Қаусылхан Қозыбайұлы.Ісламның құрдасы

Бөлісу:

07.04.2023 2223

Әңгіме

І

Түн тігісі сөгіліп, шығыс жақ балық қарындап ағарғанда, алдағы аласа тауды бетке алып, Тұрдыбек пен Қайса атқа қонған болатын. Олар таңертенгі шəйді бригаданың бастығы Нұртазаның үйінен ішпекші. Тұрдыбек əңгіме айтуға қанша құмар болса, Қайса тыңдауға сонша құмар. Астындағы ақ иық қоңыр атты қайта-қайта тебініп, сəл кейіндеп бара жатса, қамшыны үсті-үстіне басып жібереді. Көкқасқа атқа жамбастай отырған Тұрдыбек Қайсаға Нұртазаның басынан өткізген əңгімесін шертіп келеді. Қайса дөңгелек қара көзін Тұрдыбектің сары шұбар бетінен аудармай қараумен келеді. Бұлар осы əңгімемен ауылға келгендерін де білмей қалды. 

Ауылдың маңы көктемнің көк пүлысын жамылған. Жаңадан отыққан бір топ жас қозы беткейде епті еріндерін жиыра, қадала жайылып жатыр. Иттің тұйықсыз шəу ете түскен даусынан үріккен жаңағы қозылар дүркіреп келіп үй жанына тоқтады. Қозылардың дүркірей үріккен дүбірінен қашқан кер бұзау кішкене құйрығын шашақты найзадай көтеріп, үйді айнала шауып, үй жанындағы ерді ат етіп мініп отырған үш-төрт жас шамасындағы кішкентай жалаңбұт баланы қағып кетті. Бала баж етіп жылады да орнынан тұрып, кер бұзаудың үстінен шағым айта, қамшысын сүйреп үйіне кіріп кетті. 

Тұрдыбек өзіне таныс құбақандау киіз үйдің қасына келіп атынан түсті. Бұлар үйге кіргенде төрде жуан, қаба сақал, бурыл мұртты семіз адам отыр еді. Алақандай үлкен көзінде жиексіз ақ көзəйнек бар. Келген адамдарға көзəйнегінің үстінен сүзе қарап төрді нұсқады. Тұрдыбек үй ішіндегілермен қазбалай амандасып, тіпті кейбіреулердің үйлерінің қайда екенін ұғысып, олардың атын да атай отырып амандығын  сұрады. Осы көп амандасудың арасында Қайсаның көзі төр алдындағы əлгі семіз адамға түсті. Ол семіз қарнының астынан көтере байлаған қара шүберек белбеуін əлсін-əлі жоғарлатып қояды. Мұның көзəйнек салған бейнесінен «бұл адам я молда, я етікші болар» деп межеледі. Қазан жақтағы төсекке арқасын сүйеп отырған жас шамасы қырықтар мөлшеріндегі ашаң денелі, сақал-мұртын мұнтаздай етіп қырған, ақша бетінде тарау-тарау қызыл шыршалар жол тартқан, қою қара қасының астында əзіл ойнап тұрған қой көзді адамды «Нұртаза бригадір осы болар» деп ойлады. Шай құйып отырған аққұба əйел «шəй бітті» деген ишара білдіріп, шəугімнің қақпағын қисайта жапты. Бригадір «қайта шай əзірле» деп əйеліне ым қақты. Тұрдыбек түймелерін ағытып, Қайсаға қарап: 

– Мына, төрде отырған Іслам деген ақсақалымыз, – дей бергенде бригадір оның сөзін бөліп: 

– Іслам молда, бұл адамның сегіз түрлі қыры бар, алуан түрлі тілі бар адам. Алланың да, адамның да «сүйген пендесі» – деген кекесін сөзін қосып қойды. Қайса сөздің түпкі түйініне бара алмай Тұрдыбекке қарай берді.

– Мына кісі мен жолда өзіңе əңгімесін айтып берген Нұртаза ағай, – деп көзін Нұртазаға аударды, – аты Қайса, ауданнан келіп отыр. Мекемелерінің бір қора малы бар екен. Аудан біздің коммунаға орналастыру үшін қағаз беріпті. Ал, коммуна сіздің бригадаға жіберіп отыр, – деп Қайсаны таныстырды. 

– Бұл жігітті аудан көлемінен көрмеген екем, – деді Нұртаза. 

– Мен таяуда аймақтан ауысып келдім, – деді Қайса. 

– Болады, аудан айтып, коммуна қабылдаса, біз қайда барамыз, орындайық, – деді Нұртаза, – жə, өзің неге «соқыр теке» ойнап жүрсің, – деді Тұрдыбектің ақ шүберек жапсырып алған көзіне қарап. 

– Таяудан бері осы көзім шанышқақтап ауыра беруші еді, кейін бір буалдыр перде пайда болды. Мына төменгі армияда арнаулы көз дəрігері бар деген соң, соған көрсетейін деп келдім, – деп көзіндегі ақ шүберектің сыртынан ақырын ғана сипап қойды. Мұны естіген Нұртаза Ісламды нұсқап: 

– Япыр-ау, қасыңда дария тұрса, құдық қазам деуің қалай? Мынау көз дəрігерінен көш ілгері, сенің көзіңе келістіріп үш үрлесе, буалдыр емес, шор болып қалған шел болса да қоймайды, – деді. Күміс қасықпен сары қаймақты езіп отырған əйел сөзге киліге кетті: 

– Сен бұны əулие деп аспанға ұшырма. Өткенде Баймұрат байдың қамшы тиген көзіне «дем салып жазам» деп жынын бүріккен бураша оның көзіне олай да, бұлай да түкіріп, ақырында көзін шелейтіп соқыр етіп қоймап па еді?!

Нұртаза мен Тұрдыбек сылқылдап күлді. Іслам ызаға булығып, үрлеген қарындай тырсия қалды. Қайса көз алдында болып отырған мына көріністерге таңданып ішінен «ерінікі ғой, ерінікі болсын, мына əйелдің əкесіне таяу адамға сонша сөдегей сөйлеуі неткен əдепсіздік. Ол өзін бригадирдің əйелімін деп зор санайды-ау» деп отыр. Бағана жолда Тұрдыбектің Нұртаза жөнінде айтқандары бос мақтау, тіпті түгелдей өтірік болып барады. 

– Ей, сен неге қазбалай бересің. Мынаның ылғи кемшілігін көресің де артықшылығына көз жұмасың, өткенде Жиенбайдың жирен жорғасына «көз  тиген» деп тұмар да жазып берген, – деп əйеліне зекігендей бір қарап қойды Нұртаза. 

– «Қыртты езген жеңеді, езгенді құдайдан безген жеңеді» деген осы ғой! Атам замандағы бірдемелерді көшкен жұрттан жұрын тергендей мыжи беру неге керек!– деп қызарақтай қалған Іслам қаба сақалын сылай берді. Нұртаза оны естімегенге салып, Тұрдыбекке бұрылды: 

– Сен білесің ғой, кейін сол ат қалай болды? 

Бұл істен толық хабары бар Тұрдыбек: 

– Е, ол ат кейін де жақсы болмай, əкесінің асына сойылған, – деді. Нұртаза Ісламның алдына шай шыныны қойып жатып: 

– Ім, жирен жорғаның басына да құранды өзің оқыған екенсің ғой!– деп тағы желкелей жөнелді. Осы бір қысап отырған қыспақтан құтылғысы келген Іслам сөзді басқа жаққа бұрғысы келіп: 

– Ауданның қайсы бөлімінде істейсіз? – деп бағанадан сөзге араласпай отырған Қайсаға қарады. 

– Қағаз жасау зауытында істеймін. Зауытымыздың бір қора малы бар еді, соған коммунадан жайлау сұрап  келіп отырмын, – деп жылы жүз, сыпай сөзбен жауап берді. «Қағаз жасау зауыты» деген сөз шыққанда Ісламның мына бір қылығы есіне түскен Нұртаза тыныш отырмай: 

– Молда, естіп отырсың ба, мына жігіт не деп отыр? Сен қағаз Мекке-Мединеден шығатын қасиетті нəрсе, мұны аяққа басуға, келсе-келмес нəрсеге істетуге  болмайды, қағазды ұстағанда алдымен «бісміллə» деп ұстау керек демеуші ме едің? Қағаз жасау зауытындағы жұмысшылар күні бойы қағаз жасайды, сонда оған қанша бісміллə кетеді?– деп күле қадалды. 

Іслам расында да көп оқымаған надан, ауылдағы жаттама-шала молданың бірі. Ол кейде өзі осылай болар деген ой межесін басқаларға «шариғат» деп сөйлейтін, Ісламда жаттама намаз, жаттама құран ғана бар. Оның мағынасын өзі де түсінбейді. Ол кейін ғана халықтың санасы өсіп, ойлары азат болған кезде көптің «дүмше молда дін бұзар» дейтін əділетті, ісжүзіндік өмірден қорытылған сөздерінен қатты именетін  болған. Іслам Нұртазаның жаңағы сөзін естіп, өзінің Қайсадан жөн сұрағанына өкініп отыр. Ол сұрағаны керісінше өзін омақастырып отыр. Ол құтылудың жолын тапқандай: 

– Бұрын мен басқаларды надан, өзімді білімді санаушы едім. «Соқыр тауыққа бəрі бидай» дейтін анық қабілетсіз соқыр тауық өзім екем, мен «аңқау елге арамза молда» болып келіппін, – деп шынымен сыр ірікпей айтса да, бір жағынан Нұртазаның тағы да бір əзілге орап аяғынан алып, күлметін ашып тастауынан құтылғысы келді, – өтіп кеткен көне есепті не қыласың, – деп жабырқағандай болды. Ісламның осы күйге түсіп мүсүрегеніне жаны ашыда ма, Нұртаза да үндемеді. Шай таусылып, дастархан жиыла бергенде «сөйлеп үйренген ауыз жыбырын қоймайды» дегендей ол сыңар қолымен «аллауақбар» деп бетін келте сипай бергенде, дастархан жиып жатқан əйел дастарханды қайта жайып, қолынан шап беріп ұстап: 

– Ет болса екі қолмен, шай болса сыңар қолмен бата беруді қайсы кітаптан көрдің, қайтадан қос қолдап бата бер!– деп тұрып алды. Нұртаза мен Тұрдыбек мəз болып күліп жатыр. 

Бұл қылықтарды Қайса жаратпады. Нұртаза сияқты адамның осынша ұшқалақ, осынша дарбаза болуын ұнатпай, «мынау қызметте де кескін болам деп асырып жіберетін жан-ау. Орынсыз қылық. Мына Іслам оның жездесі болса бір сəрі, тіпті ана əйелінің сөзі неткен кесек, асқан көңіл-ау!» деп отыр ішінен. Қайса мен Тұрдыбек аттарына қонып, келген іздерімен жолға түсті. Ауылдан ұзай бере Қайса артына бір қарап алып: 

– Нұртаза бригадир қандай адам? Сөз лəмдерінен қарағанда анау отырған үлкен адамға бір наразылығы бар сияқты ғой? 

Тұрдыбек оған түсіндіріп отырмай, қайта өзіне сұрақ қойды: 

– Қалай, мұны сұрауыңның мəні не? 

– Нұртаза бригадир не үшін өзінен жасы үлкен адамға қалай болса солай сөйлейді? 

Мұны естіген Тұрдыбек қарқылдай күлді.

– Сеніңше, Нұртаза бригадир екеуіміздің қайсы мыздың жасымыз үлкен? 

– Əрине, сіздің жасыңыз үлкен. 

– Олай емес, – деді Тұрдыбек басын шайқап, – сен біреудің сақалына, біреудің шашының ақ-қарасына қарап айырма. Нұртаза бригадир менен бақандай жеті жас үлкен. Ана Іслам екеуі даң құрдас. Құрдас ел де емес, жау да емес. Ел емес болатыны олар бірін-бірі сындыруға құмар, жау да емес болатыны көрмесе сағынады, өлімге қауып-қатерге қимайды. Мына Іслам морт, дойыр адам, тек құрдастар ойнаушы еді дегені болмаса, бір ауыз қалжыңды басынан асырғысы келмейді. Ол ертеден азырақ діни оқу оқып жасынан ел ішінде молда атанған. Ал Нұртаза жаңа мектепте оқыған. Кейін ауылда мұғалім болған, саналы да, тілдіауызды, қалжыңға орамды адам. Бірі дүниеге идеялистік тұрғыдан қараса, бірі материалистік тұрғыдан қарайды. Іслам дүниеқор, абыройшыл жан, Нұртаза оның керісінше барына қанағат қылатын, ақ жарқын, турашыл адам, кейін осы құрдасы Ісламның кесірінен қызметтен айдалып, түрмеге де жатты. Шапкісін көтеріп, жағасын ағытып, атына жамбастай отырған Қайса Тұрдыбекке таяй берді. 

– Жə, түрмеге қалай түсіп жүр?

Тұрдыбек қара мұртын бір сылап алды да: 

– Жол қысқарсын, онда мен əңгімені бастан бастайын, – деді алдына көз жіберіп.

ІІ

Көбелек түсті көңілді көктем. Мамыр айының майда-шуақ лебі жан біткенді жадыратып, көңіл-күйлерін көтере қытықтайды. Құрт-құмырсқалар да тырбаңдап тіршілік етеді. Тобынан бөлініп оңашаланған кекіліктер де жұбымен жорғалап бұта арасын кезіп жүр. Жұп-жұп бөлінген алуан түсті көбелектер бірін-бірі қуалап, дөңгелене аспанға өрлеп барып, қайта құйылып келіп гүлге қонып, ентіккендей қанаттарын жалп-жалп еткізеді. Əр ауылдың тұсынан өткенде көбелектей гүлді көйлек киген қыз-келіншектер бұрала басып мына үйден шығып, ана үйге кіреді. Кейбір үйлердің сыртында бірін-бірі шымшылап, сықылықтай күледі. Жан-жануар бəрі де мəз, жасыл желек жамылған тоғай арасынан бұлбұл əн шырқаса, қыраттан бозторғай мен жылқышы торғай да алуан түрлі үн  қосады. Өмірдің осы бір еркін мезгіліне бəрі де мəз, бəрі де разы. Осы көріністерді көзден  кешіріп Тұрдыбек пен Қайса қатарласа кезеңге шықты. 

– 1945 жыл – осы өңірде ұмытылмайтын айта қалсын бір жыл болды. Ауылға жұқпалы сары сүзек келіп, қайсы ауыл, қайсы үй болсын былқылдаған ауру, кейбір үйлерде түндік ашуға да адам шықпады. Тіпті кейбір үйлердің түтіні өшті. Осы кезде Нұртаза ауылда мұғалім болатын, – деп бастаған əңгімесін аянышпен тыңдап қабағы тас түйіліп келе жатқан Қайса: 

– Онда ауылда дəрігер жоқ па? – деп оның сөзін бөле сұрады, кейіндеп бара жатқан атын тебініп қалып. 

– Ойбу! Ол кезде ауылда дəрігер не қылсын. Елде осындай мүшкіл хал пайда болғанда дəрігерге барып емделуге де ешкім шықпады. Онда өзім де дəрігерге сеніп жүргем жоқ. «Құдайсыз қурай сынбайды», «Алланың жазуынан аспайды», ауырып қалсақ та, мал бақсақ та «құдай сақтайды» деп күзетшіні мықтыдан қойып жүрген кезіміз болатын. Нұртаза жағдайдың ауырлап бара жатқанын көріп, қалың қауым атынан арыз жазып, ауданнан бір дəрігер əкелдіріп оны өз үйіне орналастырып, халық ішінде емдеуді жүргізді. Ауруларға укол қойып, дəрі берді. Ғылым қашанда ғылым ғой. Көрген адамдардан өте жұбына жетіп кеткендері болмаса, өлім-жітім бұрынғыдан азайып қалды. Ісламның  есік алдына топырлап келіп «дұға», «ішірткі» жаздыратын, жаназаға шақыратындар барған сайын азая түсті. Шындықты ісжүзінен көрген қалың қауым дəрігер жаққа аунады. Мұны көрген Іслам бұған қатты наразы болды, – дегенде шыдамы тозған Қайса Тұрдыбектың сөзін бөліп: 

– Рас, іші тар, нəпсісі зор адам екен ғой, – деді жаратпай, – тебеннен тиын, тиыннан  теңге тудыратын алаяқ саудагер сияқты адам екен-ау! 

Əңгімені қысыратпай бірінен-бірін тудырып отыратын əңгімеші Тұрдыбек: 

– Бақ күндессіз адам өте аз ғой. Дəрігер келуден бұрын ауылда Қали деген бақсы болды. Надан халық не біледі, ауруға соны əкеліп, ойнатып, ұшықтатып та жүрді. Іслам оған қарсы болып «сендер алланың жіберген хикіметіне жын-шайтанмен қарсы  шықтыңдар, күнəһəр пенде, бұл көрінеу алланың əміріне қарсылық» деп жүріп оны да сақ айғырдай сауырлап тастады. Сонда Нұртаза «сенен басқаның тілеуі жақсы, ол жазса алады, сен өлсе аласың, сен өлім тілейсің» деп оталып, қопаға түсіріп жүрді. 

– Сөйтіп əлгі дəрігер не болды?– деп Қайса əңгіме бетін бұрынғы ізіне тартты. 

– Сонымен Іслам ішкі жақтан өсек таратып: «Барлық іс алланың əмірімен болады. Алла тағала өзі жаратқан тəнге «істік» шаншып оңап аламын деу Аллаға қарсылық болмай не? Дəрі дұғалық сияқты Алланың сөзі емес, оны адам жаратқан. Адам  болғанда діні жат адамдар жасаған. Біздің ата-бабаларымыз дəрі ішпей-ақ алла жаратқан ақ тəніне таңба түсірмей-ақ жасап келдік. Дəрігердің емдеуі бізді алланың əмірінен, пайғамбардың шапағатынан қағады» деп ел ішіндегі атқамінер беделділердің дəрігерден бетін бұрғызды. «Осыны тауып жүрген діннен азған, сиқыр оқу оқыған анау Нұртаза қу иек» деп оны қоса жамандап, ақыры дəрігер өзі де ауырып қалаға қайтып кетті. Момын малшылар Ісламның жазған қара сиясы мен көк сиясын езіп ішіп жата берді. Осыны Іслам бір жағынан күндестік дүниеқор нəпсімен  істесе, енді бір жағынан өзінің шынайы танымы да сол болатын. Іслам дұға ішсе де сақаймай сапар салғандарды «алланың жазуы солай, уақыты біткен» дейді. Дəрігер ауырып қалаға кеткенде «міне, алла тағала оған құдіретін көрсетті. Ол адам жазғанды қойып енді өзін де емдей алмайды» деп жүрді. Момын халық бұған да сенді. Шынында біздің басымыз бітеу, ойымыз тұйық екен ғой, – деп Тұрдыбек өткен өміріне өкініп ауыр күрсінді. Оның ой теңізінде балдырғандай бой жетіп келе жатқан 15 жастағы қызы сол ой теңізінің өркештеген толқыны арасынан жарқ ете түсті. Ол жан үзер алдында, екі көзі мөлдіреп əкесіне қарап шақырғандай ым қақты. Қасына барғанда еріндері дірілдеп, қара көзі жасаурап, кемсеңдей берді. Əлде бір нəрсе айтайын десе де тілі күрмеліп сөйлей алмады. Тұрдыбек ішінен «əттең, дəл əзіргідей заман болса қызым өлмеген болар еді-ау» деп ойлады. Жаңағы ауыр күрсіну осы арманның іште жүретін қасірет бораны болатын. Тұрдыбектың түйіліп, кенет тына қалғанына таңданып, біраз жүргеннен кейін: 

– Түке, не болды? Əлгі əңгімеңіздің жалғасы үзіліп қалды ғой, – дегенде Тұрдыбек ұйқыдан ояғандай баяу үнмен: 

– Е, бауыр, өткен күннің аянышты ертектерін айта берсең түгемейді... Мақұл мен саған сол кезде өзім көрген бір істі қоса кетейін. Бір күні бала-шағасы жоқ, жақын отыратын жалғыз жан, кедей көршіміз Байтанас қайтыс болды. Мен осы Іслам молданы жаназаға шақырып бардым. Жаназаға шақырушы адам үйге кірмей сыртта ат үстінде тұрып айтатын əдет бар. Ит шулап, ат дүбірін естіген молда əбден əдеттеніп қалған сияқты. Керген керегедей қызыл жирен сақалын қос қолдап тарап, шапанын желбегей жамылып сыртқа шықты. Мен сəлем беріп хабар айтқанда, ол қолын жайып, құпия дұға оқып бетін сипады. Аты да ерттеулі дайын екен. Ол аяныш білдіргендей: 

– Байтанас алланың адал құлы, нағыз мұсылман еді. Алла оны жəннатқа шақырған екен ғой. Жасы үлкен адам, əрі панасыз оның намазын оқымасам бола ма, барайын, сауап қой. Ол байқұстың намазына, садақасына берер қараң-құраңы бар ма еді? – деп сұрағанда, мен оның төрт-бес ұсағы, бір жылқысы барын айттым. Молда тағы да есіркеп: «мүсəпір адам, иншалла, оның орны жұмақ. Ол түнде қайтыс болған болды ғой, жұмаға қарсы қайтыс болыпты. Мен ол адамды бұрында жақсы адам деуші едім, жақсы күні сапар шеккен екен» деп екі жеңін киіп үйіне кіріп кетті де, қамшысын алып сыртқа шығып, атына мінгелі тұрғанда кенеттен тебінгісін тер басып, темір қара көк аттың танауынан жел соқтырған біреу жетіп келді. Ол ат үстінде тұрып «Байқара бай қайтыс болды, сізге хабар жіберді» деп еді менімен бірге жүргелі тұрған Іслам Байқараның қайтыс болғанын естіп, бірден өзгеріп: «Бай бір қасиетті, абыройлы адам еді, бармасам болмас» деп əлгі адаммен ілесе жөнелмекші болды. Мен бір жағынан абыржып, бір жағынан айқайлап «молда-еке, мен алдымен хабарға келдім ғой. Сіз жүргелі тұрғанда келді ғой бұл адам. Барудың ілгері кейін реті бар шығар? Өзіңіз жаңа ғана «Байтанас панасыз, мүсəпір адам, оған бару сауап» деген едіңіз ғой дегенімде, оған ешбір себеп айтпай тұрып қалды да, артынан: «бай осы өңірдің қасиетті бір адамы, тірі кезінде жақын байланысымыз бар еді, дос көңілі деген қиын, май өкшеме де жаман, молла жалғыз мен ғана емес қой, намаз білетін біреуді шақыртып оқытыңдар. Егер молданың ыңғайы келмесе, күн ыстық, адам шыдамайтын болса екі-үш күнге қабір ішіне аманат қойып тұрыңдар. Мен байдың намазын ақырластырып барайын» деді де байдың хабаршысына ілесіп жүріп кетті. 

Бағанадан үн-түнсіз тұрған Қайса мына сөздерді естігенде ашумен атын шаужайға бір қағып қалып: 

– Алла, мынау не деген дүниеқор адам!– деп таң қалды. 

Тұрдыбек сөзін қайта жалғап: 

– Біз мəйітті екі күн тұрғыздық. Адамның іші кеуіп жарыларман болды. Нұртаза ат шаптырып кедейліктен аты шықпай жүрген бір молданы алдырып намазын шығарып жерледік. Жамағайын кедей туыстары көп екен. Олар «Нəзір-шырағын өзіміз береміз, мына атын намазына ұстайық, педия, талқысына ана ұсақ малын берейік» деген соң жиылған жұрт мақұл көрді. Жүзіктей ойнақы жирен бестіні бағана намазын оқыған молда жетелеп кетіп бара жатқанда, Нұртаза «мұнан  кейін кедейдің молдасы өзің бол, жирен бестіні мініп Ісламның үйіне бір бар, ана қарнындағы майына шыж етіп бір өрт кетсін! Бай-бай! Май-май! деп өңеші үзіліп кеткенімен, Байқараның қу ұлдары төрт-бес молданы бір ауру атанға мінгестірмесе адам көргенім өтірік!» деді. Расында байдан пайда құтыла ма. Байқараның жаназа, ысқаты үшін Іслам бастаған төрт молдаға бір түйе қойыпты. Бұл қатпа түйені төрт молда «сен ал, сен алға» келіп ақыры түйені төрт тайыншаға бағалап, бір молда алыпты да қалған үшеуіне үш тайынша беріпті. Кейін əлгі кедей молданың астынан жирен атты көрген Іслам жарыла жаздап: «Байтанас намазсыз көміліпті. Ана шетелдің төте оқуымен оқыған Нұртаза Байтанасты шетелдерше жерлепті» деген өсектерді де таратты. Бірақ намазына қатынасқан қауым оған сенбеген соң барып еріксіз басылды. 

– Іслам молда Нұртазаға неге өш? Намаз оқымайсың дей ме, жоқ басқадай себеп бар ма, əлгі «құрдастың құдайы бір» дейтін сөз қайда? 

– Əй, бауырым-ай! Ол құрдастар басқа құрдастар ғой. Нұртаза нағыз құрдастарша ойнайды. Оны Іслам абыройымды төктің деп дұшпан көреді. Болмаса Нұртазадан басқа қазақтың намазды жырғатып жүргені жоқ. Жаздың күні болса керек. Нұртаза бір күні кешке таяу, бағана Байқара бай дедік қой, соның ауылына келе жатса, Байқара төбе басында азан шақырып тұр екен, азанның ортасына келе бетте жатқан қойы дүр етіп үріккенін көріп, ауылға қарап, «əй, ана малдың алдында адам бар ма!» деп қойып, азанын қайта жалғапты. Мұны кейін Нұртаза «Іслам молда солай депті» деп шығарып алған. Осы сияқты істерді əкеліп Ісламға таңады. Мұны естіген Ісламның жаны шығады. 

Нұртаза ойнақы адам, отырған жері жыр-думан, өлеңді ойдан соғады, домбыраға қандай десеңізші! Сондықтан сауықшыл жастар оның қасынан қалмайды. Іслам мұны жаратпайды. Əн мен күйді «сайтанның ісі» деп өзі жас болса да жаратпайды. Нұртаза оның осындай қылықтарын сықақ етіп, шиқанына асық қыздырып басады. Іслам шариғатпен қорқытамын дейді, Нұртаза оны қалжыңмен қариды. Іслам кекпенен сөйлейді, Нұртаза қалжың еппенен сөйлейді. Екеуінің араздығы осы. 

ІІІ

Екі атты ойға қарай ойысқан сайын көктем самалы дем алғандай демін ішіне тартып тынып барады. Тер басқан аттар да жиі пысқырып, изектеп келеді. Кейде тұра қалып танауларын тізесіне үйкейді. 

– Ағасы, əңгімені жақсы айтады екенсіз, құлақ құрышым əлі қанбай келеді. Айырылысар жер де аз қалды. Естелік болып есте қалсын. Тағы да əңгімеңізді қозғай отырыңыз, – деп өтінді Қайса. 

– Інішек, əңгіме құмарлығыңа қарағанда сенің де жиып-тергенің аз емес болу керек. «Біреудің жаясын жесең, ұшасын сайла» деген бар. 

– Арналы өзен ағып жатса, оның бойына құдық қазудың қанша қажеті болсын, айта беріңіз, – деп онан ары жабысты Қайса. 

– Болады, қолқалай бердің  ғой. «Ісламның құрдасы» деп əңгіме етіп айта жүрерсің. Әңгімені тағы да сол екі құрдастан бастайын. Ел жайлаудан түсіп, күн салқын тарта, сары сүзектің беті қайтып, ел есін жиып сейіле бастады. Мына Белағаш деген жерде ауыл жиі қонып өлгендерге ас берді. Байқараның асын берген күні мен Іслам молдалар түскен үйде болдым. Ол үйге қасында бірнеше жастар бар Нұртазакірді.  Үйде отырған жастар сырылып жоғары жақтан ала Нұртазаға орын бердік. Төр алдында төбедей болып шалқалап отырған Іслам да басын көтеріп сəлем алды. Нұртаза мұғалім сақал-мұртын сайтан тайып жығылғандай жап-жалтыр қып қырып тастапты. Мұны көрген Іслам тыныш отырмай: 

– Бала-шағаң аман ба, қу иек?– деп еді, Нұртаза ойланбай: 

– Аллаға шүкір, жүн иек! – дегенде сақалы бары да, жоғы да ду күлді. Іслам сақалын сипайын деген қолын еріксіз түсіріп жіберді. «Жүн  иек» десе дегендей, жасы отыздар шамасындағы «Ісламның сақалы» əрі ұзын, əрі қою болатын. Молданың қасында төрде отырған көсе Оразбек бай семіз денесі селкілдей рақаттана күле берді. Ол Нұртазаның сөзіне разы болған сияқты. Алдындағы қымыз шынысын ұсынып жатып: 

– Əй, мұғалім сен құрдасыңа қалжыңдаған болып, мына ақсақалдарды да қырқай шалып алдың ба, қалай? – деп Нұртазаға көзін қысып қойды. 

– Олай емес, бай-еке, ат айналып қазығын тапқандай менің де оғым тиетін нысанам ашық қой. «Қисықты түзейтін тез» дейтін мақал да бар. Силайтұғын  сақал да бар, менің сөзімнің арнаулы  ғана иесі бар, ілгіші жоқ. Үлкендердің бір сөзі бар ғой «сөз кезегі келгенде айтпасаң, сөздің əкесі өледі» дейтін. Менікі сол ғана, – деді жайдары ғана күліп. 

Төрде отырған бір ақсақал Оразбек байға қарап: 

– Құрдас ел де емес, жау да емес деген бар ғой, құрдастардың əзілінде біздің бұйымтайымыз қанша?– деді. 

Іслам Нұртазаны нұсқап: 

– Барлығыңыз көріп отырсыздар, бұл бір жүгенсіз бейпіл ауыз, кешке дейін баққаны қу сөз, сондықтан ішкен-жегені де бойына қонып, шырайына шыр жұқпайды. Қашан көрсең жұртта қалған қу қазықтай қурайды да жүреді, – деп осы сөзді тауып айтқан шығармын дегендей қарқылдап күлді. Өзінен басқа езу тартқан жан болмады. Нұртаза оның үш қалталы қара шапанға симай іркілдеп отырған денесіне қарап: 

– Оның рас. «Жұт жылы қарға семіз, өлімді жылы молда семіз». Биылғы келген сары сүзек саған жақты, əр күнің тайыншадан түспеді. Құлындайтын биедей қарның анау салақтап тұрған. Ана түймелерің қысып тұр ғой, булықпай ағытып қой, – деп отырған жұртты тағы ду күлдірді. 

Іслам қайнаған суға түскен өкпедей қаны тартылып:

– Ей, жырық ерін, жап аузыңды! – деді, көмек сұрағандай көзін қасында отырған Оразбекке төңкерді. Нұртаза іліп əкетіп: 

– Басыңда ақыл болмаса, екі көз мұрынның үстін де көре алмайды, – дегенде оталып қопаға түскен Іслам: 

– Əй дінсіз, ұят болсашы сенде, – деді сөзден əбден тұралап. Мұнысы сенде дін болса, молдамен жағаласпаған болар едің дегені сияқты. Нұртаза сықылықтап күліп: 

– Молда, сен сүзетін теке көзденіп ашуға баспа, бұрын екеуміз сияқты бір молда мен бір ұры кез болып қалыпты. Олар əңгімелесіп отырғанда күні біткендерді алайын деп «жан алғыш əзірейіл» ел аралап жүріп, бұларға кез бола кетіпті. Сонда молда тұрып «мен жасымнан құдайға құлшылық етіп, екі тізем тесілгенше намаз оқыдым, орным жұмақтың қай жерінде екен?» депті. Əлгі ұры: «менің маңдайым жайнамазға тиіп көрген жоқ. Істегенім  ұрлық, қылғаным зиян, менің орным тозақтың қай жерінде екен?» деп сұрапты. Күпірлік қылған молда тозаққа, өз қылмысын таныған ұры жұмаққа кіріпті, – деп еді, семіз Іслам май басып кеткен қысқа мойынын екі жаққа бұрып, сақалды иегін көтеріп, буынып бара жатқандай-ақ көйлегінің жағасын ағытып, тағы да көне күшке басып: 

– Байтанасты намазсыз көмгізген күнəң үшін шариғат үкімі бойынша, сені қырық кесекпен шалма кесек етіп өлтіру керек, – деп семіз басы жосамен бояған шелектей қызарып кетті. 

– Намазсыз көмілді деп кім айтады? – деп Нұртаза да қадала түсті. Нұртазалар жігіт қой, сол кезде бай мен билерден, тіпті, сол кездегі үкіметтен именбейтін. Ашуға əбден сыздап алған Іслам: 

– Қане, намазын кім оқыды?– дегенде Ісламды одан əрі отқа түсіргісі келген Нұртаза: 

– Мен оқыдым, – деді іркілместен. Байтанасқа Нұрғали молла намаз оқығанын көргендер мен естігендер қайран қалды. 

– Не деп оқыдың? – деп Іслам енді сүрінерсің дегендей қомақтана қақырынып қойды. 

Жə, ол былай: 

«Моласы жоқ кедейміз, 

Бұл өмірге өгейміз. 

Байтанас қалып жайына, 

Іслам кетті байына. 

Шақырсақ Іслам келмеді, 

Жаназа оқып бермеді, 

Сауап деуді білмеді, 

Кедейді көзге ілмеді. 

Əй, алла! Рахым-шапағат ете гөр, 

Байтанасқа жұмақтан орын бер. 

Арабшаны білмейміз, 

Қазақша тілек тілейміз. 

Қазақша да алла ұғарсыз, 

Болмаса Іслам барғанда сұрарсыз!» – деп оқыдым дегенде мұның өтірік екенін, намазын Нұрғали оқығанын білетіндер мен жастар жағы күліп жатыр. Нұрғалидің жаназа шығарғанынан хабарсыз қарттар бір-біріне қарап, тіксініп қалды да, Ісламға жапақтай  берді. Іслам жағасын ұстап: 

– Тəубе, тəубе! О, күнəһəр пенде! Мынаны қайтып мұсылман деуге болады. Сен «дұға» орнына қазақша сөйлесең, ол қайтып қабыл болады, күнəһарсың!– деп қадалды. 

– Ей, молда, «дұға» деген «тілек» деген сөз. Мұны қайсы тілмен тілесең де болып жатыр. Он сегіз мың ғаламды жаратқан алла қазақ тілін білмейді десең, алдымен сен күнəһарсың. Біздің ақылды деген шешеміз молдадан намаз үйренем деп тілі де келмей, еш нəрсе ұға алмапты. Сонан соң өзі құрап «Ақ қойдың кеудесі, қара қойдың кеудесі, мен құдайдың пендесі, жылқышының қосы, Мұхамед құдай досы, бар білгенім осы» деп оқиды екен. Кейін татар қазіреттен сұрағанда «көңілі түзу, ниеті дұрыс болса, болады» депті. Сен сол қазіреттен артық білесің бе?– деп молданың аузын аштырмады. Қысылып  қалған Іслам енді мына жақтан сүріндірмек болып: 

– Сен ақымақ, хайуан не білесің, міне, пайғамбар жасына келдік,əлі  сақал-мұртты қырып, құдайға күнəһəр болып қарсылық жасайсың. Сақалдың бір тал түгінің түбінде бірден періште болады, – деп еді, Нұртаза сақылдай күліп: 

– Басқаң рас болса да, дəл осының өтірік, мен періштенің ұясын бұзған-ақ болайын, сонда  Оразбек бай да періште болмағаны ма?! – деп Оразбекті өзіне одаққып тартты– Өтіріктің өзіне сенбе, ебіне сен деген. Періштелер он сегіз мың ғаламнан мекен таба алмай сақал мен мұрттың түбін мекен етті десең кім сенеді. Періштенің де саны бар шығар. Оразбек бай екеумізді шығарып тастағанда сақалдылар аз ба? Тіпті бір өзіңде неше мың періште қонақтап отырған жоқ па? Бұл бүтіндей өтірік, – деді. Іштей құсаланып отырған Оразбек молдаға сыртын беріп: 

– Қазақтың «өртейтұғын кітап бар, өлтіретін молда бар» дегені осындай шала молдалардың өтірік шариғатынан шыққан-ау, – деді тырсылдап. Отырғандар осы бір айтылған жүйелі сөздерге ду күлді. Іслам Нұртазаны мұқатамын деп Оразбек байдың шабына шоқ түсіріп алғанына өкініп отырғандай көрінді. 

Ана жақтан бір жас жігіт: 

– Онда əйел байқұста періште де жоқ болды ғой, – деді дауыстап. Тағы бір жігіт: 

– Содыр жігіт елді бұзар, шала молда дін бұзады, – деп еді, Іслам арбадан бұзылған аткөзденіп,  шатынап орынан түрегелді де:

– Кетем, мынамен бір дастарханда отырып тамақ жеуге болмайды, – деп жүруге оңтайланды. Төрде отырған үлкендердің Оразбек байдан басқалары «отырыңыз, отырыңыз» деп етек-жеңіне жабысып жік-жаппар болды. Кейбіреулері «əй шіркін, құрдастық-ай, бетің-жүзің бар демейді» деп жатты. 

Құрдасын осынша желкелеп, ренжітіп алғанына Нұртаза да өкінді білем: 

– Болды, отыр! Бір жыл туған төл болған соң, сенің сөзіңді басымнан асырғым келмейді. Өзің де аяғына қан түскен сүріншек аттай жазық жерде де сүріне бересің. Сен отыр. Арамсынсаң, мен басқа үйге шығайын, – деді де, иығынан басып отырғызды. Нұртаза жүре бергенде: 

– Отыр, мұғалім! – деді Оразбек бай. 

– Жоқ, бай-еке, мен бар жерде бұған тыныштық жоқ, тағы да қағысып қаламыз, мынау кішкене демалсын, – деп шығып кетті. Жастар тобы ілесе жөнелдік. 

ІV

Екеуі əңгіменің қызығында Ақтастың кезеңіне шыққанын енді білді. Құлағын Тұрдыбектың аузына төсеп келе жатқан Қайсаның ертоқымы атының сауырына барып қалыпты. Бұлар кезең үстіне түсіп, ерлерін жөндеп, айылдарын шаптай тартып, Бүргендінің кезеңіне түсуге əзірлік жасады. Олар атқа қайта қонғанда Тұрдыбек Қайсаға бұрылып: 

– Анау түтін көтеріліп жатқан тақтай зауыты. Менің ендігі бұйымтайым сол жерде, – деді. Қайса өкінгендей: 

– Япыр-ай, жолдың қысқа болғанын қарашы, – деді Нұртазаның əңгімесі үзіліп қалар ма деген оймен, – жə, сонымен кейін қалай болды?

– «Нұртаза көріністе мұғалім. Іс жүзінде тыңшылық істейді екен» деген сөз ел ішінде таралып жүреді екен. Сондықтан жұртшылық Нұртазадан сескенетін сияқты. Бірақ Нұртазаға қатты өшіккен құрдасы Іслам өзінің бірнеше беделді достарын, көңілдес байларды тірек етіп, ас өтіп үш күннен кейін гоминдаңның сол жердегі сақшысына  арыз айтып, Нұртазаны қаматқызып қояды. Артынан тағы да материалын толықтап, Нұртазының осы жерден көзін жоюға кіріседі. 

Тыңдап келе жатқан Қайса бұл арада шыдамады: 

– Қап, əттеген-ай, деп санын салып қалып, əй, иттер-ай! – деп боқтап та жіберді. Тұрдыбек сөзін қайта жалғап: 

– Нұртаза адал да, айлалы адам ғой. Екі-үш күннен кейін қайтып келді, – деді. Қайса қуана: 

– Қалай құтылыпты? – деп асыға сұрады. 

– Нұртаза сол кездегі қытайшаны жақсы біледі дейтіндердің бірі еді. Қытай сұрақшы: «Сен не үшін бір тайпа елдің аузына қарап отырған инабатты молдасын боқтайсың» депті. Сонда Нұртаза: 

– Мен молданы боқтамадым, ол «сақал қоймаған адамның бəрі жақсы адамдар емес, ең  сұмпайылар, олардың сөзін естімеу керек» деп қате сөйледі. Мен оған ұлықтарымыздың барлығының сақалы жоқ, біз олардың сөзін естімесек, айтқан əмірін орындамасақ бола ма? – деп молдамен айтысып қалған жерім осы. Сенбесеңіз, Оразбек байдан сұраңыз, – депті. 

– Жөн, жөн, бажайына келтірген-ақ екен. 

– Оразбекті əлгі аста өзіне одақ етіп алған емес пе?

– Əй, Нүкең жігіт екен. Неткен көреген, алдын аршып, төңірегін болжап отыратын жан екен, шіркін, – деп Қайса қатты разы болды. 

– Оразбек байдың сары қымызын ішіп, сарала қазысын шайнап, қара қозысын жеп, қара сеңсеңдерін бөктерген сұрақшы, Оразбектің аты шыққанда майға салған қорғасындай ери бастапты. Сонымен Оразбекті алдырыпты. Дəл сол күні тілмаш жоқ екен. Сұрақшы мен Оразбек ымдасып сөйлесіпті. Оразбек алдымен өзінің тақыр иегін уқалап, одан сұрақшының иегін көрсетіп, қамшымен тамдағы Жиаңкайшінің иегін түртіп, шынашағына түкіріп, Іслам жаман адам дегенді сұрақшы да түсініп, Нұртаза жақсы ма, жаман ба дегенде, «хау»(жақсы) деген сөзге желіп тұрған Оразбек «хау» депті. Сонымен Оразбекпен көңілдес сұрақшы, қағазды жазып, куəлік үшін қолыңды қой депті. Оразбек мөр майына батырылған саусағына бір түкіріп алып нығарлай басыпты. Сол күні Нұртазаны да босатыпты. Оразбектің қылығына ішегі қатқанша күлген Қайса аттан ауып қала жаздады. 

– Күлме, Іслам дəл осы кезде қорасына қой, өрісіне жылқы салып, недəуір ауқаттанып қалған. «Бай-байға құяды, бұлақ сайға құяды» дегендей атқамінерлер Оразбектен басқа байлар түгел Ісламның үйіне жиналып, ақсарбас, көкқасқаларын сойып, Нұртазаның молдаға тіл тигізген деген қылмысының сыртында алуан түрлі ала шапандар кигізіп, аудандық үкіметке, аудандық сақшыға арыз айдайды. Қарғаның көзін қарға шоқи ма, Нұртазаны мұғалімдіктен айдап түрмеге алады. Содан өлке азат болғанда түрмеден шығып, ауылдық үкіметтің бастығы болып тұра қалады. Бұл кезде өз істегені өзіне аян Іслам «қай күні құрық салар екен» деп қатты қорқып жүріпті. Мұны білген Нұртаза оның үйіне барып, əтей түсін суыққа салып, «енді кезек менікі шығар, сені асау жамбасқа алатын күнім туды» дегенде, Іслам «құдай кешсе кешір, бір ақымақшылық менен өтті» деп жалбарыныпты. 

– Ім, бəлем қалай екен, – деді Қайса бұған да айызы қанып. 

– Нұртаза іші кең адам ғой, ол Ісламды топас, надан деп қарайды. Егер кегімді аламын деп қырына алса, талай рет қырқай шалып, асау жамбасқа алатын еді. 

– Əттеген-ай, өзінің істегеніне қарай бір тоғытып алса болады екен, – деп жас жігіт Қайса аузын басып қойды. 

– 51-ші жылғы қыстың басы, алғашқы ақша қар түскен кез. Ісламдікі «Белқора» деген жердегі қыстауында жалғыз үй отырыпты. Ел жатар кез екен. Іслам ішігін желбегей жамылып, кебісін жалаң аяғына іле салып құман алып түзге шығыпты. Ол дəрет алып болып, орнынан тұрғанда қолында кезеулі мылтығы бар, суыт жүріп келген атты адам қытайша «Іслам, жүр» деп əмір етіпті. Қытайша шала-пұла тіл білетін Ісламның «тақсыр, киініп алайын» дегеніне қаратпай мылтықты жақын кезегенде қолындағы құманы түсіп кетіпті. Айдай жөнелгенде қатын-баласы шуылдап қала беріпті. Ісламның бір кебісі сол жерде түсіп те қалыпты. Əлгі қытай «тез жүр, тез!» деп үсті-үстіне бұйрық беріпті. Зəресі ұшқан Іслам борс-борс желіп, бір шақырымнан артық жүргеннен кейін, «Ей, тақсыр, аяғым ташалаң» деп отыра кетіпті. Оның бір аяғы жалаң аяқ екенін көрген айдаушы аяғы үсіп кетпесін деп артына мінгестіргенде ат бірнеше рет шырқ көбелек айналып, одан заулай желе жөнеледі. Ісламның бір нəрсе ойлауға да мұршасы жоқ, жүрегі дүрсілдеп аттай тулап келеді. Айдаушы оған «түс» деп əмір етеді. Үйден шыққан  əйел «иа, құдай,  иа құдай, қайтып алып келді» дегенде Іслам өз үйіне келгеніне сенер-сенбес болып, тұрып қалыпты. Əлгі айдаушы атын байлап мылтығын кезеп «жүр үйге» деп бұйырады. «Тақсыр, алдымен сіз кіріңіз» Іслам тоңған аяғына қарамай бəйек болады. Айдаушы мылтық дүмімен оны май құйрыққа түйіп қалып «кір!» деп зекіріпті. Іслам жығыла-сүріне үйіне кіріп, жауын өткен жылқыдай қалш-қалш етіп, қорыққанынан отыра алмапты. Айдаушы мылтығын сүйеп, малақайын алғанда Ісламның көзі бадырайып, аузы ашылып, кімді көріп тұрмын дегендей қайран болыпты. «Ассламағалейкум, молда, біраз тоңдыңыз ба» деп жылы шырай білдіріпті. Алдында тұрған адамның Нұртаза екенін таныған Іслам: «Сенімен бір жыл туғаныма да тойдым. Сенімен құрдас болғаныма да тойдым» деп отыра кетіпті. 

– Бəсе, мынау өзіміздің Нүкең болып шықты ма? – қарқ-қарқ күлді Қайса. 

– Нұртаза тауға барып, түн қатып келе жатып, Ісламды бір қорқытайын деп əдейі бұрылыпты. Мұның Ісламнан алған есе, қайтарған кегі осы ғана болыпты. Əйелі бір жағынан көзінің жасын сүртіп, бір жағынан күліп, «ойпыр-ай, құрдас-ай, аясаң  болмай ма! Мына қоянжүрек, қорқақ сорлыемес  пе» депті. Сонда Нұртаза «менің қолыма көзір, аяғыма кісен салдырып, төрт-бес жыл абақтыға қаматқанда жүрегі жолбарыстың жүрегіндей емес пе еді» деп көңілі қалған құрдастық өкпесін де айтыпты. Əйелі білімді адам сияқты. «Білместікті кешірмесең, білгірлігің қайсы, құрдастың құдайы бір, жібектің түйіні бір деген емес пе, кешір оны» деп құрдасынан өтініпті. «Талай-талай кеңірдек келіп еді, сен үшін бəрін де кештім» деп құрдасының əйеліне қалжыңдағанда, Іслам разы болып кетіп: «Алла өміріңді ұзын, мəртебеңді үстем етсін» дей беріпті. Сонда əйелі шыдай алмай күліп жіберіпті. 

– Ойпыр-ай, бұрынғы құрдастар не деген ойнайды. Əзіргі құрдастар мынадай істесе қызылшеке болып төбелеседі ғой, – деп Қайса екі құрдастың бастан өткізген ойыны мен шындарын көз алдынан қайта өткізді. 

– Ал, бауыр! «Ісламның құрдасы» деп айта жүрерсің. Əңгіме де осы жерде аяқталды, – деді Тұрдыбек. Екеуі ат үстінде қол алып, екі жолға түсті.

Бөлісу:

Көп оқылғандар