Тұнық жырмен өрілген өмір
Бөлісу:
Қазіргінің ғалымы болсын, ежелгінің ғұламасы болсын, «Өлең – сөздің патшасы» екенін айтып кетті. Бүгінгінің ғалымдары өлең оқығанда адам миында ерекше толқынды тербелістер пайда болатынын айтады. Өлең оқыған ми өзінің салмақты қалыбына бірден түспейді екен. Біраз уақыт толқып тұрады-мыс. Бәрінен де ми сөздің қолданысына толқиды екен. Ми сөздің қисыны мен ұйқасына мән беруге уақыт жұмсайды. Сол себепті өлең мидың өсуіне қатты әсер етеді. Әрине, қазіргі ақпараттық технологиялар дамыған заманда адам жадысын алмастыратын дүниелер қаптады. Бір нәрсені есте сақтауды қосымшалар мен телефон, компьютерге жүктей саламыз. Өкінішке орай... бұл мидың деградацияға ұшырауына бірден бір себеп.
Ми деген суперкомпьютер ғой. Оны лайықты деңгейде қолданбаған соң ол өше береді. Ал, өлең оқу мидың тонусын көтеретін тәсіл. Өлең тек жадыны жақсартуға ғана жұмыс істемейді екен. Бала күннен жаттап өскен тақпақтар ел алдында еркін сөйлеуге бейімдейді. Баланың өз ұялшақтығын жеңуге, дауысын нық қоюға, ырғақты сезінуге, өзгенің көзіне тік қарауға үйрететіні және бар. Тақпақты көп жаттау кейде титтейінен өлең шығаруға итермелеп жатады. Өйткені, өлеңдегі сезім иірімін меңгерген бала, өз сезімін өлеңмен шығаруға бейімделуі әбден мүмкін. Сонда эмоциясын басқаруда психикалық теңгерім орнатады.
Егер қиын тақырыпты өлеңмен түсіндірсе, оны есте сақтау бір жарым есе оңай екен. Мысалы, басқа елдің әліпбиін өлеңдетіп жаттатса, миға қона кетеді. Ағылшынды бәріміз солай үйренгенбіз, иә? Сол себепті, баламен жұмыс істегенде өлең, тақпақ жаттату зор маңызға ие. Балаға да оңай, мұғалімге де. Адам жай тақпақ жаттап жатқандай көрінгенмен, ми сол сәтте ауқымды жұмыс жасап жатады. Мидағы жасушалар арасында жаңа нейрондар түзіліп, адамның зияты іске қосылады: жады, зейін, қиял, ойлау, сөйлеу – бір арнада тоғысады. Сол себепті тақпақты жөргектен жаттату пайдалы. Бесік жырын айту, әлдилеу. Тақпақ дәрумен секілді сәбидің миын дамытады.
Ғылыми эксперименттердің бәрі де өлең жаттайтын адамның миы анағұрлым тез дамитынын көрсеткен. Зияты лайықты дамыған баланың бақытты өмір кешуге, жетістікке жылдам жетуге мүмкіндігі көптеу боларына келісесіз бе? Сондықтан балаға өлең жаттату – «баланы ересек өмірге лайықты дайындаудың іргетасы» деген тұжырымды білдіретініне еш күмәнданбаңыз. Содан да өлең әлеміне қадам басқан әр ақынның ізденісі – күллі адамзат үшін жасалар игіліктің кеніші деп білгейсіз.
Өмірін өлеңмен өрнектеген ақындар шығармашылығына және бір қайырылсақ деп отырмыз. Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, Т.Айбергенов атындағы медальдің иегері, өлең әлемінде өзгеше қолтаңбасы бар ақын - Мирас Асан. Мирас Асанның «Соңғы раушан», «Бекзат», «Сүйесің, жүрек, сүйесің» атты жыр жинақтары бар. Мирастың әлемі тек сезім мен махаббаттың әлемі емес, ол поэзияның әр түріне еркін қалам сілтеген ақын. Жалпы адам бойындағы ғажап сезімнің күллісіне арнаған өлеңдері баршылық. Мейлі, ол махаббат, мейірім, сағыныш, қайғы, қуаныш болсын...
Мирастың өлеңдері жаңа ғасырдың үні. Еркіндік пен тәуелсіздіктің үні. Еркін елдің ұланының есті өлеңі. Ол әлемнің жаратылысындағы ең көне бастаулардан бастап жырлайды. «Кереғар» өлеңінде сол ақ пен қараның, жақсы мен жаманның, көңілді мен көңілсіздің, бар мен жоқтың арасына көпір іздейді. Антонимдерден түзілген түбіт мұң... Бар да емес, жоқ та емес. Қарама-қайшылықтардың, қисынсыз өмірдің бір парасын саралаған екен. Бөтен әлемнен өзіңді іздеп тапқандай боласың. Әлде таппай қиналасың. Бұл өлеңде жұмбақ бар. Бірақ сондай айқын, анық жұмбақ. Әр оқырман електен өткізе сала, сол жұмбақтан өзін таба қояды. Бар мен жоқтың арасындағы сезім, уайым – бәрі де әрі таныс, әрі жат.
«Көктемде құспен келдің,
Шатырдан жас боп тамдым.
Шарапты ішкен менмін,
Сен неге мас боп қалдың?
Көктемде гүлмен келдің,
Үзіліп түскен әнмін.
Күршекті ілген менмін,
Сен неге іште қалдың?»
«МЕНІҢ ӘДЕБИ ОРТАМ» деген өлеңінде әдемі тіркес бар:
«Ақындарым – сендер менің дос елім,
Тұрғынымын сендер тұрған көшенің.
Сендердікі менің жүріс-тұрысым,
Сендердікі менің қисап-есебім» - деген.
Өз әлеміне деген әдемі арнау. Әр ақыннан өзін іздеп, ақынның бітім-болмысына баға беруге келіңкірейді. Ақындар әр түрлі, өлеңге деген таласы да әр түрлі. Әрбірін дос көру, әрбірін рухтас көру. Ақынды өсіретін де, өшіретін де ортасы, әдеби ортасы. Оның кірпіші болып қалану бар, сол ортаны өсіріп, мерейін үстем ету тағы бар. Жағаласып, жарысу – бұл да бар. Онсыз да прогресс жүрмейді. Көңіл өспейді, сезім өспейді. Көңілді сындырып алмай жарысу да өнер. Бұл ақындар әлеміндегі іштей ғана сезінетін бәсеке, дүние жарысты таза арнаға бұру – мейірім мен достықтың мұхитына сүңгу. Рухани өсудің талабына мойынсұну. Ақындар ортасы бекзаттық өнерге сүйсіну дегенді ғана меңзейтіндей. Мирастың өлеңінде сол сүйініш көркем сипат алған. Тамсанасың. Бірге сүйсінесің.
«Тозған иық, тозған бас, тіл ұшым кем,
Айғайлаймын жалғанға құр ішімнен...
Төзіп келе жатырмын кім үшін мен?
Тозып бара жатырмын кім үшін мен?» -
деген өлеңі кішігірім элегия десек те жарасар. Ұйқас пен ырғақтан бөлек ерекше аура бар. Сезімталдықтан бөлек ойлылық бар. Уайымнан бөлек бір саралау бар. Күйкі тірліктен бөлек ізденіс бар. Жанұшыра іздеген шындығы бар. Талабы таудай өлең дер ем. Арлы ақынның ұжданы сөйлеп жатқандай. Мынау жалғанның мың шындығынан шаршағанда, бір сәттік ақиқатын аңсатады. Селт еткізеді. Орамы да шұрайлы, қалыбы да ыңғайлы, өзіндік ерек қолтаңба бар.
«Қатыны найзаға сүйеніп толғатқан,
Батыры найзаға сүйеніп түн қатқан,
Ақыны найзағай жырымен үн қатқан,
Сайран да менің Сарыарқам!
...Алаң да алаң, алаң жұрт!
Таусылды тозып тағаң, жұрт!
Үйір-ақ сор мен саған бұлт!
Қиын-ақ күнің, сол үшін,
Ақбас тау, көбік көл үшін,
Жазира құмдақ шөл үшін,
Шоқы, үстірт, ойпат бел үшін
Сұрайды сауға алаңда ұлт!» -
дейтін ұлттық рух сарынындағы дүниесі ерекше. Ақынның лирикадан өсіп, ұлтының жоғын жоқтаған азаматтыққа аяқ басуы. Елдің рухани жағдайын, әлеуметтік тұрмысын, дәстүрі мен ғұрпын тілге тиек ете отырып, бүгінгі жоқты айтуы. Жалпы алғанда «Әлихан», «Суын», «Қасиет пен Қасірет», «Хан Кене», «Салсоқты», «Құмайқаз», «Арзу», «Қансонар» деген өлеңдерінде ел тарихынан шерткен сыры бар. Таптаурын дүние емес, әрбірінде сын да бар, сынақ та бар, айла мен аярлықты да айтады, кек пен жылтыр күлкіні де ұмытпайды, көлгірсу мен сатқындықты да аямайды, ашық айтады. Құлағанын, жылағанын, құшағын ашқанын, сөйте тұра артынан пышақ сұққандарға түк істей алмағанын. Бір ақынның басындағы хәл күллі жұрттың тарихындағы із сияқты. Әр өлеңі өзінше бір хикая іспеттес. Етене жақын қазақы ұғымдармен иіп әкеп төл тарих пен дәстүрдің шоқтығы биік тұстарын іріктеп ұсынғаны сүйсінтеді.
«Өзендер шөлдейді қаталап,
Жанарлар күледі боталап...
Ішіме сыймайды сонда өлең
Маңдайға сыймайды махаббат...»
- қолдан ұшырып алған сезімге деген қимастық. Жалпы алғанда Мирастың лирикасы ерекше тұнық әлем. Сезімге бай, сезімнің ішіндегі ішкі иірімдері қалыпты шеңберден шығып, қайталанбайтын сүрлеуге бастайды. «Поэзия деген өнердің ең биік белесі. Қалған өнер түрлері шығармашылық ізденісін өз аясында көрсетумен ғана аз-кем шектеулі болып қалады. Ал, поэзия сөздің еркін өрісін көрсетеді, сөзде дыбыс та бар, сипат та бар, нақты көрініс те бар. Сондықтан поэзияда өзге өнердің бәрінің элементі бар» - депті В.Белинский өзі пікірінде. Расында да бір өлеңнен қаншама эмоция бой көтереді, қаншама естелік тіріледі, қаншама құпия сілкінеді. Ақынның эмоциялық психологиясы неғұрлым бай болған сайын өлеңнің де әрі кіріп, ерекше бояуға боялатындай. Сезімге деген соны ілтипатты оятатын осы өлеңде қанша түрлі бояу бар. Өзеннің шөлдегенін көргеніңіз бар ма? Жоқ болар. Бірақ ақын солай деген соң сенесіз де, өйткені, сенімді ғып айтады. Маңдайға сыймаған махаббат көп шығар, бірақ оны дәл осылай әсірелеу болмағандай.
«Бір сезім болады байқалмай жететін,
Бір сезім болады айта алмай өтетін...
Құрлықтар сияқты сілкініп көрмеген,
Мұхиттар сияқты шайқалмай кететін...
Бір сезім болады, ренжіме, кек соңы,
Бір сезім болады, бақытты етші оны...
Қоңырау сияқты белгісіз нөмірден,
Саңырау сияқты еститін тек соны...» -
қандай ғажап толғаныс. Бұл егіз тармақты өлеңнен тек сезім емес, терең пәлсапаны да айқын көресіз. Мирастың өлеңі бір оқығанға жеңіл көрінеді, шын мәнінде оның өлеңдері айсберг сынды. Бетін көрсең оңай сияқтанады, астарына үңілсең – ауырдан да ауыр, тереңнен де терең. Оқыған сайын ұйығына түсе бересің. Көп ойланасың, көп толқисың. Оның сезімі жеңілтек емес, оның сезімі мұхиттай терең, Хантәңірідей биік, айдан да асқақ, күннен де саф! Кермек дәм сезілгенмен, жаның сусайды, жүрегіңе дәру табасың. Рухтанасың. «Поэзия — адам бойындағы сезімнің неғұрлым терең әрі жұмбақ күйін танытудың тәсілі» депті британдық пәлсапашы Джон Стюарт Милль. Расында өлеңмен сан алуан ойда жүрген құбылысты бір-біріне кіріктіруге болады. Миға сілкініс, ұйқасқа орай, өлеңге ізденіс қажет. Бұл өлеңнің басы да ұйқас, соңы да ұйқас – көп ақын қолдана бермейтін егіз тармақпен ұтымды шыққан.
«Махаббат – өзің ғана білер шындық,
Шыңырау жүрек зындан – жіберсе үңгіп...
Тағдырым көзсіз жылап, сөзсіз сүйген,
Әйтпесе мен тұтқында жігер сұмдық.
Айтылмас сезімдердің зынданы – мен,
Ондағы тұтқын да өзім мұңға кілең!..
Ойлаппын бұл дүниеде жоқ деп сені,
Күллі әлем өзің болып тұрғанымен...» -
деген түңілістің өзінен биіктікті көресіз. Мұңға тұтқын болатын адам көп қой, бірақ өзін сезімнің зынданына теңегендер болмаған шығар. Алапат күйінішті жүректен өткізесіз. Өлең оқу шынымен тебірентеді, шынымен жүректі бейжай қалдырмайды. Бұл ақынның шынайылығы, бұл ақынның дегдарлығы. Бірге күрсініп, бірге күйінесіз.
Мирастың махаббаты тек парасаттан тұрады. Ол таң қалатын дүние емес шығар. Бірақ бәрібір тамсантады, баурайды, мойындатады. Өзінің жүрек арнасына тартып әкетеді. Бұл өлеңнің ерікті ұйқасы да, мағынасы да, сипаты да, тасқындап барып төгілуі де бөлек.
«Тәнті ғып,
Таң қалдырып,
Тамсандырып,
Алыстан қол бұлғайсың аңсарлы үміт.
Бір шыны кофеге де Құдай мені,
Сені ойлатып қояды дел-сал қылып.
Бір биік мұнарасың шыға келер,
Бір терең шыңыраусың құлап өлер.
Ғажайып қойылымсың қайталанбас,
Суретсің ұзап қарап тұра берер.
Жырлаймын сені ғұмыр жан ғазалым,
Өмірдің өзіндей бал өңді ажарың.
Ішпей-жемей мас болған менен сұра,
Іштей ғашық болудың мәңгі азабын» -
жауапсыз махаббаттың машақаты ма дерсің. Сезімдер арасындағы жұмбағы да көп, шешімі табылмайтын теңдеудей қитұрқылығы да көп құбылыстың бірі – осы жауапсыз махаббат. Дегенмен, тәтті сезімнің у-ын ішудің өзін бақытқа теңеп қойғаны неткен ғажап?! Махаббат өз жүрегіңнен басталып, өзіңді қаншалықты парасат биігіне жетелеуі емес пе? Қайрат Рысқұлбековтің бір сөзі бар: «Махаббатына деген ілтипатына қарап адамның адамгершілігін қапысыз тануға болады» деген. Жауапкершілік өз жүрегіңнен басталатынын Тәңір қалай жасырып қойған? Махаббат ерліксіз махаббат емес шығар, бірақ сезімді айта алмаудың азабын сезінген адам ғана білер. Жүректегі кейіпкеріңе деген мөлдір ілтипаттың биік көрсеткіші болар, бәлкім?! Ақынның теңеулері еш қайталанбайтыны риза қылады.
«Жолықтық бақ үшін бе, мұң үшін бе?
Білмеймін, кімбіз екеу, тірі сүлде...
Жария оқырмансың жұрт алдында,
Жасырын кейіпкерсің жыр ішінде...
Сені еске салады әсем әрбір әуен,
Сені ойлап атады аппақ таң дұғамен!
Білмеймін, тұтас ғұмыр жатыр бәлкім,
Біз кешкен жалқы сәтте мөлдір әлем»
- адамның ырқы мен ықтиярына қанша кісен салсаң да, сезіміне шектеу жоқ. Мөлдір өлеңге кейіпкер болудың өзі бір ғанибет. Ол бір тылсым. Оны сезіну, бастан өткеру, құрметтеу дегеннің өзі тәрбие. Мұнда тек сөздің үндестігі емес, күллі әлемге аян уысқа түспеген сезімнің сұлулығы көрініс тапқан.
Мирас Асанның өлеңдерінде үн, үндестік, ұйқасы мен ырғағы бөлек туындылары баршылық. Өз өлеңінен бөлек аударма жасаудағы ізденісі де ілкімді. Аударма өлеңдерінің өзі бір төбе.
«Бәстесті ең соңғы жапырақ,
Алғашқы қарменен.
Бірінші құлаған – ақымақ» - дегені Хоккудан аударма. Одан бөлек Михайл Анищенко, Аспазия (Рута Марьяш), Михай Эминеску, Анна Ахматова, Рудольф Блауман секілді ақындардан аударма жасаған.
«Сенің аппақ көйлегіңнен
Қара дақ пен шаң көрдім.
Бірақ өктем сөйледің сен,
Кірпігіңді паң кердің.
Қайдан білем, дал болғаным,
"Сүймепті" деп ұйғардым...
Сен жүрген жол шаң болғанын,
Лас болғанын жылдардың...
Сонда ғана бір-ақ білдім,
Білмей үкім кесіппін!
Теріс қарап жылап тұрдым,
Мен де шұрық-тесікпін...» -
деген жолдарды Рудольф Блауманнан аударыпты. Өлеңнің аты «Бақытсыздық». Жүректен мұнша қасіретті өткізу үшін қаншалықты бақытсыз болуға болады? Ауыр өлеңнің атмосферасын ғана емес, тұтас трагедиясын бере алу шеберлік. Прозаны аудару аударма, өлеңді аудару қайтып өлең жазумен тең. Ол ақынның мықтылығы. Өйткені, кей аударма өлең түпнұсқадан артық тәржімеленуі әбден мүмкін. Мирастың аударған өлеңінен де аударманың иісі шықпайды. Тек Мирасқа тән еркін ұйқас пен ойлы шумақ қана көресіз.
Жырдың тұнығын ұсынатын Мирас Асанның шығармашылығы өзіне лайық биігіне шыққан. Ізденісі мен сезім қуаты қанық өлеңдері мол. Өлеңі жүректен шыққан сөз – оны толқымай оқу мүмкін емес. Өлеңнің қуатын, күшін, тылсымы мен шапағатын сезіндірген ақынға мың алғыс. Ақын болу кәсіп емес, ақын болу – парыз әрі рухани борыш, бойыңдағы өнеріңді сарқып алмай, толыстыру да бап тілейді. Ақын болу сөздік қорыңды байыту, сезіммен жырлау, мейлінше ізгілікті сүйіншілеу. Мирастың теңеулері көңілде тұрып қалатынымен ерекше. Оның бақыты мырза, сезімі жеңге, көзі көл, уақыты құлжа, ойлары балықшы, жалғыздық шал бопты, махаббат қыз бейнеде, жүрегі жай көрші... Неге олай деп сұрағың келеді...
«Көрмей сүю - шын ғашықтық, шын азап,
Махаббатта жалғыздық бар мінәжат!
Махаббатта жалғыздық бар тұтқындық.
Мен тұтқынмын,
Сіз тұтқынсыз,
Кім азат?!» -
дегені де алабөтен. Сезімнің қиялда емес, өмірдегі бейнесі. Ең әдемі көрініс – жүректегі нәзіктікті сыртқа шығара алу. Мирастың ерекшелігі ол махаббаттың сол нәзік пернесін дөп табатыны.
Бөлісу: