Айгерім Есенғалиқызы. Әкеммен сырласу

Бөлісу:

17.04.2023 3455

Әкем Есенғали Раушановтың дүниеден өткеніне, міне, екі жыл болыпты. 

...Әкем түсіме енді, самай шашы ағарып, көзінің айналасына әжім түсіпті. 

- Әйгерім, балам, амандаспайсың ба, қолыңды бер,-деді. Орнымнан ұшып тұрып, аяғына жығылдым. 

- Әкешім, біз Сізді сағындық, қайтып келгеніңіз қандай керемет болды, енді бізді қалдырып кетпеші,-деп, өксігімді баса алмайтынымды сезініп, басымды көтеріп едім. Әкем нұрланып, күлімдеп қарап тұр екен: 

- Тұр, тұр орныңнан, құлыншағым. Мен саған қызық айтайын, сонау, Алатауды көрдің бе, менімен бірге кеткен достарым, осы Алатауды беттеп арғы бетке біржолата өтеді де, өз отбасын, бала-шағасын мүлдем ұмытады, ал мен сендерді ұмытқым келмейді. Себебі сендерді өте қатты жақсы көремін, сондықтан мен әрқашан сендермен бірге боламын. Мен әрқашан сендермен біргемін, балапаным! «Әкем бізді қалдырып кетті-ау» деп ойыңа да алушы болма! Олай ойласаң, мен тоңып жүремін, ертең менің тойым болады. Сондықтан маған жақсы шапан алып бер, түсіндің бе,-деп Әкем қалыпты бейнесіндегідей, қолына «Құстар – біздің досымыз» атты кітабын алып, ну орманды беттеп жүріп кете берді. 

Папа, мен Сізбен бірге барайыншы, деп едім: 

- Құлыншағым, саған бұл жаққа келуге әлі ерте, сені «Жазушы» баспасының жұмысы күтіп тұр,-деді. 

Ертеңгісін отбасымызбен және Алматы қаласы әкімдігімен бірге Алматы қаласының Достық даңғылы бойындағы «Жалын» мейрамханасында әкемнің жыл садақасын ұйымдастырдық. Алыс-жақыннан кісілер келді. Сол күні Мемлекеттік хатшы Ерлан Карин мырзаның тапсырмасымен Маңғыстау облысының әкімдігі Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрын Алматыға арнайы жіберіп, әкемнің «Құнанбай мен Абай» атты пьесасын Мұхтар Әуезов атындағы драма театрда көрерменнің назарына ұсынды. Бұл пьесада бала мен әкенің сырласуы сомдалған. Әкем бізді, яғни балаларын тәрбиелеу мақсатында ерекше еркелететін, бірақ ұрыспайтын. 

Біз қазақ тілінің тамырына балта шабылған сол бір сор заманда қазақтың маңдайына біткен С. М. Киров атындағы №12 жалғыз қазақ мектебіне барып, білім алдық. Үйіміз бірінші Алматыдағы Мәскеу ауданында еді. Ал мектеп қазіргі Бөгенбай батыр мен Қонаев көшелерінің қиылысында орналасқан. Осы  қашықтықты еңсеру үшін екі түрлі қоғамдық көлікке мініп-түсуіміз қажет еді, сол үшін таңғы алтыдан тұрып аялдамаға барамыз. Сабағымыз сегіз жарымда басталады, үлгеруге міндеттіміз. Кешіксек, әкеміз жұмыста сөгіс естиді, сол үшін намысқа тырысамыз.

«Балапаным – балпағым, 

қозының жүні – қалпағым, тұрыңдар, сабақтарыңа кешігесіңдер», - деп үлкен әпкем екеумізді  аялдамаға әкем өзі шығарып салады. Бір күні мен ұйқылы-ояу тұрып: 

- Папа, неге үйдің қасындағы орыс мектебіне бармаймыз, қазақ мектебі алыс қой? -  деп едім:

- Ана тілің – арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте! –

деді де, әкем: «Бұл кімнің өлеңі?» - деп сұрады. 

«Қадыр Мырзалиев атамның», - деп әпкем екеуміз жарыса шар еттік. 

Қар тізеден жауып тұр. Соған қарамастан, мектептегі  сабағымызға үлгеру үшін қалың қарды омбылап жүгіріп келеміз. Мектепке келген соң әкем бізге:

- Ал енді мектепке барыңдар, сабақты беске оқыңдар,-деп еркелете тұрып, не мақсатпен мектепке барып, сонша  қашықтықты күнде еңсеріп жүргенімізді түсіндіріп, төрт жолдық өлең жолымен санамызға құйып берді.

Бұл – психолог әке, гений әке! Сол күні мектепте сынып сағаты болып, оқушылардан «не үшін мектепке келіп жүрсің?» деген сауалға жауап алынды. Оқушылар: «Ленин атам үшін сабаққа келеміз»,-деп жауап берді. Ал менің өз шындығым болды: ол – өзімнің Қадыр Мырза Әлі атам және гений әкем мақтанышым еді. 

Сабақтан шыққан соң: 

Папа, мен «бес» деген баға алдым!-деп жүгіріп келдім. Сондайда әкем: 

- «Құлыншағым шапқылап  келеді,  ол – саққұлақ!»-деп өлең жолдарымен еркелетіп қарсы алатын. 

Жазушының баласы... Әкем Есенғали Әбдіжапбарұлы:

- Мәскеуліктердің «Дети Арбата» дейтіні секілді, қазақ зиялыларының бір тобы бар. Жазушылардың балалары, қанша айтқанмен өзге жұрттан ерекшеленіп тұратыны рас. Олардың көзін ашқаннан көретіні – кітап. Бала тәрбиесіне мән бермеген жазушылар кемде-кем. Содан да болар, олар аспаннан түскен Төрт кітаптағы «Ұрлық қылма, өтірік айтпа, қайырымды бол» деген қағидаларды шын осылай болуға тиіс деп ойлап ер жетеді,-деп, осы орайда, Отанымызға адал қызмет етіп жүрген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жайында ризалықпен айтып отыратын.

Әкем Хамит Ерғалиев атындағы жағалаудан Фатиха сүресін оқып, бетін сипап өтетін, ерекше сыйлап ардақтайтын.  Хамит атаның жылдық асын өзі ұйымдастырып, Мұхтар Әуезов атындағы театрда өткізіп:  «Аруағыңнан айналайын аға, пейіште нұрың шалқысын, сен де бақилық болдың-ау»,-деп күрсініп қоятын.

«Болмаңыз, тегі, шүбәлі

Келесі жалын ғасырда

Ескерткіш тақтам тұрады

Осы үйдің қабырғасында....» деп жалғаса жөнелетін «Болмаңыз, тегі, шүбәлі» атты әкемнің өлең жолдары әркез жүрегімде, сол өзеннің сарқыраған суы секілді гүрілдей, сарқырап жөнеледі...

Әкем бізді осылай тәрбиелеуші еді. 

... Әкем түсіме енді.

17.04.2023ж.

қ. Алматы 

Бөлісу:

Көп оқылғандар