Жауапсыз махаббаттың жарты өмірлік машақаты

Бөлісу:

12.04.2023 2305

Жауапсыз махаббаттың жарты өмірлік машақаты 

Көңілді толқытатын, ойыңды сан-саққа жүгіртетін, өмірге деген пәлсапалық көзқарасыңды өсіретін әдеби туындының бірі Джон Голсуорсидің «Форсайттар туралы сагасы» дер едім. 

Джон Голсуорси 1867 жылы 14 тамызда Суррей графтігіне қарасты Кум қаласында бай-шонжарлар отбасында дүниеге келген. Әкесі заңгер болады, Лондонда жеке компанияның иесі. Әкесі баласының білімінен ақшасын аямады. Джон Голсуорси жақсы білім алып, соңыра Оксфорд университетін тәмамдайды. 1890 жылы өзі де заңгер атанады. Бірақ карьера жасауға ұмтылмады. Джон еркін өмір сүруді таңдады. Ол саяхаттағанды және кітап оқығанды жақсы көретін. Дегенмен Джон Голсуорси әдебиеттен бос уақытында қоғамдық жұмыстармен де айналысты. Әйелдің сайлауға қатысу құқығы, цензура, ажырасу жөніндегі заңдарға өзгерістер енгізуге атсалысқан заңгер ретінде танылды. Қоғамдағы әлеуметтік өзгерістерді жасауға тікелей қатысқан белсенді жазушы болды. Табысының жартысынан көбін қайырымдылыққа жұмсаған. 

1897 жылы Голсуорси Джон Синджон деген псевдониммен өзінің «Төрт жел» деген тұңғыш кітабын жариялайды. Ал 1898 жылы «Джослин» деген атаумен жазушының тұңғыш романы жарияланады. Екінші романы «Вилла Рубейн» 1900 жылы шықты.

1904 жылғы «Фарисейлер аралы» шығармасын Голсуорси өз атымен шығарады. 1905 жылы жазушы үйленеді. 1906 жылы «Иемденуші» деген атпен жаңа романы шығады. Осы романнан кейін Голсуорси дарынды жазушы ретінде бағалана бастады. Бұл роман атақты «Форсайттар туралы саганың» алғашқы томына айналды. Кейін бұл сага ұлғайып, томдары көбейе берді. Алғашқы кезеңді 1906-1921 жылдар аралығында жазды, романдар саны беске жетті. Екінші кезеңге «Заманауи комедия» арналды, оны 1924-1928 жылдар аралығында жазды. Соңғы «Тараудың соңы» деген трилогиясын 1931-1933 жылдары жазған. Голсуорси тек роман жаза бермеген, оның қаламынан туған пьесалар да баршылық. 

1921 жылы ол өзінің жеке ПЕН-клубын – халықаралық жазушылар ұйымын ашты. Өле-өлгенше осы ұйымның жұмысын жүргізумен өтті. Джон Голсуорсиге әлемдік атақ пен халықаралық танымалдылықты «Форсайттар туралы сага» әперді. «Форсайттар туралы сага» - орта таптағы бір әулеттің үш буыны арасындағы қарым-қатынасты кеңінен сипаттаған өте ауқымды шығарма. Осы шығармасы үшін ағылшын, америкалық, шотландтық жеті бірдей университет Джон Голсуорсиге құрметті азамат атағын берген. 1929 жылы «Ерен еңбегі үшін» атты ұлттық орден иегері атанды. 1932 жылы әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын алды. Өзі бейдауа дертке шалдыққан соң сыйлықты алуға бара алмады. Нобель сыйлығын алған соң екі айдан кейін Джон Голсуорси бұл фәнимен қоштасады. 

Голсуорсидің Форсайттар эпопеясы – шын мәнінде әйел мен еркек, махаббат пен опасыздық, қызғаныш пен жеккөру, достық пен сатқындық арасындағы қызықты оқиғалар желісін көркем жеткізетін өмірдің өзі дерсің. Саганың арқасында жазушы әлемге танылды. Бірақ әдебиеттанушы-модернистердің жеккөрушілігіне ұрынды. Олар бұл туындыны әбден сынады. Көне ағылшын тілі үшін, дүниеге тым материалды көзбен қарағаны үшін. Бірақ саганың жүз жылдан кейін өз оқырманына не бере алатыны оның маңызын арттырмай ма? XXI ғасырда сага несімен өзекті бола алады? Осы сұраққа жауап іздеп көрейік.

«Форсайттар туралы сага» - бір әулет басындағы хикаялар. Шонжарлардың басындағы ауыр тағдырды сипаттай отырып, XIX ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы күллі Англияның бет-бейнесін беруге тырысқан толымды шығарма. Бұл модернизм кезеңіндегі Англия. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезеңі, «Джаз мәдениеті» еніп жатқан 1920 жылдарды суреттеу. Форсайттардың үш буыны сол замандағы қоғамның тамырын дөп басқан кейіпкерлер атанды. Бұл саганы ағылшын жазушысы Джозеф Конрад «Трагизмдегі поэтикасымен ерекше», - дейді.

Осы саганы жазбас бұрын Голсуорси Золя, Флобер, Киплинг, Тургеневті жатпай, тұрмай оқығанын айтады. Голсуорси «Жазушы ретінде ең алдымен қоғамның проблемасын зерттеуім маңызды» деп шешкен. Ол өз заманындағы қоғамдық моральға күдіктеніп, оның астарына үңілуді бастаған алғашқы жазушы. «Әлемдегі меншік иеленушілердің ғаламат күшіне қарамастан дүние-мүлік ар мен жанның азабынан, ел алдында масқара болудан құтқара алмайтынын сага анық көрсеткен» депті әдебиетші Антон Чудайкин. 

Алғаш рет «Форсайттар туралы саганы» мектепте оқыған едім. Ол кезде айтарлықтай әсер алмадым ба, қызық емес болып көрінген. Кейін естияр кезде бір оқыдым. Кәдімгідей ойлантқан шығарма болды. Жуырда қайтып оқып шыққан соң әсері тереңірек екенін түсіндім. Өмір жайлы, сезім мен табиғат жөніндегі хикаялар бірінен кейін бір үздіксіз жалғаса беретінімен әдемі. Бұл кітапты оқыған адам Сомстың өмірін сүргендей болады. Бұл саганың әр парағынан Виктория кезеңіндегі Англияның үні шығады, ізі көрінеді, демі сезіледі. Оқып отырып көңілмен Лондонның көшесін кезіп жүресің, тасүйлерінің терезесіне үңілетіндейсің.

Оқи бастағаннан тұтас бір әулеттің басындағы қиюласқан ахуалға еніп кетесің. Ирэн мен Сомстың басындағы трагедияға бірге жылап, қайғырасың. Негізінде Сомстың өмірдегі прототипі жазушының немерелес бауыры Артур Голсуорси болған екен. Шығармадағы Сомстың әйелін ашынасынан қызғанып, зорлап тастауы да Артурдың өз әйелі Аданы зорлаған жайттан алынған. Ал Ирэнді көбінесе өзге кейіпкерлердің пікіріне қарап білуге болады. Оның  сұлулығы дүниені уысында ұстаған алпауыттардың қыңқ етпес қытымыр әлемін шытынатады. Сезімге еретін әйелдің нәзік болмысы сипатталған.

Дәуір алмасып жатқан тұста қоғамдағы адамгершіліктің, әдептің өзгеруіне куә боласың. Отбасылы екі жанның ішкі арпалысын жүрекке түсіресің, кейіпкерлер арасындағы махаббат пен жеккөруді бірге бастан кешесің. Ата-анасының жауластығын білген жастар өз сезімінен бас тартқанда – аяйсың. Түрлі сезімді сезініп отырасың. Классиканың кереметі де оқырманын осылай еліктіре білетіндігінде болар. Джон Голсуорси көп роман жазбаған, бірақ оның «Форсайттар туралы сагасы» оқырман қолына тие сала атақты болды, тез таралды. Неге десек, XIX ғасырдағы британдықтардың алдыңғы лектегі буржуазиясы ең маңызды дүние капитал деп есептеп келген. Алайда бәрі олай болмағанын сага анық жеткізген. Джон Голсуорси бір сөзінде: «Неге өнерді басымызға көтереміз деген сауалдың бір ғана жауабы бар: адамның ұлылығын ұлықтау мен игілігіне айналдыру үшін» деген екен. Көркем шығарма арқылы адам өміріндегі барлық сезімді сезініп шығуға болады.  

Бұл шығармасын автордың өзі «Алпауыттардың әлеміне Сұлулықтың жасаған барымтасы мен Еркіндіктің озбырлығы» депті. Трагедия, ақталмаған үміттер, көңіл қалу, дүниеден баз кешу – ерте ме, кеш пе көп адамның көз алдынан өтетін немесе басынан кешетін тағдыр. Ал сагада соның бәрін Сомс Форсайт арқылы көрсетуге тырысқан. Сомс әулеттегі үш буынның бәріне қатысы бар бас кейіпкер. Бұның басындағы бақытсыздық тек қуалап, құдды қызына да қонғандай. Үш буынның өмірге көзқарасы, ой-санасы, тілегі мен мүмкіндіктері де үш түрлі. Отбасылық құндылықтар, әулеттегі туыстық қарым-қатынас, бір текке таңылған қиюласқан тағдырлар. Әрбірі бай бола түссем, бақытты бола түссем деп алашапқын тірлік кешкен кейіпкерлер. 

Саганың тілі шұрайлы. Адамның ойын, табиғаттың сұлулығын керемет сипаттаған. Оқып отырып түннің ғажабын, күннің кереметін, бау-бақшаның тамашасын сезінесің. Раушангүлдердің жұпарын иіскеп, самал желдің салқынын сезесің. Алыста өтіп бара жатқан күйменің тықылын еститіндейсің. Кейіпкерлердің образын айқын ашқан. Олардың күйзелісі, қуанышы – бейтарап қалдырмайды. Кейіпкерге ұқсағың келеді, кейбірімен дауласа кеткің келеді, кейбірін іштей жерлеп тастайсың. Әйелдің сұлулығын сипаттауы ерекше. Артық сөз айтпайтын әдептері қандай! Бұл сагадағы әйел – азаматының әшекейі. Ұсынса қол жетпес бағалысы, ардақтысы. Оған қол жетпесе – өмір бекер бола салатынын айтқысы келгендей. 

Әрине, уыстан шығып кеткен махаббаттың дәмі кермек татиды. Әлде қанша тіленсе де еш оянбаған махаббат дастаны. Тас жүректі жібіте алмаған тәкәппар көңіл. Жауапсыз махаббаттың қияметін бастан кешіргендер түсінер. Шын махаббатын тапқандар. Бірақ онысын бағалай алмаған бейбақтар да бар. Уақыт тезіне тап келіп, тірі қалғаны үшін ғана өмірді сүруге мәжбүр тағдырлар. Жеңілсе де жеңіліс таппағандар. Жеңсе де жеңісті тойлай алмағандар. Махаббатқа адам әр түрлі көзқараста бола береді екен. Сагадан соны түсінесің. Махаббатты үш буын түрліше бағалайтынын байқайсың.     

Қалыптасқан дәстүр, құрмет, әдет-ғұрып. Оқып отырып құрметің оянады. Әулеттің бір дастархан басында тоғысуы. Таңғы ас, кешкі астың берекесі. Жаңалықтарды, қиындықтарды талқылау. Айтпауға тиістіні айтпау. Адам көркі шүберек, келісті киінгендерін де шебер сипаттайды. Зәулім үйлердің салтанаты. Күйсандықта күй ойнау. Адамды бейжай қалдырмайтын зайырлы өмірдің бір парасы көз алдыңда анық көлбеңдеп өтеді.  

Форсайттардың басынан өткен елу жылдық керуенге ілесе бересің. Форсайттар тарихына қанығасың, «Тәкәппар Доссет» туралы білесің, Джемс жайлы, Джолион ақсақал жайлы, 101 жасқа келіп дүние салған Тимоти туралы білесің. Джолионның ұлы Джолион, Сомс, Уинифред – жас Форсайттар. Осылардың бәрінің өмірін бір-ақ сәтте өзгерткен хас сұлу. Форсайттар кімдер? Буржуа – ашкөз, тойымсыз, табысы үсті-үстіне еселене беретін  прагматиктер. Олардың бойында романтизм мен сентименталды нәзіктік жоқ. Бұлар Виктория кезеңінің бет-бейнесі. Бұлардың бүкіл ойы, тілегі, сезімі тек – ақша, ақша, ақша. Олардың пайымында өмір тек ақшадан құралған. Отбасылық өмір де солай. Әйелі, баласы да – жеке меншігі. Үйі, картинасы, мүсіндері сияқты. Біздің заманда мұндай өмірге ешкім оралғысы келмес еді. Бойында титтей сезімі бар, қуаныш пен қайғыны сезе бастаған адамды бірден бұл орта шеттетеді. Жас Джолионды шеттеткендей. 

Басты кейіпкер Сомс пен Ирэн болғанмен, оқырман екеуіне де жақтаспайды. Екеуінің де пендешілігі көп. Сомс тым тәкәппар болғандықтан ба, әйтеуір өзіне бақытсыздықтан басқа ештеңені тарта алмайтын магнит сияқты. Махаббаты жауапсыз қалады. Ирэннің сезімін ояту үшін не істемеді?! Өзінің осалдығын мойындау өте қиын. Сомсты оқырман сезімсіз жауыз, қатыгез деп қабылдайды. Ол үшін әйелі – сезімі, өзіндік көзқарасы бар тірі пенде емес, меншігі сияқты. Ақшалы бай болсаң, сымбатты, сырбаз болсаң, махаббат өз-өзінен туа салатындай көреді. Ирэннің өзін жек көруін еш түсінбейді. Оған сұлу, сезімтал Ирэннен гөрі бақай есепшіл Аннетт сай келетіндей. Бірақ ол да Сомстың сезіміне бөлене алмады. Ол да сүйікті болғысы келіп шыр-пыр болды. Сомс сезімсіз бөрене сияқты. Тек қызына келгенде ғана сәл жібитіні болмаса. Сомстың Ирэнге деген бір көргеннен туған сезімі оны рухани биіктетудің орнына азғындатып, пенделіктің жауыздығына шырмай берді. Сондықтан оның махаббаты қызғаныштың көлеңкесінде қала берді. Жауапсыз махаббаттың жарты өмірлік машақатын кешеді. Дегенмен, Сомстың бауырмалдығы, әкесіне құрметі жақсы айшықталған. Оның ең басты кемшілігі жүрегіне түскен махаббат шоғын өшіре алмастан өмір сүруі. Уақыт өткен сайын Сомс есейіп, өмірге көзқарасын өзгертеді. Ақылды, мейірімді бола бастайды. Бірақ Ирэн еш өзгермеді. 

Ирэн тым сұлу, бірақ бір шешімге келуі қиын кейіпкер. Ерік-жігері жоқ әйел бола тұра ақыры сезімге ереді. Бірақ ол күйеуін емес, мүлде басқа адамды сүйіп қалады. Мінезсіз кейіпкер десек те болады. Ағынмен аға береді. Махаббат қана оны оятқандай. Сомс пен Джунның бақытсыздығына өздерінен басқа ешкімді кінәлай алмайсың. Босини жарқ етіп көзге түсіп, бәрін бүлдіріп, жалп етіп сөнген оттай. Не жылытпады, не ештеңе өзгертпеді. Қалай тез келді, солай тез жоқ болды. Махаббатын мойындатуымен ғана есте қалатын кейіпкер. Бас кейіпкерлердің бір-біріне деген жеккөрушілігі ақырында балаларының да тағдырын тәлкекке салады. Ирэнның қаталдығы осы тұста анық алға шығады. Ананың разылығы маңызды болып қалды. 

Елеусіз өмір сүретін Джолион өзіне бүкіл ықыласты аудартады. Ол еркін өмір сүреді. Ақшаға да, тектеуге де бағынбайды. Ешкімнің шекарасын аттамайды. Балаларының таңдауы көңілінен шықпаса да, амалсыз көнеді. Тағдырға сенеді. Сезімге бай, өмірге де құрметі зор кейіпкер. Ирэнді ұнатуы, сезімге еруі де қызық.

ХІХ ғасырдың бай-манаптары қандай? Дүниені дүрілдетіп, уысында ұстағандардың өмірі несімен ерекше? Форсайттар кімдер? Антогонист пе? Әлде қаһармандар ма? Ағылшынның дәстүрге берік текті әулеті несімен бүкіл әлемді өзіне қаратты? Бұл сагадан заман өзгерген сайын адамы да өзгеретінін көруге болады. Өзгеру қалыпты құбылыс екенін мойындайсың. Заман ауанына сай ғасырлар бойы бұлжымай келе жатқан қатаң тәртіпке де селкеу түседі екен. Алмағайып дәуірде адамдар ескіліктің ережесінен танып, жастар жаңа заман лебіне ілесуге бейімді екенін көрсеткен шығарма. Ештеңе де мәңгілік емес. Мәңгілік тек махаббат. Бірақ ол жауапсыз болса, амал қанша?!... 

Голсуорси сагада ағылшын шонжарларының тыныс тіршілігін мейлінше көркем сипаттаған. Көп кейіпкер өзінің айналасынан алынған. Сондықтан шығар, эпопея тартымды, өзіне еліте алады. Оқырманды шиеленіскен тағдырлар ұйығына тартып алады. Бастапқыда бас кейіпкер Сомс пен Ирэн сияқтанғанмен, ең соңында бас кейіпкер – күллі Форсайттар екенін түсінесің. Оларды бөле-жарудың қажеті болмай қалады. Олар ымыраластығымен әулет, олар әулет болуымен тату. Әр түрлі, мүлде кереғар, бірақ тегі бір, түбі бір әулет. Отбасылық құндылықтарды сипаттау әрдайым маңызды әрі бұл жан-жақты ізденуді талап етеді. Себебі, адамның бәрі өз еліне тән отбасы құндылықтарын сіңіріп өседі. Сондықтан сагада өрбитін оқиғалар әр оқырманға қызықты. Ойланады, салыстырады, сараптайды. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар