Пауль ЦеланмеН кездесулер
Бөлісу:
Француз тіліндегі менің ең алғашқы кітабым «Күйзеліс сабақтары» 1949 жылы «Галлимар» баспасынан жарық көрді. Ол уақытқа дейін мен румын тілінде бес кітабымды шығарып үлгерген едім. Бухарестегі француз институтының стипендия иегері ретінде 1937 жылы Парижге келіп, сол уақыттан бастап осында қоныстанып қалдым. Туған тілімнен қашу туралы ой менің басымды қырық жеті жасқа келгенімде торлап алды. Бұл расымен де, аса таңданарлық шешім болды. Қырық жеті жаста тілді ауыстыру - оңай іс емес. Шын мәнінде бұл азап, нәтижелі, жемісті азап, мұндағы тұрмысыма мән дарытатын (ал, бұл Құдай көріп тұр, соған зәру еді) шытырман. Депрессияда жүрген кез-келген жанға шет тілді үйренуді ұсынамын. Сөз –сарқылған күшті қайтаруға, жаңаруға септеседі. Бәлкім, француз тілі үшін соншама өжеттілікпен күреспегенімде, өзіме-өзім қол жұмсар ма едім. Әрбір тіл - жеке құрлық, универсум; оны үйренуші жаулап алушыға айналады. Тақырыпқа оралайық...
«Күйзеліс сабақтарын» тәржімалау жеңіл шаруа болмай шықты. «Ровольт» баспасы оны өз ісін жете білмейтін әлдебір ханымға тапсырған. Нәтижесінде жоспарымыз іле-шала күйреп, тез арада әлгі ханымды алмастыратын адам керек болды. Соғыстан кейін, Румынияда әдеби журнал ашып, оған ең алғаш болып Пауль Целанның өлеңдерін жариялаған Вирджил Иерунка есімді бір румын авторы маған Целанды аудармашы етуге ұсынды. Мен оның атын ғана естігенім болмаса, жете таныс емес едім. Бірақ, қайбір жылдары екеуміз де Латын кварталында тұрдық. Целан менің ұсынысыма келісіп, жазу үстеліне отырды әрі оны аз-ақ уақытта аяқтап берді. Біз жиі кездесіп тұрдық. Ол менен түзетулер енгізуі мүмкін деген ниетпен дайын болғанына қарай жеке тарауларды қарап отыруымды сұрады. Ол кезде мен үшін аударма мәселелері мүлде жат болатын әрі оның мәні мен ауқымын бағалаудан тым алыс едім. Ол түгілі, бұған шындап қызығушылық таныту туралы ойдың өзі маған біртүрлі көрінетін. Кейінірек, аударма туралы ойларымды түбірімен өзгерттім, аудармаға құны шығармашылықтан бір мысқал да кем емес өзгеше жетістік, ерлікке пара-пар қадам ретіндеқарай бастадым. Дәл бүгінде, менің ойымша, аудармашының еңбегін мойнына алған адам - шын мәнінде кітапты жете түсінген адам. Көп жағдайда, жақсы аудармашы өз шығармасын қызықтап кеткені сонша, ондағы «құпияларды», яки қателіктер мен шектерді байқамайтын не танымайтын автордан гөрі қырағы. Сөзге, оның өлімге душар болған хәліне сенген Целан дәл осы ұстанымда менімен сөзсіз ортақтасар еді.
1978 жылы мені «Клетт-Котта» баспасы «Күйзеліс сабақтарының» жаңа басылымын дайындап жатып, қателіктер бар болса, соны түзеу мақсатында шақырды. Сол сәтте мен оны істерліктей жағдайда жүрмеген едім әрі өзге біреуден көмек сұрауға да құлық танытпадым. Целанды түзетудің қажеттілігі жоқ. Ол маған өлерінен бірнеше ай бұрын кітап мәтінін қуана-қуана толықтай қайтадан қарап шыққысы келгенін айтқан. Шамасы, ол ешқандай да өзгеріс енгізген жоқ, өйткені, «Күйзеліс сабақтары» оның аудармашылық мансабының тек бастамасы ғана болды ғой. Философияны жетік біле бермейтін оның сансыз қарама-қайшылықтар мен нағыз арандатуларға толы менің кітабыма шыдас беруі таңданарлық дүние.
Көп азап шегіп, қалжырап қалған осы бір жанмен тіл табысу маған оңай болған жоқ. Ол адамдарға қалыптасып қалған теріс ұғыммен қарады, сенімсіздігінен таймады, оның жәбірленіп қалудан жанына батқан қорқынышы асқынған сайын, ол сонша табан тіресіп тұрып алды. Оның жанын барлық нәрсе жаралады. Әдейі емес, байқаусызда болған кішкене ғана жөнсіз қылықтың өзі оны өлтіре түсті. Ол өзі аса ұқыпты, көңіл қалдыра алмайтын кішіпейіл болды, ол қарсы тараптан да соны күтті әрі ол жазушы болсын-болмасын, жалпы париждіктердің ұятсыздығын жек көрді.Бірде мен оны қатты ашуланған, тіпті ашынған кейпінде көрдім. Өзі қонаққа шақырған Х. мырза оған баруға міндетті емес екенін айтқан. «Сабыр сақтаңыз. Х. ылғи да өзін осылай ұстайды, ол өзінің міндетті еместігімен белгілі. Оған бекерге сеніп қалған екенсіз!»,- дедім мен.
Целан ол кезде тым бұйығы әрі жақсылыққа деген ешқандай үмітсіз өмір сүрді. Оны қандай да бір қызметте көру тым қиын еді. Ол бірде өзінің аса жоғары сезімталдығының кесірінен өте сирек мүмкіндікті қолынан жіберіп ала жаздады. Қайбір күні үйіне қонақ бола барып, оған «Эколь нормаль сюперьер»-дегі неміс тілі мұғалімінің орны босағанын, жуық арада жаңа тағайындау болатындығын айттым. Целанды бәрі қолында тұрған неміспен міндетті түрде сөйлесуге көндіріп бақтым. Ол ешқандай да шешім қабылдамайтынын, әлгі профессордың өзіне менсінбей қарайтынын әрі өз ойынша, бәрі күні бұрын шешіліп қойғанын, сондықтан да тәуекелге бармайтындығын айтты. Босқа арамтер болыппын. Үйге келе сала, бұл мүмкіндікті жіберіп алудың ақымақтық екенін айтып оған шұғыл хат жібердім. Ақыр аяғында, ол профессорға қоңырау шалып, бәрі бірнеше минуттың ішінде оңала кетті. «Мен ол туралы қате ойлаппын» деп ақталды кейін.
Ол құдды бір әр адамды ықтимал дұшпан көргендей болғанына нандырғым келмейді, алайда, оның көңілі қалу мен алданып қалудан өлердей қорқып өмір сүргені сөзсіз. Жұртты бөлектеу мен арсыздықтың қолынан келмеуі оның өмірін қияметке алып барды. Әдеби күндестікпен Франция және Германияда оған қарсы соғыс науқанын жүргізген әлдебір ақынның жесірінің Целанды күйеуінің шығармасын ұрлады деп айыптаған кешті ешқашан ұмытпаймын. «Мына өмірде менен асқан бақытсыз адам жоқ» деп қайта-қайта қайталай берді ол. Менмендік долылықты жұмсарта алмайды, қажыған рух - тіпті де ашудың бетін қайтара алмақ емес.
Шамасы, оның жан-дүниесіндегі әлдене тым ерте күйреген сияқты, оның өзі мен жақындарында болған сұмдықтардан да көп уақыт бұрын. Парижден қырық шақырым жердегі оның әйелінің қала сыртындағы үйінде өткен кеш есімде. Ол бір ғажап күн болған. Бәрі де демалуға, бәрін ұмытып, қиял құшағына енуге ынталанып жатқан. Арқалығы көлбеу отырғыштағы Целан көңілді болуға тырысқанымен, онысы қолынан келмей қойған. Ол шақырылмаған қонақ секілді, тамаша тыныштық тек бұған ғана арналмаған секілді отырды да қойды. Күйбеңдеп жүргендерге көз салып қана отырған ол «Мен мұнда не істеп жүрмін?» деп ойласа керек. Расымен де, өз бақытсыздығына өзі кінәлі, неге екені белгісіз, өз орнын ешқайдан таба алмайтын оның мына бақтың бүтіндігінен не іздеуі мүмкін? Мен де өзімді мұнда ыңғайсыз сезіндім десем өтірік айтқан болар едім. Бірақ, ол жерде кереметтей нәрсе болып жатса да, үйдің иесінің тұтас болмысы, тіпті жымиысы да мұң таңбаланып тұрды, ол құдды өзінің болашағы жоқтай сезімде болды.
Шарасыздық белгісі - бұл, таңдаулылық па, әлде қарғыс па? Екеуі де. Осы екіжақтылық тіршіліктің қайғысын белгілейді. Целан трагедиялық тұлға, қайғылы тіршілік иесі болды. Ол сондықтан да біз үшін жәй ғана ақын емес.
Авторы: Эмиль Чоран
Орыс тілінен аударған: Еділбек Дүйсен
Бөлісу: