Бальзактың жоспарлы махаббаты

Бөлісу:

07.04.2023 1517

Ол әйелдердің ықыласын аңсады – олар бетін қайтарды. Ол үй салды – ол үйі қарызын өтеуге кетті. Ол газет шығарды – газеті шығын әкелді. Ол тәуекелге бас тіге, кәсіппен айналысуға талпынды – маңдайы тасқа тиді. Ол өз елінің парламентінен орын алуға ұмтылды – оны сайламады. Ол Академияға қабылдануға талаптанды – жолына тосқауыл қойылды. Бәрі де әурешілік боп шықты немесе әурешілік боп көрінді. 

                                                                                                          Стефан Цвейг

Бальзак хақында осылай дейді австралиялық жазушы Стефан Цвейг. Маңдайын күнге күйдіріп, табанын тасқа тілдіріп жүріп теңдесіз әдеби шығармалар жазып қалдырған француздың атақты жазушысы Бальзактың өмірі расында осылай өткен. Оның мехнатқа толы өмірі, сол тұстағы француз қоғамынан көрген тепкісі мен теперіші, жеңілуді білмейтін, сынаққа сынбайтын күрескер рухы адамзат әдебиетіне өміршең шығармаларды дүниеге әкелуіне себеп болды. Әлемдік даңққа бөленген Бальзак тұлғасының артында міне, осындай қым-қиғаш картина жатыр. 

Елу бір жасында дүниеден озған Оноре Бальзак бейітінің басында сөз сөйлеген француздың әйгілі қаламгері Виктор Гюго:  

«Мына қабірде жатқан адам – бүкіл қоғам қайғыра қоштасқан санаулы жандардың бірі. Дарынды жанның өлімі – жалпыға ортақ қайғы, данышпан жанның өлімі – барша халықтың қайғысы» - деп, көңілі қамыққандағы нұрлы сөзін айтып, сырлы дұғасын бағыштап, ақтық сапарға шығарып салыпты.  

Қу тірліктен рухын биік қойған шын дарын үшін елу бір жыл аз ғұмыр емес. Жоқшылық пен қарыз-қауғадан көз ашпаған қаламгер күніне он төрт, он бес сағат тек жазумен шұғылданған. Ас-сусыннан кофені көбірек тұтынған деседі. (Зерттеушілер Оноро де Бальзактың ажалы кофеден болғанын айтады). Осыншалық мігірсіз ізденіс пен машақатты еңбегінің есесіне әйгілі «Адамзат комедиясын» дүниеге келген. Бұл еңбегінің ішіне тұтастай сексен төрт романы мен әңгіме-повестері, новеллалары енгізілген. 

Бальзактың жаны әйел махаббатына шөліркейді.  Әйел махаббатын аңсайды. Өйткені бала күнінде анасының жан мейірін сезінбей өседі. Әлем әдебиетіне өзінің жаңа тақырыбымен түрен салып, оның көкжиегін кеңейткен, реалистік прозаның тамаша үлгісін көрсетіп берген, әділетсіздік пен ынсапсыз қоғамды дәл суреттей білген Бальзак өз шығармаларында әйел образын басқаша кескіндейді. Әйелдерді мөлдір іңкәрлігімен кейіптейді. Әйел орнын бір бәс жоғары қояды.  Оның алғашқы ғашығы Лоре де Берни ханым, рухани сырласы Зюльма Карро, Пруссия канцлері Меттернихтің зайыбы герцогиня д'Абрантес, көпке дейін қаржылық қолдау көрсеткен герцогиня де Кастрилермен болған махаббат хикаялары баянсыз аяқталған.

Бальзак ұнатқан әйелдердің біршамасы ақсүйек әулетінен шыққандар. Ол жеті атасының арғы-бергі жағында бай-бағлан болмаса да, өз есім-сойына ақсүйектерге тиесілі «Де» қосымшасын жалғап алады. Неліктен? Париждің жақсы кварталында сапалы өмір сүру үшін, жазудан шаршағанда Италия саяжайларында демалуы үшін, қаланың бай ауданынан зәулім үй салуы үшін, баспахана ашуы үшін, жалпы қажеттілігін өтеу үшін өз айналасындағы туыс-туған, дос-жарандарынан көп көлемде несие алған. Ал жобасын аяқтап, сатылымға шығарған, тіптен тапсырыспен жазып шыққан романдарынан түскен қаражат жұмырына жұқ болмай, қарызға белшесін бата түскен. Осыншама қарыздан құтқарып,  шығармашылық еркіндікті сый етер, өзі сұлу, текті әулеттен шыққан әйелдерге құмартуының құпиясы осында шығар. 

Отыз жасына дейін тапсырыспен роман құрастырып, тәжірибе жинаған Бальзак есімін әлемге әйгілеген тырнақалды туындыларының бірі – «Неке физиялогиясы» еді. Аталмыш еңбегін оқыған әйелдер қауымы жазушының ой қуатына қайран қалып, бірі назырқап, бірі оны қолдап, толассыз ғашықтық хаттарын  жолдаған. Напалеон Бонапарттың «қылышпен бастаған жорығын, қаламның күшімен жалғастыруға һәм әлемнің рухани әміршісі атануға» серт еткен қаламгердің алғашқы жорығы міне, осындай жарқын жеңіспен басталыпты. 

Оноро де Бальзак пен Эвелина Ржевусскаяның махаббат хикасы

Бірде «Неке физиялогиясы» шығармасын оқып, оның дүбірлі даңқын алыстан естіген беймәлім әйел Бальзакқа хат жазады. Бұл – Ресейлік, ұлты поляк, граф Ганскийдің зайыбы графиня Эвелина Ржевусская екен. Алғашында беймәлім әйел өз хаттарында «де Б» мырзаның шығармасын оқып, автордың жеке басына қызығушылығы оянғанын айтады. Атағы алты құрлыққа белгілі Бальзактың өзі бұл хатқа жауап береді. Сыр алысып,  сұхбаттасудың аяғы қауіп-қатерге толы ойынға айналады. Мұның кесірінен аса текті граф Ганскийдің абыройына нұқсан келуі мүмкін еді.

Бейтаныс әйелдің жалған мекен-жайына қос хатты қатар жөнелткен Бальзак: «Сіз менің  ең тәтті қиялдарыма қанат бітірдіңіз. Егер сіз өз қатыңыздың маған қалай әсер еткенін көре алсаңыз, онда бала мен ана арасында ғана болатындай алғаусыз алғысты, ақ-адал сенімді, кіршіксіз көңілді, боз баланың әйелге деген қылаусыз құрметі мен өмір бойғы адал достықты аңсаған аяулы үмітін бірден байқар едіңіз», - деп шын ықыласын танытады.

Адам жанын зерттеудің білгірі ақыры діттеген мақсатына жетіп, небір сиқырлы кейіптеулерімен Ганская ханымды кездесуге көндіреді. Кездесу өтетін орын – Швейцариядағы Невшатель аялдамасы. Сөйтіп, 1833 жылдың басында ресейлік помещик Ганскийдің әулеті өз көліктерімен Женеваны бағытқа алып, саяхатқа шығады. Ғұмыр бойы сүйіп өтуге ант еткен әйелінің не есімін, не түрін білмейтін Бальзак, Ганская ханымнан нұсқаулық хат алып отырады. Бір әттеген-айы бір романға жүк болған жазушы өмірінің осы бөлігі тым бұлдыр. Тек кейін қолдан қиыстырылған аңыздар мен болжамдар ғана сақталған.

Көптен күткен кездесулері келісілген уақытта өтіп, өз қиялымен құрастырған образынан да асқан сұлу әйел бейнесін көрген Бальзак таң-тамаша болған. «Түндей қара шашы да, үлбіреген қараторы жүзі де ғажап. Саусақтары сүйріктей. Ал егер жанары жарқырай, қадала қараса, жылымдай тарта жөнеледі». Ганская ханым өз күйеуіне Бальзакты рухани досы, пікірлесі ретінде таныстырады. Ганский мырза да Бальзакты құшақ жая қарсы алған. Көл жағасындағы һәм тал саясындағы қысқа уақыт аралығында кездесулерде бойы тапал, киімі олпы-солпы, қарадүрсіндеу Бальзак өзін «Ганская ханым ұнатпай қалар ма екен» деп қатты қобалжыған. Құдай оңдап, сүйікті әйелінің көңілін қызыл тілдің тиегін ағыта сөйлер шешендігімен, маржандай лағыл сөздерімен тапқан. 

Бұл бақыттары да көпке ұзамай Бальзак Парижге қайтып оралыпты. Арада біраз уақыт өткен соң ғана Ганскийлер әулеті Бальзакты Женеваға арнайы шақыртады. Ол Женевада қырық төрт күн аялдайды. Бұл қалада ол түнгі он екіден таңғы он екіге дейін жұмыс істеп, герцогиня де Кастримен сәтсіз махаббаты баяндалатын «Герцогиня де Ланжені» романын аяқтайды. Жазушының сезімін ойынға айналдырып, үмітін аяқ асты етіп, ақырғы сәтте келісім сөзін бермеген бұрынғы ғашығынан осылай өш алған-ды. Егер, герцогиня де Кастри тәрізді Ганская да Бальзактың ынтызар көңіліне лайықты жауап бермесе, ол өзінің қалай кек алатынын ымдағандай, бұл шығармасын әр кеш сайын сүйікті ханымына оқып беріп жүрген. 

1835 жылы Ганскийлер әулеті ұзаққа созылған саяхатынан соң Ресейге қайтып оралады. Олар кейінгі жеті жыл бойы бір-бірімен жүздеспесе де, Бальзактың хат жазуы толастамаған. Ал сезімі суыған Ганская ханымның жауап беруі сирей бастаған. Тіптен, бұл хикаяға нүкте қойылуы ғажап емес еді. Тек...

Бальзактанушылардың болжамы бойынша, 1842 жылдың 5-інші қаңтар күні жазушының мекен-жайына қара мөр басылған хат келіп түседі. Хатта граф Вецлав Ганскийдің қайтыс болғаны баяндалған. Кеудесін қуаныш кернеген Бальзак он сегіз ай бойы Петербургтен хат күтеді. Аяғында амалсыз Санк-Петербургке аяқтай өзі баруына тура келген. Графиня Ганская Бальзакқа тұрмысқа шығуға ниетті болса да, өз қалауын орындай алмаған. Өйткені, Ресей империясының заңы бойынша, шетел азаматымен некелесуге және әулеттің дүние мүлкін елден тыс жерге әкету үшін тікелей патша-ағзамның рұқсаты керек болған-ды. Сол уақыт аралығында Бальзакты Ресей астанасының әйгілі ақсүйектері өз үйіне, тіпті Ресей императоры бірінші Николайдың өзі Красное ауданындағы әскери шерудің сыйлы қонағы ретінде шақыртқан екен. Салыстырмалы түрде, жағдайы төмен кісіге тұрмысқа шығуы өзінің ғана емес, қызы Аннаның да бағын байлап, абыройын түсіретінін ойлаған Ганская ханым Бальзактың тағы 4-5 жылдай күте тұруын сұрайды. 

Айықпас дертке шалдыққан Бальзак

Верховняға барған қайырсыз сапары кезінде Бальзак Ресей жерінің сары аязына шыдай алмай, сырқаттанып қалады. Салқын тиіп, өкпе демікпесіне шалдығады. Бұл аздай, жазушы жүрегінде гипертрофия дерті асқынып, хәлі ауырлай түскен. Қатты арып, жүдейді. Дәрігерлер қанша емдегенімен, денсаулығы күн санап төмендей берген. Алғашында көзінің көруі әлсірейді, кейін безгек қысады, соңында өкпесінің қабынуы басталады. 

Жазылмас дертке шалдыққан жазушыға тұрмысқа шыққан күннің өзінде жұбайлық өмірлерінің қысқа боларын білген Ганская ханым оның үздігіп сұраған бар арман-аңсарын орындауға бел буған. Алып Бальзактың көз алдында шөгіп «Байғұс Бальзакқа» айналғанын көрген ханымның аяушылық сезімі оянған. 1850 жылдың наурыз айында көп күткен некелесу күндері де белгіленіп, рәсімді Украин жерінің Бердичев шаһарындағы өткізуге ұйғарым жасалады. Ал көктемнің жаймашуақ күндерінің бірінде елу жастағы «жас жұбайлар» Францияға қайтып оралады. Бальзак өзінің өмір бойы армандаған әйелін, «жүрегінің періштесін» Парижге алып келеді. Әйтсе де...

Париждегі жаңа, зәулім үйлерінің баспалдағын аттаған жұбайлық өмірінің бірінші күнінен бастап, Бальзактың көзі нашарлап, әр түн сайын көкжөтелден жаны қиналып, ауруы асқына түскен. Оның екі көзі көруден, аяқ-қолы жұмыс істеуден қалып, жиі-жиі есін жоғалта бастаған. 1850 жылдың 19-ыншы тамыз күні заманының заңғар жазушысы дүние салады. «Қолы жүрмеген құмар ойыншының соңғы үмітімен» өмір сүрген Бальзактай ұлы суреткер «арманыма енді қолым жетті ме» дей бергенде ажал аузындағы торғайдай шырыл қағып кете барыпты...

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар