Оконквоның масасы

Бөлісу:

31.05.2023 1903

Қазақ қоғамына, әрісі кіл түрік жұртына ортақ «Ояну» мотиві бар екені баршамызға аян. Тіпті халықты «оятуға» тырысқан адамдарды да еш ұмытпақ емеспіз. Қазақ әдебиетінде осы бір «ояту» мотиві жайлы сөз бола қалғанда, Ахмет Байтұрсыновтың «Маса» өлеңі ең алғашқы болып тіліміздің ұшына «қона қалады». 

Ызыңдап, ұшқан мынау біздің маса,

Сап - сары, аяқтары ұзын маса.

Өзіңе біткен түсі өзгерілмес,

Дегенмен, қара яки қызыл маса.

Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,

Қаққы кеп қанаттары бұзылғанша.

Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,

Қоймастан құлағына ызыңдаса? – деп өрілетін мәтінде ұйқыдағы халықтың «құлағына маса келіп ызыңдаса, қалың ұйқысын аз да болсын бөлмес пе екен?», - дейді Ахмет Байтұрсынов. Классикалық ұғымда бүгінге дейін зерттеліп, бағамдалып келе жатқан пікірлердің ортақ түйісетін нүктесі: «Маса болып қалың ұйқыдағы халықты ояту». Жә, бір қарағанда өте көркем һәм сұп-сұлу тәсіл. Біз бұл сөйлемнің айналасын тарихи оқиғалармен «толтырып» жіберсек, тіпті жүрегімізге жақын келе түседі. Сосын осы және осы сарындас мотивтерді басшылыққа ала отырып, Алаш қайраткерлерінің ерен еңбегі жайлы жаза/айта түсеміз. Әрине, олардың біз үшін, дұрысы келешек үшін атқарған еңбегі орасан зор. Оны ешкім жоққа шығармақ емес. Десе де, бір сұрақ туындайды: «Қалың ұйқыға кеткенге дейін біздің халық қандай болды?!». Бәлкім, «үстіңгі ерніңіз көк тіреп, астыңғы ерніңіз жер тіреп» қазақтың ұлылығы жайлы «көпіре» түсуіңіз мүмкін. Бірден кесіп айтайық, «ұйқыға дейін» де қазақ қоғамы «шекесі шылқыған қоғам» болған жоқ. 

Ендігі көз алдыңызда ілгерілеп жатқан мәтін де осы тезис және қойылған сұрақтың төңірегінде өрбитін болады. Бірақ, сайып келгенде, жазылып жатқан мәтіннің бұл сұраққа түк те қатысы жоқ болуы ықтимал. Себебі негізгі жазба Нигериялық жазушы, ақын Чинуа Ачебеның «Things Fall Apart» атты романы жайлы болмақ. 

1930-2013 жылдар аралығында өмір сүрген Чинуа Ачебе жоғарыда айтқанымыздай, көрнекті нигериялық жазушы, ақын, профессор және сыншы. Модерн африка әдебиетінің негізін қалаушы қаламгерлердің бірі, дұрысы бірегейі. 1975 жылы «An Image of Africa: Racism in Conrad’s Heart of Darkness» атты халықаралық конференцияда  Джозеф Конрадты «қарғыс атқыр нәсілшіл» деп айыптайды. Ол күнге дейін Джеймс Джойс, Вирджиния Вульф, Эрнест Хэмингуей сынды алыптардың  өздері «қарыздар» жазушыны және оның Африка жайлы жазылған ең «шедевр» еңбектердің бірі «Heart of Darkness» шығармасы  жайлы мұндай пікір айту кез келген адамның қолынан келмейтін ерлік еді. Ачебенің осы бір сөзі Еуропа қоғамында үлкен дау туғызғанын да айта кету керекпіз. Шыны керек, өзіміз де Ачебенің триологиясын «T.S.Eliot'un "The Waste Land" uzun şiirinin Joseph Conrad'ın “Heart of Darkness with The Congo Diary” eseri bağlamında incelenmesi» атты зерттеу жұмысын жүргізіп жатқан уақытта оқыған болатынбыз. Зерттеу жұмысымыздың нәтижесінде Элиоттың аталған поэмасын басқа қырынан көруге мүмкіндік туған. Бәлкім, алдағы уақытта ол жазбамызды да қазақ тілінде жариялауға нәсіп болар. Қазір біздің назарымыз Ачебе болғаннан кейін, ол тақырыпты осы жерден жабуды жөн санаймыз.

Сонымен, Африканың игбо тайпасынан шыққан жазушымыз академиялық білімін ағылшын тілі, тарихы және теологиясы бойынша алады. 1967 жылы Биафра аймағы Нигериядан бөлінген кезде, Ачебе Биафра тәуелсіздік қозғалысының жақтаушысы болып, мемлекеттік елші қызметін де атқарған. Бірақ сол кезеңдегі жемқорлық пен зорлық-зомбылықтың кесірінен Биафра қайтадан Нигерияға қосылуға мәжбүр болады. «Ұйқыдағы халықтың» оянған күнінің өзінде де, «ұйқыға дейінгі» халықпен синтетикалық (Кант) тұрғыдан бір емес екенін, тіпті «ұйқыға дейін де» кемшіліктерге толы болғанын аңғарған Ачебе саясаттан алыстап, өзін толықтай әдебиетке арнайды. Барлық шығармасы дерлік игбо тайпасының ауыз әдебиеті мен мәдениетіне, дәстүрлеріне, оларға христиандықтың ықпалы мен индустриялық дәуірдегі экономикалық ресурс қақтығыстарына негізделген. Мысалы, біз сөз ететін «Things Fall Apart» романы автордың ең алғашқы шығармасы. Одан кейін «No Longer at Ease», «Arrow of God», «A Man of the People», «Anthills of the Savannah» атты шығармалары жазылады. Ачебенің басқа жазушылардан айырмашылығы, барлық шығармаларын «отарлаушының тілі» ретінде есептелінетін ағылшын тілінде жазғандығы және Франц Фанонның тілімен айтатын болсақ, «постколониалды невроз» негізінде «өз шеккен азаптарымен мақтанатын» қоғамның жақтаушысы ретінде емес, керісінше кемшіліктерін де жасырмай шығармаға төккендігінде еді. Яғни, Ачебенің шығармашылығына қазақтың «жақсысын асырып, жамандығын жасырып» деген сөзі жүрмейді. Ачебе ештеңені «асырмайды» һәм ештеңені «жасырмайды».  Осылайша, «Things Fall Apart» атты тырнақ алды туындысы үшін 2007 жылы әдебиет бойынша «Man Booker» сыйлығына ие болады.

Енді модерн африкалық әдебиеттің негізін қалаушы Чинуа Ачебені түсіну үшін африкалық мәдениеттің отаршылдықтан кейін қалыптастырған постколониалдық дәстүрін біршама ұғыну керекпіз деген ойдамыз. Ачебе – отаршылдыққа дейінгі өз қоғамының «ізгілікке толы, адам құқықтары мен хақылары қорғалған қоғам емес екенін» ашық айта алған, тіпті отаршылдық дискурспен бұрмаланған Африка мен африканизм концептілерін қайта қолға алған санаулы жазушылардың бірі. 

Постколониялық африкалық әдебиет, Африка тәуелсіздігін алғаннан кейінгі жергілікті жазушылардың отарлаушылардың қалдырған қалдықтарын жоюды, Африканы құндылық ретінде жаңғыртуды, модернистік және постмодернистік стильде «африкалық субъективтілікті» ашуға бағытталған әдебиет. Ал енді осы әдебиеттегі Ачебенің ерекшелігі африкалық дискурс пен отаршылдық көзқарастың редуктивтік тәсілін талдау кезінде оның шынайы «қалам тербеуі» деп айтқымыз келеді. Мәселен, жоғарыда тілге тиек еткен Джозеф Конрадтың «Heart of Darkness» атты шығармасында: Тарихқа дейінгі адам бізді қарғап жатыр ма, ғибадат етіп жатыр ма, қош келдің деп жатыр ма, бір құдай білсін?! Түсіне алмадық. ...Себебі біз ізі де, естелігі де қалмаған сол алғашқы дәуірлердің түнінде алға басып келе жатқан едік», - деп жазады. Мән беріп қарайтын болсақ,  Джозеф қара тәнді адам(дар)ды «тарихқа дейінгі адам», ал сол уақытты «алғашқы дәуір» (тас дәуірі) деп суреттейді. Ачебенің өзге жазушылардан тағы бір ерекшелігі, Джозеф Конрад бастаған Х.Райдер Хоггард, Элспет Хаксли, Джойс Кэри, Роберт Л.Стивенсон және Эдгар Райз Берроуз сияқты жазушылар тудырған африкалық қиялды жойып, қара құрлықтың шындығын «күн бетіне» шығарған жазушы. 

Африка әдебиет тарихындағы теңдессіз трилогияның алғашқы шығармасы, яғни «Things Fall Apart» романында Еуропалық державалардың Африка географиясына ықпалын сипаттайды. Дәлірек айтсақ, шығармада 1800 жылдардың соңғы кезеңдері, игбо тайпасының мәдениеті және романның бас кейіпкері Оконкво мен тайпа мүшелерінің күрделі әлеуметтік құрылымы көрініс табады. Шығарманың өн-бойынан тайпалық өмірдің ұзақ жылдар бойы өзгермегені байқалса, отарлаушылардың аймаққа келуімен, қару-жарақ орнына Библияға басымдық беруі, «өзгермеген» қоғамның күн санап түрленуі, бөлшектенуі, ыдырауы, жатсынуы психологиялық аспектілер арқылы баяндалады. Енді біз романның «табалдырығын» алғашқы беттен немесе алғашқы оқиғадан емес, мәтіннің динамикасына қарай романда айтылатын бір ертегімен аттайтын болсақ, мәтін төмендегідей түзіле түседі.

Романның бас кейіпкері Игбо тайпасының Умуофия руының жетекшісі, жауынгер рухты Оконкво ұйықтап жатып, құлағының түбіндегі масаның ызыңынан оянып кетеді. Масаны «жер жастандырғаннан» кейін, неліктен «құлағына» маза бермейтіні жайлы ой сап ете қалады Оконквоға. Сосын бала кезінде анасының айтып берген ертегісі есіне түседі: Күндердің бір күнінде маса құлаққа көңілі ауып, үйлену туралы ұсыныс жасайды. Құлақ масаны менсінбей «Қанша уақыт өмір сүрем дейсің? Қазірдің өзінде ілініп-салынып жүрген қу сүйектен басқа ештеңе емессің» деп мазақ қылған екен. Сол күннен бері жігері құм болған маса құлақтың қасынан ұшып өткен сайын «Қара, мен әлі тірімін» деп ызыңдап өтеді-мыс. Өз заманының ең ұлы балуаны және күрескері, атақ-даңқы бүкіл Батыс Африкаға таралған Оконквоның құлағының түбіне ызыңдап келген «тірі» масаның өлімі, кейіпкерді қайтадан ұйқының құшағына сүңгітіп жібереді. 

Осылайша, Ачебе Игбо тайпасының сол кездегі хәл-ахуалын «масаның өлімі» арқылы суреттеп беруге тырысады яки біздің ойымызша тырысады. Яғни, енді бұл қоғамның құлағына ызыңдайтын масасы жоқ. Оны Оконкво секілді қолбасшылар мен халықтың өзі «өлтіріп тастаған». Бірақ масаны өлтірді екен деп, Оконкво нашар кейіпкер немесе ұлтының болашағына балта шабушы деп есептей алмаймыз. Керісінше, Оконкво ұлтын сүйген, ұлт келешегі үшін аянбай еңбек еткен, тіпті жанын беруден тайынбайтын қаһарман. Тек әкесіне ұқсағысы келмейді. Әкесі қоғам шарттарына салсақ өмірден өз орнын таппаған, әлсіз, жетекшілік қабілеті жоқ, ешқандай соғыста аты шықпаған «сәтсіз» кейіпкер. Бала кезінен бастап әкесіне ұқсамау үшін қолынан келгеннің барлығын жасайды. Нәтижесінде соғыста батырлығы сыналып, жастайынан халқы үшін қаһарман атанады. Бірақ оның он екі жасар ұлы Нвойе атасы секілді жалқау һәм әлсіз еді. Ал қызы Езинма болса Оконкво секілді «жүрек жұтқан» жан. Бірақ қыз болғаннан кейін, оған көп көңіл бөлгісі келмейді. Себебі бұл қоғамда әйел субъект емес, объект. Бұл қоғамда қыз баласын «малша» сатып алуға, алақаны қышыса «маса секілді» өлтіріп тастамаса да, бір сабап алуға болады. Мысалы, тайпаның қасиетті күндердің бірінде, күннің «қасиеттілігіне» қарамай, Оконкво екінші әйелін – Оконквоның үш әйелі бар – болмашы бір себеп үшін сабап тастайды. Ең өкініштісі, ешкім бұл оқиғаны елемейді де, «таяқ жеген» екінші әйелі де мұны қалыпты жағдай деп санайды. Тіпті қызының «адамдар үлкейген сайын оларды оттың күйдірмейтіні рас па?!» деген сұрағына шешесі назар да аудармай, жай ғана «иә» деп жауап беруі көп дүниені аңғартады. Ал бұл қалыптылық бізге Пьер Бурдьенің «habitus» ұғымын есімізге салады. Яғни, адамдардың қоғамға бейімделуіне және қабылдануына мүмкіндік беретін көзқарастар мен әдеттерді қамтитын ақпараттар жиынтығы. Бурдьенің пікірінше «habitus», әлеуметтік құрылымдардың күнделікті өмірден саясат өрісіне, мәдени талғамынан сөйлеу мәнеріне дейінгі барлық әлеуметтік тәжірибелерін сараптайтын ішкі құрылым. Міне, осылайша «қоғамға бейімделген» Оконквоның әйелдері мен көршілері жоғарыдағы оқиғаға ләм-мим деп ауыз ашпайды. Бірақ бұл дегеніміз игбо тайпасында әйелдердің құны бес тиын дегенді де білдірмейді. Мысалы, Оконквоның жер аударылып нағашы ауылына бас сауғалауы және нағашы ағасының «...Адам өмірі ойлағанындай өтіп жатқан кезде, қалағаны орындалып жатқан уақытта әкесінің отанына тиесілі. Бірақ қайғы мен мұңға батқанда анасының отанын іздейді. Анаң осы жерде, осы жерге жерленген. Сені ол әрдайым қорғайды. Осы үшін ана ең мәртебелі жан», - деуінен байқауымызға болады. 

«Қалыпты» болып көрінетін дәстүрлер, әдет-ғұрыптар мен рәсімдер арқылы өз болмысын қалыптастырған шығарманың кейіпкері Оконкво әу баста агрессивті, зорлық-зомбылыққа бейім болып көрінгенімен, тайпасының ассимиляцияға ұшырауына алаңдаушы, елінің ертеңін ойлаушы, «тайпасы үшін ібіліспен де келісімге келуге даяр» жауынгер екенін байқауымызға болады. Сәл тереңінен бойлап аңғаратын болсақ, Оконкво үшін ең маңызды дүние: «қалыптылықты» қамтамасыз ететін билікті ұстап тұру және оны ешқашан жоғалтпау. Ал бұдан «қалыпты» қоғам ешқандай зардап көріп отырған жоқ. Себебі барлығының «еті үйреніп кеткен».

Романның ілгерілеген бөлімдерінде көрші тайпа Умуофия руының бір әйелін өлтіріп қойып, құн ретінде бір қыз бен Икемефуна есімді бір жігітті береді. Қызды марқұм әйелдің күйеуіне қосса, ұлды Оконкво «уақытша» «иелік етуге» алады. Оконкво өз ұлынан көре алмаған барлық батырлық пен жақындықты осы «бөтен» ұлдан көреді. Тіпті аз уақыттың ішінде отбасы мүшесіне айналып кеткен бұл «бөтен» ұл Оконквоның сенімді серігіне айналады. Бірақ Оконкво оған, әрісі отбасының ешқандай мүшесіне өзінің шынайы сезімін көрсетпейді. Себебі Оконкво еркек. Ал бұл қоғамда еркекке сезім жайлы айтудың өзі үлкен айып, ұят. Эмоцияларды жасыру және қаһарман болып көріну африкалық тайпа көсеміндегі маңызды қасиеттердің бірі. Арада үш жыл өткеннен кейін тайпа көсемдерінің өзара шешімдеріне сәйкес «бөтен» ұлды өлтіру керек болғанда да, Оконкво басқаларға әлсіз болып көрінбеу үшін Икемефунаны өзі өлтіріп тастайды. Оконквоның ішкі арпалысы, бөлшектену осы бір оқиғадан кейін күн санап үдей түседі. Есі кіресілі-шығасылы болып жүріп, бір күні абайсызда өз тайпасындағы жас жігітті «жазым етіп» қояды. Осы үшін тайпаның ережелеріне сәйкес Оконкво және үш әйелі 7 жылға жер аударылады. Ауылдастары болса артында қалған шаңырағын «күнәдан тазарту» үшін өртеп жібереді. Осылайша, нағашыларына бас сауғалап кеткен Оконкво өмірінің екінші бөлімі басталады. 

Оконкво ауылынан жер аударылғаннан кейін миссионер-отарлаушылардың төңіректегі ауылдарға келгені туралы хабар тарайды. Көп ұзамай бұл отарлаушылар нағашы ауылы Мбатаға да келеді. Отарлаушылар келе сала ата-баба рухтары мен құдайларға сенудің күнә екенін айтып, бір ғана құдайға сыйынуға, христиан дініне сенуге шақырады. Әуелде оларды мазақ етіп елемеген жұрт уақыт өте келе олардың күштерінің ұлғайып жатқанын байқайды. Христиан дініне кірмегендерді қорлап, ауыл арасына жік салады. Әр жиналыста ру көсемдерінің намысына тиіп, оларды жазалап, ата-бабаларын кемсітеді. Тіпті Оконквоның жалғыз ұлы Нвойе шіркеуге барып, христиан діні бойынша «сауат» аша бастаған-тын. Нәтижесінде отаршылдар тайпалардың салт-дәстүрін, діни жоралғылары мен құндылықтарын, дәлірек айтқанда, олардың болмысы мен өткенін толықтай жойып жібереді. Яғни, тайпалық адамдар діни, әкімшілік және мәдени тұрғыдан бақылауды жоғалтып, барлық құзіреттілік ақ адамдардың қолына өтеді. Мұны Оконквоға досының айтқан мына бір сөзінен аңғаруымызға болады: «Әйелдеріміз бен ерлеріміз олардың қатарына қосылды. Егер ақтарды қуу керек болса,  қуып жібереміз ғой. Бұл түкке тұрмайды. Олар екі-ақ адам. Бірақ солардың ізін басып, артынан ерген халқымыз ше?». 

Көріп отырғанымыздай, кәрі құрлыққа иіліп келіп, иелік еткен отарлаушылар соңында кіл тайпаны өз бақылауына алады. Бұған шыдамаған тайпа көсемдері бір күні шіркеуге шабуыл жасайды. Алайда отаршыл губернатор «бүлікшілдерді» құрықтап, оларға айыппұл салады, мұнымен қоймай түрмеге қамайды. Қажетті айыппұлды төлегеннен кейін, «бүлікшілдерді» босатқанымен, қарсы соғысқа ешкім құлықты болмай шығады. Себебі де айқын. Барлығы басқарылуға көндіккен һәм көнген. Тайпа көсемдерінің кезекті жиналысында отарлаушы губернатор келіп, жиынды тарқатпақшы болады. Міне, осы кезде Оконкво ашуға булығып, қолындағы сойылымен көсемнің басын кесіп алады. Өкінішке қарай, тайпа адамдарының ешқайсысы отарлаушыларға қарсы күреспейтінін, тек өзі ғана емес кіл тайпасының болмысы бөлшектеніп кеткенін сезген Оконкво үн-түнсіз ауласына барып ағашқа асылып өледі. 

Романның соңында Оконквоның асылып өлуі постколониалық дискурстың көрінісі ретінде суреттеледі. Отарлаушы комиссардың «Төменгі Нигериядағы қарабайыр тайпаларды бейтараптандыру» кітабындағы ойымен айтатын болсақ, шығыстықтар ешқашан өздерін билей алмағандықтан, шығыстықтар мен олардың жерлерін әлдеқайда ұтымды батыстықтар басқаруға мәжбүр болады. Ачебе романда Оконкво жайлы «Оконкво ондай қатыгез адам емес еді. Бірақ оның бүкіл өмірінде сәтсіздік пен әлсіздік қорқынышы басым болды. Бұл зұлым құдайлардан, сиқырдан, орманнан, табиғат күштерінен қорқудан гөрі тереңірек, бәрінен асып түсетін Оконквоның ішкі қорқынышы еді. Сырттан шыққан жоқ бұл қорқыныш, жүрегінің түбінде жатты», - деп жазады. Осылайша, Оконквоның ішкі бөлшектенуі роман соңында қоғамның біртұтастығын жоғалтып бөлшектенуімен аяқталады. «Барлығына көнген тайпа адамдары отарлаушыларға қарсы ештеңе жасамай, бейне бір оларға өз тәуелсіздіктерін сыйға бергендей бере салды», - дейді Ачебе. 

Бұл жерде автордың шығармасын еуропалықтарға және отаршылдық мәдениет өкілдеріне жеткізу үшін ағылшын тілінде жазғанына ерекше мән беруіміз керек. Игбо тілінде жазудың орнына ағылшын тіліне басымдық беруі Ачебенің пікірінше, отаршылдық процестің жойқын қатігездіктерін «су бетіне» шығарудың ең ұтымды тәсілі. Енді осы тұрғыдан алып қарағанда, сөз етіп отырған романымыз дәстүрлі мәдениет, анимизм және христиандық, ерлер мен әйелдер, надандық пен сауаттылықты қайта қарауға жетелейді. Шынында «отарланғанға дейінгі/кейінгі» қоғамның ішінде Оконкво секілді ұлтшыл, ұлтшыл бола тұра «қатігез» кейіпкерлер жеткілікті. Ал мұндағы Оконкво - Африка әдебиетіндегі ең қызықты кейіпкерлердің бірі. Ол мисогинистік, төзімсіз, шыдамсыз және айналасындағыларды «қынадай қырып жіберетін күшке ие», тым амбициялы кейіпкер ретінде ерекшеленеді. Екінші жағынан, оның осы бір «кемшіліктеріне» қарамастан, оқырмандар оны аяған үстіне аяй түседі. Себебі ол да жоғарыда айтқанымыздай, отарлауға дейінгі «қалыптылықтың» құрбаны. 

Осы бір сөйлемдерді басшылыққа ала отырып, отарлауға дейінгі тайпаның патриархалды жабық қоғамда өмір сүргеніне көзіміз жете түседі. Әрине, барлығымыз азды-көпті аталған құрылымдық жүйенің не екенін, қандай екенін жақсы білеміз. Бірақ Ачебе патриархалдылыққа басқа қырынан қарауға болатынын көрсетеді бізге. Яғни, бұл әлеуметтік құрылымда тек әйелдер ғана емес, еркектер де құрбан дейді Ачебе. Мысалы, Оконкво өмір бойы «сәтсіздіктен» және «әлсіздіктен»  қорықты. Оның бар мақсаты, тайпаның көсемі болу. Ал бұл жолда оған сәтсіздік пен әлсіздік кедергі келтіреді. Оған керегі тек күш қана. Ачебе романында «Махаббатты көрсету әлсіздіктің белгісі, оның ойынша, көрсетуге тұрарлық жалғыз нәрсе күш қана», - деп жазады. Тіпті кішкентай кезінен бастап, әкесіне ұқсамау үшін қолынан келгеннің барлығын жасағанын да еске сала кеткеніміз жөн. Америкалық әлеуметтанушы Майкл Скотт Киммелдің «Masculinity as Homophobia: Fear, Shame, and Silence in the Construction of Gender Identity» атты жазбасында: 

«Барлық ер адамдар бірдей жаратылмаған. Немесе бәріміз бірдей жаратылғанбыз, бірақ бұл теңдік көзден бұлбұлдай ұшып барады. Өйткені біздің еркектік анықтамалар қоғамда бірдей емес. Еркектік анықтамасы үнемі басқа еркектің стандарттарымен өлшенеді және таразыланады», - дейді. 

Бұл дегеніміз, кез келген еркектік анықтамалардың алдында үнемі одан да мықты еркектік үлгілердің бар екенін көрсетеді. Микро еркектік және макро (гегемондық) еркектік ұғымдар тек қоғам ішінде ғана емес, ер адамдар арасында да иерархиялық құрылымның болуының көрсеткіштері. Сондықтан ерлер ерлер әлемінде де өздерін «көрсетуге» мәжбүр. Оконкво да өзінің еркек екенін дәлелдеу үшін үнемі басқа еркектерден үстем болуды көздейді. Аталған «стандарттарға» кірмегені үшін ұлын да «ұнатпайды», ал қызы еркек болып дүниеге келмегеніне «өкінеді». 

Ачебе романда «патриархалды қоғамның құрбанына» айналған Оконквоның мейірімділігін де астыртын суреттеуге тырысады. Мысалы, түн ішінде қызын тайпаның көріпкелі алып кеткенде, әйелі қызын ойлап көріпкелдің артына түседі. Оконкво бұл оқиға үшін ешқандай реакция білдірмейді. Бірақ таң қылаң бере әйелін тауып алып, үйіне барып демалуын, қызын көріпкелден өзі алып келетінін айтып үңгір алдында қалады. Біз бұл жерден қаншалық дәредеже Оконкво қатігез болса да, отбасына қамқор жан ретінде көреміз. Бірақ Оконквоның «мойны» жүктерге толы. Ол сол жүктерді көтеру үшін эмоциялық әлсіздікке бармау керек. Херб Голдбергтің «The Hazards of Being Male» атты зерттеуінде «Мүмкін емес ауыртпалықтар» концептуализациясы бойынша қоғамның ер адамдардан күтетін талаптарын төмендегідей санайды: 1) Жыныстық жүк 2) Кинетикалық жүк 3) Эмоциялық жүк 4) Батыр бейнесінің жүгі 5) Достық жүгі 6) Бала тәрбиесінің жүгі 7) Тұлғаның жүгі 8) Биліктің жүгі 9) Асыраушы болудың жүгі 10) Табыстың жүгі 11) Мансап баспалдағының жүгі 12) Тұтастық жүгі 13) Моногамия жүгі 14) Эмоционалдылық жүк 15) Автономиялық жүк 16) Денсаулық жүгі 17) Стихиялық жүк 18) Гегемония жүгі 19) Үздіксіз даму жүгі.

Көріп отырғанымыздай, Оконквоның үстінде осы жүктердің барлығы бар. Ол ешқандай «білек күшін» көрсетпейтін эмоцияға берілмеу керек, эмоцианалды ойланбай үнемі батыр кейпінде жүруі қажет. Ал игбо қоғамы болса, ерлерді әйелдерден әлдеқайда үстем деп есептейтін жабық қоғам. Осы бір жабық қоғамдағы үстем тап өкілдерін құрайтын еркектер тобына кіру үшін яки тобында болу үшін Оконкво секілді еркектер де үнемі өз-өздерін дәлелдеуге мәжбүр. Оконкво да осы мәжбүрліктің ішінде өмір сүретін, өз болмысын осы мәжбүрліктің ішінде қалыптастырған африкалық абсурдтық кейіпкер. Бірақ біз аталған мәселені әйел-еркек деп емес, маскулистік көзқараста күшті және әлсіз деп қарастыруды жөн деп санаймыз. Себебі толықтай бөлшектеген Оконкво ерлер әлемінде бұрынғы күшін жоғалтқан «әлсіз» адам. Өмір бойы қашқан әкесінің тағдырымен бетпе-бет келген қаһарман. Ендігі уақытта өзін дәлелдейтін белгілі бір ерлер ортасы да, қоғам да жоқ. Қоғамның өзі де ақ адамдардың келуімен бөлшектеніп кеткен-тін. Ачебеның аталған романынан өз мәдениетін, дәстүрлері мен нанымдарын миссионерлерден және отаршылдық саясаттан қорғай алмауының басты себептерінің бірі деп, тайпаның стереотиптік және еркектік түсінікті өзгертуге ашық еместігінде жатыр деген қорытындыға келеді. Себебі осы бір «кемшіліктерді» түзетуді ұрандап келген отарлаушылар қоғам ішінен қолдау тапты. Ал игбо мәдениеті болса бұл жағдайдың шешімін таба алмай, күн санап ыдырай түсті.  

Ең өкініштісі, романдағы жалқы есімдерді өзгертіп, қазақы есімдерді қойсақ, біздің қоғамды суреттеп жатқандай күй кешесіз. Ұйқыға дейінгі халықтың кемшіліктері мен қателіктері туралы бейтарап жазылған қазақы роман ба дерсіз. Бір қызығы, романды қазақы қоғаммен байланыстарғанда оқырманның санасында бірнеше сұрақ туындайды: Біз қандай халықты оятпақшымыз?! Ұйқыдан оянатын халық қандай халық? Оянғаннан кейін не болмақ? Әрине, ұйқыға дейінгі халық пен ұйқыдан кейінгі халықтың арасында жер мен көктей айырмашылық болғанымен, халық кешегі «кемшіліктерімен» бірге ояна ма? Егер дәл солай оянса ол қоғам бізге керек пе?! Ең қорқыныштысы, ұйқылы-ояу жатып Оконкво секілді масаны өзіміз өлтіріп қойғаннан саумыз ба?!

Оконкво өлер алдында өзі өлтірген масаны ойламағаны анық. Оны сол түні өлтіргені үшін өз-өзін кінәлі сезінбегені де рас. Халықтың ұйқыдан ендігі оянбайтынын, ояндыра алмайтынына өкінді және үмітін үзді, көз жұмды. Бірақ масаны өлтірген Оконкво емес еді. Тек масаға өлім Оконкво алақаны кейпінде келді. Масаны өлтірген қоғамның өзі болатын. Бәлкім, Оконквоға да өлім «өлі» маса кейпінде көрінген шығар, кім білсін?!

Бөлісу:

Көп оқылғандар