Заря Жұманова. Қаламымнан айырылмағаным – өмірдегі басты олжам
Бөлісу:
Заря Жұманова. Оның кейіпкерлері негізінен әйелдер. Әңгімелерінде көбіне әйел жүрегін мазалайтын тұрмыстық, әлеуметтік, философиялық сұрақтар көтеріледі. Жеке адам мен қоғамның ара-қатынасы, идеалды іздеу, сын сағатта өз таңдауынан бас тарту, кешіру, өзімен мәмілеге келу... бір сөзбен айтқанда психологизм бар. Сонымен бірге түрлі жанрлар мен бағыттарды синтездеуге ұмтылыс байқалады. (2007 жылы болу керек, республикалық «Алтын Ордаға» шыққан ақын Маржан Ершудің «Әйелдер әлеміне үңілген көз» атты жақсы мақаласын оқығанымыз есте). Біз жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Заря Жұмановамен сұхбаттастық.
- Өткен күндерге сағынышы бар «Иесіз қалған сандықтар», жаңа түскен жас келіннің көңіл-күйі мен жан-дүниесінен хабар беретін, бір жылылығы сезілетін «Ақ босаға», адамның кей кездегі әлдене іздеп, сағынып, көңілі байыз таппай ақ махаббатты аңсаған көңіл-күйін беретін «Ол іздеген әлем» (ондағы кейіпкер Ақ Гүл атты сазгер келіншектің бейнесі соншама жақын), күйеуінің қызғанышынан талай рет жүрегі жылап, жаны жасыған әйелдің өмірін көз алдымызға әкелген «Жазылмайтын дерт», кәрі қыз деген аттан қашып ойда-жоқта бақытын тапқан бойжеткен туралы «Уақытша неке», көрсеқызарлықтан шалыс басып, әйелінің өзіне деген көңілін лайлап кеткен ер адам жайлы «Тобынан адасқан жалғыз тырна» ... жалпы қайсысын айтсақ та, сіздің әңгімелеріңізде әйел көрінеді. Оның сыры, мұңы... бұл таусылмайтын тақырып сияқты...
- Иә, дұрыс айтасыз, бұл - ешқашан таусылмайтын тақырып. Өйткені әр әйел – бір-бір әлем. Жай әлем емес, жатқан бір жұмбақ әлем. Өмірінің жеке бір сәттерінде болмаса, тұтас ғұмырында төрт құбыласы түгел, қайғысыз, мұңсыз жүретін бақытты әйел, меніңше, жоқ сияқты. Бір бойжеткен жанына жалау болар ақылды, жігерлі, еңбекқор жар іздейді. Арқа сүйер азаматы бар кейбір келіншектер бір шаранаға зар. Тірі жетім балаларын қалай асырарын білмей, басын тауға да, тасқа да ұрып жүрген жанкешті әйелдер қаншама! Ал кейбір әйелдер қайтсем де отбасымды сақтаймын, ұл-қызымды әкесіз өсірмеймін деп, кержалқау, маскүнем, қызғаншақ, сараң, опасыз, жеңілтек күйеулерімен арпалыса жүріп, отбасын өгіздей өрге сүйреуде. Тіпті ең бай, ең жоғары мансапты шенеуніктердің әйелдерін де бақытты деп айта алмас едім. Мейлі хан сарайындай қос қабатты зәулім үйлердің ішінде үлде мен бүлдеге оранып отырса да... Сол жандардың бәрі де - менің шығармаларымының кейіпкерлері. Бәрі де қайнаған өмірдің қақ ортасынан алынған. «Екіге бөлінбейтін келіншек» атты ең алғашқы кітабым жарық көргеннен кейін көп ұзамай, республикалық «Алтын Орда» газетіне «Әйелдер әлеміне үңілген көз» деген мақала шықты. Филология ғылымдарының кандидаты, белгілі ақын, әдебиеттанушы Маржан Ершу менің кітапқа енген әр әңгімемді жан-жақты талдапты. Іштей риза болдым. Өз туындыларымды өзім дәл солай егжей-тегжейлі талдай алмас едім.
Мен тек көптен бойымды кернеп, миымда күндіз-түні шыр айналып жүрген әңгімені бір сәті түскен кезде тоқтамастан төгіп-төгіп жазып тастауды ғана білемін. Ал шабытым келмесе, бір сөйлем де жаза алмайтын жаман әдетім бар. Жазып біткен соң өзімді әлгі әңгіменің басты кейіпкері бастан кешкен сан алуан оқиғаның ортасынан оралғандай сезінемін. Кейде бір тылсым әлемнен хабар алып, соны біреудің айтуымен жазып шыққандай күй кешетін де кездерім болады. «Сөз өнері дертпен тең» деген сөз бекер емес-ау! Ойда жүрген дүнием қашан ақ қағаз бетіне түскенше, мойнында өтелмеген үлкен қарызы бар адам құсап, жаным тыншу таппай жүреді. Ал, жазып біткен соң, жас босанған адамдай жаным рахаттанатын сәтті тілмен сипаттау мүмкін емес!
- «Екіге бөлінбейтін келіншек», «Түнгі оттар», «Сіз іздеген әлем» т.б. кітаптардың авторы ретінде сұрақ қояйын, бүгінде проза жазылып жатыр, оқырман үйреніскен жанрлардың өзінше қалыптасқан канондары да бар, кейбір сюжеттердің схемаға құрылатыны да көрінеді, өзіңіз бүгінгі прозадан нені байқайсыз?
- Қазіргі қазақ әдебиетінің бағыт-бағдарын анықтау, қаламгерлердің шығармашылық қуатын объективті бағалау өте қиын. Кей-кейде өзіме жағымды, не жағымсыз әсер қалдырған жаңа кітаптар жайлы пікір-көзқарасымды баспасөзде, интернетте жазып жүрмін (ешқашан біреуді тапсырыспен не мақтап, не даттап жазған емеспін.) Дегенмен, мен кәсіби сыншы емеспін. Жазушымын. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» демей ме?! Біздің елде әдеби дүниелерді жілікше шағатын мықты сыншылар өте аз, тіпті жоқтың қасы. Болса, олар жаңа шыққан прозалық кітаптарды оқып шығып, шығарманың жаңалығын, ұлттық әдебиетке қосқан үлесін, қаламгердің стильдік ерекшеліктерін талдап, көтерген тақырыптарына, сюжеттеріне сараптама жасаса нұр болар еді-ау... Әдебиетіміз алға ілгерілеу үшін бізге әдеби сын керек. Қазір Қазақстан Жазушылар одағының мыңға жуық мүшесі бар екен. Кейбірінің аты-жөндерін ақын-жазушылар анықтамалығынан алғаш көргенде, «Құдай-ау, бізде осындай ақын, жазушылар бар ма еді?» деп қатты қайран қалғам. Шынымды айтсам, сол аты-жөні бейтаныс кісілердің кітаптары бұрын-соңды қолыма тиген емес. Өйткені бізде кітап таралымы өте нашар. Кітап насихаты кемшін. Тіпті мүлде насихатталмайды десек те болады. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, қаламгерлер өз шама-шарықтарына қарай жазып жатыр. Жазады, жаза береді... Жазған кітаптарын кейбіреулер қаражат көзін тауып, кітап қып шығарып жатыр. Бірақ тарату мәселесінде тығырыққа тіреліп, қыруар ақшаға бастырған кітаптары бір бұрышта шаң басып, үюлі тұр. Әдебиет табалдырығын енді аттаған жас жазушы түгілі, қалың көпшілікке танымал, қабырғалы қаламгер Софы Сматаев ағамыз да том-том кітаптарын оқырманға өткізе алмай, жаны қиналып жүргенін әлеуметтік желіден оқыған боларсыз.
Мемлекеттік тапсырыспен шығып жатқан кітаптардың қазіргі таралымы 3 мыңнан аспайды-ау. Жарайды, әрі кетсе, 5 мың болсын дейік. Оларды там-тұмдап республикалық, облыстық, аудандық кітапханаларға ғана жібереді. Жарық күнде қолыңызға шам алып іздесеңіз де жаңа шыққан қазақша кітаптарды дүкендерден таппайсыз. Өйткені қазіргі қазақ жазушыларының кітаптары сауда орындарына түспейді. Кейде министрліктің сұрыптауынан өтіп, мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптарым көпшіліктің қолына тимегесін, көз майымды тауысып жазған шығармаларымды оқымаған жұрт: «Құдай-ау, бізде осындай да жазушы бар ма еді?!» деп, тура өзім секілді таңғалатын болар деп ойлайтынмын. Үнсіздікке толы ұзақ жылдардан соң республикалық «Сарайшық» журналының бас редакторы, филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы, ақын Гүлзада Ниетқалиева менің шығармашылығым жайлы бірнеше сараптама мақаласын БАҚ беттерінде жариялады. (Ол арқалы ақын Есенғали Раушанов пен қабырғалы қаламгер, танымал драматург Рахымжан Отарбаев ағаларымыздың көзі тірісінде-ақ шығармашылық жұмыстарын талдап, көлемі кірпіштей зерттеу монографиялар жазған жан ғой.) Туындыларымның осындай талантты, ізденімпаз сыншының көзіне түскеніне шүкір деймін.
- Бүгінгі оқырман басқа екенін байқаған шығарсыз, жаңа тұрпаттағы оқырманды қандай тақырып және қалай жазылған дүние қызықтырады деп ойлайсыз? Кейде біз бүгінгі өмірді, қаланың қатыбас өмірін суреттейміз деп абсурд тіршілікті ғана берумен шектеліп қалмаймыз ба? Осы неонатурализмі анық көрінетін шығармаға көзқарасыңыз қалай жалпы?
- Әрине, қазіргі оқырмандар бұрынғы оқырмандардан өзгеше. Қазіргі әдеби туындылар да мүлде басқаша. Бұрын көптеген ақын-жазушылар кеңестік идеология сызып берген шеңбер ішін шиырлаудан аса қоймайтын. Шығарманың басты кейіпкері міндетті түрде жағымды болушы еді. Оған қарама-қайшы келетін бір немесе бірнеше жағымсыз кейіпкерлер болатын. Жағымды кейіпкер зұлым қара күшпен алысып, арпалысып, жеңіске жетіп, шығарма соңында әділет салтанат құратын. Қазіргі жаңаша жазатын жас жазушылардың шығарма кейіпкерлері бұрынғыдай ақ немесе қара түске жіктелмейді. Жұмыр басты пендеге тән жақсылығы мен жамандығы аралас адамдар. Олардың іс-әрекетіне автор өз көзқарасын таңбайды. Әңгімеге тұжырым жасау оқырманның өз қолында. Сөзім жалаң болмас үшін бірер мысал келтіре кетейін. Елге ерте танылған жазушы Мәдина Омарованың бұдан бірнеше жыл бұрын шағын әңгімелерін оқып, таңғалғам. Бір әңгімесіне арқау болған оқиғаның ұзын-ырғасы мынадай: Жаз кезі. Тал түс. Бір қыз үйден сыртқа шығады. Ол ауланың түкпір жағынан шыққан әлсіз дыбысты естиді. Сөйтсе, кішкентай қыз дәретхана ішінде кілттеніп қалыпты. Көмектеседі деп қуанған сіңлісін әпкесі дәретхана тесігіне итеріп жібереді. Ол бұрын оған «кірме» деп ескерту жасаған екен. Бар-жоғы осы. Оның тағы бір әңгімесінде: бір бойжеткен атасы қайтыс болған соң бірден жігітіне хабарласады. Сосын оның үйіне барады. Жігіт азық-түлік дүкеніне кетіпті. Үйде тек досы бар екен. Біраз күткен қыз сол досымен төсектес болады. Тоңазытқышты ашса, тамақ толып тұр екен. Әңгіме кейіпкерлерінен ұлттық тамырынан ажыраған, орысша тәрбиеленген қазіргі қазақ жастарының бет-бейнесі көрінгендей ме? Автор жастарға мораль оқымайды, әңгімені кім қалай түсінсе, солай түсінсін деп, олардың өз еркіне қалдырады.
Оқырман назарын қалайда өзіне аудару үшін түрлі әдіс-тәсілдерге жүгінетін модернизм, абстракционизм, т.б. бағыттардағы жазушылардың жазған дүниелерін өз басым дұрыс қабылдай алмаймын. Олар мазмұннан гөрі сыртқы формаға көбірек мән береді. Ерінбей-жалықпай шөпті де, шөңгені де тізіп шығып, заманауи қазақ әдебиетіне елде жоқ жаңалық енгізгендей болып жүрген қаламгерлер өз ортамызда аз емес. Ауызы дуалы ақсақалдардың біріне алғысөз жаздыртып алып, алғашқы кітабымен-ақ бірден «мақтаулылардың тұрақты тізіміне» іліккен пысықтарды мен ұната қоймағанмен, оларға табынатын, пір тұтатын өз оқырмандары бар. Әсіресе, жаңалыққа жаны құштар жастар арасында. Көп оқып, көп ізденген адамдар кейін кемеліне келген соң, асыл мен жасықты оңай айыратын болар деп ойлаймын.
- Көптеген әдеби байқаулардың жүлдегерісіз, Ғ. Мұстафиннің 100 жылдығына орай Жазушылар Одағы жариялаған жабық бәйгеден бастап, «Алтын қалам» бәйгесінде «Жылдың үздік прозасы» номинациясы, тағы басқа да, талантыңызды мойындатқан біраз жетістіктеріңіз бар, осы әдеби байқаулар автор шығармашылығына қандай да бір әсер ете алады деп ойлайсыз ба?
- Жоқ. Осы жасқа келгенше мемлекеттен бір жапырақ мақтау қағаз алып көрген емеспін. Алған жүлделерімнің басым көбін тәуелсіз қоғамдық ұйымдар жариялаған жабық әдеби бәйгелерден алдым. Соған да шүкіршілік етемін. Даңқынан дақпырты басым, яғни мемлекеттік марапаттар тізімінің өзі оқығанда біраз уақытыңды алатын кейбіреулердің жазған кітабын талғамы нәзік, талабы жоғары, ойлы оқырмандардың аша салып, жапқанша асығатынын көріп жүрмін. Бірақ жиын-тойларда жұрт ең әуелі омырауы «сөлкебайларға» толы сол адамдарды қолпаштап, төрге шығарып, қошеметтеп жатады. Сондай сәттерде ойланып қаламын...
- Интернет дамыды, әңгімелеріңізді сайттардан, ютубтен көрдік. Басқа да таныла қоймаған, бірақ, әлеуметтік желілер арқылы жазғандары жиі шығатын қаламгерлер бар. Бұл кейін кәсіби жазушы мен әуесқойлар арасындағы ара жікті ажыратуға әсер етуі мүмкін бе? Оның үстіне талғам мәселесі тағы бар (көркемдік тенденциялар толық көрінбей, эстетикалық жағынан шашыраңқы көрінеді)...
- Қазір интернеттің қарқынды дамығаны соншама, ол өміріміздің бөлінбес бір бөлшегіне айнала бастады-ау деймін. Әркім интернеттен өзіне керегін іздейді. Өмірі жүздеспек те әлеуметтік желілердегі жазған дүниелеріне қарап, жақын бауырымдай жылыұшырап, бүйрегім бұрып тұратын жандар пайда болды. Мысалы, белгілі ғалым, мықты қаламгер Бауыржан Омаровтың әдеби әңгімелерден бетер тартымды жазбаларын іздеп жүріп оқимын. Өмірде елеусіз жүрген қатарластарының адамгершілігін кейде жылы әзіл-қалжың араластырып, ерекше бір бауырмалдық сезіммен ашып көрсетеді. Жазушы Құлтөлеу Мұқаштың әдемі әңгіме, эсселері де ұнайды. «Ұлытау қызы» деген атпен өршіл өлеңдерін соңғы уақытта жиі жариялап жүрген Айткүл Пішенбайқызының шығармашылығына тәнтімін. Кейде аты-жөні бейтаныс біреулер тұрмыста бастан кешкен аянышты оқиғаларын, сәтсіз махаббат, опасыз жар, жезөкшелік жолға түскен қыздар, т.б. жайлы жұтаң тілмен әлеуметтік желіге жазып жатады. Айтар ойы шашыраңқы, жазу мақсаты бұлыңғыр сондай жазбаларға «Керемет!», «Қандай тамаша!», «Жақсы әңгіме екен», «Жалғасы қашан?» деп жапырлай тамсанып жатқандарды көргенде іштей ойланып қаламын. Жай жазғыштар мен шын жазушылардың айырмасын халық эстетикалық талғамы өсе келе бірте-бірте түсінетін болар. Ал өзімнің әлеуметтік желіге қалай «тап болғанымды» айту үшін, әңгімені сәл әріден бастайын. Бұдан төрт жылдай бұрын тұңғыш ұлым ойда-жоқта жүрек талмасынан қайтыс болды. Талантты дизайнер еді. Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап Түркияда ұйымдастырылған кітап көрмесінде оның безендірген бірнеше кітабы жоғары баға алды. «Әттең, осыны Бауыржаным өзі көргенде ғой!» деп қайғыдан қан жұтып, егіле жылап жүрдім... Бір күні Ернұр деген кенже балам: «Сіздің әдеби әңгімелеріңізді интернетке салайық», - деп мені Фейсбукке қосты. Аз да болса қалың қайғысынан серпіліп, сыртқы әлеммен байланыссын, қаламын қайтадан қолға алсын деді-ау... Шынымды айтсам, бұрын «Қазақ әдебиеті» газетіне не «Жұлдыз» журналына әңгімелерім шықса, бірге қызмет істейтін әріптестерім: «Әңгімеңді оқыдық, жақсы екен»,-деп қана қоя салатын. Әңгіме несімен ұнады, қай жері жақсы деп терең талдап, талқыламайтын. Әлемжелідегі оқырмандарым бірден салған әңгімемнің бәріне үн қосып, талдап, талқылап, өз көқарастары мен көңіл-күйлерін жарысып жаза бастады. «Әңгіменің соңын олай емес, былай аяқтау керек еді!» деп ұсыныс, пікірлерін жазып, кейде тіпті бір-бірімен дауласып қалатын. Бір қызығы, заман жүгін нәзік иықтарына артқан қыз-келіншектер тағдырын сипаттаған әңгімелерімді тек әйел адамдар ғана емес, ер азаматтар да қызыға оқып, асыға күтіп, пікір қалдырып жүрді. Бәлкім олар өздерінің жандарында жүрген жарларының, әпке-қарындастарының, аналары мен енелерінің жан-дүниесіне үңіліп, бір сәт олардың ішкі әлемін сезінді ме, кім білсін...
Тіпті біреулер, маған айтпай, кейбір әңгімелерімді аудиокітап ретінде Ютуб арнасына шығарыпты, оны артынан білдім. Оқырмандардың жылы пікірі қараңғы басқан көңілімді жарық нұрға бөлеп, жазуға деген, өмірге деген құлшынысымды қайта оятқандай болды.
- Балаларға да арнап жазып жүрсіз. Ертегілер, әңгімелер мен хикаяттар топтастырылған «Ақбота» деген дүниеңіз шыққанын білеміз. «Ғажайып орман», «Күләйша, Рокфеллер және басқалар» атты балалар мен жасөспірімдерге арналған кітаптарыңыз бар. Балаларға жазуға қиналған жоқсыз ба? Өзіңізге қай аудитория жақын екен?
- Негізі, мен балалар жазушысы емеспін. Маған ересек адамдарға арналған проза жақын. Бірақ, бала кезімнен ертегілерді жақсы айтатынмын. Студент кезімде үйдегі бауырларыма базарлыққа ертегі кітаптар әкеліп беруші едім. Сол қиял-ғажайып ертегілердің әсері ме, олар да кітапқұмар болып өсті. Өзімнің үш балам да кішкене кездерінде әр түн сайын бір жаңа ертегі тыңдамай ұйықтамайтын. Көбінесе ойдан құрастыратынмын. Кейін өсе келе олар кітапханалардан өз беттерінше шытырман оқиғалы түрлі кітаптар әкеліп, рахаттана оқитын болды. Қазір де қолдары қалт етсе, жаңа шыққан мақтаулы кітаптарды интернеттен тауып алып оқып жүреді. Кезек енді немерелеріме келді.
Ойшылдардың бірі «Кітап оқымаған адам ойлаудан да тиылады» деген екен. Қазір жұрт «Жастар кітап оқымайды» деп жиі айтады. Бүгінгі балалар – ертеңгі жастар. Оларды әдебиетке қазірден бастап жақындата беру керек деген оймен, өз немерелеріме кішкене кезінен алдымен ертегі кітаптар оқытуды қолға алдым. Бастапқыда өздеріне түсініксіз архаикалық сөздерге жиі сүрініп, әрі-беріден соң жалығып, оқымай тастай салуға бейім тұратын. Сосын амал жоқ, мәнерлеп, асықпай, баппен өзім оқып беріп, түсінбеген сөздерін түсіндіруге тырыстым. Оқиғаның ұзын-ырғасын ұғып, ертегіге қызыға бастаған кездерінде «Ар жағын енді өзің оқып шықшы, менің ернім құрғап кетті»,-деп, қолына ақырын кітапты бере қоятынмын. Кейін балалар ұғымына лайықтап, жаңа ертегілер жазуға көңілім кетті. Бауыржаным қайтқаннан кейін «ковидтен» карантин басталды. Үй маңына жеті қараңғы түн ішінде көкшіл оты жарқылдап, «жедел жәрдем көлігі» жиі-жиі келіп жататын. Дарын әкесі қайтқанда бес жарым жаста еді. «Әже, әже, дәрігерлер папамды үйге әкелген болар», - деп терезеге қарай жүгіретін. Жүрегім қан жылап, не дерімді білмей, қөзім жасқа толып кететін. Сосын оны қасыма алып, түн сайын ертегі айтуды әдетке айналдырдым. Қайғы басқан шаңырақтан, қараңғылық торлаған қаладан екеуміз «қашып» шығып, күллі дүниені ұмытып, ғажайып орманға «саяхаттап» кетуші едік. Осылайша немерем Дарынға арналған «Ғажайып орман» деген кітап өмірге келді. Балаларға арнап кітап жазу өте қиын. Олардың ұғымына сәйкес түсінікті тілмен, әрі оқиғаларын қызықты етіп қиюластыру оңай емес. Балаларға арнап кітап жазғанда, өз немерелерім менің алғашқы оқырманым да, сыншым да болды. Алдымен алма-кезек соларға оқытып, мағынасы түсініксіз сөзге кезігіп, оқуға қиналса, дереу сол сөздің басқа, айтылуы жеңіл баламасын іздейтінмін. Балаларға көл-көсір ақыл айтып, мезі қылмай, бар тәрбиені ертегі кейіпкерлері арқылы беруге тырыстым. Осы тәжірибем сәтті болған сияқты. «Ақбота» деген кітабым таяуда екінші рет басылып шықты. Оны Рақымғали Құл-Мұхаммет мырза басқаратын «Атамұра» баспа корпорациясы шығарды. Биыл балалар мен жасөспірімдерге арналған «Күләйша, Рокфеллер және басқалар» деген кітабым халықаралық «Алаш» сыйлығына ие болды.
- «Жаңа Қазақстан» демекші, жаңа әдебиетті елестете аласыз ба? Ол қандай болуы керек? Егер мүлдем жаңа нәрсе жасаймыз десек, баяғыдан қолданылып келген модельдерден, эстетикалық шаблондардан, композиция құрудағы тұжырымдардан бас тартамыз ба?
- Кешегі кеңестік заманда большевиктер «Жаңа мемлекет құрамыз!» деп ұрандатып, қаншама ғасырдан бері қалыптасқан ұлттық дүние танымымыздың тамырына аяусыз балта шауып, рухани құндылықтарымызды тып-типыл қылды. Соның зардабын халқымыз әлі тартып келе жатыр. Ал өзіне тән ұлттық менталитетін, тарихи салт-дәстүрін сақтаған Жапония сияқты мемлекеттердің әдебиеті де, мәдениеті де, өнеркәсібі де қарқынды дамып кетті.
Кеңес үкіметі саяси қуғын-сүргін жылдары «Жапонияның тыңшысы» деп айыптап, атып, асып, Сібірге жер аударып, көзін құртқан кешегі Алаш арыстары бізге өзге ұлт емес, тап сол жапондарды бекер үлгі қылмаса керек. Күншығыс елі әр он жыл сайын бір жазушысының Нобель сыйлығын алуына мемлекеттік деңгейде жұмыла жұмыс істеп, барынша қамқорлық жасайды екен. Міне сондықтан жапон мемлекетінің даңқын озық үлгідегі автокөліктері мен электрондық техникалары ғана емес, Мураками сияқты қаламгерлері де әлемге таратты.
«Жаңа Қазақстан құрамыз», «Жаңа әдебиет жасаймыз» деп кәрі құрлық Еуропа мен қырық құрау АҚШ-қа емес, халқының ұлттық ұстанымы мен болмысы біздің байырғы қазақтарға ұқсайтын Жапонияға қарап, ойымызды да, бойымызды да түзесек, қателеспейміз-ау деп ойлаймын.
«Ағаш бір жерде тұрып көгереді» деген даналық сөз бар ғой, дәстүр сабақтастығы болмаса, әдебиетіміз, өнеріміз, мәдениетіміз қайдан дамиды? Мәселен, төл өнерімізді жаңаша дамытамыз деп сонау ата-бабамыздан бізге жеткен домбыра мен қобыздан бас тартпаймыз ғой. Қайта сол ұлттық аспаптарымызды жетілдіріп, шеберлігімізді шыңдап, жаңа әуендерді түрлендіре өмірге әкелсек, міне, сол дұрыс болар деп ойлаймын. Әдебиетте де солай.
- Журналистикадан келген қаламгерге басқаша қарайтын көзқарас барын білеміз. Мақаласын жазып жүре бермей де деген сияқты. Әсіресе, шығарма тіліне келгенде әдебиеттің тіреуіші саналатын көркем тіл жоқ, суреткерлік сирек, бірыңғай публицистиканың тілі келді деп жатады, бұған пікіріңіз қалай?
- Жұрт не десе о десін, мен әдебиетке журналистика арқылы келгенімді мақтан етемін. Жиырма жылдай Жезқазған облыстық телеарнасында тілші, социолог, комментатор, редактор болдым. 2000 жылы «Жыл журналисі» атандым. Кейін Алматыға қоныс аудардық. «Ақ жол» партиясының баспасөз қызметінде, «Хабар» телеарнасында, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында қызмет істедім. Қайда еңбек етсем де тарысы піскеннің тауығы болмағаныма, қолында билігі барлардың қолшоқпарына айналмағаныма, жүрегіммен беріле жазған дүниелерім көптің жүрегіне жеткеніне шүкіршілік етемін. Әйтеуір тағдыр тәлкегіне тап болған қыз-келіншектер, бала-келіндерінен мейірім көре алмай, жалғыздықтан жаны жабырқаған қарт аналар мені іздеп редакцияға келетін. Тіпті үйге де іздеп келгендер болды. «Апайлар неге жылап-сықтап сізге келеді?»-деп балаларым кішкентай кездерінде таңғала сұрақ қоятын. Ол кезде біз тұратын Жезқазған қаласында психологиялық көмек беретін орталықтар жоқ еді. Әр адамға сөзбен демеу беріп, шама-шарқым жеткенше қолдау көрсетуге тырыстым.
Кейде іссапармен алыс аудан, шалғай ауылдарға баратынмын. Ұзақ жол үстінде кездескен кейбір жолаушылар шәй үстінде шешіліп әңгіме айтып, өз тағдырларынан шым-шымдап сыр шертетін. Соның бәрі де көпке дейін көңілімнен кетпей қоятын. Бертін келе біразын әдеби әңгімелеріме арқау еттім. Алайда жұрттан естігеніңнің бәрін қаз-қалпында қағазға түсірмейсің. Көңіл сүзгісінен өткізесің, әдеби өңдеп, қиялың мен тіл шеберлігің жеткенше жазып шығасың. Сонда ғана оқырман сол оқиғалар ортасында өзі жүргендей, тіпті әңгіменің басты кейіпкері өзі секілді түрлі сезімді бастан кешіп, беріле оқиды.
Ұзақ жылдар бойы ел көріп, жер көріп, адамдармен араласып, журналистикада жүргенімнің бір пайдасы осы болды. Менің кейіпкерлерімнің прототиптері өмірде бар жандар. Саусақтан сорып, ойдан құрастырған кейіпкерлер тек балаларға арналған ертегілер мен мысал әңгімелерімде ғана.
- Осы уақытқа дейін біраз басылымда қызмет еткенде қазақтың қаншама аяулы қаламгерлерін көріп, қатар жүргеніңіз анық. Адам кейін уақыт сырғығанда жүріп өткен жолымен бірге замандастары туралы да естелігін ойында аударып-төңкеріп... сол кезде іште бір ілтипат, сағыныш, тіпті құрмет болатыны бар. Мысалы, сіз кейін естелік жазып жатсаңыз кім туралы, кімнің кісілігі жайында айтқан болар едіңіз?
- «Жаман шынын айтамын деп, сырын айтады» демекші, тағы да біраз сырды айтуға тура келетін сияқты.
1982 жылы КазГУ-дің журналистика факультетін бітірген соң, жолдамамен Жезқазған облысына келдім. Жұмысқа. Жас маман ретінде. Сол жылдары тәртіп сондай. Бармауға болмайды. Алайда, бұл жерде мені «Қарағым, келдің бе, бізге жоғары білімді журналистер керек еді!»-деп құшақ жая қарсы алған ешкім болған жоқ. Кім құшақ жайсын?! Ол жерде тіреп тұрған әкем де жоқ, арқа сүйейтін ағам да жоқ. Ең болмаса, киіз қазықты жерге қағып жіберетін құдыретті қайын жұртым да жоқ онда. Қазір ойлап қарасам, менікі жастық романтика мен албырттық екен. Газет, радио, телевизияда журналист боп жұмыс істеп жатқандардың көбі арнайы білімдері болмаса да, бұрыннан орнығып қалған жергілікті адамдар.
Алғашқы екпінмен талайдың табалдырығын тоздырдым. Сосын түк шықпағасын құзырлы мекемелерде отырған қолында мөрі, астында орын-тағы барларға: «Ең болмаса, біз журналист маманға зәру емеспіз. Бос орын жоқ» деп жолдамамның бір шекесіне жазып берсеңіз, келген жағыма қайтып кетер едім» деп те жалындым. Орысша айтқанда «открепление» берсе, Алматыға барып, сондағы толып жатқан газет-журнал редакцияларының біріне қызметке орналасармын деген дәмем де жоқ емес. Алайда, еңселі ғимараттардағы қазақпен қазақша сөйлеуге арланатын басшы көкелер: «Қой, қарағым, ондай қағаз бере алмаймыз. Басымыз екеу емес. Қай жақта қандай маман жетіспейтінін министрлік білмей отыр деп пе едің?!», - деп шошына бас тартқаны да есімде. Осының бәрін хатқа тізіп, күллі СССР-дің бетке ұстап отырған беделді басылымы, КПСС-тің ресми органы «Правда» газетіне жаздым да салып жібердім.
Бір күні «Правда» газетінің хаттар бөлімінің бастығы Ладин деген адамнан жауап хат келді. «Сіздің шағымыңызды тексеріп, тиісті шара қабылдау үшін Қазақстан компартиясының Орталық Комитетіне жібердік», - депті... Мәссаған! Сөйтіп, көп ұзамай, ЦК-дан тексеру келіп, зейнет жасынан асса да жастарға орын бермей отырған талайлар лажсыз жылы орындарын босата бастады. Сөйтіп, менің жалғыз хатым, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Тып-тыныш қалың ұйқы құшағында мүлгіп жатқан өңірге бұрқ етіп «Протон» құлағаннан бетер абыр-сабыр басталды. Менің тележурналистикадағы қиын да қызықты жолым сол кезден басталды... Жезқазған облыстық телерадио комитетінің бас режиссері Новожилова Наталья Иосифовна деген адам екен. Кейін білдім, ол кісінің әкесі Кеңестер Одағына әйгілі балалар жазушысы Лев Кассильдің туған бауыры екен. Саяси тұтқын ретінде өмірбақи «Степлагқа» жер аударылыпты. «Халық жауының» отбасында өмірге келген зиялы, аристократ әйел Наталья Иосифовнаның киім-киісі де, өзін ұстауы да елден ерекше еді. Ақ шілтер жағалы қара көйлегі, құлағындағы ақық көзді күміс сырғасы өзіне керемет жарасатын. Менің телестудияға жұмысқа тұруыма сол кісінің ықпалы болды.
Телестудияға ең алғаш жұмысқа келген кездерді еске алсам, өзім бастан кешкен күлкілі оқиғалар көз алдыма келеді... Басында мені режиссердің көмекшісі ретінде «жаңалықтар бөліміне жіберді. Басында сұр қалпағы, үстінде сұр пальтосы бар әсем режиссер - Әсия апай келген бетте қай жақтың қызы екенімді сұрады, жауабымды ести сала: «Е, батыс жақтың қызы болсаң, онда өлмейсің! Менің де бір туыс келінім бар сол Астрахань жағынан!» деп бір-ақ кесті де, маған: «Бар, ана жақтан ученикті шақыр, записке келсін!» - деді.
Мен мектеп формасын киген оқушы баланы іздеп, әр кабинеттің есігін бір ашып, «Апай, жоқ екен», - деп қайтып бардым. «Ол қайда кеткені, запись уақытын біледі ғой!? Бар, тағы қарап келші»,-деп мені қайта жіберді. Мен тағы да әр кабинеттің есігін бір ашып, «Жоқ, әлі келмепті» деп қайтып барамын. Әсия апай бұрқан-талқан кейіп, «Эфирге шығатын уақыты жақын. Осы уақытқа дейін ол қайда жүр сонда?» - деп, екі-үш баспалдақтан бір-ақ аттап, телецентрдің ғимаратынан журналистер отыратын ғимаратқа көйлекшең, тері бұрқырап, жүгірсін. Мен ентігіп ізінде жүрмін. Орта бойлы кісі бурыл шашы дудырап, стол басында бүкшиіп бірдеңе жазып отыр екен. «Неге орныңда отырмайсың? Жұмыс уақытында қайда жүрсің?» -деп Әсия апай келе қуыра жөнелсін. Ана кісі аң-таң, көз әйнегін бір алып, бір киіп: «Мен күні бойы тапжылмастан осында отырмын ғой», - дей береді. Сөйтсек, «ученигі» - Михаил Ученик деген журналист екен.
Мінезі ақжарқын, қолы ашық, ар жағында бүкпесі жоқ, ауызын ашса көмекейі көрінетін, айналып-толғанып, жылы сөйлеп, ренішіңді ұмыттырып жіберетін бұрынғы режиссер, қазір зейнет демалысына шыққан Әсия апаймен әлі күнге хабарласып, қатысып тұрамын. Мінезі байыпты, қыздай ұяң, өте биязы режиссер Гүлнәш Қошановадан да үйренгенім көп. Кейін тележурналист болған кезімде онымен бірге талай алыс аудандарға іссапарларға бірге бардық. Үй-ішімізбен араласып, өте жақын дос болып кеттік. Өз ісіне тыңғылықты. Артық сөзі жоқ. Ол қазір Астанадағы Еуразия университетінде болашақ тележурналистерге дәріс беріп жүр. Екеуміз екі қалада тұрып жатсақ та, сол биязы, байыпты, ақжарқын Гүлнәшпен арамыз үзілген жоқ. Ұзақ уақыт хабарласпай кетсек, бір-бірімізді сағынып іздеп тұрамыз.
Үш тележурналист: (Тоғанбай Құлманов, Базаргүл Үмбетова және мен) Жезқазған облыстық телекомпаниясында қаншама жыл бірге еңбек еттік. Бір-бірімізден жас айырмашылығымыз болса да, бір үйде бірге туған ағалы-қарындастардан бетер едік. Біздің тату-тәтті сыйластығымызға жұрттың бәрі қызығатын. Үшеуміз ошақтың үш бұты сияқты болып телеарнаның қасиетті қара қазанын бірге қайнаттық. Талай-талай тарихи оқиғалардың бел ортасында жүріп, қаншама адамдармен араластық. Үшеуміз тың тақырып іздеп, қызық телебағдарламалар дайындап, абыр-сабыр жүруші едік. Қазір енді сағыныш сағымына айналған сол бір күндер тек ыстық естелік болып, көңіліміздің төрінде сақтаулы.
Айдың-Күннің аманында, бір-бірімізді «іздеп» жүретінбіз. Біреуіміз бір жаққа кетсек болды, қалған екеуміз кеткен адамның фотосуретін қағазға жапсырып, астына күлдіргі бірдеңе жазып, стол үстіндегі қалың әйнектің астына қоятынбыз. Біздің сол әдетімізді әріптестеріміздің бәрі білетін. Өмірдің түрлі қиындықтарынан еңсесі түсіп, жағдайы болмай жүрген жұмыстастар кей-кейде кабинетімізге келіп, біздің бір-біріміз жайлы жазған әзіл-оспағымызды оқып, рахаттана күліп, бойларына бір таза энергия, күш-қуат алғандай болып, сергіп-серпіліп қалатын.
- Есте қалған қызықты оқиға аз емес десеңізші...
- Ия, солай.1994 жылы кенже баламды босанып, үйде отырғам. Хабарға қатысуға келген жұрт мені сұрай береді екен. Содан Тохаң мен Базкен бір күні менің ақшыл тон киіп, көппен бірге қыста түскен фотомды қиып алып, ақ қағаздың шекесіне жапсырып, «Магаданнан сәлем!» деп, менің атымнан хат жазыпты. «...Жасы 90-дағы Мудров деген шалмен бірге әйгілі ақын ағамыздың жерленген жерін іздеп жүрмін. Жезқазғанда қазір шыжыған шілде шығар, мында күн суық. Қалың тон кисем де тоңып жүрмін, елге қашан қайтарымыз белгісіз. Бәріңді сағындым... » деген сарындағы хатты жазу столымның үстіне, қалың әйнектің астына салып қойыпты. (Сол жылы республикалық газет-журналдар 1937 жылы саяси тұтқын ретінде Магаданда болған, қазір Қарағанды қаласында тұратын, Мудров деген орыс шалды «Сәкен Сейфуллинді көріпті. Екеуі айдауда бірге болыпты. Тіпті оның жерленген жерін де біледі екен» деп жарыса жазып жатқан. Рас-өтірігін кім білсін...)
Редакцияға келіп, мені сұрағандарға жауап беріп жатпай, екеуі сол «хатты» көрсете қояды екен. Артынан көшеде кездескендер менен: «Магаданнан қашан келдіңіз? Экспедиция әлі Сәкеннің сүйегін іздестіріп жатыр ма?» деп сұрайтын. Басында түсінбей жүрдім. Мені «Магаданға жіберген» әлгі екеуі екенін кейін білдім ғой.
Қандай қарбалас қызу жұмыста жүрсек те, үшеуміздің әзіл-күлкі, қалжыңымыз таусылмайтын. Жаңбыр жаумай су болып, шекесі тырысып жүрген кейбіреулер бізге: «Осы сендер неге жетісіп күлесіңдер? Айлық алмағанымызға бәлен ай болды. Премия, гонорар дегенді мүлде ұмыттық. Сендердің ғана қағанақтарың қарқ, сағанақтарың сарқ!» деп ұрсатын. Шынымен де қоғам өлара өтпелі кезде тұрған өте күрделі кезең еді. Дүкендер жылан жалағандай. Арақты да, тамақты да, кір сабын мен кір жуатын ұнтақты да қырғын кезекке тұрып, талонмен аламыз.
Бірақ, Қазақстанның тәуелсіздік алып, егемен ел атанғанына қуанып жүргесін бе, қандай жоқшылық көрсек те, езуімізден күлкі кетпейтін... Жезқазған облысы тарағасын Базаргүл Астанаға елден бұрын көшіп барып, елордамыздың байырғы тұрғыны атанған еді. Қазір ол туған жері -Жезқазғанға қайта оралып, «Ұлытау» телеарнасының креативті директоры болып істеп жүр. Тағдырдың жазуы шығар, Тоғанбай Құлманов әріптесіміз бұдан бірер жыл бұрын фәниден бақиға көшті. Ең ұзақ – 20 жылдай еңбек еткен, ең алғашқы ұжымым Жезқазған облыстық телеарнасы болғандықтан, сонда тапқан дос-жарандарыма ұзағырақ тоқталдым. Айып етпессің, айналайын. Негізі, қызмет барысында танысып, туғанымдай болып кеткен қаламгер апайларымыздың қатары жыл санап сирей бастады. Қандай өкінішті! Сағынғанда, әй-шай жоқ, аяқ астынан «Оңғарсынова!» деп, өзімсіне телефон соғып, мені састыратын Фариза апам сағыныштың сағымына айналып кеткелі қашан... Былтыр тамаша прозаик Кәмила Құдабаева апамыздан айырылып қалдық. «Зарюша-а-а! Люблю, люблю!» деп сонау Астанадан ай сайын телефон шалып, амандығымды сұрайтын ақын, аудармашы Сақыпжамал Өтеғалиева апамның өмірден қайтқанына да екі жылдай боп қалды-ау... Жалынды публицист, киносценарист, ақын Зәмза Қоңырова апайым да фәни дүниеден бақи дүниеге көшті. Ол екеуміздің ең алғашқы танысуымыз өте қызық болып еді. Қазір ғой қызық деп отырғаным, ал ол кезде – екеуміздің де қорыққаннан көзіміз алақандай болған...Сіздерге түсінікті болу үшін бәрін басынан бастап айтайын. Менің «Қазақ әдебиеті» газетіне қызметке тұрғаныма онша көп уақыт бола қоймаған кез еді. Дәл сол күні - газет шығатын күн еді. Бас редактор Ұлықбек Есдәулет ағайдың қабылдау бөлмесінде әдемі киінген көрікті әйел сол жерде бір орындыққа жайғасып алып, абыр-сабыр жұртқа қарамай, дауыстап өлең оқып отыр екен. Қасына жақын барып, өлеңіне құлақ тіктім. Өлең Алматының «Шаңырақ» ықшам ауданындағы құрғап қалған сай табанына заңсыз салынған баспаналарын бұзуға қарсылық білдіріп, бір топ адамның полиция қызметкерлерімен қақтығысып, оның соңы бір жас жігіттің өлімімен тынғаны жайлы екен. Қайғылы жағдай, қан төгіске жеткізген билік өкілдеріне, сол кезде қала басшысы болып отырған Иманғали Тасмағамбетовке арналыпты.
Жазған дүниелерін оқып, баспасөзден аты-жөндерін көріп, сырттай «танып» жүргеніммен, ақын-жазушылардың көбін бұрын-соңды бетпе-бет көрмегем. Қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыздан жаңағы күлімкөз әйелдің аты-жөнін ақырын ғана сұрап ем, «ақын, аудармашы Зәмзә Қоңырова ғой»,- деп сыбырлады. Алдында ғана ол кісінің баспасөзден есімі елге белгілі бір қаламгер ағаймен Олжас Сүлейменов туралы пікірталасын оқығам. (Екеуінің мақалалары «Қыр астындағы қиқу», «Шың астындағы шиқыл» деген атпен алма-кезек газеттерге шығып жатқан. Әлгі даулы мақалаларын оқығанымды айтып едім, қатулана оқып отырған қаһарлы өлеңі жайына қалып, жаңағы даулы мақалалардың шығу себебін егжей-тегжейлі айта жөнелді.)
Атышулы публицист әрі арқалы ақын апаймен жақын танысқым келді де, ол кісіні өзім отыратын кабинетке шақырдым. Мен үшінші қабаттағы ұзын дәліздің түкпір жағындағы кабинетте, оңаша, у-шудан тыныш жерде отырушы едім. Зәмзә апамыз ауызын ашса көмекейі көрінетін аққкөңіл адам екен. Оның бірінен бірі туындап жатқан ұзынсонар қызық әңгімелерін тыңдап отырып, жасынан әділетсіздікке қаны қас, жамандыққа жаны төзбейтін, қоғамда болып жатқан өзгерістерден сырт қалмай, алуан түрлі оқиғаларға үн қосып, өз ұстанымын білдіріп жүретін қайраткер жан екенін ұқтым. Зәкең – шебер әңгімелеуші, мен – байыпты тыңдаушы. Әңгіме қызығымен отырып, уақыттың қанша болғанын аңғармаппыз. Кенет есік сарт-сұрт ашылды да, біреу ішке алқын-жұлқын кіріп келді. Түрі қазақтан гөрі кәріске ме, қытайға ма келеді. Әйтеуір қазақ емес. Қаракөлеңке бөлмеде отырған бізге қарап, «Тссс!» деп сұқ саусағын кезеді де, есікті ішінен кілттеп, кілтін қалтасына салып алды. Қырсыққанда дәл сол күні кілт есік ауызында қалып қойған екен. Ақырын ғана біреуің терезеден сыртқа қараңдар, менттердің машинасы бар ма екен? – дейді бейтаныс жігіт бізге әмірлі үнмен. Қарсылық білдіруге дәрмен жоқ, Зәкең екеуміз әлгінің айтқанын екі етпейміз. Шынымен де жер-дүниені басына көтере азынап, көк шамын жарқ-жұрқ жағып полицияның машиналары бірінен-соң бірі біз отырған ғимарат маңына келіп тоқтап жатыр екен. Көп ұзамай ұзын дәліз дүбірлеген аяқ дыбысына толып кетті. Бір топ адам әр кабинеттің есігін бір тартып көріп жүргенін сезіп, сәл қозғалақтап едік, жаңағы бейтаныс жігіт екеумізге ала көзімен бір қарағасын жым болдық. Жұрттың бәрі кетіп, кісі аяғы басылғасын, түр-түсі күдіктілеу жігіт: «Кәне, «соткаңды» маған бер!» -деп, менің ұялы телефоныма қолын созды. Сосын мекен-жайымызды өзімізден сұрап білді де, таныстарына телефон соғып: «Мен Абылайхан, 105 деген жерде отырмын... Менттер кетті ме? Айнала қарап шық, сосын осы телефонға соқ!»-деді зірк-зірк етіп. Бізде зәре жоқ. Қас қарайып, күн батты. Қараңғы кабинетте Зәкең екеуміз қайдағы бір қашқынның тұтқыны болып, қояндай қалтырап, үн-түнсіз отырмыз. Тура кинодағы қылмыскердің «заложниктері» сияқтымыз. Ойымызға кірмеген бәле жоқ. Бірталай уақыттан соң, менің телефоным шыр ете қалды. Ол бірден қолын созды. Телефон шалған соның танысы екен. Полициялар кетіп қалғанын, ешкім аңдып тұрмағанын айтты-ау, деймін, әлгі жігіт зып етіп есікті ашты да, зым-зия жоқ болып кетті.
Екеуміз қанша сағаттар бойына сымдай тартылып, ұстараның жүзінде тұрған адам секілді, қалтырап-дірілдеп, бірімізге біріміз сүйеніп азар дегенде сыртқа шықтық. Есік аузындағы күзетшілер бізді көріп, аң-таң... Қоғамдық көліктер тоқтап қалыпты. Екеуміз такси ұстап, үйді-үйімізге қайттық... Сол үрейлі оқиғадан соң Зәмзә Қоңырова апай екеуміздің арамыз өте жақын болып кетті, тіпті бір-бірімізбен апалы-сіңлілі жандардай болып жақын тартып кеттік.
Зәмза Молдабайқызы - сөз өнерін ерекше кие тұтатын ғажап жан еді! Талантты сөз зергерлерінің бәрін ең жақын туысындай қадірлейтін. Тентек мінезді тегеурінді ақын Фариза апамыздың туған сіңлісіндей болып, тірлігінде сыйласып өтті. Айтқан сөзінде тұратын, уәдесіне берік, ер мінезді, қолы ашық, жан адамды жамандамайтын, адамдардың бойынан тек жақсы жағын ғана көретін, жастарға қамқор, қазақтың мәрт қызы еді. Бір күні Зәкең езуі екі құлағына жетіп, жүзі қуаныштан бал-бұл жайнап, біздің редакциямыздың компьютер орталығынан шығып келе жатыр екен. Дәлізде кездесіп қалдық. «Оу, Зәке, көптен келмей кетіп едіңіз? Адасып жүрген жоқсыз ба?»-деп амандық-саулық сұрай бастадым. «Менің балам осы редакцияның компьютер орталығына жетекші болып келіп жатыр. Соны жаңа қызметімен құттықтап шықтым»,- дейді дауысы күміс қоңыраудай сыңғыр-сыңғыр етіп. Таңғала қарап қалдым:
- Балаңыз кім?
- Бауыржан Жамалов! – дейді.
- Түк түсінсем, бұйырмасын. Ол менің балам ғой,-деймін, аң-таң болып. («Азамат.кз» газетінде дизайнер болып жүрген жерінен «Қазақ әдебиеті» газетіне Ғалым Жайлыбай ағасының қолқалауымен ауысып келгені кеше ғана еді).
Зәкең: - Менің бар еркелігімді көтеретін сондай сабырлы бала өзі. Газетке салып жатқан мақаламды қалай өзгерт десем солай өзгертіп, бар дегенімді жасайды. Дизайнерлердің көбі қасында отырып алып, қақылдап ақыл айтатын авторларды жақтырмайды, тіпті ренжіп, кабинеттен шығарып жібереді ғой. Тек Баукам ғана маған қарсы шықпайды. Өзін сондай жақсы көремін! Бүгін «Азамат» газетінің редакциясына барсам, қасындағылар қызметі осында ауысып кеткенін айтты... Сосын бірден құттықтауға жетіп келдім! - деді самбыр-самбыр етіп... Олардың бұрыннан бір-бірін танитынын мен білмеуші едім.
Бауыржаным отыздан асар-аспастан өмірден қайтқанда, оны ерекше жақсы көретін Зәмза апайы менен кем жылаған жоқ. Қатты қайғырды. Бірге жыладық... «Жақсыда жаттық жоқ» деген рас екен. Сөйткен Зәкең де мынау жалған өмірден өтті.
«Қазақ әдебиеті» газетінде жұмыс істеген кезімде жас қаламгер, өмірден ерте кеткен талантты қыз Аягүл Мантаевамен бір кабинетте бірге отырдым. Студент сіңлісі Тоты екеуі пәтерден-пәтерге көшіп жүретін. Тіпті пәтер таба алмай, көрпе-жастық, ыдыс-аяқтарын редакцияға әкеп-қойып, вокзалдарға түнеп жүрген кезде де ешкімге мұң шақпайтын. Өте өжет, еңбекқор, шектен тыс намысқой қыз еді. Ол қосымша жұмыстар істеп, Түркияда оқитын жалғыз інісіне ақшалай көмектесіп тұратын. Өкінішке орай, ол інісі мезгілсіз қайтыс болды. «Хабар» телеарнасында белгілі өнертанушы Әлия Бөпежановамен бірге жұмыс істедім. Екеуміз апалы-сіңлілі жандардай болдық, тіпті келе-келе сырлас құрбыға айналдық. Әлия Қаһарманқызы – жан баласына жамандығы жоқ, тамаша жан. Өте білімді. Жан-жақты, ізденімпаз, әрі өте еңбекқор адам.
«Жұлдыз» журналында тамаша балалар жазушысы Ділдәр Мамырбаевамен он жылдай бірге қызмет істедім. Білімді, әр нәрсеге өзіндік пікірі бар, ұлтымыздың ұмытыла бастаған салт-дәстүрлерін жақсы білетін, өте қонақжай жанмен тек жай әріптес қана емес, жақын дос болып кеттік.
- Алдағы бір жақсы күндері аяқтап, оқырманға ұсынам деп отырған дүниеңіз туралы айта аласыз ба?
- Оқырмандарым бұйырған дүниені сәті түскен кезде оқи жатар. Алдымды кеспейін. «Арық сөйлеп, семіз шыққанды» жақсы көруші ем.
- Өмір бойы еңбектенумен келесіз. Журналистика болсын, қаламгерлік болсын өмірді зерттеуден, айналаны танудан, ішкі бағалаудан тұрады. Өмірдегі үлкен олжаңыз не?
- Қандай қиын жағдайлар басымнан өтсе де қасиетті қаламымнан айрылмағаным – өмірдегі ең басты олжам.
- Әңгімеңізге рахмет.
Бөлісу: