Бекет Өтетілеуовтің туғанына 140 жыл
Бөлісу:
1 шілде күні ақын, аудармашы, ағартушы, педагог Бекет Өтетілеуовтің туғанына 140 жыл толып отыр. Бекет Өтетілеуов 1883 жылы бұрынғы Торғай облысы Қостанай уезінің Обаған ауданы (қазіргі Қостанай облысы Сарыкөл ауданы) Қараоба деген жерде дүниеге келген. Ауылда алғаш сауатын ашқаннан кейін, 1897 жылы үш жылдық орыс мектебіне оқуға түседі. Бұл мектепті 1901-жылы аяқтаған соң Боровскойдегі (қазіргі Меңдіқара ауданы орталығы) екі сыныптық мектепке түсіп, 1902 жылы Қостанай қаласындағы екі сыныптық қазақ-орыс мектебіне ауысып оқып, оны 1905 жылы бітіреді. Мұғалім мамандығын алып шығу үшін Қостанайдағы оқытушылар даярлайтын мектепке түсіп, бір жылдық оқу мерзімінде аяқтап, мұғалім атанады. Алғашқы оқу жолын Ақмола облысы, Көкшетау уезі, Қаратал орта мектебінде мұғалімліктен бастайды. 1907-жылдың бірінші қыркүйегінен, 1908-жылдың бірінші қарашасына дейін осында сабақ береді. Осыдан кейін ол бүкіл өмірін педагогтік қызметке, шығармашылыққа арнайды. Сабақ берумен қатар оқу құралдары мен әдістемелік көмекші құралдар, көрнекі құралдар әзірлейді.
Өзінің жазған дүниелері «Дүние ісі ахиретке кетпес» (1912), «Жиған-терген» (1914), деген атпен Қазан қаласынан кітап етіп бастырып таратады. «Дүние ісі ахиретке кетпес» кітабында екі дастаны енген болса, «Жиған-терген» кітабында өлеңдеріне қоса, орыс мысалшыларынан аудармалары енген. Ол Ыбырай Алтынсарин, Абай, Ахмет Байтұрсынұлы қатарлы қазақтың тұңғыш зиялылары қатарында, қазақ оқырмандары үшін мысал жанрының өтімді екенін жақсы аңғарды. Аудармашы ретінде орыс әдебиетінің көрнекті өкілдері И.А.Крылов, А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, В.А.Жуковский, А.Н.Плещевтердің шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады. Екі дәуірдің куәсі, педагог ұстаз, ақын, аудармашы Бекет Өтетілеуов 1949 жылы 9 маусымда өмірден өтіп, туып-өскен жері Қараобада жерленген.
Бекет Өтетілеуов – Ыбырай Алтынсарин, Спандияр Көбеев үлгісіндегі шығармашыл ағартушы ұстаздар шоғырының ірі өкілі. Бекет Өтетілеуовтің адами, тарихи, әдеби тұлғасы, бейнесі, қызметі жайында біршама жазылған. Қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Автобиографиялық әңгіме» туындысында ағартушы ұстаз Бекет Өтетілеуов туралы біршама айтылады. Ғабит Мүсірепов ұзақ жылдан кейін жазған естелік еңбегінде алғашқы ұстазы Бекет Өтетілеуовтің өз өмірінде адам болып қалыптасуға, білім жолында қажып-талмау тұрғысында берген, ілім-білімі, тәлім-тәрбиесі турасында аса ілтипатпен жазады.
Ғабеңнің жазуынша өзінің аулынан бұл Обаған өлкесіне баруы кездейсоқ себеп екен. Ақ патшаның 1916-жылғы маусым жарлығы бойынша қара жұмысқа алынған нағашысының үйіне қолғабыс жасау үшін барған жасөспірім Ғабит Обағандағы нағашысының үйіне барады. Нағашысының аулында түрлі шаруаға көмектесе жүріп, табыс та табады. Бала Ғабит мұнда босқа жүрмей, білім алғысы келеді. Себебі, нағашысы тұратын ауылға жақын ауылда екі сыныптық орыс мектеп бар екен. Осы мектепке кірмек болады. Оған кіру үшін де пара керек екен. «Алты сом пара алып, «учитель» мені январь айында бірінші класқа кіргізді. Атын әлі күнге білмеймін, «Ақтөбе жігіті» дейтін еді, бірақ алты сом пара алғанын әлі күнге ұмытқаным жоқ: өйткені бұл дәл төрт пұт балық еді...». Бірақ пара алып оқуға қабылдаған «учительдің» сабақ беру ғұмыры ұзақ болмайды. Ол жұмысынан шығарылады. «Ұзамай ол орнынан алынып, мектеп белгілі оқытушы Бекет Өтетілеуовке көшті. Ондай жақсы оқытушыны мен кейінде сирек кездестірдім. Ол үлкен мағынада ағартушы болатын тілегі бар адам еді. Кейде сабақ біткеннен кейін оқуға, білімге шақыратын әңгімелерді айтады. Көбінесе, өзі аударған Крылов мысалдарын оқып береді. Абай, Ыбырай шығармаларын оқиды. Не түсінгенімізді сұрайды. Бірақ, балалар ойы ұғындырғанды да ұмыта береді», -деп Ғабеңнің жазғанындай, Бекет Өтетілеуов – шынымен де үлкен мағынадағы ағартушы болумен қатар,шығармашылық иесі – белгілі қаламгер, аудармашы, балалар әдебиетінің ірі өкілі ретінде әдебиет тарихында қалған тұлға. Ол орыс әдебиетіндегі мысал жанрының шебері И.Крыловтың туындыларын қазақ тіліне аударды. Атап айтқанда Бай мен етікші», Бүркіт пен өрмекші», «Бала мысық пен қараторғай», «Бұлбұлдар», «Аң аулаған қоян», Ысырапқор мен қарлығаш», «Піл мен қанден» т.б. мысалдарды қазақ балаларының талғам-танымына сай аударып ұсынды.
Ағартушының өз оқушыларына тек білім берумен қатар, оларды жеке басының тазалық, гигиенасына дағдылануына да мән бергенін көреміз. Бұл туралы да Ғабеңнің «Автобиографиялық әңгімесінде айтылады: «Бекеттің өз айтқандарынан есте қалған бір ауыз сөз: «Қандай іске кіріссең де таза қолмен кіріс!» - дегенді көбірек айтушы еді. Тақтаға барып есеп шығарғаннан кейін, болмаса, жазуға отырарда біз ылғи қолымызды жуып әдеттендік. Оның айтатыны бұл ғана еместігін мен кейінірек аңғардым. Қолың таза болуы шынында да көп нәрсені аңғартпай ма?» Ұстаздың «Таза қолмен кіріс» деген сөзінің Ғабең кейін аңғарған мағынасы – мына өмірде қандай да бір іске алғаусыз таза көңілмен, ақ ниетпен кіріс, сонда ғана жолың болады дегендік екені анық.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, мұғалім жақсы болса, әрі ол шығармашылық адам болса шәкірттің дарын қабілетін дамытып, бағын ашатындығына Бекет ұстаздың Ғабит шәкіртті баулы анық мысал болады. Талапты жас шәкірт Ғабиттің бойындағы шығармашылық қабілеттің ұшқынын аңдап, оны әдебиет әлеміне баулып, көкірегіне үміт сәулесін жағады. «Бекет менің қиссаға құмарлығымды білгеннен кейін, мені әдебиетке тарта бастады. Әуелі «Жиған-терген» маған өте ұнады. Бірақ, «кәне, несі ұнады?» деп сұрағанда, мен оған жауап айта алмадым», - деп жазады Ғабең.
Ол заманда, тіпті күні кешеге дейін қазақ ауылдарында ұзақ кештерде үлкендер балаларға қисса-дастандар оқытып тыңдайтын еді. Қазіргі замандағыдай аудиоқұрылғылардың болмауынан, ақпаратты тек кітаптан тыңдау арқылы ғана алатындықтан, солай болып келді. Үлкендердің алдында жыр-дастандар оқып беру – жастар үшін мәртебе саналған. Ал ұстаздар үшін бұл шәкірттерінің оқу жылдамдығын арттырудың, тіл ұстартудың таптырмас құралы. Бұл әдісті кезінде Бекет ұстаз да жақсы қолданғанын көреміз: «Содан соң ол маған бір жетіге «Шаһымаран» қиссасын беріп, кейін ертегі ретінде түгел айтқызып шықты. Желілі әңгіме есте қалған екен, мен сүрінбей айтып бердім. Бір кеште, Бекеттің өз үйінде он шақты адамға тағы бір тыңдатты. Тыңдаушылар мені мақтасып тарасты. Өнерсіз-білімсіз елге ертегіші де, бірдемені оқи алған да өзге жұрттан биігірек тұратын еді», - деп жазады Ғабең өзіне ұстазының ертегі оқытып дағдыландырған тәжірибесі туралы.
Ғабеңнің ауыл молдасы сабақты қалай үйрететіндігі турал өзінің «Ананың арашасы» әңгімесінде жазатыны белгілі. Ал бұл арадағы оқудың жөні мүлде бөлек екен. Дегенмен бұған дейін сауат ашып алғандығы көп пайдасын тигізеді. Бекет Өтетілеуов сабақ беретін Ханымкөлдегі мектепке кіргеннен бір айдан кейін жас Ғабит пен ұстазының арасында мынадай әңгіме өтеді: «Бұрын бірер жыл молда алдын көрген балаға бірінші кластың сабағы өте жеңіл болып еді. Оның үстіне аздаған мақтаншақ та болуым керек, мені өзіне жақынырақ ұстайтын оқытушыма еркіндік жасап, айналасы бір айдан кейін былай дегенім әлі есімде:
- Мен бірінші класты бітірдім... Екіншінің кітаптарын оқып жүрмін, - дедім.
- Қалай бітірдің? — деп, ақкөңіл оқытушым таңданып та, абыржып қалды.
Оқытып көріңіз... Букварь да бітті, есеп те бітті, - дедім.
Оқытушымның өз почеркіне еліктей-еліктей, көркем жазуды да түзеп алғамын. Букварьды қиссадай заулатып, әлдене рет сыдыртып шыққанмын... Осы жайларымды көтере айттым...
Оқытушым аз ғана жымиды да:
- Қалай оқитыныңды сен емес, мен білуім керек емес пе?.. - деп, мен қызарғанша едәуір кідіріс жасады да - жақсы оқитының рас, мақтаншақтығың да бар... Осы екеуінің біреуін мықтап ұста да, біреуін таста, - деді». Мінеки, осылайша ұстазы білім жолы – ауыр жол екендігін, оқу инемен құдық қазғандай екендігін талапты шәкіртіне байыппен ұғындыра отырып, өмірлік сабақ береді. Бұдан соң шәкіртініңталабы қайтып, жасып қалмауын ойлаған ұстазы жақын арада білім инспекторы келетінін, жақсы балалардан сынақ алатынын, солардың бірі ретінде өзіне сенім қойып отырғанын айтады. Ұстазы мен шәкірттері бұл сыннан сүрінбей өтеді.
Сөйтіп жүргенде ІІ Николай патша тағынан тайдырылады. Мектепте ілулі тұрған патша мен ханымының алтын жиекті суретін жұлып алып, үстелдің қабырғасына сүйеп қойған Бекет ұстаз сонда: «Бүгін оқудан боссыңдар. Мына екеуін ауыл-ауылға сүйретіп, кешке дейін мыжғылаңдар... Патша құлады деген дауыстарың бәсеңдемесін!» - деп оқушыларына тапрысып, туған халқының алдағы күндерінен үлкен үміт күткендей болады. Мұғалім айтқан соң, оқушылар қайдан қарап тұрсын, патша мен әйелінің суретін шылбырға байлап алып, кешеке дейін сүйретеді. Осы арқылы балаларға жаңа заманның лебін, азаттықтың рухын сезіндіргісі келгені болар, ұстаздың. Осы бір ойпыл-тойпыл кезеңде де ұстазы Бекет Өтетілеуовтің Ғабит Мүсіперовке алдағы күндерде де білім алып, саналы азамат болуына көмек көрсетуден танбағанын көреміз: «Келер жазда Бекет Өтетілеуов өз атынан өтініш жазып, мені Пресногорьковская станциясындағы жоғары бастауыш мектебіне түсірді. Орысшадан екі алып, есептен бес алып, түстім...», - деп жазады Ғабең.
«Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады», - деген Абай сөзінің анық дәлелі – Бекет Өтетілеуов пен Ғабит Мүсірепов арасындағы ұстаздың үйретсем, ұғындырсам деген ынта-ықыласы, қамқорлығы мен шәкірттің оқысам-білсем деген ынта-ықыласы болса керек.
Бөлісу: