Теңізбай Рахымжановтың «Қыран қия» жинағы туралы

Бөлісу:

07.09.2023 1557

 Қазіргі Қарағанды облысы, Ағадыр ауданы, Успенка қалашығында туған Теңізбай Нәбиұлы Рахымжанов Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде білім алды. Ғұмырын шығармашылыққа арнаған қаламгер ақын, жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ретінде кеңінен танылды. Еңбек жолын «Жас алаштан» («Лениншіл жас») бастаған ол 1971-1981 жылдары ұлттық әдебиеттің қарашаңырағы ретінде Одаққа белгілі Қазақ ССР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында кіші, аға ғылыми қызметкер ретінде әдебиетті зерттеуге ден қойды. Ғылыми зерттеу институтында жүріп ғылыммен айналысып, алғашында кандидаттық, кейін докторлық диссертация қорғап, қазақ романдарының поэтикасын зерттеді. Қаламгер қаламынан туған шығармашылығының дені осы шаңырақта жүргенде жазылғанын байқауға болады. Әр жылдары «Күн тамшысы» (1973), «Алтын керуен» (1980) тәрізді жыр жинақтары мен «Оралу» (1984), «Туысқандар» (1984), «Көгілдір тырналар» (1988), «Қыран қия» (2021) сынды әңгімелер мен повестерінің жинағы жарық көрді. 

Поэзия мен проза жанрымен бірге қазақстандық орыс ақыны Валерий Антоновтың бірсыпыра өлеңдерін қазақ тілінде сөйлетіп,  көркем аудармаға үлес қосты. 

Көріп отырғанымыздай, көптеген қаламгерлер тәрізді Т.Рахымжанов та әдебиетке алғашқы қадамын поэзиямен басты. 2014 жылы «Жыр маржаны» атты 10 томдық қазақ поэзиясы антологиясының V томына ақынның таңдаулы өлеңдері енді. Теңізбай Нәбиұлының балалық шағы соғыстан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіру жылдарымен тұспа-тұс келгендіктен, өз замандастары тәрізді тұралаған елдің ауыр тұрмысын көріп өсті. Сол бір ауыр жылдардың көрінісі қаламгердің поэзиялық, прозалық шығармаларынан орын алды. 

Әдебиетке поэзиямен қадам басқан ақын жырлары 1980 жылы «Алтын керуен» деген атпен қолға тиген болатын. «Жыр маржаны» атты қазақ поэзиясының антологиясына енген жыр жолдарынан бір-ер мысал келтіруге болады. «Ине» деген өлеңіндегі отағасы Ұлы Отан соғысына аттанғанда артында қалған алты баласын қолындағы тебен инесімен асырап жеткізген ананы сол жылдардағы күллі қазақ аналарының жиынтық бейнесі ретінде қабылдауға болады: 

Жоқ болған соң сипайтұғын алақан, 

Жетімсіреп алты бірдей балапан... 

Соғыс жылы инесімен асырап, 

Алты өмір сөніп барып дүр еткен [1]. 

Ер азаматтың бәрі елді жаудан қорғауға майданға аттанғанда тылдағы ауыр жүкті әйел-аналар мен бұғанасы қатпаған балалардың көтергені тарихтан мәлім. Ел өміріндегі осы бір ауыр кезең әдебиетте жеткілікті дәрежеде бейнеленгені анық. Ақынның «Жеңеше» өлеңі – ұлттық поэзиядағы осы қатарды толықтыратын туынды. Лирикалық кейіпкер жыл он екі ай бір тынбай қой бағып, пішен шауып апталдай азаматтардың міндеттерін атқарған нәзік жанды жеңешесінің еңбегін жоғары дәріптеп, оның ерен еңбегін: 

... Оралды ағам қарашада, 

Аяғын сылти басып жарақаттан... 

Ер солдат басын иді жеңешеме, 

Көтерген нардың жүгін иығында, – 

деп бейнеледі. 

Ақын шығармаларынан мәңгілік тақырыптың бірі, жастық жалынның жарқын көрінісі махаббат тақырыбының орын алуы орынды. Оның «Қағілез, қараторы, қаршадай қыз», «Гүлдей нәзік, әндей әсем – Дидар қыз» атты өлеңдерін махаббат лирикасына жатқызуға негіз бар. Мәселен, ауылдағы қараторы қызды көзіне басып жүрген бозбаланың ол бойжетіп, ұзатылып кеткен кездегі көңіл-күйі төмендегіше бейнеленген: 

Құлазып ауыл көшіп, ел кеткендей, 

Ақ көлден аққу мен қаз, шу кеткендей, 

Бұтақтан бұлың етіп бұлбұл ұшып, 

Басылды бала көңілім су сепкендей. 

Қыздарға көз салып, жан-жағына қарай бастаған лирикалық кейіпкер келе-келе азулы қасқырға айналғандай болады. Оны ақынның «Азулы, көкжал бөрімін» деген өлеңі растайды: 

Азулы, көкжал бөрімін, 

Жалғыздық – жолдас, серігім. 

Көк түркінің – құдайы, 

Ізбасары шерінің.... 

 

...Қозыны, лақты талғамай, 

Қылғытам кейде шайнамай. 

Нарынды еткен қан-жоса, 

Азу тісім балғадай... 

Азулы, көкжал бөрімін, 

 

Жалғыздық – жолдас, серігім. 

Көк түркідей тектімін, 

Үміттің отын көп үрлеп, 

Жоғалтпаған сенімін [2]. 

«Азулы, көкжал бөрімін» деген тіркестен көк түркінің атасы көк бөрі болса, оның бүгінгі ұрпағы да оңай емес деген авторлық ұстаным байқалады. Сыршыл лирикадан өршілдік рухқа ауысқан ақын жырларының көркемдік кестесі де талапқа сай әдемі өрнектермен қиюласқан. «Япыр-ай, мына көктем» өлеңіндегі:

Көк сағым көз ұшында діріл қағып, 

Күнгейде күлімдейді гүл ырғалып. 

Бүр жарған ақ қайыңның балтырынан, 

Барады таңғы шықтай жұлдыз ағып.

Немесе: 

Тау мүлгіп, аспанда күн күлімсіреп, 

Салғандай зергер көктем сұлу сурет, – 

деген жолдардан кейіптеудің әдемі үлгілерін көруге болады.

Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінде оқып жүргенде «Қазақ совет әдебиеті» пәнінен Теңізбай ағай дәріс оқыды. Республика мен Одаққа танымал қаламгерден әдебиеттің «Алтын ғасыры» саналатын дәуірден дәріс тыңдадық. Бүкіл өмірін ғылым, білімге арнаған, ұзақ жылдар қазақтың қара көздерін әдебиетпен сусындатқан ұстазымыздың өмірден өткенше қолынан кітабы түспегенін, мәдениет пен әдебиеттегі соңғы жаңалықтарды көгілдір экраннан көріп жатқанын Наушаруан жеңгеміз айтып отырады. 2021 жылы 75 жасқа толғанында «Қыран қия» атты әңгімелер мен повестерінің жинағын шығаруынан өмірден өткенше шығармашылыққа көңіл бөлгені көрінеді. Ұзақ жылдар созылмалы аурумен алысып жатқан жанның соңғы кітабы Алматы қаласы әкімдігінің қала қаламгерлеріне берген стипендиясымен шыққанын баса айтқанымыз жөн. Бірі – ертеректе жарық көрген, екіншісі – баспа бетін көрмеген шығармаларын іріктеп, жанына жақын туындыларын көпшілікке ұсынған қаламгер аталған жинағын жеткізіп беруді жеңгемізге аманаттап кеткен екен. «Аманатқа қиянат жасауға болмайтынын» ескере отырып, қолымызға тиген «Қыран қия» туралы оқырманға хабар бергелі отырмыз.

Бұған дейін жазушының «Сарыарқа кітапханасы» сериясымен шыққан кітабында «Жел өтіндегі ұя», «Күй аты – Дайрабай» тәрізді повестері жарық көрген болатын. Бұл жинақта «Жел өтіндегі ұя», «Күй аты – Дайрабай», «Бураның ақыры» повестері мен «Қыран қия», «Тойтарқар», «Жалғыз ұл», «Аждаһаның көлеңкесі» әңгімелері топтастырылыпты [3]. 

«Жел өтіндегі ұя» повесінде Ақсу өзенін бөгеп, плотина салу жоспарымен құрылыс басталып кеткендіктен үш жыл ішінде Көкше теңіздің жағадан он шақырымға дейін тартыла бастауы балықшыларды тығырыққа тірейді. Бала-шағасын балықпен асырап отырған балықшылардың мүшкіл күйін: «Ауларының көзін балық қақпай қойған жігіттер тым көңілсіз. Өздері өте қатты жүдеген; көздері шүңірейген, шаштары дудыраған, өсіп кеткен сақал-мұрттары үрпе-түрпе. Жанын жегі құрттай жеген уайымнан ба, өңдері тұнжыраңқы», – деп суреттесе, Бөдеш ақсақалдың жағдайы одан да сұрықсық еді: «Шашы аппақ қудай боп ағарып, қатпар-қатпар бет әжімі тереңдеп, жұтқыншағы шодырайған мойны қылқиып, онсыз да еңкіш денесі екі бүктетілгендей бүкірейе бастапты». 

Балықшылардың бригадирі Сейітқұл жылына бір алатын еңбек демалысында Алматыдағы Ғылым академиясына, Су шаруашылығы министрлігіне шапқылағанмен ештеңе өндіре алмай дал болады. Украинадан келген Метрей зейнетке шығып еліне кеткен соң, алдымен сегіз баласын асырай алмаған Жақайым туған жермен қоштасып еріксіз көшуге мәжбүр болады. Аламойнақтан әр үй көшкен сайын азалы үн қалықтап, аз уақыттың ішінде он үй қотарыла көшті. Күнделікті ішіп-жемдерін таба алмай қиналған балықшыларға кіндік кескен жерден кету оңай болған жоқ. Оны Сейітқұл мен директор Жылқыбаев арасындағы қақтығыстан, Сейітқұлдың арызданып Алматыда айлап жүруінен көруге болады. Жазушы жекеменшікке қарсы қоғамда, жекелеген адамдардың тағдырын ешкім ойламайтындығына көңіл аударған. Теңіз ортасында жүріп тілсіз жаудың құрбаны болған Асамұраттың іздеушісі балықшылар еді. Олар Жылғабаевқа сөздерін өткізе алмаған соң, демократия, жариялылықтан күдер үзіп, Ақсу өзеніндегі бөгесінді динамитпен жарып, өзенді ескі арнасына түсірді. Бұл – туған жері Көкше теңізінің көз алдында тартылып бара жатқанын көрген балықшылардың соңғы әрекеті еді.  

«Күй аты – Дайрабай» повесінде Дайрабайдың күйі «Дайрабайдың» қалай туғанына куә боламыз. Жазушы бала күнінен өзіне жақсы таныс Дайрабай күйші туралы ел ішіндегі аңызға айналған әңгімелерге жан бітірген. Аңшы Ағабектің отбасы басынан кешкен қилы тағдырынан қазақтың өткен тарихын көруге болады. Дайрабайдың Көбеннің айттырып қойған келінін алып қашпақ болғаны үшін әкесі Ағабектің Шұбарағаштағы құйқалы қыстауын Есбол болыс арқылы орыстың мұжықтарына беріп жіберіп, қыстың көзі қырауда ауыл аймағы шулап далада қалады. Есбол болысқа оқпаны үлкен, көмейі кең қара арғымағын сыйлап, Дайрабайдан кегін осылай алған Көбен Ағабектің туған-туысымен қыста Жусанды сайды паналағанына алаңсыз. Алтыбайдың асуындағы қыстауларына орыстың кірмелері қоныстанған жатақтар кіндік кесіп, кір жуған мекенінен айырылғандай күй кешіп отарылып қалды. Қолындағы малына сенген байды қол астындағы кедей-кепшіктің тағдыры әсте алаңдатпайтыны нанымды суреттелген. 

Адай ауылындағы түрікпен жылқысына көзі түскен Көбен оны ұрлауға есік алдындағы қызметшісі Құлқара мен жылқышы Шақабайды жұмсайды. Ағабектің кіші баласы Шақабай соққыға жығылып, бір көзі мен бір аяғынан айырылып мүгедек болып қалғанда Көбен бас қатырмай. Бұл іске менің қатысым жоқ деп тайқып шығады. Інісінің кегін алу үшін келген күйші Дайрабайдың астындағы атын атып, өзін жігіттеріне сабатып ақ патшаның Қараөткелдегі тар қапасына жаптырады. Ел арасындағы жуанның әлсізге тізе батыруы, дүниеге сатылған болыстардың әділетсіздігі Дайрабайды Сыр бойындағы нағашы жұртына бас сауғалауға мәжбүр етеді. 

Кіші баласының бір көзінің орнына шыны салынып, аяғын сүйреткен мүгедек болып қалғанына, інісі үшін кек алмақ болған баласының мойнына ұрлықты іліп айыпты етуіне төзбеген Мәпеш ана Көбенді тілі жеткенше қарғағанмен ол тірі жүр. Бірақ қос баласының күйігіне шыдамаған ананың төсек тартып қалуы, Ағабектің күйікке шыдамай күрт шөгіп кетуімен кейіпкерлер бойындағы психологиялық арпалыстар шынайы суреттелген.

Шығармаға бір-бірін сүйген жастар трагедиясы арқау болған. Дайрабайдың сүйген қызы Ақбілектің тағдыры қазақ қыздарының қалыңмалға сатылғанын еске салса, оның боранды күні адасып, далада үсіп өлуі, аты алты алашқа мәлім Дайрабай күйшінің кіндік кескен туған жерден амалсыз кетуі, қазақтың шұрайлы жерлеріне орыс мұжықтарының  қоныстануы, би-болыстардың әлсізге тізе батырған әделетсіздігі, аузы қисық болса да бай баласының дәурені жүргені – қазақ тарихының бір көрінісі. Жазушы бір отбасы төңірегіндегі қасіреттерді ұлт таргедиясы ретінде суреттеп, адам жанын сырқыратар бар мұң-шерді «Дайрабай» күйіне сыйғызған. Оқиға өмірден алынған шынайылығымен де тартымды.

Қазақта Нұрғожаұлы, Ерназарұлы және тегі беймәлім созақтық Дайрабай деген күйшілер болған. Шығармадағы кейіпкердің прототипі – 1860 жылы Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Атасу өзені бойында дүниеге келіп, 1937 жылы Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында дүниеден өткен Ерназарұлы Дайрабай күйші болуы мүмкін. Себебі шығармадағы күйші Арқадан ауып, Сыр бойындағы нағашыларына келеді. 1937 жылғы қуғын-сүргінде Дайрабайға «жүйрік атқа, ит жүгіртіп, құс салуға құмар, ән шығарып, күй тартқан, бұрынғы заманның сән-салтанатын жақсы көреді» деген айып тағылып, НКВД қызметкерлері ұстауға келе жатқанда күйші көз жұмады. Жазушы Кебен байдың атын Көбен деп, Ерназарды Ағабек деп өзгертуі ықтимал. 

«Бураның ақыры» повесіне бір ауылда қалған жалғыз бураның оққа ұшуы арқау болған. Оқиға Кенжебектің қорасындағы қызыл бураның түн тыныштығын бұзып боздауынан басталады. «– А-а-ау-уу-ааа! Оу-о-у-уу-аа!»,  – деп боздаған қызыл бураның азалы үнінен оның екі аяқты пенделерге деген ыза мен кекке толы шері аңғарылады. Бір кезде қойлар маңырап, түйелер боздап жататын бұл өңірде қалған – жалғыз қызыл бура. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп ұран тастаған белсенділер қазақ даласында тігерге тұяқ қалдырмай, ойсыл қараның тұқымын ортақтандырғанмен, қыста жем-шөптің жетіспеуінен түйелер қырылды. 1933 жылдың көктемінде қатары сиереген аш-арық түйелердің қатары соғыстан кейін көбейе бастағанда, бір әумесер бастық ойсыл қараның тұқымын торғайдай тоз-тоз етіп, түйе фермасын таратты.

Түйе фермасы бар көрші ауданның табынына тартып тұратын қызыл бура – түйеші Шаманбайдың түйесінен қалған жетім бота болатын. Отбасына қаржы керек болып соңғы боталы түйесін сатып жібергенде, жер қияннан ботасын ертіп туған жерге жетіп жан тапсырған інгеннен қалған жетім бота бүгінде өзі жалғыз қалып боздауда. Жаңа иесі алып кетпек болғанда жылқышы Кенжебек Айгүл екеуі қоштаса алмай тұрған ботаны 300 сомға сатып алған. Қайитын інген іздеп көрші ауданнан келген бураны күйіті басылған інгендерді бұзады деп қуып жібереді. Жапан далада жалғыз қалған бура екі аяқты пенделерге деген ашу-ызасын өзін іздеп шыққан Есенғазыдан алмақ болғанда, ол мылтықтың шүріппесін басып салып, беті шімірікпестен ауылға: «Қызыл бураны қасқыр жеп кетіпті», – деп келді. 

«Малшының үміті, жердің құты – қазақтың қазанат жылқысы» деп түсінетін жылқышы Кенжебек бас зоотехниктің асыл тұқымды жылқыны көбейту туралы пікірін қолдамағаны үшін  оның соңына түседі. Жылқышы Нұржан мен Аманға арақ ішкізіп, етке өткіземін деп он жылқысын артық алып кеткен Есенғазының Кенжебек пен екі көмекшісінің мойнына іліп жібермек болған ұрлығының ашылып қалуы – «Ұрлық түбі – қорлық» екенін еске салады.

Шығарманың оқиғасы жариялық жылдарымен тұспа-тұс келеді. Жылқышы Кенжебектің зоотехник Есенғазыға өз пікірін айтып дәлелдеуі – демократияның көрінісі болса, Ұлы Отан соғысының қан майданын кешіп келген соғыс ардагері Өмірбай Досұлының: «Әр мәселені, оның ішінде күрделі мәселені, әсіресе, өз саласын меңгерген, тәжірибелі мамандармен пікір алысып, кеңесіп барып пішу керек. Өйткені, ақылдасып пішкен тон келте болмайды», – деген сөзінен  көпті көрген көрегендігі байқалады. Қысы қатты жазы ыстық жартылай шөлейт жерге асыл тұқымды жылқы ұстап, пайдаға кенелуді ойлаған жаңашыл Есенғазының жоспары жүзеге аспауын асыл тұқымды айғырдың бірі – іші кеуіп өлсе, екіншісі – денесін ақ таңдақ қотыр басып ауырып тұрғанынан көруге болады. Жердің иесі дихан мен малшы екенін ұмытқан жаңа басшының кәнігі малшылармен, диханшылармен ақылдаспауынан шығын көбейіп, мал басы азайып фермалар қысқаруда.

Жазушы шағын әңгімелерінде әртүрлі ортадағы, әркелгі жастағы кейіпкерлер тағдырымен өзі өмір сүрген қоғамның түрлі шындығынан сыр шерткен. Әңгімелердің оқиғалары да, кейіпкерлері де – бір-біріне ұқсамайтын мүлде алшақ жатқан жандар. «Қыран қия» әңгімесіндегі өмір үшін күрескен Қарашегір,  «Кенже ұл» әңгімесіндегі анасының мәйітін үш күн ұстаса да, бір уыс топырақ салуға жарамаған Сағитжан мен оның әкесі Күдербек қария, «Әке көңілі» әңгімесіндегі баласын оқуға шығарып салып тұрған Құтжан ақсақал, «Боранды түнде» [4] әңгімесіндегі шешесінің артынан еріп келіп әжесіне көзтүрткі болып жүрген Нұртай, әлжуаз сары бала Иса, «Ат тұяғын тай басар» [5] әңгімесіндегі түйе балуан Ермекбай, «Тойтарқар» әңгімесіндегі кіші ғылыми қызметкер Алуа, лаборатория меңгерушісі Мұса Ералиевтер – бір-біріне ұқсамайтын кейіпкерлер. 

Қарашегірдің тіршілігімен «Ит иесі үшін алса, бүркіт тамағы үшін алатынын» нанымды бейнелеген «Қыран қия» әңгімесін оқып отырғанда өмір үшін күрескен тіршілік иелері мен бәрін өз бауырына басып, жекеменшіктеп үйренген тойымсыздардың қылығы көз алдымызға елестейді. Осындағы жас бүркіт пен кәрі бөрінің өмір үшін күресі өмір мен өлім, қоғам мен адам жайындағы философиялық ойларға жетелейді. 

Қазақ әдебиетіндегі зиялы қауым өкілдері туралы Ж.Аймауытовтың «Қартқожа», М.Әуезовтің «Оқыған азамат» шығармаларынан бастап Н.Ғабдуллин, М.Дүйсенов, М.Мағауиндердің прозалық шығармаларының қатарына жазушының «Тойтарқар» әңгімесін қосуға болады.  Н.Ғабдуллин, М.Дүйсенов, М.Мағауиндердің туындыларына тіл мен әдебиет және тарих ғылымдарының төңірегіндегі ғылыми кадрлар өмірі мен ғылымның жай-күйі негіз болса, Т.Рахымжанов химия ғылымына қатысты оқиғаны таңдап алған. Жазушы ғылыми зерттеу жұмысымен айналысудың оңай еместігін Алуаның жеті рет жасаған жарылысына сыйғызса, Ералиев – қол астындағы қыз-келіншектерге қырғидай тиісетін еркектердің жиынтық бейнесі. Оның Алуа Мәмбетовнаны Мона Лизаға ұқсататыны, сұлулыққа құштарлығы, ұзақ жыл қорғатпай жүруі – бәрі де бір күнде белгілі болады. Жазушы осы оқиғамен жетекшіден жолы болмаған ізденушілердің ғылымда жолы болуы екіталай екендігінен хабар береді. 

Жоғарыда сөз болған шығармаларға қарап отырып, Теңізбай Рахымжановтың поэзия мен проза жанрларына біршама үлес қосқаны байқалады. Қаламгердің поэзиясы сыршыл лириканың қатарын толықтырса, прозалық шығармалары шынайылығымен баурайды. Ал, повестері мен әңгімелерінің негізгі кейіпкерлері ұлттық болмысымен ерекшеленеді. Қазақ тарихының әр дәуірінен сыр шертетін «Жел өтіндегі ұя», «Күй аты – Дайрабай», «Бураның ақыры» повестерінің кейіпкерлері – өмірден алынған таныс, бейтаныс жандар. Повестер мен әңгіме оқиғаларының барлығы да жазушыға етене жақын екендігін оқиғаның шиеленісінен, кейіпкерлердің қақтығысынан байқауға болады. «Қазақ прозасындағы психологизмді» [6] зерттеген жазушының өз шығармаларынан кейіпкер болмысын аша түсер  психологиялық иірімдер мен түрлі әдіс-тәсілдер анық байқалады.  

Гүлжаһан ОРДА, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Тәуелсіздік дәуірдегі әдебиет және көркем публицистика бөлімінің меңгерушісі, филол.ғ.д., профессор.

Әдебиеттер:

  1. Рахымжанов Т. Алтын керуен: Өлеңдер. – Алматы: Жазушы, 1980. 
  2. Жыр маржаны: Қазақ поэзиясының антологиясы. – Алматы, 2014. – V том. 
  3. Рахымжанов Т. Қыран қия. Повестер және әңгімелер. – Алматы: «Дайк-Пресс», 2021. – 272 б.
  4. Рахымжанов Т. Туысқандар: Повесть және әңгімелер. – Алматы: Жалын, 1984. – 200 б. 
  5. Рахымжанов Т. Көгілдір тырналар: Повесть, әңгімелер. – Алматы: Жазушы, 1988. – 224 б.
  6. Рахымжанов Т. Қазақ прозасындағы психологизм: Ғылыми зерттеу. – Алматы:  Абай атындағы ҚазҰПУ, 2016. – 160 б.

Бөлісу:

Көп оқылғандар