"Алаш" газеті және Алашорда

Бөлісу:

08.06.2023 2918

ХХ ғасырдың басында тарих сахнасына шыққан «Алаш» қозғалысы алдына қойған саяси мақсаты, әлеуметтік мәні және қамтыған аумағы жағынан қазақ тарихындағы ең маңызды әрі жоғары деңгейде ұйымдасқан қозғалыс еді. Оның басты артықшылығы ұлттық болмыс пен құндылықтарды сақтау және оларды заман талабына сәйкес бейімдеу мәселесін көздеуден саяси-демократиялық партия мен ұлттық дербес мемлекет құруға дейін көтерілгенінде болды.

Алаш қозғалысы әсте оның басшыларының ойлап тапқаны еместі. Ол Патшалық Ресейдің отарлық саясатының езгісіне, өктемдігі мен әділетсіздігіне қарсы шыққан қазақтың зиялы тобының ұйымдасқан түрдегі саяси іс-әрекеті, ұлттық сана оянуының жаңаша әлеуметтік көрінісі болатын. Қазақтың тұңғыш ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов өзінің әйгілі шығармаларының бірі – «Сот реформасы жайындағы жазбасында»: «Қандай даму сатысында тұрса да, халықтың қалыпты өсуі үшін қажет нәрселер: өздігінен даму, өздігінен қорғану, өзін-өзі басқару...», - деген еді.  Алайда ол кезде мұны «тәуелсіздік» ұғымы деп түсінген, оны асқақ идея деп көтерген ешкім бола қойған жоқ. Заманы туғанда оны әуелі патшалық Ресейдің отаршылдығынан, сонан соң кеңестік қыспақтан құтылудың бірден-бір жолы ретінде, азаттықтың идеясы деп Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мiржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Мұхаметжан Тынышбаев, Жақып Ақбаев, Халел Досмұхамедов, Жаһанша Досмұхамедов және т.б. ұлтымыздың алдыңғы қатарлы зиялылары ғана асқақ ту етіп көтере алды. Қазақтың рухани әлеміне шоқжұлдыздай жарқырай шыққан осы Алаш жетекшілері өздерінің білім деңгейі, саяси белсенділігі, ұлтшылдық қуаты мен халықшыл қасиеті, рухани парасаттылығы жағынан Қазақстандағы кеңес өкіметін құрушылардан әлдеқайда алда әрі биік болған тұғын.

Алаш арыстарының көзқарастары мен ұстанымдары – қазақ даласындағы арысы әл-Фараби мен Баласағұн, берісі Шоқан, Ыбырай, Абай бастаған ғұламалардың ой-тұжырымдарының қазақ қоғамының жаңа кезеңіндегі заңды жалғасы болды. Олар қазақ елінің сан ғасырлық даму ерекшеліктері мен тәжірибесін, салт-дәстүрі және ұлттық болмысын жетілдіре, басқа өркениетті елдердің өмір өнегесімен байыта түсуді ұсынды. Бұл жол бұқара халық үшін большевиктер ұстанымынан қасіреті мен азабы анағұрлым кем, тиімділігі мен пайдасы анағұрлым мол еді. Ең негізгісі – олар қазақ елі өзін-өзі басқаруға мүмкіндік жасайтын тәуелсіздік тұғырды таңдады. Олардың мемлекет, демократиялық республика, конституциялық құқық, парламент, сот, адам құқығы, жер, оқу-білім, мәдениет, дін және т.б. туралы толып жатқан мол мұрасы бүгініміздің берекесі, келешегімізге көпір болып отыр.

Алаш қозғалысының жетекшісі әрі тұңғыш ұлттық «Алашорда» үкіметінің басшысы Әлихан Бөкейхан өз заманының өзекті де өткір сұрақтарына жауап беріп, ұлтының тағдыры тығырыққа тірелгенде содан шығар жолды сілтей алған ғұлама ғалым, көреген көсем еді. Ол патша өкіметі құлап, Ақпан революциясы жеңгеннен кейінгі сәттен-ақ «Біздің ұранымыз – демократиялық республика», - деп ашық айтып, парламеттік демократиялық дамудың үлкен нәтиже беретініне сеніммен қараған болатын. Сондай-ақ Әлихан Бөкейханның өз кезіндегі жас қайраткерлерге «Ұлтқа пайдалы адам болғыңыз келсе, бәрінен бұрын орыс өкіметінің атамекеніміздегі жер саясатын мұқият зерттеп үйренуге тырысыңыз. Сізге не істеу керектігін осы саясаттың өзі-ақ көрсетіп береді» деген сөзінің мән-маңызын тәуелсіздік алғаннан кейін терең түсініп отырмыз.

Заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтiң сөзімен айтқанда: «Қазақтың оқыған азаматтардың тұңғыш көсемі, өзі өмір сүрген қоғамның көкейкесті әлеуметтік-саяси мәселелерін биік деңгейде қозғап, адамды рухани қалыптастырудағы оқу-білімнің құдіретін терең түсінген ұлы ағартушы, реформатор Ахмет Байтұрсыновтың мұрасынсыз бүгінгі білім-ғылым жүйесін көз алдымызға елестету мүмкін емес», - деген сөзі бізге үлкен сабақ болғандай.

Қазақ халқының өзін-өзі билеу құқығы, автономия алу идеяларының авторларының бірі ғана емес, осы идеялар үшін белсенді қызмет еткен Алаш қозғалысының аса көрнекті өкілі – Жаһанша Досмұхамедов мұраларының да орны бөлек. Себебі, Жаһанша Досмұхамедов 1917 жылы Орынбор қаласында өткен Жалпықазақтық ІІ съезде «Автономияны дереу жариялау қажет» деген ұсынысы өте орынды екенін өмірдің өзі дәлелдеді. Бірақ бұл съезде Алаш автономиясын жариялау кейінге қалдырылған болатын.

Алаштың алғашқы зиялыларының әлеуметтік, саяси-құқықтық тұжырымды ой-пікірлері «Алаш» саяси-демократиялық партиясының бағдарламасынан әдемі көрініс тапты. Онда қазақ халқын дербес даму мен прогресс жолына бастайтын мемлекеттік-құқықтық идеялар, қазақтың өзін-өзі басқаратын мемлекеттік жүйесін құру, әлемдік озық тәжірибеге сүйене отырып, жаңа өмір сұранысына жауап беретіндей қазақ қоғамын демократиялық мұраттар бағытында өзгерту және т.б. сол кездегі өзекті мәселелер жан-жақты жинақталған, тұжырымдалған еді. Бұл қазақтың арғы-бергі саяси-құқықтық төл тарихында терең із қалдырған «Алаш» партиясының бағдарламасы қазақ қоғамындағы әлеуметтік ойдың деңгейін танытатын, ұлттық сананың өткен ғасырдың басындағы шыққан биігі, алған асуы болды. 

Сондықтан Алаш зиялылары 1916 жылы 26 қарашада демократиялық-ағартушылық бағыттағы алғашқы «АЛАШ» газетін шығарды. Бұл газет Ташкентте ерлі-зайыпты Көлбай, Мариям Төгісовтердің басшылығымен «Туркестанский курьер» баспаханасында жарық көрді. Газеттің ресми редакторы Мариям Төгісова болғанымен де, негізінде газетті шығару ісін Көлбай Төгісов өз қолына алған еді. 

Газеттің алғашқы санында: «...Көпшілік халықтың мақсаты қалай тілейтін болса, біз алдымызда тұрған бұл мәселелерді солай шешуге әрекет етеміз» деп, «прогресс» ұранын ұстанып отырғанын жасырмады. «Алаш» газетінің бетінде күнделікті болып жатқан әрқилы оқиғалар жөнінде хабарлар, істер, қазақ елінің саяси-экономикалық жағдайы, жер мәселесі, орыс-қазақ шаруаларының қарым-қатынасы, оқу-ағарту, мәдениет, өнер, әдебиет, тарих, салт-дәстүр, Мемлекеттік Дума жайы, 1916 жылғы тылдағы жұмысшылар жайы, Құрылтай жиналысы, әйел мәселесі, әдеби-көркем шығармалар жариялаған. Оған қазақ зиялылары мен белгілі азаматтар Ш.Айманов, Ғ.Ботбаев, Т.Жанбаев, Н.Құлжанова, Н.Құлжанов, Ғ.Жанайдарова, Р.Мәрсеков, Х.Ғаббасов, Ж.Сейдалин, Ж.Ақбаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Ғ.Дәулетияров, С.Торайғыров, С.Мұстафин, А.Баржақсин т.б. белсене атсалысқан. «Алаш» газеті редакциясы 1917 жылдың күзінде Ташкенттен Омбы қаласына, кейіннен Петропавл қаласына көшкен. Көлбай Төгісов Петроградқа Бүкілресейлік шаруалар съезіне «Қазақ демократиялық ұйымының» атынан өкіл ретінде қатысуға баратын болғандықтан, газеттің №22 санынан бастап редакторлық қызметті Түзел Жанбаевқа тапсырған. Алайда газет басшылығының дұрыс жұмыс істемеуінен 1917 жылдың екінші жартысынан бастап газет шығару мүлдем тоқтап қалған.

Бөкей өңірінен шыққан Батыс Алашорда қайраткері, ағартушы, ақын, журналист, дәрігер Ахметғали Мәметов 1917 жылы Ташкент қаласына келіп, «Алаш» газетінің қызметіне араласқан. Бұл газетте қазақ халқына арналған бірнеше саяси үндеу жарияланған. Бірақ «Алаш» газеті ұзақ өмір сүре алмады.

Алаш көсемдерінің негізгі идеясы қазақтың егеменді, тәуелсіз, «іргесі бөлек» ұлттық мемлекетін құру болатын. Мұндай құрылым 1917 жылдың желтоқсанында Орынборда өткен Бірінші Бүкіл қазақтардың съезінде жүзеге асты. Дегенмен, «Алашорда» автономиясы бар болғаны екі-үш жылдай ғана өмір сүрді. Кеңестік дәуірдегі тоталитарлық жүйе Алаш қайраткерлерінің аңсаған идеяларына түрлі кедергілер жасап, оларды әртүрлі жалған айыптармен қуғын-сүргінге ұшыратты, тіпті олардың көзін жоюға дейін барды.

Алаш идеяларының негізі ұлттық мемлекет құру еді. Кешегі патшалық Ресейдің отаршылдық саясаты мен кеңестік кезеңде мемлекетіміздің толыққанды мемлекет ретінде,  шынайы ұлт есебінде қалыптаса алмағандығы және «Алаш» газетінің саяси басылым ретінде халыққа таралмауы да кеңес үкіметінің жүргізген қысым әрекетінен туындағаны тарихтан мәлімБұған дейін де талай қасіретті бастан кешкен дана халқымыз бұл кезеңді де артта қалдырды.

Бүгінгі атқан азаттықтың ақ таңы - өткен күндегі ерен еңбектің жемісі. Дербес елді аңсаған алаштықтардың асқақ арманы түбінде орындалды. Қазіргі сәтте қазақ елі әлем сахнасында айрықша орнын қалыптастыра білген тәуелсіз елге айналдық.

Қаршыға Әділханқызы, ЕҰУ-дің ІІ курс студенті

Бөлісу:

Көп оқылғандар