Жазушы Тұрлыбек Мәмесейіт өмірден озды

Бөлісу:

20.09.2023 2166

Бүгін Алаштың аяулы қаламгері, аса көрнекті жазушы, Халқаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Тұрлыбек Мәмесейіт дүниеден озды. 

Тұрлыбек Мәмесейіт – 1949 жылы 17 ақпанда Хантәңірі қойнауындагы Текес өңірінде дүниеге келген. 1975 жылы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. 1975-1977 жылдар аралығында «Жетісу» газетінде қызымет атқарған. “Жазушы” баспасында редактор, аға редактор, редакция меңгерушісі болып жұмыс істеген. 1996-1998 жылдар аралығында «Өнер» баспасында бас редактор, 1998-1999 жылдары “Рауан” баспасында жетекші редактор болып қызмет атқарды. 1999-2001 жж. «Атамұра» корпорациясында редактор, 2001-2008 жж. Астанадағы «Елорда» баспасында Бас редактор болып қызмет істеген. 2008 жылдан Астана-Полиграфия АҚ Баспа басқармасының Бас редакторы сынды жауапты қызыметтер атқарған.

«Тоғысқан толқын», «Зерделілік айнасы», «Дидар» атты әдеби сын, «Беторамал», «Түсіме тау кіреді», «Бесік пен несіп», «Плач охотника», «Әулиешоқы», «Тектінің кегі», «Тау», «Қарқара көтерілісі», «Жасын түскен маусым» атты әңгімелер, хикаяттар мен повестер жинағының, екі томнан тұратын «Таңжарық» тарихи романының авторы. Бірқатар шығармалары қырғыз, түрікмен, орыс, қытай тілдерінде жарық көрген. «Тауда өскен ұл» повесі баспа комитеті мен «Жалын» баспасының жабық бәйгесінде сыйлыққа ие болған. «Егіз елдің әуені», «Шерхан Мүртаза» атты зерттеу еңбектерінің авторы. Филология ғылымдарының кандидаты. Соңғы жылдары М.Әуезов атындағы Академиялық драма театрында «Бәкей қыз» атты драмасы сахналанды. 1996 жылы Жамбылдың 150 жылдығына орай Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлыққа ие болса, 2000 жылы «Әулиешоқы» атты повестер жинағы үшін Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды. «Астананың 10 жылдығы» медалімен марапатталған.

Саналы ғұмырын қазақ әдебиетінің өркендеуіне, көркем әдебиеттің көкжиегін кеңейтіп, қабырғасын берік етуге аянбай еңбек еткен ардақты қаламгердің отбасына, туған-туыстары мен қалың оқырман қауымға қайғыра көңіл айтамыз.  

Бөлісу:

Көп оқылғандар