Қазақстан Жазушылар одағының төрағалығына өз кандидатурамды ұсынамын!

Бөлісу:

04.05.2023 2729

Думан РАМАЗАН,

жазушы-драматург,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері,

Қазақстан Жастар одағы мен Журналистер одағы сыйлығының лауреаты

Жаңа Қазақстан құрамыз деп жатырмыз. Ендеше, Қазақстан жазушылар одағының жұмысына тың серпін, жаңа леп, сілкініс, өзгеріс керек-ақ. Бұрынғы Кеңес дәуіріндегі әбден ескірген, іске алғысыз тәсілмен жұмыс істеуге, ілініп-салынып жүре беруге болмайды. Ескі сүрлеу-соқпақтың бәрінен арылып, жаңа, тыңнан жол салуымыз керек. Жаңа заманға сай жаңарып, жаңғыруы керек! Батыл реформалар жасау керек!

Жазушылар одағының ғимараты бар, ондағы жалға берілетін бөлмелер бар, жиын өткізетін кең залы бар, Шығармашылық үйі бар, мемлекеттік тендерлерден түсетін қаржы-қаражат бар, егер істің ебін тапса, өзін-өзі ақтайды деп ойлаймын. Одаққа түскен әр тиынның орнымен жұмсалуын қатаң қадағалап, ерекше бақылауда ұстаса, оңды-солды шаша бермесе, көп нәрсе тындыруға болады. Жыл сайын одақтың кіріс-шығысын есептеп, есеп беріп отырса, жұртшылықта да ешқандай күдік-күмән тумайды. Заманға сай бәрі ашық болуы керек. Түкке қажеті жоқ жиындардың барлығын қысқартып, немесе басқаша, жаңаша форматта өткізуді ойластырып, жаңаша жұмыс істеуге көшу керек. Бұл жағынан алғанда да істеймін деген адамға Қазақстан Жазушылар одағында мүмкіндік мол.

Өзім қызмет істейтін «Жұлдыз» журналында іске жарайтын дені дұрыс бір компьютер, бір принтер жоқ. Жазушылар одағының қазіргі жалпы жағдайы осындай. Бәрін жаңалауға, жарақтандыруға, дәл соған қаржы табуға болады. Журналистердің, «Қазақ әдебиеті» мен «Жұлдыз» журналының қызметкерлерінің алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдай жасауға, мол мүмкіндіктер тудыруға толық мүмкіндік бар. Ол үшін тынбай, жатпай-тұрмай жұмыс істеу керек. 

Шетел Жазушылар одақтары мен қаламгерлерімен тығыз байланыс орнату керек. Ол жасанды емес, табиғи жолмен өрілсе, нәтижелі болмақ. Мәселен, Жазушылар одағының жанынан «Әлем әдебиеті» журналын немесе «Әлем» альманағын қайта шығаруды қолға алу керек. Соның төңірегінде көптеген іс-шараларды жүзеге асырса, өз жемісін береріне еш күмәнім жоқ. Шетелдік әдеби басылымдармен де қарым-қатынасты жандандыру керек. Өзіміздің және шетелдік аудармашылармен жүйелі жұмысты қолға алатын мезгіл жетті.

«Әдебиетті қолдау қорын» ашу керек. Мүмкіндігінше қаламгерлердің материалдық жағдайын жақсартуға күш салған дұрыс. Жазушылар одағына мүшелікке өтуге кем дегенде екі-үш жылға мороторий жарияланса дұрыс болады. Мүшелік билетті топтап үлестіре бергенді мүлде тию керек. Жазушылар одағына өту үшін арнайы жасақталған комиссия қабылдауы керек. Басқаша болуы да мүмкін емес. Одаққа мүше болу үлкен абырой болуы керек қой! Ал қазір мүшелікті қойыңызшы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын халтурщиктер алатын болды. Не сұмдық?! Бұл тек сыйлықтың ғана емес, әдебиеттің де құнын түсіріп, қадір-қасиетін қашырып жібереді ғой! Соны неге ойламайды екен?! Жалпы «Алаш» сыйлығын топтап бергенді, бір жылда 20, 30, 40 адамға шүлендей үлестіруді мүлде тоқтату керек. Оның ішінде үлкен әдебиетте орны жоқ халтурщиктерге берілуі мүлде дұрыс емес. Аталмыш сыйлықты жылына бір-екі, әрі кетсе үш адамға беруге болар. Әйтпесе, сыйлықта не құн қалады?! Есесіне ақшасын жоқ дегенде бір-екі миллионға жеткізу керек. Лауреаттар қомақты қаржыға ие болса, сыйлықтың да құны артады.

Әрине, аға буын ақын-жазушыларды сыйлаймыз, құрметтейміз. Еңбектері еленуіне мейлінше мүдделіміз. Өйткені, сол кісілерден көп нәрсе үйрендік, жазған-сызғандарынан тәлім алдық, тәжірибе жинадық, шеберлігімізді шыңдадық. Сонымен қатар талантты жастардың да Президенттік һәм мемлекеттік стипендияларға көптеп ие болуына мүдделілік танытамыз. Өйткені, өміріміздің де, әдебиетіміздің де болашағы сол жастардың қолында. Әдебиетті тек таланттар ғана жасайды. Үздік туындыларды тек дарындылар ғана тудыра алады. Ендеше, талантты жастарға көбірек көңіл бөлінуі керек деп ойлаймыз. Сонда әдебиетіміз де көркейіп, өсіп-өніп, өз жемісін бермек. Дегенмен, әдебиеттің қасиетті табалдырығын аттаған әр жастың алдыңғылардың бәрін мансұқ қылып, әдебиетті өзінен бастайтын жаман әдеттен арылуын қалаймыз. Толқындардың ара-жігі ажырамауы, жұлын-жүлгесі үзілмеуі керек. Сонда ғана түсіністік орнап, жарастық салтанат құрады.

Жазушылар одағының ең басты міндеті – қаламгерлерді қолдау, қорғау. Қысылғанда қолтығынан демеп, басына іс түскенде жанынан табылу. Атышулы қаңтар оқиғасы кезінде қудалауға ұшырап, қылмыстық іс қозғалған ақын бауырларымызға шырылдап неге ара түстік? Ақын бауырларым мұң-зарларын айтып қайта-қайта неге маған хабарласты?.. Әріптестерің, қаламдастарың, бауырларың істі болып жатса, қашып-пысып жүрсе, қалай қарап отыра аласың?! Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бауырымызға рахмет! Сөзімізді естіді, түсінді. Алмас Темірбай, Қуаныш Оспан сынды талантты ақындарды қылмыстық жауапкершіліктен арашалап алып қалып, үлкен жақсылық жасады. Тіпті облыс әкімшілігі орнынан алып тастаған Қуаныш Оспанды қызметіне қайта қойғызды. Ерлан Қарин мырза болмаса, бауырларым сотталып кетер ме еді, кім білсін?! Онда таза масқара болар едік. Егер ақын-жазушыларға осындай кезде қорған бола алмаса, Жазушылар одағының не керегі бар?! Одақ қаламгерлерге тек қысыл-таяң кезде ғана емес, бейбіт күнде де қорған бола білуі тиіс. Мәселен, ақындар мен драматургтер төрт бес жылдан бері Авторлар қоғамынан өздеріне тиесілі ақшаларын ала алмай жүр. Мен Жазушылар Одағындағы Драматургия кеңесі төрағасының орынбасары ретінде бұл іске біраз араластым. Қаламдастарымның мүдделерін қорғадым. Ал негізінен бұған Жазушылар одағының басшылары мүдделілік танытуы керек қой! Өйткені, ақындар мен драматургтердің басым көпшілігі осы одақтың мүшелері. Одақ мүшелерінің мүдделерін қорғамаса, күрмеулі мәселелердің шешілуіне атсалыспаса, олардың проблемаларын жоғары жаққа жеткізе алмаса, Жазушылар одағынан не үміт, не қайыр?! Төраға болып сайлансақ, ең бірінші кезекте қолға алатын шаруамның бірі осы болмақ. Шешеміз деп сеніммен айта аламын. Өйткені, бұл мәселенің шешілмеуі, шешімін таппауы тіптен мүмкін емес. Егер Авторлар қоғамы өздері шешпесе, сот алдына шақыртып, шешкізуге мәжбүр боламыз. Бұған жауапты адамдар міндетті түрде жазаланады. Басқаша болуы да мүмкін емес. «Берсең – қолыңнан, бермесең – жолыңнан» деген принципке барамыз. Ақындар мен драматургтердің тиісті ақшасын міндетті түрде алып береміз. Оған кепілдік береміз! Жалпақшешейлікке, немқұрайдылыққа жол бермейміз. Қаламгерлердің мүдделерін кез-келген уақытта, кез-келген жерде қорғауға дайынбыз.

Қаңтар оқиғасы кезінде тек ақындарға ғана ара түскеніміз жоқ. Жазықсыз жандардың жазаланбауын өтініп, ол сөзімізді мемлекет басшыларына жеткіздік. Көптеген ұсыныстарымызды қабыл алып, одан қортынды шығарғанын біреу білсе, біреу білмес. Оны да айтудың реті келер. Әрине, таза қылмыс жасаса, ақын-жазушы болмақ түгілі, кім болса да, ешкім де ара түсе де, құтқара да алмайды. Ал нақақтан нақақ күйіп бара жатқан қаламгерлерді қолдау мен қорғауға тиіспіз. Ол біздің адамдық, азаматтық, әріптестік, қаламдастық, тіпті аға-інілік борышымыз. Ешқандай қаламгерді жауға да, дауға да бермейміз. Өйткені, елімізде мыңның үстінде қаламгер бар. Бұл дегеніңіз үлкен күш. Әскердің қолында қару болса, қаламгерлердің қолында қалам бар. Ал бейбіт заманда қаламнан асқан құдіретті қару жоқ. Жақында бір байшікеш арқалы ақынымыз Маралтай Райымбекұлын сотқа беріпті деп естідім. Оны Маралтай досымның өзі де арнайы іздеп келіп айтты. Мен оған кез-келген уақытта қолдау мен қорғауға дайын екенімді ашық айттым. Маралтай сынды айтулы ақынымызды оттан да, соттан да арашалап алуға бар күш-жігерімізді саламыз. Кәкір-шүкірге бола қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы – Маралтайды соттатып қойып қарап отырсақ не болғаны?!

Фейсбуктен атақты жазушымыз, қадірлі ақсақалымыз Софы Сматаев ағамыз халінің мүшкіл екенін айтып, жарияға жар салып отырады. Соған құлақ асқан тірі пендені көрмедім. Әй, ол Софы Сматаев қой, ең алдымен ағамыздың сөзін Жазушылар одағы естуі керек қой! Көрнекті қаламгердің кітабының сатылуына ең алдымен Жазушылар одағы мүдделілік танытуы керек. «Маған атақ үкімет ауруханасына тіркеліп, ем қабылдау үшін ғана керек!» деп шырылдап отырады, қадірлі ақсақалымыз. Атақ әпере алмаса да, Алматыдағы үкімет ауруханасына тіркетіп, сонда емделуіне жағдай жасаса болады ғой! Егер осындай ұсақ-түйек шаруаларды шеше алмаса, Жазушылар одағының төрағасы болып отырудың не керегі бар?! Ниет-пейіл болса, бәрін істеуге, шешуге болады ғой деп ойлаймын. 

Менің ойымша, Жазушылар одағының төрағасы қаламгерлердің береке-бірлігіне, ынтымағына жұмыс істеу керек. Бәрінің басын қосып, жұмыла жұмыс істейміз. Топқа қосылмаймыз, топ құрмаймыз. Руға, жүзге, жерге бөлінуді мейлінше тоқтатамыз. Бұндай аурумен ауыратындарды қатаң айыптаймыз. Бәріміз бір қазақтың баласымыз. «Әр қазақ менің жалғызым» деген ұстанымды берік ұстанамыз. Тіпті жамандық істеген адамдармен де кешірімдесіп, ел-жұртымыз бен одақтың мүддесі үшін тізе қосып жұмыс істеуге дайынбыз. Бөліп-жаратын ештеңеміз жоқ. 

Бөлінушілік пен алалыққа жол бермейміз. Бәріне тең қараймыз. Мәселен, бір жылдары қазақ ақын-жазушыларының антологиясы бес-алты тілге аударылды. Осыны ұйымдастырушылар кейбір қаламгерлерді алалап, өзінің жақындарын тықпалап жіберіпті. Мысалы, прозадан Тынымбай Нұрмағамбетов пен Асқар Алтайға дейінгі қаншама талантты прозашылар жоқ, ұмытылып, болмаса сызылып қалған, поэзиядан да солай. Ал бұндайға мүлде жол беруге болмайды деп есептейміз. Бұндай іріктеулер өте әділ сұрыптудан өтіп, лайықтылардың ешқайсысы шет қалмауы тиіс. Жеке басын жек көрсең де, кімнің де болса талантын мойындау, дарынын сыйлау, құрметтеу керек! Кім сайланса да, одақ төрағасына ең басты әрі қажетті қасиет осы деп ойлаймын.

Жылына кем дегенде талантты екі қаламгердің алаңсыз шығармашылықпен айналысуына жағдай жасаймыз. Жыл бойы ай сайын беріліп отыратын 200 000-300 000 теңге көлемінде стипендия тағайындаймыз. Оған қаржыны міндетті түрде табамыз. Сондай-ақ, жас қаламгерлердің баспана мен тұрғын үй тұрғызу үшін жер телімдерін алуына бар күш-жігерімізді саламыз. Әрине, бұл біздің қолымызда тұрған нәрсе емес, дегенмен тырысып көреміз, осы бағытта да табанды жұмыстар жүргіземіз. 

Төрағаның орынбасарлығына қаржы таба алатын қабілетті қаламгерлерді тартамыз. Табыс табумен айналысатын атқарушы директор, менеджерлерді жұмысқа аламыз. Олардың жазушы болуы міндетті емес. Одақтың шаруашылық жұмыстарын дөңгелетіп отырса болды. Одаққа қарасты басылымдарға басшылыққа қосымша қаржы таба алатын, қолынан іс келетін, авторлардың қаламақысын шеше алатын талантты қаламгерлерді тағайындаймыз. Сондай талаптар қоямыз. Басылымдардағы қаламақы мәселесін міндетті түрде шешеміз.

Қазақстан Жазушылар одағының төрағалығы үшін битімді сығып жүгірмеймін. Ешкіммен айтысып-тартыспаймын, жаға жыртыспаймын. Дәл қазіргі жағдайда Жазушылар одағының төрағалығына осындай нақты бағдарламалар ұсына алатын және оны орындай алатын, Жазушылар одағын қаржылық қиындықтардан алып шыға алатын іскер қаламгерлер керек. Бұл мәртебелі қызметке кең кабинетте шіреніп отыру немесе қызметтік көлік міну үшін емес, ел-жұртқа, қаламгерлер қауымына қызмет қыла алатын ақын-жазушылар келуі керек. Қазақстан Жазушылар одағының жұмысын жандандыру үшін ең алдымен қаржы-қаражат керек. Онсыз бәрі «баяғы жартас – бір жартас» болып қала бермек.

Кітап шығару мен кітап нырығына да мейлінше ықпал етіп, қатаң бақылауда ұстау керек. Мемлекеттік тапсырыспен шығарылатын кітаптардың сапасына да Жазушылар одағы жауап беруі тиіс. Әйтпесе, кім көрінгеннің кітабын шығара беру мүлде дұрыс емес. 

Егер менің осы айтқандарымнан да асырып істеймін, Қазақстан Жазушылар одағының бойына қан жүгіртіп, жан бітіремін, өзгеріс һәм реформа жасаймын дейтін қаламгер болса, ата жауым болса да, дәл сол үміткерге дауыс беремін. Себебі мен де Жазушылар одағының өзгергенін, жаңарғанын, жаңаша жұмыс істеу тәсіліне көшкенін жан-жүрегіммен қалаймын. Ескіше жұмыс істеудің заманы өтті. Жазушылар одағының төрағасын сайлауда осы одаққа мүше қаламгерлердің барлығы бірдей дауыс беруі керек. Төраға болсақ, жарғыны осылай өзгертеміз. Кейбір жылпос, қулықтарына құрық бойламайтын арамза қаламгерлер өзіне дауыс беретін ақын-жазушылардан басқарма мүшелерін жасақтап алады да, сайланып кете барады. Бұл мүлде дұрыс емес. Бұдан былай бұндай арамзалар мен арамзалықтарға жол бермеу керек.

Әдеби байқаулардың, мүшайра мен конкурстардың өте әділ өтуіне күш саламыз. Тамыр-таныстықтың жолын кесеміз. Қай қаламгердің шығармасы сыйлыққа лайық, мықты, үздік, сол бәйге алады. Сонда ешкімнің өкпе-реніші болмайды деп ойлаймын. Жүлде алған шығарма мықты болса,өкініш те болмайды. Ал бізде халтуралық шығармалар да тамыр-таныстықпен, көз қысты, бармақ бастылықпен жүлде алып жатады. Ондай болса құлагердің басын шапқан Батыраш-Қотыраштардан қай жеріміз артық.

Есімі елге әйгілі Арман Шораев мырза «Қазақстан барысы» бәйгесін ұйымдастырып, бас бәйге алған балуанға 150 000 доллар көлемінде ақша алып беріп жүрді ғой! Сондай бәйгені қаламгерлер арасында неге ұйымдастырмасқа?! Бұл кез-келген қаламгерге үлкен демеу болар еді. Осындай да ой-жоспар, арман бар. Ендеше, неге іске асырмасқа?! Өйткені, талант мемлекеттің байлығы, ұлттың қазынасы ғой!

Егер қаламгерлер қауымы сенім артса, бар күш-жігерімді саламын, үміттеріңізді де, сенімдеріңізді де ақтаймын. Қашанда «арық сөйлеп, семіз шық» деген, бұдан да басқа ой-жоспарлар жетерлік. Оның бәрін тізбелеп, тәтпіштеп жатуды артық санадым. Сондай-ақ Жазушылар одағының төрағалығына түскісі келетін әр қаламгер менен де асырып жұмыстар істеймін, қаржы таба аламын десе, немесе менікінен де мықты бағдарлама жасайтындар болса, мархабат! Әйтеуір, сөздерінде тұрып, айтқандарын істесе болды. Сайланып алып Жазушылар одағында қызмет істейтін қызметкерлердің айлығын тауып бере алмай жатса, немесе қаржылық шығындарын өтеуге қаржы таппай жатса, ұяттың көкесі сонда болады. Сондықтан да қаламдастары мен әріптестері үшін ар-ұяттары болса, өз еріктерімен бас тартып, жол берулерін сұраймын!

Мен айтқанымды орындаймын, уәдемде тұрамын! Ендеше, құрметті қаламдастар, шешім өздеріңізде! Біз бәріне дайынбыз!


Арман ӘЛМЕНБЕТ,

Жазушы, баспагер

Арман Әлменбеттің Жазушылар одағын дамыту жөніндегі қысқаша бағдарламасы

1. Жазушыларды жұмысқа тарту туралы. Қазір істің басына шет тілдерін жақсы білетін, заманауи жаңалықтарды қадағалап отыратын сауатты жастар келді. Телеарнада, кинода, анимацияда, әлеуметтік желілердегі әртүрлі жобаларда солар жүр. Қазақ тілін терең білетін, шығармашылық қабілеті бар қаламгерлер, әсіресе қырықтан асқан буын осы қайнаған тіршілікке араласа алмай қалғаны байқалады. Халыққа ұсынылатын өнімдерді (кітап, комикс, кино, мултьфильм, видео, ән) жазушылар қарап, олардың тілі мен ұлттық мазмұнын байыта алар еді. Ол үшін Жазушылар одағының сапа белгісі жасалып, сол белгіні алу үшін студиялар, баспалар кезекке тұратын күнге жетсе, қаламгерлерге әжептәуір жұмыс болар еді және де халыққа да сапалы дүниелер ұсынылар еді. Сондай-ақ, авторлық құқық мәселесін де жолға қойып, қаламгерлерге табыс әкелу жолын қарастыру қажет.

3. Прозаға қатысты. «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» журналы арқылы жазушыларға біраз қозғау салуға болар еді. Мәселенки, «Қазақ әдебиеті» газеті жылына 52 рет шығады. Әр нөмірінде проза беті бар. Осы бетке ең жақсы деген жаңа әңгіме шықса және де соған қомақты қаламақы төленсе. Әр әңгімеге 100 000 теңге қаламақы төленсе, жылына небәрі 5 200 000 теңге кетеді екен. Ал «Жұлдыз» журналына ең мықты деген повестер мен романдар (бірнеше санға бөлініп) басылып, повеске 200 000, романға 500 000 теңге көлемінде қаламақы төленсе, жылына 5 400 000 теңге ғана кетеді екен. Яғни, журнал жылына 12 рет қана шығады, әр нөміріне бір повесть пен бір романның жартысы шыққанда, айлық қаламақы 450 000 деген сөз. Сонда осы екі басылымның проза бөліміне жылына 10 600 000 теңге қаламақы керек деген сөз. Бұл дегеніңіз айға шаққанда бар болғаны 884 000 теңге шығын екен. Содан кейін, жыл сайын болатын әдеби жыл қорытындысында осы «Қазақ әдебиеті» мен «Жұлдыздағы» шығармалар ғана талданса, сол жерде жазушылар әділ бағасын алса, бәсеке туар еді.

4. Жазушылардың абыройы жөнінде. Мәдениет министрлігіне бір айда жазушылардан екі жүздей хат келетін кездер болады екен. Соның барлығы дерлік шығатын кітабы мен өтетін мерейтойы, алатын сыйлық, марапатына қатысты өтініштер. Мемлекетке алақан жая беретін жазушылар шығармашылық интеллигенция бола алмайды. «Кісі жылап сүйкімді болмақ емес» деп Әлихан Бөкейхан айтқандай, сұраншақ жазушының пікірін кейін кім ескереді, ондайдан кейін оны қай шенеунік қадірлейді? Осы әдетке тоқтау салудың жолын ұсынамын. Мемлекеттік мекемелерге елдің мүддесін қорғап хат жазуға болады, бірақ жеке басының игілігі үшін хат жазған жазушылар одан кейін Жазушылар одағының қара тізіміне ілініп, жақсылықтарынан құр қалатындай етер едім. Егер жеке басына қатысты өтініші бола ма, оны Жазушылар одағына жазсын.

5. Митинг мәселесі. Совет кезінен қалған жексұрын дәстүрдің бірі – қайтыс болған жазушыға арнап митинг жасау. Жаназасы шығарылған мәйітті одақтың ғимаратына әкеліп, бетін ашып қойып айнала қоршап тұру. Бұл дегеніңіз кезіндегі Сталиннің жерлеу рәсімінен басқа ештеңені есімізге түсірмейді. Өзіміздің дінімізге, өзіміздің ұлттық болмысымызға мүлде жат дүние. Жазушылар шын зиялы боламыз десе, осындай нәрселерді қорықпай реттеуі керек. Сондықтан, христиан дініндегі жазушылар болмаса, дүниеден мұсылман болып өткен кісілерге митинг ұйымдастыруды тоқтату керек.

6. Жазушылар одағында тіршілікті қайнату жайында. Оның ішенен кітапхана мен кітап дүкені ашылуы керек. Маңайдағы консерватория мен өнер академиясының студенттері, таяу-жырақтағы университет студенттері сол жерге келіп кітап оқып, кофе ішіп, бір-бірімен араласуы керек. Сол жерде ылғи кездесулер өтіп жатуы керек. Ол еркін форматта, оқырманмен кездесу секілді өтуге тиіс. Тек жазушылар ғана емес, ғалымдар, саясаттанушылар, кәсіпкерлер де келіп жатуы керек.

Одақтың ішінде тіл үйрететін курстар ашылуы керек.

Сондай-ақ, өнер академиясының және басқа да оқу орындарының студенттерінен құрылған әуесқой театр жұмыс істесе, оған жас драматургтар пьеса жазса, ақылы қойылымдар қойса, қала халқы келетініне күмән болмас еді.

7. Өңірдегі филиалдардың жұмысы турасында. Олар кітап сату, газет-журналды тарату ісіне тікелей ат салысатындай болуы керек. Бұл олардың жергілікті халықпен етене араласуына себеп болады. Филиал басшысы жергілікті қаламгерлерді халыққа таныту; жергілікті қаламгерлерді орталыққа (яғни Алматы мен Астанаға) таныту; республиканың басқа өңірлеріндегі, орталықтағы қаламгерлерді өз өңіріне таныту секілді негізгі үш бағытта жұмыс істеуі керек.


Нұржан ҚУАНТАЙҰЛЫ, 

жазушы,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

 

Жаңа кезеңде – жаңа белеске

Жазушылар одағы жаңарып, дамуы керек

Сәрсенбі күні Жазушылар одағының пленумы болып,  қаламгерлердің кезекті құрылтайы одақтың Жарғысына сәйкес 12-мамырда өтеді деп белгіленді. Құрылтайда Басқарма мүшелері жаңа төраға сайлайды. Бұрынғы  төраға Одақтың қаржылық жағдайы жөнінде есеп береді.

Хош. Соңғы апталарда әлеуметтік желіде Қазақстан Жазушылар одағының жұмысы туралы түрлі әңгіме айтылып жатыр.  Әлеуметтік желі болған соң  дилетант пен аутсайдердің жалыны бет шарпыған комменттері  лап етіп, өршеленген өртке айналып барады. Өкінішке қарай, кейбіреуі «Жазушылар одағы керек емес» деген пәтуа шығарып қойыпты…

Неге керек емес? Керек. Жазушылар одағы басқа да шығармашылық одақтардай әуелі сол өнер иесіне керек. Өйткені Жазушылар одағы – жазушылардың, ақындардың, драматургтердің, сыншылардың, әдебиеттанушы ғалымдардың рухани бірлестігі. Сондықтан оны жабылсын деп үкім шығаруға дилетант пен аутсайдердің құқы жоқ.

Ал біздегі Жазушылар одағы секілді қоғамдық ұйым мен бірлестік жер жүзіндегі көп елде жұмыс істейді. Мәселен, Фарер аралдары деген жер бар: Данияның құрамындағы автономиялық аймақ. Халқы 53-ақ мың. Фарер тілінде осы 53 мың адам ғана сөйлейді. Сол аралдың өзінің Жазушылар одағы бар. Жазушылары Фарер мәдениеті қорынан стипендия сұрап өтініш бере алады, кейбір авторлар грант ұтып алып, оларға бірнеше жыл жалақы төленіп тұрады.

Теңдік, заңдылық және жариялылық қағидатына сүйене отырып, Жазушылар Одағы ұйымы өз қаламгерлеріне шығармашылық байланыс жасауға, жаңа идеяларды жүзеге асыруға,  елдің әдеби өміріне белсенді  араласуына мол мүмкіндік туғызады.

Ал Қазақстан Жазушылар одағы қазақ әдебиетінің классиктері Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов қалыптаған шығармашылық жетістіктер деңгейінде қалып қоймай, көркем әдебиеттегі жаңа мектептерге жол ашуды қолдап отыруы қажет.

Бұл – бір.

Екінші, Жазушылар одағы  –  мемлекеттік идеологияны қалың бұқараға жеткізуде дәнекерші болып жүрген үлкен орталық. Бұл ұйымның осы қызметін жаңа басшылық жаңа деңгейге көтеруі керек. Жалпы, Жазушылар одағының қызметі заман талабына сай жаңарып отыруы тиіс. Бұрынғы, ескі, советтік форматта жұмыс істеу мәнерінен бас тартқаны абзал.

Әуелі Жазушылар одағының Жарғысы өзгеруі тиіс.  Одақтың «Басқарма мүшелігі» және «Секретариат» деп аталатын басқару формалары заман ағысына ілесе алмай барады.

Уақыт талабына сәйкес жаңа жобаларға жол ашылуы қажет.  «Есті адам ескіні жаңғыртады» дегендей, бұрынғы үлгіні де жаңа мазмұнда  жаңғыртқан жөн. Мысалы, Совет Одағы кезінде дүрілдеп жұмыс істеген «Кітап саудасы» жүйесін мәдениет министрлігімен, облыс әкімдіктерімен бірлесе отырып республикалық деңгейде жаңаша үйлестіруге әбден болады.

Одақтың Шығармашылық кеңесі ашылып, ол жүйелі түрде жұмыс істеуі керек. Жазушылар одағының жанынан Әдеби қор ашылып, ол коммерциялық негізге көшуі қажет.

Бір қуанарлығы, заман үрдісінен қалмай қазақ жазушылары өз күшімен шетелдік кітап нарығына шығып жатыр, бірнеше қазақ авторының  кітабы Түркияда Güveler shehrı жүйесінде сатылымға да түсті.

Дегенмен қазақ тіліндегі әдеби көркем шығармалар жарнамаға мұқтаж. Қазақ қаламгерлеріне өз туындыларын насихаттайтын жарнама беру алаңы жетіспейді. Мемлекетімізде қазақ тілді платформа өте аз. Жазушылар одағы бұл мәселені қолға алса, нұр үстіне нұр болар еді.  Кейбір қазақ тілді кітаптар Kitap DYKENI-інде тұрғанымен, оларға көрсетілетін жарнама мен техникалық қолдау жоқтың қасы. Қазақ тіліндегі аудиокітаптарды тез табуға болатын сайттар көптеп ашылуы керек. «Амазон» платформасына шығу үшін біздің шығармалар ағылшын тіліне сапалы аударылуы керек, ал ол бір күннің жұмысы емес.

Совет заманында қолжазбаны оқыған, әдеби процеске шолу жасаған, әдеби шығарманы  кітап етіп бастырып шығару керек пе, жоқ па, соны шешкен әдебиет сыншылары болды, солар қазір жоқ. Себеп? Себебі, әдеби сыншылар еңбегіне қаламақы күтеді, қаламақы болмаса, әдеби сын да жазылмайды.

Сондықтан ең әуелі әдеби сыншылар мен көркем аудармашылардың жұмысы жүйеге қойылуы керек. Сонда ғана фантастика, фэнтези, мистика секілді жаңа жанрларда жазылатын шығармаларды жазуға және сараптауға мүмкіндік болады.

Жас қаламгерлерге әдебиеттің жаңа жанрының теориясы мен тәжірибесін  үйрету үшін үш айлық немесе алты айлық әдеби курстар ашу, ол жерде жаңа жанрларды игерген шетелдік, тәжірибелі қаламгерді шақыру үрдісін  жолға қою – бүгінгі заман талабы. Мұндай әңгіме айтылғанда Жазушылар одағының  халықаралық байланыстар бөлімін ашу мәселесі өздігінен күн тәртібіне шығады.

Қазақтың заманауи  прозасы мен поэзиясын шет тілдеріне аудару жұмысын бір жүйеге келтіру керек. Антология шығарып қана қою аздық етеді.  Шет тілін білетін, жазуы қалыптасқан талапты жастарды  көркем аудармашылар курсынан тәжірибеден өткізіп, содан соң шет елдерге оқуға жіберу керек.

Жазушылар одағында әдеби семинарлар, өзіміздің және шетелдік танымал қаламгерлердің шеберлік сағаттары өткізіліп тұрса, бек жақсы болады. Өйткені осындай жиындарда кәсіби жазуға икемдеудің қыры мен сыры тілге тиек етіліп,  көркем әдебиеттің заманауи теориялары талқыланады. Жазу теориясы мен тәжірибесін жаңаша қалыптауға, тың идеяларға жол ашылады. Әсіресе бұл проза, поэзия, театр және кино драматургия  саласындағы қаламгерлерге пайдалы.

Семинарлар мен конференциялар – әдебиет практикумындағы перфекционизмге жол бермейтін құралдың бірі. Осындай жиындар  шығармашылық үдеріске ынта-ықылас пен жазуға деген құштарлықты оятады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Ұлттық Ғылым академиясының мәртебесін көтеру қажет екенін атап көрсетіп, «бұл құрылым ғылыми сараптама жасайтын беделді мекеме болуы керек» деген болатын. Жазушылар одағы да әдеби сараптама жасайтын беделді ұйым болуға талпынуы тиіс.

Бұл қоғамдық ұйым қазір реформалардың қарсаңында тұр деп айтса да, болады. Президент заман талабына сай саяси реформаларды қарқынды жүргізіп жатқанымен Жазушылар одағы соған сай өз жұмысын үйлестіруге дәрменсіз болып тұр. Жазушылар одағы заман ағысынан  қалып қоймауы қажет.

Жазушылар одағының бірінші және ең басты міндеті – әдебиетті дамыту. Қаламгерлерге жағдай жасалмай, кітап тарату мен қаламақы мәселесі шешілмей, жақсы шығармалар тумайды.

Жазушылар одағының екінші міндеті – біздің қоғамның бірлігі мен ынтымағына жұмыс істеу.  Жаһандануға төтеп беретін иммунитетті күшейту, зиялы жұрттың зияткерлік қабілетін арттыру, қоғамдық сананы ұлттық деңгейге көтеру.

Жазушылар одағы Мемлекет басшысының реформаларын қолдай отырып, әлемдік тенденциялардан бейтарап қалмауы керек. «Қазақ қаламгері неге Нобель сыйлығын алмай жатыр?» деген мәселенің көтерілгеніне жиырма жылдан асты, сол мүддені көздесек, шығармашылық ұйым талантымен халықаралық деңгейде көрінетін жазушылардың шығуына жұмыс істеуі керек.

Жазушылар одағы жас қаламгерге бағыт-бағдар бере алатын орталыққа айналуы қажет. Ол үшін жастардың шығармашылық лабораториясын қалыптауға атсалысып, жан-жақты көмек беруі тиіс. Жаңа таланттардың шығуына ықпал етуі керек.

Мемлекеттің мұның бәрін жүзеге асыруға мүмкіндігі бар. Осы ретте ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың идеологияға баса назар аударып отырғаны көңілге үміт ұялатады. Жазушылар одағы жаңа Қазақстанмен жаңа кезеңге шығуы керек. Өкінішке қарай, Жазушылар одағының ескі Қазақстанда қалып қойғанын көріп отырмыз. Президентіміз жаңалықтарға, реформаларға жол ашып тұрғанда Жазушылар одағы жаңа белеске көтерілуі қажет.

Бөлісу:

Көп оқылғандар