «Компьютерлік ойлау», «компьютерлік дискурс» ұғымдары пайда болды. Осы үрдістердің әдеби поэтикада да ішінара көрініс бере бастағанына куәміз. Адамның миы, тілі мен қолындай жалғасып кетіп жатқан жасанды интеллект пен компьютерлік технологиялар іс-әрекет психологиясына, жазушының шығармашылық ойлау үдерісіне әсер етеді. Бір тілден екінші тілге копьютердің көмегімен-ақ қотарыла салатын әдеби мәтіндер бар. Олардағы көркемдік бағдар стильдің айрықша белгілеріне емес, ойдың салмағына қарай  ойысқан. Осының салдарынан технопоэтика қалыптасып келеді. Бұл дәуірді де рухани әлеміміздегі «пандемия» секілді бастан өткерерміз. Әдеби тіл уақыт өте келе мұндай вирустардан да айығар деп ойлаймыз. Бұл - ауыз әдебиетінен жазба әдебиетіне көшудегі шығармашылық психологияның даму сатысы секілді өтпелі кезең ғана.


Оңайгүл ТҰРЖАН, филология ғылымдарының кандидаты, доцент:

 - Әрине, сақтайды. Техникаланған тілдің өзімен де көркем образ жасауға болады. Бірақ ол негізгі тілдік қормен астарланып тұрса ғана көркем бола алады. Бейнелеу тіліміздің ұлттық сипатын сақтауымыз керек деп, қазіргі ұғымдағы салқындау, сықиған сөздерден қашудың да қажеті жоқ. Керісінше сол салқындау сөздердің өзін жып-жылы көркемдік құрал ретінде үйлесімін таба қолданғанда өте әсерлі мағына шығар еді. Былай қарағанда бір-бірінен мағыналық жағынан тіпті алшақ жатқан сөздерді сөйлем ішінде көркемдік үшін қатар қойып көрсек, ол да бейнелеу тілінің жаңа формасы болып шығады. Тек оны талғаммен, ойдың ұшқырлығымен үйлестіре білу – бұл басқа әңгіме. Қазіргі даму үрдісімен келіп жатқан термин сөздер көп қой бізде. Ол тек қазіргі заманның үрдісі емес, ол ежелден солай. Арабтан, парсыдан келген сөз аз емес қой. Олар да кезінде сол дәуірдің техника тілі сияқты болып келген. Бұл да сол сияқты. 

-  Қазіргі заман қазақ әдебиетінің тілі, қуаты, деңгейі және мүмкіндігіне берер бағаңыз қандай? 

Лаура ДӘУРЕНБЕКОВА, А. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының доценті:

Қазіргі қазақ әдебиетінің тақырыптық аясы кең. Қоғамымыздың әлеуметтік мәселелерін, тыныс-тіршілігін, кейіпкерлердің психологиясын беруде түрлі әдістермен берілетіні байқалады. Шығармалардан күнделікті қолданыстағы жаңа сөздерді, терминдерді  де ұшыратамыз.  Жазушының сол сөздерді, терминдерді өз шығармасына кейіпкерінің образын ашуда қолдануда шеберлік танытатынында байқауға болады. Мәселен, соңғы оқыған шығармам жазушы Аягүл Мантайдың «Бөтен» әңгімесіне назар аударсақ: «Әлеуметтік желі мен телефон арқылы жиі сөйлесіп жүрсек те, өмірде алғаш рет бетпе-бет кездесіп отырған жігітпен сөйлесіп отырып, суретте сұсты көрінгенімен, өмірде жүзі жылы екен. Көзі өткір, тым сақ адамның көзі. Оң қабағындағы білінер-білінбес тыртығы келісті келбетін одан сайын сүйкімді етіп көрсетеді» деген образды суреттеу бар. Автор әлеуметтік желі мен телефонды қазіргі заман адамдарының танысу, байланысу құралы екенін көрсете отырып, бәрібір адаммен бетпе-бет кездеспей оны тану оңай емес екенін астарлай жеткізеді. Бұл сөйлемнен-ақ, жазушы осы заман жастарының бейнесін сипаттап тұр. Жазушының басқа шығармаларында да такси, ұялы телефон, пайызбен ақша алу, қонақүй т.б. сөздер бар. Бұл тек, А.Мантайда ғана емес, басқа да жазушы, ақындардың шығармаларында кездеседі. Тілімізге енген осындай сөздерді сірестіріп қоймай, жілігін шағып, майын ағызып тұрып бере білу де өнер. Сондай-ақ, қазіргі кезде қаламгерлеріміз не жазамын десе де еркін. Заман келбетін көрсететін, кәсіпкер, парақор, нашақор, жезөкше, қылмыскер т.б. әр саладағы еңбек адамдарын көрсетемін десе де мүмкіндіктері бар. 

Әдебиетіміздің тақырыптық деңгейіне қойылар шек жоқ. Өз кезеңінде бағасын ала алмаған, айтылмаған, жазылмаған хандар мен батырлар жөнінде де сүбелі туындылар дүниеге келсе деп күтудемін. Анығын айтқанда роман жанры кенжелеп барады. 


Анар ФАЗЫЛЖАНОВА, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының басшысы:

- Басқа тілдермен салыстырар болсақ, қазақ әдеби тілінің қуаты өте жоғары. Неге? Өйткені әлемдегі алты мыңнан астам тілдің 259-ы ғана мемлекеттік мәртебе алған, соның бірі – қазақ тілі. Мемлекеттік мәртебе алған тіл мен мәртебесі жоқ тілдің арасында үлкен айырмашылық бар. Мемлекеттік тілдің барлық стильдік тармағы жетілген, дамыған болады. Мысалы, қазақ тілінің бес стилінің ішінде ең дамығаны көркем әдебиет стилі деп атап өттік. Жыраулар дәуірін былай қойып, кеңестік қызыл отарлау кезінде де көркем әдебиет стилі мықты дамыды. Кеңестік жүйе ақын-жазушыларды идеялогиясының өзегі ретінде қатты қадірледі. Міне, осыны пайдаланып қазақтың ақын-жазушылары ұлттық құндылықтарды насихаттайтын, ұлттың ойлау жүйесін жетілдіретін құнды еңбектер жазып қалдырды. Қазақ әдеби тілінің деңгейі өте жоғары, қуаты күшті деп айта аламын. Қысқаша айтқанда, қазақ тілі мөлдіреп тұр. Ол тұп-тұнық көл сияқты. Кінәнің бәрі соның құнын білмей, пайдаланбай шалшықтан су ішіп отырған біздерде, тіл иелменінде жатыр. Егер, қазақтар өз тілінде сөйлеп, шығармашылығын дамытып, істерін ана тілінде жүргізетін болса, тіліміздің бұған әлеуеті жетіп-артылады. Тілтанушылар ретінде бұған біздің көзіміз әбден жетіп отыр. 


Әлмира ҚАЛИ, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты:

- Дәстүрлі классиканың мазмұны мен пішінінен бас тартпай, сол арнаның көркемдік талаптарының үдесінен ауытқымай келе жатқан қаламгерлер бар. Бір қынжылтатыны, тың тақырыпты немесе соны сюжетті басшылыққа алатын жазушылар болады. Ондай шығармалар кейде есте қалмайды, тез ұмытылады, бір-бірімен шатастырып алуыңыз да мүмкін. Себебі айрықша стиль айырмасын көрмейсіз. Үлкен бір метамәтін дерсіз... Кейде тілі шұрайы келіспесе де, шығармасынан өзгеше қаламгерлік көзқарасы менмұндалап тұратын дарын иелерін көріп қаламыз. Сіз айтқандай, бейнелеу тілі оқшауланып, әлеуетін айшықтап-ақ тұратын ақын-жазушылар жоқ емес. Ондай қалам иесі оқырман назарын өзіне аударта алады, ой әлеміңізге шырақ алып кіреді.


Оңайгүл ТҰРЖАН, филология ғылымдарының кандидаты, доцент:

- Қазіргі қазақ әдебиетін өз биігінен түсірмей келе жатқан ақсүйек сөздер, сөз тіркестер бар. Біз ондай сөздер керуенін Ә.Кекілбаевтың, Қ.Ысқақовтың, Ә.Таразидың, Т.Әбдіктің, Д.Исабековтың және т.б. тілдік қорынан оқимыз. Сол сөздер әлгі техникаланған сөздерге сәулесін түсіре дамытады. Бір-бірін жетелейді. Әйтпесе, ескі екен деп тілді жалаңаштап, кейбір сөздерді репрессияға ұшыратқаннан біз не ұтамыз. Тіліміздің мүмкіндігі өте жоғары, мәселе қолданушының тіл байлығында. Тілдің икемділік қасиетін көрмеге қойғандай етіп, көркем қолдана білу үшін, қолданушының сөз құрауына да жонглерлық қасиет керек, бірақ ол қолданушының ойының ұшқырлығымен ғана жүзеге асады. Тілді жұтаңдандырып, арық тайлақтай арс-арса ететін, сөйтіп өлімші ететін нәрсе не десек, бұл – жаттанды тіркестер. Ондай тіл жастардың ұлттық тілге деген сезімін суытады. Басқа тілдердегі көркем де ыңғайлы қолданыстарға қызығады. Қызығушылық жақсы, әрине. Бірақ ол өз тіліне деген махаббатын суытып жібермеу керек. 

- Ұлыбритания бұрынғы премьер-министрі Уинстон Черчилль өзі билік еткен тұста ағылшын тілін толықтай реформалауға тапсырма берген деседі. Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы негіздеген, құрылымын жасақтаған қазақ тілі мен әліпбиін қолданып келе жатқанымызға бір ғасыр толыпты. Біздің де тілімізге реформа қажет пе? 

Лаура ДӘУРЕНБЕКОВА, А. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының доценті:

- Британдық Уинстон Черчилль саясаткер ғана емес,  Нобель сыйлығын алған жазушы, белгілі оратор. Ағылшын тілін бейнелі, көркем тіл деп жоғары бағалаған. Әрине, сөздің, тілдің қадірін білетін басшының ағылшын тілін реформалауын қажет деп тапқаны тегін емес. Біздің шұрайлы тілімізде түрлі реформаға ұшырады. Латын әліпбиіне көшу, кирилицаны қабылдау оңай болған жоқ. А.Байтұрсынұлының араб жазуының негізінде жасаған әліпбиі оның ұлттық жазудың реформаторы екендігін көрсетті. Қазіргі кезде де тілімізге реформа қажет. Сол мақсатпен, елімізде белгілі тілші-ғалымдарымыздың еңбегімен жетілдірілген әліпби нұсқасы дайындалды. Оның тұжырымдамасында қазақ тілінің төл табиғатын, бейнелілігін сақтау, ІТ технологияларға сәйкестендіру, дүниежүзі қазақтарына ортақ, түсінікті болу жағы қарастырылғаны айтылады. Демек, ғалымдарымыз жаһандану кезеңінде қазақ тілінің төл табиғатын  жоғалтып алмай, оны заман ағымымен жетілдіру қажеттілігін көрсетіп отыр. Қай кезеңде болсын, дамыған елдерде тілді саясаттың, идеологияның жолында құрбан етпеу үшін, реформа жүргізу арқылы тіл болмысын сақтап қалуды басты мақсат етіп қойды. Біздің де ұстанымымыз осы болуы тиіс!


Анар ФАЗЫЛЖАНОВА, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының басшысы:

- Барлық мемлекет басшылары өздері басқарып отырған елде мемлекеттік тілге реформа жасауды қолға алған. Бұл бір ерекше жағдай емес. Барлық уақытта болған фактілер, өйткені мемлекеттік тіл дегеніміз, сол мемлекеттің бар болуының, сақталуының, сол мемлекеттегі тыныштықтың, әлеуметтік топтар арасындағы қарым-қатынастың дұрыс болуының және саяси элита мен электоратының тіл табысуының кепілі. Әрине, басқа құралдар да бар. Географиялық кеңістіктегі мемлекеттің шекарасы ғана болуы мемлекеттің болашақта бар болуына кепіл емес. Мемлекеттің шекарасы сол мемлекетте тұратын халықтың санасында шегенделуі қажет. Ал оны шегендеудің жалғыз ғана мықты, мызғымас құралы – тіл. Кез келген мемлекетті басқарамын деген мықты билеушілер сол елдің тіліне реформа жасаған. Тарихтан белгілі. Жалғыз Уинстон Черчилль ғана емес, Азия, Еуропа елдері билеушілері де, бертіндегі Түрік президенті Мұстафа Кемал Ататүрік те өз ұлттық тілдеріне реформа жүргізген. Біз де сондай реформаның алдында тұрмыз. Қалай жасап, жүргіземіз деген кезде жазуды реттеу керек деген мәселе көтерілгеннін жақсы білесіздер. Заман өзгерген сайын, ұлттардың тілі де соған лайық икемделіп, ішінен өзгеріп отырмақ. Оның енді сыртқы ресурстарын өзгерту саяси биліктің реформасына қатысты мәселе. Тіл тірі ағза іспеттес. Өзі де жетіліп, өзі де өзгеріп, іштей реттеліп отырады. 


Әлмира ҚАЛИ, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты:

- Реформа қажет деп ойлаймын. ХХІ ғасырдағы саяси, рухани ахуал соған алып келді. Тілдің шынайы тәуелсіздігі осыны қажет етеді. Бірақ мұндай реформаның оңды нәтижелерін алдағы ұрпақ көреді.


Оңайгүл ТҰРЖАН, филология ғылымдарының кандидаты, доцент:

- Иә, Черчилль жүргізген ішкі саясаттың ең маңызды бір бөлігі ағылшын тілін дамыту болған. Ол әлемдік саясаткерлердің ішіндегі аса көркем сөйлей алатын данышпан адам ғой. Черчилль Шекспирдің тілінің көркемдігіне таңқалып, оның көптеген шығармаларын жатқа білген. Сондай бай тілді реформалауды неге қолға алды деп ойлайсыз? Мұндағы мақсаты – барлық ағылшынды жаңаша тілде сөйлету емес еді. Ол ағылшын тіліне әлемдік үстемдік алып беру мақсатын көздеді. Сол үшін тарихи ағылшын тілінің негізінде жасақталған аз ғана сөздік қордан құралған, басқа ұлттардың игеріп кетуіне жеңіл болатын жаңаша сөйлеу тілін енгізуді жүзеге асырмақ болды. Бірақ ол ұлттық нақыштағы сөздерді ұмыттыруды көздеген жоқ. Көркем әдебиетті бұрынғыдан да жоғары деңгейде дамытуға барынша ынталы болды, солай жасады да. Ал әлгі реформасы да сәтті жүзеге асқан болар. Әйтеуір, әлем ағылшынша сөйлеп кетті ғой. Енді біздің тілімізге арнайы реформа жасау керек пе, керек емес пе, оны білмеймін. Бірақ басқа ұлттардың біздің тілімізді үйренуіне жеңілдеу болуы үшін, арнайы оқу курстарын, арнайы оқу құралдарын жасауға болар еді. 

- Арнайы уақыт бөліп, жауап бергендеріңіз үшін зор алғысымды білдіремін!

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар