Құдды сезімсіз, рухсыз, роботтар аударып жатқандай
Бөлісу:
Егемендік алған уақыттан бері қазақ әдебиеті жаңа бір сатыға көтерілді деп айта аламыз. Қазақ аудармашылары шет ел әдебиетін түпнұсқа тілінен тәржімалай алатын деңгейге жетті. Рухани жаңғыру бағдарламасының аясында көптеген философиялық, ғылыми еңбектер, шет ел әдебиеттері қазақ тіліне аударылу үстінде.
Соңғы жылдары «Foliant», «Отбасы хрестоматиясы», «Qasym kitaphanasy», «Steep and World», «Мазмұндама қоры» сынды жеке баспалардан шыққан көркем әдеби аудармалардың да оқылымы арта түсуде. Алаш аудармасымен шұғылданып жатқан «Қыр баласы» баспасының да еңбегі ересен деуімізге болады. Әйткенмен, сауатты қазақ оқырманының көкейінде бірді-екілі сауал бар. Бүгінгі аударма сапасы төмендеп бара жатқандай сезіледі. Кеңес үкіметінің тұсында «Мәдени мұра» бағдарламасымен «Аударма» баспасынан жарыққа шыққан аударма авторларына қаламақы төленген көрінеді. Және ол баспада қазақ әдебиетінің кіл марғасқалары мен көрнекті ақын-жазушылары қызмет етіпті. Олар аударған туындылар сол үшін сапалы, мазмұнды, көркем еді.
- Қазіргі аударма ісінің мамандары сол мектептің өкілдері қалыптастырған тәжірибені сақтап қала алды ма? Әдеби аударманың сапасына кім жауап береді?
Баян ХАСАНОВА,
Alqa Publishing баспасының бас редакторы
- Аударманың сапасы жайлы сөз қозғамас бұрын, әңгімемізді уақыттың бағасы алтыннан қымбат заманда аудармамен айналысу қаншалықты ауыр да азапты жұмыс және қазір аудармашылардың еңбегі қоғамда қаншалықты бағаланады деген сұрақтан бастасақ. Өзіңіз жоғарыда айтып отырғандай, кеңес дәуірінде көркем шығарманы аудару ісін мемлекет қаржыландырған. Аудармашы бір кітапты аударуға жылдап уақыт жұмсап, әжептәуір қаламақы алып отырған. Ол қаламақы оның кәдімгідей тұрмыстық мәселесін шешкен. Қазірде шетелдік шығармаларды аудару – сіз атап өткен баспалардың коммерциялық жобасы. Аудармашыға берілетін қаламақыны да сол жекеменшік баспалар белгілейді. Олар, өзіңіз білетіндей, біздің елдегі кітап нарығының кенже екенін, кітап сатудан түсетін пайданың мардымсыздығын, шетел авторларынан шығарманы аударуға құқығын сатып алатынын, кітапты баспаға әзірлеп, басып шығаруға кететін шығындарды – бәрін-бәрін ескеріп барып, аудармашының қаламақысын белгілейді. Оған қоса, кітапты басып шығаратын уақытты құқық беруші тарап анықтайды. Содан келіп, асығу басталады. Сондықтан қазіргі аудармашылар заманның ағымына сәйкес кітапты мейлінше жылдам әрі барынша сапалы аударуға міндетті. Ал енді осы еңбек өз деңгейінде бағалана ма? Оны бағалау – баспагердің қолында. Бұл бір. Екіншіден, кеңес заманында шығармалардың 90 пайызы тікелей тұпнұсқа тілден емес, орыс тілінен аударылатын болған. Біз оқып жүрген әлем классиктерінің түгелге жуық шығармасы орыс тілі арқылы келген. Кеңес үкіметінің цензурасынан өткен. Оның бәрін белді жазушылар аударғаны сондықтан. Ал қазір басқаша. Баспалар тікелей түпнұсқа тілден аударуды талап етеді. Сіз маған кәріс, француз, ағылшын, неміс, жапон тілдерін жетік білетін 10 жазушыны немесе ақынды атап беріңізші. Баспаларға шетел тілдерін білетін маман керек. Ал қаламгерлер арасынан ондай маман таппайсыз. Олар бар, бірақ аз. Осы салада бірнеше жыл жұмыс істеп жүріп байқағаным, шетел тілін білетін аудармашылардың көбінің дерлік әдебиетке қатысы жоқ. Сондықтан олардың көркем аударма жасауға келгенде тілі шорқақ. Мұндай кезде салмақ кітаптың әдеби редакторына түседі. Олар кітап аудару саласында сахнаның сыртындағы аты аталмайтын қаһармандар. Кітаптың сапалы аударылуы – бүкіл команданың жұмысы. Жақсы атақ та, жаман атақ та бір ғана аудармашыға берілмеуі керек. Оның артында әдеби редактор, шығарушы редактор, корректорлардың үлкен еңбегі жатыр.
Арман ӘЛМЕНБЕТ,
«Qasym kitaphanasy» баспасы құрылтайшыларының бірі
- Ол уақыттың тәжірибесінен алатын нәрсе бар, алмайтын нәрсе бар. Басқа баспаларды білмеймін, біз бұрынғы аудармалардың ішіндегі ең сапалы дегендерін таңдап басуды және сол деңгейден түсірмей жаңа аударма жасауға тырысамыз.
Заңғар КӘРІМХАН,
әдебиеттанушы
- Сіз атап отырған совет үкіметі кезеңіндегі аударма мәселесі бергі жағында ғой. Одан да бұрын қазақ аударма ісінің негізін қалыптастырып, бұйдасын түзеп, көшін бастаған, сөйтіп тәржіменің бай тәжірибесін қалдырған мектеп Алаш аудармашылығы емес пе. Сізге екі мысал ғана айтайын: ұлт көсемі Ә. Бөкейхан Фламмарионның «Астрономиясын» қалай аударған десеңізші?! Ал суреткер Ж. Аймауытұлының Ж. Лондон, Г. Мопассан, Р. Тагор, К. Беркович сынды мықтылардан қотарған аудармалары қандай?!
Міне, біз қазір осы Алаш аудармашылығының үздік арқауын үзіп алдық. Кейін совет кезеңінде қазақтың төл әліпбиі орыс алфавитінің ыңғайына негізделіп жасалғандықтан, жаңа ережелер бойынша да жақсы аударма, сапалы тәржімелер болғаны анық. Біз осы жүйеден де айырылып қалдық. Бұған қоғамдық формациялардың ауысып, руханият мәселесінің екінші, үшінші қатарға ысырылғаны себеп болады. Менің ойымша, аударманың сапасына аудармашының өзі, әдеби редактор (жауапты редактор) және баспа жауапты болуға тиіс.
Бану ДӘУЛЕТБАЕВА,
Ұлттық аударма бюросының редакторы
- Өзіңіз айтып отырған Ұлттық аударма бюросы «100 жаңа оқулық» атты бағдарлама аясында 100 кітапты шығарып, бүкіл кітапханаға таратты. Бұл үзіліп қалғандай болған аударма мектебінің жұмысын қайта жандандырғандай болды. Әрі менің ойымша, мемлекет бөлген қаламақы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпей, нағыз қара жұмысты атқарған аудармашылар мен редакторлардың қолына тиді деп айтуға толық негіз бар. Аударманың сапасын тек жоғары қаламақы шешеді десек, ол да жалған болар еді. Бізде мықты аудармашылар бар. Бірақ олар өте аз. Бұл салада маман тапшылығы бар екені рас. Содан кейінгі бір мәселе бізде аударма деген кезде, бар жұмысты тек аудармашы ғана жасайтындай көрінетіні бар. Алайда аударма ісінде, қанша жерден мықты аудармашы болса да, редактордың рөлі зор. Мен өзім әрі аударма жасайтын, әрі редакторлық қызмет көрсететін маман болғандықтан мұны астын сызып айта аламын. Мәселен мен өзім аударма жасаған болсам, бұл жұмысты тиянақты, сауатты бір редактордың көмегін міндетті түрде қажет етемін. Өйткені аударма – шығармашылық жұмыс. Одан бөлек ол техникалық та жұмыс. Аударып отырған кезде адам болған соң, әртүрлі қате кетеді. Кейде аудармадан ауытқып кетіп те жатасың. Соны суық ақылмен реттеп беретін, терминдерін, адам, жер-су аттарын біріздендіретін редактор жұмысы азапты жұмыс. Қазіргі кезде аударманың сапасына аудармашы мен редактор жауапты болып жүр. Ал негізі кім жауапты болуға тиіс екенін мен білмеймін. Тіл – жанды құбылыс. Жаңа сөздермен толығып, кей сөздердің мағынасы тарылып, түрлі процестер жүріп жатады.
Бауыржан СЕГІЗБАЕВ,
оқырман
- Аталмыш сұрақтарға кәдімгі оқырман ретінде жауап беріп көрейін. Аударма бәрібір түпнұсқадай бола алмайды десек те, соған жетеқабыл аударылса, оған да шүкір дейсің. Қазіргі кезде кейбір аударма кітаптарды оқып отырып, сезімсіз, рухсыз, роботтар аударып жатқандай құдды. Ондайға уақыт құртқанша, оқымай-ақ қойғаның жақсы емес пе... Оның үстіне бір кездері аударма дегенге атүсті қарағанымыз соншалық, мемлекеттік жоба бойынша шыққан кітаптардың өзін интернет арқылы астын үстіне аударып, бөркін аяғына кигізіп масқара болғанымызды ұмыта қойған жоқ шығарсыздар. Мүмкін қаражат аз бөлінетін шығар аудармаға... Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін жұмыс істелмей жатқан жоқ, әрине. Бірақ арпа ішіндегі бір бидайдың күйінде деп ойлаймын.
Кешегі Абай аудармаларын қараңызшы, өзге тілден тәржімаланғанын сезбей де қаласыз, өйткені бәрі де өзіңе, көзіңе таныс дүние. Жылы қабылдайсың. Мәселен ол кезде шоқыншық деген сөзден қатты шошитын қазаққа «шіркеу» десең, оны қалай қабылдар еді? Сондықтан да халықтың өз ұғымына сай қылып «мешіт» деп береді. Баламасы бар. Тіпті Крыловтың аузына «Алла» сөзін де салады. Одан ұтпасақ, ұтылып тұрған жоқпыз.
Алаш заманғы аударма ісі де бір тамаша жұмыс еді. Ахметтің газет туралы әйгілі бірауыз сөзінің аударма екенін кейін біліп таңғалып жатырмыз. Жүсіпбектердің Жек Лондоннан аударған әңгімелерін оқып отырсаңыз, ол да солай. Сол Жектің шығармасындағы Қытай экспансиясы туралы бір ғана сөзін алайық. Оны да Жүсіпбектің өзі жазғандай қабылдап жүрміз.
Одан кейінгі бір мәселе. Аударған соң мына кітаптың қазаққа бір керегі бар-ау деп аудару керекпіз. Жыртығымызды жамарлық, бос кеңістігімізді, көкжиегімізді кеңейтерлік шетелдік кітаптарды аударайық. Әйтпесе, шетелден небір кітаптар топан судай келіп жатыр. Әсіресе, миссионерлік бағыттағы кітаптарға қатаң сүзгі керек-ақ. Оның әр бетіне бес жүз доллар бөлінеді деп естиміз... Оны санаңға сіңетіндей, жүрекке жылы тиетіндей аударып жүрген жазушыларымыздың барлығының аты-жөндері мемлекеттік тіркеуде тұр деп ойлаймын. Анық-қанығын Әділет министрлігі айта жатар...
- Еліміздегі жекелеген баспалар шет ел авторларының туындыларын арнайы сүзгіден өткізіп, сараптай ма? Әлде тапсырысты игеру мәселесі ғана тұра ма?
Баян Хасанова, Alqa Publishing баспасының бас редакторы
- Баспалардың бәрі жекеменшік. Оларға бизнесін тұралатын, оқылмайтын, қызықсыз кітапты алып, қаражат шығарып, аудартқаннан не пайда? Керісінше, олар кітап шыққан соң мейлінше көбірек оқылса, көбірек ел аузында жүрсе, көп данамен сатылса екен дейді. Сол себепті әлемде бірнеше миллион тиражбен тараған, дүниежүзінің бірнеше тіліне аударылған, сатылымда ТОП-қа шыққан, сұранысы жоғары, оқырманға мейлінше пайдалы кітаптарды (Нью Йорк Таймс бестселлері т.б.) ғана аударады. Олардың бәрі «Шіркін, біз сондай пайдалы дүние аударып, кітап шығарып жатырмыз. Осыны мемлекет көрсе екен, бізден сатып алса екен», - дейді. Мемлекет тапсырыспен кітап аудартпай-ақ қойсын (осыған дейін аудартқаны некенсаяқ), ең болмаса, сол шыққан әлемдік жауһарларды сатып алып, мемлекеттік кітапханаларды толықтырып отырса, жылдың үздік аудармасы, жылдың үздік баспасы, үздік аудармашы, үздік редактор деген сияқты марапаттар беріп, қаржылай көмек көрсетсе, баспаларды да, аудармашы, редакторларды да бір марқайтып, үлкен қолдау болар еді.
Арман Әлменбет, « Qasym kitaphanasy» баспасы құрылтайшыларының бірі
- Тағы да өзіміздің баспа туралы айтсам, бізге ешкім тапсырыс бермейді. Сондықтан тапсырысты игеру дегенді біз түсінбейді екенбіз. Әлем классикасы қазақшаға аударылып, кітап оқитын әр қазақтың үйінде тұруы керек. Мақсатымыз – осы.
Заңғар Кәрімхан, әдебиеттанушы
- Жақсы білетін, қазіргі таңда аударма мәселесін қолға алып, жолға қойып келе жатқан «Фолиант» баспасы – бір бүгін ғана келіп, тапсырысты игере кетуге кіріскен, орта жолдан қосыла қалған баспа емес. Оның тарихында «Әлем әдебиеті» деген журнал болған, ол бірнеше жылдар бойы әйгілі аудармашы марқұм Кеңес Юсуп ағамыздың ұйытқы болуымен шетелдік үздік шығармаларды аудара бастаған. Қазір осының ауқымы, аумағы, аясы үлкейіп, кеңейіп, шетелдік әдебиеттің, Ахмет атамызша айтқанда, ұлы сөздерін (романдарын) кітап етіп жариялай бастады. Сонымен қатар баспада Қазақстанның көптеген баспасында жоқ редакциялық алқа жұмыс істейді. Ең әуелі кітаптың заңдық мәселесін, зияткерлік меншік құқығын шешеді. Кейін іріктеп, бұрын аударылған шығарма болса, оны тауып, қайта бастыруға рұқсат алған жағдайда шығарады, егер бұрын-соңды шықпаған, алғаш рет аударылатын болса, онда аудармашылармен жұмыс істеуге тура келеді. Білуімше, Нобель сыйлығын алған түрік жазушысы Орхан Памуктың романдарын Маржан Ершу, Амангелді Құрметұлы екінші жол бойынша аударма жасаған.
Бану Дәулетбаева, Ұлттық аударма бюросының редакторы
- Қандай тапсырысты айтасыз? Аудармаға ешкім тапсырыс бермейді. Не аударған жөн екенін қоғамдағы проблемаларға, оқырманның сұранысына әлеуметтік желі арқылы мониторинг жасап, баспалар шешіп отыр. Мемлекет баспалармен біріге жұмыс істеуі керек. Ол мониторингті кітапханалар жасауы керек. Кітапханалардың қорын жаңа кітаптармен толықтыру керек. Баспаларға субсидия бөлу керек, мемлекеттік тапсырыс беру керек. Осы мәселенің бәрі аз көтеріліп жүрген жоқ және көңілге үміт ұялататын шаралар қолға алынып та жатқан сияқты. Бірақ қазірше нәтиже жоқ.
- Аударма ісі бойынша көркемдік кеңесі құрылуы керек деп есептейсіз бе?
Баян Хасанова, Alqa Publishing баспасының бас редакторы
– Көркемдік кеңес өте маңызды. Тек ол кеңестің құрамы кімдер және оны кім қаржыландырады? Егер мемлекеттің құзырында болса, мемлекеттік тапсырыспен шыққан дүниелерді ғана бақылайды. Ал жекеменшік баспалар көркемдік кеңестің ғана шешімімен кітаптар шығарамыз деп қарап отыра алмайды және олардың қандай кітап шығарып сататынына мемлекет те араласа алмайды. Сондықтан бұл жерде сапа да, жауапкершілік де жеке баспалардың мойнында. Көркемдік кеңес құрылып, мемлекет тарапынан қаржыландырып, баспаларға қандай да бір кітаптарды аударуға мемлекеттік тапсырыстар түсіп жатса, оларды көркемдік кеңестің мақұлдауымен қабылдап жатса, өз басым қуанар едім. Кітап аударумен айналысатын баспалар мемлекет тарапынан мұндай қолдаулардан қашпайды деп ойлаймын. Көркемдік кеңестен бұрын, менің ойымша, көркем аудармамен айналысатын аудармашылардың басын қосатын басқа бір ұйым керек. Былтыр «Айбоз» бауқауында «Аударма» номинациясына байланысты шудан кейін осындай ой түйдім. Аудармашыларға мемлекеттен ешқандай марапат та, атақ-абырой да берілмейді. Істеген ісіне лайықты-лайықсыз қаламақысын алады да, үнсіз жұмыс істей береді. Ал шын мәнінде, әлемдік деңгейдегі туындыларды аудару – қазақ мәдениетіне, әдебиетіне қосылып жатқан зор үлес.
Арман Әлменбет, « Qasym kitaphanasy» баспасы құрылтайшыларының бірі
- Жоқ, олай ойламаймын. Мықты аудармашыларға жағдай жасау керек.
Заңғар Кәрімхан, әдебиеттанушы
- Барлық өнер түріне қажет сияқты аударма ісіне көркемдік кеңес керек. Менің бір досым қауіпсіздік қызметінде жұмыс істейді. Ол кітапты жақсы көретін, көп оқитын азамат. 60-80 жылдардағы көркем аудармаға үйренген орның тәуелсіздіктен бірге тәржімелерге көңілі мүлдем толмайды.
Тіпті ҚР Конституцияның түпнұсқасы орыс тілінде жазылып, қазақ тілінде аударылатынын (?) ескерсек және оның өте нашар, сапасыз, тұрпайы аударма екенін білсек, бізге көркемдік кеңестің керегі анық болып шықпай ма.
Бану Дәулетбаева, Ұлттық аударма бюросының редакторы
- Есептеймін. Және оның салалары болуға тиіс деп есептеймін. Көркем аударма, іс-қағаздарының аудармасы, телевизиялық аудармалар деген сияқты.
- Еліміздегі тіл білімі институттарында аударма мамандығын оқытатын арнайы факультеттер бар ма? Осы саланың жөнді жолға қойылмауына не себеп?
Баян Хасанова, Alqa Publishing баспасының бас редакторы
- Тіл білімі институтын білмеймін, университеттер аудармашы дайындайды. ҚазҰУ, Абылайхан атындағы халықаралық қатынастар университеті дегендей. Тек ол жақтан шыққан аудармашы мен көркем шығарма аударушының арасы жер мен көктей. Оны жоғарыда айтып кеттім. Бірақ ол іс алдағы жылдарда жолға қойылатынына сенемін. Себебі бізде шетел кітаптарын аударып, сатылымға шығару ісі енді ғана дамып келе жатыр. Жастар арасында кітап оқу мәдениеті қалыптасып, трендке айналды деуге толық негіз бар. Енді әлгінде айтқанымдай, көркем аудармамен айналысатындардың басын біріктіретін үлкен ұйым құрып алсақ, сол ұйымның жанынан көркем аударма мектебі ашылса, ол жерде белгілі аудармашылар дәріс оқып, шеберлік кластарын өткізсе, одан соң аудармашылар дайындайтын институттарға, университеттерге барып, тәжірибесін бөліссе, ұйым өз бастамасымен әртүрлі жобаларға мұрындық болып, шетел жазушыларымен, баспаларымен байланыс орнатып, тәжірибе алмасса, сіз айтып отырған дүниелер жолға қойылады. Бірақ оған күші тасыған, ниеті таза, жын жанашыр адамдар керек. Бұл іске жай баспагер емес, шетелдік шығармаларды аудару мен кітап шығару ісін қатар жетік білетін, оның қазанында қайнаған адам ғана бастамашы бола алады. Ал дәл қазір аудармашылар таңба мен әріп санап, бүкшіңдеп кітап аударып отыр. Олардың компьютерден басын көтергені бір мейрам.
Арман Әлменбет, « Qasym kitaphanasy» баспасы құрылтайшыларының бірі
- Аударма ісі деген мамандық бар. Бірақ ол жерде не оқытылатынын, балаларды қалай таңдап алатынын білмейді екенмін.
Заңғар Кәрімхан, әдебиеттанушы
- Аударма мамандықтарын оқытатын факультеттер бар, Абылай хан атындағы Әлем тілдері университеті бар. Осының базасында саясаттанушылармен қатар аудармашылар да дайындалады деп білемін. Бұл аударма саласының жөнді дамымай отыруына кесел болып отырған жайттар мыналар: қазақ тіліне деген немқұрайлы көзқарас, аударманың әдебиет ретінде ғана қарап, мәдениет екенін түсінбеу, жақсы жалақы төлеу жүйесінің қалыптаспауы.
Бану Дәулетбаева, Ұлттық аударма бюросының редакторы
- Бар. Оқытып жатыр, жақсы мамандар да шығып жатқан сыңайлы. Бірақ аудармашыға керегі – тәжірибе. Тәжірибесіз маманға аударма жасата алмайсың. Жас мамандардың тәжірибе алатын жері жоқ. Ол барлық салада бар мәселе ғой, енді.
- Мемлекеттің міндеті әуелі дұрыс заң қабылдап, және сол заңның орындалуын қадағалау ғой. Мәселен, баспа ісін алайық. Біздің елімізде баспа нарығы заңмен реттелмеген екен. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
Баян Хасанова, Alqa Publishing баспасының бас редакторы
Сіздің қандай заң туралы айтып отырғаныңызды білмеймін. Бірақ мен білетін мәселе бар. Ол авторлық құқық мәселесі. Оған біріншіден, авторлардың құқықтық сауатсызығы кінәлі. Олар бір баспаға берген кітабын келесі жылы басқа бір баспаға бере салады. Айрықша құқық деген құқықтың түрі бар. Бірде-бір автор баспаға айрықша құқық беруге келіспейді. Себебі ол шығарманы биыл бір баспаға, келесі жылы басқа бір баспаға сатқысы келеді. Баспа да автордың кітабын толықтай айрықша құқықпен алып, жақсы қаламақы төлеуге әзір емес. Сондықтан екі жақ соған келіседі. Содан келіп бір автордың кітабы жыл сайын әртүрлі баспадан шығып жатады. Әсіресе, қазақ жазушыларының арасында осы жағдай жиі орын алады. Ал шетелдік баспалармен келісім шарт жасаған уақытта заң мен талап қатаң сақталады. Сол елдің заңы негізінде шарт жасалады. Олар шартқа бәрін тайға таңба басқандай жазады. Ақыр аяғы, кітаптың мұқабасына дейін біз құқық иесімен келісіп барып жасаймыз. Кітап беттелгеннен кейін олардың алдынан өтеді. Жекеменшік баспаларға сол себепті қазақ авторларымен жұмыс істеген тиімсіз.
Арман Әлменбет, « Qasym kitaphanasy» баспасы құрылтайшыларының бірі
- Баспа ісі заңмен реттелмеген деп айта алмаймын. Мүмкін мен әлі бетпе-бет келмеген шығармын. Әзірге ондай бір олқылық байқаған жоқпын. Жалпы баспа деген бизнес десек, мемлекет бизнеске, оның ішінде баспаларға да барынша еркіндік бергені жақсы.
Тек айрықша құқықты алып алған баспадан мемлекет бір дереккөзден сатып алу деген мемлекеттік сатып алудың түрімен ала алады екен. Осы жағына алаңдап қалдым. Қазір біз бұрын жазылған, аударылған кітаптарға айрықша құқық алмай тұра тұрсақ жақсы болар еді. Баспа өзі арнайы жазғызған кітабы болса, әңгіме басқа.
Заңғар Кәрімхан, әдебиеттанушы
- Біздің баспалардың дені ақша табуды ғана біледі. Қармап алып, қақшып қалып, күреп тауып жатады. Ал дамыған елдердің баспа тәжірибесімен салыстырар болсақ, біз ескі советтік сүрлеуден жаңылмай келе жатқанымызды аңдар едік. Шетелде баспа емес, өнім беретін, шығарма тудыратын автор жарнамаланады. Шын мәнінде қоғамда сұраныс тудырған, бестселлер аталған кітаптардың қай баспадан шыққанын білмейміз, есесіне кімнің жазғанын жақсы білеміз, солай емес пе? Бұл дегеніміз қоғам баспадан гөрі авторды таниды деген сөз. Баспа – өнімді басып шығаратын, қажет болса, көбейтіп беретін орын ғана. Бізге жаңа заманға сай, жаңа көзқарастағы заңдар қажет екені даусыз.
Бану Дәулетбаева, Ұлттық аударма бюросының редакторы
- Адамзаттың ең озық ойларын қазақ та оқыса, қазақ та білсе деп ойлайтын, елдің рухани дамып, озық ойлы, интеллектуал дамыған елдер қатарына енсе деп ойлайтын үкімет болса, бұл салаға көңіл бөлер еді, заңдарын реттер еді, қаржы бөлер еді. «Мәдени мұра», «100 жаңа оқулық» деген бағдарламалар рухани байлығымызды арттыра түсті. Бірақ ол теңіздің тамшысындай ғана дүние. Одан бөлек төл шығармаларды ағылшын тіліне аудару мәселесі де назардан тыс қалмауы керек. Бізде әлем оқуға лайық шығармалар да жетіп артылады.
Бөлісу: