Дерттен туған дауа

Бөлісу:

07.06.2023 3614

Қырықтан асқанда бір мұғалім обырмен ауырып қалады. Оған бір жыл өмірің қалды депті. Мұғалім атақты англосаксондық тектен шыққан. Оны тек бір нәрсе мазалайды. Артымда қалатын әйелім мен қыздарымның күнкөрісін қалай қамтамасыз етіп кетсем деген... Ол ағылшын тілі мен әдебиетінен сабақ беретін. Қомақты ақша табу үшін роман жазайын деп шешеді.

Роман болғанда да ел жапатармағай алып оқитын роман жазу керек. Әйтпесе, сөреде жатып қалатын дүниеден пайда болмасын анық түсінеді. Оқырмандарын шәкірттері мен солардың ата-анасы ретінде елестетті. Кейіпкерлерін де солай екшеді. Ол үшін өмір деген туған жеріне ғана қатысты болатын. Роман жазу жаңа іс, ойының бәрі соған ауды. Уақыт қат. Ол жылдам жазып үйренді. Оны көркем әдебиет қызықтырмады. Тек авторлық құқын отбасына мирас етсе болғаны. Өзі кеткенде солардың қысылмай өмір сүруіне жетсе болды деген тілек. 

Бір жылдан соң Энтони Бёрджесс «Көңілді апельсин» атты романын аяқтады. Роман миллион жинады! 1971 жылы атақты Стенли Кубрик «Көңілді апельсин» желісі бойынша кино түсіреді. Бұл фильм әлемдік кинемотографияның классикасына айналды. Басты рөлді Малькольм Мак-Дауэлл ойнады. Шпана басына бақыраш киіп, барға барып сүт сұрайтын әйгілі кино бар ғой, сол. Кезінде фильмде зорлық-зомбылық тым көп насихатталған деп Ұлыбританияда режиссердің өзінің өтінішімен 2000 жылға дейін көрсетуге тыйым салынған еді. 

Бұл кітап елуден аса тілге аударылған. Кітабы сәтті шыққанына қуанған Энтони Бёрджесс жақсылап атап өтеді де, ертесі дәрігерге барады. Дәрігер сырқатнаманы оқиды, жаңа түскен рентген суреттерін көреді. Обыр жоқ. Бёрджесс роман жазып болғанша бейдауа дертінен айығып кетіпті. Құдайдың шеберлігінде дауа жоқ!  

Содан ол жазушы боп кетеді. «Көңілді апельсин» – XX ғасырдың әдеби парадоксы саналады. Әдеби тіл мен ауызекі тілді араластырып, Энтони Бёрджесс тұңғыш романын жазған. Ақырында бұл роман заманауи классикалық әдеби туынды санатына жатқызылды. Бёрджесс көп тіл білген: орыс, неміс, испан, италья, валлий, жапон және ағылшын. Көп тіл білуі оның романдарында өзі ойлап тапқан «надсат» жүйесін қолдануға жол ашты. 

Бёрджесс 1993 жылы 22 қараша күні өкпе обырынан дүние салды. Джон Энтони Бёрджесс Уилсон 1917 жылы 25 ақпанда Ұлыбританияның Манчестер қаласында католик музыканттарының отбасында дүниеге келген. Бёрджестің әкесі кассир болған, фортепианода ойнаған. Анасы тұмау пандемиясы кезінде қайтыс болған. Ол кезде автор небәрі екі жаста болыпты. 

Джозеф Келл (Joseph Kell), Энтони Пауэл, Энтони Джилверн деген бірнеше псевдонимі болған. Бёрджесс Ксавериан колледжі мен Манчестер университетінде оқып, білім алған. 1940 жылы университетті тәмамдап, ағылшын тілі мен әдебиетінің оқытушысы болады. 1959 жылы сабақ беріп тұрып, сабақ үстінде талып қалады. Содан кейін миында ісік бары анықталады. Дәрігерлер небәрі бір жылдық өмірі қалды деп болжам айтқан. 

Энтони Бёрджесс елуден аса кітап жазды. Бірақ ел танитыны – осы «Көңілді апельсин» екен. Бёрджесс роман жазудан бөлек күй жазған, аударма жасаған, журналистикамен шұғылданған. Кейін автор музыка жазуға кіріседі. 175 музыкалық композиция жазған. Тіпті симфониялық оркестр Бёрджеске тапсырыс беріп тұрған екен...

«Көңілді апельсин» деген атауды автор ертедегі лондондық «кокни» деген жатақтар арасында кең таралған ұғымнан алған екен. Жатақтар түсініксіз не ұғымға жат дүниелерді «көңілді апельсин сияқты қисық» деп айтады екен. Яғни, бір қарағаннан адам ұғына қоймайтын дүниелерді солай атаған. 

«Көңілді апельсин» негізінде апельсин туралы емес, адам тағдыры жайлы өте күрделі туынды. Энтони Бёрджесс 1954 жылы Малай елінде Білім ісінің инспекторы қызметінде болып, сол елде тұрады. Егер ағылшын тілінде «оrange» - апельсин деген мағынаны берсе, малай тілінде «orang» — адам деген мағынаны білдіреді екен. Яғни, автор апельсин атымен адамның тағдырын ойыншық еткен қоғамды сынағаны. Егер малай тіліндегі мағынасын алсақ, «көңілді адам» деп те аударуға келеді екен немесе «қолдан жасап алған қуыршақ» деуге келеді. Автор «Көңілді апельсин» атауымен адам баласының ырқы мен ықтиярына қол сұғу жауыздық екенін көрсетпекші болады.

«Таймс» журналының 2005 жылғы екшеуі бойынша «Көңілді апельсин» 1923 жылдан бері ағылшын тілінде жарияланған романдар арасындағы үздік жүздікке кірген. Бұл роман Энтони Бёрджеске әлемдік танымалдылық әкелді.

Бір қарағанға өз заманының қаһарманының өмірге деген таласын көрсететін сияқты. Екінші жағынан адам болмысындағы тұншықтырылған қатыгездіктің сыртқа шығуын сипаттайтындай. Жыртқыш болмысын айшықтайтын сюжеттер көп. Қылмыскер кейіпкердің жауыздығы ауыр ма, әлде оның миына күш салып, түзетуге күш салған дәрігер, емдеушілердің зұлымдығы ауыр ма?! Оқырман бұл шығарманы оқығаннан кейін екіұдай күй кешеді. Өркениет алға ұмтылған сайын адамның болмысын жақсартуға тырысқанмен, кей дүниеде шектен шығып кететінін ескерілмей жатады. 

Сыншы В.Утиловтың пікіріне құлақ ассақ: «Кейіпкердің ішкі монологына еріп кету өте қауіпті. Өйткені, ол өз қолымен жасаған жауыздығын, біресе «Людовик жүйесі» бойынша емделуі кезіндегі азаптарын, кейіннен еркіндікке шыққандағы ауыр қайғысын сипаттайды. Монолог түрі автордың кейіпкерден бөлектенуіне мүмкіндік тудырған. Ол оқырманын, яки көрерменін бұл шығармада Алекс өз рөлін ойнап жатқанын ұмыттырады. Кейіпкер қолдан жасаған «одиссеясында» «әткеншектерді түзетуде» өзіне ыңғайлы дүниеге ғана екпін түсірген. Ақырында кейіпкер қайтып өз қалыбына түскенде – жауыздық инстинктеріне қайтып оралғанда – оқырман соған қуанып кетеді. Оның жауыздыққа оралуы өркениеттің адамгершіліктен жұрдайлығын көрсететін көрсеткішке айналып кетеді».     

Енді «Көңілді апельсинге» келсек, өте ақылды, қатыгез, шәлкес мінезді Алекс – бас кейіпкер. Антогонист. Көшедегі бандының көсемі. Ол еш қиындықсыз зорлық-зомбылықты үздік нақыштағы өнер түріндей насихаттайды. Ол үшін біреуге әлімжеттік көрсету – рақаттанудың көзі. Бір күні өзі де қылмыскерлерді қайтып тәрбиелейтін жаңа ереженің құрбаны болатынын білмейтін жасөспірім түрмеге түседі. Өзі де зорлыққа душар болады. Бұл шығармада адамды «көңілді апельсинге» айналдырып, оның ерік-жігеріне әмір жүргізе отырып, әлемді зұлымдықтан құтқару мүмкін бе деген мәселе көтеріледі. Бұл дүние қанша өзгерсе де адамзатты ойландырмай қоймайтын мәңгі тақырыптардың бірі.

Кітаптың тілі ерекше. Оны бір оқығаннан түсінесің, бірақ бейпіл сөздің көптігінен көз сүрінеді. Бұл шығарманың тілін кей сыншылар «тілдің ерекше жүйесі» деп атаған. Кітаптың кең таралуына бірден бір себеп – оның осындай ерекше тілде жазылуы. Кітапта жас қылмыскердің басынан кешетін қитұрқылықтар ашық сипатталады. Оның көшеде өскені, түрмеге түскені, түрмедегі зорлық, адам өлтіруге араласуы. Ақыры бәрінен жерініп, еркіндікке асығуы. Өмірдің ирониясы, әлемнің жалғандығы, қатыгездік пен залымдықтың түр-түрін оқып отырып, адамнан өткен жыртқыш жоғына иланасың. Бәлкім, жеме-жемге келгенде адамның амбициясы бой көтергенде оның жауыздығын еш өркениет түзей алмас? Алдымен кейіпкерді жек көресің, сосын түрме жүйесінің оған жасаған қысастықты білгенде жалпы адамзаттан жиіркенесің. Түрмеде азапқа толы екі жыл өткізген жас балаға еркіндікке шығу мүмкіндігі беріледі. Үкіметтік тәжірибеге қатысқандарға кешірім жарияланады. Қандай тәжірибе екендігіне мән берместен Алекс келісе салады. «Людовик жүйесі» бойынша жасалған тәжірибенің мәні мынада еді: қылмыскердің миына екпе егіп, эмоция атаулыны жояды. Ол бұдан былай жауыздық жасай алмайды. Тек жауыздық емес, ол кез келген сезім оятатын іске жарамсыз боп қалады. Классикалық әуендер тыңдаса, күйзеліске түсетін жағдайға жетеді.   

Жас қылмыскердің миына дәрі егіп, оның қылмыс жасамауы үшін ойыншық қуыршаққа айналдыруы оқырманның аянышын оятады. Кейіпкердің адамға тән рақаттану сезімдерін жойып тастайды. Ол түрмеден шыққан соң еш сезімі жоқ, әншейін құлтемірге айналады. «Көңілді апельсин». Үкімет адам өмірімен неге бұлай ойнайды деген мәселе көтеріледі. Адам өмірімен ойнаған дәрігер, санитар, басшыларға жеккөрініш оянады. Олардың тірлігі адамзатқа қиянат емес пе деген сауал туады.

Түрмеден шыққаннан соң кейіпкердің басынан кешкен қиянаты өзінің барлық залымдығынан асып кетеді. Оның көрген күні аянышты боп қалады. Бұрын өзі қиянат жасаған құрбандары кек алады. Ол ешкімге сес көрсете алмайтын бейшара халге түседі. Жасөспірімді көрген кісінің бәрі қиянат жасап кетуге арланбайды. Қасында жүрген жандар оны мүлде байқамайды. Ата-анасы – баласының кешке таман қайда жұмыс істейтінінен бейхабар. Он бес жасар баласының ақша әкеп бергенін қанағат тұтады. Сабаққа тұрмай қалды ма? Ұйықтасын, шаршаған ғой. Болды. Түрмеден шыққан соң үнемі келіп тексеретін әлеуметтік қызметкер де төбе көрсету үшін ғана келді. Тірі ме – тірі. Бітті. Оған бәрібір. Түрмедегі діни қызметкер де тек қызмет бабымен сөйлеседі. Бірақ ол «ізгілік жүректен шығатынын» ұғындырады. Егер адамның таңдау құқы болмаса – ол адам емес екенін түсіндіреді. Сөйтіп кейіпкер өз еркімен қуыршақ болуға келіседі. 

Жалпы алғанда «Көңілді апельсин» романының басты идеясы - әр адамның бойында бар ақ пен қара, жақсы мен жаманға деген көзқарасты айқындауға бағытталған. Жауыздықпен тәрбиеленген адамды өзгертуге бола ма? Адам бойындағы қатыгездікті жеңуге көмектесу мүмкін бе? Нәпсіні толыққанды уыста ұстауға бола ма? Психолог Ф.Скиннер «индивидуумның әрекеті ортасына қарай өзгереді, ортасын өзгерту арқылы адамды жаңа модельде өмір сүруге бейімдеуге әбден болады» дейді. Ал, Стенли Кубрик өз киносында «адамның өз таңдауы болуы тиіс» дегенді көрсеткісі келген. Адамның психологиясын зерттеу арқылы қоғамға үстемдік жүргізудің тәсілдерін қолдану дұрыс па, бұрыс па? Мәселе, осы сауалға тіреледі. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар