Ж. Нәжімеденов және Орхан Уәли: бір өлеңнің стилі

Бөлісу:

18.04.2023 2392

Әсілі қазақ әдебиетінің көркеюі мен дамуында аударма саласының орны ерекше екенін барлығымыз білеміз. Титтей бір сұхбаттан бастап, көлемді романдарға дейін ана тілімізге аударып оқырмандарға ұсынып жатамыз. Бұл, әрине, өте сұлу еңбек. Дәл біздің мемлекетіміз үшін, комаға түскен ана тіліміз үшін бұл мөп-мөлдір оттегі. Бірақ кез-келген аудармаға оның сапасы қандай, қалай аударылды, қай тілден аударылды? –деген сауалдар қойылуы заңды және бұдан ешкім құтылып кете алмайды. Жалпы біздің субъективті ойымызша, аударманың сапасын екіге бөлуге болады. Біріншісі, оның қазақ тіліне үндестіріліп, бейне бір аударылмаған, дұрысы, ана тілімізде жазылғандай қылып қотарылуы. Тілі жатық, айналасы жұп-жұмыр. Мұндай аудармалар, айтары жоқ, оқырманды сүйсіндіреді, ләззатқа бөлейді. Тіпті қайта-қайта оқуға мәжбүрлейді. Енді аударма сапасының екінші түрі, автордың яки ағымның жазу стилі, өз әдебиетіне алып келген жаңалықтары, ерекшеліктерінің қаншалықты сақталғанына байланысты. Біз мәтін тілінің «тігісін жатқызып» сұп-сұлу аударғанымызда, сапаның екінші бөлігіне қаншалықты назар аударамыз?! Негізі аударманың ең маңызды бөлшегі осы «жаңалықтарды» қазақ тілінде сезіну һәм оқу емес пе?! Егер расында солай болатын болса, бұл аударма сапасының ең бірінші назар аударатын тұсы болуы керек деген қорытындыға келеміз. 

Сонымен осы және өзге де сұрақтар аясында бүгінгі қаузайтын тақырыбымыз – түрік поэзиясындағы Ғаріпшілер ағымының өкілі, ақын Орхан Уәлидің Жұмекен Нәжімеденов аудармасы турасында. Әрине, Жұмекен Нәжімеденовтың ақындығы, оның аудармашылығы жайлы бүгінге дейін жүздеген мақала, эссе, толғаулар жазылды. Біз олардың айтқандарын қайталағымыз келмейді. Сөз жоқ, Жұмекен Нәжімеденов қазақ поэзиясының корифейі. Десе де, әдебиетіміздің дамуы үшін көпе-көрнеу мақтаудан ада, айдың арғы бетінен де қарауды жөн көрдік. 

Мәтіннің әрмен қарай өнімді һәм жүйелі ілгерілеуі үшін жазбамызға объекті қылып алып отырған Жұмекен Нәжімеденовтың Орхан Уәлиден аударған «Эпитафия 1-2-3» өлеңін назарларыңызға ұсынамыз.

ЭПИТАФИЯ №1

Бұл дүниеде қиналды ол

бәрінен де қаттырақ

сүйел шығып башпайының астына.

Ажарсыз еді, онысына ренжіген жоқ, бірақ,

сүйел шықты башпайының астына.

Кездерінде бәтіңкісі қыспаған

Құдайды ойлап бас қатырған жоқ әрі.

Күнәлі де кісі емес ол – күшті адам,

бірақ халі аянышты болады.

Бәрінен де әпәндім-ай, әпәндім,

Қырсығыңа Сүлеймен боп атандың.

 

ЭПИТАФИЯ № 2

Ешбір сұрақ мазалаған жоқ оны,

«Ту би ор нот ту би» деген де.

Түнде ұйқыға жатқан,

таңда өледі,

содан оны көтеріп ап жөнелген.

Намазына жиылған жұрт көмеді,

мұны естісе алажағы бар жандар

бұ қазаның құны біраз арзандар.

Алғаны жоқ, қайдан болсын берері.

 

ЭПИТАФИЯ № 3

Винтовкасы тапсырылды қоймаға,

әлдекімдер киімін ап боқтады.

Дорбасында қиқымы да, жоқ нанның,

ыдысында ерін ізі жоқ тағы.

Кеткен сынды жел үріп,

кетті ол мәңгі,

есімі де жоқ есте.

Екі-ақ ауыз жазған сөзі желігіп:

«Өлім деген – Құдай еркі емес пе,

Өлмесе адам неге керек шүкір ғып,

біз де бәрін сол шүкірмен бітірдік».

Аударманы оқып бітірген сәтімізде Жұмекен Нәжімеденовтың қандай көркем аударғанына таң қаламыз. Теп-тегіс һәм жұмыр келген айналасы. Бірақ біз бұл өлеңнен ешқандай жаңалықты көре алмағанымызды да жасырғымыз келмейді. Яки нендей жаңалық екенінен хабарсызбыз. Ал негізінен бұл өлең 1941-1950 жылдары арасындағы Түркия әдебиетіндегі ең жаңашыл өлеңдердің алдыңғы шебінде тұрады. Орхан Уәли аталған және осы сарындас өлеңдерді жазу арқылы классикалық түрік әдебиетінің қабырғасын сөккенін мақтанышпен айтуға болады. Сонымен туысқан елдің «жаңашыл» өлеңі қазақ тіліне аударылғанда неге «жаңашыл» болмай қалды? Нендей зат ескерілмей қалды?! Әуелі аз-кем Орхан Уәли және оның «ғаріпшілдігі» жайлы сөз.

1941 жылы Орхан Уәли, М.Жевдет Андай және Октай Рыфат есімді ақындар түрік поэзиясындағы шектен шыққан сентиментализмге, поэтикаға, таптаурындарға қарсы «Ғаріп» атты өлеңдер жинағын шығарды. Тіпті кітаптың мұқабасына «Бұл кітап сізді әдеттегі нәрселерге күмәндануға шақырады» деген сөз жазылады. Міне, осылайша, түрік поэзиясында «Ғаріпшілдер» яки «Бірінші жаңашылдар» деген әдеби қозғалысы пайда болады. 

Олар өздеріне дейінгі түрік поэзиясына сіңіп қалған үлгілер мен түсініктерден арылу керектігін алға тарта отырып, формализм мен структурализмді мойындамады. Яғни, Ғаріп қозғалысының ақындары поэзиядағы барлық ережелер мен алдын ала белгіленген үлгілерден бас тартып, ережесіздікті қабылдады. Олар өлеңдеріне әлеуметтік сатираларды қосып, өлеңнің бунаққа, ұйқасқа, шумаққа қатысы жоқтығын, оның еркін жазылуы керектігін айтып, өлеңнің тақырыптарын кеңейтті. Дәлірек айтсақ, ғаріпшілдер сол кезге дейін «ерекше» жанр саналып келген поэзияны кез келген тақырыпта жазуға болатынын дәлелдеуге тырысты. Осы тұста Сильвия Платтың өз-өзіне қол салып өлеріне үш жарым ай бұрын берген бір сұхбатындағы «Менің ойымша, романда, мысалы, сіз күнделікті өмірде кездесетін тіс щеткалары мен басқа керек-жарақтарды көрсете аласыз, бірақ поэзияда бұл қиынырақ. Тіпті мүмкін емес» деген сөзі есімізге оралады. Бірақ Орхан Уәли және ғаріпшілдер өлеңдерінде осы мүмкін емес «тіс щеткасы» секілді күнделікті өмірдегі заттарды қолдануларымен ерекшеленді. Ешқандай социалистік-дидактикалық сипаты жоқ шығармалар көбіне ауызекі сөйлеу тілінде жазылды. Яғни, өздеріне дейінгі тым абстрактілі сөздерден, образ және лиризм элементтерін қолданудан толықтай бас тартты.  Бұрынғыдай «астыңғы ерні жер тіреп, үстіңгі ерні көк тіреп», қолын ары да сермеп, бері де сермеп дүрілдеп тұрып оқитын өлеңдерге һәм сондай ақындарға миығымен күлетін ғаріпшілдер. Себебі олардың өлеңдерінің тағы бір ерекшелігі сол кезеңгі түсінікпен дауыстап оқуға келмейтін. Ырғақ пен бунаққа, ұйқасқа құрылып, «үйлестіру, метафора, әсірелеу» сияқты троптардан құралған қиял әлеміне нүкте қою керектігін айтты. Заттарды, қоршаған ортаны бұрынғысынан басқаша көру керектігін алға тартты. Яғни, қол жетпес көкке көтерілген өлеңді аяғынан тартып жерге түсіргісі келді десек артық айтқанымыз емес. Бұл әрекеттері арқылы жаңа поэзияға үстем тап өкілдерінің талғамынан әлдеқайда тәуелсіз, әлдеқайда еркін өмір сыйлады. 

Десе де, Ғаріпшілдерді түрік әдеби қоғамы бірден жылы қарсы алмады. Тіпті классик ақындар арасында «бұл біздің поэзиямыздың ақыры» деп шу шығарғандар да болды. Поэзияның қуаттылығы бұлай жазылу арқылы төмендейді дейді. Әрине, жазбамыздың объектісі Орхан Уәли және ғаріпшілдер екен деп оларға көзсіз табынып, қорғаудан аулақпыз. Классик ақындар да орынсыз шуылдамағанын ескерткеніміз жөн. Себебі 1950 жылы Орхан Уәлидің қайтыс болуымен қозғалыстың өмірі де тоқтады. Кейіннен мұндай стильде өлеңнің көптеп жазылғаны соншалық, қайсысы кімнің өлеңі екенін ажырату мүмкін емес хәлге айналды. Десе де, поэзиядағы авторитаризмді жойып, демократияны ұсынған ғаріпшілдер түрік әдебиет тарихында едәуір дәрежеде жаңалық жасай алды. 

Қорытындылай келе, Орхан Уәли және ғаріпшілдердің түрік поэзиясы алып келген жаңалықтарын төмендегідей тізе аламыз:

- поэзиядағы барлық ережелер мен белгілі бір үлгілерге қарсы шықты.

- ырғақ, бунақ, ұйқастан бас тартты. 

- әдеби троптарды, метафораны, көркемдікті қабылдамады.

- көркем әдеби тілге қарсы шығып, шығармаларын ауызекі сөйлеу тілінде жазды.

- өздеріне дейінгі «илахи» тақырыптарға қарағанда, күнделікті оқиғаларды талқылады.

- ерекше адамдар мен сарай иелеріне қарағанда, қарапайым және шағын типтегі адамдарды кейіпкер етті. 

- халық нақылдарынан нәр алып, әлеуметтік сатираны дамытты. 

- поэзиядағы түсініксіздікті алып тастап, ең маңызды қасиеті ретінде мән-мағынаға ерекше көңіл бөлді. 

Әрине, ғаріпшілдердің түрік поэзиясына алып келген жаңалықтары мұнымен бітпейді. Батыс поэзиясының ықпалы жайлы бөлек бір мақала жазуға және болады. Тіпті «Екінші жаңашылдардың» дүниеге келулеріне де оразан зор ықпалы турасы тағы бөлек бір тақырып. Десе де, қазақ тіліне аударылған осы өлеңді қайтадан бағамдау һәм бағалау, түсіну һәм түйсіну үшін ғаріпшілдер туралы осы танымдама жеткілікті деген ойдамыз. 

Бұл жерде аударылған өлеңді талдаудан бөлек, оның стилдік ерекшелігі мен түрік поэзиясындағы орны туралы айтқымыз келді. Әсілі, кез-келген тілден мәтін аударғанда классикалық қазақ әдеби стилінің формасына соғудан бұрын, оның жаңалығы мен ерекшелігі, стилі маңызды роль атқару керек деген ойдамыз. Аударманың ең негізгі мақсаттарының бірі де мәтіннің стилі мен ерекшелігі емес пе?! Сол арқылы ғана біз әлемдегі әдебиеттердің жаңалығымен танысып, көкжиегіміз кеңейе түсетіні баршамызға аян. Ендеше Ғаріпшілдердің ерекшеліктерін негізге алатын болсақ, өлең төмендегідей аударылу керек еді: 

І

Мұншалық азап тартпады ол

Сүйелінен азап тартқандай

Тіпті көріксіз жаратылғанынан да

Мұншалық өкпелі емес

Аяқ киімі қыспаған кездерде

Есіне алмайтын Алланың атын

Күнәһар деп те танылмайтын

 

Обал болды Сүлеймен Эфендиге

 

II

Уайым да емес еді оған

To be or not to be 

Кеш бата ұйықтады

Оянбай қалды

Ел оны көтеріп алды да

Жуындырды, намазын оқыды, көмді

Өлгенін естісе алажағы бар кісілер

Қарыздарын бұлдайтын еді

Ал оларға беретін 

Ештеңесі де жоқ марқұмның 

 

III

Мылтығын қоймаға қойды

Киімін басқасына берді

Енді оның дорбасында нан қоқымы да 

Торсығында ернінің ізі де жоқ

Бейне бір жел сынды

Есті де кетті

Есімі де қалмады байғұстың

Жалғыз мына бір бәйіт қалды

Кофе ошағында, қолмен жазылған:

«Өлім Алланың әмірі

Қоштасу болмаса»

Бөлісу:

Көп оқылғандар