Стамбұл бір күнде пайда болған жоқ

Бөлісу:

25.07.2023 2246

Орхан Памуктің «Менің оғаш ойларым» романы –

Стамбұлға сөзден соғылған мүсін

немесе 

Стамбұл бір күнде пайда болған жоқ

Жұмысымыздың көп бөлігі кітап оқуға байланысты болғанымен, кітап оқып жүріп те, арасында басқа кітап оқу арқылы тыныстау мен демалуды аңсайтын сәттер болып тұрады. Демек, жұмыс барысында ұнатпайтын кітаптарды да оқуға мәжбүрміз. Сондай кезде таңдауымыз таңдаулы автордың бірі Орхан Памукке түсетіні де жасырын емес. Жазушының «Менің атым – Қырмызы» және «Сезім музейі» романдарынан кейінгі әсер «Менің оғаш ойларым» шығармасын оқуға түрткі болды. Бұл романды жазушы алты жыл: 2008-2014 жылдар аралығында жазған екен. Романның уақыты мен кеңістігіне Стамбұл шаһары және ондағы қырық жылдам астам уақыт – 1969-2012 жылдардағы оқиғалар алынған. Алайда қала оқиғаларының хронологиясы 1950 жылдардан кейінгі кейбір тарихи уақыттарды да қамтиды.  

Біздің ойымызша, О. Памуктың тек бір шығармасы емес, аталған үш романы да ойының «оғаштығымен» ерекшеленетіндей көрінеді. Алматыдағы кітап сөрелерінде шет тілінен аударылған автор ретінде О. Памуктің кітаптары тізіліп тұратыны да белгілі. Демек, қазақ оқырмандары Орхан Памукті ұнатып оқиды деуімізге бола ма?.. Автордың көлемді романдарына қарап, «қазіргі уақытта клиптік сана басым», «оқырманның көп бетті оқуға уақыты тапшы» деген түсініктердің де шартты екенін байқауға болады. Жақсы кітап немесе жақсы жазатын авторға деген оқырман сүйіспеншілігі кітаптың көп бет санымен өлшенбейтінін де білдіреді.

Оқырмандар О. Памуктың «Менің оғаш ойларым» романы арқылы әлем тұрғындарының сүйікті және туристік қаласына айналған Стамбұл тарихына, әсіресе, 1950 жылдардан 2012 жылдарға дейінгі әртүрлі деңгейдегі, сипаттағы саяси, экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық көріністеріне куә болады. Ыстамбұл тарихы шын мәнінде бізді де көбірек қызықтырды. 

Романда Мевлут Караташ есімді кейіпкердің балалық шағы, ауылдан Стамбұлға келіп, әкесімен бірге күндіз айран, кешке боза сату кәсібіне араласуы, әкесі қайтыс болғаннан кейін басқа тағам түрлерін сатуға өтуі, Ататүрік лицейінде білім алуы (аяқтай алмаған), 1970 жылдардан кейін Стамбұлда әртүрлі саяси оқиғалар мен қақтығыстарға араласуы, қызға ғашық болуы, әскерге баруы, отбасын құрып, балалы болуы, т.б. сынды оқиғалар хронологиялық әдіспен бедерленеді. Мевлут сатушылық тәжірибесінде қандай кәсіппен айналысса да (көбіне сатушылық) кешкі уақыттарда боза сату дәстүрін жылдар бойы жалғастырады. Мевлуттің оқиғалары Стамбұлдың алпыс жылдық тарихын көрсетеді. 

Сонымен қатар, романда ХХ ғасырдың жартысында ағалы-інілі Хасан мен Мұстафа, Мұстафаның ұлы Мевлут, Хасанның балалары Қорқыт пен Сүлеймен сынды Түркияның Бейшехир аймағынан Стамбұлға жұмыс іздеп келгендердің қаладан заңсыз жерлерді иеленіп, үйлер салып алуы, саяси қылмыстар мен тұрақсыздықтар, биліктің ауысуы, Стамбұлдың күнделікті тіршілігі, үйсіз-жерсіз жүрген адамдардың Мевлутпен, туыстарымен, достарымен – әртүрлі ыңғайда байланысып жатқан оқиғалар кескінделеді. 

Бұл роман ХХ ғасырдың ортасынан бастап әртүрлі сипаттағы оқиғалардың баяндалуы, суреттелуі, бейнеленуі арқылы Стамбұл шаһарының бейнесі Мевлут Караташ немесе Орхан Памук көзқарасы тұрғысынан танылады. Әрине, Стамбұл сынды алып шаһардың жарты ғасырдан астам тарихын күнде көшелерді кезіп, үйлерді аралап жүріп, тұрғындармен қолма қол сауда жасайтын саудагердің – Мевлуттің көзқарасымен, пікірлерімен, ойымен, басынан өткен оқиғаларын баяндаумен беруі көп жағдайды жақсырақ аңғартады.

Романның оқиғалық желілері бойынша 1950 жылдардан кейінгі Стамбұл шаһарының келбеті қандай еді? Анадолы, Кония, т.б. сынды аймақтан жұмыс іздеп келген халықтың тұрмыс-тіршілігі жоғарыда аталған тағам мен сусын түрлерін сату арқылы жүріп жатады. Бұл кедей халық шаһардың қырлары мен дөңді бөліктерінен заңсыз жер телімдерін де меншіктеп алады, заңсыз болғандығы үшін жергілікті әкімшілік кез келген уақытта иеленген жерлерге салынған үйлерді сүріп немесе тартып  алады. Жазушы осындай оқиғаларды «ең бастысы, бір түнде төрт қабырғаны тұрғызып қойып, отбасыңмен сонда көшіп алсаң, сол үй сенікі болатыны сөзсіз» деген мазмұндағы сарказмімен дәл де нақты түсіндіреді. Тіпті, кейбір кәнігі құрылысшылар бір түнде он екі үйдің қабырғасын тұрғызып, иеленіп алғаны баяндалады. Мұның бәрі бүгінде сұлулығына тамсанып жүрген Стамбұлымыздың тарихы әртүрлі мазмұндағы оқиғаларға толы екенін көрсетеді. Стамбұлдың қырық жылғы өмірі, өзгерісі, халықтың саудагерлік тұрмысы, ескі үйлердің сүріліп, орнына жаңа, заманауи, көпқабатты үйлер мен ғимараттардың салынуы Мевлуттің көз алдында өтеді. Алғашқыда боза мен айранды Стамбұл көшелерінің бойында жылдар бойы үй аралап сатқан Мевлут кейін кәсібінің фирмаларға өтіп, бөтелкелермен сатылғанына да куә болады. Боза сусынын сата жүріп қарақшыларға тоналғанша көшелерді кезу Мевлутке өз ойын кезумен тең еді. Түріктің боза сусынын көше аралап сату дәстүрі Мевлуттен кейін аяқталғандай көрінеді немесе әлдеқайда сирейді. 

Иә, шаһар тарихы тарихи кітаптардан да белгілі, бірақ әрбір оқырман тарихты оқымайтыны да мәлім. О. Памук бұл романды жазарда көшелерде өмір сүрген көптеген адамдармен және саудагерлермен репортаж жасағанын және мұны Мевлуттің оғаш ойларымен көрсетуге тырысқанын айтады. Бірақ осы тұста бірден айтайық, Мевлуттің оғаш ойлары, жазушы айтқандай, романнан аса байқалмайды. Негізі романды оқуымызға атауы да көбірек түрткі болған еді. Керісінше, О. Памуктің оғаш ойлары «Менің атым – Қырмызы» романында кеңірек көрініс тапқан болатын. «Менің оғаш ойларым» шығармасының көп тұсында Мевлуттің көшеде аралап жасаған сауда-саттығы, әкесімен, айналасымен қарым-қатынасы натуралистік әдіспен баяндалған. Бірінші, екінші және үшінші жақтан бақылау, шолу және баяндау әдісі қолданылған. 

Бірінші және үшінші жақтан баяндаудың О. Памук романындағы ерекшелігі

Бірінші жақтан баяндау кейіпкерлерге өзін кеңірек таныстыруға және қарым-қатынастарды тереңірек ашуға мүмкіндік береді. Мұндай әдіс қазақ әдебиетінің оқырмандарына Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы арқылы жақсы таныс (Бекболат және Мұқаштың, т.б. өзін порттеттеуі және таныстыруы). Романдағы Сүлеймен мен Абдуррахман мырза кейіпкерлердің өзін таныстыруы арқылы 1950 жылдары Стамбұлдың ауыр да күрделі тұрмысын байқаймыз. О. Памуктың романдары бірнеше тарауға және тараулар іштей тақырыптарға бөлінеді. Бұл композиция жазушыға құлашын кеңге жая баяндауға мүмкіндік береді. Әртүрлі уақыт пен кеңістікке әп-сәтте жеңіл өте алады. Мысалы, Мо Яньның «Өмір мен өлім азабы» деп аталатын романы іспетті. 

О. Памук романдарының бір ерекшелігі, әр кейіпкер өзін бірінші жақтан таныстырғанда немесе автор сол кейіпкер туралы үшінші жақтан баяндағанда артынан міндетті түрде таныстырылып отырған кейіпкердің өзін сөйлетеді. Бұл суреттеу немесе баяндау әдісі арқылы оқырманға әрбір қарым-қатынас пен оқиға желілері толықтай түсінікті болады. Алайда мұндай әдістің теріс жағы да байқалады. Мәтін арқылы берілетін көркемдік ақпарат көлемі арта бастайды. Шығарманы минималдау мүмкіндігі азаяды әрі автор ойы жайылып кетеді де, оқырман бір оқиғаны екі-үш кейіпкер сөзі арқылы білуге мәжбүр болады.

О. Памук жазушы ретінде осындай әдісті қолдану арқылы адамның әрекеті пен ойының арасындағы алшақтықты да ашып береді. Мысалы, үш қызы бар Абдуррахман мырза тыңғыш қызы Вадиханы қалталы азаматқа ұзатуды армандайды. Вадихаға алғашқыда суретін көріп ғашық болған Қорқыт Абдуррахман мырзаның дүниеге сондай құмар екенін түсінеді. Дүниеге әлде басқа нәрсеге құмарлығын жасыру, өзін асыра мойындатуға, мадақтауға ұмтылыс – адам баласына тән нәрсе. Бірақ адам мұны өзі мойындай бермейді әлде мойындағысы келмейді немесе байқамауы мүмкін. Орхан Памук адам басындағы осындай күйді жақсырақ ұғындырады.   

О. Памуктің жазушы ретінде ерекшелігі – баяндау және суреттеу кеңістігінің кеңдігінде

Жазушы шығармадағы заттық әлемнің образын мейлінше ауқымды бедерлейді. Оқырман көз алдына бірден алыстарға сапарға шыққан кезі әлде балалық шағындағы көріністер немесе өзі мекендеп кеткен / тұрып жатқан аймақтың немесе бірнеше аймақтың көрінісі тізбектеле көз алдына елестеуі мүмкін. Бұл, әрине, 1950 жылдары жұмыссыз жүрген, айран, боза сатқан Стамбұл тұрғындарының өмірі еді. Памук қаламының бір ерекшелігі – ирониясы ащы болса да, сенімді, шынайы баяндайтынында. Жергілікті биліктің асыра сілтеп жіберген заңсыз әрекеттерін де салқынқанды әрі әжуалап та түсіндіруге тырысады. Мысалы, 1920 жылдардан бастап билік Стамбұлда мекендеп келе жатқан гректерді елден кетуге мәжбүрлейді. Яғни, негізсіз және көп мөлшерде салық салады. Бұған себеп 1964 жылы Кипрдегі гректер мен түріктердің әскери қақтығысы себеп болуы мүмкін. Романның соңғы бетіндегі хронологияда да осылай жазылған. 

Мевлут неге Самихаға емес, Райихаға үйленді?

Осы сұрақтың жауабы немесе шешімі романда көптеген оқиғалар желісінің ұйымдастырылуына себеп болған. Шығарма кейіпкері Мевлут немере ағасы Қорқыттың тойында оның балдызы Самихаға ғашық болып, айлар бойы хат жазып тұрады. Самихаға үйленетініне де сенімді болады. Алайда кәмелетке толмаған Самиханы алып қашу жағын жоспарлағанда оның орнына әпкесі Райиханы алып қашқанын кейіннен біледі. Бастапқыда Мевлут хатты Самихаға жазды ма әлде хаттары Райихаға арналды ма деген сұрақтың нақты жауабы романның соңғы жағына дейін нақтыланбайды. Жазушы роман соңына дейін оқырманмен ойын ойнап отырғандай көрінеді немесе түрік сериалдарына ұқсап кеткендей әсер қалдырады. 

Райиханың / О. Памуктің ойынша, «... бір қыздың еш танымайтын біреуге тұрмысқа шыққаны оңай сияқты, өйткені таныған сайын еркектерді сүю барынша қиындай береді». Мевлут Самиханың көзіне, әдемі жүзіне ғашық бола жүріп әрі әскерден көптеген хат жолдағанымен Самиханың әпкесі Райиханы алып қашуынан екі нәрсені байқауға болады. Бірі, автордың ойынша, ер мен әйел үйленгенге дейін емес, үйленгеннен кейін бақытты болуы қажет, яғни Мевлут Райихамен жұбайлық өмірінде бақытты еді. Екіншісі, О. Памуктің жазушылықтағы постмодернистік ойынына байланысты, яғни тойда Самихаға ғашық болып, кейіннен хаттарында Самиха есімін Райихамен шатастырып, ауыстырып жіберуінде екен. Апалы-сіңлілі қыздарды есімін шатастыруға Мевлуттің немере туысы Сүлеймен себеп болады. Шынайы өмірде мұндай сәттер кездесуі әбден мүмкін. Мевлут пен Райиха екеуі бірге лас үйде де тұрады, табыссыз күндерді, кедейлікті бастан өткізеді, сөйте жүріп бақытты болады. Райиха екі қызды өмірге әкеледі. О. Памук бір сұхбатында егде тартқанда махаббат дегенді осылай түсіне бастадым дейді.

Жазушы басқа романында, мысалы, «Менің атым – Қырмызы» романында діннен ақылға қонымсыз тұстарды тауып әжуалайтын баяндаулар кездеседі. Алайда дін туралы әжуаларына қарамастан автор санасында діни түсініктер орныққаны байқалады. Мевлуттің Райихаға үйленуі арқылы ер адам / адам бір адамға ғашық болғанымен, Құдай оған басқа жанды толықтырады / жолықтыруы мүмкін деген ойға да сілтеме жасайды. Бірақ Райиха қайтыс болып, Мевлут пен Самиха бірге ғұмыр кешеді. Мевлуттің ойының оғаштығы да осы тұстан байқалатын шығар. Яғни, ер адам ретінде оның әйелге деген махаббаты үйленгеннен кейін басталады. Отбасыда махаббат, әйелге, балаларына деген мейірім мен құрмет, ортақ еңбек (Райиха үйде тағам пісіреді, ал оны Мевлут сатады) үйлесім табады. Бірақ ислам тұрғысынан алғанда бұл оғаш саналмайды. 

О. Памук романдарында әйел сұлулығын, өнердің сафтығын, ер мен әйелдің махаббат сезімін, ғашықтық хикаяларды суреттеуде құлашын кеңге жаяды. Сұлулықты, көз сұлулығын ғажап бедерлей біледі. Бәлкім, ол мұндай суреттеу тәсілін шығыстық дастандардан үйренген болуы керек.   

Орхан Памук кейіпкерлері

О. Памуктің жазушы ретінде артықшылығының бірі – күрделі кейіпкерлер жарата білуінде. Оның махаббат үшін соңына дейін күресіп, жан-тәнімен әйелді сүйетін («Семіз музейі»), асыл өнердің сапасы мен табиғатын тани білетін, бағалай білетін («Менің атым – Қырмызы») кейіпкерлері адами табиғатымен оқырман есінде ұмытылмастай қалатыны белгілі. Жазушының басты кейіпкерлері заманының әртүрлі оқиғаларын бастан өткізген, көргені көп, зерек, зерделі болып келеді. Замана оқиғалары солардың көзімен беріледі. О. Памукті жазушы ретінде даралап тұратын да кейіпкерлері деп ойлаймыз.

«Менің оғаш ойларым» романында Стамбұл шаһарының қалыптасу тарихы да Мевлут кейіпкерінің көзімен беріледі. Мевлуттің өмірде қандай адам екені де нақты айқындалмайды. Бірақ оғаш ойларымен ерекше көрінетіндіктен, романдағы автор бейнесін көрсететін бірден бір кейіпкер деп есептейміз. Мевлуттің қандай адам екенін нақты тани алмасақ та, әлсіз әрі көнбіс екенін айтуымыз қажет. Бірақ әділетсіздіктерге қарсылық таныта алатын сәттері де болады. Мысалы, рұқсат етілмеген жерде арабасымен тамақ сатып жүргенде арабасын полицей әкетіп қалып, орнына басқаның арабасын ұсынғанда оны алмауы, бірбеткей, дүниеқұмар,  кертартпа әкесімен бірнеше жыл боза, айран сата жүріп лас үйде тұруы, дөнер дүңгіршегінде де өзі бастық бола тұра жұмысшылардың айласына қарсы шыға алмауы, т.б. Мевлуттің оғаш, еркін ойлай алғанымен, толыққанды еркіндік үшін күресе алмайтынын білдіреді. Бірақ мәдениет пен білім дамымаған ортадан шыққан, жеткілікті деңгейде білім ала алмаған әрі кедей адамның еркіндік туралы ойлауы немесе сол үшін күресе алуы мүмкін бе?.. Мевлут тіпті Ататүрік лицейін де аяқтай алмайды. Автордың жазуына қарағанда, бұл лицей ұстаздары басты міндеті білім беруден тыс оқушыларды әртүрлі жағдайына қарай жіктеуге де (әсіресе, жасы үлкен оқушылар мен сауатсыз оқушыларды мәжбүрлі түрде сыныптың арт жағына отырғызады) біраз уақыт бөлгені байқалады. Бүгінгі Стамбұл тарихы шалғайдағы оқырмандар үшін әртүрлі құпияларға толы екен. 

Үш қыздың: Ведиха, Райиха және Самиханың әкесі ретінде кескінделген Абдуррахман мырза образы арқылы да жазушы қыздарын қалыңмалға немесе дүние-мүлікке, ақшаға сатуға құмар әкелердің типтік бейнесін беруге тырысады. Автор дүниеқұмар, яғни дүниені қыздарын сату арқылы табуды көздейтін әке бейнесін астарсыз, айқын бедерлейді. 

Автор шығармашылығында әр туындының өзіндік ерекшелігі болатыны рас, алайда шынайы әлемнің көркемдік моделін бедерлей білу қабілеті тұрғысынан алғанда бұл роман О. Памуктің жазушылық потенциалын толық көрсете алмағанын айтқымыз келеді. Бұл романды О. Памуктің өз қаласына – Стамбұлға жазушылық тартуы деп те бағалауға болады. 

«Менің оғаш ойларым» – Стамбұлға сөзден соғылған мүсін. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар