Ерболат Әбікенұлының прозасындағы реализм

Бөлісу:

19.04.2023 3189

Әдебиеттегі реализм – шамалап айтқанда жаңа бағыт. Ол ХІХ ғасырдан бастап дамыды деп есептейміз. Әрине, әр заманда реализмге тән белгілері болған шығармалар боп тұрды. Бірақ реализмнің қарыштап дамуын сол ХІХ ғасырға телиміз. Еуропа жұртшылығы реализмді бірден қабылдай қоймады. Реализм жеке дара емес, романтизммен қанаттаса дамыды. Себебі, романтизмнің кейіпкері рухани бай, өресі биік адам болып саналатын. Ал реализм кейіпкері бүгіннің шындығын айтатын қаһарман ретінде сипатталды. Оған классицизм мен сентиментализм тән емес. Шығармаларында реализм мен романтизм қанаттаса суреттелген авторлар қатарында Бальзакті, Стендальді, Гюгоны, Пушкин мен Лермонтовты атауға болады. Әлеуметтік пафостан қашып, өмірдің өзін сипаттаған шығармалар халыққа жақын бола бастады. Өзіміз де бала күннен оқып өскен «Капитан қызы», «Өлі жандар», «Ревизор» сынды шығармалар – сол реализмді сипаттайтын классикалық туындылар. Ал, Толстой мен Достоевский қарапайым оқырманнан бастап мүйізі қарағайдай әдебиетшілерді де таң қалдырып, ықыласқа бөленген ерекше туындыларымен әлі де жасап келеді. Әлеуметтік-психологиялық романдар пәлсапаның да, ар-ожданның да мәселесін күн тәртібіне шығаруымен құнды. Адам жанына терең үңілуге тырысқан шығармалар оның психологиясын әр қырынан көрсетті. Реализмге қалам сілтеген жазушы бүгінгі өмірдің мәнін іздеуге тырысады. Жалпы неге әдебиетте реализм маңызды? Себебі, әдебиет – адамның дүниетанымын кеңейтуге қызмет ететін басты құрал. Өзін тануды, қоршаған ортасын дұрыс тануды үйрететін әлем. Бейнелер, кейіпкерлер арқылы адамға тән түрлі әрекеттердің түбін зерттейміз, бағалаймыз, үйренеміз, жиренеміз. Әрекеттердің типологиясына мән береміз. Туындыны оқып отырып өзімізге «Мен не істер едім?» деген сұрақты қойып үйренеміз. Ең маңыздысы да осы. Детальдар неғұрлым шынайы шықса, соғұрлым оқырман сол сюжетке дендеп енеді. Адам миында талдау өздігінен жүріп жатады. Бұл сананы қозғайтын менталды күш. Сондықтан әдебиетті адам өмірін гүлдендіруге қажетті маңызды құрал дейміз. Әдебиет рухани күш береді. Ал реализм өмірлік тұғырды екшейді. Адам саналы түрде өмірге қандай мән беретінін, өмірін нендей мазмұнға толтырып жатқанын ескертіп отырады. Романтизмнен айырмашылығы сол. Адам санасы қай бағытта дамып жатса, сол бағытта қоғамға әсер ететінін, сол әсерімен не тобырға ілесетінін, не бөлініп қалатынын көрсетеді. Яғни, әлеуметтік-психологиялық қарым-қатынастардың типологиясын жіктеуге жол ашады. Кейде заманға сай жаңа көзқарастардың туындап жатқанын, яки дәстүрге беріктік заманнан қап бара жатқандықты көрсетуі мүмкін. Кейде бір адамның тағдыры арқылы күллі халықтың тағдырын ашып көрсететін реализм болады. Кезінде орыс жазушысы М.Горький әдебиетке жанашырлық ниетпен «Білім» деген баспа ашып, сол баспаның айналасына жас реалист жазушыларды топтастырған. Солардың бәрі дерлік мықты жазушы атанды. Олар А.Куприн, И.Бунин, Л.Андреев, А.Серафимович, Д.Бедный және т.б. Олардың өз еліне сіңірген еңбегі қазіргі таңда ұшан-теңіз екені белгілі. Қазақ жазушылары арасында да реализмді сипаттап жүргендер аз емес. Абай мен Әуезовтен бері қарай тергей беруге әбден болады. Ш.Құдайбердіұлы, М.Дулатов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин және т.б. бар. Бірақ айтпағымыз – бүгінгі реализмді суреттеп жүрген қаламгерлер хақында.  

Иллюстрация к "Повести о том, как поссорились Иван Иванович с Иваном Никифоровичем" Н. В. ГоголяА. (П. Бубнов)

Бүгінгі таңда осы реализм жанрына барынша үлес қосып жүрген жас жазушы, замандас жазушы Ерболат Әбікенұлының прозасындағы реализмге тоқталсақ. Өзінің айтуынша, ол небәрі 20-30 шақты әңгіме жазған. Бірақ соның бес-алтауын ғана жақсы дүние деп санап, қалғанын өзі жарамсыз деп таниды екен. Ерболат Әбікенұлы 2014 жылы жарық көрген «Министр» әңгімесімен әдебиет сүйер қауымды елең еткізген қаламгер. «Министрдегі» реализм сатирамен өрнектелген. Кейіпкердің басынан өтіп жатқан өмір қоғамдағы ащы шындықты сипаттап тұрса да, жазушы соны өзіне күле білетін адамның көзімен жазған. Қарапайым ғалымның басынан кешкен ауыр да аярлыққа толы өмір жолы. Бәлкім, мыңдаған ғалымның басынан өткен тағдыр шығар? Қалай атасақ та, ол шындықты бүркемелемей, ашық айтады. Министрдің келуін күткен ғылыми мекемедегі қызметкерлердің бет-бейнесіне, ішкі психологиясына үңіледі. Былайынша, зиялы қауымның билік алдындағы қауқарсыздығын ашып көрсеткен. Сол зиялы дегеннің әрбірінің ұсақ-түйек мінезін нақты портретпен көрсетеді. Жалтақтық, зымияндық, опасыздық, білімсіздік, аярлық, асылық, мақтансүйгіштік, атақ-даңққа құмарту, жылпостық, мәймөңкелеу дейсіз бе, жалпы адам баласына тән жағымсыз мінездің бір парасы сипатталған. Ал, зиялыға тән парасат, кемелдік сол ортада күн көре алмай, босып кеткендей. Күліп отырып жылататын, жылап отырып күлдіретін әңгіме. Ерболаттың кейіпкері оқырманға бөтен емес, ол көптің бірі ретінде көңілге жақын бола салады. Сол кейіпкермен етене жақындық әңгіменің ішіне еркін түсіреді. Жалпы әңгіменің ауаны пәлен жыл министр келеді деп күткен мекеменің ішкі ауа-райын көрсеткен. Біздің қоғамда билік басындағылар келгенде ғана көрсетілетін тәртіп пен есеп анық суреттелген. Өмірін мән мен мазмұнға емес, ішіп-жеуге, жымқырып кетуге, қалтасына басып қалуға бейім жалаң пафостағы кейіпкерлер де неге екені өте таныс. Президент келгенде ғана төселетін асфальт, министр келгенде жөндеу көретін ғимарат, әкім аралағанда ғана сыпырылатын көшелер, шетелдік қонақтар келгенде ғана дәретханасына қағаз ілетін университеттер еске түседі. Адам болмысының орайы түскенде ебін тапқыш боп кететін тойымсыздығын де қосқан. Жағымпаздыққа қарсы күрескіш бастығының мінезін жатқа білетін хатшы қыздың көріпкелдігін қалай әдемі жеткізген. Жазушының шеберлігіне тәнті боласың. Бір анекдотқа арқау боларлық кішігірім оқиғамен қоғамның бүкіл шикілігін жіпке тізіп шыққан. Өзін сыйлай білмейтін жалтақ қоғам, өзін құрметтете алмайтын бұқара халық, әлі құлдық санадан оянбаған өлі рух – бүгіннің ащы шындығы. Соның бәрін қаламгер өз туындысында тігісін жатқызып өрнектепті. Түсінгенге жан ауыртар ауыр жүк. «Ерболаттікі – бос мақтан, құрғақ пафос емес, қазіргі қазақтың аяусыз, шынайы портреті. Оның қалам сілтесін сабырлы ирония ма, ащы мысқыл ма, уытты сатира ма, сыни реализм бе, қалай атайсыз, маңызды емес. Маңыздысы – оның қаламының көлеңкесінде қазіргі қоғам, әлеуметтік және моральдық проблемалар туралы қасіретті ойлар тұр. Оны оқып отырып әрі күлкің келеді, әрі жылағың келеді. Ал ең текті юмор – біздіңше, жаныңды қозғай алатын юмор» - депті журналист, мәдениеттанушы Әсия Бағдәулетқызы. Осы пікірге толық қосылуға болады. Жазушының қаламынан туған және бір бейжай қалдырмайтын әңгімесі «50 теңге». Білім іздеп Атажұртқа ат басын бұрған жастар туралы. Арман қуып, алыс қалаға оқу іздеп келген бауырлар. Екеуі Алматының көшесінде біраз дүниенің басын шалып, жаяу-жалпы әңгімелесіп келеді. Әңгімелері де жайдан жай емес. Бір-бірінің көңілін аулаған ет жақындардың аяушылығын, қамқорлығын сезесің. Жүрегің елжіреп, қамкөңіл жандардың жоқшылығын өзің кешкендей боласың. Ақшасын үнемдеген екі баланың сорына құныққан таксист жолығып, екеуін аштан қалдырып, обалын арқалап кете беретін ашкөздікке жаның егіледі. Жазушы әңгімелеріндегі сипаттау құр баяндау емес. Ол кейіпкерін еш боямасыз ашындырады. Кейіпкердің ішінде қайнаған ашудың бұрқасынын оқырман сезіп отырады. Соңғы ышқыныстың өзі бекер екенін түсініп, жылап аласың. Кішкентай бауырының уәдесі тіпті у. Қоғамды ілгері сүйрейтін адамгершілік қағидалары болса, соның бәрі шаң басқан көшелердегі тобырдың табанында тапталып кетіп жатқанын ұқтырады. Ең ауыры – сол тобырдың ішінде оқырман да бар. Бұл әңгіменің кейіпкерлері қазақы болмысты аңқытатынымен құнды. Кәдімгі ғасырлардан бері еш өзгермеген момын қазақтың ашынғанда ғана бас көтеретін өр мінезін көресіз. Тапталып, жаншылып, езіліп болғанда барып оянатын кек! Ағынмен ағып шаршағанда барып ағысқа қарсы жүзетін қайсарлық! Иіліп, жүнжіп, бордай тозудан қан жылағанда барып тірілетін жігер! Осындай морт сыну кезінде пайда болатын асау арман адам тағдырын түзейтінін көрсеткен тамаша әңгіме. Қоғамдық формациядағы өтпелі кезеңді бастан кешіп жатқан қазақ елінің технократтық ғасырға жұтылып жатқан құндылықтарын күндіз шам алып іздеген әңгіме. Құндылықты іздететін әңгіме тудыра алса, жазушы жаңа белеске шыққаны. Ол өз заманының шындығын еркін жаза алса, сол шындықпен келешектегі талай буынның көзін ашуға еңбек еткені. Өлмес шығарманың құнын жүз жылдан кейін оқыған ұрпақ қана білер. Әзірге айтарымыз, бұл әңгімеден сабақ алар оқырманы көп. Сонысымен де бұл әңгіме мән мен мазмұнға толысып жатыр.   

Андре Моруа: «Кез келген билеуші жүйе үшін ең қауіпті жау – жазушы», - деген екен. Жазушысы жоқтаусыз қалып жатқан елде өмір сүрсе де, табиғи дарынын шектеп тастамай, қоғамның бүгінгі бет-бейнесін сомдауға үлес қосып жатқан жас жазушылардың еңбегі елеусіз қалатыны өкінішті. Бірақ бұл жақсы туынды оқырманын таппайды деген сөз емес. Әр туынды өзінің миссиясын орындай бермек. Әдебиеттің мәні адам өмірін мазмұнға толтыру екенін ескерсек, қазақтың болмысын сипаттайтын толымды әңгімелерімен әркез еске түсетін автор ретінде Ерболат Әбікенұлы әлі талай өрелі еңбектерін оқырманға ұсынады деп сенеміз. Оның шығармаларындағы реализм бүгінгі қазақтың басынан кешіп жатқан алмағайып уақыттағы құндылықтар қақтығысын терең сипаттайды. Бағаланатын уақыты әлі алда деп үміттенеміз. Ерболат Әбікенұлының тілі шұрайлы, түйінді ойды бейнелі, көркем жеткізеді. Астарлап, орағыта жеткізген ойының өзі көкейден кетпей, жадыға жазылып қалады. Жазушы сөзбен тәрбиелейтіні рас болса, Е.Әбікенұлы сөз мәйегін сараптай алатынымен бағалы, әр оқырманға ұстаз. Қазаққа тән тілдің түр-түрі әңгімелерінен көрініс беретіні қызықтырады. Ол керек жерінде қай тілді қосуды дөп біледі. Оның әңгімесінен бәрін табасыз. Қызыл тіл. Жүйрік тіл. Зәрлі тіл. Улы, ащы тіл. Буынсыз тіл. Жұртқа жатық, жалпақ тіл. Қотыр тіл. Өткір тіл. Тәтті сөз. Жылы сөз. Осының бәрін сүзіп шыққанда, көңіл орнығады. Уытты қалжыңды, бейәдеп қылықты, етене жақындықты, айлакер амалды, қисынсыз күрмеуді сипаттайтын тұстарына тұшынып, көңілің көншиді. Ерболат Әбікенұлы бүгінгі реализмді көркемдеп суреттейтін сирек жазушының бірі. Оның оқырманы іздеп жүріп оқиды. Күтіп жүріп оқиды. Ол аз жазады. Бірақ саз жазады. Болмысы бөлек жазушы. Арқалы жазушы. Сондықтан оның әр шығармасы халық қазынасын толтыратын дүниеге айналып шыға келеді. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар