Жүргізуші болғысы келген жазушы

Бөлісу:

14.06.2023 3980

«Нәрестенің жүрегі, сәбидің ары – адамгершіліктің алғашқы дәні, ол дәнсіз еш нәрсе өспейді, өркендемейді. Жарық дүниеде адамға не қиыншылық кездеспесін, ол кімнен қиянат көрмесін, бәрі бір шындық мәңгі өмір сүреді. Адам туады, өледі, бірақ мәңгі-бақи өлмейтін шындық бар, ақиқат, әділет бар». Бұл Шыңғыс Айтматовтан қалған толғам.

Телқозы талант. Расында «Арқар менен құлжадай қойындасқан ежелден. Қырғыз – таудың тарпаңы, қазақ – қырдың құланы» деп Мағжан ақын жырлаған қос халықтың тағдыры Төреқұл баласының шығармаларында қос бұрымдай өріліп жатады. Көп мысалдың бірін ғана көлденең тартсақ. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары «Жәмила», «Шынарым менің, шырайлым менің», «Ботагөз», «Алғашқы ұстаз» сынды атақты шығармалары енген жинағын Айтматов «Тау мен дала хикаялары» деп атапты. Қос қалықтың бауырластығын белгі еткен символикалық атау.  

Шыңғыс пен әкесі Төреқұл Айтматов

Шыңғыс Төреқұлұлының ғұмырбаянында мынадай бір қызық деректер ұшырасады. Айтматов бақшаға барған алғашқы қырқыз балаларының бірі. Ол 1932-1934 жылдары Ош қаласындағы №1 балабақшада тәрбиеленген. 1934 жылы «Ленинчил жаш» газетінің тілшісі Райқан Шүкірбековтің алты жасар Айтматов туралы «Шыңғыс жүргізуші болғысы келеді» деген мақаласы жарық көріпті. Болашақ әйгілі жазушы 1942-1945 жылдары мектеп қабырғасын көрмегені де айтылады. 1942 жылдан бастап Ол мұғалім, ауылдық кеңестің хатшысы, қаржы агенті, комбайншының көмекшісі, тракторшы болып еңбек еткен. Бұғанасы қатпаған ойын баласының тап осылай ойды-қырды шарлауы – сұм соғыстың зардабы енді. Жазушы кейін сол бір азапты жылдарды: «Соғыстың қалай басталғаны есімде. Ауылдық кеңеске үсті-үстіне қара қағаз келіп жататын. Майдан даласынан жеткен өлім хабары. Біреу жарынан, біреу ұлынан, біреу әкесінен айрылған азалы үйге сол бір қаралы хабарды жеткізуден ауыр ештеңе жоқ еді», - деп еске алады. Бала Шыңғысты тез есейткен және бір трагедия – әкесі Төреқұл Айтматовтың «халық жауы» деген жаламен тұтқындалуы болатын. Жазушының қарындасы Роза Айтматова сталиндік репрессия кезінде хабар-ошарсыз кеткен әкесі Төреқұлдың дерегі елу неше жылдан кейін пайда болған сәт туралы былай деп еске алады: «1991 жылы Бішкек маңындағы Чон-Таш тоғайынан сталиндік репрессия кезінде атылған 138 адамның сүйегі табылды. Бұл хабарды Люксембургте елшілік қызметте жүрген ағам Шыңғыс Айтматовқа айтқанымда: «Естідім. Бішкектен маған қоңырау шалды. Бірақ онда кімдер жерленгенін, қашан жерленгенін қалай анықтайсың?» - деп түңіле жауап берді. Алайда кейін әкеміз Төреқұл Айтматовтың да сонда көмілгеніне Чон-Таштағы қазба жұмыстарына қатысқан туыс әрі жерлесіміз Октябрина Садыров көзімді анық жеткізді...» Осы Чон-Таш трагедиясы құрбандарының сүйегін алғаш топырақтан аршып алған адамдардың бірі Б. Әбдірахманов кірпіш күйдіретін шұңқырға мемлекет басшылары, обком хатшылары, халық комиссарлары мен қарапайым шаруа-жұмысшылардың денесін тастай берген. Осылайша шұңқырды атылған жүз отыз жеті адамның мүрдесімен толтырған. Елу үш жылдан кейін сол жерден қаза болғандар құжатының табылуы, меніңше, археологияда сирек кездесетін құбылыс. Ол құжаттар – Абдырай Әбдірахманов, Жүсіп Әбдірахманов, Төреқұл Айтматов және Юсуп Болатовтарды айыптау актісінің қорытындысы болатын. Құжат екі метр тереңнен шықты деп куәлік береді. Айтпақшы, шұңқырдан шыққан жүз отыз сегізінші бассүйек бойжеткен қыз баланікі дейді антропологтар. Және зерттей келгенде, осынау қанды қасаптың абайсызда үстінен түскен куәгерді де тап сол жердеттер көзін жойып жібергені туралы деректер табылған.    

Төменгі қатарда сол жақтан бесінші отырған төрт жасар Шыңғыс

Енді бір аз сөз Ұлы Мұхаң – академик-жазушы Мұхтар Әуезов хақында. Шыңғыс Айтматов айтады екен, менің шетелге шығарда төлқұжатымдай қастерлеп өзіммен ала кететін екі ұлы есім бар. Бірі – Манас та, екіншісі – Мұхтар Әуезов. Мен әрқашан сол екеуінің аруағына сыйынып жүремін деп. Атақты қырғыз Саяқбай Қаралаев:

Шежіреден ұққан сөз, 

өсіп-өрбіп шыққан сөз; 

кәрілерден алған сөз, 

халық аузында қалған сөз; 

аңыздарға толған сөз, 

ат көтермес болған сөз; 

боран соққан қырменен, 

қиқу-айқай шуменен, 

сүрінбейтін тілменен, 

қарлықпайтын үнменен, 

арқар өрген белменен, 

бұлт айдаған желменен, 

тайталаса жарысып, 

бірге жасап келген сөз... – деп «Манас» жырын құйқылжып бергенде, ұлы Мұхаң: «Пәлі, пәлі... Жақпар құзды жапыра құлаған тау суындай тасқындай төгілмей ме?! Атаңа қоқи, айырқалпақ жомоқшы-ай! Аузың қандай айтқыш еді?! Көзің неткен көргіш еді?! Көңілің неткен түйгіш еді?! Тер шығатын теріден емес, қан шығатын тамырдан емес, жас шығатын жанардан емес, жай әншейін жел шығатын желпілдек ауыздан желпіне шыққан бір кепті құзғынның да ғұмыры жетпес ұзаққа, құмайдың да аяғы жетпес қиырға алып қашып, мың жыл, мың бел, мың асқар асырып жүрген де осындай перен қасиетің ғой...» – деп разы болған көрінеді. Тап осы «Манас» эпосында қазақ-қырғыз достығы жайлы: «Ақ бөкеннің қылындай суырылысқан, Ақ бидайдың ұнындай жұғысқан егіз ел», - дейтін жолдар айтылады. Айтса айтқандай. 1952 жылы маусымның басқы күндері Бішкекте «Манасты» зерттеу мәселелері» жөніндегі ғылыми сессия өтеді. Партияның жандайшаптары мың жылдық жырды халыққа жат, зиянды деп тануға күш салып бағады. Осынау бір тағдырлы талқы туралы Шыңғыс Айтматов: «Манастың» бар тағдырын Әуезовке тапсырдық. Үміт тек сол кісіде ғана болатын. Бүкіл қырғыз елі ауыл-ауылдан атпен келіп, сессия өткен театрдың ғимаратын қоршап тұрды. Сыртқа лаба қойдырып, содан Әуезов мінбеге көтерілгенде Манас пен «Шоң қазақтың» тілеуін тілеп айғайлап тұрды», - деп еске алады. Тиісінше ғұлама Мұхтар Омарханұлы 1 миллион 200 мың жолдан тұратын ұланғайыр эпостың тағдырын айқындап, «Манас» керек пе, жоқ па?» деген түйткілді сұрақтың түйінін біржола шешіп берген еді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар