Болмасын соғыс!

Бөлісу:

08.05.2023 1770

Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан 1 миллион 366 мың адам аттанған. Майдан даласында қаза тапқан, ауыр жараланған, хабар-ошарсыз кеткендер мен тұтқынға түскендер саны – 630 мың адам. 

Қазақстаннан 12 атқыштар дивизиясы, 4 ұлттық атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 2 екі ұлттық атқыштар бригадасы, 50-ге жуық полк пен батальон жасақталған.

Сталиндік режим Орта Азия мен Қазақстанның байырғы халықтарынан «еңбек армиясын» құрды. Оған тек Қазақстанның өзінен 700 мың ересек адам алынған. Мұның сыртында өнеркәсіп орындарындағы қара жұмысқа 670 мың адам шақырылған. 

Қазақстанның бірқатар облыстарында соғысқа алынғандардың ішінде қазақтардың үлесі 50-60 пайыздан асып түскен.

Қару мен құрал ұстауға жарамды азаматтарды жаппай мобилизациялау салдарынан 1944 жылы елде соғысқа жіберетін адам табу қиындап кеткен.

Соғыстың бастапқы жылдары ең ауыр шайқастар өтетін алғы шептерге Қазақстан мен Орта Азиядан жасақталған әскери бөлімдер мен құрамалар жиі тасталған. №106 Ақмола қазақ атты әскер дивизиясы мен атақты №8 Панфилов атқыштар дивизиясы – соның бір мысалы.

Қазақстанда жасақталған құрамалар Ленинград қорғанысына, Сталинград пен Курск түбіндегі шайқастарға, Днепр өзенінен өтуге және Украинаны, Белоруссия мен Молдованы, Балтық елдері мен Шығыс Еуропаны жаудан азат етуге қатысты.

Рейхстагқа алғаш ту тіккендердің бірі – қазақ Рақымжан Қошқарбаев. Сұлтан Баймағамбетов шабуылда бас көтертпей атқылап жатқан неміс дзотын өз кеудесімен жапты. Оқ тиіп, өртенген ұшағын жаудың әскери эшелондарының үстіне құлатқандардың ішінде Бақтыораз Бейсекбаев пен Нұркен Әбдіров те бар еді. Қазақтың қос қызы – Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова батыр атағын алды. Соғыс кезінде батыр атағына ұсынылған Хиуаз Доспановаға тәуелсіз Қазақстанның Халық Қаһарманы атағы берілді.

Қазақтар немістер басып алған КСРО аумағындағы ғана емес, Болгария, Югославия, Италия, Франция сияқты Еуропа елдеріндегі партизандық қозғалыстардың да бел ортасында жүрді. Олардың арасына Совет Одағының батыры Зиямат Құсанов, партизандар Бошай Қанапиянов, Юсупов және тағы басқалар бар. Алайда оларды отандарында батырдың даңқы емес НКВД-ның ГУЛАГ-ы күтіп тұрды.

Партизандық соғысқа қатысқан қазақтардың саны 3,5 мың адамға жеткен деген дерек бар. Олардың кейбірі партизан отрядтары мен құрамаларын басқарды. Бұған мысал ретінде Қасым Қайсенов, Әди Шәріпов, Тоқтағали Жанкелдин, Ғалым Омаров, Нұрым Сыдықов, Сәтімбек Төлешев, Ғалым Ахмедияровтарды айтуға болады. Нұрғаным Байсейітова, Тұрғаш Жұмабаева, Жамал Ағаділова сынды қазақтың партизан қыздары да жаумен шайқасқан. 

Қазақстандық 500 жауынгер Совет Одағының батыры атағын алды. Оның 97-сі – қазақ. Жүзден астамы «Даңқ» орденінің кавалері шыққан. Төрт адам екі мәрте батыр атағын алды. Солардың бірі – Талғат Бигелдинов. Жәнібек Елеуісов Совет Одағының батыры атағын алғанда небары 18 жаста еді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар