Мира Шүйіншәлиева. Жазу – бүркіт баптағандай бекзат өнер

Бөлісу:

04.04.2023 1883

Публицист, жазушы Мағира Қожахметова апай кезінде жазушы Мира Шүйіншәлиеваның «Ар азабы» кітабы жайында «Мираның Әбдіжәміл Нұрпейісов, Дулат Исабеков, Мереке Құлкенов сынды белгілі тұлғалардың назарына ілініп, лайықты бағасын алуы, Айгүл Ісмақова, Гүлжаһан Орда, Толымбек Әбдірайым, Дүйсенкүл Жақан сияқты қаламгерлер мен белгілі ғалым, сыншылардың талдау обьектісіне айналуы да көп жайтты аңғартады. Мира Шүйіншәлиева қолтаңбасының басты ерекшелігі – уақыт пен қоғамның сипатын үндестіре білуі» деп баға беріп, көлемді мақала жазған еді. 

Жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері,  «Махаббат бағы», «Шүберек қуыршақ, «Жүректегі құпия», «Өкініш»,  «Ар азабы» т.б. кітаптарының авторы, жазушы Мира Шүйіншәлиевамен сұхбатымыз төмендегіше өрбіді.

- Құрметті Мира апай, сіздің алғашқы кітабыңыз «Махаббат бағы», одан кейінгі порталдарға шыққан «Үш төмпешік, «Қауырсын гүл», «Адасқан ару», «Сәби мен сорпа» т.б. біраз әңгімелеріңізді оқыдық. Жаңа дүние жазып жүрсіз бе, жуырда оқырманыңызды немен қуантасыз?

-  Алдымен, он екі айдың сұлтаны, қадірлісі – Рамазан айы құтты болсын! Осы айда  Құдайға құлшылық жасап, ниеттенген қазақ елінің барша халқына ораза қабыл болсын дегім келеді.  «Сәлем – сөздің атасы» деп ерке  Жайықтан сәлемімді жолдап,  амандық тілеймін. 

Ұлтты ұйытар «Әдебиет» порталынан руханияттың жауһарларын көріп, оқып отырамын. «Әдебиет» порталына 2018 жылы журналист Айжамал Көпеева менен арнайы сұхбат алған. «Қиындықтан шығудың бір жолы – жазу!» деп екі бөлімге  сыйғызған  сұхбатымда балалығымнан бастау алған әдебиет өнеріне деген ғашықтығым, өмір жолымды, көкейді тескен сұрақтарымды жайып салғанмын. Бұл портал «Ақынның тағдыры» атты пьесамды да «Ауылым – алтын бесік» айдарымен жариялап, 10 000-ның үстінде оқырман жинаған. Көптеген әңгімелерімді жұртқа жеткізген «Әдебиет» порталының редакция ұжымына алғысым шексіз. 

Енді сауалыңызға келсек, «Махаббат бағы» ең алғашқы тырнақалды  жинағым 2003 жылы күзде Алматы қаласындағы «Арыс» баспасынан жарыққа шыққалы бері «Шүберек қуыршақ», «Жүректегі құпия»,  «Өкініш», «Ар азабы» кітаптарым оқырманмен қауышты. Бүгінгі  заман прозасының қатарында сарбаздай сап түзесем, «Әдебиет – ардың ісі» деген  академик Зейнолла Қабдоловтың  аманатына адалдығым деп білемін. 

«Жаңа дүние жазып жүрсіз бе?» деген сауалыңызға берер жауабым – бір мылтықтың аузына мың кісі сыятынын жақсы білесіз. Сондықтан құлағым жастыққа тимей жар салып,  жарнамалағанды жаратпаймын. Алма ағашы көктемде гүлдеп, апортын жұрт алтын күзде жейді, жазу өнерінің азабы мөлдіреген бау-бақшаны баптап күткеннен де қиын екенін білесіз. Соған қарамастан, қалам – өмірім әрі серігім! Маңдайыма жазылған тағдырым! Шын қаламгер заманға бей-жай қарап отыра алмайды. Өзім де шыж-быж еткен, тынымсызбын. Ақиқат пен әділдікті сүйемін. Және осы жолмен жүріп келемін.   

Жалпы, әдебиет өмір – айнасы! Қызықтап ойнайтын қуыршақ емес! Жазу – құдірет! Жазу – дерт! Бұл дерттен айыға алмайсың Қорқыттың көріне кіргенше! Бұл менің жеке пікірім! 

Жоғарыда айтып өткен бес кітабымды да демеушілерім шығарды. Қиындықта қолтығымнан демеді. Қасиетті бұл айда жақсылық жасаған талай жанға алғысымды жаудырсам, артық етпес. Рас, алдағы уақытта Мемлекеттік тапсырыспен жаңа дүниелерім шықса деген үміттің сәулесі көкірегімде қоңырау қағады.  Бәлки, Қазақстан Жазушылар Одағынан: «Әу, қаламгерлер! Қайдасыңдар? Ешқайға басылмаған жаңа кітаптарың болса, әкеліңдер?!  Қоян жылында  Одағымыз жаңа жобаны қолға алды! Кітаптың іші-сыртын мұқият тексереміз! Еңбекті ескереміз!», – десе, атып тұрып, суырмадан жаңа шығармамды суырып алар едім. Алты алаштағы бүкіл  ақын-жазушының  арманы осы! Күткені, күтетіні осы! Сізге бір ғана дәлел айтайын. 2020 жылы күзде аяқ астынан сүйінші хабар жетті.  2014 жылы өзім «Жазушы» баспасынан шығарған 500 беттік «Өкінішім» кешікпей «Қазақ кітабы» баспасынан мемлекеттік тапсырыспен көп тиражбен қайта басылды. Қазақстандағы барлық кітапханаларға  таратылды. Өзімнің де қолыма біраз кітап тиді.  Қазір Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл мен Шымкент, Павлодар қалаларынан телефоныма хабарлама жазатындар, осы кітапты оқып пікір қосатындар, шерін тарқататындар көп-ақ. Бұдан туған түпкі  ойым – ел-жұрт жақсы кітапқа зәру. Қоғам – көркем шығармаға  шөлдеп отыр...  Егер мемлекеттік тапсырыспен шықпағанда, басқа кітаптарым секілді көпшіліктің қолына тимес еді. Республикалық кітапханалар мен дүкендердің сөресінде тұрмас еді. Бұған да шүкір етемін. Республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, белгілі жазушы Дәурен Қуат «Өкініштен»  кино түсіру керек, «Ұлттық арна», Ләззат Танысбай қайда қарап отыр екен? Бізде түрік пен өзбектің, корейдің киносы көп» десе, оралдық азамат, тележурналист Асланбек Ғұбашев «Әдемі қыздың күнделігі» мен «Шүберек қуыршақты» көркем фильмге айналдыру керек» дейді. Осы тұста мынау біз тірлік кешіп жатқан қоғам – бұрынғы замандай ақын-жазушысын аяласа, әлпештесе, еркелетсе дейсің. Жанкешті еңбек ескерілсе, еленсе, біздің ақын-жазушылар бар зейінін осы арнаға бұрар еді. Рухты қайта оятар еді. Ел жаппай кітап оқыр еді, зұлымдықтар азаяр еді. Төбе шашыңды тік тұрғызар оқиғалар – адамдардың кітап оқудан, көркем әдебиеттен алшақтағанынан, қызыл-жасылға, жеңіл өмірге әуестігінен деп білемін. 

- Қаламгерді қолдау дегенді қалай түсінесіз?

- Мемлекеттік тапсырыспен кітап шығару, стипендия беру, қаламгерлерді жікке бөлмей, алаламай, бәріне бірдей қарау керегін былтыр Оралға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев келгенде, 2019 жылы наурызда Аида Балаева Жайықтағы зиялы қауыммен кездескенде нықтап айттым. Мысалы, Жанғали ағаның ізінен ерген Нарынның нар ұлы Ғайсағали Сейтақтың да еңбегі  еленетін уақыт болды. Бірнеше кітабы шықты. Ұзақ жыл облыстық «Орал өңірі» газетінің қатесін түзеп, көз майын тауысты. Таланттарға жол ашты. Сол секілді ақын-журналист, қуғын-сүргінге, ашаршылыққа  ұшырағандар жайлы туынды жазған  Амангелді Шахин ше? Осы екі ағамыз алпысты алқымдап, жетпіске қадам басты. Жоғары жақтан қазір құрметтелмесе,  ертең кім біледі не боларын мынау тайталасқан тұста. «Жуас болсаң жүндейді. Пысық болсаң, күндейді, тілдейді», – деп өзім осы тұрғыда мақал шығардым. Айтпағым, әр өңірдегі таланттарды, бұрын стипендияның түрі түгіл, түсін көрмегендерді жауапты  орындар тізімге неге қоспасқа? Қазақстан Жазушылар Одағы жоғары жаққа неге ұсыныс түсірмеске?   

Күнінде «Оралдың Бас ақыны» атанған Жанғали Набиуллинді  бүгінде  ұмыттық! Сексен, сексен бес  жылдығы дұрыс аталмады. Оралдың бір көшесіне ескерткішін, мүсінін қоятын кез баяғыда жетті. Жан-аға да облыстық газетте еңбек етіп, Жайыққа келген Мұқағалиды үйіне қонақ қылып, ұлттық дәстүрді дәріптеп, поэзияның көгіне көтерілген ақын.  Алайда  еш  атақ-даңққа бөленбей өмірден озды. Сол секілді математик болса да проза жазған Қайыр Бектұрғанов. Жазушылар Одағына мүшелікке өтуге құжат жинаған кезімде Қайыр аға маған кепілдеме бермей  қойған. Өте талапшыл, міншіл, қатал  адам еді. «Әу, басқа-басқа, Мираға неғылдейсің? Тұңғыш жинағы шықты. «Шабыттан» жүлде алды» деп бір күні «Информбиржаның» Бас редакторы  Базарғали Қуатов ренжіді. Мені осындай аяулы ағалар қолдап жүретін. Сол секілді ақын Ақмаржан Таубаева да соңғы сәулесі сөнгенше осы Одаққа мүше болудан үмітті еді. Әттең, үлгермеді.  Бұл туралы 2016 жылы «Ақмаржанның соңғы арманы» деген   мақалам шықты. Ал қазір екінің бірі Жазушылар Одағына мүше. Ол уақытта Одаққа өту, кітап шығару, тіпті республикалық газетке әңгімеңді жариялау – ақ бұлттай  алыс-тұғын. 

«Ашынғаннан шығады ащы даусым» демекші, шынында да қазіргі әдебиет пен бұрынғы әдебиеттің арасы жер мен көктей! Алматыдағы зиялы қауым Кеңес дәуіріндегі дархан шақтарын, жақсылықтарын жыр ғып айтады. Тұғырлы Тәуелсіздігіміздің таңы атқалы біраз жас жазушылар қисық арбасын сүйрелеп, құмырсқадай қыбырлап жүр. Өмірден ерте  күдерін үзген Аягүл Мантайға арнап жазған, 2022 жылы 26 мамырда «Ана тілі» газеті жариялаған  «Аппақ әлем» әңгімемде:  «Айтуың дұрыс қой, апа. Қалам – құдірет! Қалам киелі! Алайда, сөз тыңдайтын, ұғатын құлақ пен ниет қалды ма? Атам қазақты тоқтатқан маржан сөзге, майда тілге тамсанар көзі ашық, көкірегі ояу жан бар ма? Болса, қане?  Неге бұғып үнсіз отыр» немесе «Зұлымдықтың өзі екі түрге бөлінеді екен. Біріншісі – адамдардың бір-біріне жасайтын қастаңдығы! Екіншісі – тылсым табиғаттан төнетін қауіп-қатер. Мен осының біріншісінен қорқамын! Бізге анау жетпейді, мынау жетпейді деп налимыз. Бізге бәрі де жетеді. Тек, ар мен ұят жетпейді! Мына қоғамда көңілі күйреген, шашы сиреген ақын-жазушыны елеп-ескеріп, бағалап жатқан кім бар?! Болса айтшы? Бәрі білгіш, бәрі ақылгөй», – деп жазыппын. Аягүлдің образын сомдап, ішкі күйігін ақтару арқылы өзіммен үзеңгілес қаламгерлердің мұңын мұңдаппын! Осыдан-ақ, бүгінгі әдебиеттің кейпін, болашағын бағамдай беріңіз. Әншісымақтардың сұлу денесін, балқаймақ өмірін, теңіздің жағасында жартылай жалаңаш жатқанын, мінген көлігін көруден шаршамайтын дүйім жұрттың көзі телефонға телміре берсе, көркем әдебиеттің хал-күйі не болар екен?  Күмәнім көп...  Орден, медалді кеуделеріне тағып алып, шошаңдап кеткен кейбір әртістер жастарды еліктіріп, бүлдіріп, аздырып барады. 

Ғалымдар еңбектерінде шығармаларыңызға тоқталады. Мысалы, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Гүлжиһан Орданың шығармашылығыңызды арнайы зерттегенін білеміз. Ғалым Зейнолла Мүтиев «Мира Шүйіншәлиева шығармалары және «толық адам» концепциясы» тақырыбын қаузаған. Айтқали Нәріковтің «Өмірдің ортасынан ойып алып» деп аталатын мақаласында шығармашылығыңызға шолу жасаған екен. Осы жерде бір сұрақ болсын, прозадағы морализмге көзқарасыңыз қалай?

- Әрине, әдебиеттанушылар әдеби үдерісті бақылап, жаңа шыққан туындыларға өз көзқарасын білдіріп отыратын мамандар ғой. Көбіне ғалымдар назарына менің шығармаларымдағы ар-ождан мәселесі жиі ілігеді.  Қазіргі қазақ әдебиеті – мазмұны мен түрі жағынан толыққан әдебиет. Меніңше, қаламгерлердің  өз жанын қандай ой жегідей  жейді, ақ құрттай көкірегін теседі, жазушы тек соған көңіл бөледі деп ойлаймын. Мені сәт сайын, сағат сайын өзіміз өмір сүріп отырған замандағы  шешімін күтіп тұрған сан алуан өзекті мәселелер мазалайды. Осы ретте менің туындыларымды зерттеп, оқып, ой түйген филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлжиһан Ордаға және Батыс Қазақстан университетінің бір топ филология ғылымдарының кандидаттары Зейнолла Мүтиге, Айдарбек Ақболатов пен магистранты, шымкенттік Дина Ораққа алғысым шексіз. Махамбет Өтемісов атындағы БҚУ-дың доценті Зейнолла Мүтиевтің төл шәкірті, Сыр өңірінде дүниеге келген, БҚМУ-ді бітірген педагогика ғылымының магистрі Меруерт Ешниязова «Тіл біліміндегі М. Шүйіншәлиева шығармаларының қолданылу ерекшелігі», «М. Шүйіншәлиева шығармаларын қазіргі білім  жүйесі талаптарына сай оқыту әдістемесі» атты ғылыми мақалалар жазып, зерттеп, талдап жүр. Жас ғалым Меруерттің мен туралы еңбегі өте көп. Ғылым жолында сәтті қорғап шығуына тілекшімін. Сол секілді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жазушы апамыз Мағира Қожахметова «Ар азабы» кітабым жарық көргенде асықпай зерттеп  ел газеті «Егемен Қазақстанға» «Ар-ұят» анатомиясы» деген көлемді мақала жазды. Онда «Мира Шүйіншәлиева қолтаңбасының басты ерекшелігі – уақыт пен қоғамның сипатын үндестіре білуі. Жаһанданудың жағымды, жағымсыз ағыстарының қазақ тірлігіндегі быт-шыт көрінісін суреттеп, әзірге көркемделе қоймаған мүлдем тосын кейіпкерлер легін әкелуі» депті. Бұдан прозадағы морализмге көзқарасым қалай екенін аңғару қиын емес деп жауап берер едім.   

 - Облыстық кітапханада «Махаббат бағы» цифрлық формат арқылы оқылатын болыпты. Бұл жас оқырмандар үшін ыңғайлы екені анық. Оқырмандарыңызбен тығыз байланыстасыз ба?

- Қазақстандық Ұлттық электронды кітапхана порталы арқылы оқырмандарым, әсіресе, жастар жағы кітаптарымды көбірек оқуда. 2018 жылдан бастап Жұбан Молдағалиев атындағы  облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы барлық  кітаптарымды электрондық форматқа айналдырып, оқырмандарға оқуға ұсынып, «Цифрлық дәуірдегі жоба» бойынша мектептерге, колледждерге электронды түрде  жеткізіпті. Сондай-ақ, «Жолаушы, жолға кітап ал!» деген жоба бойынша теміржол, автожол вокзалдарында және тікұшақта да электронды форматы бар. Яғни, жолға шыққан жолаушылар кітаптарымды электронды түрінде оқуға мүмкіндік алып отыр. Кітапханада осы заманауи үрдіс жалғасын тауып, бүгінде  шығармаларым  «Kazneb», QR код арқылы да оқылуда.  Мемлекет және қоғам қайраткері Жұбан ақын атындағы кітапхана ұжымына ризамын. Үнемі кештерімді өткізіп, кітаптарымның тұсауын кесіп, қуанышта қасымнан табылады. Белоруссияның Минск қаласында өткен Халықаралық кітап-жәрмеңкеге Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік Кітап Палатасы мен Жұбан Молдағалиев атындағы БҚО кітапханасының директоры Шолпан Оразаева барып, кітаптарымды көрмеге қойды. Жазушыға осындай игі-істер жол ашады. 

Құдайға шүкір,  оқырмандарым көп. Телефоныма да,  «Messenger» мен  уатсапқа да тыным жоқ. Оқу орындары, мекемелер жиі  шақырадыКейде уақыт таппай қыңжыламын. Бәріне ықылас танытамын. Сөзіме дәлел  ретінде Шыңғырлау ауданынан Самат Байболат деген азамат: «Ар азабы» кітабыңызды қолыма түсіре алмадым. «Жәңгір хан» кітап дүкенінен сұрап едім, өтіп кетіпті.  Басқа қайда бар?» деп жазыпты. Мұндай хабарламалар поштама жиі түседі. Ләззат Тұрмағанбетова, Салтанат Надирова, Ләззат Берғалиева, Аслан Сағинаев, Марат Нұрғалиев, Аягүл Әбуғалиева секілді жақында пайда болған оқырмандарым да хабарласып тұрады. 

Бүгінде жалпы бұқаралық әдебиеттің орны басым болып тұр. Айталық, Коэльо, Мураками де бұқаралық мәдениет өкілі. Сіз қаламгер ретінде қалай ойлайсыз, бұл кітап-тауардың коммерциялық жағына баса мән беруден солай болып отыр ма?

- Маған бір баспагер  айтып еді: «Егер, тағы да кітап шығарсаң,  жарнамасын қатырып жасайық! Сонда кітабың тез тарайды» деп. Кітаптарым шығып,  кештерім өткен сайын «Ақ Жайық» телеарнасының айналайын басшылары мен  журналистері ел-жұрттан сүйінші сұрап, жедел хабар таратудан жалыққан емес. Осы телеарнаны көргендер өзім қызмет жасайтын «Жайық үні» редакциясына  талай хабарласты.  Базарға барайын, дүкенге кірейін, бәрі кітабымды сұрады. Өз аяғыммен жүріп «Мирлан», «Ел ырысы» базарындағы қарапайым сатушыларға   қолжетімді бағамен саттым. Қолтаңба жазып бердім. 

- Ондай да өнеріңіз бар ма?

Негізі, саудаға икемім бар. Әкем Хамза Илиясов жиырма жыл саудагер болып жұмыс істеген.  Анам Базарғанымның да үйде дүкені болды. Жалпы, қадірін білгенге кітап – қып-қызыл ақша, табыс көзі. Көз майыңды тауысып, жүйкеңді жұқартып, бармақтарың желініп жазасың. Образ сомдайсың. Ошақтың тірлігін тындырып, екінші тынысың ашылып кесек-кесек ойларды қағазға   кестелеу үшін қаншама қажыр-қайрат керек. Көзге көрінбейтін қара жұмыстың  ақысын бізге сонда  кім төлейді? Кітап дүкендері не үшін тұр? Алғаш рет таныла бастаған шағымда обалы нешік, Оралдағы білім ошақтары, кәсіпкерлер, мекеме басшылары, дәрігерлер, мұғалімдер  тарапынан сұраныс көп болды.  Қар астынан бүр жарған жас қаламгерге қолдау көрсетті. Алашқа белгілі азаматтар Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Нұрлан Ноғаев облысты басқарып тұрғанда «Ақ Жайық қаламгерлерінің сериясымен» 1000 данамен кітаптарымызды шығарып берді. Қомақты қаламақы төледі. Өнердің  ғұмыр жасы ұзақ болу үшін қолдау өте  қажет.   

Бүгінгі оқырман басқа. Оларды қандай тақырып, не қызықтырады деп ойлайсыз? Айталық, неонатурализм белгілері бар шығармалар мен қоғамның шындығын көрсетемін деп қатал, абсурд тіршілікті сол күйі  беру көркем әдебиет дамуына не береді?

- Соцрелизммен жазылған шығармаларды оқыдық, солардан үйрендік. Кеңестік дәуірдегі Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Бейімбет Майлиндерді өзімізге үлгі етіп, ерекше мақтан тұттық.  Егемендік алғалы сөз бостандығы басым түсті. Мемлекет тарапынан бұрынғыдай тапсырыс берілмеді. Әр қаламгер  өз кірпішін қалады.  Тұғырлы тәуелсіздігімнің осы бір тұсын қатты қадірлеймін. Себебі, өзім де көк байрағым аспанымда қыран құстай қалықтаған тұста еркін көсіліп, кітаптарымды шығардым.  Көкейімді тескен көп ойларымды емін-еркін бәйгеге қостым. Шабыт қысқанда тұлпардай шаптым. Бұрындары «Кеңес өкіметін мақта! Диқаншылар туралы баллада жаз. Күн-Көсемді аспандағы жұлдыз бен айға теңе» деген тапсырмалар беріліпті ғой

Әрине, бес саусақ бірдей емес. Біреудің жанына постмодернизм жақын, екіншісіне сюреализм... Қандай әдіс-тәсілді қалайсың, қандай шығарма жазсаң да өз еркің! Өз толғағың! Менің жүрегім өмірде болған шынайы оқиғалар төңірегінде ой қозғағанды қалайды. Және соған икемделіп, сұранып, ізденіп тұрады.  Кеңестік кезеңде өмірдің тек қана күнгейі бейнеленетін. Біздің жастар ертегідегі бейнелердің, романтикалық кейіпкерлердің өміріне сеніп қалмаса деймін. Оқырман өмірдің  күрес екенін түсінсе деймін.  Өмір осы тұрғыда қызық та, қымбат та... Қаламгердің басты мақсаты – оқырманға ой салу. Әрине, шығарма еш адамға ақыл айтпайды. Теріс жолға түспеу үшін ескерту жасап, бағыттап  отырады. Мәселен, «Адасқан ару» әңгімемде  қызыл дипломмен екі институт  бітірген  Райхан бір күнде қара орамал жамылып, тұмшаланып, Нүкіске еріп теріс ағымға кіріп, өмірін тұншықтырады. Сол секілді «Тұяқ», «Жалғызбасты», «Аштық», «Кезбеліктен құтылған күн», «Дүние кезек» әңгімелерім, «Сіңлімнің сүйгені» секілді хикаяларым – «бейқамның жауы қасыңда» дегенді ұқтырады.  Сондай-ақ, «Сәби мен сорпа» әңгімемді  былтыр «Қазақ әдебиетінен» оқығандар: «Өмір бойы естен кетпеген сәби бейнесі әйелді о дүниеге алып кетуі керек-тұғын. Дұрыс аяқтапсың!», – деп телефон шалды. Демек, халықтық әдебиет, ақиқатқа апарар  мәңгілік шығарма оқырманға ауадай қажет болғаны.   

-  Интернет дамыды, көркем шығармашылықтың жаңа бағыты пайда болды. Қазір жазатындар көп, ютубке де, әртүрлі порталдарға да ұсынады. Бұл әр алуандық үшін жақсы, мүмкін, осындай еркіндік арқылы да прозаның ауықымы кеңейетін шығар. Дегенмен, қарапайым оқырман үшін кәсіби жазушы мен әуесқой жазушы дегеннің ара жігін ажырату қиын болып қалды. Бұның құрылымын осылай жасауға болады деген ұсынысыңыз бар ма?

- Осыдан 3-4 жыл бұрын «Цифрлы Қазақстан» дегенге ел күмәнмен қараған-ды, осыдан жиырма жыл бұрын компьютерді жатырқағандар болған. Бірақ заманның талабына сай қазіргі таңда әдебиет те цифрланды. Жұртқа  қолжетімді болу үшін түрлі сайттарға өлең, әңгімеңді жариялайсың. Бұл танылуға, оқырман көбейтуге жақсы мүмкіндік. Барлық жанрдағы кітаптардың электронды нұсқасын оқуға ел де дағдыланып, бейімделді. Меніңше, шығармаға кәсіби мамандар баға берілгені дұрыс деп есептеймін. Жаңа туындыларды бағалау сыншылардың еншісінде деп түсінемін. Осы ретте атақты Ахмет Байтұрсыновтан асып ештеңе айта алмаспын. «Сөз  жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына  ойдың шеберлігі  керек. Ұнамды, орынды, дәмді болуына  сыншылық керек. Мағыналы, маңызды болуына білім керек»,  –деген екен Ахмет атамыз. 

Өзіңіз шығармаңызды сыншыларға ұсынып көрдіңіз бе? 

- Менің мына жазғаныма пікір айт деп сыншыларға өз қолыммен апарып берген емеспін. Жазушылар Одағында  дәстүрлі түрде өтіп тұратын әдеби жыл қорытындысында жаңа шыққан шығармалар сарапталып, оларға баға беріледі, сондай үлкен жиындарда шығармаларым баяндамашылардың тарапынан оң бағаланды. Сыншы-ғалым Айгүл Ісмақова, Нұрдәулет Ақыш, Бақыт Сарбалаев тағы басқа тұлғалар жарық көрген дүниелеріме оң пікір айтқан-ды мінберде тұрып.  Біздің елімізде кітап оқитын оқырман да, оны елеп-екшейтін мамандар да, аудармашылар да жеткілікті.  «Қауырсын гүл» деген  әңгімемді Түркі елінің ғылым докторы Ашур Өздемир түрік тіліне аударып, 2014 жылы 50 қаракөз қаламгердің шығармасымен бірге «Қазіргі қазақ әңгімесі» деген кітапқа енгізіпті. Мұны «Қазақ әдебиеті» газетінен көргенімде қатты таңғалдым. Алғашқы тырнақалды туындыларымды «Таң Шолпан» жорналына поштамен жолдап, содан әдебиеттің қос корифейі Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Дулат Исабековтің назар аударғанын бұрынғы сұқбаттарымда айтқанмын. Сыншы, әдебиет зерттеушісі Бақыт Сарбалаұлы «Мираның махаббаты» атты көлдей мақала жазды. Профессор, оқытушы-ғалым  Серікқали Шарабасов та көзі тірісінде біраз зерттеді. «Қоғам дертіне шипа іздеген» атты мақаласымен марқұм Темір Құсайын өз бағасын берді. Ақын апамыз Ақұштап Бақтыгереева, тіл маманы Меруерт Жолдықайырова, Мереке Құлкенов, Ғайсағали Сейтақ, Дүйсенкүл Жақан, «Ар азабы – қоғамның бітеу жарасы» деген Шолпан Қыдырниязова, Дариға Мұштанова сынды  аға-апаларым жылы пікір жазды. Алдарына бір ауыз сөз сұрап бармадым. Өздері оқып, тебіренді. Ризамын бәріне де. Сондай-ақ, «Орда жұлдызы» газетінің бас редакторы Ұлпан Жакинаға берген көлемді сұқбатымда қаламгерлік өнерім туралы біраз сыр шерткенмін.  Әрі қарай айта берсем, «Жақсы мақтанса есебін табар, жаман мақтанса қатынын сабар» дегеннің кебін киермін. 

Бүгінгі жанрлар, оның қалыптасып келе жатқан канондары туралы не айтасыз? Жалпы бірнеше кітап жазған прозаик ретінде постструктурализм дегенді қалай түсінесіз?

- Постструктурализм дегеніміздің өзі структурализмнен кейінгі дегенді білдіреді. Структурализм шығарманы белгілі қалыпқа салып жазуды ұсынса, постструктурализм оны бұзуды ұсынады. Поэзия жанрында қалыптасқан ааба, абаб  тәрізді ұйқас түрлерін қазіргі ақындардан талап ете алмайсыз. Сол сияқты проза жанрында әдебиетте қалыптасқан қалыпқа сыймайтын постструктуралистік көріністер байқалады. Оны шығарманың құрылысына да, мазмұнына да қатысты айтуға болады. Мазмұны жағынан қазіргі таңда эротикалық эпизодтар ашық жазылатын болды. Сол сияқты шығарманың құрылысына да өзгерістер енуде. Мысал үшін әйел-аналар ұлттық әдебиетте  ұрпақ өсіруші, отбасы ұйтқысы ретінде бейнеленетін. Қазіргі таңда сол қағидалар өзгеріске ұшырауда. Оның себебін адам өмір сүріп отырған қоғамнан іздеген дұрыс та. Бұлай дейтінім,  жағымды немесе жағымсыз кейіпкерлер саф ауасын жұтып, өмір сүріп жатқан өз ортамыздан алынады, табылады емес пе? Бұл тұрғыда қазақ қаламгерлері әдебиеттегі қатып қалған қағидаларға өзгерістер енгізуде. Және мұны әдебиеттің кемшілігі емес, әлем әдебиетінің ұлттық әдебиетке ықпалы деп түсінген дұрыс  секілді.  Қаламгерлердің шетел әдебиетін оқи отырып экспериментке баруын олардың көркемдік ізденісі деп тануымыз керек. 

- Қаншама дүние жазылып жатыр, бірақ, көпшілік оқырманның пікіріне зер салсақ, қазақ оқырманын таңқалдыратындай дүние жазылмай жатқандай. Бұл үшін не істеу керек? Жалпы, жаңа әдебиет дегенді қалай елестетесіз? 

- Менің ойымша, ескіден бас тартуға болмайды. Қазіргі таңда кеңестік дәуір әдебиетіне топырақ шашып, білгенін айтушылар кездесуде.  ХХ ғасыр – қазақ әдебиетінің алтын ғасыры болып тарихқа енді. Ал, қазіргі әдебиетке қатысты жақсы дүниелер жазылмай жатыр деп айтуға негіз жоқ. Мен бұлай деп айтпас едім.  Монғолия мен Қытай елінен келген қазақ қаламгерлері әдебиетті ұлттық қаҺармандармен толықтыруда. Біз білмейтін Оспан батыр (Жақсылық Самитұлы, Бақытбек Бәмішұлы), Демежан батыр (Қабдеш Жұмаділов, Зейнолла Сәнік) сияқты көрнекті қайраткерлер қазақ әдебиетінің мазмұнын байыту үстінде.  Көпшіліктің айтатын бір уәжі бар. Ол – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындай дүниелер жазылмай жатыр деп даурығады. Әрине, Мұхтар Әуезов –  ғасырда  бір туатын суреткер! Мұхтар атамыздың өзі «Ешбір өнерді құрғақ тілек, құрғақ бұйрық тудырмайды. Көркем өнердің міндеті – табиғатқа еліктеу емес, оның сырын ашу. Көркем өнер біздің ішкі  дүниемізге, жан жүйемізге әсер етіп, адамдық қалпымызды тәрбиелейді», – депті.  Біздің осы дәуірдегі  қаламгерлер  шама-шарқы келгенше, шаршаса да әдебиетке үлес қосып, еңбек етуде. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай жүгірер» демекші, аз жазайық, саз жазайық, әр автордың өз қолтаңбасы, өз оқырманы, өз таңдауы бар. 

Қазіргі таңда қазақ қаламгерлері де мазмұндық, түрлік жағынан ізденісте. Қаламгерлердің постмодернистік, мистикалық шығармалары –әдебиеттегі түрлік ізденістердің көрінісі. Қазіргі әдебиет – мазмұны мен түрі жағынан толысқан әдебиет. 

-  Бүгінде оқырманға өтімдісі беллетристика. Сіздің беллетристика жазғыңыз келмей ме?

- Нені оқу-оқымау әркімнің өз  қалауынан туындайды. Менің пікірімше, прозада көркем сурет басты рөл ойнау керек. Шимайлатып, айдақтатып жаза беру дұрыс емес. Әр шығармаң арқылы оқырманның санасын сілкінтсең, нұр үстіне нұр!  Кез-келген шығарма адамның жүрегін шымшылап, жан-дүниесін қозғай алса – жазушының мақсат-мұратына жеткені.

Әрине, беллетристиканың элементтері қазіргі прозада кездескенмен, оқырман үшін біржола беллетристикаға көшемін деп уәде бере алмаймын. Мен жазу стилі қалыптасқан қаламгер ретінде не жазсам да өз жүрегімді тыңдаймын. Миымның жүз пайыз дегенімен жазамын. Бала кезімдегідей әлі күнге дейін етпетімнен түсіп алып жазамын. Пианино ойнап отырғандай компьютерге отыра қалып көркем шығарма жаза алмаймын. Тіпті, оңаша ойға көміліп жазып отырғанда жанрлық түрді, әдіс-тәсілдерді іздеп әуре сарсаңға да түспеймін. Себебі, көркем шығарма   ғылыми зерттеу  емес. Таудан сылдырлай аққан бұлақтай ойларым өз  желісімен құлағыма құйыла береді, құйыла береді. Әріптерім қара жерді жапқан ұлпа қардай біртіндеп қағазға түсіп жатады. Осы сәтте өзімді әлемдегі ең бақытты, діттегеніне жеткен, көңілі көктем адамдай сезінемін. 

-  Әдебиетті жасайтын, қызыға оқитын әдеби көркем тіл құрып барады дегенді үлкен жазушылар жиі айтады. Соңғы кездері сөз арқылы көз алдыңа сурет беру, суреттеп отырған нәрсесінің иісін мұрныңа әкеліп, дәмін таңдайыңда сезіндірер ғажайып сөз байлығы, керемет логиканы жиі кездестіре бермейтініміз рас қой. Сіздің пікіріңіз?

- Аға буын өкілдері жас қаламгерлердің тіл жұтаңдығы туралы айтып көңілі толмай жатады. Қазіргі жастардың кең құлашты жанрларға емес, шағын жанрға әуестігі содан да шығар. Жәй мақала құсатып жаза салады. Оны кейбір оқырман өз деңгейімен қабылдайды. Шығарманың өзі сөзбен жазылатындықтан, әрине, тіл жұтаңдығына қарсымын. Алайда көпке топырақ шашып, жекелеген қаламгердің атын атаудан аулақпын. Себебі, жыл сайын шығып жатқан кітаптардың көбі қолымызға тие бермейді. Қазіргі әдебиет туралы білетінім бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз десем таңқалмаңыз. Телефоннан оқыған әңгіме миымызда көп сақталмайды. Кітаптан, газет-жорналдан оқыған бір басқа деушілер көп. Көл-көсір әдебиетті түгел оқып шықпағандықтан, оған баға беру де оңай емес. Жалпы пәлеңдей баға беру – әдебиет сыншылары мен әдебиеттанушы ғалымдардың міндеті. 

Сізді өмірге құштар адам ретінде көреміз. Өзіңіз ұзақ жылдан бері қалалық газетті басқарып келесіз, оқырманға осы кезге дейін өмірден түйгеніңізден бөліссеңіз, сонымен сұхбатымызды тәмамдайық.

- Ешкіммен  болашақ жоспарым жайлы  бөліспеймін. Оң жамбасыма келетіні қайсысы, жүрек дүрсілі не дейді, сайрасам сол бағытта сайраймын. Біреуден қалып қойдым, анау пәленше менен озып барады деп жанкешті күй кешкім келмейді. Отқа түсіп күйіп-піспеймін. Тамыр соғысы кенеттен тоқтап, миына қан құйылып о дүниеге аттанып жатқандар қаншама? Өмірдің әр сағатын бағалаймын. Жақсы күндерден нәр аламын. «Жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді» деген мақалды есейген сайын есіме сақтайтын болыппын. Ортамызда аман-сау жүргенде Қайрат Жұмағалиев пен Серікқали Шарабасов ағаларым  маған көп ақыл қосатын.  «Миражан, анау ауданға, сонау  ауылға  шақырды екен деп, шапқылай берме. Өтемістей (Мырзағалиев) талай оғыландар қызметтің соңынан қуып жүріп жолда аунап түскен... Оқтай ұшқан. Өзіңді сақта, Айнұрыңды бапта! Өмірдің бақыты – ұрпағың, жанұяң!  Қазылар алқасына жиі мүше болып та қажет емес. Жеңіске жеткен балалар саған алғыс та айтпайды. Жеңілгендер жюриде отырғандарды қарғап-сілеп кетеді. Ата-аналары да өкпешіл, кекшіл келеді. Мына біз жұрттың шашбауын көтеріп шапқылағаннан не таптық? Денсаулықтан айырылдық» дейтін. Марқұм Темір Құсайын ағам да түнді таңға жалғап  жазғаннан қан қысымы жиі көтеріліп, шаршайтынын айтқан-ды. Ақыры, қолына қағазы мен қаламын  ұстап отырып, түн ішінде мәңгілікке қалғып кеткенін айтады баласы Қуаныш. Сондықтан, барға қанағат етемін. Шүкір, тәубә деймін, осы күнге адастырмай, абыроймен, ақыл-парасатпен жеткізген Жаратқанға! Құдіретті қаламды қолыма Құдай ұстатты! Бір тылсым күш құлағыма сыбырласа, көмейіме сөз ұя салса ғана қолға қалам аламын. Баяғыдай ұйықтамай түнімен жазып, сегізде редакцияға жұмысқа жиналып, ақ тер, көк тер болмаймын. «Социалистік жарысқа» түскім келмейді ешкіммен. «Жазу – бүркітті баптағандай бекзат өнер!».

Кітаптарымды айтпағанда, 1985 жылы мектепті бітіргеннен аудандық «Орда жұлдызы» газетінде жұмыс істеп, содан бері жазған мақала, очерк, сұқбаттарымның өзі том-том дүние! Ақ Жайықта, шетте  жүрсем де қазақ елінің біраз ардақтыларынан, қайраткерлерінен сұхбат алыппын. Мен жазбаған Ұлы Отан соғысының ардагерлері, еңбек адамдары, өнер адамдары  қалмапты. Майдангерлер туралы мақалаларымды кейбір тарихшылар, оқытушылар  әр жерінен көшіріп,  фактілерді, сөйлемдерімді  ұрлап кітап шығарғыш, әсіресе,  9 мамыр таяғанда! Тірісінде сол ардагердің үйіне аяқтай барып, өзім құсап тілдескен кісіше «окопта жатыпты, ауыр жараланыпты» деп жазып қояды.  «Ұрлық түбі-қорлық қой! Аға, мұныңыз не?!» деп былтыр Астанада тұрып жатқан бір кісіге қоңырау соқтым. Амалсыздан ағаттығын  мойындады.  Біреудің еңбегіне қол сұққанды жек көремін және кешірмеймін! Өзімнің жазу мәнерімді, стилімді, қай жерде не айтқанымды тез табамын. Қазір әлеуметтік желіден жазғаныңды жымқырып газетке басатындар көп. Өздері ізденбейді. Біреудің арқасында жем жейді.  Надандық қой! 

 Тек, кітап жазу емес, отыз жылдық тарихы бар Орал қалалық апталық, қоғамдық-саяси «Жайық үні» газетінің ауыр жүгі, жауапкершілігі мойнымда. Ақпарат айдынында мемлекеттік тілдегі бұл басылымның атқаратын жұмысы қауырт. Редакцияның күнделікті тыныс-тіршілігі    халықтың көз алдында. Сондықтан қақ-соқпен, ұсақ-түйекпен ісім жоқ. Шегедей қағылған тәртіппен, өз жолыммен, өз бабыммен, бағытыммен өзені ортайған, суы сарғайған  Жайығымда  біреуден кейін, біреуден ілгері жүріп келемін аяңдап. Салауатты өмір салтын ұстанамын. Денсаулық бәрінен қымбат. Табиғат пен тазалықты сүйемін.  Алтын басымды сыйлап, қадірлеймін. «Отан-оттан да ыстық» демекші, әманда айбынды Алты Алашыма, халқыма, Отаным-отбасыма  бейбіт  өмір, тыныш  көңіл, ұзақ ғұмыр  тілеймін. 

- Әңгімеңізге рахмет.

Бөлісу:

Көп оқылғандар