Ханс Кристиан Андерсен. Жалаңаш король

Бөлісу:

31.08.2023 1171

Ерте заманда, мынау жалған дүниеде бір король өмір сүріпті. Оның киімді сәндеп киінгенді жақсы көретіні соншалық, қолында бар ақшасын түгелдей жаңа киім-кешек тіктіруге жұмсайды екен. Ал кез келген сауық-сайранды ол өзінің соған барып қатысып, жаңа киім-кешегін көрсетудің сәті түсетіндігі үшін ұнатады екен.

Бұл корольдіктегілер барлығы көңілді өмір сүріпті. Күн сайын дерлік шетелдік қонақтар толассыз келіп жатады екен. Күндердің бір күні бұл корольдікте әлдеқайдан қаңғырып келген екі алаяқ пайда болыпты. Олар өздерін тоқымашымыз деп таныстырыпты және көргенде көздің жауын аларлықтай соншалықты бір ғажап мата тоқи алатындарын: әрі ол матаның таңғаларлық ерекше бір кереметі – өзінің білім-дәрежесіне сай емес орында отырған немесе ақымақ адамның көзіне көрінбейтін қасиеті бар екендігін айтады.

«Иә, көйлек кигеннің көкесі енді болады! – деп ойлады король. – өз бағыныштыларымның қайсысы өзіне лайықты орында еместігіне, қайсысының ақылды, қайсысының ақымақ екенін анық білетін мүмкіндік туды деген сөз. Ендеше олар тез арада маған сол айтқан матасын тоқып берсін».

Сөйтіп король іске бірден кіріссін деп, алаяқтарға қомақты кепілдеме қаржыны алдын ала беріп жібереді.

Алаяқтар екі тоқыма станогін құрып қояды да, соның айналасында бар ынта-жігермен жұмыс істеп жатқан түр көрсеткенімен, шындығында станоктарында тоқитын ештеңе жоқ болатын. Олар беттері бүлк етпестен, жұмысқа қажет деп жіңішке жібек және алтын жіптерді сұратып алып қалталарына басады, өздері таңертеңнен кеш батқанға шейін бос станоктің жанында құр-босқа отырады да қояды.

«Жұмыстың қалай жүріп жатқанын көріп келгенім дұрыс болар еді!» - деп ойлайды король. Алайда ол матаның таңғажайып қасиетін есіне алған кезде, өзінен өзі ыңғайсызданып қалды. Әрине, оның ешкімнен қорқатын жайы жоқ, бірақ... алдымен басқа біреудің барып көргені дұрыс қой! Ал бұл уақытта таңғажайып мата туралы даңғаза-дақпырт бүкіл қалаға тарап, әркім-ақ оны тезірек көрмекке ынтызар болып жүрген болатын.

«Оларға өзімнің ең адал кәрі министрімді жіберейін, - деп ойлады король. – соның барып көргені дұрыс: ол ақылды әрі өзіне лайықты қызмет атқарып жүр».

Сөйтіп кәрі министр бос станоктардың жанында өтірікшілер отырған залға келіп кіреді.

«Кешіре гөр, құдайым! – деп ойлайды барынша назар сала қараған министр. – мұнда ештеңе де көріп тұрған жоқпын ғой!». Ол мұны тек ішінен айтқан болатын.

Өтірікшілер оған ізет көрсете жақынырақ келіп, матаны қарап, оның өрнектері мен бояулары өзіне қаншалықты ұнайтындығы туралы пікір айтуын өтінеді. 

Осылай айтып тұрғанда олар бұған құр бос станоктарды нұсқаған еді, ал бейшара министр болса, қаншама назар салып қараса да, бәрібір ештеңені көре алмаған еді. Өйткені көретін ештеңе жоқ еді ғой.

«О, құдайым! – деп ойлады ол. – Менің де шынымен ақымақ болғаным ба? Өзімді олай деп ешқашан ойламаған екенмін-ау! Құдай сақтасын, мұнымды біреу-міреу біліп қалып жүрмесін!.. Мүмкін, мен өз қызметіме лайықты емес шығармын?.. Жо, жоқ, матаны көрмей тұрғанымды ешқашан мойындауға болмайды!»

- Сіз бізге ештеңе айтпайсыз ба? – деп сұрайды тоқымашылардың бірі.

- О, иә, бұл сондай тамаша екен! – деп жауап береді кәрі министр көзілдірігінің ар жағынан үңіле қарап тұрып, – Қандай ғажап ою-өрнектер, қандай керемет түстер? Иә, иә, мен енді корольге сендердің жұмыстарың өзіме өте ұнағандығын мәлімдейтін боламын!

- Барынша тырысатын боламыз! – деген өтірікшілер министрге матаның ою-өрнектерінің қандай ерекшелігі барлығын, қолданылған бояулардың ғажап үйлесімі туралы сипаттап, мақтай жөнеледі. Корольдің алдына барғанда түп-түгел қайталап айтып беру үшін министр олардың айтқан сөздерін өте мұқияттап тыңдады. Ол солай істеді де.

Өтірікшілер енді бұрынғыдан да көбірек ақша, жібек пен алтын талап ете бастады; алайда олар мұның бәрін қалталарына сала берді, ал жұмысқа келгенде, бұдан бір сабақ жіп те қолданған жоқ. Бәз бұрынғысынша, бос станоктардың жанында отырып алып, мата тоқыған кейіп танытатын да қоятын.

Біраз уақыт өткен соң король өзі лайықты деп көрген тағы бір министрін тоқымашыларға жұмсады. Оның да міндеті – істің барысы қалай жүріліп жатқандығын көзбен көріп танысып, жұмыстың қашан аяқталатындығын анықтап біліп келу болатын. Бұл министрмен де алаяқтар алғашқы министрмен болғандай әңгіме өрбітті. Ол да барынша назар салып, қаншама тесіле қараса да, алдындағы бос станоктардан өзге ештеңені көре алмады.

- Иә, қалай, сізге мата ұнады ма? – деп сұраған өтірікшілер, оған өңі түгілі түсінде көрмеген ғажаып матаны көрсетіп тұрған болып, оның ою-өрнектерін мақтайды.

«Мен ақымақ емеспін бе осы, – деп ойлайды министр. - Демек, мен өзіме лайықсыз орында отырған болдым ғой? Мәссаған, ендеше! Бірақ ешкімге ешқандай сыр білдіруге болмайды!»

Сөйтіп ол да өз көзімен ешқашан көрмеген матаны мақтай бастайды, оның ғажайып суреттері мен көркем бояуларының үйлесіміне таңданып таңдай қағады.

- Тамаша, өте тамаша! – деп баяндайды ол корольге.

Көп ұзамай бүкіл қала халқы таңғажайып мата туралы гулете әңгімелейтін болды.

Ақыры корольдің өзі де бұл ғажайып матаны станоктан алмай тұрғанда тамашалап көрмек болыпты. 

Арасында матаны бұған дейін көріп келген әлгі екі министрі де бар, сарай қызметшілерін, нөкерлерін ерткен король бос станоктардың жанында жанталаса жұмыс істеп жатқан түр көрсетіп жүрген екі өтірікшіге келеді.

- Ғажап! – деп айқайлап жібереді мұнда бұрын келген министрлер.

- Қызықпасқа дәт бар ма?  Қандай ғажап сурет... анау бояуларын айтсаңызшы! Олар бос кеңістікті саусақтарымен нұсқағанда, мұнда тұрғандардың бәрі де осы матаны көріп тұрғандай ауада қармаланумен болды. 

«Бұл не сандырақ! – деп ойлады король. – Мен ештеңе де көріп тұрған жоқпын ғой! Сұмдық қой бұл! Сонда мен де ақымақ болғаным ба? Масқараның масқарасы осы болды, ендеше!»

— О, иә, өте, өте керемет екен! – дейді сонда король. – Менің киім тік деп мақұлдауыма әбден лайықты екен!

Сөйтіп ол да дән риза болған кейіппен станоктарға қараған қалпы басын изей берді, - сөйтіп ол да бұл жерде өзінің ештеңе көріп тұрмағанын мойындағысы келмеді. Корольдің қызметші нөкерлері де бәрі бірдей тесіле қарағанымен, король сияқты бұлар да ештеңені көре алған жоқ, сонда да олар бірауыздан: «Өте, өте керемет екен!» - деп қайталаумен болды және корольге алда келе жатқан салтанатты рәсімге арнап осы матадан киім тіктіріп кигендігі дұрыс деген кеңес беріп жатты. 

- Керемет! Таңғажайып! - деген мадақ сөздер ғана жан-жақтан жамырай естіліп жатты. Барлығы да керемет қуанышты еді! 

Салтанат қарсаңында өтірікшілер өнімді жұмыс істеп отырған қалып танытып, түні бойы он алты шамды жағып бітірді, - олардың корольге арналған жаңа киім-кешекті әзірлеп аяқтау үшін жылдамдатып, қатты қарқынмен жұмыс істеп жатқаны барша жұртқа аян болатын. Олар станоктан матаны алып, үлкен қайшылармен кесіп-пішіп, содан кейін киімді жіпсіз инелермен көктеп тігіп жатқандай болып, көз алдау көрінісін көрсетумен болды. Ақыры олар біраз уақыт өткенде:

- Толықтай әзірміз! – деп мәлімдеді.

Жаңа киімдерін кию үшін король қызметші-нөкерлерінің қаумалап қолпаштауымен тоқымашыларға өзі келеді. Өтірікшілер қолдарына әлденені ұстап тұрғандай етіп, содан соң жоғары көтерді де:

- Міне, шалбар, міне, қамзол, міне, қаптал шекпен! Ғажап киімдер емес пе! Өрмекшінің өрмегіндей жеңідігі соншам, кигенде тіпті үстіңде бар екендігі де білінбейді! Мұның басты кереметінің өзі де осы ғой! – деп дауырыға сөйледі.

- Иә, иә! – десіп бұларды жапырыла қоштады сарай қызметшілері. Бірақ олардың өздері де ештеңені көріп тұрған жоқ еді. Өйткені мұнда көзге көрінетін түк те жоқ қой.

- Ал енді, мәртебелі тақсыр, киіміңізді шешіп, мынау үлкен айнаның алдына тұруыңызды өтінеміз! – дейді алаяқтар корольге, - Біз сізге жаңа киіміңізді кигіземіз!

- Құдайым-ау, қалай ұнасымды еді! Қалай құйып қойғандай жараса кетті ә!– деп күбірлеседі нөкерлері. – Ою-өрнегі қандай, бояуының түсі неткен ашық еді! Өте сәнді киім екен!

Король айнаның алдында тағы бір рет айналып көрді: өзінің сәнді киімін барынша мұқият қарап, тексеріп тұрған қалпын айналасындағыларға көрсетуі керек қой.

Король мантиясының етегін көтеріп жүруге тиісті сарай қызметшілері еденнен әлденені іліп алған сияқты қимыл көрсетіп, қолдарын алдына көтере ұстап, әміршінің соңынан ерді, - олар да өздерінің ештеңе көріп тұрмағандықтарын айтуға дәттері жетпеді.

Сөйтіп король сәнді балдахиннің көлеңкесінде, көшеде салтанат құрып келе жатты. Ал көшеде жиналған нөпір халық болса:

- Туһ, біздің короліміздің жаңа киім-кешегі қандай сән-салтанатты еді! Керемет жарасып тұр екен! Мантиясы қандай сәнді еді! – деп айқайлай қошеметтеумен болды.

Бұлардың ортасынан да ешбір адам корольдің үстінен өзінің ештеңе көріп тұрмағанын жүрегі дауалап айта алмады. Өйткені ешкім де өзінің ақымақ екенін әрі өзі отырған орынға лайықты еместігін мойындағысы келген жоқ. Корольдің бұған дейінгі ешбір киім-кешегі дәл осындай мадақтау-қошеметке ие болмаған еді.

- Ау, король тыр жалаңаш қой! – деп кенет халықтың арасынан бір кішкентай балақай айқай салды.

- Уа, халайық, мына періште сәбидің не деп тұрғанын естідіңдер ме! - дейді сонда баланың әкесі. Сол-ақ екен, жұрттың бәрі баланың сөзін бір-біріне сыбырлап іліп әкетті.

- Иә, расымен де ол тырдай жалаңаш екен ғой! Мінеки, оның еш киімсіз, тұттай жалаңаш тұрғанын мына балақай айтып тұр! – дескен халық, ақыры айқайлап шулай жөнелді.

Осы мезетте корольдің зәресі ұшып қорқып кетті: олардың айтып тұрғаны рас қой, бірақ қайткенде де абыржымай мынау салтанатты рәсімді соңына дейін жеткізу керек!

Сөйтіп ол сәнді балдахиннің астында бұрынғыдан да маңғаздана басып, аяңдап келе жатты. Ал сарай қызметшілері ешқашан болмаған мантияның етегін көтерген қалпы корольдің соңынан ілесіп барады.

Бөлісу:

Көп оқылғандар