Италиялық ренессанс – мәңгілік сұлулық
Бөлісу:
Бүгін ҚР Ұлттық музейінде «Италиялық ренессанс – мәңгілік сұлулық» цифрлық иммерсиялық көрмесінің ашылуы өтті. Аталған шара Италия мен Қазақстан арасындағы мәдениет саласындағы ынтымақтастық шеңберінде италиялық қайта өрлеу дәуірінің суретшілеріне арналған. Италия Елшілігі және ENI Group компаниясымен бірлесіп ұйымдастырылған көрме цифрлы видеотүсірілім түрінде өткізілді.
Көрмені Scriptamaneant editori баспасы қолданыстағы кеңістікке сәйкес қойып, бұл арқылы Италия өнерін көпшілік арасында насихаттайды. Жақында осыған ұқсас көрмелер бірнеше италиялық және халықаралық музейлерде (Рим, Генуя, Тайбэй, Сингапур) көпшілікке ұсынылған еді.
Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстан республикасы Ұлттық музейі директорының орынбасары Абай Кәрімтайұлы:
«Армысыздар, құрметті жиналған қауым. Құрметті елші мырза, құрметті достар! Бүгінгі ұлттық музейімізде өткізіліп жатқан «Италиялық ренесанс – мәңгілік сұлулық» атты цифрлық көрменің ашылуына қош келдіңіздер!
Тарихта қайта өрлеу дәуірі көптеген өзгерістер мен жаңалықтарға толы болды. Дәл осы кезеңдегі жалпы өнердің Италия мемлекетінде өрлеуі бекер емес. Себебі, бұл дәуірде жасалған өнер туындылары ішкі құндылыққа ие болып, тұңғыш рет таза, көркем, эстетикалық сезім қалыптастыра білді. Қайта өрлеу дәуірі тек техника саласының ғалымдарын ғана емес, ұлы суреткерлерді тудырды. Бұл кезеңде өмір сүрген суретшілердің туындылары мен есімдерін білмейтін адам жоқ шығар. Осындай заманауи цифрлық көрмелер арқылы біз әлемнің түкпір-түкпіріндегі музейлер мен галереяларды, жеке коллекцияларды, сақталған туындыларды тамашалай аламыз. Бұл өнерсүйер қауым үшін жасалып жатқан үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Заманауи техникалық құралдарды пайдалана отырып, өнердің шекарасын кеңейте түсеміз һәм халықтарды бір-бірімен жақындастыра түсеміз. Ендеше, келушілер Италиялық қайта өрлеу дәуірінің сұлулығымен сусындап, сурет жауһарларын көру арқылы ерекше әсер алады деген ойдамын. Көрме жұмысына сәттілік тілеймін! Назар аударғандарыңызға рақмет!» - деді.
Жалпы, шараның мақсаты – көрмеге қатысушыларды италиялық қайта өрлеу дәуірінде дүниеге келген сурет туындыларының сұлулығымен сусындатып, өткен дәуірдің жауһарларын көрсету. Көрмеде жылжымалы картиналар, көркем таңдалған жарықтандыру, үйлесімді музыкалық сүйемелдеу және картиналардың бірнеше экранда бір уақытта бейнеленуі сияқты көптеген әртүрлі интерактивті әсерлер қолданылды.
Scripta Manent компаниясының бас директоры Джорджио Армароли: «Мұнда итальяндық Ренессанс әрқайсымызда бұрын-соңды болмаған сұлулықты, әлемді құтқаратын сұлулықты ояту үшін ұсынылған деп пікір білдірсе, «Көрме бізді заманауи технологияның арқасында өткенге саяхат жасауға мүмкіндік береді. Нағыз өнерде мәңгілік құндылық бар. Эмоциялар мен оның берілуі – өнердің ең маңызды элементі. Біз технологияның берген мүмкіндіктерін пайдаландық. Сол арқылы көптеген қазақстандық достарымыз иммерсивті саяхат нұсқасында қайта өрлеу дәуірінің сұлулығына тәнті болып, оларды жеке көру үшін елімізге баруды жоспарлайды деген үміттеміз», - деп атап өтті Елші Марко Альберти.
Иммерсивті көрме – көрермендер суретшінің жұмыстарымен танысып, картиналарының ішіне енуінің керемет әсерін сезінетін көрме. Иммерсивті көрме виртуалды және шынайы әлем арасындағы шекараны бұзып, қоршаған кеңістікті жарқын көркем бейнелермен қозғалатын интерактивті әлемге айналдырады. Бұл өнер іс-шараларын ұйымдастырушылардың жаңашыл көзқарастары мен бірегей компьютерлік технологиялар үйлесімінің нәтижесі. Мұндай көрмеде жылжымалы картиналар, көркем таңдалған жарықтандыру, үйлесімді музыкалық сүйемелдеу және картиналардың бірнеше экранда бір уақытта бейнеленуі сияқты көптеген әртүрлі интерактивті әсерлер қолданылады.
Көрмеде қайта өрлеу дәуірінде өмір сүрген әйгілі италиялық: Леонардо, Рафаэлло, Микеланджело, Боттичелли, Мантенья, Тициано, Мазаччо және т.б.суретшілердің жауһар 28 туындысы қойылды.
Италия – әр кез суретшілерімен әйгілі болған ел. Италиялық авторлардың шығармашылығы, идеялары бүгінде әлемдік өнер мен мәдениеттің негізі болып саналатын классика деуге болады. Жетілдірілген итальяндық технологиялар келушілерге Ренессанстың төрт шебері: Леонардо, Рафаэль, Боттичелли және Микеланджело шығармаларының мәңгілік сұлулығына қызықты саяхат жасауға мүмкіндік берді. Бұл бастама Италия Елшілігінің 2023 жылға арналған мәдени насихаттау бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Көрме 28 сәуірге дейін жалғасады.
Бөлісу: