«Жетісу көктемі» прозашылар байқауы. №8 шығарма

Бөлісу:

07.04.2023 3228

Қадірлі оқырмандар, Janr Жетісу әдеби клубы республикалық «Жетісу көктемі» прозашылар байқауын жариялаған болатын. Байқауға келіп түскен шығармалар, автордың аты-жөні көрсетілмей реттік нөмері бойынша жарияланып, жүлдегерлер қазылардың шешіміміен анықталатын болып белгіленген. «Жетісу көктеміне» келіп түскен №7 шығарманы назарларыңызға ұсынып отырмыз.

                            

Құдай аты һәр жұлдызда жазулы

Повесть

Бірінші тарау. Шешілмейтін жұмбақтар

Нәйлә каникулға келгенде бастан кешкен қызықты оқиғаларын сирек айтады. Әпкесінен естіген екі оқиға Айпараның жадынан мүлдем шықпай қойды. Себебі екеуі де ақылға сыймас жұмбақтың көкесі болатын. 

Алматыда №5-ші мектеп-интернатта бірге тұратын үш оқушы қыз кешкісін вокзал жақтан жатақханаға бір жас әйелді ертіп келеді. Бейтаныс жас әйел үшеуіне бірнеше күн ашпын, жатар жерім жоқ, қыздар, құдай үшін көмектесіңдер, бір түнге қондырыңдаршы деп тас кенеше жабысады. 10 класс оқушылары Айсұлу мен Бағдат, Нәйләға әлгі әйел сендер өте әдемі қыздар екенсіңдер дейді. Расымен уыздай жас, көрікті қыздар. Айпара олардың қатар түскен фотосуреттерін көрді. Шаштары ұзын, киноға түсуге таңдалған актрисалар сипатты әдемі үш қыз. Он алты жастағы қыздардың сәулелі көздері, жалғаны жоқ бояусыз бет әлпеті табиғи көркімен гүл жайнайды. 

Қазақ қыздары бауырмал, тірі жанға жаны ашып тұрады, сондықтан танымайтын келіншекті вахтадан жолын тауып өткізіп, жатын бөлмеге алып кірген. Жасы 30-дарда, құсмұрын, ақсары, шашы бұйра қазақ келіншекті үш қыз асханаға апарып, бірге отырып тамақ ішкеннен соң бәрі бөлмеге қайтып оралады. Әлгі әйел төсекке жантайып, жастыққа басы тиісімен тастай қатып ұйықтап қалады.Үшеуі ұйқысы қашып түнгі сағат онда көрші қыздардың бөлмесіне барып отырады, мәжіліс құрып, өзара ақылдаса бастайды. Сыры белгісіз бөтен адамды бекер қондырдыңдар, сендер оның кім екенін білмейсіңдер ғой деп секемшіл біреу қауіп айтады. Сол-ақ екен, олар дегбірі қашып мазасыздана бастайды, түн ауғанша көз ілмей, өз бөлмесіне барып жатуға жүрексінеді. Сөмкесінде не бар екен, ақырын ашып көрсек қайтеді, кісі тонайтын ұры болуы мүмкін дейді біреуі. Үшеуі аяқтың ұшымен бөлмеге қайта оралып, бейтаныс келіншектің жыл келгендей қалың ұйқыда жатқанын көріп, сыбдырсыз қимылдап оның сөмкесін ашып көреді. Сонда не көрді дейсің ғой?! 

Осы тұста Айпараның көзі бақырайып, демі бітіп, тұншығып қала жаздады. Нәйлә мамасы құйып берген ыстық шәйға бір тілім лимон салып бөгеліп қалды. Ол қаладан сатып әкелген бес-алты лимон алтын күндей домалақ пішінімен Айпара мен Бижанға өте ұнағанымен, тіл ұшына тигенде ап-ащы, дәмі апельсиннен бір бөлек екені білінгенде тыржиып теріс айналып кеткен. 

–Мұның бір тілімін қара шәйға салып, қант қосып ішеді, «С» витаминіне бай, – деді анасы, – баяғыда институтта бірге оқыған орыс қыздары лимонсыз әсте шәй ішпейтін. Қыста тұмау болғызбайды, сүтсіз ішеді, қара шәйға қосса дәмі керемет. 

Анасы соны айтуы мұң екен, Айпара қасақана шәйға сүт құйып, үстіне бір тілім лимон салып жіберіп еді, сусын лезде іртік-іртік болып іріп кетті. Дәмін татып көріп, жаратпай төгіп тастады. 

Төргі бөлмеде төсек астында тұратын бір чемодан үнді шәйінің қоры қанша алса да сарқылмайды. Өйткені алған сайын ортаймайды, үсті-үстіне қосыла береді. Сыртында піл суреті бар қағаз қораптағы үнді шәйі ауыл адамдарының ең сүйікті сусыны. Әншейінде мамасы үнді шәйін сүт қосып баптап ішкенді жақсы көреді. Дүкенде толып тұратын грузин шәйін сатып алмайды. Үнді шәйі дүкенде сатылмайды, әйткенмен мамасының сырты шұбаржолақ чемоданынан үзілмейді. Қаладан Нәйләға алдыртады. 

Айпара сөмкеде не бар екенін тезірек білгісі кеп отырғаны соншалық, астынан су шыққандай қозғалақтап, тықыршып кетті. Бірақ әдеттен тыс сабыр сақтап, ләм-мим демей, жарыла жаздап зорға шыдап бақты. Әйтпесе Нәйлә әңгімесін жалғастырмай қоюы әбден мүмкін. Айпараның естігісі кеп, есі кетіп отырғанын байқаса, тіпті айтқысы келмей қырсығып қалуы ғажап емес. Оның маңғаздығы әбден жынына тиеді. Бір кезде әпкесі үзілген әңгімесін жалғады. 

Сөмкенің іші толы әртүрлі аяқ киімдер екен. Ең қызығы, бес-алты аяқ киімнің бір жақ сыңары ғана бар болып шықты! Екінші сыңары атымен жоқ! Жұмбақ әйел кілең бір аяққа ғана киілетін қызыл, көк, ақ түсті босоножки, танкетка, туфлиді толтырып салып алыпты. 

– Ол әйелдің сонда бір аяғы жоқ па? Неге бір сыңар аяқ киімдер?! – деп сұрады Айпара бақырып жібере жаздап. Оның көз алдына көл жағасында тұрған ақ құтан елестеп кетті. 

– Екі аяғы да бар, ақсақ емес, сап-сау әйел, – деді Нәйлә. 

Оның дауысынан мылқау үрейдің нышаны болмағанымен таңырқау сезілді. 

– Оң аяққа киетін аяқ киімдер ме, сол аяққа киетін аяқ киімдер ме? – деп қадала түсті Айпара.

– Мынау расымен таң қаларлық қызық жайт екен, – деді мамасы. – Кім білсін, ол әйел қандай ниетпен тек бір сыңар аяқ киімдерді жинап салып алғанын?

– Олардың оң аяққа ма, сол аяққа ма, қай аяққа киілетінін сол замат ешкім назар салып қарап жатпады, әйтеуір, әртүрлі жазғы аяқ киімдер жұпсыз, тек бір-бірден болды. Жабық сөмкенің ішіне торкөз сеткаға салып, оның аузын буып қойыпты. 

Нәйлә көз алдына елестетіп, тосылып отырып қалды, іле қолымен бір затты ұстаған сияқты қимыл жасады:

– Аяқ киімдер былай жатты, бір қырынан, демек, сол аяққа киілетін жағы. Иә, дәл солай. 

– Сол аяққа? Ескі ме, жаңа ма? – деді Айпара дереу детективке айналып кеткендей елігіп. 

– Екі-үшеуі киілмеген су жаңа, қалғаны киілген, табаны ескілеу, – деді Нәйлә. 

– Магазиннен бір сыңар аяқкиімді ұрлап кететін әдеті бар шығар? – деді мамасы, – Дені сау ма, сандалған, ептеп аумасы бар жан болар? Мынау сау адамның ісі емес. 

Кілең бір сыңар аяқкиімдерді жинап салып алған жұмбақ қылықты қалай жоруды білмей, оқушы қыздар одан сайын үрейі ұша бастапты. Танкетка, туфли, жалаң аяққа кие салатын жазғы сандалдар. Ақыры сол таңды қонақжай үш қыз көзбен атырған. Қорқыныштан ұйқысыздық меңдеп, дегбірсіз қиналса да милиция шақырып ұстап беруге ол әйелді аяған. Сергек отыруға тырысқан, бірақ ұйқы жау, бірнеше сағат көз ілмей отырған үшеу таң атқанда бір демде қатты қалжырап ұйықтап кетіпті. Төсегін шақырылмаған қонаққа берген Айсұлу Бағдаттың қасында, Нәйлә өз төсегінде киімшең қисайған күйі түк сезбестен қатып қалса керек. Таңертеңгі сағат 10-дарда кезекші мұғалима апай келіп есікті қағады. Ешқайсысы дыбысты естімейді. Ол ұйқы патшалығында алаңсыз жатқан үш қызды зорға оятып алыпты. Мұғалима оқушыларға сабаққа неліктен бармай қалғансыңдар деп ұрсады. Қараса, бөлмеде бөтен ешкім жоқ, түнгі қонақ елес сияқты зым-зия жоғалған. Қыздар оқудан қалғаны үшін класс жетекшісінен сөз естіпті. 

– Қап, сыңар аяқкиімдер туралы бейтаныс әйелден сұрау керек еді! Ол енді мәңгілік құпия болып қалатын болды. Әттең, әттең! Оның жауабын бұл дүниеде ешкім іздеп таппайды! –деп күрсінді Айпара. – Мен мұны ұмыта алмаймын, шешуі жоқ жұмбақ миымнан шықпайды енді. Ол әйелдің кім екенін табу, неғылған адам екенін білу мүмкін емес! Бұл оқиғаның сыры Бермуд ұшбұрышы сияқты жұмбақ болып шықты. Мен болсам, оның артынан қуа шығып, неліктен бір-бір сыңар аяқ киім салып алып, арқалап жүргенін сұрар едім! 

– Ол біздің еш затымызға тимепті, – деді Нәйлә.– Ал оның берген жауабы қарабайыр бірдеңе болып шықса қайтесің? 

– Жоқ, мұның құпиясын Шерлок Холмс та шеше алмайды! – деді Айпара күрсініп.– Өйткені ол әйелді енді көрмейсің. Кім екені белгісіз. 

Екінші оқиғада күзгі каникулда таңертеңнен бір топ оқушыларды Алматыдан Фрунзе қаласына экскурсияға қалааралық автобуспен апарыпты. Олар қаланы қыдырып, көп жерін көріп, сол күні кешкілік Алматыға кері қайту үшін автовокзалда маршрутты автобус күтіп отырған. Сонда вокзалда қайыр сұрап отырған сыған әйелді көрген, жөргекке тұмшалап орап алған баласының бет әлпеті кәдімгі күшіктен аумайды екен. Мұны көрген қыздар зәресі ұшып кеткен. 

– Қара күшік пе? – деп сұрады Айпара аузы аңқиып. – Ақ күшік пе? Қыңсыласа ше? 

Мамасы күліп жіберді.

– Е, балам-ай, қара күшік пе, ақ күшік пе, оны қайтейін деп едің, сен де қызықсың! 

– Оның аузында емізігі бар ма? – деп сұрады Айпара қайран қалып. 

– Жоқ. Қара күшік бала ұйықтап жатты. 

Нәйлә басын шайқады. 

Ұйқыға жатарда шешілмейтін жұмбақтардан Айпараның басы әбден айналды. Ол түр әлпеті күшікке ұқсайтын баланы өте аяп, көзі ілінбей қойды. Оның сыры да жабулы қазан күйінде қала беретіні өкінішті. 

                                  Екінші тарау. Лимон қалпақ 

Айпара шай ішіп болып, ыдыс-аяқты жинамай ата жөнелу үшін үстелден атып тұрғанда төбе тұсы бір елі кесілген лимонның қабығы бүрісіп қалғандай біртүрлі кескінде дөңгелене қалғанын көрді. Дереу қолына ұстап анықтап қарады. Цитрустың сөлі жоқ құп-құрғақ төбешік қабығы ыстық ауадан семіп құрғай бастағанда кәдімгі титімдей қалпақтан аумай қалады екен. Басқа киетін құртымдай қалпақтан аусашы! Япырай, мынау дүниедегі кіп-кішкентай адамның сиқырлы қалпағы ғой! Мұндай формадағы қалпақтарды киноэкранда ковбойлар киіп алып, атпен құйындата шауып келіп, қарақшылармен атысып жататынын сан мәрте көрген. Сондай қалпақтың жүз есе кішірейген түрі. Біреу әдейі кішірейткен емес, табиғи пішін. Айпара оны алақанына салып көрді, бармақтай ғана. Ас бөлмеден зып етіп шыға жөнелді. Оңашада лимон қабықтан пайда болған құйтымдай қалпақшаның нақты көлемін анықтамаққа сызғышпен өлшеді. Ұзыны тура 4,5 см, ал ені 3,5 см! Дәл төбесінде шошайған үшкірі бар сап-сары қалпақ! Сүйкімді-ақ. Ол енді екі шеті қайқия қайырылып үлгеріпті. Мұндай қалпақты киетін бас ағайынды Гримм ертегісіндегі кішкентай етіктер тігіп кететін гном дейтін халықтікі. Лилипуттарға тар, жарамайды. Айпара оқыс табылған ойыншық қалпақты қобдишаға салып қойды. Оны енді лақтырып тастамасын білді. Қиялы қияға ұшыртып ала жөнелді. Гномдар ертегілерде жер астында қисапсыз қазына күзетеді. Олар ашық сары түсті қалпаққа қызығып кетіп айырбас жасаса ше?! 

Айпара төменгі класта басқаларды таң қалдырсам деп жиі ойлайтын. Оның қиялында сондай бір мұқтаждық болатын. Енді міне, өзін айрықша қайран қалдырған өмір құбылыстары кәдімгідей есін алды. Ақылға сыймас екі оқиғаның да астары көлеңкелі, мәңгі жабық тақырыптар болып қала беретіні нендей өкініш. Ертегілерде мыстан кемпір жаңа туған нәрестені айырбастап, жас ананы күшік тудың деп патша сарайдан қуғызып жіберетін. 

Нәйла Алматыға оқуға 7 класты бітіріп аттанды. Үш жыл қаладан оқыса тіл үйренеді, ысылады, институтқа түсу қиын соқпайды деп анасы жіберді. Ол үйдің үлкені болған соң бұрын дала жұмыстарын істейтін. Отын-су соның мойнында. Есік алдында сұлап жатқан жуандығы екі кісінің құшағы жетпейтін бөренелерді зілбалғамен сына қойып жарып, отынға ағаш кеседі. Айпара кішірек кезінде аулада қаз-қатар жатқан үш-төрт дәу бөрененің үстінде бір-біріне секіріп ойнайтын еді. Бара-бара жуан бөренелер отынға кесіліп таусылды. Бұлар ауылдың шыға берісіндегі жаңа кірпіш үйге көшті. Жаңа үйде жақын жерде су құбыры орнаған, терең құдыққа құлап кетемін деген қорқыныш сейілген. 

Ескі үйде тұрғанда қыста құдықтан су алу қиын болатын, су төгілген сайын құдық басының аппақ мұзы қалыңдап өсе береді, тайғанақ әрі қауіпті. Құдық басы мұздан төбе болып биіктеп кетеді. Күн аязда шелекті тереңге лақтырып су алу оңайға соқпайды. Жазда құдық басы теп-тегіс. Өмірхан атаның үйінің алдындағы құдыққа барар жолда балаларды көрші үйдің ата қазы қуады. Тұмсығын алға соза ысылдап қуа жөнеледі. Қашып үлгермесе балтырдан тістеп алады. 

Айпара күнұзақ тапжылмай отырып кітап оқудан жалықпайтын. Оның көзі жұрт байқай бермейтін нәрселерді байқап қоятын. Бірақ жалпақ жұртқа қызық нәрселерге ол бейқам. Оған лимон қалпақ сияқты тосын құбылыстар керемет ұнайды. Мектептен оралысымен түскі тамағын іше сап, біраз шаруаны апыл-ғұпыл істеп тастайды. Тезірек құтылғысы келгені. Су құбырынан темір күбіні қос дөңгелегі бар темір арбаға іліп алып су тасиды, ыдыс-аяқ жуады, еденді сүртіп алады. Сөмкесін ашпайды, сабақ қарауға асықпайды. Мектеп тапсырмасын жатарға таман асығыс-үсігіс қарай салуға әбден дағды алған. Керек болса сабақ үстінде оқып алады. Өте зерек. Тыныш үйде бабымен, жайланып отырып кітап оқуға бас қояды. Екі-үш күнде қалың кітапты бір бетін қалдырмай тауысып оқып қояды. Күнделікті әдеті сол. 

Бұл кезде оның соңынан ерген жалғыз бауыры Бижан қатарлас кішкентай балалармен далада асыр салып ойнап жүреді. Ойынға бір тоймайды. Айпара оған бас-көз болып сабақ қаратудан аулақ. Бижан бірінші класты бітірген жылы хат танымай қалды, анасы оның ежіктеп оқитынын көріп, қайран қалған. Ортаншы қызының оқымыстылығын күнде көзі көріп жүрген анасы: 

– Қарағым-ау, мына бала хат танымай қала жаздапты ғой. Мен саған сеніп жүрсем түк қарамапсың ғой. Сен одан бес жас үлкенсің, бір уақ баланың оқуын қадағаласаң болмай ма? – деп таңданып, бірақ жазғырмай айтты. – Кітапқа тесіліп, өз бетіңмен отыра бересің. 

Балаға ұрысу, кінәлау, айыбы үшін ұрып-соғу анасының миына кіріп шықпайды. Саусағын тигізбейді. Мінезі жұмсақ. Сөйтіп кенже баласымен математика пәнінен мұғалімі өзі айналысып, тез арада хат танытып, есеп шығартып үйретіп шығарды. Айпараға керегі сол, жарық дүниеде ешкім оның кітап оқуына бөгет болмаса болғаны.  

Нәйла түске дейін сабақ оқиды, Айпараны төрт-бес жасында мамасы үйде амалсыз жалғыз қалдырғанда «Сен жыламай ойнап жүр, есік алдында ойна, қаңғырып алысқа ұзама, ешкіммен төбелеспе, мен ақша тауып келуге кеттім, екі-үш сағаттан соң келемін» деп құлағына құйып айтып кететін. Айпара есік алдында қуыршақ ойнап отырса өтіп бара жатқан бір әйел: «Әй, мамаң қайда?» деп сұраса, ол: «Мамам мектепке ақша табуға кетті» деп жауап берді. 

Айпара лимон қалпақты алақанына салып айналдырып ұзақ қарады. Қараған сайын ұнап барады. Бас бармағына кигізсе шебер ойғандай даяр бас киім кейпінде құйылып түсе қалған көркем нұсқада беймәлім қозғаушы күш бар екенін аңғармай қалмады. Бойтұмар санап қобдишаға салды. Үстелдің үстінен Нәйла көрсе мұны қоқысқа лақтыра салады.                                

                                              Үшінші тарау. Әтөш

Айпарамен бір класта оқитын Зәйкен деген қыз бар. Қалың шашы ұйпа-тұйпа, жабайы өскен, сәнмен қиылмаған, мектеп көйлегі үтік көрмеген мыж-мыж. Кейде ақ алжапқышының қалтасы сөгіліп, жалбырап жүреді. Сабақты жаман оқиды. Балалар оны мазақтап, оның үстінен бір нәрсені жұқтырып алғандай түр жасайды да, бір-біріне құбыжық деп қолмен жағып ойнайды. Құбыжық жағылған бала одан дереу құтылуға тырысады да келесі біреуге жағып қаша жөнеледі. Ұлдар біреуді келеке қылмаса жүре алмайды, кейде бұған ақымақ қыздар қосылып кететіні Айпараның қарадай жынына тиеді. Ол Зәйкенді ешқашан ренжіткен емес. Адам баласын қорлаудың түбі жақсылыққа апармасын балалық шақтан білмейтіні нендей өкініш. 

Зәйкен өңі әп-әдемі қыз, оның сынын өрескел салақтығы бұзады. Мұғалима тақтаға шақырса, ол өтіп бара жатқанда бұзықтау ұлдар бір жаққа жапырылып құлап қалады. Зәйкен партаға кері оралса, жел жапырған шалғындай тағы тегіс теріс жаққа қисаяды. Мысқылшыл топ соны өздеріне әлдеқандай мәртебе көретін сияқты. Сабақты неғұрлым мазақ қылып, ерігіп отыруға әуестіктен өздері жалықпайды. Соны жаңа келген мұғалім апай байқап қойды. Институтты енді бітіріп келген бойжеткен орыс тілі пәнінен беретін. Оның шын атын балалар мүлдем атамайтын болған. Лақап аты – Әтөш. Оған өзі кінәлі, орыс тілінен алғаш сабақ берген күні тақтада бормен жазып, сабақ түсіндіріп тұрып, «петух» деген сөзді аудара қалмасын ба, сонда жоқ жерден «әтеш» деуге тілі келмегендей, «әтөш» деп қалғаны. Бітті. Үкім шықты. Балалар күлкіден жарыла жаздап, партада жер бауырлап,  қолымен бастарын көлегейлеп, бір жағына қисайып қалған. Сыртынан бәрі оны «Әтөш» деп кетті. Мұны мұғалима қыз білетін сияқты. Қабағының астынан ең тентек ұлдарға жақтырмай қарап қоятыны бар. 

Үшінші тоқсан басталғанда Әтөштың сабағы бірінші болды. Әтөш Зәйкеннің үйімен көрші тұратын үйге қоныс тепкен. Әрине, ауылға сырттан келген мұғалима қыз әрі кетсе бір жыл тұруы мүмкін. Мұғалім болып келген жас мамандарды ауыл адамдары үйлеріне тұрғыза береді. Өйткені олар екінші жылға тұрақтап қалмайды. Ауылдың жігіттері тез үйлене қояды. Сөйтіп, көпшілігі ауылда келін болып қалып қояды. 

Әтөш класқа Зәйкенмен бірге кірді. Балалар қысқы каникулда он күн көрмеген Зәйкенді танымай қалды. Өте әдемі болып құлпырып кетіпті. Киім киісі өзгермеген, әрине. Сол баяғы мектеп киімі, қоңыр көйлек, қара фартук. Бірақ көйлегіне тіккен аппақ жағасы мұнтаздай таза әрі өрнегі әсем шілтерден тоқылған екен. Соншалық сәнді көрінді. Дұрыс үтіктелген соң денеге қонымды болып жараса кеткен. Зәйкен ақсары, қыр мұрынды қыз, бетінің сәл секпілі бар, тана көзі нұрлы. Шашын өте келісті қиғызып, әдемі түйреуішпен шекесінен түйреп қойыпты, кең маңдайы жарқырап ашық тұр. Мейірім тұнған көзінде қаймығу бар, ұзын кірпіктері көл жағасындағы құрақтай жыпырлай өскен. Өзі ақкөңіл, күліп жүретін қыз болатын. Бірақ түрі мүлде өзгеріп кеткеніне қысылатын сияқты. Ол қаз-қатар екі жарылып қойған парталардың арасымен өз орнына келе жатқанда, әншейінде мұрнын шүйіріп, мазақтауға өш жасөспірім балалар бір жағына жантая құлаған жоқ. Тіп-тік отырған қалпы тілсіз қалды. Әрине, балалар оны Әтөш бір ай тазалық сақтауға үгіттеп, үсті-басын түзеп жүруге үйретіп, онымен қоймай, орыс тіліне үйретуге күш салғанын білген жоқ. 

Төртінші тарау. Күзгі бақта шалбарын, бәтеңкесін кептірген бала 

Мектепке әлі бармай тұрып Бижан өзенге жиі түсіп кете беретін. Су жалдайды. Өзен жағасында өскен үлкен бақ бар. Бақтың іші шөптесін, сыз, күннің көзі жоқ, аспан бұлтты, ызғарлы. Қазан айының бас шені, салқын леп ауаны қусыра бастаған. Бижанның анасы мектепке кетіп бара жатты. Жолай анасы өткелден өтіп бара жатып, жан-жағына қарайды. Көзіне жүгірмек баласы шалына ма деп іздейді. Көпірдің үстінен өтіп бара жатқанда көзі шалды. Ауылдағы ең үлкен бақтың алаңқайлау тұсында Бижан шоқиып жалғыз отыр екен. Ол анасы жұмысқа кеткенше үйге қайтқысы келмей күтіп отырады. Баланың басындағы көкала тоқыма бас киімі анасының көзіне бірден басылды. Кішкене кеудешесін иығына жамылып бүрісіп отырған бала нәскиін жерге жайып, кепсін деп шалбарын бұтаққа іліп қойыпты. Бақтың алаңқайлау сыз жерінде жападан-жалғыз шоқиып отырған баласын көргенде анасының жүрегі шым ете қалды.

– Әй, қайт үйге, неғып отырсың? – деп анасы қол бұлғап айқайлады. 

Бала ойнап жүріп су жалдап кететін де шалбары мен бәтіңкесін шылқыта сулаған соң көгалға жайып қояды. Баламысың деген. Жаздың ыстығы емес, күзде қайдағы шуақ. Бижан су-су киімдерін жинап алып, жалаңаяқ үйге қарай зыта жөнелді. Күздің салқын демі білінген бұлыңғыр күнде шылқи су болған киімдер қайдан кебе қойсын. Үйге келуге анасынан тайсалып отырған түрі. Бижан күн құрғатпай аяқ киімі дымқыл болып келе берген соң кеше ұрысқан. Балалармен алысып-жұлысып ойнап жүріп сылдырап аққан өзенге түсіп кететін болса керек. 

Кей күні балақай сиыр қораның шифрланған шатырына шығып, соның шетінде қарауыл қарап отырады. Үнемі су жалдайсың деген сөзден қашады. Бижан аптасына бір жаңа аяқ киім киеді. Аяқ киім арзан, бағасы 2-3 сом. Кәукиіп, суға салғаннан астары қопарылып түсіп қалады. 

– Әй, неғып отырсың, түс!– дейді мамасы оның тағы су жалдап келгенін біліп. 

– Өзің ұрасың, – дейді Бижан. 

– Ұрмаймын, үйге бара ғой, балам, –деп дауыстайды мамасы сабаққа бара жатып. 

Бижан өз кінәсін біліп әрі көп қайталана беретін қателігін мамасына аударып айтқан түрі. 

Су жалдаудан бұл бала тыйылмай-ақ қойды. Бижан бұрын балабақшаға барғанда дымқыл нәскиін бақтың ішіндегі бұтаққа жайып қойып, жалаңаяқ келгені бар. Су жаңа әдемі нәски болған соң Айпара Бижанды ертіп іздеп барып, шарбақтан секіріп түсіп, қараңғы баққа кірген. Түнгі сағат онда әр бұтадан біреу қарап тұрғандай қалтырап кеткен. Бұтақта қонақтап қалған түнгі құс үркіп ұшты. Қатар өскен екі-үш ағаштан өткен соң күндізгі көрген теректер өзгеріп, жуандап, үлкейіп, тіпті орны ауысып кеткендей көрінген. Бижан артқа қаша жөнелді. Айпара «Әй, тоқтай тұр!» деп шегініп тұра қашты. Нәски жайына қалды, жан тәтті. Үлкен бақтан шыққанда жүрек орнына түсіп, екі бала үйге көңілді қайтты. Таңертең іздеп барса бұтақтағы нәскиді біреу алып кетіпті. 

                                        Бесінші тарау. Күшік 

Бижан үшінші класқа көшті. Айпара жалғыз бауырын өзі сияқты кітап оқуды сүюге баулымақ еді, түк үйрете алмай-ақ қойды. Ойын баласының аңсары дала. Бір үйдегі үш баланың үшеуі бір-біріне ұқсамайды, астанада мектеп-интернатта оқитын үлкен қыз жеті жасынан бестен басқа баға алып көрмеген үздік оқушы, ортаншы қыз көркем әдебиетке жіпсіз байланған оқымысты, кіші ұл ойынға әсте тоймайды. 

Қыркүйек айының аяғы. Күн жылы. Бижан үйден 500 метр жерде орналасқан су құбырынан кәдкемен су әкелуге барған. Қос дөңгелекті ілгіші бар құрылғыға темір күбіні іле қойса болды, сүйретуге ыңғайлы.Балаға артық салмақ түсірмейді. Көрші үйдің сегіз жасар баласы иығына қап арқалап алыпты, мықшыңдап әзер көтеріп бара жатыр. Қабында бірдеңе жыбырлайтын сияқты. Бижан қалт тоқтай қалды.

– Қабыңда не бар-ей? – деп сұрады Бижан.

Балақай да кідірді. Жүзінде алаң бар. 

– Күшік. 

– Ол күшікті қайдан алдың? Кімдікі? 

– Үйге әкеп ем, мамам алғызбай қойды, – деп күрсінді бала. –Өзім асырайын  дегемін, екі итті қайтесің, төбелеседі дейді. Иесіне қайта апарып берейін деп бара жатырмын.

– Маған бере сал! – деді жылдам ойланған Бижан жерден жеті қоян тапқандай мәз болып кетіп. – Мен алайын. 

– Мә! Ала бер. 

Балақай күшікті қабымен бірге ұстата салды. Бижан қапты ашып, күшікті суырып алды. Көкшіл қара араласқан көкпеңбек түгі қасқыр түстес, құлағы тікірейген, кішкентай, көзі доп-домалақ, үсті тап-таза бір-екі айлық әдемі күшік екен. Бижанның көзі жанып кетті. Күшіктің де қуанып кеткенін көзінен көрді. Қаптан тұншығып әрі үрейленіп келе жатқан соң қуанбағанда қайтсін. Бижан күшікті құшақтап үйіне алып келді. 

Үйде бірі үлкен, бірі кіші екі мысығы бар. Біреуіне көңілсіз болмасын, бірге ойнасын деп екі мысық ұстайтын еді. Мысыққа да мысық керек. Оның үстіне үлкені кішісін басқа мысықтарға ұрғызбай қорғайды. Атаман мысық. Бірі аппақ, бірі ақ пен көк араласқан сұрғылтым мысық. Екеуі де әдемі. 

Үйге алып кірген бойда күшік Бижандікі бола қалды. Қандай керемет! Қалайы тегешке сүт құйып берді. Сүтті сылпылдатып ішіп алды. Күн жылы болғанымен кірпіш үйдің іші салқындау болады, пеш жанып тұр. Бижан оны тазикке жылы су құйып, иіс сабынмен әдемілеп шомылдырды. Орамалмен суын құрғатты. Сабынның хош иісі күшікке ұнады ма, жоқ па, әйтеуір жуынудан жалтарған жоқ.  Күшік сілкініп пештің жанына барып жатып алды. Мысықтар оған қызығып қарап отыр деп ойлады бала. Айбат шеккен жоқ. 

– Тез-ақ менің күшігім бола қалды. Ойнатыңдар, – деп күлді ол мысықтарға. 

Күшік Бижанға сіңіп кетті. Үш күнде бір-біріне әбден бауыр басқан.  Төртінші күні Бижанның анасы мектептен келгенде оқыс хабар айтқаны. Әлгі балақайдың үлкен ағасы Бижанның анасының класында оқитын. Жылап барып: «Мұғалім, Бижан менің күшігімді бермейді, тартып алды» деп шағым айтыпты. Алдында Бижанның өзінен сұрағанда жолатпай қойған еді. «Сенікі болса қайтейін, күшікті сенен алған жоқпын» деген.

– Балам, ұят болады, күшігі қайтарып бер, мен оның әкесімен бірге оқығанмын. Мен саған қаладан осындай көк күшік сатып алғызып беремін, – деді анасы.

– Бермеймін. Жоқ, мұндай күшік табылмайды, – деді Бижан ашу билеп ыза болып. 

– Егер күшікті алатын болса күнде ұрып кетіп отырамын. Көрген сайын теуіп кетемін.

– Олар күшігін қаладан сатып алған болса ұят болады, иесіне қайтар, – деді Бижанның мамасы ренжіп.

Бижан ақылға кеп, күшікті іргедегі үйге қайтарды. Сол үйдің ортаншы ұлы кеп күшікті алып кетті. Есіктен шығарып бергенде күшік барғысы келмей тартынды. Бижан біртүрлі қимай күйзеліп қалды.

Арада бір күн өтті. Ол көрші ұлдардың басқан қадамын аңдып жүрді. Жол торыған қарақшы сияқты қорғандарынан шығармай қойған соң ағайынды балалар сыртқа шығып ойнаудан қалды. 

– Менен таяқ жейсіңдер, енді өзге балалармен ойнатпаймын. Ауладан шықсаңдар  садақпен атамын, – деп кіжінді Бижан. 

Ол ойыншық садағын атып көрсетті. Балалардың көздері бақырайып кетті. Асхат өзінен бір-екі жас кіші бала, тетелес інілерінің арасы бір-екі жастан. Екі тәулік өткен. 

– Әй, бері қара! – деп айқайлайды Бижан. 

Олардың шарбақ қорғандарына садақ атып, балаларға тигізбейді, жебені 3-4 метр қиғаш жібереді. Ағалы-інілі үш бала өздерінен сәл ересектеу Бижаннан қорқады. Жалғыз шықпайды. Үшінші күні кіші інісі Бижанға өзі келді. 

– Мамам ұрсады, екі ит бар, сыймайды. Сен аласың ба? – деді ол бейбіт жолға қайта түскендерін көрсетіп. 

Бижан бұрынғыдан бетер қатты қуанып кетті. Алғаш аларда дәл осылай шаттанбаған болатын. Онда сүйкімді күшігін әлі көрмей тұрды ғой. Қастарына басқа балалар жетіп келген. 

– Бірақ тегін емес, – деді Асхат. 

– Қанша ақша берейін?

– Ақша керек жоқ! –деп басын шайқады бала. 

Бижан ойланып-ойланып тұрып былай деді: 

– Кәне,  ақысына бір жәшік асық берейін! 

Үймелеп тұрған кішкентай балалардың біреуі Бижанның сөзіне сенбей тұр. 

– Қой, ондай асық ешкімде жоқ! 

– Екі мың бір жүз шүкімайт, екі мың үлкен асық. 

Әлгі ұл көзі жайнап қуанып кетіп, дереу келісті. Екеуі ересектерше қол алысты. 

– Енді күшігім деп сұрамайсың, асық сенікі, күшік менікі!

Көрші бала күшікті алып келді. Күшік Бижанды көргенде еркелеп, тілі жылтыңдап қутыңдап қалды. Бижан қайта табысқан күшігін үйінің дәлізіне кіргізіп, сыртына құлып сала қойды. Ана бала айнымасын деп қауіп ойлап тұр. 

– Қазір осы жерде тұра тұрыңдар!

Ол қораға жүгіріп барып, қиды бұзып құлатып, арасын ақтарып, өзі тыққан жерден бір жәшікті суырып алды. Есік алдына қақпағы шегеленген ауыр жәшікті мықшыңдап көтеріп алып келді. Посылканың дәу жәшігі болатын. Оны жерге қойып, фанерін ашып, асықтарды жерге төкті. Айнала топырлап тұрған балалар таңырқап, дауыстары шығып кетті. Бір тегене асық, төбе болып үйіліп қалды. Боялғаны да бар, боялмағаны да бар. 

Күшікті асыққа айырбас жасаған бала бауыры екеуі жалма-жан отыра қап, асықтарды санай бастады. Бижан желкесінен қарап тұр. 

– Әй, ұстамаңдар! – деп Асхат баж-баж етеді.

Екі ұл асықты санап болып, жәшікке толтырды да екеуі екі жақтан ұстап көтеріп, мықшыңдап үйіне кетті. Қалған балалар олардың артынан еріп кетті. 

Бижан үйге кіріп, күшікке тамақ берді, күшігі апыр-топыр бас қойды. Төсекке бас қойып, жастыққа жатып алған екен. Ол анасы кешке жұмыстан оралғанда күшікті балалар қайта әкеп берді деп айтты. Күшігіне Динго деп ат қойды. 

                            Алтыншы тарау. Түнгі сапар 

Айпара бас алмай қызыға оқитын романдардың көбінде «Ол шіркеу тышқаны сияқты тақыр кедей еді» деген теңеу жиі кездесетін. Осы сөйлемді ол Батыс Европа жазушыларының кітаптарынан оқып, біртекті көрініске ерекше таңқалып отыратын. Бижан балақай аулада ойнап жүреді, кітапқа көміліп, басымен кіріп кеткен Айпара ауық-ауық есік алдына атып шығып, бауырын шолып қояды. Үйге кір, сабақ оқы, айран іш, қолыңды жу, компот беремін деп әрнемен қызықтырып алдап шақырса да келмейтін ойын баласын көзден таса қылмай, қаз балапанын баққандай қарап отырмаса тағы болмайды. 

Қыркүйек айының басы, күн жылы, жазғы дидар әлі сетінемеген. Кешкісін Бижан үшті-күйлі жоғалып кетті. Тоғыз жасар ұлды анасы мен әпкесі бүкіл ауылдан іздемеген жері, қарамаған қуысы қалмады. Айнала қазылған ор, алыстау жерде Өмірхан атаның түбі өте терең құдығы бар. Бейқам бала құдыққа құлап кетсе бітті ғой. 

Сарғая бастаған жапырақтар жамырап, айнала төңіректі салбырап түн қараңғылығы басты. Ауыл-аймақ жарығын өшіріп ұйқыға жатқан. Анасы жанын қайда қоярға білмей қиналып кеткеніне Айпара жыламсырап, булыққан қалпы алаңдап күтіп отыр. Уақыт өтпей қойды. Ауыл тым-тырыс. 

Түнгі сағат төртке таман көрші үйдің қасына машина гүрілдеп кеп тоқтады. Анасы екеуі сыртқа атып шықты. Урал маркалы ауыр машинада екі бала  отырды. Көк кабина биік. Мамасы қаңғыбас баласын көргенде жылап жібере жаздады. Бижан бір нәрсе бүлдіргенін сезіп, көзі бақырайып үйге кірді. Бала өмірінде алғашқы және соңғы рет таяқ жеді. Шыбық арқасына, қолына, аяғына тиген сайын жылаған дауыс Айпараның жанын шығарып барады. «Мама, ұрмай-ақ қойшы!» деп араша түсіп, Бижанды құшақтап алған. «Енді біреулерге ілесіп айдалаға қаңғырып кетесің бе?!», «Иттің баласы, бізді тірідей өлтіре жаздадың ғой, неге айтпай кетіп қаласың? Сені біржола табылмай қала ма деп өлердей зәрем ұшты ғой!». 

Ойыншықтың төресін әперіп, астың дәмдісін аузына тосып өсірген ұл. Ерке бала өз айыбын мойындап, көзі жасқа толып аяғына, қолына, арқасына шыбық тиген сайын қыңқ ете түседі. Бижанды жазалау мезеті көпке созылған жоқ. Ашумен бірнеше мәрте шыбық сермеген мамасы тез тиылды. Бала ұруға дағдыланбаған. Айпара көзі жас ұлды бауырына басып құшақтады да, есік алдына алып шығып беті-қолын, аяғын жылы сумен сабындап жуды. Көзіне сабынның көбігі кіріп кетсе керек, Бижанның ышқынған дауысы шығып кетті, шыбық тигенде бүйтіп жыламаған бала енді өксіп қоя берді. Жуындырып болған соң Айпара бауырын түкті орамалға орап, көтеріп әкеп орындыққа отырғызды. Жұқа өңді әдемі бала енді тойған қозыдай томпиып үнсіз қарап отыр. Қарны ашса да ішем-жеймін деген жоқ. Айпара сүт құйып берді. Сүтті бала сіміріп салды. «Тағы ішесің бе?». Бижан монтиып басын изеді. Айпара бір тілім нанға мамасы таңертең шайқаған ақ май жағып берді, үстіне иісі бұрқыраған жабайы қарақат тосабын жақты. Бижан бір кесек нан жеп, екі кесе сүтке тойғанда көзіне ұйқы тығылды. Айпара бауырын көтеріп әкеп төсегіне жатқызғанда көзі жұмылып барады. Жүзі періштедей балбырап, бүгінгі күннің қиын сәттерін тарс ұмытып, дем алған дыбысы естілмей қалың ұйқыға батты. Айпара оның жүзіне емірене қарап біраз отырып, маңдайынан сүйіп, жұқа көрпесін қымтап қойды, қасына екі аю ойыншығын жатқызды. 

Қыз баланың ұйқысы шайдай ашылды. Өз бөлмесіне барып, үстел шамын жағып, Дюманың кітабына бас қойды. Қалың дәу кітапты қайталап оқып жатыр. Бүкіл ауылда шам жанып тұрған шеткергі үй. Ауылдың басы тау жақтан басталады, үйлер жазыққа қарай өсе береді. 

Ертесінде ұйқысы қанып оянған Бижан түнде қайда болғанын айтып берді. Көрші ұл Мереймен ойнап жүргенде оның папасы машинамен келіп үйдің қасына тоқтайды. Үйінен тамақ ішіп шығып, кабинада отырған екеуін қоса ала кетеді. Ауылдан алыс өзен жағасына барып, бірнеше кісі бірнеше  малды елден жасырып  сойған. «Тірі малды сол жерде сойды ма?» деп шошына сұрады Айпара балалардың көзінше істеді ме деп ойлап.  Портовой машинаға салып бауыздалған мал әкелген. Ірі қара малдың шек-қарынын машинаның жарығын жағып қойып түнгі сағат 2-3 ке шейін тазалаған екен, қайтуға содан кешіккен. Кілең ер адамдар жабыла істеген. Бірнеше отбасы бөліп алғандықтан ірі қара етін түнімен үйді-үйге кезек-кезек тасыған. «Совхоздікін ұрлап алған ба, әлде үкіметтен жасырып ұстаған өз малдары ма?» деп ойлады мамасы мұны естігенде. Көршінің әйелі өз ұлына мұның баласы еріп кеткенін көріп-біле тұра, көрші үйдегілер кенже баласын шыр айнала шырылдап іздеп жүргенін көрсе де дым болмағандай безеріп жасырып айтпағаны Бижанның анасының жанына қатты батты. Неткен діні қатты мейірімсіз әйел! Мысықтың боғындай жасырып, түк білмегенсіп отыра бергенін қарашы. Бір ауыз айта салса ширек тәулік ауылды адақтап, уайым-қайғыдан қан жұтып, өлердей шошынбайды ғой. Құдайға тәубә, бала аман оралды. 

«Сен ендігәрі Мерейге жолама, ол қаскүнем бала, өткенде машинадан итеріп жіберіп, құлап қалғаныңды, бір жолы ол қолыңды кабинаға қысып қалып бармағың қан жоса болып келгенін ұмыттың ба?» деп ұрысты Айпара. Мерейдің папасы бұрын ЗИЛ машинасын айдайтын. Бижан іргеде сүйеулі тұрған ауыр дөңгелектің астында қалып, мыжылып жатқанда көрші қыз Кенжеш көре қойып, жүгіріп кеп көтеріп алыпты. Бір жолы Мерей Бижанды трактордан итеріп жіберді. Трактордың артына құлай соғылып санына шеге кіріп кеткен Бижан тұра алмай қалды. Қан сау ете түсті. Жолдан өтіп бара жатқан ұста жігіт жерде құлап жатқан баланы көріп, «Не болды? Не болды?» деп жаны ашып көтеріп алып үйіне әкелген еді. 

                                  Жетінші тарау. Жазғытұрым 

Жыл он екі ай тез ауысады. Қыс өтсе, уақыт көктемге айналып кетеді. Жасыл нулы жаздың соңы оңып сарғайған күзге айналады. Айпара кіршіксіз таза қысты аса жақсы көреді. Өйткені бөрідей ұлыған ақ қар борандарда жып-жылы, жап-жарық бөлмеде кітап оқып отырудан өткен ештеңе жоқ. 

Қыс ызғары кеміп, күн жылына бастады. Жазғытұрым сең қозғалып, өзен түсіп кетті. Күні-түні күркіреп тасиды. Тасқыны қаттылығы сонша ағаш көпірді жұлып алып, ағызып кетті. Тасқын су жап-жалпақ болып 50-60 метрге дейін жайылып кетті. Өзеннен екі жүз метр алшақ тұрған тұрғын үйдің артына дейін жетті. Қос бөренеге көлденең-көлденең тақтай шегеленген ағаш өткелдің үстінен су жүргенде біраз шыдап тұрды. Алапат ағын өткелді бірақ жұлып әкетті. Жағада балалар алыстан көз тігіп тұрған. Өткел қайық құсап жүзіп бара жатқанда екі бала оны тұра қуды. Жағалаумен жарыса қуған бойы жарлау жерден екеуі өткелге секіріп, атша қарғып мінді. Қалған балалар қиқулап сыз жағаны бойлай, шулай қуды.Бижан су өткізбеген соң қала берді. Сал тәрізді жүйтки аққан өткелдің үстіндегі екі ұл толқынмен жылдам жүзіп алыстап барады. Жардың бұрылысында су жолында оймақтай бір аралшық бар болатын. Өткел соған кеп көлденең қиғаш киіліп қалды. Бір жағы төмен, бір жағы жоғары тірелген. Екі бала екпінмен суға құлады. 

Бір жұмада таудағы қар түгел еріп жазықтағы су тасқыны толастаған соң өзен ежелгі арнасына түсті. 

Көктемде Бижан сары күшік тауып алды. Бауырға қарай бір қойшы қой айдап бара жатыр. Иесі күшікті қанша шақырса да отарға ермей қалып қойды. Бижан велосипедпен бұзау қарап жүрген. Бижан сары күшік иесіне ереді деп көпке дейін тосты. Қойшы әбден ұзап кеткенде күшікті: «Кә, кә!» деп шақырған. Тазы тұқымы екен. Ит – жеті қазынаның бірі. Қойнына салып үйге алып келді. Өзі асырайын деп еді, анасы «Екі итті қайтесің? Төбелеседі ғой» деп уәж айтты. 

Екі ит басында дос болды, кейде төбелеседі. Шауып сүр ет берсе, сары күшік етті тістеп алады да жоқ болып кетеді. Қайтып келеді. Бижанмен ергенде  қайта тығып қойған жерінен тістеп алып үйшігіне апарып жейді. Керемет жүйрік тазы. Кеудесі ақ төс, сап-сары, тұрқы жіңішке. Көзі қимаса да көк күшігі болған соң тазыны нағашысына апарып берді. 

Асхат Бижанмен бәстесіп Дингоны жас итімен төбелестірді. Көк күшік кезінде Бижанға бұйырғанға ішінде кеткен қыжылы бар. Бижанның күшігі қарсыласын бұрап жықты, арқа жүні күжірейіп жуан болып кетеді. Талап тастады. Бижан сүйсіне қарап қалған. Ашуланғанда бөрі болып кетеді. 

Көктем шыға Бижан балалармен асық ойнап күнде отыз асықтан ұтып алып жүр. Мектепте үзіліс кезінде балалар асық ойнаса мұғалімдер көріп қойса ұрсады. Күн суытса да оқушы ұлдар күнгей жақта асық ойнайтын. Қоңқай – арқардың асығы. Бижан құлжаның асығымен ойнап, тізіліп тұрған асықтардың бәрін ұшырып жібереді. Асық ата бергеннен қолы күс-күс болып жарылып кетті. Бара-бара тіпті көп ұтатын болды. Қоңқай ірі асықты біреуге бере тұруға қимайды. 

Су тисе Бижанның тілініп кеткен қолы ашиды, тызылдап қышиды. Айпара анасының айтуымен қойдың құйрық майын ерітіп Бижанның қолына жағып береді. Күс оңай кетпейді ғой. 

– Қолың иттің артына тыққандай қап-қара болып күстеніп кетіпті ғой, – деді Айпара бауырының беті қолын сабындап, ысқылап жуып жатып, үлкендерден естіген сөзін қайталап. 

Тазалап әбден жуындырса бұл баладан сүйкімді бала жоқ.

Бижан ақыры асық ойнауын қойды. Бір айда қолының күсі кетіп қалды. Моншаға барғанда екі қолының терісі жұмсарып, аршыған жұмыртқа тәрізді тазарып, ағарып оралды. 

Үшінші класты бітірген Бижан ең үздік оқушы болып шықты. Бірақ ол үйде байыздамай, күнұзақ далада ойнағанды бәрібір өте жақсы көретін. 

Сегізінші тарау. Тауда

Бижан нағашы атасы мен ағасына еріп тауға шөп шабуға барды. Ат-арбамен атасы мен оның немересі Айхан кетті. Бижан анасының інісі Жоламанның екі аяқты мотоцикліне мінгесіп кетті. Шөп шабуға аттанған топ ауылдан шыққанда екі күшік қалмай отырды. Тазы күшікті бір қойшы аттай қалап сұрап алған. Бір аяғы ақсақ сары күшік Қалия тәтенің үйінікі, ол да ере түсті. Дингодан кішірек. Қос күшік тау ішіне екі шақырымға дейін қалмай еріп отырған. Жүз метр қалып отырған қос күшік бір кезең асқанда көрінбей қалды. Бижан жалтақтап артына қарағыштап келеді. Нағашысы үш аяқты мотоциклді қатты айдап зулап келеді. Бижан күшігін ойлап уайымдай бастады. Неге көрінбейді?  Мотоциклдің түтінімен адаспай келеді ғой деп ойлап қояды. Мақажанның өткелінен 200 метр асып тоқтап, тоғайдың іргесіндегі көгалды шаба бастаған. Нағашысы шөп шабады, Бижан шабынды шөпті жинайды. Арбадағылар әлі жеткен жоқ. Мотоцикл жылдам, таңертеңгі сағат 10-да келген екеуі көбірек шөп шауып тастады. Араға екі сағат салып, түскі он екіде атасы мен Айхан жеткен. Олар шабылған шөпті арбаға сықа толтырып тиейді. Моторлы көліктегі екеуі бір шақырым ары озып кетті. Бижанның ойынан қос күшік шығар емес. Бір шақырым алыстан үзік-үзік қылқылдап жылап жүрген, үріп жүрген дыбыстары естілген сайын жүрегі шаншып барады. 

– Бұл түлкі, – деді нағашысы. – Түлкі сөйтіп үреді. 

– Мынау түлкінің емес, иттің дауысы, – деп айтты Бижан. 

– Артта келе жатқан күшіктер екі-үш шақырым жоғары қалай өтіп кетеді? – деп  уәж айтты нағашысы. –Түлкі кәдімгі итше үреді. Түлкі ғой кісіше күледі. 

– Бізден адасып қалған соң тоғайдың екінші жағынан өзеннен өтіп жоғары кеткен ғой, – деп жиені өз жорамалын айтты. 

– Кә, кә!

Нағашы-жиен екеуі күшіктерді айқайлап шақырды. Жарты сағат өткен соң тоғайдың арасынан сары күшік арсалаңдап, құйрығын бұлғаңдатып жүгіріп келді. Адамдарды көргенде қатты қуанды. Ұзақ жүрістен ақсаңдап, маймаңдап қалыпты. Қайтқанда ілесе алмайды деп Бижан оны арбаға тиелген шөпке жатқызып қойды. Өзі ат-арбаға отырды. Жол бойы айқайлап күшігін шақырды. Көк күшігі жоғалып кетті ме деп іші қылпылдап отыр. Ауылға жеткенше бес-алты километр бар, таяу маңда ат-арбаға жеткізбей мысын құртып келеді. Өзенді бойлап төмен қарай келе жатқанда  алдыңғы дөңгелек томарға кезігіп, арба аударылды. Арбадағы үшеуі үш жаққа ұшты. Атасына түк болған жоқ. Бижан аяқпен дік ете түсті. Арба Бижан жаққа аударылған. Айхан Бижаннан алты ай үлкендігі бар, жасөрім бала, ол да екі аяғымен тік түсті. Аша Бижанның арқасынан ұрып жіберді. Біреу әдейі сілтегендей тиді. Жауырыны ашыса да жол бойы ол күшігін ғана ойлап қайғырып отырды. 

Нағашысының үйіне көк шөп тиеген ат-арба келіп жеткенде нағашы апасы аулада жүр екен. Нағашысы анасына:

– Бижан тау ішінде күшігін жоғалтып алды, – деді.

– Таңнан ертіп жүрген көк күшік пе? – деді апасы. – Бағана екі сағат бұрын үйіңе кетіп бара жатқан. 

Бижан мұны естігенде қатты қуанды. Нағашы апасы пісірген түскі ас, етке қарамай өз үйіне зыта жөнелді. Велосипедіне міне сап құйғытып келе жатыр. Екі өзеннің екі жағында екі ауыл орналасқан, ортасында зират бар. Арғы ауыл және бергі ауыл. Бижан құйындатып үйіне жетті. Дәліздегі құрақ көрпенің үстінде құйрығын созып күшігі ұйқыны соғып жатыр. 

Ендігәрі ол күшігін тауға, шөпке ертпейтін болды. 

Бижан шай ішпей, сүт іше беретін бала, көңілі орнына түскен соң кастрюльде пісіп тұрған салқын сүттен бір литрін демде сіміріп салды. Ақ сұйықтық баланың алаңсыз көңілін одан әрмен ағартып жіберген, күшігі бір қатерден аман қалғаны қандай керемет. Бұл ауылда ең дәмді сүт осы үйдікі және нағашы атасының үйінікі. Себебі әу баста Нәйла туғанда нағашы ата-апасы еншілеп берген торпақтан осы үйдің тайынша-сиырлары өсіп шыққан, тұқымы бір. 

Нағашысы жаз бойы Бижанды шөп шабуға ертіп апарды. Тамыздың жиырмасына таман биіктеу өскен итмұрын бұталары әбден уілжіп, қып-қызыл шие құсап пісіп тұрады. Итмұрын бұтақтарға іліп қойған титімдей қызыл құмыралар сияқты домаланып самсап өсіп тұрады. Қолмен ұстасаң езіліп кетеді. Бижан ауызбен сорып алады. Сыртындағы шаңына қарамайды. Ернін таятып, «уф!» деп ішке тартып кеп қалғанда ауызға жұтылып кетеді, сылп ете түседі. Тікенек сүйегі, бір-біріне жабысқан жүндес дәндері, ұшындағы жапырақшасы ағашта қала береді. Жұп-жұмсақ шырыны бал татиды. Жабайы құстар итмұрынды жабыла шоқиды. Бірақ оған таусылмайды. Тоғайда ит ырғын итмұрын өседі. Итмұрын біркелкі піспейді, кейбірі қатты болады.

– Мынауың әдіс екен! – деп нағашысы басын шайқады. 

Нағашысы да сөйтті. Екеулеп піскендерін көзімен көріп, таңдап алып таңдайына салып сора берген. 

Итмұрын күзге таман, рауғаш ерте көктемде піседі. Рауғаш жапырақтарын сәуірдің жиырма бесінен мамыр айының бесіне дейінгі аралықта жинап алмаса ағаш болып сіресіп қатып кетеді. Он күн ішінде терген рауғаш балдай. Бижан өзі ғана білетін, рауғаш теретін меншікті сайы бар. Сол сайдың күнбатыс жақ бөлігіндегі таудың арт жағы сыңсыған қалың тоғайдың іші қарақат бұталарына тұнып тұрады. Тоғайда жабайы араның ұясы бар. Ескі ұя. Қураған доп сияқты, ағашқа өріліп байланған, тарам-тарам. Аралардың ұяға кіретін тесігі астында екен. Сырты бітеу ұя алмұрт сияқты соп-сопақ. 

Тақыр жер жоқ, көк қаулай өскен. Жалғыз аяқ жол жүрсең жұп-жұмсақ болып тұрады, шаңы шықпайды. Таудың қыратында ғана машина жолы екі айырық шөптесін болып жатады. Бижан тау ішінде шөп шауып жүргенде кез келген сабағы бар өсімдікті сындырып, дәмін сорып көретін. Ненің дәмі бар деп анықтайды. Дәрілердің дәмін шөптерден аңдайды. Бір жолы бір шөптен Бом-Бенге деген мазьдың дәмін тапты. Тау ішінде Ақымжанның қорасы жақта көп өседі. Иесіз жерден ғөрі елді жерге қайтқың кеп тұрады. 

Тоғызыншы тарау.  Бір шоқ жүзім 

Бижан саяхатшы бақа құсап безе беретін ойын баласы. Ол ауылдың сыртындағы алыс жерлерге балалармен қоса қаңғып, кетіп қала береді. Күн батқанша оның қарасы көрінбей мысын құртып, Айпара сол құралпы жүгірмек ұлдары бар аулалардың бәріне барып, соңынан ерген жалғыз бауырын іздеп әлек болады. Кейде жуық арада таптырмай қойса есіл-дерті балақай пәледен, мертігуден аман болса екен үрейі ұшып жанұшыра іздейтін кездері аз емес.

Қарасуық күзде Бижан аулада ойнап жүрген жерінде жоқ болып шығып, екі сағат көзге түспеген соң секемденген Айпара іздеуге шықты. Сулхан-Саба Орбелианидің даналық кітабын орталап қалып еді. Амал жоқ, мына ақымақ баланың өзін сандалтып қойғанына ренжіп келеді. Әншейінде бірге жүретін көрші балалардың ауласында  болмай шықты. Ауылдың ең шеткері үйлеріндегі ол ойнайтын балалардың үйлеріне барды. Велосипед мініп кеткен екен, тоғайға, тауға кетіп қалуы мүмкін. Мамасы мектептен оралғанша Бижанды тауып әкелмесе болмайды. Мамасы ұлын өте жақсы көреді. Ауылдың тау етегіндегі бас жағына барып, таппай қайтты. Үйге келсе, велосипед аулада жатыр, Бижан есік алдында итімен отыр екен.

– Сен қайда жүрсің? Мен саған алыс ұзап кетпе дедім ғой! Иттің күшігі! – деп бақырды Айпара бауырына. 

– Жүзім жеймін, – деді Бижан түк болмағандай. 

Ол  Айпарадан қорықпайды. 

– Қайдағы жүзім? Магазинге түсіп пе? 

– Нұрбектің үйінен көрдім.

– Саған берді ме? 

– Берген жоқ. 

– Кәне, кір үйге, осы ойнағаның да жетер. 

Айпара алдына салып бауырын үйге алып кіріп, оның беті-қолын сабындап жуды. Ол кейде даладан сатпақ-сатпақ болып келсе үстіндегі киімді шешкізіп, қолына жұққан кірді, бетіне қонған шаңды жылы сумен мұқият тазартып, тілі шықпаған балаша әуектеп жаңа киім кигізгенді жақсы көреді. Бижанның өзіне салса асығыс-үсігіс, шала-шарпы жуа салмас үшін сөйтеді. 

Бұл жолы Бижанның сатпақ-сатпақ бетін маңдайдағы шашына дейін сулап әдемілеп жуды. Бижан піскен ыстық және суық сүтті өте жақсы көреді. Айта берсе оның негізгі сусыны су мен сүт. Шөлдеген бала бір кесе сүтті сіміріп салды. Бұл үйдің сүті балдай, тіл үйіреді, себебі мамасы меншік екі сиыр мен бұзау, тайыншаларды жақсы көреді, жем-шөбін беріп, желінін сауған сайын жылы сумен жуып күтеді. Сиыр саны күрт өсіп кетті. Қыста қора тар болып, сыймай барады. Жазда өрістен келгенде аулаға жатады. Соғымға союға қимайды. Еркек бұзаулар өскенде кейде етке өткізеді. Үлкен үй, әке-шешесі соғымнан ет беріп тұрады. Төл басы үлкен қызылқоңыр тайыншаны баяғыда нағашы ата-апасы Нәйлаға еншіге берген. Содан тұқымы өскен. Мамасы біздің әулеттің сиырларының сүті ерекше құнарлы деп дән риза болып айтады. Айпара мұның бір мысқал қатесі жоқ сөз екенін талай сезді. Ойнап жүріп, басқа қыздардың үйіне барғанда бір-екі рет сүт ішкенде білді. Таңдайға сүт сияқты татымайды, біртүрлі дәмсіз болған соң ішпей қоя салған. Нағашы апасы көк аяз сүт деп айтып отыратыны осындай ішкің келмейтін сүт болар. 

Мамасы сүттің қаймағын алу үшін басқа әйелдер сияқты ток көзіне қосылған аппаратпен тартып алмайды.Таңертең және кешке сауған бір шелек сүтті тегенеге құйып қояды. Сүттің бетіне екі-үш елі қаймағы түседі, қолын сабындап жуып, соны алақанымен сылып алады. Мамасының айтуынша, сепараторға тартса қаймағы бір бөлек алынып, сүттің майлылығымен қоса құнары жоғалып, сылдыр-сұйық, дәм жоқ, тату жоқ нәрсіз болып қалады. Сүтті жарты күн аузы жалпақ ыдысқа құйып қойса қаймағы бетіне шығады әрі қаймағы қалқып алынса да майлылығы кеміп қалмайды. Кішірек ыдысқа жинаған қаймақтан мамасы апта сайын эмаль саптыаяқ толы май шайқап алады. Күздігүні, қыстыкүні пешке пісірген ақ нанға сары май жағып жейтін балалар оның өте дәмді ас екенін біледі. Піскен сүттің бетіне түскен қалың қаймағын сылып алып, кесеге салып Бижанға жегізеді. Айпара бал татитын қаймақтан аздап ғана екі-үш қасық жейді, бірақ ол қанша жегісі кеп тұрса да кішкентай бауырына бұйырғанын одан ғөрі жақсырақ көреді. 

Бижан екі кесе сүт ішіп алды. Ол тамақты аз жейді. Айпара оған бір уақ ертегі оқытпақ болып пештің қасына отырғызып, қолына кітап ұстатты. Бижан екінші кітапшаны қолына алды. Әпкесі бағанадан көңілі алып-ұшып жеткен кітабына алаңсыз бас қойғаны сол еді. 

– Жүзім жесе ғой, – деп қызыға дауыстады Бижан. 

Ол Айпараның қасына кеп, қолына ұстаған түрлі-түсті суреті керім кітапшадан бақта өсіп тұрған жүзім бұтағын саусағымен  көрсетті: – Мынадай!

– Оны қайдан табамыз, біздің ауылда жүзім өспейді! Қалада базарда сатылады. 

– Нұрбектің апасы бағана қонақтан бір уыс жүзім алып келді. 

– Саған түк татырмады ма? Нәумез қалдың ба? – деп сұрады Айпара қынжылған дауыспен. 

– Бізге кәмпит, құрт берді. Нұрбектің апасы үйдегі ең кіші балаға ғана жүзім ұстатты. Жасы үлкен балаларға бір түйірі тиген жоқ. 

– Бір шоқ жүзім бе? Бір шоқ жүзім деп айт, – деді Айпара бауырын дұрыс сөйлеуге үйрететін әдетімен. – Әлде бар-жоғы бір шоқ жүзімнің бір үзік бұтақшасы ма? Көлемі қандай? 

– Алақанға сыяды. 

– Ее, онда мәз емес екен. Жұмыртқадан жаңа шыққан шөжедей бүріскен бір уыс жүзім кімге жетсін. 

– Нұрбектің інісі мен қарындасы ең кіші бауырының қолындағы жүзімге телміріп қарап қалды да жегісі кеп кетті. Сол екеуі бәрін жеп қойды.

– Қайтіп? – деп сұрады Айпара таң қалып, кітабының бетін жаба салып. – Кішкентай баланың қолынан ересектеу екеуі ұялмай тартып алды ма? 

– Жоқ, ана бала екі үлкеніне өзі берді. Тартып алса бақырып жылайды ғой. 

– Қайтіп? 

– Екеуі де жылқы болып: «Ио-ио!» деп әуелі үйдің ішінде шауып жүрді де, жылдам кеп ана баланың аяғына сүйкенді. Сосын ауыздарын ұядағы қомағай балапанша ашып: «Атқа жем бер!» деп айтты. Ана бала екеуінің аузына жүзімнен үзіп-үзіп, бір-бірлеп салып жатыр. Жүзімнің сабағында біреуі ғана қалғанда барып ана екеуі қайтадан жылқы болып шауып кетті.

– Сосын не болды? Кішкентай ұл бақырып жылады ма? Жасы нешеде?

– 3-4-терде шығар. Ол жүзімнің қалай таусылғанын да білмей қалды. Ең соңында бүрісіп, солған бір түйір жүзім қалыпты.

– Оны не істеді?

– Соны өзі жеді. 

– Атқа жем бер! Керемет қулық! 

Айпара қарқылдап күлді де кенет қабағын түйді.

– Туу, не деген аңқау бала еді! Екі үлкендеуі кішісін алдап соқты. Сендер не әншейін қарап отырдыңдар ма? 

– Нұрбек сыртқа шығып кеткен. Мен үндемей көріп отырдым.

– Сосын не істеді? Жүзім желінген соң?

– Екеуі «Ио!» деп кісінеп келіп, кезек-кезек кішкентай ұлды арқасына мінгізіп, текеметтің үстінде арлы-берлі шапты. Ана бала мәз болып ойнап кетті. Бұрыннан сөйтіп ойнайтын болар. 

Сыртқы есік ашылып, ішке мамасы кіріп келе жатыр. Қолында мектепке ұстайтын сөмкесі және жібек жіптен тоқылған тор көз дорбаға салынған шағын қорапша. 

– Мама, компот әкелдің бе? – деп дауыстаған Бижан қорапшаны бас салды.  

Оныншы тарау. Қарғалар 

Бижан сиыр қораның төбесінде текшеленген булы шөптің арасына қуыс жасап тығылып жатқан. Алдын ала дайындалып окоп жасап алды. Эксперимент жасап көрмекші. Қолында қолдан өзі жасап алған ойыншық садағы бар.  Ол қарға аңдып жатыр. Құстарсыз ауыл меңіреу тартып тұрады.  Қазан айында жыл құстары жылы жаққа қайтып кетеді, қарға тұқымдастар қыстап қалады.

Төбеге қаланған тең-тең буылған шөпті қараша мен ақпан айларында мал жейді. Қарғалар Бижанның төбесінен 5-6 метр биіктікте ұшып бара жатады. 

Қарға – озбыр құс. Құйыршығы созылыңқы ала сауысқан шымқай қара қарғадан тайсақтап, жемге таласпай, кәдімгідей қорқақтайды. Қарғалар жазда ауылға жоламайды, далада, тоғайда ұшып-қонып нәпақасын тауып жүреді. Қыста ауылды төңіректейді, аяздарда тамақ іздеп ұшып келеді.  

Бірақ жатып атқанда садақты мықтап тіреп тарта алмайды. Тұрып атса қарғалар жебені көріп қояды. Бижан қораның төбесінен ұшып бара жатқан қарғалардың дәл ортасын көздеді. Бірі болмаса біріне тисін дегені. Қарғадан өткен айлакер құс жоқ екен. Ұшып бара жатып лезде ауада желімделіп қалғандай бір секундқа бөгеле қалады да зулаған үшкір оқтан аман қалып ұшып кетеді. Тең-тең шөптің тасасынан Бижан тағы атып кеп қалғанда нысанаға дөп келген қарға бір қанатын қозғамай қалады. Жер мен аспан ортасында салбырап ілініп қалғандай болды. Қарғалар аспанда ұшып келе жатады. Бижан атып қалсам біреуі болмаса біреуіне тиеді ғой деп ойлайды. Бір қанатын қақпай қалған қарға аспанда тыпырлап қалғандай болады. Тигізбейді. Оқ жоқ. Құс қанатын қағып-қағып оқыс бұрылып кетеді. 

Бала әуелде қарға оқ тиіп құласа қағып алайын деп ұшып түрегелді. Қарға жаман дауыс шығарып қарқ етпейді, қиқ ете түседі. Бір жосын дыбыс шығарады әйтеуір. Бижан көздеп үш-төрт рет атты. Оғы далаға кетіп жатыр. Алдына топ ете түскен қарға жоқ. 

Ербиіп бөренеге қонса атайын деп жерде аңдыған, ойын оқып қойғандай қонбай қояды. Бижан торғайға тиіспейді. Тым құрыса бір қарғаға тигізсе болды, көгершінді талап жеп қойғанын көрген соң қарғаға өшіккен. Қарға жаман. 

Екінші қанатын тез-тез қағып қалғанда түзу ұшып келе жатқан сырт жақтағы құс ұшқан бойы қиғаш бұрылыс жасайды, тура адам сияқты шалт бұрылады. Көз іліскенше бір қанатын жыя қояды. Қанаттарын жылдам-жылдам қағып қалады, кірпік қаққанша зу етер ұшқыр шапшаңдық. Физикада жарық жылдамдығы деп оқытатыны сияқты құбылыс. Тура машинаның тежеуішін басқандай қалт жібермейді. Оқ нысанаға тимей өтіп кетеді де қара қауырсыны күйеге малғандай томпақ құс қос қанатын қағып ұшып кетеді. Қарға қас қағым сәт қауіп төнгенін ойлап үлгеретіні ғажап. 

Қарақұстар жеміне түйіліп түседі, айналып келеді де, іліп кетеді. Ірі қарақұс бір айналып ұшып барып, шаншылады.Қарғалар қарақұстың айласын үйреніп алып, соны айнытпай қайталайды екен. Құстар да еліктейді. Бейқам отырған көгершінді тарпа бас салады. 

Бір жолы Бижан тоғайдың шетінде қарға мен сауысқанның үкінің баласына жабылғанын көрді. Жаз кезі болатын. Таңертеңгі сағат тоғыз. Шөп арасында біреулер алысып жатқан сияқты көрінді. Жақын жүгіріп барған Бижан «Кіш-кіш!» деп дауыстады. Қалыңнан бір қарға атып шықты. Шөп ішінде бірдеңе әлі тыпырлап жатыр. Бижан тағы айқайлады. Енді сауысқан атып шықты. Бижан үңіліп қараса үкінің баласы отыр. Өте әдемі екен. Түнгі құстардың күндіз көзі көрмейді. Бір қара, бірі ала ағайынды екі құс үкінің үлпілдеген томпақ балапанын жабылып жеп қойғысы келген сияқты. Бижан үкінің қауырсын-қанаты сау екенін көріп қуанып қалды. Дер кезінде кезіккенін қарашы! «Бара ғой, қауіп жоқ, ұш енді!», – деді Бижан оған. Үкінің баласы біраз қорғалақтап мәңгіріп отырды да, қанатын қағып тоғайдың қалың ішіне ұшып кетті. 

Жазда торғайлар балапандарын мал қораның шифрланған шатыры астына салады. Шатырдан құлап түскен қызылшақа балапандарды Бижан көре қалса, ұясына қайта салып қоятын. Иті мен мысығы әлі қанаты қатпаған титімдей балапанды тістей жаздап жүгіріп келсе, оларды қуады. Торғайларға баланың жаны ашиды, ешқашан тас атқан емес. 

Бижан бұрын қыста садақ жасап алған. Кыркүйекте ауылдың маңайындағы тоғайда бұталары жайылып өсетін шіліктің жіңішке бұтақтарынан пышақпен шыбық кесіп, жинап алған болатын. Біркелкі отыз шақты шыбық, диаметрі 7-8 см. Шілік өсіп кетеді, қисық, жебеге лайықтап түзеу үшін қорадағы көк есікке қатар-қатар қырланып жонылған жіңішке тақтайшаларды қағып, арасына сол шыбықтарды қыстырып қойды. Сулы жас шыбықтар кепкенше тұрды. Түп-түзу болып шықты. Салмағын жоғалтып, қақиып, жеп-жеңіл болып қалған. Қабығын бәкімен аршып тастады. Мыс араласқан темірден әдемілеп кесіп, егеп, үшкір қылып жебенің ұшын жасады.  Ағаштың арасы жарылып кетпес үшін пышқымен кесті. Темір ұшы мықты тұруы үшін мыс сыммен орап-орап, оны бояуға матырды. Содан жып-жылмағай болып мүлдем сіресіп қатып қалды. Бояуын қайта тырнап, егеп үшкір қып қойды. Садақ жасау үшін ағаш іздеп қараша айында қар түскенде тоғайға барды. Қиғаштау ағаштан кесіп алған. Садағын доға етіп иіп әкелді, адырнасына шпагат байлады, серпінділігі күшті. Дайын болған балапан садақты көк есікке белгі қойып, сынап көрді. Дәл тиеді. Алысқа атқанда 70 қадамға жететін болды. Қарғаларды атуға бекінген, бірақ түк нәтеже шықпады. Топты қарғалар керемет епті. Айлалы. Дұшпанға оңай алдырмайды. Бала қанша жерден мерген болсаң да қарға атқызбайды деп ұқты. Қарғалардың көзі асыл екенін әбден білді. Нағашысы бірде «Қарғаның бір көзі оқта, бір көзі боқта» деп айтып қалғаны шын екен. 

Айпара үйдің қасына жете бергенде төбеден жіңішке шыбық атылып кеп аяғының астына түскенде селк етті. Қардың үстінен алып қараса қолдан жасалған жебе, баланың ойыншығы. Ол қораның төбесіне қарап, қаланып тұрған үйме шөптен өзге ештеңе көрмеді. 

– Әй, Бижан, бұл сенбісің? – деді ол дауыстап. – Кәнекей, жерге түс. 

Бижан естісе де ләм-мим демей, тасада бұғып жата берді. Төбеден іле бір оқ зу ете түсті. Қарғалар бытырай ұшып барады. Айпара оның қарғаларды атып отырғанын түсінді. 

– Бижан, абрикос компот әкелдім, жүр үйге! – деп қуантты Айпара. 

– Шын айтасың ба? 

Бижанның қылтиып басы көрінді. Ол төбеден жерге кірпіштен қаланған қораға тіркесе салынған ағаш сарай жағынан өрмелеп түсті. Үсті-басы қар-қар. Әпкесінің қолындағы жібек торлы сеткадан бес қалбырды көргенде жымың етті. 

– Бәрі сенікі, – деді Айпара шынымен мейірленіп. 

Ол бірге туған бауырын өте жақсы көретін. Дүниеде одан өткен сүйкімді бала жоқ. Ауылдық дүкенге сирек түсетін қалбырдағы тәтті компоттың жартысынан көбін онсыз да Бижан жейді. Оның ең сүйікті асы оңтүстіктегі жеміс-жидек зауытынан шығатын сары өрік компоты. 

Он бірінші тарау. Қара қарға неге дана құс?

Қарға атудан түк шықпаған соң Бижан аңға шықпақ болды. Ол көк күшігін ертіп далаға жалғыз кетті. Ауылдың батыс жағындағы тоғайға емес, екеуі жазық даламен шығыс беттегі Қосқа дейін барып қайтты. Түк кездеспеді. Жапалақтап қар жауды. Аяғында қара пима. Ересек кісіше қару асынып алды. Күшігіне түлкі, қоян қашса қуғызайын деп келеді. Барарда жақсы барып, қайтарда шаршап қайтты. Әрі-бері сандалып, бекер сабылды. 

Күшігіне сиыр қораға үйшік жасап, есік орнатып берген. Тамақсау өзі, тойып алып ыңыранып отырады. Қасқырдың тұқымы, құлағы тіп-тік, мұрны үшкір. Бижан ағаш жарғанда жарылған ағашты тістеп алып бір-бірлеп тасиды. Ақысына бауырсақ береді. Кәдкесі бар шанаға бірде су әкелсін деп күшігін байлап қойды. Шананың артына тұрып алып, күртесінің қалтасына ши бауырсақты толтырып алдына лақтырып отырады. Екі-үш рет сөйтті. 

Бір күні қараса итінің табаны қанап қалыпты. Бижан мамасының аяқ іс машинасын көрсетпей тігін тікті. Күшігінің төрт сирағына ұзын етіп нәски тікті. Оқушы қыздар киетін гольфи сияқты болып шықты. Шетіне резіңке келтіріп қойды. Динго шұлықты төрт сирағына кигізгенде ыза болып тістелеп жұлып тастайды. Ақыры кигіздірмей қойды. 

Керемет ақылды күшік. Бижанның үйінің малын таниды. Ауданнан келген ит ататындар күшігін атайын дегенде көрші жігіт көре қалып тас жіберіпті. Ақылды күшік үйге зыта жөнеліпті. Көршісі оның иесі бар деп ит ататындармен ұрысыпты. Бижан сабақтан келсе Динго оны екі аяғымен белінен құшақтап алды. Өзінің бір қатерден аман қалғанын ол өстіп білдірді. 

Түкірігің жерге түспейтін аязда түтіні көкке будақтап жатқан кірпіш үйдің ішінде от лаулаған пештің түбінде жайғасып кітап оқудан артық рахатты Айпара білмейді. Жарық дүниеде одан асқан жарасым бар деп ойламайды. Ол қайталап оқи беретін ертегілерден небір таңғажайып сөйлемдерді тауып ала қоятын. Сондай қуаты зор айшықты сөйлемдер есін алатын. Оларды таңдайына салып сорып отыратын сүттен майын айырмай жасағандықтан дәмі тіл үйіретін, нағашы апасының алақанының ізі бар аппақ құртты таңдайына салып, ұзақ тамсанып жеп отыратыны сияқты ұзақ толғап сүйінетін мінез тапқан. «Тұрсам отыра алмаймын, отырсам тұра алмаймын» деген сөйлемнің тапқырлығына таңырқаудан жалықпас еді. Бой жасырудың мұнан өткен сылтауы табылмас.  

Айдалада құба інгенді іздеп шыққан Ерназар мыстан кемпірге жолығады. Анадайдан құба інген көрінеді. «Қасына келсе, бұйдасы бір көкпекке оралып қалған екен. Жанында бір тал бар екен, талдың түбінде бір жарбиған жаман кемпір отыр.

– Шеше, шеше! Ана түйенің бұйдасына қол жалғап жіберші, – дейді Ерназар.

Кемпір сонда: –Тұрсам отыра алмаймын, отырсам тұра алмаймын, шырағым! Әперуге әлім жоқ, нашар адаммын, – деп мүләйімсиді». 

Егеуін алу үшін мыстан кемпірді алдаған Төстікті ол қуып береді ғой: «... тамағы қырылдап, өкпесі сырылдап, шашы жалпылдап, көзі жарқылдап, тістері сартылдап, қатты сасып, етегін басып Төстікті қуа жөнеледі». Желяқтың желаяғы екен. Мұндай ғаламат қуғаннан, Шалқұйрықтың шабысынан тау қаңбақтай ұшады, тас бұршақша жауады, қара жер қақ айрылады. Айпараға жарбиған арық кемпірдің «Тұрсам отыра алмаймын, отырсам тұра алмаймын» деген сөзі керемет ұнайтын. Қозғала алмаймын, дәрменсіз әлжуазбын дей салып, ұшып түрегеліп қуа жөнелгенде жерде құмай тазыдай жүйіткуі, көкте ұшса қаршыға құстай шүйілуі теңдесі жоқ асқан көркем көрініс болатын. Сөз қуаты ғажап ертегіні оқыған сайын қаны тасып сол бейнелер көз алдыңа айқын елестеп кететін. Айпара желаяқ кемпір олимпиадаға қатысса әлем чемпионы болар еді деп мәз болып күлетін. Мыстан кемпір түсінде өзін талай қуып берді. Айпара құландай жүйрік қаскөй кемпірден өлердей қорықса да оны жалықтырмайтын өткір қылығы, ешкімге ұқсамайтын жаратылысы үшін біртүрлі жақсы көретін. 

Ол мыстан кемпірдің құйындай ызғып Төстікті қуып келе жатқан суретін салуға ойы кетіп жүргенімен, көз алдына құйылып түсіп көрінетін жойқын қуғынды қағазға анық түсіре алмай қор болып отырды. Қап, әттеген-ай, Айпарада суретшілік дарын атымен жоқ болып шықты. Бұл енді өзі білетін әдіспен географиялық карта сызу емес. Суретшілік қабілет ауылда жетінші класқа дейін оқыған Нәйлада анық бар болатын. Әпкесінің мұнтаздай таза кітап-дәптерлеріне Айпара таң қалып қарайтын. Амал жоқ, салыстыруға тура келетін. Бірінші класта өз оқулықтары пластелин жабысып қалған, шеті мүжілгендей қиқы-жиқы, кір жұққан болатын. Сынықтан басқаның бәрі жұғады. Айпара Нәйладан кітапты тыстап ұстауды үйренді. Нәйла дүкеннен аппақ плакат қағаздар сатып алып, оқулықтарын тыстап алатын. Кейінірек, дүкенге сүйкімді кітап тыстары түсетін болды. 

Кілең «5» деген үздік бағаға оқитын Нәйланың өте таза, мұқият, маржан моншақтай тізілген әдемі жазуы класс жетекшісінің құрметіне бөленген. Нәйла үйге тапсырма берілсе, кітаптағы суретті айнытпай көшіріп салатын. Оның төменірек класта оқып жүргенде зоология пәнінен археоптерикс деген ең алғашқы құстың қаңқасын салған дәптері Айпара үшін әлемнің жеті кереметі сияқты болып көрінетін. Айпара әрбір омыртқа сүйегін анықтап қара қарындашпен мұқият салған суретке сұқтана қарағанымен бұл құстың атауына онша тілі келмейтін. 

Бижан көктен жапалақтап толассыз жауа берген қарда итімен жүгіріп ойнап алысып жүргенде үйден шықпайтын Айпараның қолына Пушкиннің «Қарғаның мәткесі» деген повесі түсті. Айпара «мәтке» деген сөзге түсінбей қойды. Бұл атаудан Бижанның сиыр қораның төбесінде қарғаны көздеп, ойыншық садақпен атып тигізе алмағаны түсті. Бижан қарғалардың ұшу бағытын тез өзгерте алатын қасиетін таңдана айтып берген. Ауада қалт тоқтай қалатыны вертолет тәрізді деп суреттеген. 

Айпара кенет қарғаны зерттеу нысаны етіп алуға зейіні ауды. Әдеби туындыларда тым жиі кездесетін қара қанатты құстың тылсым сыры неде? Неліктен қарғалар туралы аңыз-әңгімелер көп? Көк қарға, ала қарға, қара қарға. Қарға қарғаның көзін шұқымайды. Ендеше қарғада ерекше интеллект, түйсік, ақыл бар болғаны ғой. Қарғалар сөйлейді, адам дауысынан аумайды, айнытпай сала алады екен. Құс тұқымында данышпан. Қарғаның ұясында алтын, күміс, асыл тастар болады деседі. Қауырсын-қанаты, жүні қара түсті болған соң бұл құсты қисындап зұлымдықтың хабаршысы деп атайды. 

Топтасқан қарғалар бір мезгілде хормен қарқылдайтыны несі? Не айтып жатады даурығып? Бір-біріне дыбыс арқылы анық ақбар береді. Бір қарға өлсе қалғандары жоқтайды, сол төңіректің аспанын үйірімен басып кеткен қара құстардың қанаты қара бұлттай түнеріп жауып кетеді. Қарға атаулы тегіс жиналып, маңайды жан түршігерлік дыбыстарға толтырып, ышқынып жылайды. Құдды жаназа оқыған молда сияқты. Бір кезде жуан дауысты еркек қарға қарқ-қарқ етсе күйікті дыбыстар сап тиылады.Қарғалар сиырлар сияқты өз тұқымын жылап жоқтайды. Ауылда қараша айында соғымға сиыр сойса, қан иісін сиырлар білсе өкіріп, бақырып, тулап, бәрі жосылып қайғырып кететінін Айпара көзімен көргенде малға жаны ашыған. Қарғалар өлген қарғаны жерді тұмсықтарымен шоқып көмеді, артынша ағаш бұтақтарында қаралы кейіппен үнсіз тізіліп отырады екен. Қарғалар әлсіз, ауру қарғаны шоқып өлтіреді. Ежелгі спартандықтар қатігез қаталдықты қарғалардан үйренген шығар. Олар табиғатында тазалаушы құдіретке ие. Терісін бит-құрт, қансорғыш кенеден тазалау үшін қарғалар құмырысқаның илеуіне аунайды. Құмырысқа қышқылы жыбырлауық жәндіктерді өлтіріп жібереді.   

Қарғалар ұсақ құстардың ұясын талқандайтын жыртқыш. Жұмыртқасын жарып, балапандарын шоқып жейді. Сұмырай құстар. Қазақтар баласын «қарғам» деп еміренетіні несі? Қызық. Қарғалар қарқылдайды, қарқ-қарқ дегенді әртүрлі екпін салып, әр қилы етіп өзгертіп айтатын сияқты, демек дауыс ырғағына қарай өзара ұғысады. Бұзық балалар талдың айыр бұтағынан рогатка жасап алып құс атады, соны олар біледі. Сақ болу керектігін бір-біріне айтып қояды ғой. 

Айпара аулаға қимыл-әрекеттерін бақылау үшін қарға іздеп шықты. Қақаған аязда көзіне қара құстар шалынбады. Көрші үйдегі тәте сиырының желінін үсіп қалады деп орап қояды. Кейбір әйелдер сиырларына алжапқыш жауып, байлап тастайды. Көрші күздік ескі пальтосымен тайыншасын белуардан орап қойыпты. Басқа көршінің он екі жасар баласы далада шана теуіп жүр екен, жүгіріп барып тайыншаның беліне оралған пальтоның қалтасына қолын салды. Тайынша баланы теуіп кеп жібергенде ол қарға ұшып түсті. Ауырсынып қалғаны білінді.

– Ей, бала, малдың тұяғы қатты тиді ме?– деп сұрады Айпара қапелімде оның есімін есіне түсіре алмай. 

– Жоқ, – деп мойындамады бала қайсарлық танытып, ақырын тұрып жатып.

– Сиырдың жабынын неге қарадың? – деп таңданды Айпара.

– Қалтасында бірдеңе бар сияқты көрінді, – деді бала. 

Айпара басын шайқап, жымиып күлді. Тегі кәмпит іздеді ме екен. 

Айпара қалың қарды омбылап баққа кіріп қалың өскен теректерде ұшып-қонған қарғаларды бақылауға көшті. Бұтақта қонып отырып қарға адамша дыбыстағанда тамағы селкілдегендей болды. «Қарқ» деуден бөлек «а-а» деп созып анық айта алады, аха-аха» деп күледі екен. Қарға тектес құстар тіл біледі. Айпара құстардың тілін түсінсе ғой шіркін, небір қызық шытырман оқиғаларды солардан естісе деп қиялдап басылды. Тіл білсе, жазу жаза алса дүниедегі ең  күшті жазушылар қарғалар болар ма еді! Себебі қарғалар адам білмегенді біледі, адам көрмегенді көреді, ұшып жүргенде небір бәлені көзімен көрген. Адам қарғаға айналып құбылып кете алмайтыны  дұрыс шығар. Айпара қарға туралы готикалық әңгіме жазса ше деп ойлап келеді. Олар бұтақта қарқылдаса төменде рогатка ататын балаларды қарғап отырмай ма? 

Қазан айының соңында бұл жақта жыл құстарының қарасы батады. Қанатты құстар Құс жолымен күнгей елдерге керуендете қайтып кетеді. Көк жүзінде қиғаш сызықтар сызып, тіршілікке тылсым сағыныш жүректі өртеп тырналар қарқара тартып бара жатады. Жылына екі мәрте жарты дүниені көктей өтуге, шегі жоқ аспан жолына қанаты шолақ қарға-құзғын шыдамайды. Қарға мен құзғын қыстан қаймықпайды. Қазан айында жапырағынан айрылып сидиған тоғайларды иемденген қарға жүнді қара түс айрықша көзге ұрады. Қазан расында солардың айы. 

Қарғалардың тылсым қасиеті әсер етті ме, әлде қарғалар қарғады ма, әйтеуір, Бижан қолдан жасаған жебелерін жағып жіберді. Басқа балалар тауып алып атса құстардың обалына қалармын деп ойлап садағын отқа салды. Шпагаттан тартылған адырнасы еріп кеткенде садақ түзелгендей болды. Темірден қылыш жасап алған, оған тиіскен жоқ. Қораның бұрышына тығып қойды.          Он екінші тарау. Ойыншықтар

Айпара кішкене кезінде өзі сияқты қыз балалармен өзен жағасында көбелек қуып жүретін. Өзен маңы көңілді, ойын балаларын магниттей тартады. Судың кішкентай балықтарын ұл балалар аулап, басын кесіп, сымға өткізіп отқа қақтайды, құйттай шабақтар қарайып күйіп кетеді, жеген құрлы болмайды. Күйік татиды. Бірақ екінші қайыра балық ауламайды. Сылдырай аққан өзеннің іргесінде үлкен бақ өскен. Көбінесе бала атаулы саялы бақ ішінде ойнауды сүйеді. Ішінде шыбық егілмей құр қазылып қойған шұңқырлар көп. Соған балалар үңгір құсатып түсіп ойнайды. Бір күні Бижан сондай бір шұңқырға түсейін деп жатса жапырақ жауып бүркеп қойыпты. Бұл не нәрсе деп ашып көрсе, төрт бөтелке – шампан, коньяк, қызық шарап, ақ арақ, қырлы төрт стакан тыққан. Бижан ішімдік қоймасын ересектер жасырғанын ұғып, қайта жаба салды. Ешкімге тіс жарып айтқан жоқ. Көзіне шайқалақтаған мастар елестеп кетті. Пәлесінен аулақ. 

Парк қыста ғана тыныш мүлгіп тұрады. Күзде балалар бақтан шықпайды. Ауада керемет бір иіс тұрады. Таудың тұнық иісі жөңкіле көшіп келгендей. Күн көзі бір қалыпты, аса қыздырмайды. Төрт бала жерді тізерлеп жүріп трактор сияқты итеріп жапырақтарды күреп, бір жерге жинайды. Бұған екі-үш сағат кетеді. Жапырақтар сап-сары, сары алтындай, кейбірі жартылай жасыл, жартылай сары. Иісі сол қалпы. Ортаға бір метр етіп үйеді де, төртке бөліп алады. Олар төрт жерге үйілген жапырақтардың арасына құрт сияқты жыбырлап кіріп кетеді. Балалар жапырақтарға көміліп алып, оның астында өлең айтып жатады. Өтіп бара жатқандар аң-таң болады. Ауылдың кейбір балалары сабақтан бақ арқылы қайтады. Біреулері мыжып, аяғымен басып кете ме деп өздері де қауіптенеді. Жер астынан шыққан дауысты естігендер алақтап жан-жағына қарайды. Біреулер тобымен дабырлап таяу кеп қалса, жапырақ жамылып жатқандар: «Әй, басып кетпеңдер!» деп айқайлайды. Жапырақтардың астынан олар ақыры шаршап, жалығып шығады. Енді жер бетінде, күреп әкеп үйген шөмеле жапырақ үстінде алыс-жұлыс басталады, жасөрім ұлдар бір-бірімен күреседі. Арт жағында уыстап жапырақтарды бастарына шашады. Ту-талақайын шығарып барып үйді-үйге тарқасады. 

Тамаққа тойып далаға қайта шығады. Ойынның қызығы бітпейді. Мектептің қасында футбол алаңы бар. Түстен кейін жиырма шақты бала футбол ойнайды. Көккөз, ұзын бойлы сары бала Дастанның құйрығына тиген доп атылып кетті. Оның шалбарының арт қалтасында түйреуіш ашылып кетіп, доп жарылды. Алаңда балалар күлкіден шегі қатып, буыны құрып, жерге құлап қалды. 

Кеш батса бақ ішінде біреулерді аңдиды. Қыз-бозбала қараңғыда осында келіп жолығады. Ол біраздан соң қызық болмай қалады. Түнде ауылдың милициясына жіп құрып қояды. Газды қатты басып келе жатқан машинаның жарығына киім тігетін ақ жіп арқан тәрізді болып көрінеді де сылқ еткізіп тоқтайды. Кабинадан түсіп, машинаның жарығын түсіріп қойып, арқанды ұстап көмек болады. Тасада тығылып тұрған ұсақ балалар қарқылдап күледі де бытырай қаша жөнеледі. 

Айпара кітап оқудан бөлек кейде ойыншық ойнауға әуес. Кітапқұмарлығы қуыршақ ойнауына бөгеті жоқ. Бір-біріне тіптен ұқсамайтын қос құштарлығын қатар алып жүруге дағдыланған. Қаққан қазықша бадалып, тапжылмай, кітаптан бас алмай оқитын Айпара қас қарая бастағанда, жарық жағуға мұршасы келмей көміліп отыра беретін, мұндайда аяғы ұйып, орнынан тұрса баса алмай қалатын еді. Ақ қағазда қара әріптер тізіліп тұрады, сөздер сөйлемдерге айналып, ой-санасына қона береді, білмейтіні шексіз екен-ау. 

Ойынды Айпара есіл-дертімен сүйіп ойнайды. Қос қуыршағына киім тігеді, дәлірегі, мамасы тігетін маталардан артылып қалған ең әдемі қиықтардан не тігуге боларын аңдап, модельер болып ойнайды. Ол күндіз қуыршақтарын жақсы көргенімен, түн баласы олардан қарадай сескенетін. Қуыршақтарын шифоньердің ішіне жатқызып қоюды әсте ұмытпайтын. Толған айдың жарығымен жансыз ойыншықтарға жан бітіп, адымдай басып жүріп кетердей, өзіне тесіле қарап тұратындай соқыр үрей буады. Бижан қасына алып ұйықтайтын жұмсақ пүліш аюлардан ондай құбылуды күтпейтін. Аю ойыншықтар беті ашық домалап жатады. Аюды бауыры жақсы көреді. «Ақ аю», «қара аю» деп ат қойып алған. 

Айпара сегіз жасында әңгіме жазбақшы болды. Адам айтса нанғысыз. Ең әуелі кіп-кішкентай қыз баланың басына осындай ой ұялауының өзі әдеттен тыс құбылыс болатын. Мұндай ойлар адамның басына қайдан кеп құйылады екен? Әуелі әліппе оқитын балаларға арналып сызығы қиғаш түскен дәптерге баттитып жаза бастаған шығармасының мазмұны мынандай: «Өзен жағасында үш қыз бала ойнап отырды. Гуля, Айпара, Кенжеш. Үшеуі бір-біріне ертегі айтады. Бір қыз бала орманға жидек теруге барыпты. Оны бір аю ұстап алыпты». 

Ары қарай екінші класс оқушысы қаламын тістелеп ойланып қалған. Не жазуы керек? Мынау өзінікі емес қой. Бір ертегіні қайталау болып шықты. Айпараның әдемі көңіл қошы кілт бұзылды. Жоқ, бұлай көшіріп алуға болмайды. Түк қызығы жоқ. Сегіз жасар Айпара жазған ертегісі бар болғаны көшірме боларын ұғып, дереу жазушы болудан бас тартты. Алайда арада жеті жыл өткенде ол мұндай ойдың қайта жанданып, қағаз бен қаламға сенімді түрде, зор энтузиазммен бас қоярын білген жоқ. Тегінде көктен бір тамшы жаңбыр тамғандай дарын құдіреті жеті жыл бұрынырақ тамып кеткеннен сау ма! Бұл расында өзге жұртқа айтса өтірік, жалған деп сенгісі келмей бұлданатын әрі шынымен адам нанбастай таңғажайып құбылыс. 

Әйткенмен ол төртінші класта оқып жүргенде жалпақ елді таңқалдыруды ойлап басы қатты. Не істесе болады? Ойыншық дауылпазы бар еді, өз класына барабан соғып кірмек болғаны қызық. Сөйтсе оқушылар да, мұғалімі де жалт қарап қалады ғой. Ал сосын не істеуі керек? Жоқ, ары қарай не істейтінін білмейді. Әрі сабақ уақытында тарсылдатып барабан тартқаны ұят қой. Артынша басына осы тәрізді келеңсіз ой келгеніне қатты ұялып кетті. Бұл оның жай әншейін ойы ғана болып шыққаны қандай жақсы. Ақылға сыймайтын ақымақтықтар неліктен әуелі ой болып келеді екен? 

Артынша асыр салып, көгалда кішкене қыздармен жалаңаяқ көбелек қуып ойнап кеткен. Олар сосын күлтөкпе аралайды. Күлтөкпеден сынған кесе сынығын іздейді. Қызылды-жасылды, алтын түс жалатылған, өрнегіне шекмік көк гүл түскен кеселердің сынығын тауып алса, өзенге жүгіріп кеп суға жалтырата жуады. Сосын үйдің іргесіне келіп, кесенің сынған бөлшектерін тізсе керемет әдемі картина шығады. Ойыншық қат емес, Айпараның неше түрлі әдемі ойыншықтары бар. Бірақ күлден табылған, күлге баттасып көміліп қалған, су тазартқанда жайнап шыға келетін кесе қалдықтары нағыз олжадай тартымды, сүйкімділігі бір жосын. 

Айпарада ойыншық не түрі жоқ дейсің:  газ пеш, ойыншық іс машина, ақ қалайы ірілі-ұсақ үш кастрюль, жылтыраған темірден жасалған ожау, таба, қазан, қасықтар, пластмасса кастрюль, түрлі-түсті пластмасса ыдыстар, ағаштан жасалған ойыншық шкафтар, үш жасыл кресло мен трапеция пішінде жасалған қызғылт сары үстел бірге сатылған, пүліш аңдар, капрон мысық, қымбат қуыршақтар, доптар, небір әдемі заттар көп-ақ. Айпара өзінің әлі күнге ойыншық ойнайтыны тіс жарып біреуге айтқан емес. Естісе бірге оқитын қыздар мазақтап күлер еді. 

Дегенмен, осынша мол ойыншығы бар Айпараның есінен шықпайтын екі нәрсе бар. Екеуіне де қолы жете алмай қалды.  Алайда ешқашан ұмыта алмайды. Біреуі фермадағы туыстарына нағашысының жеңіл машинасымен барғанда көрген қара темірден жасаған ойыншық төсек. Шебер ұста жасапты. Қызықса да сол үйдің балалары бермей қалды. Ал Сәукен деген қыздың үйінен төрт ойыншық кесе көрген. Көргені бар болсын, солар жатса, тұрса  ойынан шықпай арбай береді. Кәдімгі шыны, оймақтай қызылала кеселер. Сыртына әдемі гүлдер салынған. Сүйкімділігі керемет, көз жауын алады. Сәукенге тым құрыса бір кесеңді маған айырбасташы деп жатып жалынған, ол қыз біреуін сипатпады. Серванттың ішіне ыдыс-аяққа қосып жинап қойыпты. Айырбасқа көнбесін ұққанда Айпараның іші удай ашыған. Алғашқыда терезеден кіріп сол кеселерді ұрлап алса ше деген күнәһар ой басына лықсып келе берген. Бұйырмаған әлгі ойыншық кеселер көкейінде бекіп қалды. Ең жаманы, мұндай қат ойыншықтар дүкенде ешуақытта сатылмайды. Басқа жақтан, үлкен қаладан әкелінген. Егер дүкенде сатылымда болса, Айпара көп кесені үйіп-төгіп ала салмай ма. 

Айпараның ойыншық іс машинасы кәдімгі үлкендердікінен аусашы. Тура сол модель. Айпараның іс тігетін қызыл машинасының сыры кетіп, біраз ескіріп қалған. Ырыс тәтесінің үйінде дәл сондай ойыншық машина қорабымен тұр. Жап-жаңа. Тек түсі қара. Сол үйге барған сайын оған да қызығып қарайды. Айырбастап алса шіркін деп ойлап қояды. Бірақ емініп біреудің затына көз салудың жаман қылық екенін мамасы санасына әбден сіңіріп тастаған. Сұрап алуға ұялады, ұрлап алуға болмайды. 

Сөйтіп жүргенде Айпара сол үйдегі қуыршақтың аяғындағы ақ капрон шұлықты шешіп әкетіп, өз қуыршағының аяғына кигізіп қойды. Мұны көрген мамасы көзінен жас аққанша шегі қатып күлді. «Мама, магазинде мұндай шұлық сатылмаса қайтемін. Менің қуыршағыма да нәски керек!» деп тепсіне айқайлады Айпара. 

Айпара анасынан бөпе кезі туралы әңгімелер естігенді жақсы көретін. Жасқа толмаған Айпара бесікте бөлеулі үйде жалғыз қалған. Мамасы оқу жылы басталарда күзге таман мектепке жөндеу жұмысына кетеді. Ол кезде қабырғасы ортақ қоспақ бұрынғы үйде тұрыпты. Қамыстан салынған үйдің көршілері қатты дауыстаса естіліп қояды екен. Жеті айлық Айпара оқыс оянып кетіп, іңгәлап жылап жатыпты.  Ақыры қозғалақтай жылжып-жылжып, бесікбауға аяғынан ілініп басы төмен салбырап қалыпты. Жылай-жылай үні бітіп қалған. Мамасы үйге келсе жым-жырт, төргі бөлмеден нәрестенің үні еміс-еміс құмығып шығады. Қараса бесікте бала салақтап тұр, жылауға шамасы келмей қырылдап жатыр екен. Жалма-жан жұлып алыпты. Мұндайда Айпара өзін-өзі қатты аяп кетіп, үндемей тымырайып қалады. Содан кейін мамасы мұны үйде жалғыз қалдырмай, Нәйла жатқан бесік-арбаға салып, алып жүретін болыпты. 

                            Он үшінші тарау. Айпараның тың тыңдауы

Ауылға жазғы каникулға келе Нәйла ерекше сый-құрметке бөленді. Нәйла Алматыдан 9 класты бітіріп келді. Бейне бір патша тұқымы келгендей қошамет көреді. Сағыныштан бөлек, тұңғыш қызын анасы ардақтап, ересек адамша сыйлайды. 

Нәйла ботакөз, кірпігі қалың, өте әдемі, келбеті келіскен қыз. Бұрынырақ анасы тұңғыш қызын озат оқығаны немесе шаруа тындырғаны үшін мақтай қалса, сүйсіне қараса, қымбат зат әперсе Айпара өзін кемсіткендей қабылдайтын. Жоқ жерден сылтау тауып өкпелеп, бақырып жылап қоя беретін. Бір жолы ол дәл түскі астың үстінде өкпелеп, ыстық тамақ ішпей қырсықты. Бірақ мұндайда ол басқа бөлмеге бармайды, дәл ас үстелдің астында отырып алып озандайды. Анасы осы қызға кім не айтты, ешкім тиіспей-ақ жылайтыны несі деп түсінбей дал болады. Айпараны әпкесі менсінбейді. Нәйла сіңлісін үстел астынан аяғымен түртіп отырады. Айпараны мазақтағаны. Мұны әрине, анасы көрмейді. Айпара одан жылаған дауысын әрмен үдетеді. Анасы жалынып-жалпайып, айналайын, тамағыңды іше ғой, келе ғой енді деп үгіттеп дастарқан басына зорға отырғызатын. Айпара ас ішпей қырсыққанда: «Тамақты телміртпе!» деп ренжиді. Нәйла оқуға алысқа кетіп қалғалы Айпараның бекер еркелігі сап тыйылды. 

Айпара Алматыны анасына еріп, әпке-бауырымен қыдырып барғанда екі мәрте көргені болмаса Нәйла сияқты жылдап жатып оқудың қандай екенін ұқпайды. Айпара елдің бәрін тартатын әдемі қала Алматыға қызыққан емес. Ол үшін үй ішіндегі пештің түбінен артық жер жоқ. Әрине, қасында жанындай жақсы көретін мамасы мен бауыры болса жетіп тұр. Ол қысы-жазы пеш қуысына көрпе төсеп, соның үстінде кітап оқып отырады. Оның құт мекені сол. Айпара үстелде, диванда немесе сәкіде отырып кітап оқыған емес. Оның ең сүйікті орны пештің қасы, жып-жылы, ұядай текше, күнұзақ жалықтырмайтын қағазға тесілгеннен көзі талса аппақ етіп сыланған кірпіш қабырғаға арқасын сүйеп қалт тұра қалады. Сол тұрғаннан біраз қалшиып қатып қалғандай тұра береді. Үйде өзінен өзге тірі жан болмайды. Оның арқасынан өткен жылудан басына сан алуан небір идеялар үдере келеді. Қиялы жер жүзін кезіп, бұлт көшкендей айдаланы қаңғып кетеді. 

Нәйла келген күннің ертесінде үйге оның құрбысы Шолпан іздеп келді. Екеуі бөлек бөлмеге кіріп алып, әңгімеге кіріскенде айналшықтап жүрген Айпараны әпкесі қуып шықты. Ылғи сөйтеді, төрт жасар үлкендігін бұлдайды, өзін артық санайды. Нәйлаға Айпара қызық емес, апалы-сіңлілі қыз балалардың ортақ тақырыбы жоқ. Нәйла кітапқұмар емес, қуыршақтармен ойнамайды. Секеңдеп ойнап кететін жасөспірім жастан өтіп барады. 

Мамасы аулада қазанға май қайнатып, бауырсақ пісіріп жатқан. Жазғы аулада торғайлар пырылдап, ұшып-қонып жүр. Көңілді-ақ. 

– Мама, ана қызың мені үйден қуып жіберді, – деп шағым айтты Айпара бұртиып. – Ол мені кісі санамайды. 

– Балам, оны қайтесің, құрбы қызымен жеке сөйлесе берсін, екеуін мазалама, сен кішісің ғой, – деді мамасы. 

Айпара сыртқа бауырсақ тасып беріп тұрды. Кішігірім тегене толы бауырсақ пісірген мамасы үнді шәйін демдеп, қарақат тосабымен, ірімшік, қаймақ, сары май, таба нан, қымбат шоколад салып, Нәйлә мен Шолпанды дастарқанға шақырды. Айпараның басына қызық ой ұялады. Дастархан басында бес минут отырған соң ол байыздамай Нәйла әкелген қымбат шоколадтардың үш-төртеуін қалтасына сүңгітіп, тегенедегі бауырсақтан көсіп алып, шұңғылдау кесеге толтырып салды да, орнынан тұрып кетті. Бөлмеге кіріп төсектің астына тығылып жатты. 

Төсектің астында Айпара шалқасынан бауырсақ жеп жатыр. Шоколадтарды бірден жесе қызығы болмайды. Арада бірқатар уақыт өтті. Айпараға уақыт ұзақ көрініп, төзімі таусылып, енді болмаса тығылған жерінен жалығып атып шығайын жатқанда Нәйла мен Шолпан кірді. Екеуінің оңаша әңгімесі бітер емес. Шолпан құрбысына ұзын шашын қиғысы кеп, кәрі ата-апасынан қорқып жүргенін айтты. Шолпанның арқасында өрілген бұрымы өте ұзын, тілерсегін соғады. Ол шашын қысқа етіп, соңғы сәнмен қиып тастауға үлкендерден қаймығып жүргенін айтып жатыр. Нәйла оған біздің класта көп қыздар қалаға келгесін ұзын шашын қидырды деп мәлімдеп қояды. «Сен де қидырасың ба?». «Білмеймін». «Қалада қос бұрым етіп өрген ұзын шаш қыздардың ауылдан келгені бірден білініп тұра ма?». «Иә, қалада өскен қазақтар колхоз деп мұрнын шүйіріп қарайды». «Сонда өздерін артық санай ма?». «Солай сияқты».

Шолпан ақсары жүзді, Нәйла қара торы, әп-әдемі жасөспірім қыздар. Арқасында бұрымдары көз тартарлықтай. Қалада ұзын шашты ескіліктің қалдығы деп ойлайтыны несі? Айпара төсек астынан атып шығып, «Мамау, мына жаман қыз шашын қиғызбақшы!» деп айқай салғысы кеп зорға шыдап бақты. 

Шолпанның айтуынша, Семейде тұратын жақын туысының аулада бір мезетке қараусыз қалдырған екі-үш жасар кішкене қызын біреу ұрлап кете жаздапты. Келіншек балконнан екі қызын ауық-ауық қарап қойып, түскі ас дайындап жатыпты. Бір қараса төртбұрыш шеті қоршалған жерге төгілген құмда ойнап отырған кіші қызы жоқ. Жүрегі ұшып сыртқа жүгіріп шықса, бір солдат баланы көтеріп әкетіп бара жатқанын көріп, артынан тұра қуады. Бұрышты айналып бара жатыр екен. Анасы әлгінің артынан айқайлап қуады. Солдат қызын жерге тастай салып, қашып кетіпті. 

«Сонда бейтаныс солдат кішкентай баланы не үшін алып бара жатыр?», – деп сұрады Нәйла. Дауысынан таң қалып әрі қатты үрейленгені білінді. «Оны ешкім білмейді, не ойы бар екенін түсіну қиын», – деп жауап берді құрбысы. – «Қалада баланы қас-қағым сәтке жалғыз қалдыру қауіпті дейді».

«Мен оны жақсы білемін, бала көрсе ұрлап алып кеткісі келетін біреулер барын өз көзіммен көрдім. Бірақ біреудің баласын бөтен кісілер не үшін алғысы келеді, соған миым жетпейді», – деді Нәйла. – «Ойласам-ақ иманым ұшады, біздің Бижанды үш жасында Семейде бір бөтен әйел ұрлап әкете жаздағаны бар». 

Сол кезде төсек астында тығылып жатқан Айпара шыдамай кетті, ол өкіріп жылап жіберді. Нәйла мен Шолпан құлақ түбінен естілген оқыс дыбыстан шошып кетті. Екеуі абдырап бір-біріне аң-таң болып қарағаны сол, төменнен жылжып шығып көзінің жасы жаңбырша сорғалаған Айпара көрінді.

– Мамау, біздің Бижанды бұрын жаман әйел ұрлап әкете жаздапты ғой!

Еңіреп жылаған ортаншы қызының дауысын естіген анасы бөлмеге бас сұғып қараған, үшеуіне не дерін білмей тосылып қалды. 

– Бижан есік алдында балалармен ойнап жүр, құдай сақтай ғөр, не айтып тұрсың? – деді мамасы.

Айпара солықтап жылап басылмады. Ол расымен бауырына төнген сол бір сұмдық қатерді жан дүниесімен сезініп жұбана алмай тұрған болатын. Мамасы енді аң-таң кейіппен ересектеу екі қызға қарады. 

– Мама, Айпараның қияли екенін білесің ғой, ол бірдеңені дұрыс түсінбей қалған сияқты, – деді Нәйла. –Шолпан қалада бір баланы ұрлап әкетпекші болған солдат туралы айтқаны сол еді...

– Өтірік! – деп бақырды Айпара. – Ол басқа оқиға, сен болсаң біздің Бижан туралы айттың ғой! Мен қатты қорықтым! 

– Мама, мен... мен... Айпараның неліктен бақырып жылағанын білмеймін, – деп қалды әпкесі сөз таппай. 

Шолпан екеуі еңіреп жылаған Айпарадан құтылуға қам қылды. Қыздар көшеге тайып тұрды. Мамасы не болғанын түсінбей аң-таң қалпымен қала берді. Кіші қызы сандырақтап тұрмағанын түйсінген.Алайда үлкені жарытып түсініктеме беруден бас тартқаны күмәнді көрінген. Айпараның жоқ жерден күйзеле жылағаны бекер емес. 

Айпара сол түні кірпік ілмей қойды. Бижан туралы естігені оның жүрегіне пышақ сұққандай әсер етті. Жаны ышқынып, уанбай жылап жатты. Айпара бауырын өте жақсы көретін. Бижанның кішірек кезінде «Біз адастық тоғайда, торғай, торғай жол қайда? » деп өлеңдетіп отыратыны есіне түсті.  

Жас баланы қозыны арқасына салып бүлкектеп жортып бара жатқан қасқыр тәрізді ұрлап кетуге әрекет жасаған ана солдат кім? Ол қандай адам? Не мақсатпен қорғансыз баланы ұрлап алғысы келген?! 

Балаға не нәрсенің бәрі тез жұғады. Миға сыймайтын, мағынасы беймәлім жағдайлардың уыты ащы, тепкісі қатты, ешқашан сыры ашылмас сайтани сарыны жаман болады екен.Жезтырнақтың қара тырнағы орып түскен тәрізді бекзат жанға жара салып, көкейден кетпей қинайды. Өйткені не үшін солай істейді деген сауалға атымен жауап жоқ. Жыртқыш аңнан бетер қорқау адамдар болады. Бұл солардың адам сенбес долы һәм құбыжық қылықтары. 

                             Он төртінші тарау. Ертіс жағасындағы үй 

Нәйла Бижаннан тоғыз жас үлкен болған соң кішкентайында баланы беліне отырғызып алып көтеріп жүретін. Тұңғыш бала кейінгі туған бауырларына бас-көз болуға жаралатын сияқты. Ортаншы қыз Айпара Бижаннан бес жас үлкен болғанымен бала бағуға жоқ, өз бетімен лағып ойнап жүргені. 

Нәйла расында қалада Бижанды жоғалтып ала жаздаған, бірақ ол мұны жасырып ешкімге тіс жарып айтқан емес. Себебі сол мезет ойына түссе көз алдынан өшпестей таңбаланып қалған суреттен жаны шошып, құлазып сала беретін. 

Анасы жазғы каникул мерзімінде мұғалімдердің біліктілігін арттыратын бір айлық курсқа баруы керек болды. Ол Семейге екі баласын ерте кетті. Үлкен қызын кіші баласын қарауға деп қасына ертті. Ортаншы қызын ауылдағы әке-шешесінің үйіне қалдырған. Қаладағы бұлар түскен жер үй Ертіс өзенінің жағасында орналасқан. Үйден 6-7 метр қашықтықта арнасы кең Ертіс толықси ағып жатады. 

Нәйла Шолпанға айтып үлгермеген, он екі жасында басынан кешкен екі оқиғасы расымен өте күрделі болатын.

Мамасы күн сайын педагогикалық институттың физика-математика бөліміне оқуға кеткенде екі бала шарбағы қоршаулы жер үйде қалатын. Үй иелері кемпір-шал өз бетімен, балалар күн сайын аулада, бақшада болады.  Түс мезгілі  болатын. Бір күні Нәйла бақшада ойнап жүріп кішкентай Бижан сыртқа қалай шығып кеткенін байқамай қалады. Кішкене қақпа есігі ашық қалса керек, үш жасар бала далаға шығып кеткен. Бір қараса бауыры аулада көрінбейді. Нәйла қақпадан атып шығып жан-жағына алақтайды. Шолақ көшеде ешкім жоқ. Екінші көшеге жүгіреді. Жүз метр жерде шұбар юбкасы салақтаған бір әйел кетіп бара жатыр, қолынан жетектеп алған кішкентай баланы ертіп барады. Олар сәл болмаса қысқа көшенің бұрышын айналып үлгергендей екен. Нәйла бауырын еңбектеп жүргенде кигізген, бірақ размері үлкен, енді бойына шап-шақ шұбарала киімінен танып қойды. Шалбары тік түскен жол-жол, кеуде тұсындағы жолақтар көлденең орналасқан жұмсақ түкті ақ пен жасыл аралас матаның үстіне тігілген сап-сары үйрек балапанның суреті бар, иықбауындағы жолақтар тік кетеді. Алабажақ киім Нәйланың көзіне оттай басылған, жанұшырып іздегені де сол болатын. Сөпелектеген белдемшесі жер сызған орта жастан асқан әйелдің қасына жүгіріп жеткен Нәйла баланы бас салып, әйелдің қолынан жұлып алды. Бет пішіні сығанға келетін мұрны қоңқақтау, көзқарасы суық көрінген бөтен әйел тарпа бас салып, баланы қайтадан тартып ала ма деп зәресі ұшып Бижанды көтеріп алып үйге қарай жүгіре жөнелген. Бірақ әлгі әйел үнсіз қала берді. Айқайлайын десе көшеде тірі жан жоқ. Жаңасемейдің қысқа-қысқа көшелері бар жер үйлері орналасқан квартал, көп қабатты үйлер алыс. Нәйла ендігәрі бауырын көзден таса қылмайтын болды. Бірақ болған жайтты мамасынан жасырды. Ол ауылға қайтқанша асығып күн санап жүрді, мына сұмдықтан жүрегі қатты шайлықты. Ауылда балалар жазда түнгі  он екіге дейін асыр сап ойнаса да, сәбилерді шешелері есік алдында қараусыз қалдырса да тірі жан тиіспейді. 

Біреудің мәпелеп өсірген көзінің ағы мен қарасындай сүйікті баласын бөтен адамдар неліктен ұрлап әкетеді? Сонда баланы не оймен ұрлайды? Нәйла мұның сырын ұқпайды. Құпия нәрсенің астарына жасырынған үрей қалың әрі күңгүрт болады. 

Он екі жыл толып мүшел жас айналған сайын адам баласына жаратылыстан жұғатын бір құбылыс бар. Көктем шығарда жуан жіңішкеріп, жіңішке үзілер сәті тәрізді. Мүшел жас қатерлі. Он екі жасар Нәйланы жағалауға Жазира мен Альмира ертіп барды. Ертістің жағасында бұлар түскен үйге көрші тұратын қыз балалар сол үйге әрі жамағайын алыс туыс болып келетін. Жүзу білмейтін Нәйла су жиегінде отырып қайту үшін даңғаза күннің алтын шуағы еліктіріп еріп барған.

Толқыны адуын өзеннің шетіне суға түсті. Жағаға тым таяу су сабалап жүрген ұсақ балалар көп, орыстың ересек балалары жүзгіш екен. Ертістің орта тұсына дейін құлаштай жүзе береді. Айнала суға балықша сүңгіп, алаңсыз шомылып жүргендер аз емес. Қас-қағым сәт асау толқын лықсып кеп Нәйланы ағызып әкетті. Жып-жылы мөлдір суға басы бір батып, бір шықты. Ертіс толқи ағып жатыр. Ол суға ағып бара жатқанын бірақ сезінді. Басын толқыннан шығарып алып, жарыққа талпынғанымен қайта су иірімі тартып кетті. Нәйла басын жұлып алады, ілес қайта батып бара жатады. 

Бір қараса біреу Нәйланың аяғынан ұстап, сілкілеп жатыр. Өкпесіне толып кеткен суды шығарып, өзін құтқару қимылдарын жасағанын ол онша ұққан жоқ. Орыс кісі жағынан ұрып жатыр. Нәйла ептеп есін жиғанда жасы отыздар шамасындағы орыс: «Неге әке-шешесіз келесіңдер?!» деп үшеуіне ұрысты. Қаланың екі қызы оған: «Біз үйден көрінбей қашып кеттік» деп орысша жауап берді. Құтқарушы кетіп қалған соң олар Нәйла суға бір батып, бір шығып жүргенде дядька көріп, өзеннен алып шығып, саған жасанды массаж жасады деп айтты. Ертісте аяғына шыны кіріп, табанын тіліп кеткені мұның қасында түк емес екен. Ай мен күннің аманында өліп қала жаздаған. 

Нәйла суға батып кете жаздағанын анасынан жасырып қалды. Түнде қызы шошына ұйқысырап: «Ағып барамын! Ағып барамын! Құтқарыңдар!» деп қатты дауыстағанда болған оқиғаны анасы айтпай біліп қойды. «Сен суға кетсең онда мен өлемін ғой! Ендігәрі Ертіске барма! Талайды жұтқан терең су тілсіз жау» деп анасы туыс қыз балалармен еріп барып өзенге шомылуға тыйым салды. 

                                      Он бесінші тарау. Қуғын 

Ауылдың өзені екі сала болып бөлініп ағады. Үлкен бөлігіндегі өзеннің арнасы кең, суы мол, кіші ауылдағы өзен одан ғөрі жіңішке ағады. Жалдап кетсе қара саннан, белуардан асады. Тобықтан келетін саяз тұстары бар. Жаздыкүні өзен айнадай жарқырап, ауыл балаларын арбап шақырғандай болады. Өзеннің жоғарғы жағына суға шомылуға төрт бала екі велосипедке мінгесіп барды. Суы терең. Көктегі алтын күн жердегі суды әбден ысытқан күндізгі сағат бестің шамасы болатын. Су рахат, денеге мамықтай тиеді, алғашқы жарты сағатта жағаға шыққың келмейді. Балалар бір сағат суға шомылды. Бижан жалығып жағаға шыққанда Секман, Архат, Әрхам үшеуі суда әлі сүңгіп жүрді. Жағаға шыққан соң тоңазыды, дірдектеп тұрған соң футболкасын киіп алды. Күн әлі ұясына асықпай көк аспанда балқып тұр. Бижан жүгіріп шөпшек, қурайдың қураған сабақтарын, тезек жинап әкеп тұтатып, от жақты. Ол лап етіп тез жанған отқа жылына бастады. Шалбарын киіп, кроссовкасының бауын байлады. Сол екі ортада үшеуі судан бір шығып, бір кіріп, отқа келді де суды қимай қайта қойып кетті. 

Күн ыстықта балалар белуардан келетін аяз суда шомылуды жақсы көреді. Бір бала бұрын суға түскенде құйрығына, екі құлағына қағаз қыстырып алатын. Сүлік кіреді деп қорқады, суда ирелеңдеп жүзіп жүрген қара сүлік өте көп болады. Мұны көрген өзге балалар шек-сілелері қатып күледі. 

Бір кезде анадайдан машинаның дауысы естілді. Бижан ауыл жаққа қарап еді, ештеңе көрінбеді. Ол орнынан түрегеліп мойнын соза қарады. Өзеннің жоғары жағы тоғай, екі ортада дөң бар. Үбі жақтан қоңыр Уазик ағызып келеді, дәрігердің қызыл кресті бар машина. Өзеннің ар жағында жолсызбен айдап келеді. Балалар жарлауыт өзеннің бер жағында алаңсыз шомылып жүр. Ауылда мұндай машина жоқ, бөтен. Бижанға күдікті көрінді, іштей секем алды. Ол машинадағылар шомылып жүрген балаларды байқағанша Бижан отқа су құйып өшірді.  

– Әй, шығыңдар, тез қашамыз! Бізге қарай бір күдікті машина келе жатыр, – деп дауыстады Бижан.

Үш ұл судан атып шығып, апыр-топыр, шала-шарпы киінді. Үлгергенше аяқ киімі мен шалбарын киіп үлгерді, біреуі белуардан жалаңаш жүр. Балалар дайын болғанша өзеннің арғы жағына машина келіп үлгерді. Өзен терең. Машина беталды өте алмайды. Екі аралық бар жоғы 3-4 метр ғана. Судан өтсе бітті. Машинаның ішінен ешкім түскен жоқ. Балалар екі велосипедке мінгесіп ауылға қарай тұра қашты. Ауылдың шетіне дейін екі орта екі шақырымдай жер. Машина өзенді жағалай балаларды тұра қуды, судың таяз жерін іздеп келеді. Бөтендігін тағы білдірді. Балалар қашып берді. Қияқтардың арасын кесіп өткен машина жолымен қашты. Жайлауға баратын жол әне жатыр. Есіл-дерті тезірек тауға ілігу болды. Ауылдың жанындағы тауға 100 метр қалғанда шаршап, артқа мінгескен екі бала секіріп түсіп, велосипедпен қатарласа жүгірді. Төртеуі таудың етегіне жетер-жетпесте машина судан өтіп үлгерді. Жалма-жан ұсталып қаларына көзі жеткен балалар өздеріне қарай тура ызғытып келе жатқан машинадан шындап зәрелері ұшты.

– Велосипеді құрысын, темірді ешкім алмайды, лақтыра салайық. Биік тауға өрмелеп, артымыздан қуса тас жаудырайық, – деді Бижан. 

Таудың биіктігі 50 метрден кем түспейді, шоқиған тік тау. Қалған таулар аласа. Төрт жасөспірім бала тау текеше өрмелеп, таудың ортасына барды. Бірақ ұшар басына әлі жете алмай, бигіне шыға алмай келеді. Өрге қарсы жүгірген оңай ма, ентігіп келеді. Олар таудың орта белінен қолға ілінген екі-үш тасты лақтыруға ыңғайланды. 

Машинадан ешкім түскен жоқ. Таудың етегіне кеп тоқтады. Бет әлпеті көрінбейді, ішінде жат біреулер тығылып отыр, бес минут тоқтап тұрды. Қылмыскер, қашқын біреулер, сірә. Жайлау бағытына түсіп, тау арасына кіріп кетті. Ауылға бұрылған жоқ. Тастарға жантайып, таудан түспей төрт бала ентігін басып отыр. Таудан түссе қуғыншылар сайтандай сап етіп келіп қалатын тәрізді жүректері шайлыққан. Машинаның шаңына қарап ұзап кеткенше тау ортасында отырды, дүрс-дүрс соққан жүректі шырмаған қорқынышты басуға біраз уақыт кетті. Қос велосипед етекте сұлап жатыр. 

Балалар ауылға төте жолмен құйғытып дәл төбесінен түсті.Ауылға Бижанның қуанышы қойнына сыймай, арқасына қанат біткендей, педальды басып, ағызып кірді. Келген бойда балалар милицияға мәлімдеген. Үлкендер қай бағытқа кетті деп сұрады да қойды. Түрмеден қашқан, жер орайын білмей адасып жүрген біреулер болса керек. Үйлеріне жеткен соң «уһ!» дескен балалар енді қайтып ауылдан алшақ жерге шомылуға бармайтын болды.  Өмір қайтадан жаймашуақталып кете барды. Балаларды бір пәлеге ұрынудан туған жердің биік тауы құтқарып қалды. 

Он алтыншы тарау. Құтқарушы

Ауылға жаңа директор тағайындалған соң көшіп келген басшы өзіне арнап ақ селикаттан кең сарайдай сегіз бөлмелі үй салғызды. Атшаптырым ауласында құбыр құдығы, моншасы және үлкен бау-бақшасы болады. Үйдің қабырғалары мен төбесі бітіп, техникалық жағы қалған. Ең кереметі, совхоз директорының үйі қаладағы көп қабатты, тұрмысқа қолайлы үйлердегі тәрізді ішінде ыстық, суық суы болады. Ауыл үшін бұрын болмаған комфорт, таңсық құбылыс. Жұрттың бәрінің дәретханасы сыртта салынған. Ақ кірпіштен түп-түзу, әсем қаланған үйдің астына құрылысшылар суық судың құбырын тартып жатқан. Шұңқырын эксковатормен қазып қойыпты. Бірақ әлі трубасын тарта қоймапты. Түскі астың уағы болатын. 

Бижан велосипедпен қасынан өтіп бара жатқан. Ұсақ балалар шуласып жатыр. Ол балалардың қастарына кеп, велосипедін тастай салып:

– Әй, неге шулап жатырсыңдар? – деп сұрады.

Әлгі балалар шұңқыр арқылы еденнің астына кіре алмай жатыр екен. Ол үшін іргетастың астына өту керек. Тұншығып кіре алмайды.

– Мысықтың жаңа туған балалары сонда жатыр мияулап, – деді біреуі.

Мысық десе Бижанның жүрегі елжіреп, жаны ашып кететін әдеті. Мысық жер таппағандай әлі бітпеген еденнің астына, қуысқа барып туған. Ана мысық балалар ұлардай шулаған соң жоламай қашып жүр. Балалар мысықтың балаларын бөлісіп алғысы келетін сыңайлы. 

Ал тақтайды үстіңгі жағынан шегеленген, жылымық үшін екі қабат қылған, үстіңгісін астыңғысына шегелеген. Сонда ұзын шегелер сойдиып еденнің астына өтіп кеткен, бес сантиметрдей ұштары шығып тұр. Еден мен жердің арасына он сантиметрдей күл төгілген. Балалардың бірі жорғалап  кіріп, орта тұсына дейін барып, ары бара алмаған. Күлдің шаңынан тұншыққан. Төбесінен шеге төніп, асты күл, алға жылжыған сайын өкпені қауып демалтпайды.  Әрі қараңғы. Еңбектегенде басқа шеге кірмеу керек. 

– Былай тұр, мысықтарды мен алайын, – деді Бижан.

Сен тұр, мен атайын ғой баяғы. Балалар дорба тауып берді, дайындап қойыпты. Бижан қуысқа бауырымен еңбектеп оңай кірді. Жаңа туған мысықтарды мияулаған дауыстарынан тапты. Желкесінде, басында, арқасында әр жерде сойдиған шегелер төніп тұр, аз болсын көтеріле алмайды. Еденнің ептеген саңылауларынан өте әлсіз жарық байқалады. Барарда тез жетті. Әлі көзі ашылмаған мысық балалары бір-біріне ұйысып жатыр. Жұп-жұмсақ. Қолымен сипалап түгендеп дорбаға салып аузын байлады.  Енді ол келген ізімен кері бауырымен жорғалауға тура келді. Басын алға бұру мүмкін емес, аяғымен еріксіз артқа шегінді. Бес метр жер бітпестей көрінді. Демі бітіп, күлдің шаңынан тұншығып барады, тысқа шығу бір азап болды. 

Сыртқа шықса жаздың ыстық ауасы балдай сезілді. Балалар жүгіріп барып аналық мысықты тауып әкелді. Бижан мысық балаларын шешесімен қосып әкеп шөп қораға орналастырды. Бір топ бала сүт әкелетін болып, тамақ әкеп асырайтын болып келісті. 

                              Он жетінші тарау. Фломастер 

Еділбай ауылда ауық-ауық өтел жинап алатын, елден сүйек, тері, жүн-жұрқа  жинап алады, ақысына ине-жіп, тарақ, айна, шар, пистон пистолеттер, ойыншық, шай сияқты ұсақ-түйек береді. Жаздың ыстығында балалар құлақтанып, зыр жүгіріп кеткен. Бұрын-соңғы көздері көрмеген, бірақ ауылға даңқы жетіп қойған фломастер деген әрі қалам, әрі бояу қарындаш сияқты заттың керемет түрін өтелші қаладан алып келіп, шикізатқа айырбастап жатыр екен. Құлақ естіген ақбардың шындығын көзбен көрген сәтте Айпара фломастерге есі шыға қызықты. Оның есіл-дертін қызыл-жасыл бояуы көз арбайтын әдемі фломастер деген нәрсе жаулап алды. Ол нағашы атасының үйінен, Ырыс апасының үйінен, өз үйінен қысқы соғымнан қалған сүйек-саяқ іздеуге сыбана кіріскен. 

Бұрынырақ Еділбайдың кәрі әкесі арбасына ақ брезент жауып, ат-арбамен ауылды аралап жүріп, өтел жинайтын. Сақал-шашы боз қырау шал өтел ақысын бұлданып, бала сұраған нәрсені әзер беретін еді. Бижанға сөйткенін көрген Шәрбан апа: «Әй, қақпас, бермейсің бе балаға?» деп еді, қырсық шал шамданып: «Кет әрі, өзің қақпас!» ұрысты. 

Қызық болғанда фломастер безгегіне бүкіл ауыл балалары түгел шалдықты. Бір үйдің тетелес екі ұлы тау ішінде қаңғырып, арам өлген өгіздің қаңқасын тауып, таспен ұрып сындырып, велосипедке артып қап-қап тасып әкеліп кеп Еділбайға өткізген. Өлген малдың қаңқасына бірнеше рет қатынап, ауыр сүйектерді бұза алмай мықшыңдап, қатты қалжырап үйіне оралған екі ұлын туған шешесі танымай қала жаздапты. Бет-ауыздары бес баттам кір-қожалақ, шаң-шаң, сатпақ-сатпақ, сілесі құрып, әбден шаршаған балалардың үстінен жаман иіс шығады. Медбибі шешесі шошып кетіп, балаларын жуындырып, дезинфекция жасап, кір-ластан әзер аршып алды. Тамақтарын шайдырып, чеснок езіп, жусан шөбін тұндырып ішкізіп, дерт жұқтырып алды ма деп қорыққан. 

Тері ағып, айғыз-айғыз, киімі кір-кір болып бүкіл ауылдың баласы сабыла сүйек, тері теріп кеткен. Күлтөкпе, ауыл маңындағы бүкіл қоқысты айнала тіміскілеп, дала кезіп кеткен балалардың ішінде сегізінші класта оқитын Айпара бар. Еділбайдың ауласына Айпара үшінші мәрте қанармен алып барды. Бір туысының қорасынан жинап алған ескі қара пималарды теңдеп апарғаны бар болсын, ана кісі жарамсыз етіп қабылдамай тастады. Салмағы ауыр тартса бір фломастерлік құны бар еді. Велосипедпен ескі-құсқы тері, сүйек тасып екі фломастер алған Айпараға олжасы аздау болып көрінген. Жұмсақ полиэтилен қорапшада алты фломастер. Қарындаш сияқты сырты ағашпен қапталмаған, пластмасса. Бижан сүйек өткізгенде ақысына пистондар мен пистолет алды. 

Айпара екі буда фломастерді сурет салуға емес, келешек көркем шығармаларының желісін, идеясын жазып отыруға ғана пайдалануды жөн көрді. Блокнот арнап, ойында туған сюжеттерді ұмытып қалмай тұрғанда жаза бастағанда көзі шырадай жанды. Оңаша отырып көркем шығарма жазудан өткен ғажайып мезет жоқ! 

Айпара үлкендерден «аруақ қонды», «арқасы қозды», «арқасы буды» деген сөздерді еститін. Күйші, әнші, ақындар туралы сөйтіп айтады. Ел алдында өнер көрсететін кісілердің талантын солай бағалайды. Соңғы кездерде ол қағаз бен қаламға ойына кенет келе қалған сөз орамдарын төгіп-төгіп жазуды арқасы осылай қозатын болуы керек деп түсінді. Әуелі ойы үрленген шар тәрізді толады, әсершіл кейіпте елегзи бастайды, сосын жел ұшырып әкетердей буырқанған қуат пайда болады, басына небір қызық сюжеттер ұялайды. Қызық процесс. Бәрі қаздың әдемі қауырсынын тауып алудан басталған сияқты. Аппақ қауырсынды кітап сөресіне әкеп тігінен тік сүйеп қойды. Ол өзін жазушылыққа баулуға көшті. Фломастерлердің кемпірқосақтың түсі тәрізді құлпырған әртүрлі бояуы жазуға құмарлығын одан әрмен ұлғайтып жіберген сияқты. 

Айпара жазушы болуға ынтыққалы қолжазбасын тығып ұстауға көшті. Біреу оқымауы керек. Мамасы қағазына қарамасын біледі, жұмыстан қолы босамайды. Демалыс күні аяқ машинасымен іс тігеді. Бижан ойыннан аспайды. Қазір ол шаруаға бейім бала, қора тазалайды, шөп-суын беріп, мал күтеді. Әйткенмен Айпара жазбаларын сауысқаннан сақ, тірі жанға көрсетпей жасырып ұстауым керек деп шешті. Сондықтан үйде қолжазба салатын құпия қойма жасап қойғаны жөн. 

Үйде дөңестеу қақпағы жоғарыдан төменге сырғып ашылып жабылатын аппақ темір нан салғыш ыдыс бар болатын. Сырт пішіні машинаның шағын гаражы немесе кішкене жәшік сияқты. Айпара қолжазбасын тығатын сейфке сұранып тұр, пошымы нағыз қоймадан аумайды екен деп топшылады. Тек жабылар тұсына құлып салуға екі жерден тесіп алса болды. Темір затты тесу оңайға соқпады, балғамен ұрғылап зорға тесті. Бір өкініштісі, ептеген саңылау бәрібір қалады екен. 

Айпараның мінезінде бір ауытқу бар. Ол бұрынырақ өкпелесе қораның ішіне кіріп алып жылап отыратын. Сондай сәтте өкпесі қара қазандай болып, өз үйінен біржола кетіп қалуды ойлайды, қайта оралмай безіп кетсе мамасы сағынады ғой. Алайда артынша теріс ойы із-тозсыз жоғалып кетеді. Өкпесі үнемі орынсыз, ұсақ-түйекке бола өлердей ренжиді, үйінде ешкім оны жәбірлемейді. Расында өзі би, өзі қожа, магазиннен не алам десе де анасы қолын қақпайды. Тым дандайсудан туған ақымақтық қылық. 

                                      Он сегізінші тарау. Картограф

Бір күні анасы мен Бижан кешкілік қонаққа кетіп, Айпара үйде жалғыз қалды. Қысқы мезгілде ыстық пештің түбіне, сүйікті орнына жайғасқан Айпара электр шамы жарқыраған үйде кітапқа көміліп, табан астында өзгеріп шиеленіскен оқиғалардан есі кетіп отырды. Орындықта мүлгіген мысық ұйқыдан көз ашпайды. Түнгі сағат он бірде анасы мен Бижан оралды. Есіктен кірген бетте Бижан көзі бақырайып, әпкесінен: «Қорықпадың ба, қараңғыдан қасыңа бөки келді ме?» деп сұрай берді. Сарқытты жеп отырып кітаптан бас көтермеген Айпараға таң қала қарап қалыпты. Оның ештеңеден қорықпай алаңсыз отырғанына еш сенгісі жоқ.

«Бөкә қасыңа келген жоқ па?». Бижан сондай бірдеңені түсінде көрсе керек. Кенет Айпара басын кітаптан көтеріп алды. Есік жақта тұрған Бижанның қыстық етігіне көзі түсті. Қасында әлі қары кеппеген қара пимасы тұр. 

 «Бағана бар ғой, – деп бастады әңгімесін Айпара Бижанға қарап. – Бірдеңе сыбдыр еткен соң қарасам кішкентай жирен шаш шал мына етіктің ішіне кіріп бара жатыр екен. Өзі лып етіп жылдам кірсе де, сақалы сүйретіліп, шұбатылып барады. Бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс... Оның қолында алтын құмыра бар екен. Соның жарқылы шамға шағылысып, бөлменің ішін жарқыратып жібермесе байқамай қалар ма едім. Сол сәтте қысас қылғандай жалп етіп төбеде жанып тұрған шам электр тогы өше қалмасын ба...».

Айпараның дауысы сенімді естілгені сонша, қызының әнтек әңгімесіне мамасы құлақ салып тыңдап қалды. Бижанның аузы аңқиып тыңдады. Жоқ жерден үрейлі әрі қызықты оқиғаны Айпара сел жауынша төгіп тастағанда өзіне-өзі таң қала бастады. Әуелде ерігіп сөз бастағанда оқиғаның немен бітетінін мүлде білмеген. Сиқырлы әңгіме туып, тыңдаушысын сүттей ұйытып, тартымды бола бастаған. Мың бір түн ертегісін анасы біледі, Әли баба мен қырық қарақшы туралы айтып беретін. Бижан әпкесінің әр сөзін қалт жібермей тыңдап отыр. 

«Жарық қайта жанғанда етіктің қасында оны аңдып отырдым. Көрген мезетте сақалынан шап беруім керек еді».

Айпара бармақтай шалдың құмырасын тартып алып, жасыл нефрит қақпағын ашса оның ішінде жасыл планета дөңгеленіп жүзіп бара жатқанын, басы адам, белінен төмен денесі жылан кісілер қанатсыз ұшып жүргенін айта бастады. Бетіне қарасаң періштедей сұлу келбеттілер және азу тісі ақсиған сиықсыздары бар екен.

«Бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс шал қайда?» деп сұрады Бижан ол үйде тығылып қалғандай елегізіп. 

«Мен оның құмырасын тартып алып, нефрит қақпағын ашып жібергенде ол көлде шоршыған шабақша шолп етіп құмыраның ішіне сүңгіп жоғалды. Себебі бір құмыраның ішінде көк аспан, көк мұхит шалқып жатыр екен, орман, қара жер бар», – деді Айпара өз өтірігіне еліге бастап. 

Бижанның көзіне үрей тығылды. Жақында фломастер үшін сүйек іздеп жүрген екі-үш бала велосипедпен иесіз қыстақтың қасынан өтіп бара жатқанда үш аяқты мотоциклді көріп, жаңа туған баланың жылаған дауысын естіп қашып кеткен. 

Айпара табан астында ойдан құрап айтқан өтірік әңгімесі әншейінде ойыннан өзгеге мән бере қоймайтын бауырына ерекше әсер еткенін көріп таң қалды. Өз төсегінде алаңсыз ұйықтап қалатын Бижан мамасының қасына жатып алды. Бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс шалдан сақтанған түрі. 

Айпара кабинетіне кіріп қолына блокнот пен фломастер алды. Сыртқы мұқабасы қымбат кітаптың тысы сияқты етіп жасалған қалың блокноттың алғашқы бетінің шекесіне ол «Құдай аты һәр жұлдызда жазулы» деген сөзді бипаздап жазып қойған болатын.

Нәйла өткенде каникулға келгенде көлемі алақанға сиып кететін титімдей жасыл кітап алып келген еді. Ойыншық сияқты, көлемі, қалыңдығы кір сабындай. Биттей әріптермен тығыз терілген кәдімгі кітап. Мұқабасында «English-Russian dictionary» деп жазылған. Ауыл мектебінде шет тілінен неміс тілін оқытады. 

Айпара мұқабадағы жазуды ежіктеп оқыды. «Ағылшын-орыс сөздігі». Нәйланың ағылшынша айтқан екі сөзін Айпара қағып алды, әйтсе де тілі бұралып бұзып айтатынын ұқты. «Айси» деп басталатын екі сөзді дұрыс айта алмайды. Неміс тіліндегі сөздерді жатық, дәл айта алады. Осы жасыл кітаптың соңына біреу: ««Имя бога написано на каждой звезде». Гельвеций» деп көк сиямен жазып қойыпты.Гельвецийді әуелде химиялық элемент атауы сияқты қабылдаса да Айпара оның кісі есімі екенін біле қойды. Энциклопедиялық деректен қарап жіберсе, Клод Адриан Гельвеций 1715-1771 жылдар аралығында өмір сүрген француз философы. Механика заңдарын жоғары қойған, адамның топастануы тәрбиеге байланысты деп білген. Гельвецийдің айшықты сөзі Айпараға ерекше ұнап, орыс тілінен аударып, он бесінші көктемде бүр жарған жазушылығына эпиграф етіп жазып алды. 

Жүк арасында иіні жұп-жұмсақ етіп иленген, сырты жүн, іші былғары ақ тері жататын. Ақ ешкінің терісі, бөрік тігуге қатып тұр. Бұрын осы теріден қуыршаққа жалбыр тон тіксе деген ой басына келгенімен енді одан тез айныды. Карта! Ол ақ теріден қазына аралының географиялық картасын жасайды! Жүнін сыртына қаратып, былғары жағынан ғаламат карта сызады. Мамасынан теріні алуға рұқсат сұрады. Баяғыдан іске жарамай бос жатқан тулақты мамасы қайтсін, ала бер деген. 

Сонымен Айпара дара патшалыққа ие болды, мына шеңбер кеңістікке бәрі сияды, себебі картограф бір топонимді нүктемен ғана белгілейді. Ақ ешкінің терісі оның қиялдағы жеке елінің картасын құрайды. Картаның жобасын ойластыруға ол ұзақ ойланып-толғанды. Әлі қазығы қағылмаған, миында пісіп-жетіле қоймаған жұмбақ патшалыққа ие болудың мәртебесі неткен қызық. Бұл географиялық-әдеби карта – жас мемлекетте оның болашақ кітаптарының текті кейіпкерлері өмір сүретін болады.

7.02. – 5.04. 2023.

Бөлісу:

Көп оқылғандар