Қарлығаштың өлеңі Тарковскийдің киносы секілді...

Бөлісу:

21.08.2023 1620

Қарлығаш Қабайдың «Do Diez Minor» атты тұңғыш өлеңдер кітабын осыдан бірер айдың бедерінде сатып алып оқыған едім. Енді сол кітаптан туып, көкірегіме көтерілген кішкентай ғана ой-пікірімді оқырман қауымға жария етсем деймін.

Әйгілі кино режиссор А.Тарковский: «Мен өз туындыма бірде-бір адам баласын қатыстырмай-ақ та  кино түсіре аламын», – депті. 

Дәл осы бір жүрек жұтқан эксприментті  кәсіби поэзия өлшеміне ауыстырсақ, «мен теңеу мен ұйқасты, керек десеңіз бірде-бір метафора қолданбай-ақ та ғажайып поэзия жаза аламын» деген пайым шығаруға болады. 

Несі бар?.. Өлең көркем сөздердің мозаикасы мен тізбегі емес, ол, ең әуелі, ой мен символдың негізгі суаты емес пе?

Мен білсем, Қарлығаш  осыны бір кісідей түсінеді.

Ал түсінбейтіндердің әуселесі бесенеден белгілі ғой.  «Әй, бір жүрген қып-қызыл қияли екен» деп ақынға сырттай  бәтуә шығарып та қойған болуы керек.  

Дәстүрлі сүрлеуге түсіп, көне машықтан бір айнымаған «тәртіпті» поэзия үшін Қарлығаш шынымен-ақ жат...

Шынымен-ақ олар тіс жарып үндемейді. 

Басқа ұлт пен ұлысты білмедім, дәл осы қазақ өнері үшін қыз баланың қашанда тұзы жеңіл.  Бұған енді «әйелден ақын шықпайды» деген  тағы бір еңбегі қатпаған ергежей әрі кертартпа түсінігімізді қосыңыз...

Мен бұл жерде әйгілі режиссор сөзін  жайдан-жай айтып отырған жоқпын. Қарлығаш өлеңі Тарковскийдің  киносы секілді.  Тек түпкі межені ғана көздейді. Фольклордан (дұрысы, сөзуарлықтан)  қашады,  өлеңге барынша  атмосфера жасаудың  қамын  күйттейді. 

«Сен жайлы ойлағым келген-ді,

Күн бүгін салқындау...».

Мінекей, ақ қағаздан  аура  жасау  дегеніміз осы.  Кейде кілт бұрылып,  бейне бір «Зеркало» мен  «Сталкер» туындысындай  адам ақылына ауыр  айла-шарғылар жасайды. Сөздің де бояуын  барандатпай, ой мен түстің  өзара  әрекеті мен гаммасын барынша бақылап отырады.  

Маған қай қаламгерді болсын, «мынау екінші Абай», я болмаса «екінші Пушкин» деген сөздер сол адамды қорлап, астыртын мұқату секілді болып сезіліп тұрады. Құдайшылығын айтайық, екіншінің шын аты – эпигон, ал эпигон, бар болғаны біреуді  қайталау ғана емес пе? 

Қаламгер үшін өнерде өз жолын таппаудың бұдан артық қандай сәтсіз мысалы болуы мүмкін. Дөңгелек дүниені өз көзімен көріп, өз көзесімен ғана су ішуге келген қаламгер шынымен-ақ бақытты ғой.

Мейірхан Ақдәулетұлы деген сойы бөлек, сойқан бір қаламгер бар. Сол кісі былай дейді: «...Қазір таяқ лақтырсаң ақынға тиеді. ...Жас, жасамыс ақындардың (әсіресе, ақын қарындастарымның) өлеңін өзара араластырып жіберіп, бір үлкен том шығарсаң, соның бәрі бір адамның өлеңіндей болып тұрады». Әрине, мүлде негізсіз пікір емес. Қазіргі қыздар поэзиясындағы «Сіз» деген сызылған, әсіреқызыл жасандылықты да біз осы пікірге еш ойланбастан жатқызған болар едік. Бұл ескертпенің енді Қарлығаш Қабайға ешқандай да қатысы жоқ. Қарлығаш қарындасымыздың бұл жағынан бәсі биік, жұлдызы жоғары.

...Орта Азиядағы мемлекеттерді қоршаған тікенді

сымдарға ұқсайтын болды-шимай...

тікенді сымдардың қоршауында қалған Орта

Азиядағы мемлекеттер сынды –

...өлең.

Өлең  – сана мен қиялдың барометрі ғой...

Бұл жерде «тікенді сымдардың қоршауында қалған...өлең» – өлең емес, өзіміз ғой.  Мен баз біреулер айтып жүргендей қазіргі  қазақ поэзиясы сұмдық дамып кетті деген бөстекі сөздің біреуімен де келіспеймін. Дамыған нарциссизм, сосын ештеңе оқымай-ақ елеурей беретін  ергежейлігіміз бе деймін…

Қоршауда қалып қор болған қайран «шимай»…

Бұдан артық сүйегіңнен өткізіп не деуге болады енді…

Бөлісу:

Көп оқылғандар