Романист жазушының шеберлігі
Бөлісу:
Шығармашылық жолын поэзиямен бастап, артынша прозаға ауысатын қаламгерлер аз емес. Тургенев, Бунин, Набоков, Пушкин... Айта берсе көп. Қазақ әдебиетінде де бұл тосын дүние емес. Әбділда Тәжібаев, Әбіш Кекілбаевтар да кезінде ақын болғанмен, кейінгілерге заңғар жазушылығымен танылды. Сондай таланттың бірі де бірегейі Сәуле Досжан. О баста шығармашылығы өлең патшалығынан басталғанмен, қазіргі таңда біз оның прозаға шын берілгенін көріп, куә болып жүрміз. Соңғы он-он бес жыл шамасында қазақ әдебиеті қоржынына салмақты дүниелер қосып жүр. Жазушының «Қасірет пен тағдыр», «Үзілмеген үміт», «Мыңжылдық махаббат», «Тірі жесір», «Қызмет қамақтағы әйел», «О дүниеден оралғанда», «Ауылдан шыққан миллионер», «Біртуар», «Жұмақтан қашқан әйел», «Зүбаржат жүзік», «Қашқынның зары», «Иені сағыну» деген роман, хикаят, әңгімелері оқырман қолына тиген. «Көрдемшенің қасіреті» хикаяты 2019 жылы Букер әдеби сыйлығына номинант болған. Британдық рецензенттер «Көрдемшенің қасіреті» хикаятының идеясы терең екенін атап өтіпті. Хикаят жеті атадан қан араластырмау салтын ұстанып келген текті халық ұрпақтарының ұсақталып, азып бара жатқаны туралы ұлт тағдырына қатысты үлкен проблеманы көтереді.
Оқып отырып жазушының негізгі қаузайтын тақырыбы әйелдің болмысы екенін байқайсыз. Әйел кейіпкерлері арқылы өмірдің шындығын, тағдырдың тақсыретін, ғаламның аманаты мен қиянатын қатар суреттейді. Соңғы жылдары жарияланған кітаптарына қарап жазушының қыруар еңбегі, толымды ізденісі бір күнде туа салмаған шабыт екенін мойындау керек. Жазушының бойындағы қабілетін шыңдауы, өнерін өлтіріп алмай, көзінің қарашығындай сақтап келуі де бір ғанибет. Сөз өнеріне деген құрметі түбі жазушылық белеске жаткізгені анық.
Жазушының шығармалары жан-жақты ізденістің жемісі екен. Қазақтың маңдайына жазылған ауыр қасірет – полигон тақырыбын қаузауы, сол тақырып арқылы бүкіл елдің басына туған ауыр күнді, полигон зардабын тартқан елдің қияметін, азапты дерттерді бүге-шігесіне дейін мейлінше көркем баяндаған. «Қасірет пен тағдыр», «Үзілмеген үміт» деген роман-дилогиясы осы полигонның қиянатына арналыпты. Романда көптеген тарихи деректер келтірілген, көп кейіпкері өмірден алынған, сол күйі берілген, кейбірінің ғана прототиптері бар. Тарихи шындықты соғұрлым ашық көрсетуге тырысқан. Бас кейіпкер Аяулымның басына түскен тағдырмен күрес жолын сипаттайды. Жас келіннің Қарауылға келуі, мұндағы жұрттың өз қайғы-мұңы барын білуі, ақыры сол қарғыс атқан полигон зардабын өз басынан кешіріп, науқас бала табуы, оның көп ұзамай шетінеуі – бәрі жас жүректе шемен болып қатады. Аяулымның шетінеген сәбиіне жүрегі қарс айырылып жүргенде қосағы аққан ауруына шалдығып, көзді-ашып жұмғанша жесір атануы да өз алдына үлкен түйткілге тірейді. Қазақтың салт-дәстүріне селкеу түсірмей, үлкен-кіші жөн-жосығымен келінді өз еліне сіңіргеніне куә боласың. Басынан кешкенін оқырманын жалықтырмай баяндап отыратын кейіпкерге әп дегеннен жаның ашиды. Оқып отырып махаббат деген кепілдігі жоқ мұхит екенін түсіне бересің. Бір ауыз уәдеге сеніп, өзі мүлде танымайтын жас жігітке еріп, бөтен елге еш рухани дайындықсыз келе салған жас келіннің кереғар күй кешуі анық сипатталған. Адам тану – алғашқы сүйістен басталмайтынын, ол алғашқы ерегістен басталатынын көзге түртіп көрсеткендей. Жазушының шеберлігі сол қазақ әйелінің сабыры мен төзімін айнытпай көрсеткен. Басына жұдырық жауып жатса да, ерінің азаматтығын асырып отыратын қазақ әйелнің дархан мінезін көрсеткен. Әйелдің бойындағы ұсақ-түйекті теретін нәумез мінезінен тағдырлы шешім қабылдайтын азаматтық ірілігіне дейінгі ұзақ жолды шашауын шығармай баян етеді. Осынау сынақтың салдарынан тұқымы тұздай құрып, қаншама әулет жер бетінен іздеусіз өшіп кетті. Қанша бала дерт еміп туып, саналы адам болып өмір кеше алмады?! Жазушының тілі шұрайлы, ауыр кітапты ашқаным сол еді, бір деммен оқып тауыстым. Көз алдыңда қаншама тағдыр өтеді, көкіректе қаншама азапты ойлар қалдырады. Шығарма ойлантса, бұл жазушының мақсаты орындалғаны. Өз оқырманын табатын туынды екен. Соңғы жылдары бір тақырыпқа арналған мұндай ауқымды романдар аз жазылып жүр. Бұл роман-дилогия қазақ әдебиетінің қоржынына түскен үлкен олжа, көп жылдық ізденіс, толымды еңбек, зор жетістік. Роман-дилогия қозғаған тақырып мұңдас халық жапондардың да ықыласын оятып, жапон тіліне аударылғаны да атаулы жаңалық. Кітапқа «Екі ел арасын жақындата түсетін рухани дәнекер» деген абға берілген. 12 миллион мүшесі бар Жапон-Еуразия ядроға қарсылық қоғамының вице-президенті Сока Гаккай жазушы Сәуле Досжанға «Ядролық жарылыстарға қарсы Әлемді бейбітшілікке шақыратын кітап жазғаны үшін» сертификатын табыстапты. «Қымбатты Сәуле Досжан ханым, Сіз романыңызда Семейдегі сынақ полигоны трагедиясын жазып, ядролық қауіп-қатерге қарсы дабыл қақтыңыз. Азаматтық қозғалыстың ядролық сынақ полигонын жаптыруға қол жеткізгенін паш еткен шығармаңыз арқылы бәрімізді ядросыз өмірге бет бұруға шақырып, бойымызға батылдық пен үміт сыйладыңыз. Жапон-Еуразия қоғамының төрағасы Ютака Исикава» деп лебіз білдірген. Бұл романның ең бірінші жапон тіліне аударылуында да бір тылсым бар болар. Қазақ пен жапон сияқты ядролық қарудың зардабын неше ұрпақ бойы көріп келе жатқан ел жоқ. Осы кітапта жапондардың ядролық қаруға қарсы «Мың тырна» деген қозғалысы жасаған мың тырнасын жазушы романда келтірген, соны қазақтар да жасап, Қарауылдың төбесінен ұшырған оқиғаны суреттейтін жері бар. Дәл сол «Мың тырнаны» жазушы Жапон еліне барып, өз көзімен көріп келгені де символикалық дүние іспетті. Бұл роман-дилогия оқырманын бейжай қалдырмайтын терең дүние. Қиюы қабысып жатқан, бір оқиғадан екіншісіне білінбей өтіп кететін ішкі үндестігі бар. Кейіпкер қанша тауқыметті бастан кешсе де алмағайып замандағы қиындықтардың бәріне төзіп, түбі өзінің махаббатына қосылып, мұратына жетеді. Жақсылықтан үмітін еш үзбеді.
Жалпы алғанда романның жүгі – кейіпкердің ішкі кереғарлықтарын ашып, өмір жолындағы күресін айқындап, махаббат пен өз таңдауына алған жауапкершілігін арқау ете отырып өмір жолында қалай шыңдалғанын, қалай жетілгенін сипаттайды. Кейіпкер күрделі де қиын жолды жүріп отырып, үмітін өшірмей, сан алуан оқиғаны бастан кешіре жүріп жүрек түкпіріндегі құпияларымен бөліседі. Мазмұны ауқымды, мәні зор шығарма. Романист болу да оңай емес. Ал, Сәуле Досжанның соңғы жылдары жазған еңбектері көбіне тарихи тақырыптарды қамтыған романдар. Сол романдағы кейіпкерлері де оқырманға жақын, таныс. Кейбірінің прототипі әлі күнге көз алдыңда. Романисттің тілі жатық, оқиға желісі әдемі үйлесіммен қабысып жатады. Бір деммен оқып бітіресің.
«Біртуар» деген шығармасы – Жақсылық Үшкемпіров туралы деректі роман. Спортшының бала күннен жеңіске жеткенше басынан кешкен ғибраты мол өмірін сипаттапты. Жасөспірімдерге таптырмас мотивациялық кітап. Тілі жеңіл, спортшының мінезі жан-жақты ашылған. Әжесінің жігерлендіруі, батыр аталарын, соның ішінде Бауыржан Момышұлының туысқаны екенін білгендегі таңданысы, өзінің де батыр болуға тырысуы – бәрі-бәрі баланың санасында асқақ армандарын оятады. Спорт жолындағы қайтпас қайсарлығы, бірбеткейлігі, түрлі сынақтарға қасқайып төтеп беруі жас спортшыны шыңдайды. Олимпиада чемпионы болсам деген арманына қол жеткізеді. Сол жеңісімен қазақтың қанша баласына жігер сыйлайды, арманын оятады. Тәрбиелік мәні зор шығарма.
Дәл осындай мотивациялық бағытта «Ауылдан шыққан миллионер» деген сериялы кітаптары жариялана бастады. Егер алғашқы кітаптағы бас кейіпкер Жомарт деген жігіт болса, екінші кітаптың бас кейіпкері де өмірден алынған, қазақ қоғамына белгілі миллионер – Исламбек Салжановтың өмір жолы туралы сыр шертеді. Кітаптың басты мақсаты жас оқырманға өнегелі өмірімен үлгі көрсеткен табыскер жандардың кредосын көрсету. Табысты болудың алғышарттары хақында аз-кем психологиялық шегініс жасапты. Абайдың нақыл сөздерінен әдемі мысалдар келтіре отырып кәсіпкердің жетістікке жетудегі тәсілдерін сипаттаған. Өмірде үлкен жетістіктің дені ойды өзгертуден туатынын тағы бір қуаттаған еңбек.
«Мыңжылдық махаббат» жинағына бірнеше хикаят пен әңгімелері топтастырылыпты. Әрбірінің көтерген өзекті мәселесі бар. Әйел жанының нәзік иірімдерін түгендейді. Көрген қорлық, қиындық, қиянатты сипаттайды. Махаббатты жырлайтын әдемі хикаяты да ғашықтардың басынан кешкен өзгеше хәлін көрсетеді. Терең сағыныш, егілу, елжіреуді оқып отырып бастан кешкендей күйде отырасың. Адамзат жадысында шын ғашықтардың сүйген сәттерін де еске салып отырады. Махаббат айтуға оңай болғанмен, бастан өткерудің ғажабы мен азабы теңдей екенін түйсіндіретін шығарма. Бүгінгінің оқырманы өз заманының махаббатын сезінеді. Күнде көшеде көретін таныс жандардың сезіміне куә болады. Басында ғашықтығы бар жандар оқыса, тіпті әсерлі болмақ. Ғашықтар арасындағы диалогтар да өрілген бұрымдай жымдасып жатыр. Кей ғашықтар өмірдің бастауында адаспай табысса, кей мұңлық басынан талай тағдырды өткеріп барып сезімнің қадірін түсіне бастайды. Кітаптағы заманауи дүниетаным ашық көрсетілген. Бүгінмен өмір сүру, қол жетпес арманды бағалау, сезімді бар кезінде қадірлеу анық суреттелген. Махаббат – ол мәңгілік тақырып. Оны қастерлеу әр адамның өресіне тәуелді. Біреу жыл өтпей жүректегі сезімін өшіріп алады, біреу өмір-бақи алақанына салып өтеді, ал кей адам кеш кездестіреді... Тек сезімге бейсауыт адамдардың зияны тимесін деңіз... Хикаяттардағы, әңгімелердегі кейіпкерлердің бастан-кешкенін оқып, өн бойыңнан өткізіп отырасың. Бәрі де таныс, бәрі де етене жақын оқиғалар сияқтанады... Бірақ сенің басыңнан өтпеген... Жазушының кейіпкерін оқырманған аса жақындатып беруі шығарманың ұтымды шыққанына бір дәлел. Көп мысалдың арасынан өзім аударған монологтардың жүргенін көріп, таң тамаша қалдым. Махаббаттың өз наны бар. Соны сезіне алған жазушымен үндестік бары айқындалғандай.
Жалпы алғанда Сәуле Досжанның жазған шығармалары жанға жақын, жүрекке қона кететінімен көркем. Жазушы ауылдың, қаланың тұрғындары бүгінгі таңда түбегейлі урбанизацияны бастан өткеріп отырған қоғамды, халқымыздың Тәуелсіздікке дейінгі және кейінгі мезеттерін кітаптарына арқау еткен. Шығармаларында бес күн жалғанда жақсылық жасап үлгеруге тырысатын елеусіз кейіпкерлер де баршылық. Әсіресе, диалогтарындағы тек қазақтарға тән ибалы, инабатты жауаптасуды оқып отырып жүрек елжірейді. Құдды тас қаланы тастай сап, ауылдың ақжарқын апаларының ортасында жүргендей сезініп қаласың. Кей тұсында керісінше, адуын мінезге төтеп бере алмаған жас келіндердің көз жасын көрсетпей сығып алуы да бар. Қанша оқысаң да жалықтырмай, кітапты қалай аяқтап қойғаныңды сезбей қаласың. Оқырманын жалықтырып алмай оқиғаны баяндап беру шеберлікті талап етеді. Жазушылыққа үлкен өмірлік тәжірибемен келгендіктен, стилі қалыптасқан, тілі шұрайлы жазушының бүгінге дейін бергенінен келешекте берері мол екені даусыз.
«Сәуле Досжан шығармаларының әлеуметтік жүгі бар. Әр туындысы – белгілі бір қоғамдық миссия-міндетті атқарады. Тілі жатық. Шұрайлы. Ойы түсінікті. Оқырмандары сырластары секілді. Ештеңені күрделендірмейді, қиындатпайды. Оқырманның өзі тәрізді жазушы. Бірақ, осы бір оңай көрінген амалда, шешімде күрделі дүниелер жатыр» деп бағалапты жазушы Дидар Амантай.
Бөлісу: