Мұхтар Мағауиннің «Қыпшақ аруы» повесіндегі мистикалық хронотоп

Бөлісу:

26.09.2023 3777

Мұхтар Мағауин – жазушылықпен қатар, әдебиет тарихын зерттеумен де айналысқан көрнекті тұлға. Оның көркем туындыларының көбінде жазушының ғалымдық бейнесі, ғылым саласының қайшылықты сәттері, зерттеу жұмысын жүргізудегі шығармашылық әрекеттері, тарихтағы атақты хан, билер – басқарушылардың қайраткерлік-басшылық істері, бірнеше уақыт бойы көпшілікке белгісіз болып келген қатпарлы тарих беттері архив деректерімен, ең бастысы, ұлтқа, тарихқа деген жанашырлық сезіммен баяндалған. Ресей империясы, кейіннен Кеңестік уақытта отарланып, теріс бұрмаланған, қате түсіндірілген, цензураға ұшыраған қазақтың әдеби, тарихи мұрасын қайта қалпына келтіруде өзіне үлкен жауапкершілік жүктеген М. Мағауин прозалық туындыларында жоғалған ескі тарихты қайта тірілтіруге күш салды. Тарихшы, археолог С. Плетневаның «Қыпшақ тас мүсіндері» альбомындағы тарихи мүсіндер әлемі, әсіресе, қыпшақ әйелінің әсем мүсіні жазушыға «Қыпшақ аруы» хикаятын жазуға түрткі болған. 

Ескі түркі-қыпшақ халықтарының тарихы повесте әңгімелеуші-нарратордың Саржан Көбеков есімді танымал мүсінші-кейіпкердің өнерін ерекше бағалаудан басталады. Саржан Көбеков – қазақтың мүсіншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Төлеген Досмағамбетовтің прототипі (Сәбит, 2018). Хикаяттағы баяндаушы қызметіндегі кейіпкер, яғни М. Мағауин Саржан Көбеков екеуміз құрдаспыз деп атап өтеді. Т. Досмағамбетовтің (1940-2001) Ш. Уәлиханов, А. Байтұрсынұлы, М. Әуезов, Қ. Сәтбаев, Д. Қонаев сынды қазақтың танымал тұлғаларына арналған мүсіні көпшілікке белгілі. Хикаят авторы мүсінші-кейіпкерге Саржан Көбеков деп есім беру арқылы 12-ғасырдағы қыпшақ ордасының атақты мүсіншісі Саржан Көбекхан ұлына тікелей, айқын аллюзия жасайды. 

Хикаятта жазушы өнер саласының табиғаты мен туындыгердің талантын, шеберлігін, ең басты кезекте қазақтың түп тегі саналатын қыпшақ жұртының тарихын, тұрмыс салты мен өмір сүру ерекшелігін оқырманға жеткізу үшін тұлғаның екіге бөліну – трансгрессия әдісін қолданады. Трансгрессия философияда субъект қалауын жүзеге асыру үшін мүмкін шектен мүмкін емес шекке дейін өту құбылысын білдіретін термин (Сәбит, 2018). Трансгрессия әдісі арқылы мүсінші Саржан Көбеков реалды уақыт пен кеңістіктен ирреалды әлемге қалаған уақытта барып-келіп тұрады. 

Хикаяттың баяндалу уақытында оқырман нарратор қызметіндегі автор, яғни Мұхтар Мағауин мен Саржан Көбековтің бірде бір тұлға болып бірігіп, кейде ажырап кетіп отыратын сәттерін байқайды. Шығармада реалды уақыттың адамзат белгілеп алған әртүрлі кезеңдері қамтылған. Жазушының 1970 жылдары (дәлірегі, 1971) жарық көрген «Көк мұнар» романы шыққан уақыт, одан бұрынғы және кейінгі уақыт көрсеткіштері де көркемдік жағдаятқа орай дискретті түрде баяндалады. 

Хикаяттың нарративінде ежелгі қыпшақ-түркілердің сенім жүйесіндегі мистикалық элементтер де кездеседі. Мысалы, тәжірибелі суретші Саржан автор бейнесіндегі әңгімелеушінің мүсінін бедерлеу жайлы ұсыныс жасағанда нарратор үзілді-кесілді бас тартады. «Мен – тәңіріге, әруаққа және тылсымға сенетін кісімін. Жадағай, жалғыз-ақ өлшемдегі фотосурет емес, басыңның, бар бітіміңнің нақпа-нақ көшірмесі – қолдан жасалған сыңарың... Ең қорқыныштысы, менің жаным өзімді тастап, сол мүсінге көшіп кететін шығар. Түгел болмаса да, тең жарым, бөлшек бітісімен... Рақмет, әуре болмай-ақ қой, – дедім» (Мағауин, 2007: 26). Автор өзі тәңіршілдік дүниетанымға,  тылсымға – мистикаға сенетінін де айтады. Осы хикаяттың мифопоэтикалық қырын түсіндірген мифолог Ақеділ Тойшанұлы дәстүрлі наным жүйесінде тірі адамның мүсінін, суретін салуға тыйым салынғанын, салынған жағдайда тірі адамның жаны сол көшірме сурет немесе мүсінге ауысып кетеді деген сенімнің болғанын атап өтеді (Тойшанұлы, 2020). Хикаяттың бас жағында жазушының өзі де саяхатшы Рубруктың қыпшақтардың ежелгі салт-дәстүріне қатысты мынадай пікірін келтіреді: «Тас-мүсіндер – ата-бабаға табынудың көрінісі. Басына құрбандық шалған, сыйынған, медет сұрайтын болған» (Мағауин, 2007: 7). 

Хикаятта баяндаушы кейіпкердің екіге бөліну әдісі мүсінші Саржанға С.А. Половцеваның  «Қыпшақ тас мүсіндері» альбомындағы қыпшақ әйелінің мүсінін көрсеткен сәттен бастап қолданылған. Хикаятта тарихшы С. Плетневаның есімі С.А. Половцева ретінде берілген. Баяндауларға назар аударғанда жазушы М. Мағауин өзінің жазушылықтағы шығармашылық үдерісін көрсетеді. Постмодернизм құбылысының көркем әдебиеттегі бір әдісі метапроза деп аталады. Яғни, автордың шығармашылық үдеріс үстіндегі өзін бедерлеп көрсету әдісі метапрозаға жатады. Хикаят толықтай метапроза әдісімен жазылған, яғни, жазушы оқырманды өзінің шығармашылық зертханасымен таныстырады. Жазушының шығармаларын жазуға кеткен уақыты, жазуға құрған жоспары, болжамдары, жазу сәтіндегі көңіл күйі, шығармашылық дағдарысқа түскен кездері жіті баяндалады. 

Хикаяттың басында баяндаушы-кейіпкер алпыс жастан кейін түнгі уақыттан таңға дейін жазатынын айтып өтеді. Қыпшақ аруы Айсұлудың мүсінін соғуға дайындық жасап кеткен Саржан баяндаушыға қоңырау шалғанда «Әй, сен әлі ұйқыңды аша алмай тұрсың. Түнгі жұмысқа көшуің көшуің керек. Жаратушыға бір табан жақын» (Мағауин, 2007: 31) деген жолдармен білдіреді. Саржан – Мағауиннің екінші бөлігі – жармағы кейпінде кескінделгенін осындай тұстардан байқауға болады. 

Саржан Көбеков бұрынғы қыпшақ даласына саяхат жасағанын, С.А. Половцеваның альбомындағы көптеген мүсіндерді өз көзімен көргенін және онда өзінің мүсінін таба алмағанын жеткізу үшін баяндаушы-кейіпкерге қоңырау шалады. Осындағы композициялық бөлікте автор аллюзия әдісі арқылы Кеңес кезеңіндегі Саржан Көбеков (жазушының жарты бөлігі және шынайы өмірдегі прототипіне жақын келетін қайраткердің есімі жоғарыда аталған) пен 12-ғасырда өмір сүрген Саржан Көбекхан ұлының арасында ирреалды уақыт жарату арқылы мистикалық байланыс орнатады. Автордың ойынша, реалды уақыттағы – қыпшақ ордасындағы мүсінші Саржан Көбекхан ұлының мүсіні отаршылдық дәуірінде қиратылған. Шынайы уақытта Мағауиннің өзі ежелгі түркі-қыпшақ даласына сапар шеккенде 12-ғасырдағы бәдізші Саржанның мүсіні қиратылған болуы мүмкін. Тарихтың осындай әділетсіз жағын жазушы аллюзия және трансгрессия әдістері арқылы көрсеткен. 

Хикаяттың баяндалуы барысында мүсіндердің арасынан өз мүсінін таппаған Саржан Көбеков «Мен бармын ба? Бар екенім рас па? Мен – Саржан Көбеков!» деген сауалдар қою арқылы мистикалық-фантастикалық ойларға беріледі. Баяндаушы әрі Саржанның өнерін ерекше бағалаушы функциясындағы кейіпкер «Барсың!» деп жауап береді. Мұндай диалог арқылы ескі түркі-қыпшақтардың бүгінгі жалғасы – сен/мен (С. Көбеков / М. Мағауин), яғни, қазақ халқы деген деген ойды астарлап жеткізеді. 

Хикаяттың көркемдік әлемінде ислам діні жайылмай тұрғанға дейінгі түркі-қыпшақтардың ұстанған тәңіршілдік дініне тән сенім жүйесі де бедерленген. Саржан Көбеков 11-12 ғасырдағы қыпшақ жұртының мүсіншісі Саржан (Саржан Көбековтің бастауы немесе мистикалық кеңістіктегі өзінің кейпінде) мен әйелі Айсұлу бегімнің мүсінін қашау үшін арнайы тас алдыртады. Мүсінді бастау үшін тәңіршілдік дүниетанымға тән мынадай магиялық нанымды интерпретациялайды. «Бедізші Саржан Көбек ұғлының көкірегіне қанат бер, қолына қуат бер! Қос көк тас, бірі – Ана, бірі – Баба, кейпінде бар көрік, бар айбынымен қашалып шықсын. Сәтімен кескінделген Ана мен Бабаға жан бітір, кие дарыт. Уа, жалғыз тәңірім, тура жолыңды ұстанған ұлдарыңның тілегін қабыл ет! Бар тумыс, құт пен береке өзіңнен! Уа, айнымас тәңірім!» (Мағауин, 2007: 256). Ш. Уәлихановтың «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» және Ә. Қодардың «Тәңіршілдік және Авеста мәдениеті» еңбектерінде ескі наным-сенімі бойынша қазақтар, жалпы алғанда түркілер Тәңірге – Көк аспанға және өлгеннен кейін ата-баба әруағына (онгон) табынғандығы келтіріледі (Уәлиханов, 2014: 111-118; Қодар, 2017). Байырғы түркі ескерткіштерінде де аспанда көк тәңірі, төменде қара жер тұрғанда ортасында түркі жұрты мәңгі жасайтыны жайлы айтылған. Түркілердің дүниетанымындағы қорғаушы функциясындағы Ұмай ана да ана ұғымының архетипі саналады. Хикаятта автор қазақтың арғы тегі – қыпшақтың дарынды мүсіншісі Саржан Көбекхан ұлы мен құт дарыған, сұлу әйелі Айсұлу бегімге ескерткіш орнату арқылы ата-баба рухы қайта тіріледі дейтін магиялық-мистикалық дүниетанымды жаңғыртады. 

Шынайы тарихты қайта тірілту жұмысының бір бөлігін міндетіне алған жазушы хикаятта мынадай диалог қосады: 

– Яғни, баяғы қыпшақ жоқ, – деді Саржан маған тіке қарап. 

– Иә. Өтті, кетті. 

– Сонда... Сол өткен, кеткен уақыттың қайта оралуы мүмкін бе?

– Мүмкін, – дедім. – Ғылымда, өнерде. Белгілі мөлшерде. Содан соң қиялда» (Мағауин, 2007: 36). Ғылым мен өнерде қыпшақ-қазақ тарихын қайта тірілткен жазушының бірі М. Мағауин және мүсінші С. Көбеков. Мүсін – тас – бірнеше дәуірге созылған тарихи уақыттың тізбектелген оқиғаларын таңбалаған көркем таңба. Хикаятты да көркем таңбаның қатарына қосамыз. Хикаяттың сюжеттері мен нарративтерін мистикалық, фантастикалық - ирреалды уақыт пен кеңістікте құру үшін автор қиялын шексіз іске асырған. Мың жыл бұрын әсем соғылған, кейіннен сынып, зақымдалған қыпшақ аруының мүсінін қалпына келтірер / қайта жасар мүсінші табылмады деген автордың ішкі өкініші де байқалады.

Ж. Аймауытұлының «Елес» әңгімесінде қолданылған мистика құбылысының елес ұғымы «Қыршақ аруы» хикаятында да көрініс тапқан. Қыпшақ аруының мүсініне ғашық болған Саржанға қыз алғашында түсіне кіріп, кейіннен көзіне елес болып көрінеді. Мың жыл бұрынғы қыпшақ аруының Саржанға деген махаббат сезімін, хан әулетіне келін болып түскен уақытын, жас шамасын, қыпшақ ханы мен батырларының ерлігін, алғашқы мүсіні соғылған сәтін автор елес-кейіпкердің монологы ретінде береді. Шығарманың баяндалу уақытында автор бұл монолог өзі жазатын хикаяттың бір бөлігі екенін де сезіп отырады. Бір тұлғаның жазушы және мүсінші ретінде екі жармаққа бөліну әдісі арқылы ежелгі қыпшақ халқына тән тарих, дін, мәдениет және тұрмыс салтын баяндайды. Хикаяттың бір тұсында баяндаушы мен Саржан бір адам екеніне иландыра бастайды. «Осы Санжар екеуіміздің қайсымыз шеңберден шығып барамыз? Ол ма, мен бе? Бәлкім, Саржан деген бұл дүниеде жоқ, осының бәрі менің қиялым шығар; Ендеше... осының бәрі – екеуіміз бірігіп жазбақ әлдебір қияли шығарманың алды-арты бүтінделмеген шалағай сұлбасы. Жоқ, Саржанның емес, менің басымды шырмаған хикая. Саржан тек қосымша дерек беруші ғана. Немесе зерттеу, таным жандығы» (Мағауин, 2007: 51). М. Мағауин қолданысындағы тұлғаның екіге бөліну (баяндаушы мен Саржан) құбылысын оқырман Т. Әбдіктің «Парасат майданы» хикаятына қарағанда оңай байқайды. Саржан шығармада мүсінші адам-кейіпкер болумен қатар, авторға көне тарихтан дерек беретін мистикалық-фантастикалық құбылыс ретінде де кескінделген. Хикаяттың бірнеше баяндалу тұсында Саржанның шығармашылық үдеріс уақытындағы әрекеттері нарратордың / Мағауиннің басынан өткізген әлде өткізіп жатқан шығармашылық күй-қалпына (түнгі уақытта жазу, шығарманы жазып аяқтағанша ешкімге көрсетпеу) сәйкес келіп отырады. Тіпті, автор-баяндаушы шығармашылық дағдарысты / кідірісті бастан өткізсе, Саржан өнімді еңбек етіп жатады немесе керісінше. Яғни, оқырман тек бір ғана шығармашылық тұлғаның жұмыс істеп жатқандығын байқайды. 

Хикаттың бір тұсында автор шығарма жазылып жатқан реалды мекеншақтағы нарративтерден баяндау әдісі арқылы мистикалық уақыт пен кеңістікке оңай өтеді. Ал туындыда кескінделген уақыттың көп бөлігі ХХ ғасырға (60-80 жылдар) жатады. Ал шығарманың жазылу уақыты ХХІ ғасырда (2004) жүзеге асып жатқанда автор уақыт пен кеңістікті сығымдау арқылы Саржан мен Айсұлу бегімді 1173 жылы қыпшақтар мекен еткен Қара теңіз бен Азау теңізге, басқа да географиялық мекендерге ойша саяхатқа шығарады. Сөйтіп, жазушы қиялы мистикалық және фантастикалық уақытты тоқтатып қойып, Саржанға аспанда қалықтап жүріп, өзінің ежелгі қыпшақ ордасының тарихы, дәстүрлі тұрмысы, өмір сүру салты, мәдениеті тереңірек танып-білуге мүмкіндік береді. Реалды уақыт пен кеңістікке қайта әкеліп, Саржанға 1173 жылғы куә болған оқиғаларын баяндауға мүмкіндік туғызады. Саржан өзінің және әйелі Айсұлу бегімнің мүсінін бедерлеп болғаннан кейін ежелгі өзі өмір сүрген қыпшақ қонысына қайтуға бел буады. Айсұлу бегім жазушының болашақта жазылатын шығармаларының уақытын да нақты айтып береді және бұл Саржан арқылы авторға жеткізіледі. «Ал келесі ғасырдың басында осы... кейінгі... мүсін тарихын адам сенбес хикаят ретінде қағазға түсіреді екенсің... 2004 жылы»  (Мағауин, 2007: 74). Реалды уақыт пен кеңістікте жүзеге асқан шығармашылық әрекеттер постмодернизмнің метапроза әдісі арқылы шығарманың көркемдік әлеміне енгізілген. Автордың тәңіршілдік дүниетанымы мистикалық әрекеттер арқылы Айсұлу бегімнің мүсінімен аз ғана тілдесуге мүмкіндік береді. Автордың шексіз қиялы арқылы қыпшақ аруының мүсініне аз уақытқа жан бітіріп, қайта мүсін формасына келтіреді. Хикаяттағы Саржанның мүсін жасайтын шеберханасы реалды және ирреалды – мистикалық мекеншаққа ауыстырып немесе өткізіп отыратын деталь ретінде бейнеленген. Яғни шынайы және мистикалық әлемнің межесі іспетті. 

Хикаяттың соңғы жағында баяндаушы-кейіпкер Саржанның өмірде болғанын жоққа шығаратын симулякр әдісін де қолданады. Қыпшақ аруы Айсұлу бегіммен бірге 12-ғасырға ауысып кетерден бұрын өз қолымен жасаған Саржанның екі мүсіні және нарратордың өз қолымен жазған энциклопедииядан Саржан Көбековтің есімінің жоқ болып шығуы – ескі қыпшақ ұлысындағы әйгілі бәдізші Саржан Көбекхан ұлының есімі және қалыптаған мүсіндерінің тарих беттерінен жоғалып кеткендігіне жасалған астар немесе сілтеме деп ұғынуға болады. 1973 жылы 1173 жылдағы қыпшақ ұлысына аттанып кеткен Саржан мен Айсұлу қызы Айбегіммен бірге 1986 жылы осы әлемге қайта оралады. 1986 жыл қазақ жастары отаршылдық жүйеге қарсы жаппай бас көтеріп, 1991 жылғы мемлекеттік тәуелсіздіктің бастауы болған еді. 1986 жыл хиякаятта қазақ тарихындағы отаршылдықтан арылудың, тәуелсіздіктің символы ретінде поэтикалық қызмет атқарады.  

Хикаят туралы ойымызды түйіндегенде, «Қыпшақ аруы» туындысының жазылуына 12-ғасырда өмір сүріп, бүгінге зақымдалған, сынған мүсіні жеткен қыпшақ әйелінің сұлбасы түрткі болған. Сонымен қатар, жазушы М. Мағауин шығармашылық әлеуетін, жалпы жазушылық зертханасын қабылдаушы ортаға – оқырманға таныстыру үшін тұлғаның екі жарылу, метапроза және симулякр әдістерін мистикалық, фантастикалық, реалды және ирреалды уақыт пен кеңістік әлемінде жүзеге асырған. Хикаяттың баяндаулары арқылы сол сәтте оқырманға таныс болған, қабылдаушы ортаның көз алдында жазылып жатқан «Қыпшақ аруы» шығармасы мәтіннің екінші деңгейінде аяқталады. Автордың ойынша, бүгінгі уақыттан 12-ғасырдағы ескі қыпшақ ұлысына тек өнер – мүсін мен сөз өнері арқылы ғана сапар шегуге болады. 

Әдебиет:

Мағауин М. Қыпшақ аруы. Хикаяттар. – Алматы: Атамұра, 2007. – 256 б.

Тойшанұлы А. Алып шынар. Сілтеме: https://egemen.kz/article/219262-alyp-shynar. Қаралған уақыты: 18.07.2022.

Сәбит Ж. Қазақ әдебиетіндегі трансгрессия бастауы қайда? Сілтеме: https://adebiportal.kz/kz/news/view/20191. Қаралған уақыты: 17.07.2022. 

Уәлиханов Ш. Қазақтардағы шамандықтың қалдығы. Зерттеулер, ғылыми жазбалар, хаттар. – Алматы: Рауан, 2014. – 560 б.; 

Қодар Ә. Тәңіршілдік және Авеста мәдениеті. Сілтеме: https://www.ult.kz/post/auezkhan-kodar-tanirshildik-zhane-avesta-madenieti. Қаралған уақыты: 18.07.2022.

Бөлісу:

Көп оқылғандар