Жәмила Бақтиярқызы. Жаңа өмір жолында...

Бөлісу:

06.04.2023 2269

Жиырмадан енді ғана асқан жас қаламгер Жәмила Бақтиярқызы он жасынан бастап сирек кездесетін аутоиммундық миастения дертімен ауырады. Тіпті Жәмиланың диагнозын бірнеше елдің дәрігерлері екі жыл бойына табалмай әуреге түседі. Сегіз жыл осы дертпен күрескен қайсар қыз жирма жасында ауруын толықтай жеңіп шығады. Қолына қалам ұстай алатындай жағдайға жеткен күннен бастап Жәмила сирек кездесетін аурумен қалай күрескенін, өзіне рух берген жақындарының басынан өткен қиындықтарын, ұйқысыз түндер мен азапты күндерін ақ қағазға бүкпесіз сыр етіп түсірмекке серт етеді. Соның нәтижесінде Жәмила Бақтиярқызының «Бәйшешек» атты өмірбаяндық эсселік сипаттағы кітабы жарық көреді. Қаршадай ғана қайсар қыздың рухын, арманын, сенімін бойына сидырған бұл кітап, содан бері қалың оқырманның, әсіресе жас жеткіншектердің аяулы кітабына айналып отыр. Жәмиланың «Бәйшешек» кітабына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да айрықша ілтипат білдіріп, арнайы құттықтау хатын жолдайды. Оқырманның ілтипаты мен Президенттің пейіліне сүйінген Жәмиланың алдына қойған шығармашылық жоспары жетерлік. Қаһары қатты дертті жеңген қаламгердің әлі талай асуларды бағындыратынына бек сенімдіміз. Жәмила Бақтиярқызы «Бәйшешек» атты кітабының бастау сөзінде былай деп жазыпты: Ертеде жер жүзінде  қатал қыс ұзақ аялдап, күллі дүние мұзға оранады. Сол заманда тау бөктеріндегі бір жертөледе шағын отбасы өмір сүріпті. Отағасы отбасын асырау үшін жұмыс іздеп, жер дүниені шарлап кетеді. Ал үйдің түтінін түтетіп отырған әйелі қос перзентімен бірге әкесін күтумен болады. Ішерге ас, бой жылытатын амал таппаған олар қатты қиналса керек. Нәтижесінде ұл бала сырқаттанып, өлім аузында жатады. Сонда бір тәуіп бұл баланы құтқаратын бір амал тапқан екен.  Бірақ қаһарлы дертті жазу үшін жаңа өсіп тұрған гүлдердің шырыны қажет болады. Анасы мен бауырының қайғысына шыдай алмаған әпкесі емшіге керекті өсімдіктерді іздеп жолға шығады. Мұзға оранған өлкеден бойжеткен бірде бір өскін таба алмай, қайғыдан қан жұтып, Құдайына жалбарына бастайды. Дұғада отырған сәтте көзінен мөлтілдеп жас ағады. Жүректен шыққан ыстық жас қалың қарды тесіп, жер анаға нәр берсе керек. Осылайша, табиғат оянып, жас тамған жерден гүл өсіп шығады. Жер жүзіне көрік берген ақ гүлден дәрі жасап, інісін аман алып қалған екен… Үкілеген үміттің нышанына айналған бұл гүл «Бәйшешек» еді”…

«Әдебиет порталының» оқырмандарына Жәмила Бақтиярқызының бір топ өлеңдерін ұсынамыз. 

РЕДАКЦИЯ

Бұл өмірде не сұлу, не әдемі?

Бұл өмірде не сұлу, не әдемі?

Алланың бес парызы әдемі,

Құранның жазылғаны әдемі.

Жаздағы күн сәулесі әдемі,

Қыстың қатал ызғары да әдемі.

 

Бұл өмірде не сұлу, не әдемі?

Ақсақалдың өмірдегі көргені,

Ұрпағына ақ батасын бергені.

 

Бұл өмірде не сұлу, не әдемі?

Ата-анаң бақытты болып жүргені.

Сәбилердің жүгіріп, бір күлгені.

Жастардың ата-баба сөздерін

Көкірегіне ұялатып, түйгені.

 

Бұл өмірде не сұлу, не әдемі?

Адамдардың шыншылдықпен 

Бірін-бірі сүйгені.

Бұл жалғанда сыйластықпен

Бақытты өмір сүргені.

Өмірім

Естеліктер ой түбінде қалықтап, 

Өмірімнің сын сәттерін парақтап, 

Бір күн қалды, естен кетпес жадымда, 

Тар бөлмеде бір жан болмай жанымда 

Жатыр едім Жаратқанға жалына: 

 

"Дәл қазір денем әлсіз, көңіл дәмсіз, 

Бір тілерім - өмір берші жүрер қамсыз. 

Серт етемін, мен өмірді сүйіп өтем! 

Қалмасын жаным сәнсіз, жүрек әнсіз. 

 

Алдымда тәтті өмір құшақ ашса, 

Сүйгенімді өмірді жазам тасқа. 

Тар жолменен тайғақ кешіп өтсем егер, 

Жумаймын нұрлы жүзді бекер жасқа. 

 

Мықты болам, серт етемін, сүрінбеймін, 

Бір таңым тұман болып атсын мейлің, 

Сен берген жауһар ғұмыр бағалы деп, 

Бұл жалғаннан жақсылықты мен іздеймін!

Өмір ағыны

Хақ Алла жаратты адамзатты,

Сыйлады "ғұмыр" атты ақ қанатты,

Ұшасың, кейде бiрақ құлайсың,

Iздеп жүрiп жер бетiнен жұмақты. 

 

Шыр етiп, дүние есiгiн ашасың,

Жетiлесiң, асулардан асасың,

Жастықтың жайма шуақ күндерiнде

От болып, ғашықтықтан жанасың.

 

Қу тiрлiкпен арпалысып, талмайсың, 

Өмiрдiң заңдылығын сақтайсың, 

Жалғандағы ең ұлы бiр қасиет -

Өмiрге жаңа өмiрдi жалғайсың. 

 

Өмiр - өзен ағып өтер ағынмен,

Бiреуге шын, бiреуге сын көрiнген,

Салиқалы ғұмыр кешу арманым,

Өтпесе екен мынау жалған сағыммен.

Бақыттың өлшемі

Адам деген бақытты етсе басқаны,

Өз бақытын екі есе тапқаны,

Күн сайын қалын сұрап, аманмын деп

Бақытты ет өмір берген Ананы.

 

Бақытты ет жаныңдағы бауырыңды,

Бұл өмір келеді жасырынды,

Бүгін барың ертең жоқ - соны білгің

Демеу бол, бағалай біл жақыныңды.

 

Бақытты ет жаныңдағы досыңды,

Көкірегіңе түйіп алғын осыны:

Адал досты саусақпенен санайсың,

Бір сәтте өмірдің келсе тосыны.

 

Бақытты ет Алла қосқан жарыңды,

Бір боп бөліс өзіңдегі барыңды,

Ренжітпегін, жылатпағың адамдар,

Бағалай біл жаныңдағы асылды.

 

Бақытты ет, көмек бер сұрағанға,

Кешіріммен қараңдар алдағанға,

Тарлық, ыза, көре алмау бәрі дұшпан,

Адам болам деп жүрген адамдарға.

 

Бақытты ет, бақытты ет басқаны,

Бақыт табу адамзаттың арманы,

Болсаң егер жақсылықтың жаршысы

Бақытыңды екі есе тапқаның.

Айлы түнмен сырласу

Айлы түн! Өтінемін, сыр тарқатшы,

Айлы түн! Мұңлы жүздің сырын ашшы,

Нәзік жұлдыз, тәкаппар ай құлағыма

Жәй үнмен сыбырлап әуен жазсын. 

 

Біз түндерде жүректерді сағынамыз,

Кірбіңсіз сезімдерге бағынамыз,

Көз іле алмай өткен мақпал түндерде,

Күннің көзін бір көруге асығамыз.

 

Айлы түн! Бізге жұлдыз көзін салсын,

Жалғыз түнді өтеуге төзім қалсын,

Күндіз көрген тәтті елес ұмытылып,

Түндегі сұлу түстен сабақ алсын. 

Жұлдыздардың махаббаты

Жаратқанның адамға аманаты,

Қаламымен аспанға жазған атын,

Жүректерге сымсыз ақ байланады,

Көктегі жұлдыздардың махаббаты,

Көктегі жұлдыздардың махаббаты.

 

Мен де ғашық болайыншы жұлдыздар!

Байланайын бір жүрекке сымсыз-ақ, 

Сүрейінші ғұмырымды жырсыз-ақ,

Тап болсыншы тағдырыма мұңсыз бақ.

 

Шын ғашыққа саясыз бақ қонатын,

Талмасын аққулардың ақ қанаты,

Күндерде күн, түндерде ай болады,

Көктегі жұлдыздардың махаббаты,

Көктегі жұлдыздардың махаббаты.

 

Мен де ғашық болайыншы жұлдыздар!

Байланайын бір жүрекке сымсыз-ақ, 

Сүрейінші ғұмырымды жырсыз-ақ,

Тап болсыншы тағдырыма мұңсыз бақ.

Арпалыс

Неге сонша қиналасың жан дүние?

Кім түсірді сені сонша мұң күйге?

Сендегі мұң тамырыма таралып,

Түсіреді жүрегімді күйбеңге.

 

Неге сонша алқынасың жүрегім?

Ішім түтін, сыртым ғана күлетін.

Мақсат, арман, кеудемде от көп еді,

Сен алдың да жалынымды күл еттің.

 

Ұйқым - түс, азығым - өлең болды,

Кеудеме белгісіз сезім қонды.

Шабыт шырақ жүрегіме маза бермей,

Бастан аяқ өшпейтін өртке толдым.

 

Бұл түстер әуен төкті жолыма,

Түнгі елестер қалам салды қолыма,

Ақ парақтар ғұмырымның көшін бастап,

Тар жолдың өлең тұрды соңында.

Серік еттім өлеңді 

Жаңа өмір жолында! 

Бөлісу:

Көп оқылғандар